Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
"Көлiк одағын құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмдi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Көлiк одағын құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмдi бекiту туралы
Мәскеу қаласында 1998 жылғы 24 қарашада жасалған Көлiк одағын құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiм бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Көлiк одағын құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердің арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы
Келісім
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкiметі, Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қырғыз Республикасының Үкiметi және Ресей Федерациясының Yкiметi,
1998 жылғы 22 қаңтардағы Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының арасындағы Көлiк одағын құру туралы келiсiмдi басшылыққа ала отырып,
халықаралық автомобиль қатынасы саласында келiсiлген iс-қимылдардың қажеттiлiгiн негiзге ала отырып,
Кеден одағына қатысушы мемлекеттер арасында және олардың аумақтары арқылы транзитпен автокөлiк құралдарының кедергiсiз өтуi үшiн қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
1997 жылғы 9 қазандағы (Бiшкек қаласы) Жолаушылар мен теңдеме жүктің халықаралық автомобиль тасымалы туралы конвенцияның ережелерiн назарға ала отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Осы Келiсiмге сәйкес осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң арасында және олардың аумағы арқылы транзитпен осы мемлекеттерде тiркелген автокөлiк құралдарымен жолаушылардың, теңдеме жүктiң және жүктiң тұрақты және тұрақсыз тасымалы жүзеге асырылады.
2-бап
Тараптардың құзыреттi органдарын анықтау, осы Келiсiмде қолданылатын арнайы терминология осы Келiсiмге қоса берiлген, оның ажырамас бөлiгi болып табылатын Хаттамада келтiрiлген.
3-бап
1. Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтары арасында немесе олардың аумақтары арқылы транзитпен жолаушыларды автобустармен тұрақты тасымалдау 1997 жылғы 9 қазандағы (Бiшкек қаласы) Жолаушылар мен теңдеме жүктiң халықаралық автомобиль тасымалы туралы конвенцияда белгiленген тәртiппен Тараптардың құзыреттi органдары беретiн рұқсаттар негiзінде жүзеге асырылады.
2. Рұқсатты беру немесе беруден бас тарту туралы шешiмдi Тараптардың құзыреттi органдары олардың мемлекеттерiнiң аумақтары арқылы өтетiн сол жол учаскесiне, екiншi Тараптың өтiнiмін алған күннен бастап үш ай мерзiмде қабылдайды.
4-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтары арасында олардың аумақтары арқылы транзитпен автобустармен жолаушыларды тұрақсыз немесе тасымалдау рұқсатсыз жүзеге асырылады және нысаны Тараптардың құзыреттi органдарымен келiсiлетiн әрбiр сапарға берiлетiн формулярмен ресiмделедi.
5-бап
Жолаушыларды автобустармен тұрақты тасымалдау кезiнде нысаны Тараптардың құзыреттi органдарымен келiсiлетiн белгiленген үлгідегi билет және теңдеме жүк түбiртегi беріледi.
6-бап
Тараптар мемлекеттерiнің аумақтары арасында немесе олардың аумақтары арқылы Көлiк одағының iшінде транзитпен автокөлiк құралдарымен жүктердi тасымалдау рұқсатсыз негiзде жүзеге асырылады.
7-бап
1. Тараптардың бiрiнiң автокөлiк құралдарымен екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы арқылы қауiптi жүктердi тасымалдау екiншi Тараптың құзыреттi органы берген арнайы рұқсат бойынша жүзеге асырылады. Тараптар сайын арнайы рұқсатты талап ететiн қауiптi жүктердің тiзбесiмен алмасуды жүзеге асырады.
2. Тараптардың бiрінiң жүкпен немесе жүксiз жүретiн автокөлiк құралының салмағы немесе көлемi, сондай-ақ бiлiкке түсетiн салмақтық жүктемесi екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген нормадан асқан жағдайда тасымалдаушы екiншi Тараптың құзыреттi органының арнайы рұқсатын алуы тиiс.
3. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарында айтылған арнайы рұқсат тасымалдаудың белгiлi бiр бағытын көздесе, онда тасымалдау тек осы бағыт бойынша жүзеге асырылуы тиiс.
8-бап
Осы Келiсімде көзделген жүктердi тасымалдау нысаны жалпы қабылданған халықаралық үлгiге сәйкес келетiн жүк құжаттамасы бойынша жүзеге асырылады.
Тараптардың құзыреттi органдарының келiсiмi бойынша осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң арасында автокөлiк құралдарымен тасымалдауды тауар-көлiк құжаттамасының қарапайым бланкiлерiн пайдаланып жүзеге асыру рұқсат етiледi.
9-бап
1. Тараптардың халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы үшiншi елдермен өзара қарым-қатынасы жасалған екi жақты келiсiмдердiң негiзiнде реттеледi.
2. Тараптардың бiрінiң тасымалдаушысына екiншi Тарап мемлекетiнің аумағында орналасқан екi пункт арасында жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыру рұқсат етiлмейдi.
10-бап
1. Осы Келiсiмнің негiзінде тасымалдарды орындау кезiнде екiншi Тарап мемлекетiнің аумағына әкелiнетiн:
а) автокөлiк құралының әрбiр моделi үшiн көзделген қозғалтқыштың қоректендiру жүйесiмен технологиялық және конструкциялық байланысқан және жасаушы зауыт орнатқан сыйымдылықтардағы жанармай;
б) тасымалдау кезiнде пайдалану үшiн қажеттi мөлшердегi жағармай материалдары;
в) халықаралық тасымалды орындайтын автокөлiк құралдарын жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер, агрегаттар және құрал-саймандар кедендiк алымдар мен баждардан өзара босатылады.
2. Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер, агрегаттар қайта алып кетуге жатады, ал ауыстырылған қосалқы бөлшектер, агрегаттар елден шығарылуы немесе жойылуы немесе екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген тәртіппен тапсырылуы тиiс.
11-бап
Тараптардың бiрінің мемлекетiнiң тасымалдаушылары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы бойынша осы Келiсiмнiң негiзiнде жүзеге асыратын жолаушылар мен жүк тасымалы, сондай-ақ осы тасымалдарды орындайтын автокөлiк құралдары жолдарды пайдалануға немесе ұстауға, автокөлiк құралдарын иеленуге немесе пайдалануға байланысты салықтар мен алымдардан, ақысыз балама жол бар болған кезде ақылы жолдарды пайдалану үшiн алымдарды қоспағанда, босатылады.
12-бап
1. Осы Келiсімде көзделген тасымалдарды осы Тараптар мемлекеттерiнің ұлттық заңдарына сәйкес халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға жiберiлген тасымалдаушылар ғана орындай алады.
2. Халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын автокөлiк құралдарында өз елiнің тiркеу және айыру белгiлерi болуы тиiс.
3. Жүк автомобильдерінде немесе автомобиль тартқыштарында осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердің тiркеу немесе айыру белгiсi бар болған кезде тiркемелер мен жартылай тiркемелерде басқа елдердiң тiркеу немесе айыру белгiлерi болуы мүмкiн.
13-бап
Әрбiр тасымалдаушы осы Келiсiмнің негiзiнде жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыратын автокөлiк құралын оның автокөлiк құралымен үшiншi тұлғаға келтiрiлген залалы үшiн азаматтық жауапкершiлікке қатысты алдын ала сақтандыруға мiндеттi.
14-бап
1. Тасымалдаушы осы Келiсiмнiң ережелерiн бұзған жағдайда, мемлекетiнiң аумағында автокөлiк құралы тiркелген Тараптың құзыреттi органы мемлекетi аумағында бұзушылық орын алған екiншi Тараптың құзыреттi органының өтiнiшi бойынша осы тасымалдаушыға қажеттi шараларды қолдануы тиiс.
2. Тараптардың құзыреттi органдары айқындалған бұзушылық және қабылданған шаралар туралы бiр-бiрiн хабардар етедi.
15-бап
Шекаралық, кедендiк және санитарлық бақылауға қатысты Тараптар олар қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерiн басшылыққа алады, ал осы шарттармен реттелмеген мәселелердi шешу кезiнде аумағында бақылау жүзеге асырылатын мемлекеттің заңдары қолданылатын болады.
Ауыр сырқаттарды тасымалдау, жолаушыларды автобустармен тұрақты тасымалдау, жануарларды және тез бүлінетін жүктерді тасымалдау кезінде көрсетiлген бақылау түрлерi кезексiз жүргiзiлетiн болады.
16-бап
Халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезiнде Тараптар өз мемлекеттерiнің аумақтарында Тараптардың кез келгенiнiң автомобиль көлiгi кәсiпорындары (фирмалары) үшiн олардың ұйымдық-құқықтық нысандарына және көлiктiк және көлiк-экспедициялық қызметтердi сату саласындағы меншiк нысандарына қарамастан тең жағдайды қамтамасыз етедi, сондай-ақ бiрлескен кәсiпорындар құруға жәрдемдесетiн болады.
17-бап
1. Автобустардың немесе жүк автомобильдерiнiң жүргізушiлерінде, олар басқарып отырған автокөлiк құралдарының санаттарына сәйкес ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiгi және автокөлiк құралдарына арналған ұлттық тiркеу құжаттары болуы тиiс.
2. Ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiктерi 1968 жылғы Жол қозғалысы туралы халықаралық конвенцияда белгiленген үлгiге сәйкес болуы тиiс.
3. Осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес талап етiлетiн рұқсаттар мен басқа құжаттар көлiк құралында болуы және Тараптардың құзыреттi органдарының талабы бойынша көрсетiлуi тиiс.
4. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетiнiң осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердің құзыреттi органдары берген көлiк құралдарына арналған тiркеу құжаттарын және нөмiрлiк белгiлерiн, сондай-ақ автокөлiк құралын басқару құқығына арналған жүргiзушi куәлiктерiн таниды.
18-бап
Осы Келiсiмнің шеңберiнде жүзеге асырылатын төлемдер Тараптардың арасында төлем жасау күнiне қолданылып жүрген төлемдер туралы келiсiмдерге сәйкес жүргiзiлетiн болады.
19-бап
Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тіркелген автокөлiк құралдарының жүргізушілерi автокөлiк құралы аумағында жүрген мемлекеттiң заңдарын сақтауға міндеттi.
20-бап
Тараптар екi жақты негiзде мына салалардағы:
автомобиль көлiгіндегi ғылыми-техникалық саясатты;
автомобиль көлiгiнің жұмысын регламенттейтiн заң және басқа да нормативтiк құқықтық актілердің жобаларын, стандарттар мен нормаларды әзiрлеу;
жылжымалы құрамға техникалық көмек көрсету, автомобильдерге жанар-жағар май материалдарын құю үшiн жағдай жасау;
авариялар кезiнде көмек көрсету жұмыстарын үйлестiретiн болады.
21-бап
Tараптap қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерiстер енгiзу туралы, сондай-ақ автомобиль көлiгi саласында жаңа нормативтiк құжаттарды бекіту туралы егер осы кезде басқа Тараптардың мүдделерi қозғалатын болса бiр-бiрiн хабардар етедi.
22-бап
1. Осы Келiсiмнің ережелерiн орындау және туындайтын даулы мәселелердi шешу үшiн Тараптар Аралас комиссия құрады.
2. Егер келiспеушiлiктер Аралас комиссияның отырысында реттелмейтiн болса, онда Тараптардың бiрiнің мемлекеттерi құзыреттi органдарының талабы бойынша олар Интеграциялық Комитеттiң қарауына берiледi.
3. Аралас комиссияға, кейіннен оларды Тараптардың қарауына енгiзе отырып, осы Келiсiмге түзетулер жасау құқығы берiледi.
23-бап
Осы Келiсiммен, сондай-ақ Тараптар қатысушы болып табылатын халықаралық шарттармен реттелмеген мәселелер Тараптар мемлекеттерiнің ұлттық заңдарына сәйкес шешiлетiн болады.
24-бап
Осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу барлық Тараптардың келiсiмi бойынша жүргiзiледi және осы Келiсiмнiң 26-бабына сәйкес күшiне енетiн тиiстi Хаттамамен ресiмделедi.
25-бап
1. Осы Келiсiм Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.
2. Осы Келiсiмге қол қою сәтiне Тараптар арасында жасалған халықаралық автомобиль қатынасы туралы екi жақты келiсiмдердiң ережелерi осы Келiсiмнің ережелерiне қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
26-бап
1. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзімге жасалды, Тараптардың ұлттық заңдарына қайшы келмейтiн бөлiгiнде қол қойылған күнiнен бастап уақытша қолданылады және оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсімдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы хабарлама депозитарий болып танылатын Интеграциялық Комитетке тапсырылған күннен бастап күшiне енедi.
2. Тараптардың әрқайсысы депозитарийдi шығуынан алты ай бұрын жазбаша хабарландыру арқылы осы Келiсiмнен шығуға құқылы.
Мәскеу қаласында 1998 жылғы 24 қарашада орыс тілінде бір данада жасалды. Түпнұсқа дана оның расталған көшірмесін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің әрқайсысына жіберетін Интеграциялық Комитетте сақталады.
Беларусь Қазақстан Қырғыз Ресей
Республикасының Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Көлiк одағын құру туралы
келiсiмге қатысушы
мемлекеттердiң арасындағы
Халықаралық автомобиль
қатынасы туралы келiсiмге
қосымша
Көлiк одағын құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсімдегi жекелеген ұғымдар мен терминдердi қолдану туралы
Хаттама
Беларусь Республикасының Yкiметi, Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қырғыз Республикасының Үкiметi және Ресей Федерациясының Yкiметi төмендегiлер туралы уағдаласты:
1. Келiсімде Тараптардың құзыреттi органдары ұғымында:
Беларусь Республикасы тарапынан - Беларусь Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi (7-баптың 1-тармағы бойынша - Беларусь Республикасының Өнеркәсiпте және атом энергетикасында жұмыстарды қауiпсiз жүргiзудi қадағалау жөнiндегi комитет);
Қазақстан Республикасы тарапынан - Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгі (14-бап бойынша - Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлiгiмен, 14, 17-баптар бойынша - Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiмен бiрлесiп);
Қырғыз Республикасы тарапынан - Қырғыз Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi (7-баптың 1-тармағы бойынша - Қырғыз Республикасының Iшкi iстер министрлiгi);
Ресей Федерациясы тарапынан - Ресей Федерациясының Көлiк министрлiгi (7-баптың 2-тармағы бойынша - Ресейдiң Федеральдық жол қызметi құзыреттi орган болып табылады).
2. Келiсімде мынадай терминдер қолданылады:
"тасымалдаушы" - Тараптардың бiрiнің мемлекетi аумағында тiркелген және қолданылып жүрген ұлттық заңдарға сәйкес жолаушылар мен жүктердiң халықаралық тасымалын орындауға жiберілген заңды немесе жеке тұлға;
"автокөлiк құралы":
жүктердi тасымалдау кезiнде - жүк автомобилi, тiркемесi бар жүк автомобилi, автомобиль тартқышы немесе жартылай тiркемесi бар тартқыш;
жолаушыларды тасымалдау кезiнде - автобус, яғни жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргiзушiнiң орнын қосқанда кемінде 9 отыратын орны бap автокөлiк құралы, сондай-ақ жеке теңдеме жүктi тасымалдауға арналған тiркемесi болуы мүмкiн;
"жолаушыларды тұрақты тасымалдау" - Тараптардың құзыреттi органдарымен алдын ала келiсiлген кесте, тариф, қозғалыстың бастапқы және соңғы пункттерi және аялдау пункттерi көрсетiлген жүру бағыты бойынша автобустармен жүзеге асырылатын жолаушылар тасымалы;
"жолаушыларды тұрақсыз тасымалдау" - "Жолаушыларды тұрақты тасымалдау" ұғымына жатпайтын қалған барлық жолаушы тасымалы;
"үшiншi мемлекет" - осы Келiсiмнiң қатысушысы болып табылмайтын кез келген басқа мемлекет.
3. Келiсiмнің 15-бабында "санитарлық бақылау" терминi санитарлық, мал дәрiгерлiк, сондай-ақ фитосанитарлық бақылауды бiлдiредi.
Келiсiмнің ажырамас бөлiгi болып табылатын осы Хаттама Мәскеу қаласында 1998 жылғы 24 қарашада орыс тілінде бiр данада жасалды. Түпнұсқа дана оның расталған көшiрмесiн осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердің әрқайсысына жiберетiн Интеграциялық Комитетте сақталады.
Беларусь Қазақстан Қырғыз Ресей
Республикасының Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін