"Мүліктi жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 11 маусымдағы N 559 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      "Мүлiкті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Мүлiктi жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы

      Осы Заң мүлкiн жария ететiн адамдарды Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жекелеген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшiн жауапкершiлiктен босату жолымен мүлiктi жария ету бойынша мемлекеттiң бiр жолғы акциясын жүргiзудi реттейдi.

      1-бап. Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң Қазақстан Республикасының осы Заңда белгiленген тәртiппен мүлкiн жария ететiн азаматтары мен заңды тұлғаларына қолданылады.
      2. Жария етуге заңға сәйкес тiркеуге жататын, ақшадан, сондай-ақ осы Заңның 2-бабында көрсетiлген мүлiктен басқа, құқықтары заңдарда белгіленген тәртiппен ресiмделмеген жылжымайтын және жылжымалы мүлiктер жатады.
      3. Осы Заңның күшi осы Заңның 6 және 7-баптарында көрсетiлген құқық бұзушылықтар бойынша әкiмшілiк жаза берiлген, сотталған адамдарға қолданылмайды.

      2-бап. Жария етуге жатпайтын мүлiк

      1. Жария етуге құқықтары сот тәртiбiмен дауланатын, және сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар, жеке тұлғаға, бейбiтшiлiк пен адамзаттың қауiпсiздiгiне, конституциялық құрылыс негiздерiне және мемлекеттің қауіпсiздiгіне, меншiкке, мемлекеттiк қызмет мүдделерiне, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртiпке, халықтың денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстардың нәтижесiнде алынған мүлiк жатпайды.
      2. Осы Заңда көзделмеген тәртiппен мүлiк жария етiлген жағдайда жергiлiкті атқарушы орган жария етудi жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгiнедi.

      3-бап. Мүлiктi жария ету мерзiмi

      Мүлiктi жария ету мерзiмi алты айды құрайды және осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап отыз күнтiзбелiк күн өткен соң басталады.

      4-бап. Жария етiлген және жария етуге ұсынылған мүлiк туралы ақпарат

      1. Жария етiлген және жария етуге ұсынылған мүлiк туралы ақпарат жариялауға жатпайды.
      2. Жергiлiктi атқарушы органдарда осы Заңға сәйкес жария етiлген және жария етуге ұсынылған мүлiк туралы ақпараттың болуы кез келген, соның iшiнде қылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе әкiмшiлiк жаза шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзу әрекеттерiн өткiзу үшiн негiз бола алмайды.

      5-бап. Мүлiктi жария етудi жүргізу рәсiмi

      1. Мүлiктi жария ету мүлкiн жария етуге тiлек бiлдiрген адамдардың белгiленген нысанда өтiнiш берушiнiң мүлiкке заттық құқығын растайтын құжаттарын қоса бере отырып, өтiнiш беруi арқылы жүзеге асырылады.
      Өтiнiштi:
      жылжымайтын мүлiк жөнiндегі - мүлiктің орналасқан жерi бойынша жергілікті атқарушы органға;
      жылжымалы мүлiк жөнiндегi - жергiліктi атқарушы органға:
      жеке тұлғалар тұрған жерi бойынша;
      заңды тұлғалар заңды тұлғаның орналасқан жерi бойынша бередi.
      2. Өтінiш берушi жоғарыда көрсетiлген құжаттардан басқа, оның жеке басын куәландыратын құжаттарды, ал заңды тұлғаның өкiлдерi жарғысының (ережесiнiң), заңды тұлғаны тiркеу туралы куәлігінiң нотариалдық куәландырылған көшiрмелерiн, салық есебiне қойғаны туралы анықтамасы мен олардың өкiлеттiгiн растайтын құжаттарды ұсынуға мiндеттi.
      3. Жария ету мерзiмi iшiнде берiлген мүлiктi жария ету туралы өтінiш жергiлiкті атқарушы органға өтiнiштi берген күннен бастап 10 жұмыс күн iшiнде қаралуы тиiс.
      4. Осы Заңда белгiленген талаптар сақталған кезде жергiлiктi атқару орган жария етiлген мүлiк тiзiлiмiне мәлiметтердi енгiзедi және жария етілетін мүлікті сатып алумен, иеленумен және пайдаланумен байланысты осы Заңның 6 және 7-баптарында көзделген құқық бұзушылықтар үшiн жауапкершiлiктен босатуға негiз болып табылатын мүлiктi жария ету туралы ресми құжат (бұдан әрi - ресми құжат) береді.
      5. Осы Заңда белгiленген талаптар сақталмаған жағдайда ресми құжатты беруден бас тартудың себептерiн көрсете отырып, өтiнiш қайтаруға жатады.
      Өтiнiштi қайтару үшін негiз болып табылатын себептер жойылған кезде тұлға жария ету мерзiмi iшiнде мүлiк жария ету туралы қайта өтiнiш беруге құқылы.
      6. Өтiнiштiң, ресми құжаттың, жария етілген мүлiк тiзiлiмiнiң нысандарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      7. Мүлiк ресми құжат бергеннен кейiн келесi күнi, ал мемлекеттiк тiркеудi талап ететiн жағдайларда, оны Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырғаннан кейiн жария етілдi деп танылады.
      Мүлкiн жария еткен тұлғалар жария ету мерзiмi аяқталған күннен бастап бiр ай өткеннен кейiн көрсетiлген мүлiкке иелiк етуге құқығы бар.
      Құқықтары мемлекеттiк тiркеуге жататын жария етiлген мүлiкке иелiк етуге жол бермеу мақсатында осындай мүлiк туралы ақпарат тiркеушi органдарға ұсынылады.

      6-бап. Мүлкiн жария ететiн адамдар жасағаны үшiн қылмыстық жауапкершіліктен босатылатын қылмыстар

      Осы Заңның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген азаматтар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 190, 192, 215 (бiрiншi бөлiгi) 218, 221, 222-баптарында көзделген қылмыстық жауапкершілiктен босатылады.

      7-бап. Мүлкін жария ететiн адамдар жасағаны үшiн жауапкершілiктен босатылатын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар

      Осы Заңның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген адамдар Қазақстан Республикасының Әкiмшілік құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 118, 120, 137, 143, 146, 154, 155 (бiрiншi бөлiгi), 178, 179, 185, 205-209, 236, 237, 239, 253-баптарында көзделген әкiмшілік жауапкершiлiктен босатылады.

      8-бап. Заңды орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшін лауазымды адамдардың жауапкершiлігі

      Осы Заңның талаптарын орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда мемлекеттік органдардың тиiсті лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауапкершiлiкте болады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады