Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi мен Болгария Республикасының Әдiлет министрлігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 сәуірдегі N 374 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi мен Болгария Республикасының Әдiлет министрлігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келiсiм берiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi мен Болгария Республикасының Әдiлет министрлiгі арасындағы Ынтымақтастық туралы МЕМОРАНДУМ

      Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi мен Болгария Республикасының Әдiлет министрлiгi,
      eкі мемлекеттiң әділет министрлiктерi арасындағы ынтымақтастықтың қажеттiгiн мойындай отырып,
      қазақстандық және болгарлық заңгерлер арасындағы өзара түсiнiстiк пен достық қарым-қатынастарды нығайту мақсатында,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-БАП

      Тараптар мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады:
      1) заңнама туралы ақпарат алмасу;
      2) Тараптардың әдiлет органдары мен мекемелерiнiң ұйымдастырылуымен және қызметiмен танысу үшiн делегациялар алмасу;
      3) Тараптардың әдiлет органдары мен мекемелерi арасында әрiптестiк байланыс орнату;
      4) әдiлет ұлттық жүйелерiн ақпараттандыру саласында мамандар алмасуды жүзеге асыру.

2-БАП

      Осы Меморандумның шеңберiнде Тараптар меншiк қатынастары, инвестициялар және өзара мүдденi білдiретiн басқа да келiсiлген тақырыптар саласында бiрлескен бағдарламалар әзiрлеу және заңнаманы жетілдiру жөнiндегi комиссиялар құра алады.

3-БАП

      Осы Меморандумды орындау мақсатында Тараптар жыл сайын тиiстi қаржы мүмкiндiктерiн негiзге ала отырып, келесi жылға өздерiнiң нақты ынтымақтастық жобаларын келiсетiн болады.
      Ынтымақтастық бойынша бiрлескен iс-шараларды қаржыландыру кезiнде Тараптар оларды ұйымдастыру және Тараптар делегацияларының келуi жөнiндегi шығыстарды, сондай-ақ мүмкiн болатын медициналық шығыстарды қабылдаушы Тарап көтеретiн, ал көлiк шығыстары жiберушi Тарапқа жүктелетiн қағидатты ұстанатын болады.

4-БАП

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Meмopaндумға осы Меморандумның ажырамас бөлiгi болып табылатын хаттамамен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзіледi.
      Тараптар арасындағы осы Meмopaндумның қолданылу саласына қатысты мәселелер жөнiндегі даулар мен келiспеушілiктер екi жақты келiссөздер мен консультациялар арқылы шешiлетiн болады.

5-БАП

      Осы Меморандум қол қойылған сәттен бастап күшiне енедi және белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрiнің екiншi Тарапқа осы Меморандумның қолданылуын тоқтату туралы өз ниетiн жазбаша хабарлаған күнiнен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.

      2003 жылғы __________ ___________ қаласында қазақ, болгар және орыс тiлдерiнде әрқайсысы екi данада жасалды әрi барлық мәтiндердің күшi бiрдей.
      Осы Меморандумның ережелерiн түсiндiруде келiспеушіліктер болған жағдайда Тараптар орыс тілiндегі мәтiнге жүгінедi.

      Қазақстан Республикасының       Болгария Республикасының
      Әділет министрлігі үшін         Әділет министрлігі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады