"Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 19 наурыздағы N 270 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      "Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                                       Жоба

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясын бекiту туралы

      2002 жылғы 7 маусымда Санкт-Петербург қаласында жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясы бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясы

      Шанхай ынтымақтастық ұйымының (бұдан әрi ШЫҰ немесе Ұйым деп аталады) құрылтайшы мемлекеттерi болып табылатын Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжiкстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы,
      өз халықтарының қалыптасқан тарихи байланыстарын негiзге ала отырып;
      жан-жақты ынтымақтастықты одан әрi тереңдетуге ұмтыла отырып;
      саяси көпполярлылық, экономикалық және ақпараттық ғаламдану процестерiнiң дамуы жағдайында аймақтағы бейбiтшiлiктi нығайту, қауiпсiздiк пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бiрлескен күш-жiгермен үлес қосуға тiлек бiлдiре отырып;
      ШЫҰ-ны құру алда туатын мүмкiндiктердi бiрлесе тиiмдiрек пайдалануға және жаңа сынақтар мен қатерлерге қарсы тұруға жағдай жасайтынына бұрыннан сенiмдi екендiгiн бiлдiре отырып;
      ШЫҰ аясында өзара ықпалдасу мемлекеттер мен олардың халықтары арасындағы тату көршiлiктiң, бiрлiк пен ынтымақтастықтың зор әлеуетiн ашуға жәрдемдеседi деп есептей отырып;
      Шанхайдағы алты мемлекет басшылары кездесуiнде (2001 ж.) орныққан өзара сенiм арту рухы, өзара тиiмдiлiк, теңдiк, өзара консультациялар, мәдениеттердiң саналуандылығын құрмет тұту мен бiрлесе дамуға ұмтылыстан шыға отырып;
      Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжiкстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы араларындағы шекара ауданында әскери саладағы сенiмдi нығайту туралы 1996 жылғы 26 сәуiрдегi келiсiмде және Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжiкстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы араларындағы шекара ауданында қарулы күштердi өзара қысқарту туралы 1997 жылғы 24 сәуiрдегi келiсiмде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжiкстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы басшыларының 1998 жылдан бастап 2001 жылды қоса алғандағы кезеңдегi жоғары деңгейдегi кездесулерiнiң барысында қол қойылған құжаттарда баяндалған принциптердi сақтау аймақта және бүкiл әлемде бейбiтшiлiктi, қауiпсiздiктi және тұрлаулылықты сақтау iсiне маңызды үлес қосқанын атап көрсете отырып;
      Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен принциптерiн, халықаралық бейбiтшiлiктi, қауiпсiздiктi сақтауға және тату көршiлiк пен достық қатынастарды, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға байланысты халықаралық құқықтың барша мойындаған басқа да принциптерi мен нормаларын өздерiнiң жақтайтындығын қуаттай отырып;
      Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру туралы 2001 жылғы 15 маусымдағы Декларацияның ережелерiн басшылыққа ала отырып;
      мына мәселелер туралы уағдаласты:

1-бап
Мақсаттар мен мiндеттер

      ШЫҰ-ның негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi мыналар болып табылады:
      мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенiм артуды, достық пен тату көршiлiктi нығайту;
      аймақта бейбiтшiлiктi, қауiпсiздiк пен тұралаулылықты сақтау және нығайту, жаңа демократиялық, әдiлеттi ұтымды саяси және экономикалық халықаралық тәртiп орнатуға жәрдемдесу мақсатында көп бейiндi ынтымақтастықты дамыту;
      терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге олардың барлық көрiнiстерiнде бiрлесе қарсы тұру, есiрткi мен қару-жарақтың заңсыз айналымына, трансұлттық қылмыстық әрекеттердiң өзге дe түрлерiне, coндай-ақ заңсыз көшi-қонға қарсы күрес;
      ортақ мүдде бiлдiрiлетiн саяси, сауда-экономикалық, қорғаныс, құқық қорғау, табиғат қорғау, мәдени, ғылыми-техникалық, бiлiм беру, энергетика, көлiк, кредит-қаржы және басқа салалардағы тиiмдi аймақтық ынтымақтастықты ынталандыру;
      мүше мемлекеттер халықтарының тұрмыс деңгейiн үздіксiз арттырып, жағдайларын жақсарту мақсатында тең құқылы әрiптестік негiзiнде бiрлескен iс-қимыл арқылы аймақтағы жан-жақты және теңдестiрiлген экономикалық өсуге, әлеуметтiк және мәдени дамуға жәрдемдесу;
      әлемдiк экономикаға интеграциялану жағдайында көзқарастарды үйлестiру;
      мүше мемлекеттердiң халықаралық мiндеттемелерiне және олардың ұлттық заңнамаларына сәйкес адамның құқықтары мен негізгі еркiндiктерiн қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
      басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарды қолдау және дамыту;
      халықаралық жанжалдарға жол бермеуде және оларды бейбiт реттеуде өзара ықпалдасу;
      XXI ғасырда туындайтын проблемалардың шешiмiн бiрлесiп iздестiру.

2-бап
Принциптер

      ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мынадай принциптердi ұстанады:
      мемлекеттердiң егемендiгiн, тәуелсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және мемлекеттiк шекаралардың мызғымастығын өзара құрметтеу, шабуыл жасамау, iшкi iстерге араласпау, халықаралық қатынастарда күш қолданбау немесе қауіптөндiре күш жұмсамау, шектес аудандарда бiржақты әскери басымдықтан бас тарту;
      барлық мүше мемлекеттердiң тең құқылығы, өзара түсiнiстiк және олардың әрқайсысының пiкiрлерiн құрметтеу негiзiнде бiрлескен көзқарастарды iздестiру;
      ортақ мүдделер саласында бiрлескен iс-қимылдарды кезең-кезеңмен жүзеге асыру;
      мүше мемлекеттер арасындағы келiспеушiлiктердi бейбiт жолмен шешу;
      ШЫҰ-ның басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға қарсы бағытталмаушылығы;
      ШЫҰ мүдделерiне қарсы бағытталған кез келген заңға қайшы әрекеттерге жол бермеу;
      осы Хартиядан және ШЫҰ аясында қабылданған басқа да құжаттардан туындайтын мiндеттемелердi адал ниетпен орындау.

3-бап
Ынтымақтастық бағыттары

      ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың негiзгi бағыттары мыналар болып табылады:
      аймақта бейбiтшiлiктi сақтау және қауiпсiздiк пен сенiм бiлдiрудi нығайту;
      ортақ мүдде саналатын сыртқы саяси мәселелер бойынша, соның iшiнде халықаралық ұйымдарда және халықаралық форумдарда ортақ көзқарас iздестiру;
      терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге, есiрткiлердiң және қару-жарақтың заңсыз айналымына, трансұлттық қылмыстық әрекеттердiң өзге де түрлерiне, сондай-ақ, заңсыз көшi-қонға бiрлесiп қарсы тұру жөнiндегi iс-шараларды талдап жасау және iске асыру;
      қарусыздану және қару-жарақты бақылау мәселелерi бойынша күш-жiгердi үйлестiру;
      түрлi нысандағы аймақтық экономикалық ынтымақтастықты қолдау және ынталандыру, тауарлардың капиталдардың, қызметтер мен технологиялардың еркiн қозғалысын бiртіндеп жүзеге асыру мақсатында сауда мен инвестициялар үшiн қолайлы жағдай туғызуға жәрдемдесу;
      көлiк және коммуникациялар саласында бар инфрақұрылымды тиiмдi пайдалану, мүше мемлекеттердiң транзиттiк әлеуетiн жетiлдiру, энергетика жүйелерiн дамыту;
      аймақта су ресурстарын пайдалануды қоса алғанда табиғатты ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, бiрлескен арнаулы табиғат қорғау бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыру;
      табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуда және олардың салдарын жоюда өзара көмек көрсету;
      ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықты дамыту мүддесi жолында құқықтық ақпарат алмасу;
      ғылым мен техника, бiлiм беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және туризм саласындағы өзара ықпалдастықты кеңейту;
      ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер өзара келiсiм бойынша ынтымақтасу салаларын кеңейте алады.

4-бап
Органдар

      1. Осы Хартияның мақсаттары мен мiндеттерiн орындау үшiн Ұйым аясында мыналар iс-қимыл жасайды:
      Мемлекеттер басшыларының кеңесi;
      Үкiмет басшыларының (премьер-министрлердiң) кеңесi;
      Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесi;
      Министрлiк және немесе ведомстволар басшыларының жиналысы;
      Ұлттық үйлестірушiлер кеңесі;
      Аймақтық антитеррорлық құрылым;
      Хатшылық.
      2. Аймақтық антитеррористiк құрылымды қоспағанда ШЫҰ органдарының қызметi мен жұмыс тәртібi мемлекеттер басшыларының кеңесi бекiтетiн тиiстi қағидалармен анықталады.
      3. Мемлекеттер басшыларының кеңесi ШЫҰ-ның басқа да органдарын құру туралы шешiм қабылдай алады. Жаңа органдардың құрылуы осы Хартияға қосымша хаттамалар түрiнде ресiмделiп, олар осы Хартияның 21-бабында белгiленген тәртiппен күшiне енгiзiледi.

5-бап
Мемлекеттер басшыларының кеңесi

      Мемлекеттер басшыларының кеңесi ШЫҰ-ның ең жоғарғы органы болып табылады. Ол Ұйымның басымдықтарын анықтайды және қызметiнiң негiзгi бағыттарын талдап жасайды, оның iшкi құрылымы мен қызмет етуiнiң және басқа мемлекеттермен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен өзара ықпалдасуының принциптi мәселелерiн шешедi, сондай-ақ анағұрлым өзектi халықаралық проблемаларды қарайды.
      Кеңес кезектi мәжiлiсiне жылына бiр рет жиналады. Мемлекеттер басшылары кеңесiнiң мәжiлiсiнде төрағалық етудi кезектi мәжiлiсті ұйымдастырушы мемлекеттiң басшысы жүзеге асырады. Кеңестiң кезектi мәжiлiсiн өткiзетiн орын, әдетте, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер атауының орыс әлiпбиi тәртібiмен анықталады.

6-бап
Yкiметтер басшыларының (премьер-министрлердiң) кеңесi

      Үкiмет басшыларының (премьер-министрлердiң) кеңесi Ұйымның бюджетiн қабылдайды, Ұйым аясындағы нақтылы, әсiресе, өзара ықпалдастықты дамытудың экономикалық салаларына қатысты негізгi мәселелердi қарап, шешедi.
      Кеңес кезектi мәжiлiсiне жылына бiр рет жиналады. Кеңес мәжiлiсiнде төрағалық етудi мәжiлiс аумағында өтiп отырған мемлекет үкiметiнiң басшысы (премьер-министр) жүзеге асырады.
      Кеңестiң кезектi мәжiлiсiнiң өтетiн орны мүше мемлекеттер үкiмет басшыларының (премьер-министрлердiң) алдын-ала уағдаластығы бойынша анықталады.

7-бап
Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесi

      Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесi Ұйымның ағымдағы қызметiнiң, мемлекеттер басшыларының кеңесiнiң мәжiлiстерiн әзiрлеу және Ұйым аясында халықаралық мәселелер бойынша консультациялар өткiзу мәселелерiн қарайды. Кеңес қажет жағдайда ШЫҰ атынан мәлiмдеме жасай алады.
      Кеңес, әдетте, Мемлекеттер басшылары кеңесiнiң мәжiлiсi өтерден бip ай бұрын жиналады. Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң кезектен тыс мәжiлiсi кем дегенде екi мүше мемлекеттiң бастамасы бойынша және барлық басқа мүше мемлекеттер сыртқы iстер министрлерiнiң келiсiмiмен шақырылады. Кеңестiң кезектi және кезектен тыс мәжiлiстерiн өткiзетiн орны өзара уағдаластық бойынша анықталады.
      Кеңесте төрағалық етудi Мемлекеттер басшылары кеңесiнiң соңғы кезектi мәжiлiсiнiң аяқталу күнiнен басталып, мемлекет басшылары кеңесiнiң кезектi мәжiлiсiнiң аяқталу күнiнен басталатын мерзiмнiң өту барысында аумағында Мемлекеттер басшылары кеңесiнiң кезектi мәжiлiсi өткiзiлетiн Ұйымға мүше мемлекеттiң Сыртқы iстер министрi жүзеге асырады.
      Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң төрағасы сыртқы байланыстарды жүзеге асыру кезiнде кеңес жұмысы тәртібi туралы ережеге сәйкес Ұйым атынан өкiлдiк етедi.

8-бап
Министрлiктер және/немесе ведомстволар
басшыларының мәжiлiстерi

      Мемлекеттер басшылары кеңесiнiң және Үкiметтер басшылары (премьер-министрлер) кеңесiнiң шешiмдерiне сәйкес мүше мемлекеттер салалық министрлiктерiнiң және/немесе ведомстволарының жетекшiлерi ШЫҰ аясында, тиiстi салалардағы өзара ықпалдастықты дамытудың нақты мәселелерiн қарау үшiн жүйелi түрде жиналыстар өткiзедi.
      Төрағалық етудi жиналысты ұйымдастырушы мемлекеттiң тиiстi министрлiгiнiң және/немесе ведомствосының жетекшiсi жүзеге асырады. Жиналыстың өту орны мен уақыты алдын ала келiсiледi.
      Жиналысты әзiрлеу және өткiзу үшiн мүше мемлекеттердiң алдын ала уағдаластығы бойынша министрлiктер және/немесе ведомстволар жетекшiлерiнiң жиналысында бекiтiлетiн жұмыс регламентiне сәйкес өз қызметiн жүзеге асыратын тұрақты немесе уақытша негiздегі сарапшылардың жұмыс тобы құрылуы мүмкін. Бұл топтар мүше мемлекеттер министрлiктерiнiң және/немесе ведомстволарының өкiлдерiнен жасақталады.

9-бап
Ұлттық үйлестiрушiлер кеңесi

      Ұлттық үйлестiрушiлер кеңесi Ұйымның ағымдағы қызметiн үйлестiрудi және басқаруды жүзеге асыратын ШЫҰ органы болып табылады. Ол мемлекеттер басшылары кеңесiнiң, Yкiметтер басшылары (премьер-министрлерi) кеңесiнiң және Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң мәжiлiстерiне қажеттi әзiрлiктi жүргiзедi. Ұлттық үйлестiрушiлердi әрбiр мүше мемлекет өзiнiң iшкi тәртiптерi мен ресiмдерiне сәйкес тағайындайды.
      Кеңес өзiнiң мәжiлiсiне жылына кем дегенде үш рет жиналады. Мемлекеттер басшылары кеңесiнiң соңғы кезектi мәжiлiсi аяқталған күннен басталып, Мемлекеттер басшылары кеңесiнiң кезектi мәжiлiсiнiң күнiнде аяқталатын мерзiм бойы кеңеске төрағалық етудi Мемлекеттер басшылары кеңесiнiң кезектi мәжiлiсi аумағында өтетiн Ұйымға мүше мемлекеттiң ұлттық үйлестiрушiсi жүзеге асырады.
      Ұлттық үйлестiрушiлер кеңесiнiң төрағасы Сыртқы iстер министрлер Кеңесi төрағасының тапсыруы бойынша сыртқы байланыстарды жүзеге асырған кезде Ұлттық үйлестiрушiлер кеңесiнiң жұмыс тәртiбi туралы ережеге сәйкес Ұйымның атынан өкiлдiк таныта алады.

10-бап
Аймақтық антитеррористiк құрылым

      Терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күрес туралы 2001 жылғы 15 маусымдағы Шанхай конвенциясына қатысушы мемлекеттердiң Бiшкек қаласында (Қырғыз Республикасы) орналасқан Аймақтық антитеррорлық құрылымы ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс iстейтiн органы болып табылады.
      Оның негiзгi мiндеттерi мен қызметтерi, жасақталу және қаржыландыру принциптерi, сондай-ақ қызмет тәртiбi мүше мемлекеттер арасында жасалатын жеке халықаралық шартпенен және олар қабылдайтын басқа да қажеттi құжаттармен реттеледi.

11-бап
Хатшылық

      Хатшылық ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс iстейтiн әкiмшiлiк органы болып табылады. Ол ШЫҰ аясында өткiзiлетiн iс шараларды ұйымдық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асырады, Ұйымның жыл сайынғы бюджетi жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi.
      Хатшылықты атқарушы хатшы басқарады, оны Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң ұсыну бойынша мемлекеттер басшыларының кеңесi бекiтедi.
      Атқарушы хатшы мүше мемлекеттер азаматтары қатарынан ротациялық негізде мүше мемлекеттер атауының орыс әлiпбиi ретiмен үш жыл мерзiмге келесi мерзiмге ұзарту құқығынсыз тағайындалады.
      Атқарушы хатшының орынбасарларын Ұлттық үйлестiрушілер кеңесiнiң ұсынуы бойынша Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесi бекiтедi. Олар атқарушы хатшы тағайындалған мемлекеттің өкiлдерi бола алмайды.
      Хатшылықтың лауазымды тұлғалары квоталық негiзде мүше мемлекеттер азаматтарының қатарына жалданады.
      Атқарушы хатшы, оның орынбасарлары және хатшылықтың басқада лауазымды тұлғалары қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде мүше мемлекеттердiң және/немесе үкiметтердiң қайсысынан болсын, ұйымдардан немесе жеке адамдардан нұсқау сұрауға немесе нұсқау алуға тиiс емес. Олар ШЫҰ алдында ғана жауапты халықаралық лауазымды тұлғалар pетiнде өздерiнiң жағдайына ықпал ететiн кез келген iс-әрекеттен бас тартуы тиiс.
      Мүше мемлекеттер атқарушы хатшы, оның орынбасарлары және хатшылық қызметкерлерi мiндеттерiнiң халықаралық сипатын құрметтеуге және оларға қызметтiк мiндеттерiн орындау барысында ықпал етпеуге мiндеттенедi.
      ШЫҰ хатшылығының орналасқан жерi Пекин қаласы (Қытай Халық Республикасы) болып табылады.

12-бап
Қаржыландыру

      ШЫҰ-ның өз бюджетi бар, ол мүше мемлекеттер арасындағы арнаулы Келiсiмге сәйкес қалыптастырылады және атқарылады. Бұл келiсiм, сондай-ақ мүше мемлекеттер үлестiк қатысу принципiнiң негiзiнде Ұйымның бюджетiне жыл сайын қосатын жарнаның мөлшерiн де анықтайды.
      Бюджет қаражаты жоғарыда аталған Келiсiмге сәйкес ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс iстейтiн органдарын қаржыландыруға жұмсалады. Мүше мемлекеттер Ұйым iс-шараларына олардың өкiлдерi мен сарапшыларының қатысуына байланысты шығындарды өздерi көтередi.

13-бап
Мүшелік

      ШЫҰ осы Хартияның мақсаттары мен принциптерiн, сондай-ақ ШЫҰ аясында қабылданған басқа да халықаралық шарттар мен құжаттардың қағидаларын сақтауға мiндеттенген аймақтық басқа да мемлекеттерiн мүшелiкке қабылдау үшiн ашық.
      ШЫҰ-ға жаңа мүшелердi қабылдау туралы мәселенiң шешiмiн мүдделi мемлекеттің Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң жұмыс iстеп жүрген төрағасына жолдаған ресми қайырылымының негiзiнде Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң ұсынуы бойынша Мемлекеттер басшыларының кеңесi қабылдайды.
      Осы Хартияның қағидаларын бұзатын және/немесе ШЫҰ аясында жасалған халықаралық шарттар мен құжаттар бойынша өз мiндеттемелерiн үнемi орындамайтын ШЫҰ-ға мүше мемлекеттiң мүшелiгi Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң ұсынуы бойынша Мемлекеттер басшылары кеңесiнiң шешiмiмен тоқтатыла тұруы мүмкiн. Егер ол мемлекет өз мiндеттемелерiн бұзуын жалғастыратын болса, онда Мемлекеттер басшыларының кеңесi Кеңестiң өзi анықтайтын күннен бастап оны ШЫҰ-дан шығару туралы шешiм қабылдай алады.
      Кез келген мүше мемлекеттiң ШЫҰ-дан шығу күнiнен кем дегенде он екi ай бұрын осы Хартиядан шығу туралы депозитарийге ресми хабарлама жiбере отырып, ШЫҰ-дан шығу құқығы бар. Осы Хартияға және ШЫҰ аясында қабылданған басқа құжаттарға қатысу кезеңiнде туындаған мiндеттемелер тиiстi мемлекеттердi олар оны толық орындағанға дейiн байланыста ұстайды.

14-бап
Басқа мемлекеттермен және
халықаралық ұйымдармен өзара қатынас

      ШЫҰ басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен, соның iшiнде ынтымақтастықтың жекелеген бағыттары бойынша өзара ықпалдастыққа және диалогқа түсе алады.
      ШЫҰ мүдделi мемлекетке немесе халықаралық ұйымға диалог бойынша әрiптес немесе бақылаушы мәртебесiн бере алады. Мұндай мәртебенi беру тәртiбi мен рәсiмi мүше мемлекеттер арасындағы арнаулы келісiммен бекiтiледi.
      Осы Хартия оған мүше мемлекеттердiң өздерi қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

15-бап
Құқықтық қабiлеттiлiк

      ШЫҰ-ның халықаралық құқық субъектiсi ретiнде халықаралық құқықтық қабiлеттiлiгi бар. Ол әрбiр мүше мемлекеттiң аумағында оның мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру үшiн қажетті осындай құқықтық қабiлеттiлiктi пайдаланады.
      ШЫҰ заңдық тұлғаның құқықтарын пайдаланады және атап айтқанда:
      - шарттар жасаса алады;
      - жылжымалы және жылжымайтын мүлiк сатып алып, оларға өкiм ете алады;
      - соттарда талапкер немесе жауапкер ретiнде шыға алады;
      - шоттар ашып, ақша қаражатымен операциялар жасай алады.

16-бап
Шешiмдердiң қабылдану тәртiбi

      ШЫҰ органдарында шешiм дауыс берудi өткiзбестен келiсу жолымен қабылданады, "консенсус минус мүдделi мүше мемлекеттiң бiр дауысы" принципi бойынша қабылданатын мүшелiктi тоқтата тұру немесе Ұйымнан шығару туралы шешiмдердi қоспағанда, келiсу процесiнде бiрде-бiр мүше мемлекет шешiмге қарсы болмаса консенсус, ол қабылданды деп саналады.
      Кез келген мүше мемлекет қабылданатын шешiмдердiң жекелеген жәйттерi және/немесе нақты мәселелерi бойынша өз көзқарасын баяндай алады, мұның өзi тұтастай алғанда шешiмдi қабылдау үшiн тосқауыл болып табылмайды. Бұл көзқарас мәжiлiс хаттамасына жазылады.
      Бiр немесе бiрнеше мүше мемлекет басқа мүше мемлекеттер үшiн мүдделiлiк туғызатын жекелеген ынтымақтастық жобаларын жүзеге асыруға мүдделi болмаған жағдайларда аталған мүше мемлекеттердiң оларға қатыспауы мүдделi мүше мемлекеттердiң мұндай ынтымақтастық жобаларын жүзеге асыруына кедергі бола алмайды және мүше мемлекеттердiң бұдан кейiн ондай жобаларды жүзеге асыруға қосылуына да кедергi болмайды.

17-бап
Шешiмдердiң орындалуы

      ШЫҰ органдарының шешiмдерiн мүше мемлекеттер өздерiнiң ұлттық заңнамасында анықталған рәсiмдерге сәйкес орындайды.
      Мүше мемлекеттердiң осы Хартияны, ШЫҰ аясында жұмыс iстейтiн оның органдарының басқа да шарттары мен шешiмдерiн iске асыру жөнiндегi мiндеттемелерiн орындауына бақылау жасауды ШЫҰ органдары өз құзырының шегiнде жүзеге асырады.

18-бап
Тұрақты өкiлдер

      Мүше мемлекеттер өздерiнiң iшкi ережелерi мен рәсiмдерiне сәйкес ШЫҰ хатшылығының жанындағы өздерiнiң тұрақты өкiлдерiн тағайындайды, олар мүше мемлекеттердiң Пекин қаласындағы елшiлiктерi дипломатиялық қызметкерлерiнiң құрамына кiретiн болады.

19-бап
Артықшылықтар мен иммунитеттер

      ШЫҰ және оның лауазымды адамдары барлық мүше мемлекеттердiң аумағында Ұйым қызметiн атқару және мақсаттарына қол жеткiзу үшiн қажеттi артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады.
      ШЫҰ мен оның лауазымды адамдарының артықшылықтары мен иммунитеттерiнiң көлемi жеке халықаралық шартпен анықталады.

20-бап
Тiлдер

      ШЫҰ-ның ресми және жұмыс тiлдерi орыс және қытай тiлдерi болып табылады.

21-бап
Қолданыс және күшiне енгiзiлу мерзiмi

      Осы Хартия белгiсiз мерзiмге жасалады.
      Осы Хартия оған қол қойған мемлекеттер тарапынан бекiтiлуi тиiс және төртiншi бекiту грамотасы депозитарийге сақтауға берiлген күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
      Осы Хартия оған кешiрек қол қойып, оны кешiрек бекiткен мемлекет үшiн бекiту грамотасын депозитарийге сақтауға берген күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Хартия кез келген мемлекеттiң қосылуы үшiн күшiне енгеннен кейiн ғана ашық.
      Осы Хартия қосылатын мемлекеттер үшiн қосылу туралы тиiстi құжаттарды депозитарий алған күннен бастап санағанның отызыншы күнi күшіне енеді.

22-бап
Дауларды шешу

      Осы Хартияны түсiндiруге немесе қолдануға байланысты даулар мен келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, мүше мемлекеттеp оларды консультациялар және келiссөздер арқылы шешетiн болады.

23-бап
Өзгерiстер мен толықтырулар

      Осы хартияға мүше мемлекеттердiң өзара келiсiмi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiндегi Мемлекеттер басшылары кеңесiнiң шешiмдерi жекелеген хаттамалармен рәсiмделедi, олар осы Хартияның ажырамас бөлiктерi болып табылады және осы Хартияның 21-бабына көзделген тәртiппен күшiне енедi.

24-бап
Ескертпелер

      Осы Хартияға Ұйымның принциптерiне, мақсаттар мен мiндеттерiне қайшы келетiн, сондай-ақ ШЫҰ-ның қандайда бiр органның өз функцияларын орындауына кедергi келтiретiн ескертпелер жасалмайды. Мүше мемлекеттердiң кем дегенде 3/2 (үштен екiсi) қарсылық бiлдiрген жағдайда, ескертпелер Ұйымның принциптерiне, мақсаттары мен мiндеттерiне қайшы келедi немесе қандай да бiр органның өз функцияларын орындауына кедергi келтiредi деп есептеуі тиiс және заңды күшi болмайды.

25-бап
Депозитарий

      Қытай Халық Республикасы осы Хартияның депозитарийi болып табылады.

26-бап
Тiркеу

      Осы Хартия Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Хатшылығында тiркелуi тиiс.

      Санкт-Петербург қаласында 2002 жылғы 7 маусымда орыс және қытай тiлдерiнде бiр дана болып жасалды және де eкі мәтiннiң де күшi бiрдей.
      Осы Хартияның түпнұсқа данасы депозитарийге сақтауға тапсырылады, ол куәландырған көшiрмелердi барлық қол қойған мемлекеттерге жiбередi.

      Қазақстан Республикасы   Қытай Халық    Қырғыз Республикасы
              үшін             Республикасы          үшін
                                   үшін

      Ресей Федерациясы    Тәжiкстан Республикасы    Өзбекстан
            үшін                   үшін             Республикасы
                                                        үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады