"Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 30 сәуірдегі N 414 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      "Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы

      Осы Заң қаржы рыногын мемлекеттiк реттеу мен қадағалауды жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейдi және Қазақстан Республикасы қаржы жүйесiнің тұрақтылығын арттыру мен қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылар мүдделерінің бұзылуына жол бермеу жөнiнде жағдайлар жасауға бағытталған.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушы - қаржылық ұйымның қызмет көрсетуiн пайдаланушы, сондай-ақ өз қаражаттарын қаржы құралдарына инвестициялайтын жеке немесе заңды тұлға;
      2) қаржы рыногындағы кәсiби қызмет - Қазақстан Республикасының банк, сақтандыру қызметi, бағалы қағаздар рыногындағы қызмет туралы заңдарына және зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарына сәйкес алынған лицензия негiзiнде жүзеге асырылатын қаржылық қызмет көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
      3) уәкiлеттi орган - қаржы рыногын реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      4) қаржылық ұйым - қаржылық қызмет көрсетудi ұсыну бойынша кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      5) қаржы рыногы - қаржылық қызмет көрсету мен тұтынуға, сондай-ақ қаржы құралдарын шығару мен айналысына байланысты қатынастардың жиынтығы;
      6) қаржылық қызмет көрсету - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алынған лицензиялар негiзiнде жүзеге асырылатын сақтандыру рыногы, бағалы қағаздар рыногы, инвестициялық қорлар, жинақтаушы зейнетақы қорлары қатысушыларының қызметi, сондай-ақ банк қызметi.

      2-бап. Қазақстан Республикасының қаржы рыногын
             мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының қаржы рыногын мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Қаржы рыногын реттеу мен қадағалаудың мақсаттары,
             принциптерi және міндеттерi

      1. Қаржы рыногын реттеу мен қадағалау мақсаттары:
      қаржы рыногының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтастай алғанда қаржы жүйесiне сенiмдi қолдау;
      қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылардың мүдделерiн қорғаудың тиiсті деңгейiн қамтамасыз ету;
      қаржы рыногында шынайы бәсекенi қолдауға бағытталған қаржылық ұйымдардың қызметi үшiн тең құқылы жағдай жасау болып табылады.
      2. Қаржы рыногын реттеу мен қадағалау принциптерi:
      ресурстар мен реттеу құралдарын тиiмдi пайдалану;
      қаржылық ұйымдар мен қаржылық қадағалау қызметiнiң айқындылығы;
      қаржылық ұйым менеджментінің жауапкершілігі;
      тәуекелдердi бағалауға негiзделген қаржылық ұйымдарды басқаруды ынталандыру;
      жаңа қаржы өнiмдерiн және қызмет көрсетудi дамытуды қолдау арқылы қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылардың мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегі шаралардың жиынтығы және қаржы рыногына қазiргі заманғы технологияны енгiзу болып табылады.
      3. Қаржы рыногын реттеу мен қадағалау мiндеттерi:
      қаржылық ұйымдар қызметiнің стандарттарын белгiлеу, қаржылық ұйымдарды корпоративтiк басқаруды жақсарту үшiн ынталандырулар жасау;
      қаржы жүйесiндегi елеулi шығынды болдырмау мақсатында қаржы рыногының мониторингi;
      қаржылық тұрақтылықты қолдау мақсатында қаржы рыногының ең осал салаларында қадағалау ресурстарын топтау;
      қазiргi заманғы технологияларды енгiзуді ынталандыру, қаржылық ұйымдардың қызметi және олар көрсететiн қаржылық қызмет көрсетулер туралы ақпараттың тұтынушылар үшiн толықтығын және қол жетiмдiгiн қамтамасыз ету болып табылады.

      4-бап. Қаржы рыногындағы уәкiлеттілігі жоқ қызметке тыйым салу

      1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген лицензиясы жоқ тұлғаның қаржы рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыруға құқығы болмайды.
      2. Уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясынсыз жасалған қаржылық қызмет көрсету бойынша мәмілелер жарамсыз болып табылады.

      5-бап. Пруденциалдық нормативтер және сақталуы мiндеттi
             өзге де нормалар мен лимиттер

      Уәкiлеттi органның қаржылық ұйымдар үшiн олардың қаржы тұрақтылығын және қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылар мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында белгiлеген экономикалық шектеулерi пруденциалдық нормативтер болып табылады.
      Уәкiлеттi орган пруденциалдық нормативтердi және сақталуы мiндетті өзге де нормалар мен лимиттерді, сондай-ақ шоғырландырылған негiзде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес аффилиирленген тұлғалар болып табылатын қаржылық және өзге де ұйымдар үшiн белгiлейдi.

      6-бап. Қаржы рыногын монополияға қарсы реттеу

      1. Қаржы рыногында бәсекелестiктi шектеуге және қаржы рыногындағы қаржылық ұйымның өзiнің басым (монополиялық) жағдайын терiс пайдалануына бағытталған iс-әрекеттердi жасауға тыйым салынады.
      2. Қаржы рыногындағы қаржылық ұйымның басым жағдайын белгілеу талаптарын уәкiлеттi органмен бiрлесiп, монополияға қарсы реттеу жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайды.

2-тарау. Қаржы рыногын реттеу мен қадағалау жөнiндегі уәкiлеттi органның мәртебесi, мiндеттерi, функциялары және өкiлеттiктерi

      7-бап. Қаржы рыногын реттеу және қадағалау жөнiндегi
             уәкілетті орган

      1. Қаржы рыногын реттеу мен қадағалауды Қазақстан Республикасының Президентi құратын бiрыңғай уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi орган өз қызметiнде Конституцияны, осы Заңды, Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiн және өзге де нормативтiк құқықтық актілерiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн өзi жөнiндегi Ереженi басшылыққа алады.
      3. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Президентiне есеп бередi.
      Қазақстан Республикасының Президентiне есеп беру:
      Қазақстан Республикасы Президентiнің уәкілеттi органның Төрағасы мен оның орынбасарларын қызметке тағайындауын және қызметтен босатуын;
      Қазақстан Республикасы Президентінің уәкiлетті органның құрылымын және жалпы штаттық санын бекiтуiн;
      Қазақстан Республикасы Президентiнің Уәкiлеттi орган туралы ереженi бекiтуiн;
      уәкілеттi органның өз қызметiнiң мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне ақпаратты ұсынуын бiлдiредi.
      4. Уәкiлетті органды қаржыландыру Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің бюджет қаражаты (шығыстар сметасы) есебiнен жүзеге асырылады.

      8-бап. Уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерi

      Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтары негiзiнде және оларды орындау мақсатында өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы қаржылық ұйымдардың, қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылардың, басқа да жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi нормативтік құқықтық актiлердi шығарады.

      9-бап. Уәкiлетті органның мiндеттерi

      1. Уәкiлетті органның мiндеттерi:
      1) қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiнің бұзылуына жол бермеу жөнiндегi кешендi шараларды iске асыру;
      2) қаржылық ұйымдардың тиiстi түрлерінің шынайы бәсекелестiк принциптерiнде жұмыс iстеуi үшiн тең жағдай жасау;
      3) қаржылық ұйымдардың қызметiн реттеу және қадағалаудың стандарттары мен әдiстерінің деңгейiн көтеру, олардың қабылдаған мiндеттемелерінің уақтылы және толық орындалуын қамтамасыз ету бойынша шараларды пайдалану болып табылады.
      2. Уәкiлетті орган осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген өзге де мiндеттердi iске асыруды қамтамасыз етеді.

      10-бап. Қаржы рыногын реттеу және қадағалау жөнiндегі
              уәкiлетті органның функциялары мен өкiлеттiктерi

      1. Уәкілеттi орган қаржылық ұйымдардың қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асырады.
      Уәкiлетті орган осы мақсатта:
      1) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қаржылық ұйымдарды ашуға (құруға), оларды ерiктi түрде қайта құру және таратуға рұқсат бередi және қайтарып алады, қаржылық ұйымдардың филиалдары мен өкiлдіктерiн ашуға келiсiм бередi, сондай-ақ көрсетiлген рұқсаттар мен келісiмдердi беру тәртiбiн айқындайды;
      2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда қаржылық ұйымдардың басшы қызметкерлерi лауазымдарына адамдар сайлауға (тағайындауға) келiсiм бередi не келiсiм беруден бас тартады, сондай-ақ көрсетiлген келiсiмдi берудiң не беруден бас тартудың тәртiбiн айқындайды;
      3) қаржы рыногында кәсiби қызметтi, қаржылық ұйымдардың аудитiн жүргiзуге лицензиялар беру, қолданылуын тоқтату және қайтарып алу тәртiбiн белгiлейдi, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда көрсетiлген лицензияларды бередi, қолданылуын тоқтатады және қайтарып алады;
      4) қаржылық ұйымдар үшiн, оның iшiнде шоғырландырылған негізде пруденциалдық нормативтер және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттердi бекiтедi;
      5) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп қаржылық ұйымдардың және олардың аффилиирленген тұлғаларының қаржылық және өзге де есептің тізбесін, халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн нысандарын, ұсыну мерзiмдерiн белгiлейдi;
      6) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп және бухгалтерлiк есеп стандарттары туралы заңдарының талаптарын қаржылық ұйымдардың сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
      7) Қазақстан Республикасының заң актілерiнде көзделген жағдайларда және шегiнде, оның iшiнде аудиторлық ұйымды шақыру арқылы қаржылық ұйымдарды және олардың аффилиирленген тұлғаларының қызметiн тексередi;
      8) қаржылық ұйымдарға Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялардың қолданылу тәртiбiн айқындайды және қолданады;
      9) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда, қаржылық ұйымның жарғылық капиталындағы акционерлердің үлесiн (акцияларын) оларға мәжбүрлеп сатып алу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсе отырып шешiм қабылдайды;
      10) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда ерікті және мәжбүрлеп таратылатын қаржылық ұйымдардың тарату комиссияларының қызметiн бақылауды жүзеге асырады;
      11) бұқаралық ақпарат құралдарында қаржылық ұйымдар туралы мәлiметтердi (коммерциялық, банктiк немесе заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi қоспағанда), оның iшiнде оларға қолданған шаралар туралы ақпарат жариялайды.
      3. Уәкiлеттi орган қаржылық ұйымдарға және оның аффилиирленген тұлғаларына, оның iшiнде аудиторлық ұйымдарды тарта отырып, мынадай мақсатта инспекциялау (тексеру) жүргiзуге құқылы:
      1) кез келген есептi немесе ағымдағы күнге қаржылық ұйымдар мен олардың аффилиирленген тұлғаларының қаржылық жай-күйiн айқындау;
      2) басқарма құрылымының және қаржылық ұйымдар мен олардың аффилиирленген тұлғаларының шешiмдер қабылдау рәсiмдерінің заңдарға сәйкестiгiн айқындау;
      3) қаржылық ұйымдардың аффилиирленген тұлғаларын айқындау;
      4) қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушылардың құқықтарын бұзу мүмкiндiгiн анықтау және ескерту;
      5) қаржылық қызмет көрсетудi ұсыну немесе қаржы құралдарын шығару бойынша уәкілеттiк берiлмеуi ықтимал қызметтi анықтау және оған жол бермеу.
      3. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайлардан басқа, қаржылық ұйымдардың қызметiне араласпайды.

      11-бап. Банк қызметiн реттеу және қадағалау ерекшелiктерi

      1. Уәкiлетті орган банк қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыру мақсатында:
      1) жеке және заңды тұлғалардың банктiң және банктік холдингтiң iрi қатысушысы мәртебесiне ие болуына, банктердiң еншілес ұйым құруына және ие болуына рұқсат беру және рұқсат беруден бас тарту тәртiбiн айқындайды, көрсетiлген рұқсаттарды бередi не беруден бас тартады;
      2) банктердiң меншiк капиталының ең аз мөлшерiн белгiлейдi;
      3) банктердiң резервтiк капиталын қалыптастыру бойынша талаптарды белгiлейдi;
      4) банктік топтар үшiн пруденциалдық нормативтерді және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi бекiтедi;
      5) салымдарға (депозиттерге) мiндеттi ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) тәртiбiн белгiлейдi;
      6) активтердi және шартты мiндеттемелердi жіктеу мен оларға қарсы провизиялар құру тәртібiн белгiлейдi;
      7) банктердiң және банктерге аудит жүргiзуге лицензиясы бар аудиторлардың тiзiлiмiн жүргiзедi;
      8) банктiң аффилиирленген тұлғаларына Қазақстан Республикасының заң актілерiнде көзделген мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртiбiн айқындайды және осындай шара қолдану туралы шешiм қабылдайды;
      9) банк заңдарында белгіленген жағдайларда банктi консервациялау туралы шешiм қабылдайды және уақытша әкiмшiлiктi (банктi уақытша басқарушыны) тағайындайды;
      10) банк заңдарында белгiленген жағдайларда банк заңдарында көзделген барлық немесе жекелеген банк операцияларын жүргiзуге лицензияны қайтарып алу туралы шешiм қабылдайды және уақытша әкiмшiлiктi (уақытша әкiмдi) тағайындайды;
      11) Қазақстан Республикасының заң актілерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы банктерiнiң барлық қаржы-шаруашылық қызметiн тексерудi жүзеге асыру құқығы бар бiрден-бiр орган болып табылады.

      12-бап. Сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау ерекшелiктерi

      Уәкілеттi орган сақтандыру қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыру мақсатында:
      1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына бақылау жасау құқығын алуға рұқсат беру және қайтарып алу тәртiбiн айқындайды, көрсетiлген рұқсаттарды бередi және қайтарып алады;
      2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру резервтерiн қалыптастыруына қойылатын талаптарды белгiлейдi;
      3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру резервтерiн есептеу әдiстемесiне қойылатын талаптарды белгiлейдi;
      4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтерiн орналастыру және инвестициялау тәртiбiн айқындайды;
      5) сақтандыру полистерінің нысандары мен мазмұны бойынша талаптарды белгiлейдi;
      6) актуарийлік қорытынды және оның мазмұнына талаптар негiзiнде аннуитет шарттарын қолдану кезеңiнде тұрақты сақтандыру төлемдерiнiң мөлшерiн көбейту тәртiбi мен талаптарын айқындайды;
      7) жинақтаушы сақтандыру бойынша қызметтi жүзеге асыратын сақтандыру ұйымының өз сақтанушыларына заемдарды беру тәртiбi мен талаптарын айқындайды;
      8) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру және қайта сақтандыру, оның iшiнде белгiленген (шарттармен немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен) мерзiмдердi бұзу арқылы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы орындаған шарттарын (сақтандыру полистерін) есепке алу тәртiбiн айқындайды;
      9) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, сақтандыру брокерлерінің, актуарийлердің және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына аудит жүргiзуге лицензиясы бар аудиторлардың тізілімін жүргiзедi;
      10) сақтандыру заңдарында белгіленген жағдайларда сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензияны қайтарып алу туралы шешiм қабылдайды және уақытша әкiмшiлiктi (уақытша әкiмдi) тағайындайды;
      11) Қазақстан Республикасының заң актілерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      13-бап. Бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметiн
              реттеу және қадағалау ерекшеліктерi

      Уәкілеттi орган бағалы қағаздар рыногы субъектілерiнiң қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыру мақсатында:
      1) бағалы қағаздармен және туынды бағалы қағаздармен азаматтық құқық объектілерiн таниды;
      2) басқа мемлекеттiң заңдарына сәйкес тiркелген шетелдiк эмитенттердiң бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жiберудiң талаптарын, тәртiбiн айқындайды және жiберудi жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасы ұйымдарының бағалы қағаздарын және туынды бағалы қағаздарын шығару, орналастыру, айналысқа жiберу және өтеудiң талаптары мен тәртiбiн, мемлекеттiк бағалы қағаздарға ұлттық бiрегейлендiру нөмiрiн шығару және берудi тiркеу тәртiбiн айқындайды;
      4) бағалы қағаздарды, оның iшiнде резидент еместердiң және туынды бағалы қағаздарды шығаруды мемлекеттiк тiркеудiң, оларды орналастыру және өтеу, сондай-ақ күшiн жою жөнiндегi есептердi қараудың талаптары мен тәртiбiн белгiлейдi;
      5) бағалы қағаздар рыногы кәсiби қатысушыларының мамандарын оқытуды және қайта даярлауды ұйымдастырады;
      6) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн мамандар дайындау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға рұқсат бepу, қолданылуын тоқтату және қайтарып алу талаптарын және тәртiбiн айқындайды, көрсетiлген рұқсаттарды бередi, қолданылуын тоқтатады және қайтарып алады;
      7) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстегiсi келетiн жеке тұлғаларға аттестация жүргiзу талаптарын және тәртiбiн айқындайды және аттестация жүргізедi, аттестациядан өткен тұлғаларға бiлiктiлiк куәлiктерiн бередi, бiлiктiлiк куәлiктерiн иеленушілерге қайта аттестациялауды жүзеге асырады, бiлiктiлiк куәлiктерiнің қолданылуын тоқтатады және қайта жаңарту, білiктілік куәлiктерiн қайтарып алады;
      8) бағалы қағаздардың және туынды бағалы қағаздардың орналастырылуымен айналысын тоқтату және жаңарту талаптарын және тәртiбiн айқындайды;
      9) Бағалы қағаздардың мемлекеттік тiзiлiмiн, бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиялар мен рұқсаттар тiзiлiмiн және бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыру құқығына берiлген бiлiктiлiк куәлiктерінің тiзiлiмiн жүргiзедi;
      10) бағалы қағаздар рыногында кәсіби қызметті жүзеге асыру талаптары мен тәртiбiн, оның iшiнде бағалы қағаздармен операциялар жасау шарттары мен тәртiбiне қойылатын талаптарды белгiлейдi;
      11) зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың және институционалдық инвесторлардың инвестициялық қызметiн жүргiзу тәртiбiн белгiлейді;
      12) бағалы қағаздармен сауда-саттықты ұйымдастырушылардың және өзiн өзі реттейтiн ұйымдардың қызметiн жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейдi;
      13) бағалы қағаздардың және туынды бағалы қағаздардың бағаларымен айла-әрекет жасауға, бағалы қағаздар рыногында инсайдер ақпаратын немесе қызметтiк немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты пайдалану арқылы мәмілелер жасауға бақылауды жүзеге асырады;
      14) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес инвестициялық қорлардың және олардың басқарушыларының құрылуы мен қызметiн лицензиялауды, реттеудi және бақылауды жүзеге асырады;
      15) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      14-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн
              реттеу және қадағалау ерекшеліктерi

      Уәкiлеттi орган жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыру мақсатында:
      1) жинақтаушы зейнетақы қорларының құрылтайшыларына, акционерлеріне, басшы қызметкерлерiне қойылатын талаптарды белгiлейді;
      2) жинақтаушы зейнетақы қорлары жарғылық капиталының ең aз мөлшерiн, оның қалыптасу тәртiбiн және құрамын белгiлейдi;
      3) алушылардың жеке шоттарындағы жинақталған зейнетақы қаражатын есепке алуды жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi және оның дұрыс жүргiзілуінe бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ жинақталған зейнетақы қаражатын аудару тәртiбiн белгiлейдi;
      4) жинақтаушы зейнетақы қорының жиырма бес проценттен астам акцияларын сатып алуға рұқсат беру тәртiбiн белгiлейдi;
      5) жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы ережелерiн келіседі;
      6) таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiн, оның зейнетақы шарттары бойынша мiндеттемелерiн басқа қорға беру тәртiбiн белгiлейдi;
      7) зейнетақы заңдарында белгiленген жағдайларда зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметке берiлген жинақтаушы зейнетақы қорларының лицензиясын қайтарып алу туралы шешiм қабылдайды және уақытша әкiмшілікті (уақытша әкiмдi) тағайындайды;
      8) Қазақстан Республикасының заң актілерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      15-бап. Ақпарат алу жөнiндегi өкiлеттiктер

      Уәкiлеттi органға жүктелген қаржы рыногын peттeу және қадағалау функцияларын сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз ету, осы Заңның талаптарын iске асыру мақсатында уәкілеттi орган Қазақстан Республикасының аумағында кез келген жеке және заңды тұлғадан, сондай-ақ мемлекеттiк органдардан өзiнiң қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшiн қажетті ақпарат алуға құқылы, мұндайда алынған мәлiметтер жария етуге жатпайды.

      16-бап. Уәкiлетті органның Қазақстан Республикасының
              басқа мемлекеттік органдарымен және басқа
              мемлекеттердiң қаржы рыноктарын реттеу мен
              қадағалауды жүзеге асыратын органдарымен
              өзара iс-әрекетiнің негізгі принциптерi

      1. Уәкiлеттi орган өзiне Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен берiлген өкiлеттіктер шегiнде өз қызметінде тәуелсiз. Мемлекеттік органдар уәкiлетті органның оның заң түрiнде бекiтiлген өкілеттiктерін iске асыру жөнiндегi қызметiне араласуға құқығы жоқ.
      2. Уәкiлеттi орган өз қызметiн басқа мемлекеттiк органдармен Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құзыретi шегiнде үйлестіреді.
      3. Уәкiлеттi орган қаржы рыногын реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын басқа мемлекеттердiң мемлекеттiк органдарымен ынтымақтастықта болады және олардың қадағалау функцияларын жүзеге асыруына қажетті ақпаратпен алмасуға құқылы.

3-тарау. Қорытынды ережелер

      17-бап. Уәкiлетті органды қайта құру және тарату

      Уәкiлетті орган Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген тәртiппен қайта құрылуы және таратылуы мүмкiн.

      18-бап. Уәкiлеттi орган қызметкерлерiнің жауапкершiлігі

      Уәкiлеттi органның қызметкерлерi қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында алынған банктiк, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпиясы бар мәлiметтердi жария еткенi үшiн сондай-ақ заң актiлерiмен белгiленген өзге де жауапкершілiктi атқарады.

      19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң жарияланған күнiнен бастан қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады