"Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкңметінің 2003 жылғы 29 желтоқсандағы N 1333 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      "Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісінiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

"Құқықтық тәртiпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы
туралы" Қазақстан Республикасының Заңы

      Осы Заң құқықтық тәртiп пен қоғамдық қауiпсiздiктi қорғауға Қазақстан Республикасы азаматтарының өз еркiмен қатысуына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

      1-бап. Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы заңнама

      1. Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң нормаларынан тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ережелерден өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      2-бап. Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы

      1. Құқықтық тәртiптi қамтамасыз eтуге азаматтардың қатысуы осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес құқық қорғау органдарына ерiктi түрде жәрдемдесуi арқылы жүзеге асырылады.
      2. Құқық тәртiбiн қамтамасыз етуге қатысушы азаматтар өз қызметiн заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен еркiндiгiн құрметтеу және сақтау қағидаттары негiзiнде жүзеге асырады.

      3-бап. Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы мәселелерi бойынша жергiлiктi өкiлеттi және атқарушы органдардың құзыретi

      1. Жергiлiктi өкiлеттi органдар құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуде құқық қорғау орындарында жәрдемдескен азаматтарды көтермелеуге қаражат бөлуге қатысты бюджеттiк бағдарламаларды қарайды және бекiтедi.
      2. Жергiлiктi атқарушы органдар:
      1) құқық тәртiбiн қамтамасыз етуге қатысушы азаматтарды тіркейдi және олардың есебiн жүргiзедi;
      2) құқық тәртiбiн қамтамасыз етуге қатысушы азаматтарды көтермелеу жөнiндегi комиссияны құрады;
      3) құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысушы азаматтарға ақшалай сыйақы берудiң мөлшерiн анықтайды және көтермелеудiң тәртiбiн белгiлейдi.

      4-бап. Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы мәселелерi бойынша құқық қорғау орындарының құзыретi

      Құқық қорғау орындары:
      1) бақылау-қадағалау функцияларымен байланысты емес құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға азаматтарды тартудың тәртiбiн, нысандары мен түрлерiн белгiлейдi;
      2) құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысушы азаматтар куәлігінiң үлгiсiн және жеңге тағатын эмблеманың (байламның) рәмiзiн әзiрлейдi және бекiтедi.
      3) құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысушы азаматтар қызметiнiң мәселелерi бойынша жергiлiктi атқарушы органдармен өзара iс-қимыл жасасады;
      4) құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысушы азаматтарға құқық бұзушылықтың жолын кесу мен құқық бұзушыны ұстау кезiндегi олардың қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғау және өзiн-өзi қорғау жөнiндегi құқықтарын түсiндiредi, сондай-ақ осы мәселелер бойынша оларға өзге де құқықтық көмек бередi.

      5-бап. Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысушы азаматтарды тiркеу

      1. Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысушы азаматтар тиiстi жергiлiктi атқарушы органда мiндеттi тiркелуi тиiс. Осы мақсатта, құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысуға ниет бiлдiрген азамат жеке куәлiгiнiң немесе Қазақстан Республикасының азаматы паспортының көшiрмелерiн және оның медициналық сақтандырылғандығын растайтын құжатты қоса бере отырып, құқық қорғау органына өтiнiш бiлдiредi.
      2. Өтiнiштi қабылдап алған құқық қорғау органы өтiнiшi келiп түскен күнiнен бастап бiр ай мерзiмде осы азаматты наркологиялық және психоневрологиялық есепке алу бойынша, сондай-ақ қылмыстық жауапкершiлiкке тартылуы мәнiне тексередi, ұсынылған құжаттар мен тексеру нәтижелерiнiң көшiрмелерiн қосып, жергiлiктi атқарушы органға тиiстi өтiнiш білдіредi немесе өтiнiш иесiне бас тарту шешiмiн қабылдау себебi көрсетiле отырып, жазбаша жауап жiбередi.
      3. Жергiлiктi атқарушы орган келiп түскен өтiнiштi жетi жұмыс күні iшiнде қарайды, құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге ниет бiлдiрген азаматты тiркейдi және есепке алады, ол туралы құқық қорғау органын жазбаша түрде хабардар етедi.
      4. Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысуға кәмелетке толмағандар, оларға қатысты қылмыстық iс қозғалған немесе заңда белгiленген тәртiп бойынша соттылығы жойылмаған немесе алынбаған азаматтарға, сондай-ақ наркологиялық немесе психоневрологиялық ауытқулары бар ауру адамдарға рұқсат етiлмейдi.
      5. Өтiнішті қабылдамауға негiз болған себептер жойылған жағдайда өтiнiш иесiнiң қайта өтiнiш беруiне кедергi болмайды.
      6. Құқықтық тәртіптi қамтамасыз етуге азаматтың қатысуын тоқтатуға мыналар:
      құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге одан әрi қатысуға ниетiнiң жоқтығы туралы өтiнiшi;
      қылмыстық жауапкершiлiкке тартылуы;
      ұдайы (бiр жылда екi және одан да көп) қасақана әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасауы;
      оның Қазақстан Республикасының тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетуі;
      құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысуын болдырмайтын мән-жайлардың туындауы (психикалық, наркологиялық ауруы немесе Қазақстан Республикасы Yкiметi бекiткен тiзбеге сәйкес қоршаған ортаға қауiп төндiретін ауруы, өлiмi) негiз болып табылады.
      7. Осы баптың 6-тармағында көрсетiлген мән-жайлар туындағанда, жергiлiктi атқарушы орган тиiстi құқық қорғау органының ұсынысы бойынша мұндай азаматты құқықтық тәртіптi қамтамасыз етуге қатысушы азаматтардың есебiнен шығарады.

      6-бап. Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысушы азаматтардың қызметiн шектеу

      Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысушы азаматтарға:
      1) заңнамаға сәйкес құқық қорғау және басқа да мемлекеттiк органдардың ерекше құзыретiне жататын процессуалдық және өзге де қызметтi жүзеге асыруға;
      2) құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң өкiлеттiктерiн иемденуге;
      3) құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң заңды қызметiне бөгет жасауға;
      4) құқықтық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға қатысу кезiнде куәгер болуға;
      5) адамның және азаматтың ары мен абыройын түсiретiн немесе азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектейтiн iс-әрекеттер жасауға;
      6) құқықтық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға қатысу кезiнде осы Заңның 7-бабының 3-тармақшасында көрсетiлген өзiн-өзi қорғау құралдарын қоспағанда құқық қорғау орындарының қару-жарағында болатын арнайы құралдарды пайдалануға тыйым салынады.

      7-бап. Құқықтық тәpтiпті қамтамасыз етуге қатысушы азаматтардың құқықтары

      1. Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысушы азаматтар:
      1) бақылау-қадағалау функцияларымен байланысы емес құқықтық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегі iс-шараларда құқық қорғау органдарына жәрдемдесуге;
      2) қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге;
      3) өзiн-өзi қорғау құқық бұзушылықтың жолын кесу және құқық бұзушыларда ұстау мақсатында, егер де бұл мақсаттарға өзге құралдармен қол жеткізу мүмкiн болмаса және бұл ретте қажеттi шаралар шегінен шықпаған жағдайда заңда белгіленген тәртiппен сатып алынған газды қаруды және дене күшiн қолдануға;
      4) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-iс жүргізу кодексiнiң 133-бабында көрсетілген жағдайларда, егер қылмыс жасап ұсталған адамда қару және қылмыстық іс үшiн мәнi бар өзге де қауiптi заттар бар деп ұйғаруға негiз болса, ұсталушының киімiн тексеруге және ондағы заттарды құқық қорғау органына беру үшiн алып қоюға;
      5) Құқық бұзушыларға құқықтық тәртiптi қамтамасыз ету мақсатында оларға қатысты қолданылатын шаралардың себептеpi мен негіздерiн және осыған орай туындайтын мұндай iс-әрекеттерге шағым беру құқықтарын түсіндіруге құқылы.

      8-бап. Көтермелеу шаралары

      1. Мыналар:
      1) алғыс жариялау;
      2) грамотамен марапаттау;
      3) ақшалай сыйақы беру;
      4) жергiлiкті өкiлеттi және атқарушы органдар өз құзыретi шегінде белгілейтiн өзге де шаралар құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысушы азаматтарды көтермелеу шаралары болып табылады.
      2. Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысушы азаматтарды құқық қорғау органының ұсыным хаты бойынша көтермелеу мәселелерiн тиiстi әкімдiктің шешiмiмен құрылған комиссия қарайды.
      3. Комиссия құрамына жергілiкті өкiлеттi және атқарушы органдардың, сондай-ақ азаматты көтермелеуге ұсынған құқық қорғау органының өкiлдері кiредi. Бұл комиссия сондай-ақ қылмыстардың алдын алуға, жолын кecугe немесе оларды ашуға септiгiн тигізген, осы Заңда белгiленген тәртіппен жергiлiктi атқарушы органдарында тiркелмеген азаматтарды да көтермелеуге құқылы.

      9-бап. Құқықтық тәртiпті қамтамасыз етуге қатысушы азаматтардың қауiпсiздігін қамтамасыз ету кепiлдiктepi

      Құқық тәртiбiн қамтамасыз етуге қатысушы азаматтар мемлекеттің қорғауында болады. Құқық тәртібiн қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға қатысуға байланысты көрсетiлген азаматтарға қатысты заңсыз iс-әрекеттер жасау заңда белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады