Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Пәкстан Ислам Республикасының Yкiметi арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келiсiм жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 5 желтоқсандағы N 1241 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Пәкстан Ислам Республикасының Үкiметi арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрi Әдiлбек Рыскелдiұлы Жақсыбековке Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң атынан Келiсiм жобасына қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Пәкстан Ислам Республикасының Үкiметi арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келiсiмдi жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      мiндетiн атқарушы

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Пәкстан Ислам
Республикасының Үкiметiнiң арасындағы Инвестицияларды
өзара көтермелеу және қорғау туралы келiсiм

      Бұдан әрi "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Пәкстан Ислам Республикасының Үкiметi,
      бiр Уағдаласушы Тараптың екіншi Уағдаласушы Тарап аумағындағы инвесторлар жүзеге асыратын инвестициялар үшiн қолайлы жағдайлар жасауға ниет білдiре отырып,
      екi ел арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау өзара тиiмдi сауданың, экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастықтың дамуына ықпал ететінiн назарға ала отырып,
      инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау осы Келiсiмге сәйкес кәсiпкерлiк бастаманы ынталандыратындығын және Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң экономикалық өсуiне ықпал ететiндiгiн тани отырып,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
      1. Әрбiр Уағдаласушы Тараптарға қатысты "инвестор" терминi:
      а) Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес азаматы болып табылатын жеке тұлғаны;
      б) бiр Уағдаласушы Тараптың аумағында өзiнiң орналасқан жерi бар және екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестициялауды жүзеге асыратын мемлекеттiң ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаны білдiредi.
      2. "Инвестициялар" терминi Уағдаласушы Тараптың бiрiнiң инвесторына тиесiлі және екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында оның мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес инвестицияланатын кез келген мүлiк енедi және атап айтқанда, мыналарды қамтиды, бiрақ тек осылар емес:
      а) жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi және импортталатын және қайта өңдеусіз сатуға арналған тауарлардан басқа, оған байланысты кез келген басқа да мүлiктiк құқықтарды;
      б) акциялар, салымдар, облигациялар, бағалы қағаздар және ұйымдарға немесе Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес тiркелген өзге де заңды тұлғаларға қатысудың басқа да нысандарын;
      в) кiрiстердi қайта инвестициялау және негiзгi борыш пен кредиттiк келiсiмдер бойынша пайыздарды төлеу;
      г) экономикалық құндылықтарды алу немесе экономикалық құндылығы бар қызметтер көрсету үшiн инвестицияланған ақша түрiндегi кепiл құқығы;
      д) авторлық құқықтарды, патенттердi, сауда белгiлерiн, өнеркәсiптiк үлгiлердi, қызмет көрсету белгiлерiн, ноу-хау мен "гудвилдi" қоса алғанда, санаткерлiк меншiк нәтижелерiне арналған құқық;
      e) мемлекеттiң ұлттық заңнамасына немесе атап айтқанда, табиғи ресурстарды барлауға, әзiрлеуге және өндiруге арналған құқықтарды қоса алғанда, шарттарға сәйкес ұсынылған экономикалық қызметтi жүзеге асыру құқығы.
      Олар жүзеге асырылған инвестиция нысанындағы кез келген одан әрi өзгерiс мұндай өзгерiс аумағында инвестиция жүзеге асырылған Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына қайшы болмаған жағдайда инвестиция ретiндегi олардың бiлiктiлiгiне ықпал етпейдi.
      3. "Табыстар" терминi инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесiнде алынатын ақшалай немесе басқарғаны, техникалық қызмет көрсеткенi үшiн пайданы, дивидендтердi, пайыздарды, сыйақыны және Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес алынатын басқа да қаражатты қоса алғанда, заттай нысандағы қаражатты бiлдiредi.
      4. "Аумақ" терминi тиiсiнше Уағдаласушы Тараптардың бiрi халықаралық құқыққа сәйкес құқықтарын және құқықтық құзырын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының немесе Пәкстан Ислам Республикасының егемендi аумағын бiлдiредi.

2-бап
Инвестицияларды көтермелеу және қорғау

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумағында инвестицияларды жүзеге асыру үшiн екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларын қолдайтын және оларға қолайлы жағдайлар жасайтын болады.
      2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары үшiн әдiл және тең құқықты режимдi қамтамасыз етедi және өздiгiнен немесе басқарудың, пайдаланудың, жұмыс iстеудiң немесе иелiк етудiң кемсiтушiлiк шараларымен бұл инвестицияларды бұзбайтын болады.
      3. Қайта инвестициялаудан түсетiн табыстар бастапқы инвестициялар сияқты қорғанысты қолданады.

3-бап
Инвестициялардың құқықтық режимi

      1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз аумағында екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына қатысты ұлттық инвесторларға немесе үшiншi ел инвесторларының инвестицияларына берiлетiнiне қарағанда қолайлылығы кем емес режимдi қамтамасыз етедi.
      2. Осы Келiсiмге сәйкес ұсынылған режим мыналарға:
      а) Уағдаласушы Тараптардың кез келгенi кеден немесе экономикалық одаққа, еркiн сауда аймағына қатысуға байланысты үшiншi елдердiң инвесторларына ұсынатын немесе ұсына алатын басымдықтарға;
      б) Уағдаласушы Тараптардың кез келгенi Қосарланған салық салуды болдырмау туралы келiсiм немесе салық мәселелерi жөніндегi басқа да келiсiмдер негiзiнде үшiншi елдердiң инвесторларына ұсынатын немесе ұсына алатын басымдықтарға қолданылмайды.

4-бап
Барынша қолайлы режим қағидаты

      Егер Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасында екiншi Уағдаласушы Тараптың инвесторларына осы Келiсiмде көзделгеннен анағұрлым қолайлы режим ұсынатын ереже болса, бұл ереже осы Келiсiмнен басым болады.

5-бап
Экспроприациядан кепiлдiк

      1. Уағдаласушы Тараптардың кез келген инвесторларының инвестициялары экспроприацияланбайды, ұлттандырылмайды, иелiктен айырылмайды немесе мұндай шаралар мемлекеттiк мүддеде қабылданатын және заңнамада белгiленген тәртiпке сәйкес кемсiтушiлiксiз, дереу, баламалы және тиiмдi өтемақы төлей отырып жүргiзiлетiн жағдайларды қоспағанда, экспроприация, ұлттандыру, иелiктен айыру (бұдан әрi - экспроприация) сияқты салдарларға алып келетiн өзге де шараларға ұшырамайды. Өтемақы инвесторға экспроприация туралы белгiлi болған сәттегi экспроприацияланған инвестициялардың нарықтық құнына тең болуы тиiс.
      2. Өтемақы экспроприация күнiнен бастап және төлем күнiне дейiнгi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес есептелген қолданыстағы ставкаға сәйкес пайыздарды қамтуы тиiс. Өтемақы инвестициялар жүзеге асырылған валютамен не инвестордың келiсiмiмен кез келген басқа валютамен төленетiн болады. Өтемақы тиiмдi жүзеге асырылуы және шектеулерсiз бен артық кiдiрiссiз еркiн ауыстырылуы тиiс.
      3. Экспроприацияланған жағдайда зардап шеккен инвестордың инвестицияны қабылдайтын Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес осы Уағдаласушы Тараптың сот немесе өзге де органдарына өзiнiң iсiн жiберуге, сондай-ақ осы бапта мазмұндалған ережелерге сәйкес өз инвестицияларының құнын айқындауға құқығы бар.
      4. Уағдаласушы Тарап мұндай Уағдаласушы Тараптың аумағында күшi бар мемлекеттiң ұлттық заңнамасына сәйкес тiркелген немесе құрылған және онда екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторларының акциялары бар компания активтерiн экспроприацияласа, ол осы баптың ережелерi акциялардың иесi болып табылатын екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына қатысты тез, баламалы және тиiмдi өтемақыны қамтамасыз ету үшiн қажеттi шекте қолдануын қамтамасыз етуi тиiс.

6-бап
Зиянды өтеу

      Инвестицияларына екiншi Уағдаласушы Тарап аумағында соғыстың немесе басқа да қарулы қақтығыстардың, төңкерiстiң, ұлттық төтенше жағдайдың немесе азаматтық тәртiпсiздiктердiң нәтижесiнде зиян келтiрiлген бiр Уағдаласушы Тараптың инвесторларына реституцияға, зиянның орнын толтыруға, өтеуге немесе өзге де реттеуге қатысты өз инвесторларына не үшіншi елдiң инвесторларына ұсынатынына қарағанда неғұрлым қолайлы болып табылатын режим ұсынылады.

7-бап
Инвестицияларға байланысты төлемдердiң аударымы

      1. Уағдаласушы Тараптар инвестицияларға байланысты қаражаттың барлық аударымдары Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасында белгiленген рәсiмдерге сәйкес еркiн және шектеулерсiз бен кiдiрiссiз жүзеге асырылатынына кепiлдiк бередi, онда мыналар көзделуi мүмкін:
      (а) еркiн аударымдар құқығы бұзылмауын ескере отырып, мұндай аударымдарды ресiмдеу ережесi;
      (б) аударым сомаларынан салықтар, алымдар және ұстап қалулар;
      (в) кредиторлардың заңды құқықтарын қорғау немесе сот талқылауы барысында шығарылған шешiмдердiң орындалуын қамтамасыз ету.
      Осы Бапта көрсетiлген рәсiмдер әдiл және кемсiтушiлiксiз болуы тиiс.
      2. Осы Келiсiмде аударымдар, атап айтқанда, мыналарды қамтиды, бiрақ тек осылар емес:
      а) бастапқы инвестицияланатын капитал және инвестицияларды ұстау немесе ұлғайту үшін кез келген қосымша сомалар;
      б) пайда, пайыздар, дивидендтер, авторлық сыйақылар немесе төлемдер және басқа да ағымдағы кiрiстер;
      в) осы Келiсiмнiң 5 және 6-баптарына сәйкес өтемақылар;
      г) инвестициялық дауларды реттеу кезiнде туындайтын төлемдер;
      д) кредиттiк келiсiм-шарттарға сәйкес төлемдердi;
      e) инвестицияларды сатудан немесе бөлiгiн немесе барлығын таратудан түскен түсiм;
      ж) бiр Уағдаласушы Тараптың мемлекетiнiң азаматтары екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында жүзеге асырған инвестицияларға байланысты орындайтын жұмыстар мен қызметтер көрсету үшін валютамен және ол мемлекеттiң ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен алған жалақы немесе өзге де төлемдер;
      з) санаткерлiк меншiк құқықтарына байланысты кейінгi пайыздарды және төлемдердi қоса алғанда, қарыздар бойынша төлемдер сияқты инвестициялардан туындайтын шығыстарды жабу үшін қажеттi сомалар.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген төлемдердiң аударымдары инвестиция жүзеге асырылған аумақта сол Уағдаласушы Тараптың аударым жасалған күнгi қолданыстағы ресми бағамы бойынша еркiн айырбасталымды валютамен кідiрiссiз жүргiзiледi.
      4. Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің ұлттық заңнамасына сәйкес осы баптың мәнi болып табылатын барлық аударымдарға үшiншi мемлекеттердiң инвесторларына ұсынылған аударымдардан кем емес қолайлы режим ұсынылатын болады.

8-бап
Суброгация

      1. Егер Уағдаласушы Тарап немесе ол өкiлеттiк берген қандай да бiр институт оның мемлекетiнiң кез келген инвесторына кепiлдемеге немесе инвестицияларға байланысты сақтандыруға сәйкес төлем жүргiзсе, Уағдаласушы Тарап немесе ол өкiлеттiк берген институт көрсетiлген инвестордың бастапқы құқығы немесе талаптары сияқты шекте жүзеге асыруға өкiлеттi екiншi Уағдаласушы Тарап бiрiншi Уағдаласушы Тарапқа немесе ол өкiлеттiк берген институтқа инвестордың барлық құқықтары мен талаптары берiлгендiгiн танитын болады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген суброгация жағдайында инвестор, егер оған Уағдаласушы Тарап немесе ол өкiлеттiк берген институт өкiлеттiк бермесе талаптар қоя алмайды.

9-бап
Уағдаласушы Тарап пен екiншi Уағдаласушы Тараптың
инвесторы арасындағы дауларды реттеу

      1. Уағдаласушы Тарап пен екiншi Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасындағы шаралар, жағдайлар немесе төлемдердi өтеу рәсiмдерi жөнiндегi дауларды қоса алғанда, инвестициялармен байланысты туындаған кез келген дау мүмкiндiгiнше келiссөздер жолымен шешiлуi тиiс.
      2. Егер дау осы баптың 1-тармағына сәйкес ол туындаған күнiнен бастап алты ай iшiнде бұлайша шешiлмеген жағдайда, инвестор дауды:
      (а) инвестицияны қабылдайтын Уағдаласушы Тараптың төрелiк немесе құзіреттi сотының;
      (б) Уағдаласушы Тараптардың өзара келiсiмi бойынша халықаралық деңгейде танылған төрелiк органдардың бiрiнiң;
      (в) БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы бойынша комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) төрелiк рәсiмдер ережелерi бойынша құрылған арнайы төрелiк сотының қарауына бере алады.
      3. Төрелiк сот әрбiр нақты жағдай үшiн жеке құрылады. Егер дауға қатысатын Уағдаласушы Тараптар өзгесiне келiспесе, олардың әрқайсысы бiр төрешіден тағайындайды. Тағайындалған екi төрешi үшiншi мемлекеттiң азаматы болып табылатын төрағаны тағайындайды. Төрешiлер төрелiк сотқа дауды қарауға ұсыну туралы талап алынған күнiнен бастап екi ай iшiнде, ал төраға келесi екi ай iшiнде тағайындалуы тиiс.
      4. Егер жоғарыда көрсетiлген жағдайлар мен рәсiмдер сақталмаса, даудың басқа уағдаластықтар болмаған кезде кез келген тарап Париждегi Халықаралық сауда палатасының жанындағы төрелiк соттың төрағасына қажеттi тағайындау жүргiзудi өтiнiп жүгiне алады.
      5. Егер дауға қатысатын Уағдаласушы Тараптар арасында басқаша келiсiлмесе, төрелiк сот өзiнiң рәсiм ережесiн белгiлейдi.
      6. Төрелiк соттың шешiмi түпкiлiктi және мiндеттi болып табылады. Уағдаласушы Тарап өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес төрелiк соттың шешiмдерiнiң танылуын және орындалуын қамтамасыз етедi.
      7. Төрелiк процесс немесе шешiмдердi орындау барысында процеске тартылған Уағдаласушы Тарап залал өтемақысын (толық немесе iшiнара) сақтандыру шартына сәйкес инвестордың алған фактiсiне сiлтеме жасай алмайды.

10-бап
Уағдаласушы Тараптар арасындағы дауларды реттеу

      1. Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша осы Келiсiмдi түсiндiру немесе қолдану мәселелерi жөнiнде консультация жүргiзiлуi мүмкiн.
      2. Уағдаласушы Тараптардың арасындағы осы Келiсiмдi түсiндiруге немесе қолдануға қатысты даулар мүмкiндiгiнше келiссөздер жолымен шешiледi.
      3. Егер Уағдаласушы Тараптар арасындағы даулар Уағдаласушы Тараптардың бiрi екiншi Уағдаласушы Тарапқа хабардар еткен күннен бастап алты ай iшiнде осы баптың 1-тармағына сәйкес шешiлмесе, онда кез келген Уағдаласушы Тараптың талабы бойынша дау төрелiк сотқа берiлетiн болады.
      4. Төрелiк сот әрбiр нақты жағдай бойынша жеке мынадай тәсiлмен құрылады:
      төрелiк туралы талап алынғаннан кейiн үш ай iшінде Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы төрелiк соттың бiр бiрден төрешiсiн тағайындайды. Екi төрешi екi Уағдаласушы Тараптың мақұлдауымен, төрелiк соттың төрағасы болып тағайындалатын үшiншi елдiң азаматын таңдайды. Төраға басқа екi төрешi тағайындалған күннен бастап үш ай шегiнде тағайындалады.
      5. Егер осы баптың 4-тармағында көрсетiлген мерзiмдер iшiнде қажеттi тағайындаулар жүргiзiлмесе, Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы басқа да кез келген келiсiмдер жоқ болса, қажетті тағайындауларды жүргiзуге халықаралық соттың төрағасын шақыра алады. Егер төраға Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болып табылса немесе басқа да себептермен көрсетiлген функцияны орындай алмаса, онда мұндай тағайындауды вице-төраға жүргiзедi. Егер вице-төраға Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болып табылса немесе сол сияқты көрсетiлген функцияны орындай алмаса, онда мұндай тағайындауды Уағдаласушы Тараптың бiр де бiрiнiң азаматы болып табылмайтын дәрежесi бойынша халықаралық соттың келесi судьясы жүргiзедi.
      6. Төрелiк сот өз шешiмiн осы Келiсiмнiң ережелерi, сондай-ақ халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормалары негiзiнде қабылдайды. Төрелiк сот өз шешiмiн көпшiлiк дауыспен шығарады. Мұндай шешiм түпкiлiктi және екi Уағдаласушы Тарап үшiн мiндеттi болып табылады. Төрелiк сот өзiнiң жұмыс тәртiбiн дербес белгiлейдi.
      7. Әрбiр Уағдаласушы Тарап төрелiк процесте өзi тағайындаған төрешi мен өз өкiлдiгiнiң қызметiне байланысты шығыстарды өзiне алады. Сот төрағасының қызметiне байланысты шығыстарды және өзге де шығыстарды Уағдаласушы Тараптар тең бөлiкпен өздерiне алады. Алайда, төрелiк сот өз шешiмiнде Уағдаласушы Тараптардың бiрi шығыстардың көп бөлiгiн алуы тиiстiгiн көрсетуi мүмкiн және бұл шешiм екi Уағдаласушы Тарап үшiн де мiндеттi болады.

11-бап
Қорытынды ережелер

      Осы Келiсiм ол күшiне енгеннен кейiн жүзеге асырылған инвестицияларға қолданылады.
      Осы Келiсiмге Уағдаласушы Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
      Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың ол күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлаған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм он жыл мерзiмге жасалады. Он жылдық мерзiм өткеннен кейiн оның қолданылуы өздiгiнен белгiсiз уақытқа ұзартылатын болады. Кез келген Уағдаласушы Тарап осы Келiсiмдi айтылған он жылдық мерзiм өткеннен кейiн кез келген уақытта оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы екiншi Уағдаласушы Тарапқа жазбаша хабардар ету жолымен тоқтата алады.
      Осы Келiсiм тиiстi бiр тарап екiншi Уағдаласушы Тараптың жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты айдан кейiн қолданылуын тоқтатады.
      Келiсiмнiң қолданылу кезеңiнде жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты оның ережелерi Келiсiм тоқтатылған күннен кейiн бес жыл iшiнде қолданылатын болады.

      200___ "__"______ ________ қаласында қазақ, ағылшын және орыс тілдерiнде екi түпнұсқалық данада жасалды, әрi барлық мәтiннiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер пайда болған жағдайда Уағдаласушы Тараптар орыс және ағылшын тiлiндегi мәтiндi басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының      Пәкстан Ислам Республикасының
      Yкiметi үшiн                   Yкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады