Қазақстан Республикасы Президентiнiң "2004-2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттiк бағдарламасы туралы" Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 24 желтоқсандағы N 1310 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "2004-2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттiк бағдарламасы туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы 2004-2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра"
мемлекеттiк бағдарламасы туралы

      Қазақстан Республикасының Конституциясы 44-бабының 8) тармақшасына сәйкес әрi рухани және бiлiм беру саласын дамыту, Қазақстан Республикасының мәдени мұрасының сақталуы мен тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында қаулы етемін:
      1. Қоса берiлiп отырған 2004-2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi бiр ай мерзiмде Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзiрлесiн және бекiтсiн.
      3. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі және басқа да iске қосылған министрлiктер, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi Бағдарламаны iске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
      4. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі жыл сайын 20 шiлдеге және 20 қаңтарға Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi мен Қазақстан Республикасының Yкiметiне Бағдарламаның iске асырылу барысы туралы ақпаратты ұсынсын.
      5. Бағдарламаның орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегі бақылау және үйлестiру Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігіне жүктелсiн.
      6. Осы Жарлық, қол қойылған күнiнен бастап күшiне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң    
2003 жылғы          
N   Жарлығымен    
Бекітілген    

"Мәдени мұра" 2004-2006 жылдарға арналған
мемлекеттiк бағдарлама

Астана, 2003 жыл

Бағдарламаның паспорты

Атауы                 Қазақстан Республикасының "Мәдени мұра"
                      2004-2006 жылдарға арналған мемлекеттiк
                      бағдарламасы

Негiзi                Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Iшкi
                      және сыртқы саясаттың 2004 жылға арналған
                      негiзгi бағыттары" Қазақстан халқына Жолдауы,
                      Қазақстан Республикасы Үкiметінің 2003 жылғы
                      5 қыркүйектегi N 903 қаулысымен бекiтiлген
                      Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2004-2006
                      жылдарға арналған Бағдарламасын iске асыру
                      жөніндегi Іс-шаралар жоспарының 6.5.2-тармағы

Негiзгi               Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлiгi
әзiрлеушi

Мақсаты               Рухани және бiлiм беру саласын дамыту, елдің
                      мәдени мұрасының сақталуы мен тиімдi
                      пайдаланылуын қамтамасыз ету

Міндеттерi            Бағдарламаның міндеттерi:
                        елдің маңызды тарихи-мәдени және сәулет
                      ескерткіштерiн қайта жаңғырту;
                        мәдени мұраны, соның iшiнде қазiргi заманғы
                      ұлттық мәдениеттi, ауыз әдебиетін, дәстүрлер
                      мен әдет-ғұрыптарды зерделеудің тұтастай
                      жүйесiн құру;
                        көркем және ғылыми толық дестелерiн шығару
                      арқылы ұлттық әдебиет пен жазудың сан
                      ғасырлық тәжiрибесiн қорыту;
                        әлемдiк ғылыми ой-сананың, мәдениет пен
                      әдебиеттiң таңдаулы жетiстiктерiнің негiзінде
                      гуманитарлық бiлiм берудің мемлекеттiк тілдегi
                      толыққанды қорын құру;
                        елдің қорларында, мұрағаттары мен
                      қоймаларында сақталған аса көрнектi ауызекi
                      кәсiби дәстүрде орындаушы-музыканттардың
                      фоножазбаларын қалпына келтiру мен қазiргi
                      заманғы аудиотаспаларға көшiру.

Қаржыландыру          Бағдарламаны қаржыландыру республикалық
көздерi               бюджеттiң есебiнен жүзеге асырылатын болады.
                      Қаржыландырудың күллi жалпы көлемi - 1933,6
                      млн. теңге, оның iшiнде:
                      2004 жылы - 641,65 млн.; 2005 жылы - 631,7
                      млн.; 2006 жылы - 660,2 млн. теңге.
                        Бағдарламаны қаржыландырудың көлемi
                      2005-2006 жылдары тиiстi қаржы жылына
                      арналған республикалық бюджеттiң болжамды
                      көрсеткiштерiнiң аясында нақтыланатын болады.

Күтiлетiн               Тарих пен мәдениеттiң 30-дан астам
нәтижелерi            маңызды ескерткiштерi қалпына келтiрiлетiн
                      болады;
                        32 ежелгi және орта ғасырлық археологиялық
                      кенттер мен қоныстарды ғылыми зерттеу,
                      тұмшалау, абаттандыру және туристік мақсатта
                      пайдалану жөнiнде жұмыстар жүргiзiлетiн
                      болады;
                        мәдени инфрақұрылым кеңейтiлiп, тарихи-
                      мәдени құндылықтарды насихаттау мен кеңінен
                      таныстыру жөнiндегi жұмыс жанданатын болады;
                        мәдени мұраны зерделеудiң тұтастай жүйесiн
                      құру жөнiндегi шаралар іске асырылатын болады;
                        Ұлттық кітапхана жанында ұлттық кітап
                      раритеттерiн табу, сатып алу, кiтаптар мен
                      ежелгi қолжазбаларды қалпына келтiру жөнiндегі
                      орталық, Қазақстан Республикасының Орталық
                      Мемлекеттiк мұрағаты жанында қазiргi заманғы
                      құрал-жабдықпен жарақталған, мұрағат
                      құжаттарын сақтандыру көшiрмесiн жасау және
                      қалпына келтiру жөнiндегi орталық,
                      Президенттiк мәдени орталықтың базасында
                      ұлттық тарих үшiн айрықша мәнi бар мұражай
                      қорын түзу мен қалпына келтiру жөнiндегi
                      орталық құрылатын болады;
                        16 бағыт бойынша түрлi кiтаптар дестелерi
                      шығарылатын болады;
                        Қазақстанның мемлекеттiк тұтастығы мен
                      халықтары бiрлiгiнiң нышаны - мүсiнтас
                      тұрғызылатын болады;
                        деректер базасы жасалып, ЮНЕСКО-ның
                      күнiлгерi тiзiмiне енгiзiлген мәдени және
                      аралас мұра объектілерін күзету аумағы мен
                      өңiрлерiнiң шекарасы белгiленетiн болады;
                        елдiң қорларында, мұрағаттары мен
                      қоймаларында сақталған аса көрнектi ауызекi
                      кәсiби дәстүрде орындаушы-музыканттардың
                      фоножазбалары қалпына келтiрiлiп, қазiргi
                      заманғы аудиотаспаларға көшiрiлетiн болады.

Iске асыру            2004-2006 жылдар
мерзiмi

Кiрiспе

      "Мәдени мұра" 2004-2006 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама (бұдан әрi - Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Iшкi және сыртқы саясаттың 2004 жылға арналған негiзгi бағыттары" Қазақстан халқына Жолдауына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 5 қыркүйектегi N 903 қаулысымен бекiтілген, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003-2006 жылдарға арналған Бағдарламасын iске асыру жөнiндегi Iс-шаралар жоспарының 6.5.2-тармағына сәйкес әзiрлендi.
      Осы Бағдарламаны әзiрлеу мәдени мұра саласында қалыптасқан ахуалға неғұрлым белсендi де сындарлы ықпал ету қажеттiгiнен туындады.

1. Мәдени мұра саласындағы проблеманың қазiргi
жай-күйiне талдау

      Қазақстанның мәдени мұрасының қазiргi жай-күйi сан ғасырлық дәстүрлердi сақтау мен одан әрi дамыту жөнiндегi шаралар кешенiн қолдан келгенше қамтамасыз етілумен, тарих пен мәдениеттiң жаңа ескерткiштерiнiң ашылуымен, кесенелердi, ескi мешiттердi, ежелгi кенттердi тұмшалаумен, қалпына келтiру жөніндегi жұмыстардың жандануымен, олардың негiзiнде жаңа тарихи-мәдени мұражай-қорықтардың құрылуымен сипатталады.
      Қазақстанда қазiргi уақытта тарих, археология, сәулет және мүсiн өнерiнiң жылжымайтын ескерткiштерi 25 мыңнан астам, 11 мың кiтапхана, 147 мұражай, 8 тарихи-мәдени қорық-мұражай, 215 мұрағат бар деп есептеледi.
      Тарихи және этнографиялық бейiндегi мемлекеттiк мұражайлардың, Қазақстан тарихындағы есте қалатын оқиғаларға арналған мемориалдардың тармақталған желiсi жасалды.
      Қазақстанның тарихы мен мәдениетiнiң қайталанбас ескерткіші - Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесi 2003 жылғы маусымда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзiлiк мәдени мұра тiзiмiне енгізілдi.
      Астана қаласының мәдени инфрақұрылымын жақсарту жөнінде шаралар қолданылды: республика астанасында соңғы жылдары Қазақ музыкалық комедия театры, мұражайды, кiтапхананы және концерт залын қамтитын Президенттiк мәдени орталығы ашылды. Ұлттық кiтапхананың құрылысы аяқталды. Киноконцерт залы мен цирктiң құрылысы жүргiзiлуде.
      "Мәдени-тарихи мұраны қорғау мен пайдалану туралы", "Мәдениет туралы", "Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы" Қазақстан Республикасының Заңдары қабылданып, күшiне ендi.
      Сонымен қатар, мәдени мұраны қорғау мен дамыту саласында қалыптасқан ахуал осы бағыттағы қызметтi одан әрi дамыту мен жандандыруда кезек күттiрмейтiн кешендi шараларды қолдануды талап етедi.
      Қазақстанның ұлттық тарихы үшін орасан зор мәнi бар көптеген тарихи, археологиялық және сәулет объектілерi шұғыл көмекке мұқтаж. Олардың арасында - Оңтүстiк Қазақстандағы Арыстанбаб кесенесi, Қызылорда облысындағы Асан-Ата және Айқожа кесенелерi, Алматы облысындағы Жаркент мешiтi, Оңтүстiк Қазақстан облысында Тұрбат ауылындағы тарихи-сәулет ескерткіштерi, "Әзiрет Сұлтан", "Жидебай-Бөрiлі" қорық-мұражайларының тарихи-сәулет және археология ескерткiштерi, Маңғыстау қорығы және "Ордабасы" қорығы және т.б. секілдi тарих пен мәдениеттiң қайталанбас ескерткiштерi бар.
      Олардың көпшiлiгi осы уақытқа дейiн урбандалу, индустриялану және технократизациялану салдарынан болатын бұзылып-бүлiнуден қорғалмаған.
      Заттық емес, рухани-мәдениеттiң ескерткiштерi, ежелгi уақыттан бастап, соның iшінде ежелгi түркi жазу ескерткіштеріндегі, қазiргi авторлардың шығармаларындағы дәстүрлi мифологемалар мен бейнелердiң өзгеруiн зерделеу, пайдалану жүйесi мен әдiстерiн дамыту жеткiлiксiз.
      Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап қазақ тілдi оқырман үшiн философия, тарих, заңгерлік және басқа салалардағы әлемдiк ғылыми ой-сананың негiзiн қалаушы еңбектердi, сондай-ақ көркем әдебиеттi басып шығару iс жүзінде тоқтап қалды.
      Осымен байланысты өскелең ұрпақты қазақстандық отансүйгіштiк рухында тәрбиелеу және тарихи, мәдени мұраны жан-жақты зерделеуде ақтаңдақтарды жабу, сондай-ақ қазақ халқының сан ғасырлық рухани тәжiрибесін қорыту мақсатында мемлекеттiк тілде тарихи, көркем, ғылыми толық дестелердi шығарудың мәселелерi ерекше өзектi болып отыр.
      Қағаздан, желiмнен, теріден, қатырма қағаздан және т.б. органикалық материалдардан жасалған жазба мұраның, құжаттардың табиғи сарғайып-ескiруi орын алуда. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттiк консерваториясының қорындағы, елдiң мұрағаттары мен қоймаларындағы сақталған аса көрнектi ауызекi кәсiби дәстүрде орындаушы-музыканттардың фоножазбаларының табиғи жай-күйiне де айрықша назар аудару керек.
      Осы Бағдарламаның аясында жоғарыда белгіленген мәселелердi кешендi түрде шешу Қазақстан халқының мәдени мұрасын зерделеу, сақтау және кеңiнен таныстыру жүйесiн одан әрi дамытуға ықпал ететiн болады.

2. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi

      Бағдарламаның мақсаты елдiң рухани және бiлiм беру саласын дамыту, мәдени мұрасының сақталуын және тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз ету.
      Алға қойған мақсатқа қол жеткiзу мынадай мiндеттердi шешу арқылы жүзеге асырылады:
      елдің маңызды тарихи-мәдени және сәулет ескерткiштерiн қайта жаңғырту;
      мәдени мұраны, соның iшiнде қазiргi таңдағы ұлттық мәдениеттi, ауыз әдебиетiн, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды зерделеудің тұтастай жүйесiн жасау;
      ұлттық әдебиет пен жазудың сан ғасырлық тәжiрибесiн қорыту, көркем және ғылыми толық дестелерiн шығару;
      әлемдiк ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттiң таңдаулы жетiстіктерiнің негiзiнде гуманитарлық бiлiм берудiң мемлекеттiк тілдері толыққанды қорын жасау.

3. Бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттары мен тетiгi

      Бағдарлама 2004-2006 жылдар аралығындағы кезеңге icкe асырылады және мәдени мұраны сақтау мен өркендетудiң негiзгi бағыттары:
      оларды зерделеудiң тұтастай жүйесiн жасау, ежелгi және орта ғасырдағы кенттерге, қоныстарға, қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргiзу, олардың базасында қорық-мұражайлар құру, оларды туризм инфрақұрылымының жүйесiне енгiзу;
      Қазақстанның қайталанбас тарихи-мәдени және сәулет ескерткiштерiн қалпына келтiру, тұмшалау мен пайдалану;
      ғылыми бiлiм-бiлікті көпшiлiкке таныстыру, тарих ғылымының теориялық проблемаларын әзiрлеу, ғылыми, көркем және энциклопедиялық әдебиетті шығару;
      Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениетi ескерткiштерiнің томдарын жинағын баспаға дайындау жөнiнде жүйелi жұмысты жүзеге асыру;
      облыстық мемлекеттiк инспекциялардың, қалпына келтiру ұйымдарының қызметiне бiрыңғай басшылықты қамтамасыз ету, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғау саласында бекiтілген бағдарламалар мен жобаларды iске асыру мiндетiне кiретiн тарихи-мәдени мұраны қорғау мен белсендi пайдалану жөнiнде республикада ұтымды құрылымды құру туралы мәселенi шешу;
      мемлекеттiң мәдени мұрасы және ақпараттық ресурсының объектiсi ретiнде Ұлттық мұрағат қорын пайдаланудың тиiмдiлігiн арттыру;
      мемлекеттiк тілде ұлттық әдебиет пен жазудың таңдаулы үлгілерiн, әлемдiк ғылыми ой-сананың жетiстiктерiн дайындау және басып шығаруды жүзеге асыру арқылы көзделедi.
      Бағдарламаның iске асырудың осындай негiзгi бағыттарына сәйкес:

3.1. Ұлттық тарихтың маңызды тарихи-мәдени, археология және сәулет ескерткiштерін қайта жаңғырту

      Ұлттық тарих ескерткіштерiн қайта жаңғырту ұлттық мәдениет үшiн айрықша мәнi бар мынадай ескерткiштердi: Абат-Байтақ, Айша-Бибi кесенелерiне, Қараман-Ата, Шопан-Ата сағаналарына, Ақыртас және Баба-Ата сарай кешендерiне кешендi ғылыми-мәдениеттану зерттеулерін ұйымдастыру, оларды қалпына келтiру, тұмшалау және абаттандыру, сондай-ақ тарихи және этномәдени ортаны өркендету мен дамыту, Қойлық, Есiк, Сарайшық, Берел және басқа да ежелгi, орта ғасырдағы кенттерге, қорғандар мен қоныстарға археологиялық зерттеулердi жүргiзу арқылы қамтамасыз етiледi.
      Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениетi ескерткіштерi жинағын баспаға дайындау жөнiнде жүйелi жұмыс жүзеге асырылады.
      Республика мұражайларының қорында сақталған тарих пен мәдениеттiң жылжымалы ескерткiштерi тұрақты түрде қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзудi қажет етедi. Осыны негiзге ала отырып, ұлттық тарих үшiн айрықша мәнi бар мұражай қорларын қалпына келтiру мен түзу жөнiнде орталықты құру мүмкіндігiн қарау қажет.

3.2. Қазақ халқының мәдени мұрасын зерделеудiң
тұтастай жүйесiн құру

      Өткеннiң көрнектi ғалым ойшылдарының мұрасын зерделеу, сондай-ақ қазақ халқының мәдени мұрасында тарихи мәнi бар сирек кездесетiн басылымдардың қолжазбаларын, кiтаптарды және мұрағат құжаттарын табу мен сатып алу үшiн алыс және жақын шетелдердiң мұрағаттары мен кiтапханаларына ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылады.
      Ұлттық мәдениет үшiн айрықша мәнi бар тарихи-мәдени, сәулет және археология ескерткіштерiне, соның iшінде қорық-мұражайлар өңiрлерiне оларды сақтау мен мұражайға айналдыру мақсатында қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргiзу де көзделедi.
      Құжаттық мұраның бiрегей үлгiлерiн сақтау, сондай-ақ оларға еркiн қол жеткiзу мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мақсатында өткеннің көрнектi ғалымдарының, ойшылдарының, оның iшiнде: Әл-Фарабидiң, Ж.Баласағұнидың, М.Қашғаридың, С.Бақырғанидың, А.Йүгiнекидiң, М.Дулатидың, Қ.Жалайыридың, З.Бабырдың және басқалардың мұрасын зерделеуді жалғастыру қажет.
      Қазақ халқының мәдени мұрасында тарихи мәнi бар қолжазбалардың, сирек кездесетiн басылымдар мен кiтаптардың "Кодекс Куманикустың", "Қорқыт Ата кiтабының" (Дрезден мен Ватикан қалаларында сақтаулы), "Оғыз-наменiң" (Парижде сақтаулы), "Бабыр-наменiң", "Махаббат-наменің" (Лондонда сақтаулы), Ж.Баласағұнидың "Құтадғу бiлiгiнiң" (Каирда сақтаулы) көшiрмелерiн табуды, сатып алуды немесе дайындауды жалғастыру қажет.
      Ежелгi қолжазбалардың, кiтаптар мен басқа да дерек көздерiнiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн Ұлттық кiтапхана жанында ұлттық кiтап раритеттерiн табу мен сатып алу, сондай-ақ кiтаптар мен ежелгi қолжазбаларды қалпына келтiру жөнiнде орталық құру қажет.
      Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы мен Электрондық құжат айналымының бiрыңғай жүйесiн енгiзу жағдайларында Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының жаңа тасығыштарда сақталуы мен пайдаланылуы өзектi мiндеттерге айналып отыр, оларды шешу үшiн Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағаты жанында мұрағат құжаттарын сақтандыру көшiрмесiн жасау мен қалпына келтiру жөнiндегi орталық құрылуға тиіс.
      Қазiргi Моңғолияның және әлемнің басқа да елдерiнiң аумағындағы ежелгі түркi сына жазулар ескерткiштерiн табу мен олардың көшiрмелерiн жасау жұмысы жалғасады. Ұлытауда Қазақстанның мемлекеттік тұтастығы мен халықтары бiрлiгiнiң нышаны - мүсiнтас тұрғызылатын болады. Мәдени және аралас мұра объектiлерiн күзету аумақтарының шекарасы, өңiрлерi белгiленiп, Дүниежүзiлiк мұраның күнiлгерi тiзiмiне енген объектілердiң деректер базасы жасалып, Қожа Ахмет Иассауи кесенесiн басқару мен сақтау жөніндегi менеджмент жоспар жасалады.

3.3. Ұлттық және әлемдiк ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиет басылымдарының дестелерiн әзiрлеу

      Әлемдiк мәдениеттің көрнектi ойшылдарының, әдебиетшiлерi мен қайраткерлерiнiң таңдаулы шығармаларының кең ауқымын қазақ тілдi оқырманға таныстыру және гуманитарлық бiлiм берудiң мемлекеттiк тілдегi толыққанды қорын жасау мақсатында әлемдiк ой-сананың таңдаулы жетiстiктерiнің негiзiнде iргелi әдеби-көркем және ғылыми басылымдарды әзiрлеп, шығару қажет. Баспа қызметiнiң ерекшелiгiн және әлем әдебиетi классиктерiнiң шығармаларын, ғылымның түрлi салалары бойынша еңбектердi аударуды ұйымдастырудағы алда тұрған жұмыстың көлемiн ескере отырып, кейбiр басылымдарды шығару кейiнгi жылдарда да жалғасатын болады.
      "Фольклортану, әдебиеттану және өнертану" - қазақтың халық ауыз әдебиетiн бiрiктiретiн "Бабалар сөзi" кiтабының дестесiнде беріледі, ол жүздеген жылдар бойына қалыптасып, қазақтардың халық ауыз әдебиетiнiң бай мұрасын бейнелейтiн ертегiлерден, аңыздардан, эпостық шығармалар мен тарихи дастандардан тұрады.
      Тағы бiр орасан зор құндылық "Қазақ әдебиетінiң тарихы", ол бiрнеше ғасырлар бойына Қазақстанда қалыптасқан, көркем әдеби ойдың түп-төркінінiң тарихы туралы әңгiмелейдi, Қазақстанның жазушылары мен ақындары шығармашылығының негiзгі үрдiстерi мен ерекшелерiн ашып көрсетедi.
      "Көркем әдебиет" - осы бағытта әлемдiк классиканың етiстiктерi орын алған. "Әлемдiк әдебиет кiтапханасы" дестесi Еуропа, Америка, Австралия, Африка, сондай-ақ Азия елдерiнiң алдыңғы қатардағы әдеби шығармашылығын қамтиды.
      "Философия" - қазақ халқының бай философиялық мұрасынан мағлұмат беретiн шығармалардың таңдаулы үлгiлерiн бiр жерге бiрiктiруге жасалған алғашқы қадам, ол "Қазақ халқының ежелгі уақыттан осы күндерге дейiнгi философиялық мұрасы" дестесiн шығару болады. Ұлы Даланың көрнектi ұлдарының - Қорқыт Атадан басталып Абай мен Шәкәрiмнiң дүниетанымында жалғасын тапқан философиялық көзқарастар, шындығында, әлемдiк ізгi рухани мәдениеттiң маржандары болып саналады. "Әлемдiк философиялық мұра" дестесi Батыс пен Шығыстың ежелгi уақыттан осы күндерге дейiнгi көрнектi ойшылдарының философия тарихы туралы iргелi еңбектерiн, неғұрлым танымал шығармаларын қамтиды, олардың алдында философиялық мектептер мен бағыттардың қысқаша сипаттамалары, авторлардың өмiрбаяны берiлген.
      "Тарих ғылымы" - "Қазақстанның тарихы бойынша жазба деректер" жобасы Қазақстанның тарихы бойынша ежелгі уақыттан осы күндерге дейiнгi жазба деректердiң мемлекеттiк тілдегi бiрнеше дестелерiн басып шығаруға дайындықты көздейдi, олардың iшінде Геродоттың, Птолемейдiң еңбектерi, сондай-ақ аса маңызды араб, парсы, түркi тілдi, қытай, моңғол, орыс және батыс жазба дерек көздерi қамтылған.
      "Әлемдiк тарихи ой-сана" дестесiне әлемнің көрнектi ойшылдары мен ғалымдарының адамзат өркениетерiнің, мәдениетiнiң, елдер мен халықтардың даму проблемаларына арналған трактаттары кiредi.
      "Археология, тарих пен мәдениет ескерткiштерi" дестесiне - "Тарих пен мәдениет ескерткiштерiнiң жинағы" кiтаптары Қазақстанның археологиясы мен тарихының жылжымайтын ескерткiштерiнiң тарихи және көркемдiк құндылығы қысқаша баяндала отырып, халықтың тарихы және оның қолөнерi иллюстрациялармен кеңiнен мәлiметтер бередi. Қазақ халқының тарихи мұрасын зерделеудiң тұтастай жүйесiн жасауға ықпал ететiн альбомдар дестесi де қызығушылық туғызады. Олардың арасында "Қазақстанның археологиясы"," Қазақстанның петроглифтерi" бар.
      "Мәдениеттану" - "Әлемдiк мәдениеттану ой-санасы" жобасына мәдениеттанудың "мәдениет" және "өркениет", "мәдени құндылықтар" және "мәдени құбылыстар", "мәдениет субъектiсi" және "мәдени мұра", "мәдениеттегi дәстүрлер мен жаңалықтар", "мәдениеттiң типтерi" және басқалары секілдi негiзгi ұғымдарына арналған өткеннiң ойшылдарының көптеген трактаттарының аудармалары мен қазiргi ғалымдардың монографиялары енген.
      "Этнография және антропология" - "Қазақтың халықтық дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптары" иллюстрациялы кiтап-альбомдары дестелерiнде халықтың дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптары сипатталып, қазақтардың мәдени құндылықтары мен қолөнерi туралы мәліметтер беріледi.
      "Заң ғылымы" - "Қазақтар құқығының ежелгi дүниесi" кiтаптарының дестесi белгілi билердің қазақ халқының бiрлiгiн және оның аумағының тұтастығын сақтауға, қоғамды имандылық тұрғысынан сауықтыруға үндеген шешендiк сөздерi, нақылдары мен қарасөздерi жинақталған, оларда адамды сүюдің, татулық пен әділдiк қағидалары, сондай-ақ қазақтар құқығының ережелерiнiң жазбалары мен жинақтары берiлген.
      "Әлеуметтану" - бұл бағыт "Әлемдiк әлеуметтану ой-санасы" дестесінде берiліп, онда қоғамда тұлғаның қалыптасуы мен оның әлеуметтенуi, әлеуметтiк институттардың қалыптасуы мен әлеуметтiк үдерiстердiң мәнi мәселелерi жөнiндегi көптеген зерттеулерге, сондай-ақ әлеуметтану iлiмiнің қазiргi таңдағы теориялары мен мектептерiне арналған.
      "Саясаттану" - "Әлемдiк саясаттану ой-санасы" дестесiнде Ежелгi дүниенiң, Орта ғасырдың, Жаңа және Жаңаша уақыттың негiзгi саяси және құқықтық доктриналары туралы мағлұмат беретiн, сондай-ақ саяси-құқықтық идеологияның даму сатыларын оның дүниетанымдық негiздерiмен және теориялық мазмұнымен бiрлiкте бейнелейтiн түрлi дәуiрлердегi дүние ойшылдарының мәтіндерi жинақталған.
      "Психология" - "Әлемдiк психологиялық ой-сана" дестесi әлемдік психологиялық ой-сананың жүздеген жылдар бойындағы түп-төркінінің тарихын бейнелеп, ғылыми психологиялық ой-сананың неғұрлым танымал өкілдерiнiң еңбектерiн қамтиды.
      "Экономика ғылымы" - "Экономика классикасы" кітаптарының дестесi ғалымдар мен ойшылдардың экономика жөніндегі теориялық мұрасына арналады, ол қоғам дамуының, шаруашылық жүргiзу нысандары мен экономикалық идеялардың диалектикалық бiрлiгiнiң әдiснамалық тәсiлiне негiзделген. Осы дестенiң әрбiр томы классикалық, кейнстiк, институционалдық, монетарлық және басқа да жетекшi экономикалық мектептердiң негiзгi қағидалары мен есiмдерi туралы мағлұмат беретiн ақпараттық материалдар мен мәтiндердi қамтитын болады.
      "Тiл бiлiмi" - осы бағыттың дестелерiнде қазақ әдеби тілiнің дамуы жөнiнде неғұрлым толық мәлiмет беретiн және оның лексикасының баюына ықпал ететiн қазақ тiлiнiң түрлi түсiндiрме сөздiктерi, синонимдер сөздiгi, диалектологиялық және этимологиялық сөздiктер берiлген.
      "Мұрағат және кiтапхана iсi" - "Қазақ элитасының жазған хаттары мұрасы" жинағына Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттiк мұрағатында және Ресей Федерациясының мұрағат қорында табылған қазақ қоғамындағы билiк басындағылардың - ұлттық ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның көрнектi қайраткерлерiнiң хаттарының ауқымды кешенi енедi.
      "Энциклопедиялар" - осы бағыттың дестелерi қазақ мәдениетiнiң тарихы, ерекше әдеби жанрлар мен өнердiң бағыттары туралы мағлұмат беретiн әдебиет, мәдениет және өнер жөнiндегi энциклопедиялар мен энциклопедиялық анықтамалықтардың алуан түрлi ауқымын қамтиды. Қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiндегi "Қазақстан Республикасы" энциклопедиясы жан-жақты сипаттамаларды, статистикалық материалдарды, бай иллюстрацияларды, фотосуреттердi, схемалар мен диаграммаларды қамтиды.
      "Бейнелеу өнерi" - Қазақстан бейнелеу өнерiнiң бағалы үлгiлерi осы бағыттың фото- және бейнеальбомдарында көрiнiс табады. "Қазақстан суретшiлерi" атты жеке дестеде Ә.Қастеев, O.Таңсықбаев, С.Калмыков және басқалар секілдi қазiргi таңдағы талантты шеберлердің шығармашылығына арналған бейнелеу альбомдары шығарылды.

4. Қажеттi ресурстар және қаржыландырудың
негiзгi көздерi

      Бағдарламаны қаржыландыру республикалық бюджеттің есебiнен жүзеге асырылатын болады. Қаржыландырудың жалпы көлемi - 1933,6 млн. теңге, оның iшінде 2004 жылы - 641,65 млн.; 2005 жылы - 631,7 млн.; 2006 жылы - 660,2 млн. теңге. Бағдарламаны қаржыландырудың 2005-2006 жылдарға арналған көлемi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің болжамды көрсеткіштерiнің аясында нақтыланатын болады.
      Ұлттық әлемдiк ғылыми ой-сананың, мәдениеттің, әдебиеттiң шығарылуы кейiнгі жылдарда аяқталатын кең көлемдi дестелi басылымдарын қаржыландыру мәселелерi белгіленген тәртiппен қаралатын болады.

5. Бағдарламаны іске асырудан күтiлетін нәтиже

      Бағдарламаны iске асыру ұлттың рухани-білiм беру және зияттық-мәдени деңгейiнің көтерілуіне, өскелең ұрпақты әлемге ортақ құндылықтар, қазақстандық отансүйгiштiк рухында тәрбиелеуге, қоғамды одан әрi топтастыруға ықпал етедi.
      Нәтижесінде:
      тарих пен мәдениеттiң 30-дан астам маңызды ескерткiштерi қайта жаңғыртылады;
      32 ежелгi және орта ғасырлық археологиялық кенттер мен қоныстарды ғылыми зерттеу, тұмшалау, абаттандыру, мұражайға айналдыру және туристiк мақсатта пайдалану жөнінде жұмыстар жүргiзіледi;
      мәдени инфрақұрылым кеңейтiледi, тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттау мен кеңiнен таныстыру жөнiндегі қызмет жанданады;
      мәдени мұраны зерделеудің тұтастай жүйесiн жасау жөнінде шаралар iске асырылады;
      Ұлттық кiтапхана жанында ұлттық кiтап раритеттерін табу мен сатып алу, кiтаптар мен ежелгі қолжазбаларды қалпына келтiру жөнiндегi орталық, Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты жанында қазiргi заманғы жабдықтармен жарақталған, мұрағат құжаттарының сақтандыру көшiрмесiн жасау және қалпына келтiру жөніндегi орталық, Президенттiк мәдени орталық базасында ұлттық тарих үшiн айрықша мәнi бар мұражай қорын қалыптастыру мен қалпына келтiру жөнiндегi орталық құрылады;
      16 бағыт бойынша түрлi кiтаптар дестелерi шығарылады;
      Қазақстанның мемлекеттiк тұтастығы мен халықтары бірлігінің нышаны - мүсінтас тұрғызылады;
      деректер базасы жасалады, ЮНЕСКО-ның күнiлгерi тiзiмiне енгiзiлген мәдени және аралас мұра объектiлерiн күзетудiң аумақтары мен өңірлерінiң шекарасы белгiленедi;
      елдің қорларында, мұрағаттары мен қоймаларында сақталған аса көрнектi ауызекi кәсiби дәстүрде орындаушы-музыканттардың фоножазбалары қалпына келтiрiлiп, қазiргi заманғы аудиотаспаларға көшiріледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады