"Қазақстан Республикасындағы кредиттiк бюро және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Ресупбликасы Үкіметінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы N 1364 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      "Қазақстан Республикасындағы кредиттiк бюро және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюро және
кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) кредиттiк тарихтың деректер базасы - ақпараттық pecуpc ретiндегi қалыптасуы мен жүргiзiлуiн кредиттiк бюро жүзеге асыратын кредиттiк тарихтар жиынтығы;
      2) кредиттiк ақпарат беру және/немесе кредиттiк есептердi алу туралы шарт - осы Заңда көзделген шарттарда және тәртiппен кредиттік бюро мен ақпарат жеткiзушi арасына жасалатын шарт;
      3) кредиттiк ақпарат - кредиттік тарихты қалыптастыру жөнiндегi қатынастарға қатысушылар беретiн және қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық сандық қол қою туралы заңдарына сәйкес электрондық сандық қол қоюмен куәландырылатын электрондық және қағаз тасымалдағыштардағы мәлiметтер;
      4) кредиттiк тарих - кредиттік тарих субъектiсi туралы кредиттік ақпарат жиынтығы;
      5) кредиттiк бюро - кредиттiк тарихты қалыптастыруды, кредиттік есептер ұсынуды және өзге де қызмет көрсетудi жүзеге асыратын ұйым;
      6) кредиттiк есеп - кредиттiк тарихтағы кредиттік ақпаратты толық немесе iшiнара беру нысаны;
      7) кредиттiк есептi алушы - кредиттік есепті алуға бар тұлға;
      8) ақпарат жеткiзушi - кредиттік бюроға кредиттiк ақпарат бepуші ұйым;
      9) кредиттiк есептi ұсыну - кредиттiк тарихтағы ақпаратты беру (толық көлемде немесе iшiнара) жөнiндегi кредиттік бюроның қызметі;
      10) жазбаша нұсқау - кредиттiк бюроға нeмece ақпарат жеткізушіге анықталған кемшiлiктердi белгіленген мерзiмде жоюға бағытталған орындалуы мiндеттi түзету шараларын қабылдау туралы нұсқау;
      11) кредиттiк тарих субъектiсi - соған қатысты кредиттiк тарих қалыптастырылатын жеке немесе заңды тұлға;
      12) уәкiлеттi орган - қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      13) шартты және ықтимал мiндеттемелер - орны жабылмаған аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдiктер мен кепілдемелер;
      14) кредиттiк тарихты қалыптастыру - осы Заңға сәйкес олар ақпарат жеткiзушілерден алған ақпаратқа, оны сақтауға, мониторингіне, нақтылауға және жаңартуға қатысты кредиттiк бюро жүзеге асыратын iс-қимыл немесе iс-қимылдар жиынтығы.

2-бап. Қазақстан Республикасының кредиттiк бюро
және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының кредиттiк бюро және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Осы Заңмен реттелген қатынастарды қоспағанда, кредиттiк тарихты қалыптастыру және кредиттік есеп беру кезiнде туындайтын, сондай-ақ кредиттiк бюроның құрылуына, жұмыс iстеуi мен қызметiн тоқтатуына байланысты және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерi қолданылатын салаға жататын қатынастар осы актiлермен реттеледi.
      3. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге де ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Кредиттік ақпаратты қалыптастыру, пайдалану
принциптерi мен шарттары

      1. Кредиттiк ақпаратты қалыптастыру мен пайдалану мынадай принциптер ескерiле отырып жүзеге асырылады:
      1) кредиттiк тарих субъектісi келiсiмiнiң болуы;
      2) барлық кредиттік тарих субъектiлерiнiң теңдiгi;
      3) ақпаратты, кредиттiк тарихтың деректер базасын және ақпараттық жүйенi мақсатты пайдалану;
      4) ақпараттың құпиялылығы;
      5) кредиттік тарихтың деректер базасын және тиiстi ақпараттық жүйелердi қорғауды қамтамасыз ету;
      6) азаматтардың жеке өмiрiне араласпау, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғау.
      2. Кредиттік бюроға кредиттік ақпарат ұсыну, кредиттік есептерді беру үшін негiздер кредиттiк тарих субъектiлерiнiң келiсiмi болып табылады.
      3. Кредиттiк тарихты қалыптастыру және/немесе кредиттiк есептi беру үшiн кредиттiк бюроға ол туралы ақпарат ұсынуға кредиттiк тарих субъектiсi келiсiмiнiң шынайылығы үшiн ақпарат жеткiзушiсi және/немесе кредиттiк есептi ұсыну туралы сұрату берген кредиттiк есептi алушы не олардың лауазымды тұлғалары жауапкершiлiк атқарады.

2-тарау. Кредиттiк бюроның қызметi және кредиттік тарихты
қалыптастыру саласында мемлекеттiк реттеу, қадағалау мен бақылау

4-бап. Кредиттік бюроның қызметi және кредиттiк тарихты
қалыптастыру саласында pеттеу, қадағалау мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар

      Кредиттік бюроның қызметi және кредиттiк тарихты қалыптастыру саласында мемлекеттiк реттеу мен қадағалауды уәкілеттi орган жүзеге асырады.
      Ақпараттандыру саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды және мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган осы Заңның ережелерiн ескере отырып, кредиттік тарихты қалыптастыру жөнiндегi кредиттiк бюроның және ақпарат жеткiзушілердiң қызметiне, ақпараттандыру және электрондық құжат айналымы мәселелерi бойынша бақылауды жүзеге асырады.

5-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкілеттi органның құзыретiне:
      1) кредиттiк бюроның қызметi және кредиттік тарихты қалыптастыру саласында мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын iске асыру;
      2) өз құзыреті шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердi, оның iшiнде кредиттiк тарихтың деректер базаларын сертификаттау, қалыптастыру мониторингі және осы базаларды құру үшiн қажетті ақпараттық жүйелердi пайдалану жөніндегi қызметтi реттейтiн, ақпараттандыру саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды және мемлекеттік реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша нормативтік құқықтық актiлердi қабылдау;
      3) өз құзыреті шегiнде ақпараттандыру саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды және мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органмен және ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн басқа да органдармен келiсiм бойынша белгіленген тәртiппен кредиттiк тарихтың деректер базаларын орналастыру үшiн пайдаланылатын ақпараттық жүйелердi және көрсетілген ақпараттық жүйелердiң қорғау құралдарын қалыптастыру және пайдалану кезiнде қолданылатын жабдықтың және бағдарламалық қамтамасыз етудiң мiндетті түрде сертификатталуына байланысты талаптарды кредиттiк бюроның орындауын қамтамасыз ету бойынша шараларды жүзеге асыру;
      4) кредиттiк бюро үй-жайының және жабдығының негiзгі қызметтi бастауға техникалық дайындығын тексеру;
      5) кредиттiк бюро қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиялар беру;
      6) уәкiлетті органның нормативтік құқықтық актілерiнде көзделген тәртiппен Қазақстан Республикасының кредиттік бюро және кредиттiк тарихшы қалыптастыру туралы заңдарын сақтау мәселелерi бойынша кредиттiк бюроның, ақпарат жеткізушілердiң қызметіне инспекциялау (тексеру) жүргiзу;
      7) кредиттiк бюроларға, ақпарат жеткiзушілерге Қазақстан Республикасының кредиттiк бюро қызметi және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы анықталған заң бұзушылықты жою жөнiнде жазбаша ұйғарым жiберу;
      8) кредиттiк бюроға санкциялар қолдану;
      9) кредиттiк бюро қызметi және кредиттiк тарихты қалыптастыру мәселелерi бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау;
      10) кредиттiк бюроның қызметін тоқтату туралы шағым-талаппен сот органдарына жүгіну жөнiнде осы Заңда көзделген негіз бойынша шешiмдер қабылдау.

3-тарау. Кредиттiк бюроны құру және қызметi

6-бап. Кредиттiк бюро және оның құрылтайшылары

      1. Кредиттiк бюро акционерлiк қоғам нысанында құрылатын және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыс iстейтiн коммерциялық ұйымдар болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасында заңды тұлғалар жөнiндегi кредиттік бюро және жеке тұлғалар жөнiндегі кредиттік бюро құрылады және жұмыс iстейдi.
      3. Кpeдиттiк бюро қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензияны уәкiлеттi орган бередi.
      4. Заңды тұлғалар жөнiндегi мемлекеттiк кредиттiк бюроның құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi болып табылады.
      5. Кредиттiк бюроны заңды және жеке тұлғалар құрады. Шешiмдер қабылдаған кезде кредиттiк бюро құрылтайшыларының (акционерлерiнiң) өздерiне тиесiлi акциялар пакетiнiң мөлшерiне қарамастан, бiреуден артық дауысы болмайды.
      Кредиттiк бюро құрылтайшылары (акционерлерi) кредиттік бюродан кредиттiк есептi алу кезiнде қандай да бiр артықшылықтарға ие болмайды.

7-бап. Кредиттiк бюро жүзеге асыратын қызмет түрлерi

      1. Кредиттiк бюро қызметiнiң негiзгi түрлерi кредиттiк тарихты қалыптастыру және кредиттiк есептер ұсыну болып табылады.
      2. Кредиттік бюро:
      1) кредиттік тарихты қалыптастыру жөнiндегі қатынастарға қатысушылардың қызметiн автоматтандыру үшiн пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етудi iске асыруды;
      2) кредиттiк бюроның қызметiне қатысты арнайы әдебиеттi және өзге де ақпараттық материалдарды iске асыруды;
      3) кредиттік тарихты қалыптастыру жөніндегi қатынастарға қатысушыларды ақпараттық қамтамасыз етуге байланысты консультациялық қызметтер көрсетудi;
      4) өздерi әзiрлеген әдiстеме негiзiнде жүзеге асырылатын кредиттік тарих субъектiлерiнiң кредит қабiлеттілiгiн бағалауды;
      5) маркетингтік және статистикалық зерттеулердi қосымша жүзеге асыруға құқылы.
      3. Кpeдиттік бюро осы бапта көзделмеген қызметтің өзге де түрлерiн жүзеге асыруға құқылы eмeс.

8-бап. Кредиттiк бюроға кредиттiк тарихтың деректер базасын
және пайдаланылатын ақпараттық жүйелердi қорғауға және сақталуын қамтамасыз етуге қойылатын талаптар

      Кpeдиттiк бюро өз қызметiнде мынадай ұйымдастыру-техникалық шаралардың және технологиялық талаптардың орындалуын қамтамасыз eтуге мiндеттi:
      1) ақпараттық жүйелердi, кредиттiк тарихтың деректер базасын және өзге де құжаттарды қауiпсiз орналастыру мен пайдалану үшiн өзiнiң техникалық және өзге де үй-жайларының болуы;
      2) кредиттік тарихтың деректер базасын және көрсетiлген ақпараттық жүйелердiң қорғау құралдарын орналастыру үшiн ақпараттық жүйелердi қалыптастыру мен пайдалану кезiнде сертификацияланған жабдықты және бағдарламалық қамтамасыз етудi қолдану;
      3) ақпарат жеткiзушiлермен және кредиттiк есептердi алушылармен жасалатын шарттарға кредиттiк тарихтың деректер базасын және пайдаланылатын ақпараттық жүйелердi қорғау жөнiнде ұйымдастыру, техникалық және технологиялық шараларды мiндетті бiрлесiп iске асыру, сондай-ақ уәкілеттi органның және ақпараттандыру саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды және мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын ескере отырып, осы Заңда айқындалған тұлғалардың ақпараттық қауiпсiздiгін қамтамасыз ету туралы шарттардың енгізілуін қамтамасыз ету;
      4) уәкiлетті органға және ақпараттандыру саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды және мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органға пайдаланылатын ақпараттық жүйелердегi iркiлiс фактiлерi, анықталған кемшiлiктердiң себептерi және қабылданған шаралардың сипаты туралы уақтылы хабарлау.

9-бап. Лицензия беру

      Кредиттiк бюроның қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензия алу үшiн лицензиат уәкiлетті органға мынадай құжаттарды ұсынуы тиiс:
      1) лицензия беру туралы өтiнiш;
      2) мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң нотариат куәландырған көшiрмесi;
      3) мемлекеттік тiркеуден өткiзiлген құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшiрмелерi;
      4) кредиттiк бюроның қызметiн техникалық қамтамасыз етуге уәкiлеттi орган қоятын шарттарға лицензиаттың сәйкестiгiн растайтын құжаттар;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген лицензиялық алымның төленгенiн растайтын құжат.

10-бап. Кредиттiк бюроның қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензия беруден бас тарту

      Осы Заңның 9-бабында белгiленген талаптарды сақтамаған жағдайда не қызметтiң осы түрiмен айналысуға оған тыйым салатын соттың өтiнiш берушiге қатысты шешiмi болған кезде кредиттiк бюроның қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензия беруден бас тарту жүзеге асырылады.

11-бап. Жазбаша нұсқау және санкциялар

      1. Кредиттiк бюроның қызметі және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған жағдайда уәкiлеттi орган кредиттік бюроға немесе ақпарат жеткiзушiге анықталған жөнсiздiктердi жою туралы жазбаша нұсқау жiберуге құқылы.
      2. Уәкiлеттi орган санкция ретiнде мынадай шараларды қолдануға:
      1) кредиттiк бюро лицензиясының қолданылуын тоқтата тұруға;
      2) заң актiлерiне сәйкес кредиттiк бюроның лицензиясын қайтарып алуға құқылы.
      3. Уәкiлеттi орган кредиттiк бюроның лицензиясын қайтарып алғаннан кейiн он жұмыс күнi iшiнде заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен кредиттiк бюроның қызметiн мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы сотқа шағым-талаппен жүгінедi.

12-бап. Кредиттiк бюро лицензиясының
қолданылуын тоқтата тұру

      1. Кредиттiк бюро лицензиясының қолданылуы:
      1) осы Заңның 8-бабында белгiленген талаптарды сақтамау;
      2) лицензия беру үшiн негiз болып табылатын құжаттарда шынайы емес ақпарат беру фактiсiнiң анықталуы;
      3) уәкiлеттi органның кредиттiк бюроның қызметi және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылықтарды жою жөнiндегi жазбаша нұсқауын орындамау негiздерiнің бiреуi бойынша алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн.
      2. Кредиттік бюро лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру оның қызметiн жүзеге асыруға тыйым салуға әкеп соғады.
      3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұру негiздерi және мерзiмi көрсетiлуге тиiс.
      Мұндай шешiм кредиттiк бюроның атқарушы органына жiберiлген күннен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатылды деп саналады.

13-бап. Кредиттiк бюроның лицензиясын қайтарып алу

      Уәкiлеттi орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
      1) лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға негiз болған себептердi белгiленген мерзiмде жоймаса;
      2) лицензияның қолданылуы соңғы он екi айдың iшiнде бiрнеше рет тоқтатылса;
      3) жүзеге асыруға лицензиясы бар қызметтің түрiмен айналысуға лицензиатқа сотпен тыйым салғанында;
      4) лицензиат кәсiпкерлiк қызметін тоқтатқанда;
      5) лицензия алу кезiнде лицензиат көрiнеу жалған ақпарат бергенде кредиттiк бюро лицензиясын қайтарып алу жөнiнде шешiм шығаруға құқылы.
      Кредиттiк бюроның лицензиясы заң актiлерiне сәйкес қайтарып алынады.

14-бап. Кредиттік бюроны қайта ұйымдастыру және тарату

      Кредиттiк бюроны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заң актiлерінде көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

15-бап. Iшкi құжаттарды, ақпаратты сақтау және кредиттiк тарихтың деректер базасын жою негiздерi

      1. Кредиттiк бюроның қызметi туралы iшкi құжаттарды және кредиттiк тарихтың деректер базасына енгiзiлетiн ақпаратты сақтау тәртiбiн кредиттiк бюро айқындайды.
      2. Кредиттiк бюроны қайта ұйымдастыру немесе тарату кезеңiнде (қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешiм күшiне енген сәттен бастап) кредиттiк тарихтың деректер базасы уәкiлеттiк органға берiледi.
      Кредиттiк бюроны қайта ұйымдастыру немесе тарату аяқталғаннан кейiн оны кредиттiк бюро ретiндегi қызметке уәкiлеттiк берiлген таратылатын тұлғаларға немесе басқа заңды тұлғаларға берудiң (иелігінен айырудың) заңды негiздерi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган кредиттік бюроның кредиттiк тарихының деректер базасын жояды.
      3. Кредиттік бюроның осы баптың 2-тармағында көзделген негіздер бойынша кредиттiк тарихтың деректер базасын уәкiлетті органға беру тәртібi уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актілерiнде айқындалады.

4-тарау. Кредиттiк тарихты қалыптастыру жөнiндегі қатынастарға қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi

16-бап. Кредиттік бюроның құқықтары

      Кредиттiк бюро:
      1) кредиттік ақпарат беру және/немесе кредиттік есептердi алу туралы осы Заңда айқындалған тұлғалармен шарттар жасауға;
      2) ақпарат жеткізушілерден кредиттік тарих субъектiсiнiң ол туралы мәліметтерді кредиттік бюроға ұсынуға келісім берудi, сондай-ақ кредиттік тарих қалыптастырылатын толық әрi шынайы ақпарат берудi талап етуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен филиалдар мен өкілдiктep ашуға;
      4) осы Заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген қызметті қосымша жүзеге асыруға;
      5) Қазақстан Республикасының заң актілерінде және осы Заңға сәйкес жасалған шарттарда көзделген өзге де құқықтарды иеленуге құқылы.

17-бап. Кредиттік бюроның мiндеттерi

      Кредиттік бюро:
      1) кредиттiк бюроға ол туралы мәлiметтердi беруге кредиттiк тарих субъектісi келiсімiнiң ақпарат жеткiзушiлерде болуын тексеруге;
      2) кредиттік тарихты қалыптастыруды жүзеге асыруға;
      3) кредиттiк тарих субъектiсiнiң келiсiмi болған кезде кредиттiк есептерді беруге;
      4) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, кредиттік тарихтардағы ақпаратты ашуға жол бермеуге;
      5) кредиттiк тарих субъектiсiне кредиттiк есептеп ақпаратпен негізді түрде келiспеген жағдайда түзетiлген кредиттік есепті беруге;
      6) кредиттік тарих субъектiсiне кредиттік тарих субъектісi даулайтын ақпарат берген жеткізушiнiң мәлiметiн ұсынуға;
      7) кредиттік есеп ұсыну туралы сұрату Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын бұзу арқылы жасалған болса, кредиттiк есепті беруден бас тартуға;
      8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз қызметi туралы есеп жүргізуге және есеп бeругe;
      9) жеткiзушiге шынайы емес ақпаратты түзеу туралы талаппен өтінiш жасауға;
      10) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңдарына және Қазақстан Республикасының кредиттiк бюро мен кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңдарына сәйкес ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйенi пайдалануға;
      11) ақпарат жеткiзушiге ақпаратты жiберу шығындарын өтеуге және меншiктi қаражаты есебiнен кредиттiк тарихтың деректер базасын қолдауға;
      12) Қазақстан Республикасы заңдарының және/немесе кредиттiк ақпарат беру және/немесе кредиттік есептердi алу туралы шарттың өзге де талаптарын сақтауға мiндетті.

18-бап. Ақпарат жеткiзушілер

      1. Мыналар:
      1) банктер және ломбардтар мен кредиттік серiктестiктердi қоспағанда, заем операцияларын жүргiзуге лицензиясы бар банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрi - банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар);
      2) тауарлар мен қызмет көрсетулердi кредитке сататын не төлемдердiң мерзiмiн ұзартатын заңды тұлға немесе жеке кәсiпкер;
      3) жылжымайтын мүлікке және онымен жасалатын мәмілелерге құқықтар тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорындар ақпарат жеткiзушілер болып табылады.

19-бап. Ақпарат жеткiзушiнiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Ақпарат жеткiзушi:
      1) осы Заңға сәйкес берілетін ақпаратты пайдалануды кредиттік бюродан талап етуге;
      2) Қазақстан Республикасының заң актілерiне және/немесе кредиттiк ақпаратты беру және/немесе кредиттік есептi алу туралы шартқа сәйкес өзге де құқықтарды иеленуге құқылы.
      2. Осы Заңның 18-бабының 1) және 2) тармақтарында көрсетiлген ақпарат жеткiзушiлер:
      1) кредиттік бюроға ол туралы мәлiметтер беру үшiн кредиттiк тарих субъектiсiнiң келiсiмiн алуға;
      2) уәкiлетті органның нормативтік құқықтық актiлерiнде және кредиттiк ақпарат беру және/немесе кредиттiк есептер алу туралы шарттарда көзделген талаптарда, көлемде және тәртiппен кредиттiк бюроға ақпарат беруге;
      3) кредиттiк тарих субъектiсiнiң талап етуi бойынша кредиттiк бюроға берiлген ақпаратты нақтылауға;
      4) кредиттік бюроға кредиттiк тарих субъектiсi туралы бар мәлiметтермен дәлме-дәл сәйкес ақпарат ұсынуға;
      5) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңдарына және Қазақстан Республикасының кредиттiк бюро және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңдарына сәйкес ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйенi пайдалануға;
      6) өз қаражаты есебiнен кредиттік ақпаратты алу және өңдеудi тиiстi шарттармен қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Осы Заңның 18-бабының 3) тармақшасында көрсетiлген ақпарат жеткiзушiлер:
      1) олар кредиттiк ақпарат беру және/немесе кредиттік есептердi алу туралы шартты жасаған жағдайда өзге де ақпарат жеткiзушiлерiне қойылатын осы Заңның талаптарын сақтауға тиiс.
      2) кредиттік бюроға кредиттік тарих субъектiлерi туралы оларда бар ақпаратты ақылы негiзде ұсынады.

20-бап. Кредиттік есепті алушы

      1. Кредиттiк есептi алушылар:
      1) банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар;
      2) тауарлар мен қызмет көрсетулердi кредитке сататын не төлемдердiң мерзiмiн ұзартатын заңды тұлға немесе жеке кәсiпкер;
      3) кредиттік тарих субъектiсi болып табылады.
      Кредиттiк ақпаратты басқа тұлғаларға беруге жол берiлмейдi.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген тұлғалар кредиттiк ақпарат беру және/немесе кредиттiк есептердi алу туралы шарттар жасағаннан кейiн кредиттiк есептердi алушылар ретiнде кредиттiк бюрода тiркелуге тиiс.

21-бап. Кредиттiк есептi алушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Кредиттік есептi алушы:
      1) кредиттік есеп алуға;
      2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де құқықтарды иеленуге құқылы.
      2. Кредиттiк тарих субъектiсi бiр күнтiзбелiк жыл iшiнде өзi туралы бiр кредиттiк есептi тегiн алуға құқылы.
      3. Осы Заңның 20-бабының 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген кредиттiк есептi алушылар:
      1) кредиттiк бюроға ол туралы кредиттiк есептi алуға кредиттiк тарих субъектiсiнiң келiсiмiн ұсынуға;
      2) уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актiсiнде көзделген тәртiппен кредиттiк есептi алушы ретiнде тiркеу кезiнде оларға берiлген мәлiметтердiң өзгергенi туралы хабарлауға;
      3) кредиттiк есепке қатысты құпиялылықты сақтауға және ондағы ақпаратты үшiншi тұлғаларға жарияламауға;
      4) кредиттік есептегi ақпаратты осы Заңның 26-бабында көзделген мақсаттарға ғана пайдалануға;
      5) кредиттік тарих субъектісiнiң талабы бойынша оны кредиттік есептiң мазмұнымен таныстыруға не кредиттік eceпті алушының iшкi ережелерiне сәйкес оған кредиттік есептiң көшiрмесiн беруге;
      6) кредиттiк бюроның кредиттiк есеп беру бойынша қызмет көрсету үшiн ақы төлеуге;
      7) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де міндеттердi атқаруға мiндеттi.

22-бап. Кредиттік тарих субъектісінің құқықтары

      Кредиттiк тарих субъектiсi:
      1) кредиттік тарихты қалыптастыру үшiн ақпарат жеткiзушiге кредиттiк бюроға ол жайында мәлiметтер беру туралы келiсiм беруге;
      2) кредиттiк есептi алушыға ол туралы кредиттік есеп алуға келiсiм беруге;
      3) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актісiнде көзделген тәртiппен кредиттiк бюроға ол туралы ақпарат түскен сәттен бастап өзi туралы кредиттiк есеп алуға;
      4) кредит алуға оның өтiнiшiн қараған кезде кредиттік eceпті алушыдан кредиттік есеппен танысуға не кредиттiк есептi алушының iшкi ережелерiне сәйкес кредиттiк бюродан алушы алған кредиттiк есептiң көшiрмесiн берудi талап етуге;
      5) осы Заңда көзделген тәртiппен кредиттiк есептегі ақпаратпен, жеткiзушi туралы ақпарат алу мүмкiндiгiмен келiспеушiлiктi мәлiмдеуге;
      6) алушыға берiлген кредиттік есепте кредиттiк бюро қызметкерлерiнiң әрекетi немесе әрекетсiздiгi салдарынан жеткiзушiлер кредиттiк бюроға берген ақпаратқа сәйкес келмейтiн ақпарат бар болса, кредиттiк бюродан түзетiлген кредиттiк есеп сұратуға;
      7) шынайы емес ақпаратты түзету туралы талаппен жеткiзушiге өтiнiш жасауға құқылы.

5-тарау. Кредиттiк бюроға ақпарат беру

23-бап. Кредиттiк бюроға ақпарат берудiң жалпы шарттары

      1. Осы Заңның 18-бабының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген ақпарат жеткізушiлер осы Заңда көзделген заңды тұлғалар жөнiндегi ақпаратты барлық заңды тұлғалар жөнiндегi кредиттiк бюроға, ал жеке тұлғалар, жеке кәсiпкерлер және шаруа қожалықтары жөнiндегi ақпаратты жеке тұлғалар жөнiндегi барлық кредиттiк бюроға беруге мiндеттi.
      2. Осы Заңның 18-бабының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген ақпарат жеткiзушiлер кредиттiк бюроға ақпаратты кредиттiк тарих субъектiсiнiң келiсiмi болған кезде мiндеттi түрде ұсынады.
      Олардың кредиттiк бюроға ақпарат беру және кредиттiк есептердi алу шарттары кредиттік бюроға ақпарат беру және/немесе кредиттiк есептердi алу туралы шарттарда айқындалады.
      3. Жылжымайтын мүлiкке және онымен жасалатын мәмiлелерге құқықтар тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорындар кредиттiк бюроға олармен жасалған кредиттiк ақпарат беру туралы шарттар негiзiнде уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі айқындайтын тәртiппен және жағдайларда ақпарат бередi.
      4. Кредиттiк бюроға ақпарат электрондық тасымалдағышта ұсынылады. Қағазға басып шығарылған ақпаратты ұсынудың ерекше жағдайлары кредиттiк бюроның iшкi құжаттарымен айқындалады.

24-бап. Кредиттiк бюроға берiлетiн ақпарат

      1. Кредиттiк бюроға банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар беретiн ақпаратта мыналар болуы тиiс:
      1) осы банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымнан тұлға алған кредит бойынша борыш сомасы, сондай-ақ ол алған барлық кредиттер, шартты және ықтимал мiндеттемелер бойынша борыштың жалпы сомасы;
      2) кредиттердi, сондай-ақ шартты және ықтимал мiндеттемелердi беру күні, өтеу күнi (кесте бойынша және нақты);
      3) уәкiлетті органның нормативтік құқықтық актiсiне сәйкес мiндеттемелердi (сейф жәшiктерiнде, шкафтарда және банктың үй-жайында сақтауда тұрғандарды қоспағанда) орындауды қамтамасыз етудiң болуы туралы ақпарат.
      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес заңды тұлға - кредиттiк тарих субъектiсi туралы берiлген ақпаратта атауы ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жерi, заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелген нөмiрi және күнi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, бiрiншi басшыларының аты-жөнi және олардың салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрлерi көрсетілуi тиiс.
      3. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес жеке тұлға - кредиттiк тарих субъектiсi туралы берiлген ақпаратта аты-жөнi, туған күнi, айы, жылы, тұрғылықты жерi, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелерi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi көрсетiлуi тиiс.
      4. Кредиттiк бюроға тауарлар мен қызмет көрсетулердi кредитке сататын, не төлемдердiң мерзiмiн ұзартатын заңды тұлға немесе жеке кәсiпкер ұсынатын ақпаратта мынадай мәлiметтер болуы тиiс:
      1) кредит, сондай-ақ кредитке алынған барлық тауарлар мен қызмет көрсетулер бойынша борыш сомасы;
      2) кредиттердi беру күнi, өтеу күнi (кесте бойынша және нақты);
      3) уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актiсiне сәйкес мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз етудiң болуы туралы ақпарат.
      5. Кредиттiк бюроға жылжымайтын мүлiкке және онымен жасалатын мәмiлелерге құқықтар тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорындар ұсынатын ақпаратта мынадай мәлiметтер болуы тиiс:
      1) жеке тұлғалар үшін - аты-жөнiн, туған күнiн, айын, жылын, тұрғылықты жерін, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелерiн, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн, меншiк құқығын және басқа құқықтарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiк ауыртпалығын көрсету;
      2) заңды тұлғалар үшiн - заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi, мемлекеттiк тiркелген нөмiрi және күнi, оның ұжымдық-құқықтық нысаны, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, банктiк деректемелерi, меншiк құқығын және басқа құқықтарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке ауыртпалық туралы мәлiметтер.

25-бап. Кредиттік тарих субъектiсiнiң ақпарат беруге және кредиттік есеп беруге келiсiмiн ресiмдеу

      1. Кредиттік тарих субъектiсінің кредиттiк бюроға ол туралы кредиттік ақпарат беруге және/немесе кредиттiк есеп алушыға кредиттiк есеп беруге келiсiмi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнiң талаптарына сәйкес жазбаша түрде ресiмделедi.
      2. Жеке тұлғаның - кредиттік ақпарат субъектiсiнiң келiсiмiн Қазақстан Республикасының заңдарында сәйкес ресiмделген сенiмхат негiзiнде әрекет ететiн сенiм бiлдiрiлген тұлға ресiмдеуi мүмкiн.

26-бап. Кредиттiк ақпаратты және кредиттiк есептердi пайдалану мақсаттары

      1. Кредиттiк есептi алушылар кредиттік бюро жүйесiндегі ақпаратты:
      1) кредиттер беру, мониторинг және кредиттердiң мерзiмiн ұзарту кезiнде тәуекелдердi бағалау;
      2) кредиттiк шарттардың талаптары өзгерген кезде тәуекелдердi бағалау;
      3) мерзiмi ұзартылған төлемдермен өзге де мәмiлелер бойынша тәуекелдердi бағалау;
      4) кредиттік есептегi ақпараттың дұрыстығын растау мақсатында пайдалануы мүмкiн.
      2. Кредиттiк бюро ақпарат жеткiзушiлерден олар маркетингтiк және статистикалық зерттеулердi жүзеге асыру үшiн алған мәлiметтердi пайдалануға құқылы.

6-тарау. Кредиттiк тарихты қалыптастыру жөнiндегі қатынастар

27-бап. Ақпарат жеткiзушiлермен және кредиттiк есептердi
алушылармен жасалатын шарттар

      1. Осы Заңның 18-бабының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген ақпарат жеткiзушiлер және осы Заңның 20-бабының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген кредиттiк есептi алушылар кредиттiк ақпарат беру және кредиттiк есептердi алу жөнiндегi өз мiндеттемелерiн орындау мақсатында барлық кредиттiк бюромен кредиттiк ақпарат беру және/немесе кредиттiк есептердi алу туралы шарттар жасауға мiндеттi.
      2. Кредиттiк ақпарат беру және/немесе кредиттік есептер алу туралы шартта мынадай талаптар болуы тиiс:
      1) тараптардың толық атауы, олардың орналасқан жерi, банктiк деректемелерi және шарттың мәнi туралы ақпарат;
      2) шарттың қолданылу мерзiмi, оны өзгерту, тоқтату және бiржақты тәртiппен бұзу негіздемелерi мен тәртiбi;
      3) кредиттік тарих субъектiсiнiң кредиттiк бюроға ол туралы кредиттiк ақпарат беруге келiсiмiн алудың және/немесе кредиттiк тарих субъектiсiнiң кредиттік есеп алушыға ол туралы кредиттiк есеп беруге келiсiмiн алудың мiндеттілiгi туралы;
      4) кредиттiк тарихты қалыптастыратын ақпараттың түрлерi, көлемi, мерзiмi (кезеңдiлігі) және беру тәртiбi және шарт тараптары көрсететiн қызметтерге ақы төлеу шарттары;
      5) кредиттік бюроның берiлетiн ақпаратты тек осы Заңда көрсетiлген мақсаттарға сәйкес пайдалану туралы мiндеттемесi;
      6) кредиттiк бюроның барлық алынатын ақпаратқа қатысты құпиялылық режимдi сақтау және оны тек осы Заңда көзделген негiздемелерде, шарттарда және тәртiппен ашу туралы мiндеттемесi;
      7) кредиттік есептердегi және оларды алу тәртiбiндегі ақпараттың көлемi;
      8) кредиттiк есептердi алушының кредиттiк есептегi ақпаратты жарияламау туралы мiндеттемесi;
      9) ақпарат жеткiзушiнiң кредиттiк бюроға шынайы емес ақпарат берген жағдайдағы жауапкершiлiгiн қоса алғанда тараптардың жауапкершiлiгi.

28-бап. Кредиттiк есептi алушы ретiнде кредиттiк
бюрода тiркеу

      1. Осы Заңның 20-бабының 1-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетiлген тұлғаларды кредиттiк бюрода тiркеу және кредиттiк бюрода тiркелген тұлғалардың тiзiлiмiн жүргiзу тәртiбi уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Кредиттiк бюрода тiркелу үшiн осы Заңның 20-бабының 1-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетiлген тұлғалар мынадай құжаттар ұсынады:
      1) кредиттiк бюрода тiркеу туралы өтiнiш;
      2) уәкiлетті органның лицензияланатын қызмет түрлерiн жүзеге асыруға беретiн лицензияларының нотариат куәландырған көшiрмелерi (лицензияланатын қызмет түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар үшiн);
      3) заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесi;
      4) уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген көлемде және нысан бойынша кредиттiк бюроға сұратуларды жүзеге асыруға уәкiлетті тұлғалардың аты-жөнi және лауазымы туралы ақпарат. Қажет болған жағдайда көрсетілген ақпарат осы тұлғалардың электрондық сандық қол қоюымен куәландырылады.

29-бап. Кредиттiк есеп беру

      1. Кредиттiк есептi беруге мыналар негiздеме болып табылады:
      1) кредиттiк тарих субъектiсiнiң ол туралы кредиттік есеп беруге келiсiмiнiң болуы;
      2) кредиттік есептi алушының осы Заң талаптарына сәйкес болуы;
      3) кредиттік тарих субъектiсiнiң уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнiң талаптарына сәйкес келетiн кредиттік есеп беруге келiсiмiнiң болуы туралы растаулармен кредиттік есеп алушының сұратуы.
      2. Кредиттiк бюро кредиттік есептер беру туралы сұратулардың есебiн және берiлген кредиттердiң есебiн уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актісiнде көзделген тәртiппен жүргізедi.
      3. Сұратуды алушының атынан оның сұратуды кредиттiк бюроға беруге жауапты арнайы уәкiлеттi лауазымды тұлғасы бередi, ол туралы ақпарат кредиттiк бюро алушылардың тiзiлiмiнде бар.
      4. Кредиттiк бюро кредиттiк тарих субъектiсiне кредиттiк есеп берудi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнiң талаптарына сәйкес ресiмделген оның жазбаша сұратуы негiзiнде жүзеге асырады.
      5. Кредиттiк есепте кредиттiк тарих субъектiсi үшiн берiлген күнiн, алушылардың атаулары мен деректемелерiн көрсете отырып, осы субъектінiң кредиттiк тарихы бойынша кредиттiк есептер берудiң барлық, бұрын орын алған фактілерi туралы ақпарат болуы тиiс.
      6. Кредиттiк бюро кредиттiк есеп беру кезiнде барлық ақпарат жеткiзушiлердiң атауын және кредиттiк бюроның осы ақпаратты алған күнiн көрсетуге мiндетті.
      7. Кредиттiк есеп беру осы Заңда және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде көзделген негiздемелерде, талаптарда және тәртiппен жүзеге асырылады.
      8. Кредиттiк бюро ақпаратты жеткiзушiден алынған ақпарат бұрмалағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілік атқарады.

30-бап. Кредиттiк ақпаратты және кредиттiк есептердi беру
бойынша қызмет көрсетулерге ақы төлеу

      Ақпарат жеткiзушiлер және кредиттік бюро көрсететiн қызмет үшiн мөлшерi және өндiрiп алу тәртiбi оның iшкi ережелерiне сәйкес айқындалатын ақы төлеу белгiленедi.

7-тарау. Қорытынды ережелер

31-бап. Қазақстан Республикасының кредиттiк бюро және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      Қазақстан Республикасының кредиттiк бюро және кредиттiк тарихты қалыптастыру туралы заңдарын бұзғаны үшін кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiк атқарады.

32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң 2004 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады