Қазақстан Республикасының Үкiметi, Ресей Федерациясының Үкiметi мен Украина Министрлер Кабинетi арасында "Ядролық отын өндiру жөнiндегі бiрлескен украиндық-қазақстандық-ресейлiк кәсiпорны" жабық акционерлiк қоғамының дамуына және оның қызметiне жәрдемдесу туралы келiсiм жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 28 сәуірдегі N 408 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi, Ресей Федерациясының Үкiметi мен Украина Министрлер Кабинетi арасындағы "Ядролық отын өндiру жөнiндегi бiрлескен украиндық-қазақстандық-ресейлiк кәсiпорны" жабық акционерлiк қоғамының дамуына және оның қызметiне жәрдемдесу туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрi Владимир Сергеевич Школьникке Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қағидатты сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу құқығымен Қазақстан Республикасының Үкiметi, Ресей Федерациясының Үкiметi мен Украина Министрлер Кабинетi арасындағы "Ядролық отын өндiру жөнiндегi бiрлескен украиндық-қазақстандық-ресейлiк кәсiпорны" жабық акционерлiк қоғамының дамуына және қызметiне жәрдемдесу туралы келiсiм жасасуға өкілеттiгі берілсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Yкiметi, Ресей Федерациясының Yкiметi мен Украина Министрлер Кабинетi арасындағы
"Ядролық отын өндiру жөнiндегi бiрлескен украиндық-қазақстандық-ресейлiк кәсiпорны" жабық акционерлiк қоғамының дамуына және оның қызметiне жәрдемдесу туралы
КЕЛIСIМ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкiметi, Ресей Федерациясының Үкiметi және Украина Министрлер Кабинетi,
      Ядролық қаруды таратпау туралы 1968 жылғы 1 шiлдедегi шарттың мақсаттарына жақтаушылықты растай отырып,
      атом энергетикасы объектілерiн сенімдi және қауiпсiз пайдалануды қамтамасыз ету үшiн өз мемлекеттерiнiң халықтары мен халықаралық қауымдастық алдындағы жауапкершілігiн сезiне отырып,
      Ядролық қауiпсiздiк туралы 1994 жылғы 17 маусымдағы Конвенцияның мiндеттемелерi орындалуының бұлжымайтындығын растай отырып,
      Өндiрiстiк, коммерциялық, несиелiк-қаржылық, сақтандырушылық және аралас трансұлттық бiрлестiктер құруға және дамытуға жәрдемдесу туралы 1994 жылғы 15 сәуiрдегi келiсiмнiң ережелерiн басшылыққа ала отырып,
      Украинада құрылған және тiркелген, әрi қарай бiрлескен кәсiпорын деп аталатын "Ядролық отын өндiру жөнiндегi бiрлескен украиндық-қазақстандық-ресейлік кәсiпорны" жабық акционерлiк қоғамын дамыту Украинаның атом электр станцияларын бәсекелесуге қабiлеттi ядролық отынмен қамтамасыз етуде Тараптардың мүдделіліктерiне жауап беретiндiгiн және Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясы мен Украинаның атом энергетикасының өнеркәсiптiк кешендерiнiң кооперациялық байланыс деңгейiн арттырудың маңызды факторы болып табылатындығын ескере отырып,
      экономикалық тиiмділiк, тең құқықтық және өзара пайдалылық қағидаттарына сүйене отырып,
      төмендегi туралы келiстi:

1-бап

      Тараптар тең бастамада Украина атом электр станцияларының BBЭP-1000 реакторлары үшiн дайын жылу бөлетiн жинақтамалар түрiндегi бәсекелесуге қабiлеттi ядролық отын (әрi қарай - ядролық отын деп аталады) өндiру жөнiндегi бiрлескен кәсiпорынның дамуына және қызметiне жәрдемдеседi.
      Ядролық отын өндiру жөнiндегi бiрлескен кәсiпорынның дамуы және қызметi өзiне:
      а) 2002-2004 жылдарда:
      - Осы Келiсiмдi орындау үшiн қажеттi өндiрiстiк қуаттарды дайындау;
      - қызметшілердi оқыту;
      - цирконийлiк өнiмдi, соның iшiңде қорытпа мен прокатты, сондай-ақ ядролық отын өндiру үшiн жинақтамалық бұйымдарды дайындау технологияларын игеру;
      - Украина атом электр станцияларының ВВЭР-1000 реакторларында жетiлдірілген ядролық отынды игеруге байланысты реактордың белсендi аймағын жобалау;
      - ядролық отынның жеткiзілімiн жоспарлау мен ұйымдастыру жөнiндегi жұмыстарды бақылау мен үйлестiрудi жүзеге асыруды;
      б) 2005-2010 жылдарда осы Келiсiмнiң 2-бабына сәйкес белгiленетiн атқарушы ұйымдармен бiрлесiп ядролық отын өндiрiсiн ұйымдастыруды қамтиды.

2-бап

      1. Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi;
      Ресей Тарапынан - Ресей Федерациясының Атом энергиясы жөнiндегі министрлiгi;
      Украина Тарапынан - Украинаның Отын және энергетика министрлiгi Тараптардың құзыреттi органдары (әрi қарай - құзыреттi органдар) болып табылады.
      2. Осы Келiсiм шеңберiндегi ынтымақтастықты жүзеге асыру үшiн құзыреттi органдар өз өкiлеттiктерiне сәйкес Тараптардың әрқайсысынан атқарушы ұйымдарды (әрi қарай - атқарушы ұйымдар деп аталады) белгiлейдi.
      3. Тараптар өздерiнiң құзыреттi органдарына бiрлескен кәсiпорын мен атқарушы ұйымдар арасындағы осы Келiсiм шеңберiндегi ынтымақтастықты үйлестiрудi, сондай-ақ оның iске асырылуына бағытталған шаралардың орындау үшiн бақылауды жүзеге асыруды тапсырады.
      4. Ядролық отынды дайындау үшiн қажеттi өндiрiстiк қуаттарды пайдалануды оңтайландыру мақсатында, осы Келiсiмге сәйкес, Тараптардың құзыреттi органдары жәрдемдеседi, ал тиiстi атқарушы ұйымдар өз мемлекеттерiнiң аумақтарында келiсiлген жоспар бойынша өндiрiстiк қуаттарды дамытуды жүзеге асырады.
      5. Осы Келiсiмнiң шеңберiнде тауарлар жеткiзілімi, жұмыстарды және қызмет көрсетулердi орындау, тауарлар жеткiзілiмi, (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi орындау) көлемдерiн, бағаларды, төлем шарттарын, тауарлар жеткiзілімi (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi орындау) кестелерiн, тараптардың құқықтарын, мiндеттерiн және жауапкершілiктерiн регламенттейтiн бiрлескен кәсiпорын мен атқарушы ұйымдары арасында жасалатын шарттар (келiсiм-шарттар) негiзiнде жүзеге асырылады. Құзыреттi органдар көрсетiлген шарттарды (келiсiм-шарттарды ) жасасуға және iске асырылуына жәрдемдеседi.
      6. Осы баптың 1-тармағында белгiленген құзыреттi органдардың бiрi таратылған немесе қайта ұйымдастырылған жағдайда оның құқықтары мен мiндеттерi осы Келiсiм бойынша құқықтық мұрагерiне немесе тиiстi Тарап тағайындайтын өзге органға өтедi. Тараптар басқа құзыреттi органның тағайындалуы туралы ноталар алмасу жолымен дипломатиялық арналар арқылы бiрiн-бiрi хабардар етедi.

3-бап

      Қазақстан мен Ресей Тараптары және олардың құзыреттi органдары бiрлескен кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауапкершілікте болмайды.
      Украина Тарапы және оның құзыреттi органы, Украина заңнамасымен көзделген жағдайларды қоспағанда, бiрлескен кәсiпорынның міндеттемелерi бойынша жауапкершілікте болмайды.

4-бап

      1. Осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Тарапы ядролық отынның жеткiзілімi үшiн жеткiлiктi көлемде және ресейлiк өндiрiстегi отын таблеткаларының бағаларымен бәсекелесе алатын баға бойынша отын таблеткаларының жеткізілімiн қамтамасыз етедi.
      2. Осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Ресей Тарапы бағасы уранның тотықша-тотығы, оны байыту мен конверсиялаудың базистiк бағаларына сүйене отырып құралатын байытылған уран шикiзатының жеткiзілімiн қамтамасыз етеді.
      Ресей Тарапы 2010 жылғы 31 желтоқсанға дейiнгi кезеңде DDU ресей-украина шекарасы шарттарында (2000 жылғы өзгерiстермен және толықтырулармен "Инкотермс" сауда-саттық терминдерiне түсінік берудiң халықаралық ережелерiне сәйкес) 1996 жылғы 8 мамырдағы жағдай бойынша бекiтілген мынадай базистiк бағаларды, кепілдендiредi:
      уранның тотықша-тотығы - уранның 1 кг. үшiн 18 (он сегiз) АҚШ доллары,
      уранды байыту - айыру жұмысының бiр бiрлiгiне 75 (жетпiс бес) AҚШ доллары;
      уранды конверсиялау - 1 кг. уран үшiн 6 (алты) АҚШ доллары.
      Келтiрiлген базистiк бағалар байытылған уран шикiзатының бағасын есептеу күнiне үстемелеуге жатады.
      3. Осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында украина Тарапы:
      бiрлескен кәсiпорынды түпкiлiктi өнiм жеткiзiлiмi түрiндегi қызметтердiң толық кешенiн ұсынатын ядролық отынды тәуелсiз жеткiзушi деп таниды;
      бiрлескен кәсiпорынға ядролық отынды өндiру үшiн қажеттi жабдықтардың, материалдар мен жинақтамалардың жеткізілiмiне жәрдемдеседi;
      2010 жылғы 31 желтоқсанға дейiнгi кезеңде тек қана бiрлескен кәсiпорын өндiретiн ядролық отынды сатып алуды жүзеге асырады, бiрлескен кәсiпорын Украинаның атом электр станцияларын ядролық отынмен толықтай қамтамасыз етпеген жағдайда тегi ресейлік ядролық отынды сатып алуды жүзеге асыруға мiндеттенедi. Осы мiндеттеме 2010 жылғы 31 желтоқсаннан кейiн Ресей Тарапы растауы тиiс, ядролық отын өндiрiсi үшiн байытылған уран шикiзатының бағасы туралы Ресей мен Украина Тараптарының атқарушы ұйымдары арасындағы уағдаластыққа қол жеткiзiлген жағдайда күшiнде қалады.
      4. Тараптар осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында ұлттық заңнамаға сәйкес Тараптардың құзыреттi органдарына, атқарушы ұйымдарға және бiрлескен кәсiпорынға өз мемлекеттерінің аумақтары бойынша ядролық материалдарды тасымалдауға байланысты мәселелердi шешуге жәрдемдеседi.

5-бап

      1. Осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Тарапының құзыреттi органы мен атқарушы ұйымдары Украина атом электр станцияларының BBЭP-1000 реакторларының жылу бөлгiш жинақтамаларын жасап шығару үшiн отын таблеткаларының өндiрiсi мен жеткiзілімiн қамтамасыз етедi.
      2. Осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Ресей Тарапының құзыреттi органы мен атқарушы ұйымдары:
      бiрлескен кәсiпорын ядролық отынның жеткiзiлiмiн бастағанға дейiн шарттармен (келiсiм-шарттармен) көзделген жағдайларда Украина атом электр станциялары үшiн ядролық отынның жеткізілiмiн қамтамасыз етедi;
      Украина атом электр станцияларының ВВЭР-1000 реакторларының жылу бөлгiш элементтерi мен жылу бөлгiш жинақтамаларын өндiрудi қамтамасыз етедi;
      Қазақстан Тарапының атқарушы ұйымдарын Украина атом электр станцияларына ядролық отын жеткiзілімiнiң жеткiлiктi көлемде Украина атом электр станцияларының ВВЭР-1000 реакторларының жылу бөлгiш жинақтамаларын өндiру үшiн отын таблеткаларын жасап шығаруға тапсырыстармен қамтамасыз етедi;
      бәсекелiк қабiлетiн қамтамасыз ету мақсатында ядролық отынды жетiлдiру үшiн Тараптар мемлекеттерiнің ғылыми, технологиялық, конструкторлық және өндiрiстік әлеуетiн тартуға көмектеседi;
      бiрлескен кәсiпорынға Украинада цирконий мен оның жартылай фабрикатын өндiруге қажеттi материалдардың (химиялық реагенттердi қоса алғанда) жеткiзуiн қамтамасыз етедi.
      3. Осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Украина Тарапының құзыреттi органы мен атқарушы ұйымдары:
      - ядролық отын дайындау үшiн пайдаланылатын цирконийлiк прокат өндiрiсiн;
      - ядролық отын дайындаy үшiн пайдаланылатын жинақтамалық бұйымдар өндiрiсiн қамтамасыз етедi.

6-бап

      1. Тараптар арасындағы ядролық материалдардың, жабдықтардың, арнайы ядролық емес материалдардың және осы Келiсiм шеңберiмен қамтылған тиiстi технологиялардың экспорты мен импорты 1968 жылғы 1 шiлдедегi Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан және басқа да халықаралық шарттар мен Тараптардың мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын уағдаластықтардан туындайтын Тараптардың міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Тарапы осы Келiсiмнiң шеңберiнде Ресей Федерациясынан немесе Украинадан импортталатын ядролық материалдардың, жабдықтың, арнайы ядролық емес материалдардың және тиiстi технологиялардың, сондай-ақ олардың негiзiнде немесе оларды пайдалану нәтижесiнде өндiрiлген ядролық және арнайы ядролық емес материалдардың, қондырғылар мен жабдықтың:
      ядролық қаруларды және басқа да ядролық жарылғыш құрылғылар өндiру үшiн нeмece қандай да болмасын әскери мақсаттарға қол жеткiзу үшiн пайдаланылмайтындығына;
      Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiгi арасындағы Қазақстан Республикасының барлық бейбiт ядролық қызметiн қамтитын 1994 жылғы 26 шiлдедегi Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепілдiктердi қолдану туралы келiсiмге сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында немесе юрисдикциясының қарауында нақты болатын барлық мерзiм iшiнде МАГАТЭ кепiлдiктерiнде болатындығына;
      МАГАТЭ ұсынатын деңгейлерден төмен емес деңгейлерде физикалық қорғау шараларымен қамтамасыз етiлетiндігіне;
      Ресей Тарапының жазбаша рұқсаты немесе Украина Тарапының жазбаша рұқсаты бар болған кезде және осы тармақпен көзделген жағдайларда ғана қайта экспортталатындығына (экспортталатындығына) немесе Қазақстан Республикасының юрисдикциялық қарауынан тапсырылатындығына кепiлдiк бередi.
      3. Украина Тарапы осы Келiсiмнiң шеңберiнде Ресей Федерациясынан немесе Қазақстан Республикасынан импортталатын ядролық материалдардың, жабдықтың, арнайы ядролық емес материалдардың және тиiстi технологиялардың, сондай-ақ олардың негізінде немесе оларды пайдалану нәтижесінде өндірілген ядролық және арнайы ядролық емес материалдардың, қондырғылар мен жабдықтың:
      ядролық қаруларды және басқа да ядролық жарылғыш құрылғылар өндiру үшiн немесе қандай да болмасын әскери мақсаттарға қол жеткiзу үшiн пайдаланылмайтындығына;
      Украина мен Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiгi арасындағы Украинаның барлық бейбiт ядролық қызметiн қамтитын 1995 жылғы 21 қыркүйектегi Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепiлдiктердi қолдану туралы келiсiмге сәйкес Украинаның аумағында немесе юрисдикциясының қарауында нақты болатын барлық мерзiм iшiнде МАГАТЭ кепiлдiктерiнде болатындығына;
      МАГАТЭ ұсынатын деңгейлерден төмен емес деңгейлерде физикалық қорғау шараларымен қамтамасыз етiлетiндiгiне;
      Ресей Тарапының тиiсiнше жазбаша рұқсаты немесе Қазақстан Тарапының жазбаша рұқсаты бар болған кезде және осы тармақпен көзделген жағдайларда ғана қайта экспортталатындығына (экспортталатындығына) немесе Украинаның юрисдикциялық қарауынан тапсырылатындығына кепiлдiк бередi.
      4. Егер Тараптар өзгеше келiспесе, ядролық материалдар қосымша байытылмайды немесе қайта өңделмейдi, ал жабдық - өзгертуге тартылмайды.
      5. Қазақстан және Украина Тараптары осы Келiсiм шеңберiмен қамтылған екi ұдай мақсаттағы жабдықтарды, материалдарды және тиiстi технологияларды немесе олардың кез келген туынды көшiрмелерiн ядролық жарылғыш құрылғылар құру жөнiндегi қандай да болмасын қызметке немесе МАГАТЭ кепiлдiктерiне кiрмейтiн қызметке пайдаланбайды.

7-бап

      1. Әрбiр Тарап осы Келiсiмдi орындау кезiнде атқарушы ұйымдар, коммерциялық және өнеркәсiптiк құпияларды, сондай-ақ ноу-хауды қоса алғанда, алмасатын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету үшiн сол мемлекеттiң ұлттық заңнамасымен көзделiнген барлық шараларды қабылдайды.
      2. Осы Келiсiм шеңберiндегi жұмыстарды орындау және қызмет көрсетулердi ұсыну барысында атқарушы ұйымдар беретiн немесе құратын зияткерлiк меншiктегi объектiлерге арналған құқықтық қорғау және құқықтарды бөлу мәселелерi Тараптардың ұлттық заңнамасымен реттеледi және айқындалады. Осы Келiсiм бойынша ынтымақтастық шеңберiнде техникалық шешiмдердiң және өзге де зияткерлiк меншiк объектiлерiнiң тапсырылуы өзiнен кейiн, егер Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес тиiстi қазақстандық, ресейлiк және украиналық атқарушы ұйымдар арасында жасалатын шарттармен (келiсiм-шарттармен) егер, өзгеше көзделмесе, мұндай шешiмдер мен объектiлерге авторлық құқықтарды тапсыруға ұрындырмайды.
      3. Қатысушы болып табылмайтын тарапқа осы Келiсiмнiң шеңберiнде орындалған бiрлескен әзiрлемелер туралы кез келген ақпарат Тараптардың құзыреттi органдарының жазбаша түрде ресiмделген өзара келiсiмi бойынша тапсыруы мүмкiн.

8-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерін қолдануға немесе түсiндiруге қатысты даулар консультациялар және келiссөздер жолымен немесе Тараптармен келiсiлген өзге де рәсiмдердiң көмегiмен шешiледi.

9-бап

      Қажет болған жағдайда Тараптардың құзыреттi органдары олардың бiреуiнiң ұсынысы бойынша осы Келiсiмдi iске асыруды қамтамасыз ету жөнiндегi ұсынымдарды қарау үшiн кездесулер өткізедi.

10-бап

      1. Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн коммерциялық басымдықтарды алу мақсатында немесе басқа Тараптың коммерциялық байланыстарына шектеулер жасау үшiн пайдаланбайды.
      2. Осы Келiсiм қатысушылары Тараптар мемлекеттерi болып табылатын басқа да шарттар бойынша Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

11-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілуі мүмкiн.

12-бап

      Осы Келiсiмдi орындауға байланысты ақпарат алмасу үшiн ресми тіл ретiнде орыс тілi пайдаланылады.

13-бап

      1. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады, қол қойылған күнiнен бастап уақытша қолданылады және оның күшiне енуi үшiн Тараптардың барлық қажеттi мемлекетiшілік рәсiмдердi орындауы туралы соңғы жазбаша хабарламасының күнiнен бастап күшiне енедi.
      2. Тараптардың әрқайсысы осы Келiсiмнiң күшiн оның екi жылдық кезеңiнiң өтуi бойынша қалған Тараптарға тиiстi жазбаша хабарлама жiберу жолымен күшiн тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келiсiмнiң күшi Тараптардың бiрiнің осындай жазбаша хабарлама берген күнiнен бастап екi жылдық кезеңінiң өтуi бойынша тоқтатылады. Осы Келiсiм күшінің тоқтатылуы бiрлескен кәсiпорын мен атқарушы ұйымдардың оның әрекетi кезеңiнде туындаған құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
      3. Осы Келiсiмнiң әрекетi тоқтатылғаннан кейiн 6-баптың ережелерi күшiнде қалады.

      200 жылғы "__" ___________ қаласында бiр түпнұсқалық данада орыс тiлiнде жасалды. Түпнұсқалық дана оның куәлендiрілген көшiрмесiн Қазақстан және Ресей Тараптарына жолдайтын Украина Тарапында сақталады.

      Қазақстан          Ресей          Украина Министрлер
   Республикасының   Федерациясының      Кабинетi үшiн
     Үкiметi үшiн     Үкiметi үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады