"Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексi) 15-бабына сәйкес, сондай-ақ "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдарды салықтық әкiмшiлiктендiрудi жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. "Ақтау теңiз порты" арнайы экономикалық аймағының жұмыс iстеу кезеңiне "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Салық комитетiнiң "Ақтау теңiз порты" салық комитеті" мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрi - Комитет) құрылсын.
2. Комитеттi қаржыландыру тиiстi жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне көзделген қаражат есебiнен және шегiнде жүзеге асырылады деп белгiленсiн.
3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi заңнамада белгiленген тәртiппен:
1) "Штат санының лимиттерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 1 сәуiрдегi N 134 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Салық комитетiнiң аумақтық органдары қызметкерлерi штат саны лимиттерiнiң шегiнде Комитеттiң штат санын белгiлеу жөнiндегі;
2) Комитет туралы ереженi бекiту және оның әдiлет органдарында тiркелуiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды, сондай-ақ осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
4. Осы қаулы 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi