Борышкер-ауыл шаруашылығы ұйымының конкурстық массасын сатудың кейбiр мәселелерi

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 2 қазандағы N 1016 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 қыркүйектегі N 840 Қаулысымен

       Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.09.11  N 840  (қолданысқа енгізілу тәртібін  3-тармақтан  қараңыз) Қаулысымен.

      "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 21 қаңтардағы  Заңын  іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Борышкер-ауыл шаруашылығы ұйымының конкурстық массасын сату жөнiнде аукцион өткiзу ережесi бекiтiлсiн.

      2. "Банкроттық рәсiмдерiн ауыл шаруашылығы ұйымдары үшiн қолданудың ерекшелiктерi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 22 желтоқсандағы N 1816  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., N 57, 514-құжат) мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Банкроттық рәсiмдерiн ауыл шаруашылығы ұйымдары үшiн қолданудың ерекшелiктерi туралы ережеде:
      мәтiн бойынша "Әкiмгер", "әкiмгер" деген сөздер алынып тасталсын;
      5-тармақта:
      екiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "ауыл шаруашылығы ұйымы - жердi пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiретiн; егер бұл өнiмдi, оның iшiнде қайта өңделген өнiмдi сатудан алынатын кiрiс жылдық кiрiстiң жалпы сомасының елу пайызынан астамын құрайтын болса, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы (оның ішiнде төл өсiруден бастап толық циклы бар асыл тұқымды), ара шаруашылығы өнiмiн өндiретiн ұйым;";
      төртiншi абзац алынып тасталсын;
      10-тармақта "Жep туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығының 27-бабының 1-тармағына сәйкес" деген сөздер "Қазақстан Республикасының Жер кодексі 63-бабының 1-тармағына сәйкес" деген сөздермен ауыстырылсын;
      VІ "Банкрот ауыл шаруашылығы ұйымының конкурстық массасын бірыңғай лотпен сату" деген тараудың 23, 24, 25, 26, 27, 28, 29,  30-тармақтары алынып тасталсын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Yкіметінің        
2003 жылғы 2 қазандағы  
N 1016 қаулысымен    
бекiтiлген        

  Борышкер-ауыл шаруашылығы ұйымының конкурстық
массасын сату жөнiнде аукцион өткiзу ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Борышкер-ауыл шаруашылығы ұйымының конкурстық массасын сату жөнiнде аукцион өткiзу ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексiне  (Жалпы бөлiм), Қазақстан Республикасының Жер  кодексiне , "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес әзiрлендi.

      2. Борышкер-ауыл шаруашылығы ұйымы мүлкiнiң құрамына жеке меншiктегi ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды, мүкәммалды, шикiзатты, өнiмдi, жер участкесiн, сондай-ақ тұрақты және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығын және ұйымның өзге де активтерiн (бұдан әрi - мүлiк (активтер) қоса алғанда, негiзгi құралдар кiредi.

      3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      таратылатын ауыл шаруашылығы ұйымы - оның банкрот деп танылуына байланысты тарату процесiндегi, жердi пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiретiн; егер бұл өнiмдi, қайта өңделген өнiмдi сатудан алынатын кiрiс жылдық кiрiстiң жалпы сомасының елу пайызынан астамын құрайтын болса, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы (оның iшiнде төл өсiруден бастап толық циклы бар асыл тұқымды), ара шаруашылығы өнiмiн өндiретiн ұйым (бұдан әрi - борышкер);
      уәкiлеттi орган - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкiмдiгi анықтайтын жергіліктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;
      сатушы - конкурстық басқарушы;
      аукционға қатысушы - аукционға қатысу үшiн белгiленген тәртiппен тiркелген заңды немесе жеке тұлға;
      жеңiмпаз - сауда-саттықта лот үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынған қатысушы;
      сатып алушы - сатушымен сатып алу-сату шартын жасаған жеңiмпаз;
      сауда-саттықтың ағылшындық әдiсi - бастапқы баға ең жоғары бағаны ұсынған бiр қатысушы қалған сәтке дейiн ертерек жарияланған қадаммен көтерiлетiн сауда-саттық әдiсi;
      сауда-саттықтың голландтық әдiсi - онда бастапқы баға қатысушылардың бiрi жарияланған баға бойынша лотты сатып алуға келiскен сәтке дейiн жарияланған қадаммен төмендетiлетiн сауда-саттық әдiсi;
      лот - сату үшiн бөлiнбейтiн бiрлiктерге бөлiнген аукционға қойылатын мүлiк (активтер);
      бiрыңғай лоттың бастапқы бағасы - сауда-саттық басталатын баға;
      сату бағасы - сауда-саттықтың нәтижесiнде белгiленген лоттың түпкiлiктi бағасы;
      сауда-саттықты ұйымдастырушы (аукционшы) - сауда-саттық өткiзу жөнiнде қызметтер көрсету туралы конкурстық басқарушымен шарт жасасқан және оның нәтижелерiне мүдделi емес заңды немесе жеке тұлға.

  2. Борышкердiң мүлкiн (активтерiн) сату
алдындағы дайындауды жүргiзу тәртiбi

      4. Борышкердiң мүлкiн (активтерiн) сату жөнiндегi аукционды өткiзуге дайындық мынадай тәртiппен жүзеге асырылады:
      1) мүлiктiң (активтердiң) құнын бағалау және бастапқы бағасын белгiлеу;
      2) мүлiктiң (активтердiң) сату жоспарын (бұдан әрi - сату жоспары) әзiрлеу, келiсу және бекiту;
      3) кепiлдiк жарнаның мөлшерiн және оны енгiзу тәртiбiн анықтау;
      4) аукционды өткiзу күнiн белгiлеу;
      5) аукционды өткiзу туралы ақпараттық хабарламаны жариялау;
      6) кепiлдiк жарналарды қабылдау;
      7) аукционға қатысушыларды тiркеу.

      5. Конкурстық басқарушы конкурстық негiзде тиiстi мамандарды тарта отырып, мүлiктердi (активтердi) түгендеу мен бағалауды жүргiзедi. Мүлiктi (активтердi) бағалау заңнама талаптарына сәйкес жүргiзiледi. Түгендеу мен бағалауды жүргiзу жөнiндегi шығыстар конкурстық iс жүргiзудiң әкiмшiлiк шығыстарына енгiзiледi.

      6. Конкурстық басқарушы:
      уәкiлеттi органмен келiсiлген мүлiктi (активтердi) сату жоспарын әзiрлейдi және кредит берушiлердiң комитетiне бекiтуге ұсынады;
      ықтимал сатып алушылардың ең көп санын тарту жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      конкурстық iс жүргiзудiң бiрiншi кезектегi шығыстары сметасының шегiнде қалдық құнынан төмен емес бағамен өндiрiстiк циклге енбеген мүлiктi сату жөнiндегi ұсынысты сату жоспарын бекiткенге дейiн кредит берушiлер комитетiмен және уәкiлеттi органмен келiседi;
      кепiлдiк жарналарды қабылдауды және қайтаруды жүзеге асырады;
      мүлікті (активтердi) сату жөнінде сауда-саттық өткiзудi ұйымдастырады;
      сауда-саттық өткiзудiң барысына бақылауды жүзеге асырады;
      сауда-саттықтың жеңiмпазымен сатып алу-сату шартын жасасады және оның орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

      7. Конкурстық басқарушы сауда-саттықты өткiзу үшiн шарттық негiзде сауда-саттықтың нәтижесiне мүдделi емес кез келген заңды немесе жеке тұлға - сауда-саттықты ұйымдастырушыны (аукционшыны) тартады.

      8. Мүлiктiң (активтердiң) сақталуына олар сатылғанға дейін конкурстық басқарушы жауап бередi.

      9. Сату жоспары:
      сатуға қойылған мүлiк (активтер) туралы ұсыныстарды;
      лот (лоттар) туралы мәлiметтердi;
      аукционға қойылатын лоттың (лоттардың) бастапқы бағасы және аукционды өткiзу әдiстерi туралы ұсыныстарды;
      қызметтiң негiзгi түрi мiндеттi сақтала отырып, борышкердiң мүлкiн (активтерін) бірыңғай лотпен аукционға бастапқы қоюдың қосымша шартын қамтуы тиiс.
      Егер мүлiктер (активтер) бөліктеп төлеумен сатылса, бастапқы жарнаның мөлшерi сату құнының отыз пайызынан кем болмауы керек, ал бөлiп төлеу мерзiмi үш айдан аспауы тиiс.

      10. Ағылшындық әдiс кезiнде бастапқы баға барлық кезектегi кредит берушiлердiң талап сомасынан төмен болмауы тиiс. Голландтық әдiс кезiнде бастапқы баға бағалау актiсiн ескере отырып анықталады.

      11. Аукционға қатысу үшiн кепiлдiк жарна лоттың бастапқы бағасының бiрден он бес пайызына дейiнгi шекте белгiленедi.

      12. Кепiлдiк жарна аукционға қатысушының мынадай мiндеттемелерiн қамтамасыз ету болып табылады:
      1) сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға қол қою;
      2) сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға сәйкес мүлiктi (активтердi) сатып алу-сату шартын жасасу;
      3) мүлiктi (активтердi) сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелердi тиiстi түрде орындау.

      13. Кепiлдiк жарна ақпараттық хабарламада көрсетiлген тәртiппен конкурстық iс жүргiзу деректемелерi бойынша енгiзiледi. Кепiлдiк жарнаның мөлшерi ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейiн өзгертiле алмайды. Кепiлдiк жарнаны қатысушының атынан үшiншi тұлға енгiзе алады. Кепiлдiк жарнаны алушы конкурстық басқарушы болып табылады.

      14. Сауда-саттықта жеңiп шыққан және мүлiктi (активтердi) сатып алу-сату шартын жасасқан қатысушының кепiлдiк жарнасы сату бағасының шотына есептеледi.

      15. Кепiлдiк жарна:
      1) аукционға қатысушыға - егер аукционды өткiзгенге дейiн үш күннен аз уақытта оған қатысудан бас тартқан жағдайда;
      2) жеңімпазға - егер ол сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға қол қоюдан не мүлікті (активтердi) сатып алу-сату шартын жасасудан бас тартқан жағдайда қайтарылмайды.
      Бұл ретте қайтарылмаған кепiлдiк жарна сомасы конкурстық iс жүргiзу шотына есептеледi.
      Аукционға қатысқан, бiрақ онда ештеңе сатып алмаған тұлғаларға төленген кепiлдiк жарналар сомасы аукцион өткен күннен бастап он банктiк күннен кешiктiрмейтiн мерзiмде қайтарылады.

      16. Мүлікті (активтерді) сату жөнінде аукцион өткізу туралы ақпараттық хабарлама ол өткiзiлгенге дейiн он бес күн бұрын мемлекеттiк және/немесе орыс тiлдерiнде заңнамада белгiленген тәртiппен ресми жариялау құқығын алған жергiлiктi мерзiмдi басылымдарда жарияланады.

      17. Ақпараттық хабарлама:
      1) аукционды өткізу күнiн, орнын және уақытын;
      2) лоттың қысқаша сипаттамасын;
      3) аукционды өткізу шарттары мен жеңімпазды таңдау өлшемдерін;
      4) кепiлдiк жарна мөлшерін және конкурстық іс жүргізудің банктік деректемелерiн;
      5) аукционға қатысу үшін қажетті құжаттардың тізбесін;
      6) өтініштердi қабылдау мекен-жайын, мерзiмiнiң басталу және аяқталу күнi мен уақытын;
      7) конкурстық басқарушының телефондары мен орналасқан жерін;
      8) конкурстық басқарушының қалауы бойынша қосымша ақпаратты қамтуы тиiс.

      18. Ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейiн конкурстық басқарушы барлық қалаушылардың лот және аукцион өткiзу шарттары туралы ақпаратқа еркiн қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.

      19. Аукционға қатысушыларды тiркеу ақпараттық хабарламаны жариялаған күннен бастап жүргiзiледi және аукцион өткiзiлгенге дейiн жиырма төрт сағат бұрын аяқталады.

      20. Аукционға қатысушы ретiнде тiркелу үшiн:
      1) аукционға қатысуға арналған өтінімді;
      2) оны жеңiмпаз деп жариялаған жағдайда, қатысушының сауда-саттық нәтижелерiне сәйкес мүлікті (активтерді) сатып алу-сату шартын жасасуға жазбаша мiндеттемесiн;
      3) кепілдік жарна енгiзудi растайтын төлем құжатының түпнұсқасын;
      4) өкілдері қатысқан кезде - олардың өкiлеттiгiн куәландыратын құжатты ұсынуы қажет.

      21. Аукционға қатысуға осы Ережеде анықталған тәртiппен тiркеуден өткен Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына, сондай-ақ заңнамалық кесiмдерде көзделген жағдайларда, шетелдiк заңды және жеке тұлғаларға рұқсат берiледi.

      22. Аукционға қатысуға борышкердiң лауазымды тұлғаларына, сондай-ақ оларға үлестес тұлғаларға рұқсат етiлмейдi.

  3. Борышкердiң мүлкiн (активтерiн) сату

      23. Мүлiктi (активтердi) сату сауда-саттықта сату жоспарына (ағылшындық не голландтық әдiс бойынша аукцион) сәйкес жариялылық, ашықтық және қол жетiмдiлiк қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылады.

      24. Егер сауда-саттыққа қатысушылардың саны кемiнде екеу болған жағдайда ғана лот бойынша сауда-саттық өткiзiлдi деп саналады.
      Егер аукцион өткен жоқ деп танылса не оның ешбiр қатысушысы бiрыңғай лот сатып алмаса, оны одан әрi сату уәкiлеттi органмен және кредиторлардың комитетiмен келiсiм бойынша жекелеген лоттар бойынша жүзеге асырылады.

      25. Аукциондар оларды өткiзу туралы көпшiлiкке жарияланған күннен бастап кемiнде он бес күнтiзбелiк күн өткеннен кейiн жүргiзiлуi тиiс.

      26. Аукцион қатысушылары кепiлдiк жарналардың кез келген санын енгiзуге құқылы, бұл ретте бiр кепiлдiк жарна бiр лотты сатып алуға құқық бередi.

      27. Тiркеуден өткен тұлға аукцион күнi аукцион нөмiрiне ауыстырылатын қатысушының билетiн алады. Аукцион нөмiрiн аукцион процесiнде басқа тұлғаның пайдалануына жол берiлмейдi.

      28. Аукцион оны өткiзу шарттарын хабарлаудан басталады. Аукционға қатысушылар немесе қатысушы тұлғалар оны өткiзу ережелерiн бұзған жағдайда, оларды аукционшы аукцион өткiзiлiп жатқан орыннан шығарып жiберуi мүмкiн.

      29. Әрбiр лот бойынша аукцион аукционға қойылатын мүлiктiң (активтердiң) қысқаша сипаттамасын, сауда-саттықты өткiзу әдiсiн, бастапқы бағасын және бағаның өзгеру қадамын хабарлаудан басталады. Аукционшы сауда-саттық процесiнде қадамын ауыстыра алады, бұл туралы хабарлайды. Аукцион өткiзу кезiнде ағымдағы лоттың бағасының 5-тен 10%-ына дейiнгi шекте белгiленетiн қадамның алдын ала хабарланған өсуiне (өзгеруiне) жол берiледi.

      30. Аукцион төменде сипатталған екi әдiстiң бiрiмен жүргiзiледi:
      1) аукционшы лоттың бастапқы бағасын және бағаның өсу қадамын хабарлайды. Сауда-саттыққа қатысушы нөмiрдi көтере отырып, бастапқы бағаны өсiредi, бiрақ хабарланған қадамнан кем болмайды. Аукционшы лот бойынша сауда-саттыққа қатысушының аукцион нөмiрiн хабарлайды, бағасын бекiтедi және оны өсiрудi ұсынады. Лот бойынша сауда-саттық ең жоғарғы ұсынылған бағаға дейiн жүредi. Лотқа неғұрлым жоғары баға ұсынған қатысушыны аукционшы хабарлайды. Аукционшы лоттың соңғы бағасын үш рет қайталайды, бұл ретте лоттың соңғы бағасын әрбiр қайталағаннан кейiн кемiнде он секунд өтуi тиiс және басқа көтерiлген нөмiрлер болмаған кезде балғаны ұрып, осы лоттың сатылуы туралы хабарлайды (сауда-саттықтың ағылшындық әдiсi);
      2) аукционшы лоттың бастапқы бағасын хабарлайды және жаңа бағасын хабарлай отырып, мәлiмделген қадаммен оны төмендетедi. Аукционшы хабарланған баға кезiнде аукцион нөмiрiн бiрiншi көтерген қатысушының нөмiрiн айтады және балғаны ұрып, осы лот бойынша оның жеңiмпаз болғанын хабарлайды. Егер аукционшы лоттың ең кiшi бағасын хабарлаған кезде қатысушылардың бiрде-бiрi осы лотты сатып алуға талап бiлдiрмесе, онда лот сауда-саттықтан алынып тасталады (сауда-саттықтың голландтық әдiсi). Егер екi немесе одан да көп нөмiр бiр уақытта көтерiлген жағдайда, кiм жеңiмпаз болатыны туралы шешiмдi аукционшы мынадай тәртiппен қабылдайды: аукционшы қатысушыларға бағасын көтерудi ұсынады және ең жоғарғы бағаны ұсынған қатысушы жеңiмпаз болады.

      31. Әрбiр сатылған лот бойынша сауда-саттықтың нәтижелерi әрбiр лот бойынша сауда-саттықтың аяғында сатушы, аукционшы, жеңiмпаз және қатысушылар қол қоятын сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамамен ресiмделедi. Аукционшы хаттамаға қол қою үшiн үзiлiс жариялануы мүмкiн. Хаттамаға қол қоймаған сауда-саттыққа қатысушы өзiнiң нәтижелермен келiспейтiндiгiн негiздейдi.

      32. Сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттама сауда-саттықтың нәтижелерiн және жеңiмпаз бен сатушының сату бағасы бойынша мүлiктi (активтердi) сатып алу-сату шартын жасасуға мiндеттемелерiн тiркейтiн құжат болып табылады. Жеңiмпаз хаттамаға қол қойылған күннен бастап он жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде сатып алу-сату шартын жасайды.

      33. Мүлiктi (активтердi) сатып алу-сату шарты сатушы мен сатып алушы арасында жазбаша нысанда жасалады және шартты жасасу негiздемесi ретiнде сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға сiлтеменi қамтуы тиiс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады