Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
Қазақстан Республикасы Президентiнің "Қазақстан Республикасының экологиялық қауiпсiздiгi тұжырымдамасы туралы" өкiмiнiң жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзілсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Mинистрі
Жоба
Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімі
Қазақстан Республикасының экологиялық қауiпсiздiгi тұжырымдамасы туралы
Қазақстан Республикасының экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында қаулы етемін:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының экологиялық қауiпсiздiгi тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi үш ай мерзiмде Тұжырымдаманы iске асыру жөнiндегi iс-шараларды әзiрлесiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2003 жылғы ___________
N ______ өкімімен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының
экологиялық қауіпсіздігі
тұжырымдамасы
Астана, 2003 ж.
Жалпы ережелер
Кез келген мемлекеттiң барлық әлеуметтiк-экономикалық жүйесiн экологияландыру экологиялық проблемаларды табысты шешудiң және экологиялық апаттарды болдырмаудың негiзi болып табылатынын әлемдiк тәжiрибе көрсетiп отыр.
Экологиялық қауiпсiздiк ұлттық қауiпсiздiктiң құрамдас бөлiгi ретiнде орнықты дамудың мiндеттi шарты болып табылады және табиғи жүйелердi сақтаудың әрi қоршаған ортаның тиiстi сапасын қолдаудың негiзi болады.
Осы экологиялық қауiпсiздiк тұжырымдамасы "Қазақстан-2030" Стратегиясының басымдықтарын негiзге ала отырып, Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейiнгi әлеуметтiк-экономикалық дамуының Стратегиялық жоспарына сәйкес, Йоханнесбург қаласында өткен Орнықты дамыту жөнiндегi дүниежүзiлiк саммит қарарының және XXI ғасырдағы күн тәртiбiнiң негiзгi ережелерi, қоршаған орта мен даму жөнiндегi Рио-де-Жанейро қағидаттары ескерiле отырып, әзiрлендi.
"Қазақстан-2030" Стратегиясының 1998-2000 жылдарда белгiленген кезеңiне мiндеттердi iске асыру барысында 90-шы жылдардың басымен салыстырғанда қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттiк бақылауды күшейтудiң және мiндеттi экологиялық сараптаманы енгiзудiң есебiнен қоршаған ортаны ластау қарқыны едәуiр төмендедi.
Қоршаған орта жай-күйiнiң нормативтiк көрсеткiштерiне қол жеткiзе отырып, экологиялық қауiпсiздiктiң оңтайлы деңгейiн қамтамасыз ету қоршаған ортаның сапасын тұрақтандыруды кезең-кезеңiмен (2010 жылға дейiн) жүзеге асыруды және оның жай-күйiн жақсартуды (2010-2030 жылдар) көздейдi.
1. Экологиялық қауiпсiздiктiң мақсаттары
мен негiзгi қағидаттары
Экологиялық қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк саясат Қазақстан Республикасының Конституциясы негiзiнде жүзеге асырылады және табиғи жүйелердiң, қоғамның өмiрлiк маңызы бар мүдделерi мен жеке адамның құқықтарының қоршаған ортаға антропогендiк және табиғи әсер етудiң нәтижесiнде туындайтын қатерлерден қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекеттiң экологиялық қауiпсiз дамуы мынадай қағидаттарға негізделедi:
экологиялық қауiпсiздiктiң аймақтық және жергiлiктi мiндеттерiн экологиялық дағдарыстың алдын алудың жаhандық және ұлттық қауiпсiздiк мақсаттарына бағындыруға;
адамның денсаулығына және қоршаған ортаға келтiрiлген нұқсанды мiндетті түрде өтеуге (табиғат пайдаланушы мен ластаушы төлейдi);
өндiрiстiк күштердi дамыту мен орналастыруды экологиялық-экономикалық теңдестiруге (экологиялық сыйымдылық қағидатына);
кейiн экологиялық сараптама жасай отырып, қоршаған ортаға шаруашылық және өзге де қызметтiң әсер етуiн мiндеттi түрде бағалауға;
оның экологиялық ақпаратқа қол жеткiзуi, қоршаған ортаны қорғау саласында шешiм қабылдауға қатысуы мен сотқа жүгiнуi жолымен халықтың хабардарлығы және экологиялық проблемаларды шешуге қатысуы;
халықаралық ынтымақтастықта және халықаралық құқық нормаларының сақталуындағы әрiптестiкке.
2. Экологиялық қауiпсiздiк қатерлерi және
оларды болдырмау жолдары
Қазақстанның экологиялық қауiпсiздiгiнiң қатерлерi (экологиялық проблемалары) олардың маңызы мен шешу деңгейiне қарай жаһандық, ұлттық және жергiлiктi болып бөлiнедi.
2.1. Жаhандық экологиялық проблемалар
Климаттың өзгеруi
Қазақстан Республикасы 1995 жылы БҰҰ-ның климаттың өзгеруi жөнiндегi негiздемелiк конвенциясын бекiттi, оны iске асыру үшiн атмосферадағы парниктiк газдардың шоғырлануын тұрақтандыруға, табиғаттық-климаттық жүйеге қауiптi антропогендiк әсер етуге жол бермейтiн деңгейде қол жеткiзу қажет.
Базалық 1990 жылмен салыстырғанда Қазақстанда парниктiк газдардың жиынтық шығарындылары жылына 200 млн. тоннаға төмендегенiн ескере отырып, негiзгi шаралар осы деңгейi ұстап тұруға бағытталуы тиiс.
1999 жылы Қазақстан осы Конвенцияның Киото хаттамасына қол қойды. Қазақстанның мәлiмдемесi бойынша көрсетiлген хаттама бекiтiлген және ол күшiне енген жағдайда Қазақстан парниктiк газдарды азайту жөнiндегi сандық мiндеттемелердi өзiне ала отырып, 1-қосымшаның Тарабы болатыны туралы Конференция талаптары арнайы шешiм қабылдады, бұл бiздiң ел үшiн халықаралық инвестицияларды тарту бойынша зор перспектива ашады.
Сонымен қатар, жоғарыда келтiрiлген факторларды және әлемдiк тәжiрибенi назарға алып отырып, Қазақстанның Киото хаттамасын бекітуiнiң орындылығына әлеуметтiк-экономикалық талдау жасау ұйғарылды.
Озонды қабаттың жай-күйi
Болжамдар бойынша соңғы бiрнеше ондаған жылдары антропогендiк қызмет табиғи факторларды, оның iшiнде күн белсендiлiгi циклының әсерiн баса отырып, озон қабаты жай-күйiнiң өзгеруiн толық айқындайтын болады. 1973 жылдан бергi бақылау Қазақстанның үстiндегi озон қабатының қалыңдығы 5-7%-ға жұқарғанын көрсетедi.
Озон қабатын қорғау туралы Вена конвенциясына және Озон қабатын бүлдiретiн заттар жөнiндегi Монреаль хаттамасына сәйкес қабылданған реттеу бойынша шаралар озонды бүлдiрушi заттар өндiрiсiнiң 1986 жылмен салыстырғанда 85%-ға қысқарылуына ықпал етті.
Бiздiң ел көрсетiлген құжатты бекiттi (1998 жылы) және оған сәйкес озонды бүлдiретiн заттарды пайдалануды қысқарту мен оларды айналыстан алу жөнiндегi мiндеттемелердi iске асыру басталды.
Биологиялық әркелкілiктi сақтау
Қазақстанның экожүйелерi Орталық Азияның және жалпы құрлықтың экожүйелерiндегi биологиялық әркелкiлiгiнiң бiргейлiгiмен ерекшеленедi.
Сонымен бiрге, антропогендiк факторлардың әсерiмен Қазақстанда көптеген жануарлар түрлерiнiң саны азайды және олардың тiршiлiк ету аясы тарылды.
Биологиялық әркелкілiктi сақтаудың негiзгi бағыттары:
биологиялық әркелкiлiгi оны құрылымдық ұйымдастырудың (түрi, популяциялық, биогеоценоттық, ландшафтық және өңiрлiк) әртүрлi деңгейлерiнде жай-күйiн бағалау және оның объектiлерiн түгендеу;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (ЕҚТА) желiсiн дамыту және оларды жасанды түрде молайту арқылы сирек түрлерiнiң табиғи популяциясын қолдау;
жолсыздықтарға жол берiлген аумақтарда қазiргi табиғи және антропогендiк-ынталандыру процестерiнiң трендтерiн ескере отырып, биологиялық әркелкiлiктi қалпына келтiру.
Жердiң шөлейттенуi мен азып-тозуы
Қазақстанда едәуiр жер алаңы (аумақтың 66%-ы) белгiлi бiр дәрежеде шөлейттену мен азып-тозу процесiне ұшыраған, мұның өзi ауыл шаруашылығы айналымын шығаруға әкеп соғады. Бұл ауыл шаруашылығын экстенсивтi жүргiзуге, пайдалы қазба кен орындарының кен өндiрiлетiн аумақтарының, тасымалдау мен қайта өңдеу аудандарының мұнай өнiмдерi мен көмiрсутектi шикiзаттар және радиоактивтi қосындыларымен ластануы туындады.
Көрсетiлген процестердi болдырмау үшiн:
азып-тозған жерлердi қалпына келтiру және топырақты құнарландыру;
жердi пайдалануды мемлекеттiк басқару жүйесiн жетiлдiру;
экологиялық тұрақты жер пайдаланудың экономикалық тетiктерiн енгiзу қажет.
2.2. Ұлттық экологиялық проблемалар
Экологиялық апат аймақтары (Арал және Семей өңiрлерi)
Арал және Семей өңiрлерi экологиялық апат аймағы деп жарияланды, онда қолайсыз экологиялық жағдай салдарынан халықтың денсаулығына елеулi зиян келтiрiлдi және табиғи экологиялық жүйенiң бұзылуы, өсiмдiк пен жануарлар дүниесiнiң азып-тозуы орын алды.
Қазiргi уақытта бұрынғы Семей полигонының маңындағы аудандарда (халық саны 71,9 мың адам 85 елдi мекен) халықтың онкологиялық ауруының және одан өлуiнiң, қан айналысы жүйесi ауруының, жаңа туылғандардың арасында дамуындағы кемiстiктердiң және ерте қартаюға әсер етудiң жоғары деңгейi байқалады.
Арал өңiрiндегi экологиялық апат аймағында (халық саны 186,3 мың адам 178 елдi мекен), әсiресе әйелдер мен балалар арасында асқазан-iшек аурулары мен анемия ауруларының, балалар өлiмiнiң және туа бiткен паталогияның жоғары деңгейi байқалады.
Проблемаларды шешудiң негiзгi бағыттары:
экологиялық апат аймағында тұратын халықтың әлеуметтiк-экономикалық және экологиялық жағдайларын кешендi талдау;
Арал өңiрi мен Семей өңiрi аумақтарын экологиялық бағалауды және ядролық жарылыстар мен өзге факторлардың халық денсаулығына және қоршаған ортаға әсерiнiң зардаптарын ескере отырып, сауықтыру-оңалту iс-шараларын әзiрлеу;
Экологиялық апат аймақтарындағы халықтың iшкi көшi-қоны және осы аймақтар аумақтарын шаруашылыққа пайдалану бағдарламаларын әзiрлеу.
Каспий теңізі қайраңының ресурстарын қарқынды игеру
Каспий теңiзi бассейнi мемлекеттерiнiң көмiрсутек ресурстарын кеңiнен игеруi теңiз және теңiз жағалауы экожүйелерiне терiс әсер етуiнiң ауқымын ұлғайтады.
Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторын игерудiң мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес 2005 жылдың аяғына дейiн теңiз экожүйесiне нұқсан келтiрмей мұнай өндiрудiң ықтимал шектi деңгейiн анықтау бойынша арнаулы зерттеулер жүргiзу, иесiз ұңғы мен басқа да тарихи ластайтындарды жою және алауларда iлеспе газды жағуды тоқтату көзделген.
Қазiргi уақытта Каспий теңiзiнiң коммерциялық ресурстарын пайдалану және Каспийдiң экожүйесiн қорғау алдағы уақыттағы iс-шараларға қатысты Каспий бойы елдерiнiң арасындағы өзара iс-қимыл жөнiндегi негiзгi бағыттар айқындалған Каспий теңiзiнiң теңiздегi қоршаған ортасын қорғау жөнiндегi негiздемелiк келiсiм мен Басым iс-қимылдардың өңiрлiк стратегиясының жобаларын қабылдау бойынша халықаралық деңгейде жұмыс жүргiзiлуде.
Қоршаған ортаның халықтың денсаулығына әсері
Адамның ауруларының көптеген түрлерi қоршаған ортадағы келеңсiз өзгерiстермен тiкелей немесе жанама түрде байланысты екенi анықталған, бiрақ халықтың науқастануының экологиялық факторлармен себеп-салдарлық байланыстарын анықтау мәселелерi жеткілiктi зерттелмеген күйде қалып отыр. Осыған байланысты медицина экологиясы саласында медицина-бағалау-мониторингтiк географиялық зерттеулердi жүргiзе отырып, жұмыстарды кеңейту қажет.
"Тарихи" ластанулар
"Тарихи" ластану көздерiне қазiргi уақытта иесiз қалған объектiлер: мұнай-газ ұңғылары, шахталар, кенiштер (оның iшiнде радиоактивтi қалдық бap), қалдық сақтағыштар мен сарқынды суларды жинақтағыштар жатады.
Бұл проблеманың кейбiр шешiмдерi iске асырылып отырған уран өндiру өндiрiсiнiң радиоактивтi қалдықтарын жою жөнiндегi бағдарламаны және иесiз мұнай мен гидрогеологиялық ұңғыларды жою жөнiндегi бюджеттiк бағдарламада анықталған.
"Тарихи" ластану барлық объектiлерiнiң қоршаған ортаға әсер етуiн бағалай отырып, оларды толық түгендеудi жүргiзу негiзiнде оларды жою жөнiндегi бағдарламалар әзiрлеу, сондай-ақ, тарихи ластанулардың пайда болуын болдырмайтын тетiктерiн (жою қорларын және т.б.) енгiзу көзделедi.
Шекара аралық сипаттағы экологиялық проблемалар
Шекара аралық экологиялық проблемаларға: суды болу, шекара аралық су объектiлерiнiң, атмосфералық ауаның және топырақтың ластануы, қауiптi қалдықтарды ауыстыру, шекара маңы пайдалы қазба кен орындарын өндiру, бiрегей табиғи кешендердi сақтау жатады.
Көрсетiлген проблемаларды шешу шекара мемлекеттерiнiң бiрлескен iс-қимылымен халықаралық шарттар шеңберiнде белгiленедi.
Әскери-ғарыштық кешен полигондарының әсерi
Қазiргi уақытта 4 әскери сынақ полигоны және "Байқоңыр" кешенi жұмыс iстейдi. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететiн жерге құлаған зымыран бөлшектерi, жоғары уытты отынның төгiлуi және басқа да факторлар қоршаған орта үшiн айрықша қауiптi.
Осыған байланысты, олардың қызметiнiң зардаптарын жою бойынша шаралардың кешенiн әзiрлей отырып, полигондар аумақтары экологиялық жай-күйiнiң мониторингi жөнiнде жұмыстар ұйымдастыру қажет.
2.3. Жергiлiктi экологиялық проблемалар
Ауа бассейнiнiң ластануы
Атмосфераның негiзгi ластануы түстi металлургия, жылу энергетикасы, қара металлургия, мұнай-газ кешенi кәсiпорындарының шығарындыларына байланысты. Бұл ретте, өндiрiс орталықтарындағы халықтың едәуiр бөлiгi өндiрiстiң зиянды шығарындыларының тiкелей әсер ету аймағында тұрады, мысалы, кәсiпорындардың 20%-дан астамының нормативтiк санитарлық-қорғау аймақтары жоқ. 10 қала ең ластанғандардың қатарына жатады, олардың 8-iнiң ауасының ластану деңгейi жоғары.
1993-2000 жылдары атмосфераға зиянды заттардың шығарылуы 5,1 млн. тоннадан 3,2 млн. тоннаға дейiн, негiзiнен өндiрiстiң құлдырауынан қысқартылды.
Соңғы жылдары экономиканың көтерiлуi жағдайының өзiнде шығарындыларды 3,2-3,4 млн. тонна деңгейiнде тұрақтандыруға қол жеткізілдi және 2010 жылға дейiн оларды жоспарлы төмендетуге кірiсу көзделуде.
Су ресурстарының сарқылуы және ластануы
Қазақстан су ресурстарының тапшылығы зор елдер санатына жатады. Қазiргi уақытта су объектiлерiн кен өндiру, металлургия және химия кәсiпорындары, қалалардың коммуналдық қызметтерi қарқынды түрде ластайды. Ертiс, Нұра, Сырдария, Iле өзендерi ең лас өзендер.
Республикада бар ресурстарды өзен ағындарын реттеу, ағындарды бассейнiшiлiк және өңiраралық қайта бөлу, жер асты және қайтымды суларды тиiмдi пайдалану, суды көп қажет ететiн өндiрiстердi шектеу, суды үнемдейтiн және су айналымы технологияларын енгiзу, сондай-ақ суды бөлу және суды пайдалану саласында суды пайдалану саласындағы өндiрiстен тыс ысырабын азайту бойынша iс-шаралардың есебiнен арттыру және олардың сапасын жақсартуға болады.
Радиоактивтi ластану
Қазақстанда алты iрi уран өндiретiн геологиялық провинциялар, көптеген ұсақ кен орындары мен уран байқалатын кенiштер бар, олар табиғи радиоактивтiк артып кету деңгейiне негiз болады.
Оларды азайту үшiн халықтың денсаулығына терiс әсерiн кеңiнен зерттеу жүргiзу және шектеу шараларының кешенiн қабылдау қажет.
Уран өндiрушi кәсiпорындар мен ядролық жарылыс жүргiзiлген жерлерде жинақталған қалдықтар қатер төндiредi. Мұндай объектiлерде қайта өңдеу бойынша iс-шаралар жүргiзу үшiн түгендеу және олардың қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсер етуiн бағалау жұмыстарды аяқтау қажет.
Елде 50 мыңнан астам iстен шыққан иондаушы сәулелердiң пайдаланылған көздерi жинақталған және 700-ден астам бақылаусыз көздер, оның iшiнде олармен жанасқан адамдар үшiн 13 көз анықталды. Оларды көму мен тасымалдау проблемасын шешу тиiстi қаржыландыруды талап етедi.
Өндiрiстiк және тұрмыстық қалдықтардың жинақталуы
Республикада 20 млрд. тоннадан астам өндiрiстiк және тұтыну қалдықтары, оның iшiнде 6,7 млрд. тонна улы қалдықтар жинақталған, бұл ретте олардың өсу үрдiсi байқалады. Өндiрiстiк қалдықтардың жинақталуының сандық көрсеткiштерiн тұрақтандыру және оларды "тарихи" санатқа аудару жағдайын мүлде жою қажет.
Қатты тұрмыстық қалдықтардың негiзгi массасы компоненттерге бөлiнбей ашық қоқыстарға шығарылады және жиналады, олардың 97%-ы табиғат қорғау заңнамасының талаптарына сай емес. Оларды орналастыру мен жайластыру қоршаған ортаға әсерiнiң жобасы жасалмай және бағаланбай жүзеге асырылады. Республикада тек қатты тұрмыстық қалдықтардың 5%-ы ғана кәдеге жаратылады және өртеледi.
Жергiлiктi атқарушы органдар қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша тиiстi қызметтер мен кәсiпорындар ұйымдастыру, оларды қайта өңдеу және кәдеге жаратудың қазiргi технологияларын енгiзу жөнiнде нақты шаралар қабылдауы қажет.
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар
1993 жылдан бастап Қазақстанда терiс экологиялық зардаптары бар 270-тен астам iрi төтенше жағдайлар тiркелдi, бұл ретте жалпы тiкелей материалдық нұқсан 370 млн. доллардан астамды құрады. Оларды болдырмау үшiн табиғи және техногендiк сипаттағы ықтимал төтенше жағдайлардың экологиялық қатерiн бағалау және болжау жүйесiн әзiрлеу, сондай-aқ олардың зардаптарын жою қажет.
Шекара аралық сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшiн шекара аралық мемлекеттермен бiрлескен iс-шараларды әзiрлеу және іске асыру көзделедi.
3. Экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудің
негізгi бағыттары
Экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттары экономиканы, заңнаманы және қоғамды экологияландыру болып табылады.
3.1. Экономиканы экологияландыру
Табиғаттың тұрақты пайдаланылуын қамтамасыз ету
Табиғатты пайдаланудың экологиялық қауiпсiздiгi өндiрiстiң табиғатқа тәуелдiлiгiн азайту және экономиканың зат пен энергия алмасудың биосфералық процестерiне ықпалын кемiту арқылы ресурстық-экологиялық тепе-теңдiктi сақтауды қамтиды.
Бұл ретте мынадай:
табиғаттың регенерациялық әлеуетiн арттыру;
ресурстарды үнемдейтiн технологияларды дамыту;
экологиялық жағынан лас өндiрiстердiң үлесiн кемiту;
әзiрленетiн барлық мемлекеттiк, өңiрлiк және салалық бағдарламаларға экологиялық шарттар мен талаптарды енгiзу шаралары қабылдануы тиiс.
Табиғатты пайдалануға жаңа экономикалық тетiктердi енгiзу
Табиғатты пайдаланушылардың табиғатты қорғау қызметiнiң тиімділігі қаржылай көтермелеудi жасау арқылы айқындалады. Табиғатты пайдаланудағы жаңа экономикалық тетiктер баға құрау жүйесiне экологиялық сипаттамаларды енгiзудi, табиғатты ақы төлеп пайдалану жүйесiн жетiлдiрудi және мiндеттi экологиялық сақтандыруды көздейдi.
Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылау жүйесiн жетiлдiру
Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылаудың тиiмдiлiгi оны жүзеге асыруда мемлекеттiк басқару мен мемлекеттiк органдар деңгейлерi арасында жіті ажыратумен айқындалады.
Мемлекеттiк бақылау жүйесiн одан әрi жетiлдiру:
шаруашылық қызметi экологиялық жағынан қауiптiге жататын объектiлерде өндiрiстiк бақылау мен мониторингтiң деңгейiн халықаралық стандарттар деңгейiне жеткізудi;
экологиялық аудиттi енгiзудi көздейдi.
Табиғатты пайдалану мен экологиялық сараптаманың рұқсат беру жүйесiн оңтайландыру
Әлемнiң дамыған елдерiнде қоршаған ортаны ластауға рұқсат беру жобалық құжаттамаға экологиялық сараптама жасаудың негiзiнде жүзеге асырылады, мұның өзi табиғатты пайдаланушылармен жүргiзiлетiн жұмыстың тиiмдiлiгiн арттырады.
Қазақстанда, қоршаған ортаға әсердi бағалаумен және экологиялық сараптамамен қатар, кәсiпорындар қоршаған ортаны ластауға жыл сайын рұқсат алуға тиiс. Қазiрдiң өзiнде 35 мыңнан асатын кәсiпорындар санының жыл сайын ұдайы арта түсуi құжаттаманы талдауға салғырт қарауға жағдай жасайды. Осыған байланысты халықаралық тәжiрибенi пайдалана отырып, табиғатты пайдаланушы қызметiнiң жобалық шарттарының өзгеруiн ескере отырып, рұқсаттардың қолданылуы мерзiмдерiн қайта қарау арқылы рұқсат беру жүйесiн оңтайландыру.
Экологиялық мониторинг жүйесiн жетiлдiру
Қазiргi заманғы бақылау желiсi қажеттi бақылау пункттерiнiң тек 20 пайызын ғана құрайды, ал өлшеу аппараттарымен жарақтандыру 40-тан 80 пайызға дейiн аралықты қамтиды. Ауыстыруды қажет ететiн техникалық құралдар паркінiң тозуы қажеттi ақпараттың көлемi мен сенiмдiлiгiнiң төмендеуiне әкеп соғуда.
Сонымен қатар, кәсiпорындардың көпшiлiгi қазiргi заманғы жабдықтармен және мәлiметтердi компьютерлiк өңдеу құралдарымен жарақтандырылған өздерiнiң өндiрiстiк мониторинг жүйелерiн құруда. Сондай-ақ қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйiн бақылайтын көптеген ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар, орталықтардың едәуiр саны жұмыс iстеуде.
Әлемдiк практикада мемлекеттiк мониторинг жүйесiн дамытуда ғылыми және өндiрiстiк мекемелердiң тәжiрибелерi мен мүмкiндiктерi кеңiнен пайдаланылуда. Осыны ескере отырып, Қазақстанда геоақпараттық жүйелердiң (ГАЖ) негiзiнде Бiрыңғай мониторинг жүйесiн құрып, онда мониторингтiң барлық кәсiпорындары мен мекемелерiн, сондай-ақ өндiрiстiк мониторинг жүйелерiн қамту қажет.
Бұдан басқа мынадай:
экологиялық ақпарат қорын құру;
мониторинг жүйелерiнiң материалдық-техникалық базасын жаңғырту;
барлық мүдделi мемлекеттiк органдардың бақылау, экономиканың салалары үшiн талдау жасау және шешiмдер қабылдау жүйесiндегi өзара iс-қимылын ұйымдастыру мiндеттерiн шешу қажет.
3.2. Заңнаманы экологияландыру
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы жетiлдiру
Заңнаманы экологияландыру және табиғи ресурстарды пайдалану заңнаманы жүйелеуге әрi жетiлдiруге қоршаған орта саласындағы экологиялық қауiпсiздiктi әзiрлеу мүмкiндiгiне бағытталған және ол:
Экологиялық кодекстi әзiрлеу мүмкiндiгiн; Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi заңдарын Еуропа Одағының заңнамасымен және халықаралық құқық нормаларымен жақындастыруды;
экологиялық нормалау жүйесiн қайта қарауды;
Қазақстанның негiзгi табиғат қорғау келiсiмдерiне қосылуын көздейдi.
Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту
Қазақстанның әлемдiк қоғамдастықта неғұрлым кеңiнен таныла түсуi орнықты даму қағидаттарына негiзделген прогрессивтi ынтымақтастық пен әріптестік саясатын айқындауды талап етедi.
Осы саясаттың негiзгi бағыттары:
халықаралық келiсiмдердiң ережелерiн практикада iске асыруды;
қоршаған табиғи ортаның жай-күйiнiң сапасын бағалау бақылау мен оны бағалаудың жалпы көзқарасын, әдiстемелерiн, өлшемдерi мен рәсiмдерiн әзiрлеудi;
үйлестiрiлген iргелi және қолданбалы экологиялық зерттеулер жүргізуді;
экологиялық қауiпсiздiк проблемаларын шешуде халықаралық тәжiрибенi пайдалануды;
халықаралық ұйымдар қаражатын қоршаған ортаны қорғау және елдiң орнықты дамуы саласындағы нақты бағдарламалар мен жобалардың шешілуiне тартуды жандандыру.
3.3. Қоғамды экологияландыру
Экологиялық бiлiм беру
Қоғамның экологиялық мәдениетiн қалыптастырудың негiзi ретінде экологиялық білiм берудi дамыту үшiн:
үздiксiз экологиялық бiлiм беру жүйесiн қалыптастыру;
бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнде экология мен орнықты даму мәселелерiн енгiзу;
экология саласында мамандарды даярлау, қайта даярлау және кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру;
экологиялық бiлiм берудi мемлекеттiк қолдау қажет.
Экологиялық қауiпсiздiктi ғылыми қамтамасыз ету
Экологиялық қауiпсiздiктi ғылыми қамтамасыз ету орнықты дамуға көшудiң теориялық және технологиялық негiздерiн қалыптастыруды көздейдi әрi iргелi және қолданбалы ғылыми-зерттеулердiң мынадай кешенiн қамтиды:
табиғи жүйелердiң экологиялық сыйымдылығын және олардың орнықтылық шегiн белгiлеудi;
экологиялық таза және ресурстарды үнемдейтiн технологияларды, өндiрiстердi, шикізат түрлерiн, материалдарды, өнiмдер мен жабдықтарды, соның iшiнде ауыл шаруашылығында әзiрлеудi;
биологиялық әркелкiлiктi сақтау проблемаларын зерделеудi;
климаттың жаһан және өңiрлiк ықтимал өзгерiстерiн және оның табиғи орта үшiн салдарларын зерттеудi;
экологиялық қатарларды айқындаудың ғылыми негiздерiн әзiрлеудi;
ластанудың алдын алу мен жоюдың, қоршаған ортаны қалпына келтiрудiң және қауiптi қалдықтарды кәдеге жаратудың құралдары мен әдiстерiн әзiрлеудi;
адамдардың ауруы мен қоршаған орта сапасының өзгеруi арасындағы байланысты зерттеудi;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы жинақталған бiлiмдi жүйелеудi және ғылыми зерттеулердi үйлестiрудi.
Экологиялық насихат және жұртшылықтың қатысуы
Халық арасында экологиялық ақпаратты таратудың экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерiн шешуде зор ағартушылық-насихаттық маңызы бар.
Бұл жұмысқа орталық, облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдары таратылуда.
Сонымен қатар, ұсынылған материалдардың сапасын, жеделдiгi мен өзектiлiгiн арттыру жөнiнде шаралар қабылдау қажет. Мемлекеттiк органдар бұқаралық ақпарат құралдарында олар бойынша ресми материалдарды жариялап көкейкестi экологиялық проблемаларды жария етуге тиiс.
Экологиялық проблемаларды шешуде барлық мүдделi азаматтардың қатысуының тиiмділiгiн ескере отырып, мемлекеттiк органдар олардың экологиялық ақпаратқа қол жеткiзуiне қоршаған ортаны қорғау саласында шешiмдер қабылдауға және сотқа жүгiнуiн қамтамасыз ету тиiс.
Экологиялық насихат пен ағартуда салауатты тұрмыс салтының табиғатпен, экологиялық туризмдi дамытумен үйлесiмдi насихаттау ерекше роль атқаруы қажет.
Үкіметтiк емес ұйымдардың экологиялық әлеуетiн қоғамдық бақылауды жандандыру, қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзу, қоршаған ортаның сапасын жақсарту мәселелерi бойынша қоғамдық пікірді қалыптастыруға қатысу арқылы экологиялық проблемаларды шешуге бағыттау қажет.
Экологиялық статистика
Экологиялық статистика стратегиялық және индикативтiк жоспарлардың, мемлекеттiк бағдарламалар мен басқа бағдарламалық құжаттардың орындалу барысын бақылауды жүзеге асыруға, Қазақстанның даму деңгейiн, оның әлемдiк қоғамдастықтағы орнын белгiлеуге мемлекеттiк органдар мен жұртшылық қызметiнiң басым бағыттарын баса көрсетуге жәрдемдеседi.
Алайда, көрсеткiштердi қалыптастырудағы жүйелi негiздiң болмауы және олардың аз болуы қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың жай-күйiнiң өзгеру серпiнiн шынайы бағалауға мүмкiндiк бермейдi.
Осыған байланысты, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласында ғылыми негiзделген индикаторлар мен көрсеткiштер жүйесiн қалыптастыру қажет.
4. Экологиялық қауiпсiздiк тұжырымдамасын iске асыру
Осы құжаттың ережелерiн iске асыру республикалық деңгейде iс-шаралар жоспарларын әзiрлеудi, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және табиғатты ұтымды пайдалану саласында мемлекеттiк қолдау және реттеу шараларын әзiрлеудi және iске асыруды көздейдi. Осы құжаттың қоғам мен мемлекет қызметiнiң жекелеген салаларына және экология саласында мемлекеттiк саясатты жүргiзу ерекшелiктерiне қатысты ережелерiн нақтылау Қазақстан Республикасының мемлекеттiк, өңiрлiк және салалық бағдарламаларын әзiрлеу кезiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
Экологиялық қауiпсiздiк тұжырымдамасы қоршаған ортаны орнықты дамыту және қорғау саласындағы жаңа бағдарламалық құжаттар үшiн негiз болып табылады.