"Қазақстан Республикасының кейбiр заң актілерiне аралық сот қызметiнiң мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 тамыздағы N 884 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне аралық сот қызметiнiң мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
"Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне
аралық сот қызметiнің мәселелерi бойынша өзгерiстер
мен толықтырулар енгiзу туралы"

      Қазақстан Республикасының мынадай заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1. "Сот сараптамасы туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 12 қарашадағы Заңында (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 21, 276-құжат; 2000 ж., N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 21-22, 281-құжат):
      1-баптың үшiншi абзацында "әкiмшiлiк процестiң" деген сөздерден кейiн "не аралық талқылаудың" деген сөздермен толықтырылсын.
      2. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қылмыстық iс жүргiзу кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 23, 335-құжат; 1998 ж., N 23, 416-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 8, 53-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 17-18, 245-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 32-33-құжаттар; N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат):
      82-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) аралық судьяның мiндеттерiн атқаруға байланысты оған белгiлi болған жағдайлар туралы - аралық судья;".
      3. "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 маусымдағы Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., N 13, 195-құжат; N 24, 436-құжат; 1999 ж., N 23, 922-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 6, 142-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 10, 49-құжат; N 11, 66-құжат):
      5-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) аралық соттар шешiмiнiң негiзiнде берiлетiн атқару парақтары;";
      7-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) аралық соттар шешiмiнiң негiзiнде берiлетiн атқару парақтары;";
      7-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "шешiм күшiне енген күннен кейiн - аралық соттар шешiмiнiң негiзiнде берілген атқару парақтарын атқару кезiнде".
      4. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шiлдедегi Азаматтық iс жүргiзу кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 18, 644-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 10, 244-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 21-22, 281-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат):
      1) 79-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "3-1) аралық судьяның мiндеттерiн атқаруға байланысты оған белгілi болған жағдайлар туралы - аралық судья;";
      2) 154-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
      "8) өтiнiш жасаған кезде, аралық сотта аралық келiсiмге сәйкес сол тараптардың арасында, сол зат туралы және сол негiздемелер бойынша дау қаралса,";
      3) 170-бап мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "3-1) тараптардың арасында осы дауды аралық соттың шешуiне беру туралы келiсiмнiң бар-жоғын және жауапкерде осыған байланысты сотта дауды шешуге қарсылықтың бар-жоғын анықтайды;";
      4) мынадай мазмұндағы 18-1-тараумен, 241-1, 241-2 және 241-3-баптармен толықтырылсын:
      "18-1-тарау. Аралық сот шешiмiн орындау
      241-1-бап. Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындау
      1. Егер аралық соттың шешiмi өз еркiмен онда белгiленген мерзiмде орындалмаған жағдайда, аралық соттың шешiмi пайдасына шығарылған тарап (өндiрiп алушы) осы бапта көзделген ережелер бойынша аралық соттың шешiмi мәжбүрлеп орындау туралы арызбен аралық сот дауды қарайтын жердегi сотқа жүгiнуге құқылы.
      2. Атқару парағын беру туралы арызға мыналар қоса берiледi:
      1) аралық сот шешiмiнiң түпнұсқасы немесе көшiрмесi. Тұрақты жұмыс iстейтін аралық сот шешiмiнің көшiрмесiн осы аралық соттың төрағасы куәландырады, нақты дауды шешуге арналған аралық сот шешiмінiң көшiрмесi нотариаттық куәландырылуға тиiс;
      2) заңмен белгiленген тәртiппен жасалған аралық келiсiмнiң түпнұсқасы немесе нотариаттық куәландырылған көшiрмесi;
      3. Атқару парағын беру туралы арыз аралық соттың шешiмiн өз еркiмен орындау үшiн мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешiктiрiлмей берiлуi мүмкiн.
      4. Белгiленген мерзiмi өтiп берiлген не қажеттi құжаттар қоса берiлмеген арызды сот қараусыз қайтарады, бұл туралы осы Кодексте белгiленген тәртіппен шағымдануы мүмкiн ұйғарым шығарылады.
      5. Егер көрсетiлген мерзiм өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, сот атқару парағын беру туралы арызды беру мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы.
      6. Атқару парағын беру туралы арызды құзыреттi соттың судьясы жеке-дара құзыреттi сотқа арыз түскен сәттен бастап он бес күн iшiнде қарайды.
      7. Өндiрiп алушыдан түскен арыз туралы, сондай-ақ сот оны сот мәжiлiсiнде қаpaу орны мен уақыты туралы борышкерге хабарлайды. Өндiрiп алушы да оның арызын қарау орны мен уақыты туралы хабардар етіледі. Сот мәжiлiсiне борышкердің немесе өндiрiп алушының келмеуі, егер борышкерден сот мәжiлісiне келмеу мүмкiндiгiнің дәлелдi себептерi көрсетiлiп арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспесе, арыздың қаралуына кедергi болып табылмайды.
      8. Құзыреттi сот аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға атқару парағын беру туралы арызды қарау кезiнде аралық соттың шешiмiн мәнi бойынша қайта қарауға құқығы жоқ.
      9. Сот арызды қарау нәтижелерi бойынша атқару парағын беру не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
      Атқару парағын беру туралы құзыреттi соттың ұйғарымы тез арада орындауға жатады.
      241-2-бап. Атқару парағын беру
      1. Сот аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға атқару парағын беру туралы ұйғарым шығарған кезде атқару парағы осы Кодекстiң 236-бабының ережелерi бойынша берiледi.
      2. Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға атқару парағын беру туралы арыз бойынша шығарылған құзыреттi соттың ұйғарымы сот актiлерiне шағым беру үшiн осы Кодексте көзделген тәртiппен шағым берiлуi мүмкiн.".
      241-3-бап. Атқару парағын беруден бас тарту
      Құзыреттi сот мынадай жағдайларда:
      егер:
      1) оған қарсы аралық сот шешiмi қабылданған тарап құзыреттi сотқа:
      аралық келiсiм жарамсыз болып табылатынын:
      аралық сот шешiмi аралық келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша қабылданғанын немесе аралық келiсiмнің шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi, сондай-ақ аралық сотқа ведомстволық бағынысты емес даудың салдарынан, қаулылардан тұратынын. Егер аралық келiсiммен қамтылатын мәселелер жөнiндегi аралық сот қаулылары осындай келiсiммен қамтылмайтын мәселелерден ажыратылса, онда атқару парағын беруде аралық келiсiммен қамтылатын мәселелер жөнiндегі қаулылардан тұратын аралық сот шешiмiнiң сондай бөлiгiн орындауға атқару парағын беруге бас тартылмайтынын;
      аралық сот құрамы немесе аралық талқылау Қазақстан Республикасының аралық талқылау туралы заңдарының талаптарына сәйкес келмейтінiн;
      оған қарсы аралық сот шешiмi қабылданған тарап аралық соттың сайлануы (тағайындалуы) туралы немесе аралық сот отырысының уақыты мен орны туралы не басқа да себептермен аралық сотқа өзiнiң түсiндiрулерiн көрсете алмайтынын;
      аралық келiсiм жасауда тараптардың бiрi толығымен немесе iшiнара iс-әрекетке қабiлетсiз болатынын;
      сол тараптардың арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша шығарылған құзыреттi соттың немесе аралық соттың заңды күшiне енген шешiмi не талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша сот iсiн жүргiзудi тоқтату туралы соттың немесе аралық соттың ұйғарымы болатынын;
      соттың шешiм шығаруы сот үкiмiмен анықталған қылмысты жасау нәтижесiнде мүмкiн болатынын дәлелдесе;
      2) құзыреттi сот мыналарды:
      дау Қазақстан Республикасының заңдарына немесе осы дау бойынша тараптарды аралық келiсiм бағындырған басқа құқыққа сәйкес аралық талқылаудың мәнi бола алмайтынын;
      аралық сот шешiмi Қазақстан Республикасының заңдылық қағидаты мен жариялылық тәртiбiне қайшы келетінiн анықтаса, атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.".
      5) мынадай мазмұндағы 39-1-тараумен және 331-1, 331-2-баптармен толықтырылсын:
      "39-1-тарау. Аралық соттардың шешiмдерiне шағым беру туралы iстер бойынша iс жүргiзу".
      331-1-бап. Арыз беру
      Аралық соттың шешiмiне шағым беру туралы арызды аралық талқылау тараптары, iске қатысуға тартылмаған, бiрақ олардың құқықтары мен мiндеттерiне қатысты сот заңда көзделген негiздемелер бойынша шешiм қабылдаған үшiншi тұлғалар, тараптың шағым беру үшiн негiздемелер барын бiлген кезiнен бастап, отыз күн iшiнде осы тарауда көзделген ережелерге сәйкес аралық сот даудың қараған орнындағы сотқа бере алады.
      331-2-бап. Арызды қарау
      1. Аралық сот шешiмiне шағым беру туралы арызды сот iс қозғалған сәттен бастап он күн iшiнде қарайды.
      2. Сот аралық сот шешiмiне шағым беру туралы арызды қарау нәтижелерi бойынша аралық сот шешiмiнiң күшiн жою туралы не арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығара алады. Сот ұйғарымына мүдделi тұлғалар шағым бepуі мүмкiн.".
      5. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 5-6, 24-құжат; N 17-18, 241-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 33-құжат; N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 1-2, 3-құжат; N 4, 25-құжат; N 5, 30-құжат; N 11, 56-құжат):
      594-баптың 1-тармағы "Егер заңмен өзгеше көзделмесе," деген сөздермен толықтырылсын.
      6. "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" (Салық кодексi) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 12 маусымдағы кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 11-12, 168-құжат; 2002 ж., N 6, 73, 75-құжаттар; 19-20, 171-құжат; 2003 ж., N 1-2, 6-құжат; N 4, 25-құжат; N 11, 56-құжат):
      495-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы "сондай-ақ" деген сөзден кейiн "аралық соттардың" деген сөздермен толықтырылсын;
      496-баптың 1-тармағының 10) тармақшасы "сондай-ақ" деген сөзден кейiн "аралық соттардың" деген сөздермен толықтырылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады