"Қан мен оның компоненттерiнiң донорлығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 23 желтоқсандағы N 1297 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      "Қан мен оның компоненттерiнiң донорлығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы Қан мен оның компоненттерiнiң донорлығы туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы қан мен оның компоненттерi донорлығының құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн, донордың құқықтарын қорғауды белгiлейдi, қан мен оның компоненттерiнiң донорлығын ұйымдастыру жөнiндегi шаралар кешенiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      қан мен оның компоненттерiнiң донорлығы (бұдан әрi - донорлық) - емдеу, тиiсті қан препараттарын дайындау немесе ғылыми зерттеулерде пайдалану үшiн қан немесе оның компоненттерiн тапсыру жолымен азаматтардың денсаулығын сақтауға донорлардың ерiкті түрде қатысуы;
      донор - емдiк мақсат үшiн қан мен оның компоненттерiн тапсыратын адам;
      донорлық функция - бұл медициналық куәландыруды және медициналық мақсат үшiн қан мен оның компоненттерiн тапсыру рәсiмдерiн орындауды қамтитын донордың ерiктi актiсi;
      реципиент - оған донорлық қан мен оның компоненттерiн құю жүргізілетін пациент;
      қан мен оның компоненттерiн құю - қан мен оның компоненттерiн реципиенттiң қан тамырларына енгiзу;
      қанның компоненттерi - қанның плазмасы мен клеткалары түрiнде бөлiнген қанның құрамдас бөлiгi;
      қан препараттары - қанның компоненттерiн өңдеу кезiнде алынған емдiк заттар;
      консервациялау ерiтiндiлерi - бұл қан клеткаларын организмнен тыс сақтау және тiршiлік әрекетiн ұстап тұруға арналған орта;
      уәкiлеттi орган - бұл азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы.

      2-бап. Донорлық туралы заңнама

      1. Қазақстан Республикасының донорлық туралы Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінің нормаларынан тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңда қамтылғаннан өзгеше ережелер белгiлеген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Донорлық қағидаттары

      Донорлық мынадай қағидаттар негiзiнде жүзеге асырылады:
      1) донордың саналы түрде ерiк бiлдiруi;
      2) қан және оның құрамдас бөлiктерiн тапсырудың еркiндiлiгi;
      3) донордың денсаулығы сақталуына кепiлдiк беруi;
      4) донорлардың мемлекеттiк кепiлдiктерiн, әлеуметтiк қорғалуын және құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету;
      5) азаматтардың денсаулығына келтiрген зияны үшiн медицина қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгi.

      4-бап. Донорлардың құқықтарын мемлекеттiң қорғауы

      1. Денсаулық сақтау ұйымдарының лауазымды тұлғалары донорды қан мен оның компоненттерiн алудың шарттары мен тәртiбi және қан мен оның компоненттерiн тапсыру кезiнде оның денсаулығын сақтау кепiлдiктерi туралы хабардар етуге мiндеттi.
      2. Қан мен оның компоненттерiн тапсыруға байланысты донордың денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда залалды өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      5-бап. Донорлық саласындағы мемлекеттiк органдардың
             өкiлеттiгi

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) донорлық саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясат пен оны жүзеге асыру жөнiндегi шараларды белгілейдi;
      2) осы Заңға сәйкес қан мен оның компоненттерiн Қазақстан Республикасынан тыс әкетуге рұқсат бередi.
      2. Уәкiлеттi орган:
      1) донорлықты дамытудың бiрыңғай мемлекеттiк саясатын жүргізеді;
      2) донорларды көтермелеу тәртiбiн белгiлейдi;
      3) заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында бейбiт кездегi сияқты, соғыс кезiнде де табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше оқиғалар туындаған жағдайларда қан мен оның компоненттерiн тапсыру пункттерiн ұйымдастыру жөнiндегi басшылықты жүзеге асырады;
      4) қан құю қызметi саласындағы қызметтi жүзеге асыратын республикалық денсаулық сақтау ұйымының материалдық-техникалық базасын нығайтады;
      5) тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары шығаратын қан мен оның компоненттерiн, қан препараттарын, консервациялау ерiтiндiлерiн дайындаудың, сақтаудың, қан құюдың, тәртiбiн белгілейдi және бақылауды жүзеге асырады;
      6) тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары шығаратын донорлық қан мен оның компоненттерiнiң, препараттардың және консервациялау ерiтiндiлерiнiң сапасын бақылауды жүзеге асырады;
      7) донордың медициналық тексерiлу тәртiбiн айқындайды.

      6-бап. Донорлық саласындағы жергiлiктi өкілді және
            атқарушы органдардың өкiлеттiгi

      1. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) өкiлдi органдар:
      1) донорлық саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асырады;
      2) донорларға қосымша көтермелеулер беру туралы шешiм қабылдауға құқылы;
      3) қан мен оның компоненттерiн, препараттарды және консервациялау ерiтiндiлерiн дайындауды, сақтауды жүзеге асырушы жергiлiктi мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыс iстеуi мен дамуына мүмкiндiк беретiн iс-шараларды қамтамасыз етедi.
      2. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқарушы органдар:
      1) донорлықты дамыту және оны жүзеге асыру жөнiндегi шаралардың бiрыңғай мемлекеттiк саясатын жүргiзедi;
      2) қан құю қызметi саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жергiлiктi денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтады;
      3) қан, оның компоненттерiн, препараттарды, консервациялау ерiтiндiлерiн дайындауды, сақтауды жүзеге асырушы мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыс iстеуi мен дамуына жәрдемдесетiн iс-шаралардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

      7-бап. Қоғамдық бiрлестiктер

      Қоғамдық бiрлестiктер құрылтай құжаттарына сәйкес донорлықты насихаттау мен дамытуға қатыса алады.

      8-бап. Қан мен оның компопенттерiн дайындауды,
            консервациялауды, сақтауды жүзеге асыратын
            денсаулық сақтау ұйымдары

      1. Қан мен оның компоненттерiн дайындауды, консервациялауды, сақтауды тиiсті лицензиясы бар мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.
      2. Қан мен оның құрамдас бөлiктерiн дайындауды, консервациялауды, сақтауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары қанды, оның компоненттерiн, препараттар мен консервациялау ерiтiнділерiн дайындау, сақтау тәртiбiн бұзғандығы үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауап бередi.

2-тарау. Қан мен оның компоненттерiнiң донорлығы

      9-бап. Донордан қан мен оның компоненттерiн алу тәртiбi

      1. Тиiстi медициналық тексеруден өткен Қазақстан Республикасының 18-ден асқан iс-әрекетке қабілеттi азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар мен шетел азаматтары донор бола алады.
      2. Емдiк мақсатта қолданылатын қан мен оның компоненттерi тек адамнан ғана алынуы мүмкiн.
      3. Егер донордың денсаулығына зиян келтiрілмейтiн жағдайда ғана донордан қан мен оның компоненттерiн алуға жол беріледi.

      10-бап. Донорды медициналық тексеру

      1. Қан мен оның компоненттерiн дайындайтын мемлекеттiк ұйымдарда қан мен оның компоненттерiн алу алдында донорды медициналық тексеру тегiн жүргiзiледi. Донорды медициналық тексеру тәртiбi уәкілеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
      2. Тұратын жерi бойынша медицина ұйымдарында қан мен оның компоненттерiн беру үшiн денсаулығының жай-күйi туралы анықтама мен флюорографияның нәтижелерi тегiн берiледi.

      11-бап. Донорлық қанды донорлық қаннан дайындалған оның
             компоненттерiн, препараттарды айырбастау және
             оларды Қазақстан Республикасынан тыс әкету
             тәртiбi

      1. Қазақстан Республикасынан тыс қан мен оның компоненттерiн әкету Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша тек Қазақстан Республикасында өндiрілмейтiн қан мен оның компоненттерiне және препараттарына айырбастау үшiн, сондай-ақ шетелдегi Қазақстан Республикасының азаматтарына шұғыл көмек және гуманитарлық көмек көрсеткен жағдайларда ғана жүзеге асырылады.
      2. Пайда табу мақсатында қан және оның құрамдас бөлiктерiн басқа мемлекеттерге сатуға тыйым салынады.

3-тарау. Донордың және жұмыс берушiнiң құқықтары мен мiндеттерi

      12-бап. Донордың құқықтары

      Донор:
      1) ақысыз немесе осы Заңмен белгiлеген мөлшердегi ақшалай өтемге қан мен оның компоненттерiн тапсыруға;
      2) денсаулық жағдайын медициналық тексеру және қан мен оның компоненттерiн тапсырудың организмге ықтимал әсерлерiнiң нәтижелерi туралы ақпаратқа қол жеткiзуге;
      3) осы Заңда белгiленген тәртiппен қан мен оның компоненттерiн тапсыруға кепiлдiк алуға құқылы.

      13-бап. Донордың мiндеттерi

      1. Қан мен оның компоненттерiн тапсыруға келiсiм берген азамат бұрын ауырған ауруы және зардап шегетiн ауруы туралы, сондай-ақ есiрткi құралдарды, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдалануы туралы өзiне белгiлi мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi.
      2. Қан мен оның компоненттерiн оның пайдалануына кедергi келтiретiн мән-жайларды донордың жасыруы Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады.

      14-бап. Донорлықты дамытуды қамтамасыз ететiн
             жағдайларды жасау жөніндегi жұмыс берушілердiң
             мiндеттерi

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес меншiк нысанына қарамастан жұмыс берушiлер, әскери бөлiмдердiң командирлерi (бастықтары), бiлiм беру ұйымдарының әкiмшiлiктерi:
      1) донорлар қатарына азаматтарды тартуға мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарына көмек көрсетуге;
      2) қан aлу үшiн қажеттi үй-жайларды беруге;
      3) тексеру және қан тапсыру күндерi донор болып табылатын қызметкердi жұмыстан кедергiсiз босатуға;
      4) осы Заңда белгiленген кепiлдiктердi донор болып табылатын қызметкерге беруге мiндеттi.

4-тарау. Донорға берiлетiн кепiлдiктер мен өтемдер

      15-бап. Донорға берiлетiн кепілдіктер

      Донор болып табылатын қызметкер медициналық тексеру әрi қан мен оның компоненттерiн тапсыру күнi меншiк нысанына қарамастан осы күн үшiн орташа жалақысы сақтала отырып, ұйымдардағы жұмысынан босатылады.
      Донор болып табылатын әскери қызметшi донорлық қызметтi орындау уақытында нарядтардан, кезекшiлiк атқарудан босатылады.
      Донор болып табылатын студенттер, оқушылар донорлық қызметтi орындау кезiнде оқу-тәрбие процестерден босатылады.

      16-бап. Донорға ұсынылатын өтем

      1. Өтеусiз донор қан мен оның құрамдас бөлiктерiн тапсырғаннан кейiн таңдауы бойынша өзiнiң қан мөлшерi мен организмiнiң энергетикалық шығындарының орнын толтыру үшiн тегiн тамақ немесе оның 0,25 есептiк көрсеткiш мөлшерiндегi ақшалай баламасын алады.
      2. Ақылы донорға тапсырған қан мен оның құрамдас бөлiктерi үшiн ақшалай өтемақы мынадай мөлшерде төленедi:
      1) бiр рет қан тапсырғаны yшiн (450+10 мл қан) - 2 айлық есептiк көрсеткiш;
      2) екi реттiк плазмаферезде плазма тапсырғаны үшiн (500+40 мл плазма) - 4 айлық есептiк көрсеткiш;
      3) екi реттiк плазмаферезде иммундық плазма тапсырғаны үшiн (500+40 мл иммундық плазма) - 7 айлық есептiк көрсеткiш;
      4) екi реттiк плазмаферезде изоиммундық плазма тапсырғаны үшiн (500+40 мл изоиммундық плазма үшiн) - 8 айлық есептiк көрсеткіш.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады