"Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң электр энергетикалық объектілерiнде апаттар жағдайында және басқа да төтенше ахуалдарда өзара көмек туралы келiсiмдi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қаңтардағы N 90 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      "Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң электр энергетикалық объектiлерiнде апаттар жағдайында және басқа да төтенше ахуалдарда өзара көмек туралы келiсiмдi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісiнiң қарауына енгiзілсiн.

      Қазақстан Peспубликасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң электр энергетикалық объектiлерiнде апаттар жағдайында және басқа да төтенше ахуалдарда өзара көмек туралы келiсiмді бекiту туралы

      2002 жылғы 30 мамырда Мәскеу қаласында жасалған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң электр энергетикалық объектiлерiнде апаттар жағдайында және басқа да төтенше ахуалдарда өзара көмек туралы келiсiм бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң
электр энергетикалық объектiлерiнде апаттар жағдайында және басқа да төтенше ахуалдарда өзара көмек туралы
Келісім

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердің Үкiметтерi
      Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң электр энергетикалық жүйелерiнің қосарлас жұмысын қамтамасыз ету туралы 1998 жылғы 25 қарашадағы шарты мен Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше ахуалдар салдарларының алдын алу мен жою саласындағы өзара iс-қимыл туралы 1993 жылғы 22 қаңтардағы келiсiмді басшылыққа ала отырып,
      апаттар жағдайында және басқа да төтенше ахуалдарда Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң электр энергетикалық жүйелерінің тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды қамтамасыз eтуі мен орнықты жұмысында өзара көмек мәселелерiн ұйымдастыру мен шешудің маңыздылығын түсіне отырып,
      электр энергетикалық объектiлерде апаттарды, сондай-ақ басқа да төтенше ахуаларды болдырмау мен олардың салдарын жою жөнiндегi мәселелердi бiрлесiп шешуде көкейтестi қажеттiлiк пен мүдделiлiктi мойындай отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Ocы Келiсімнiң мақсаттары үшiн мына терминдер мен түсініктер:
      электр энергетикалық объектiлер - магистралдық электр және жылу тораптарын құрайтын электр станцияларынан, олардың су қоймаларынан, кiшi станциялардан, электр жеткiзу желiлерiнен және құбыр өткiзгiштерден тұратын, электр және жылу энергияларын өндiруге, түрлендіруге, жеткiзуге және таратуға арналған құрылғылар мен қондырғылар кешенi;
      электр энергетикалық жүйе - электр энергиясын (қуатын) өндiрудiң, жеткiзудің және таратудың бiрыңғай процесiмен байланысқан Тараптардың электр энергетикалық объектiлерінің, оларды пайдалану мен басқару құрал-жабдықтарының жиынтығы;
      апат, апаттық ахуал - электр энергетикалық қондырғылардың, олардың элементтерiнің, құрылмаларының зақымдануы кезiнде немесе төтенше ахуалдар салдарынан туындайтын:
      - тұтынушыларды, оның iшiнде адамдардың тiршiлiк қызметiн, көлiк пен байланыстың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн жүйелердiң энергиямен жабдықталуын тоқтауға;
      - бiр немесе бiрнеше энергожүйелердің қосарлас жұмысының мүмкiн еместігiне;
      - әрбiр Тараптың заңнамасымен белгiленген апаттардың сыныптық белгiлерiне сәйкес келетiн өзге де зақымдануларға әкелетiн электр энергетикалық жүйелердiң режимi;
      төтенше ахуал - өзiнен кейiн адам өлiмiне, кiсiлердің денсаулығына, айнала табиғи ортаға, электр энергетикалық объектiлерге және шаруашылық жүргiзуi басқа да объектiлерiне залал келтiруге, елеулi материалдық шығындарға, сондай-ақ адамдардың тiршiлiк қызметi, көлiк пен байланыстың жұмыс iстеу шарттарының бұзылуына әкелуi мүмкiн немесе әкелген апаттардың, жойқын апаттардың, зiлзалалардың немесе өзге де апаттардың нәтижесінде туындаған жағдай;
      апаттың салдарларын жою, электр энергетикалық объектiлердiң жұмыс қабiлетiн қалпына келтiру - тікелей қауiп кезiнде немесе апаттар мен басқа да төтенше ахуалдар туындаған кезде жүргiзiлетiн және адамдардың өмiрiн құтқаруға және кiсiлердiң денсаулығын сақтауға, көлiк пен байланыстың жұмыс iстеуіне, айнала ортаға залалдың және материалдық шығындардың мөлшерiн азайтуға, сондай-ақ электр энергетикалық объектiлерде апаттардың ауқымдары ұлғайған жағдайда апаттар мен төтенше ахуалдар аймағын оқшаулауға бағытталған апаттық-құтқарушылық, қалпына келтiрушілiк және басқа да шұғыл жұмыстар;
      көмек көрсету жөнiндегi топтар - электр энергетикалық объектілерде апаттардың салдарын жою бойынша көмек көрсету кезiнде тиiстi апаттық-құтқарушылық, қалпына келтiрушiлiк және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргiзуге арналған құқығы (лицензиясы) бар және арнайы техникамен, жабдықтармен, саймандармен, құралдармен және материалдармен жарақтандырылған бiлiктi мамандар тобы;
      шаруашылық жүргізуші субъект - Тарап заңнамасына сәйкес электр және жылу энергиясын өндiрумен, түрлендiрумен, таратумен және сатумен айналысатын заңды тұлға;
      құзыреттi орган - осы Келiсiмді iске асыруға байланысты жұмыстарды үйлестiру үшiн Тарап (Тараптар) тағайындаған орган дегендi білдiредi.

2-бап

      Егер аумағында апат болған Тараптың апат салдарын оқшаулауға және өзiнше жоюға күшi жетпесе, онда Тарап оған (оларға) көмек көрсетуге өтiнiш жасаған жағдайда басқа Тарап (Тараптар) апаттық- құтқарушылық және қалпына келтiрушiлiк жұмыстарын жүргiзуге көмек көрсетедi. Бұл ретте көмек сұраушы Тарап басқа Тарапты (Тараптарды), сондай-ақ ТМД Электр энергетикалық кеңесiнiң Атқару комитетiн апаттың сипаты туралы хабардар етедi, қажеттi көмектiң нақты түрлерiн және көлемдерiн көрсетедi, ал Тараптардың тиiстi өзара қарым-қатынастары осы Келiсiмнің 6-бабымен және Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше ахуалдар салдарының алдын алу мен жою саласындағы өзара iс-қимыл туралы 1993 жылғы 22 қаңтардағы келiсiммен анықталады.
      Аумағында апат болған Тарап кез келген сәтте көмек көрсету туралы өз өтiнiшiн өзгерте алады. Бұл жағдайда көмек көрсететiн Тарап (Тараптар) көмек көрсетуге байланысты ол (олар) тартқан шығындардың өтемiн алуға құқылы.

3-бап

      Осы Келiсiмге сәйкес, ақпарат алмасу және көмек көрсету жөнiндегi топтарды жiберу жолымен көмек көрсетудi қоса алғанда, Тараптардың барлық қызметi халықаралық шарттарға және Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүргiзiлетiн болады.

4-бап

      Тараптар электр энергетикалық объектілердегi апаттардың салдарларын тез жою үшiн екi немесе көпжақты жасалатын шарттар негiзінде қайтарылуы мүмкiн қаржылық қаражаттармен, материалдық- техникалық ресурстармен, жабдықпен және қосалқы бөлшектермен, көмек көрсету жөніндегi топтарды iссапарға жiберумен, сондай-ақ отын мен электр энергиясын (қуатын) жоспардан тыс жеткiзумен - тұтынушыларды электрмен жабдықтауды және Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң электр энергетикалық жүйелерiнiң орнықты жұмысын қамтамасыз етуi техникалық шарттарын ескерумен Тараптың уағдаластығына сәйкес көмек көрсетеді.
      Осы Келiсiмнің 2-бабында көзделінген жағдайларда көмек көрсету кезiнде пайдаланылатын көмек көрсету жөнiндегi топтар, арнайы техника, жабдықтар, саймандар, құралдар және материалдар жер бетiнiң, әуе не су көлiгiмен жiберілуi мүмкiн.
      Әуе көлiгiн пайдалану жағдайында әрбiр Тарап ұлттық заңнамасына сәйкес ұшуларды жүзеге асыруға рұқсаттарды ұсынады және өзiнiң аумағындағы тиiстi бекеттердi көрсетеді. Көмек көрсететiн Тарап ұшқаны, қонғаны, әуеайлақта тұрғаны және одан әуе кемелерiнiң ұшқаны, отын құйғаны, техникалық қызмет көрсету, жолаушылар мен экипажды тамақтандыру үшiн төлемнен, сондай-ақ аэронавигациялық қызмет көрсетулердi төлеуден босатылады.
      Көлiктi және шығындар өтемақысын пайдалану тәртiбi Тараптардың келiсiмi бойынша халықаралық шарттар мен ұлттық заңнамаға сәйкес белгiленеді.

5-бап

      Тараптар электр энергетикалық объектiлердiң персоналының, тұрғындардың тiршiлiк қызметi, көлiк пен байланыстың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн мемлекетаралық апат қорларын, оның iшiнде негiзгi жабдықты, қосалқы бөлшектердi, материалдық-техникалық және энергетикалық ресурстарды, сондай-ақ автономды жылжымалы электр станцияларды құра алады.
      Мемлекетаралық қорларды қалыптастыру және пайдалану жағдайларын Тараптар жекелеген шарттарда анықтайды. Мемлекетаралық қорлардың номенклатурасы, көлемi және көшу орындары осындай шарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамамен келiсiледi.

6-бап

      Аумағында апат болған Тарап оның салдарларын тез жою үшiн басымдық тәртiпте басқа Тараптардың көмек көрсету жөнiндегi топтарына апат салдарларын жою үшiн қажеттi әкелiнетiн немесе әкетілетiн арнайы техниканың, жабдықтардың, саймандардың, құралдардың және материалдардың номенклатурасы мен саны, көмек көрсету жөнiндегi топтың құрамы көрсетiлетiн Тараптардың құзыреттi органдары беретiн хабарламалар негiзiнде оңайлатылған кедендiк бақылауға және кедендiк ресiмдеуге жататын, апат салдарын жою үшiн қажеттi арнайы техниканы, жабдықты, сайманды, құралдарды және материалдарды оның аумағына еркін әкелуге және аумағынан әкетуге құқық бередi.
      Әкелiнген арнайы техника, жабдық, сайман, құралдар және жұмсалмаған материалдар бұрын берiлген хабарламаға сәйкес керi әкетуге жатады. Егер арнайы техника, жабдық, сайман, құралдар және материалдар немесе олардың бөлiктерi көмек заты ретiнде немесе оларды шығарудың мүмкiн еместiгiне орай қалдырылса, онда олар апат болған аумақтағы Тараптың заңнамасына сәйкес кедендiк декларациялауға жатады.
      Медициналық жәрдем көрсету үшiн құрамында ecipткілеp бap дәрiлердi енгiзу кезiнде көмек көрсету жөнiндегi топ жетекшiсi кедендiк органдарға құрамында есiрткiлерi бар әкелiнетiн препараттардың номенклатурасы мен санын көрсетумен рұқсатты (лицензияны) ұсынады. Құрамында есiрткiлер бар пайдаланылған медициналық препараттарды әкету кезiнде көмек көрсету жөніндегi топ жетекшiсi қол қойған және апат болған аумақтағы Тараптың құзыреттi органының өкiлi куәландырған актi ұсынылады.
      Бұл ретте:
      - Тараптар кедендiк баждарды, алымдарды және салықтарды салмауға, сондай-ақ олардың мемлекеттiк шекарасы арқылы медициналық жәрдем көрсету үшiн көлiк құралдарын, арнайы техниканы, жабдықты, дәрілердi, апат салдарларын жоюға қажеттi саймандарды, құралдарды және материалдарды, сондай-ақ электр энергиясының жоспардан тыс жеткiзiлiмi немесе оның қайтарылуы кезiнде алып жүруге арналған тарифтiк емес сипаттағы шектеудi қолданбауға міндеттенедi;
      - көмек көрсету жөнiндегi топқа кiретiн тұлғалардың мемлекеттiк шекараны кесiп өтуi жеке куәлiктерi немесе төлқұжаттары бойынша апат болған аумақтағы Тараптың заңнамасына сәйкес халықаралық қатынастар үшiн ашылған өткiзу бекеттерi арқылы жүзеге асырылады;
      - Тараптар апат болған аумақтағы Тараптың аса маңызды тұтынушыларын электрмен жабдықтауды қамтамасыз етудiң шұғыл қажеттiлiгi жағдайында өз мемлекеттерiнiң кеден органдарын электр энергиясының жоспардан тыс берiлiсi басталғаннан кейiн 48 сағаттан кешiктiрмей хабардар етедi.

7-бап

      Көмек көрсету жөніндегi, оның iшiнде және апат салдарын жою кезiнде басқа Тарап (Тараптар) жiберетiн, барлық топтардың өзара iс-қимылдарын үйлестiрудi апат болған аумақтағы Тараптың құзыреттi органы жүзеге асырады.
      Тараптар осы Келiсiм күшiне енгеннен кейiн бiр ай мерзiмде осы Келiсiм бойынша өздерiнің құзыреттi органдары туралы депозитарийлердi хабардар етеді.
      Егер апат екi және одан көп Тараптардың аумағында болса, көрсетiлген топтардың өзара iс-қимылын Тараптардың келiсiмi бойынша тағайындалатын құзыреттi орган жүзеге асырады. Бұл жағдайда Тараптардың тиiстi өзара қарым-қатынастары осы Келiсiмнiң 9-бабына сәйкес белгiлене алады.

8-бап

      Апат болған аумақтағы Тарап қажеттi жағдайларды, оның iшiнде ақысыз медициналық қызмет көрсетудi, басқа Тараптардың апат салдарын жоюға тартылған көмек көрсету жөнiндегi топтардың қызметтерi үшiн және олар пайдаланатын арнайы техниканы, жабдықты, сайманды және материалдық-техникалық ресурстардың сақталуын қамтамасыз етедi, қажеттiлiк жағдайында қосымша жабдықтауды, байланысты, күзеттi бередi және аудармашылармен қамтамасыз етедi, сондай-ақ егер олар осы Келiсімдi iске асыру бойынша мiндеттердi орындау кезiнде болса, көмек көрсету жөнiндегi топ мүшелерiмен бақытсыз оқиғаларға байланысты шығыстарды өздерiне алады.
      Егер осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты мiндеттердi орындау кезiнде көмек көрсету жөніндегi топ мүшесi жеке немесе заңды тұлғаға қасақана емес залал келтiрсе, онда ұлттық заңнамаға сәйкес шығынды апат болған аумақтағы Тарап өтейдi. Қасақана залал немесе дөрекi ұқыпсыздық бойынша келтiрiлген залалды көмек көрсетушi Тарап өтейдi.

9-бап

      Электр энергетикалық объектiлерде апаттардың салдарын жоюға арналған шығындардың орнын толтыру Тараптардың уағдаластықтары бойынша ал қажеттiлiк кезiнде - халықаралық шарттар мен ұлттық заңнамаларға сәйкес мақсатты (бюджеттен тыс) қаржылық және/немесе материалдық резервтер есебiнен шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қатысуымен жүзеге асырылады.
      Тараптар осы мақсатпен уағдаластықтар бойынша тиiстi мақсатты (бюджеттен тыс) қаржылық және/немесе материалдық резервтердi құра алады.
      Көмек көрсетушi Тарап көмек көрсету жөнiндегi топ мүшелерiн сақтандыруды жасайды. Сақтандыруды ресiмдеу жөнiндегi шығыстар көмек көрсету жөнiндегi жалпы шығыстарға енгiзiледi.

10-бап

      Электр энергиясының (қуаттарының) мемлекетаралық ток ағынын қамтамасыз етушi электр энергетикалық объектiлерде апаттар туындаған кезде, Тараптар оларды тергеу, сондай-ақ апаттардың алдын алу және оларды жою жөніндегi iс-шараларды әзiрлеу бойынша бiрлескен комиссиялар құра алады. Комиссия туралы типтiк ереженi ТМД Электр энергетикалық кеңесi бекітеді.

11-бап

      Апаттардың туындауын болдырмау және электр энергетикалық жүйелер жұмысының орнықтылығын арттыру мақсатында мүдделi Тараптар ғылыми-техникалық прогресс пен экологиялық таза технологиялар жетiстiктерiнiң базасында электр энергетикалық жабдықтар мен қондырғылардың, басқару, бақылау, қорғау және байланыс жүйелерi жұмысының сенiмдiлiгiн арттыратын ережелерi мен техникалық шарттарының iс-шараларын әзiрлеуде және iске асыруда ынтымақтасады.

12-бап

      Тараптар ұлттық заңнамаларға сәйкес осы Келiсiмнің ережелерiн iске асыру үшін нормативтiк құқықтық актілерді әзiрлеу және келiсу бойынша қажеттi шаралар қолданды.

13-бап

      Тараптар апаттық-қалпына келтiрушiлiк жұмыстарын жүргiзудi қозғайтын ұлттық заңнамадағы өзгерiстер туралы бiр-бiрiн өзгерiстер күшiне енген күннен бастап бiр ай iшiнде хабардар етедi және өзара тиiмдi шешімдерге қол жеткiзу үшiн тиiстi келiссөздер өткiзедi.

14-бап

      Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының салалық ынтымақтастығының үкiметаралық органдары тарапынан осы Келiсiмдi орындау жөнiндегi үйлестiру жұмыстары ТМД Электр энергетикалық кеңесiнiң Атқару комитетiне жүктеледі.

15-бап

      Осы Келiсiм Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттар бойынша Тараптар мiндеттемелерiн қозғамайды.

16-бап

      Осы Келiсiмнің ережелерiн iске асыру кезiнде туындаған даулы мәселелер келiссөздер жүргiзу жолымен шешiледi.

17-бап

      Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi қол қойған Тараптардың орындағандығы туралы үшiншi жазбаша хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күнiнен бастап күшiне енеді.
      Осы Келiсiм күшiне енгеннен кейiн өз хабарламаларын тапсырған Тараптар үшін ол тиiстi хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күнiнен бастап күшiне енедi.

18-бап

      Осы Келiсiм бес жыл бойы қолданыста болады. Егер Тараптар өзгеше шешiм қабылдамаса, бұл мерзiмнің өтуi бойынша осы Келiсiм әрбiр 5 жылдық кезеңге автоматты ұзартылып отырады.

19-бап

      Осы Келiсiм қосылу туралы құжаттарды депозитарийге сақтауға беру жолымен барлық Тараптардың келiсiмiмен оған басқа мемлекеттердiң қосылуы үшiн ашық. Қосылу осындай қосылуға Тараптардың келiсiмi туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшiне ендi деп саналады.

20-бап

      Осы Келiсiмге барлық Тараптардың жалпы келiсiмiмен өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілуі мүмкiн, бұлар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын тиiстi хаттамалармен ресімделеді және осы Келiсiмнiң 17-бабында көзделiнген тәртiпте күшiне енедi.

21-бап

      Тараптардың кез келгенi осы Келiсiмнен бұл туралы депозитарийге, осы Келiсiмнiң қолданыстағы уақытында туындаған қаржылық және өзге де мiндеттемелерiн орындап, шығу күнiнен бiр жыл бұрын кешiктiрмей жазбаша хабарлама жiберумен шыға алады.

      2002 жылғы 30 мамырда Мәскеу қаласында бiр түпнұсқалық данада орыс тiлiнде жасалды. Түпнұсқалық дана осы Келiсiмге қол қойған әрбiр Тарапқа куәландырылған көшiрмесiн жiберушi Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетiнде сақталады.

      Әзiрбайжан Республикасының          Молдова Республикасының
          Үкiметi үшiн                        Үкiметi үшiн

      Армения Республикасының             Ресей Федерациясының
          Үкiметi үшiн                        Yкiметi үшiн

      Беларусь Республикасының           Тәжiкстан Республикасының
          Үкiметi үшiн                        Yкiметi үшiн

      Грузия Республикасының                   Түркiменстан
          Үкіметі үшін                         Yкiметi үшiн

      Қазақстан Республикасының          Өзбекстан Республикасының
          Үкіметі үшін                         Үкiметi үшiн

      Қырғыз Республикасының                   Украина
          Үкiметi үшiн                         Үкiметi үшiн

Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң электр энергетикалық объектiлерiндегi апат жағдайларында және басқа да төтенше ахуалдарда өзара көмек туралы келiсiмге Әзiрбайжан Республикасының ескертпесi

      Әзiрбайжан Республикасы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң электр энергетикалық объектiлерiндегi апат жағдайларында және басқа да төтенше ахуалдарда өзара көмек туралы келiсiмде мазмұндалған құқықтардың, мiндеттердiң және ережелердiң бiр де бiрi Арменияға қатысты қабылданбайтынын мәлiмдейдi.

      Әзiрбайжан Республикасының
      Премьер-Министрi

Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң электр энергетикалық объектілерiндегi апат жағдайларында және басқа да төтенше ахуалдарда өзара көмек туралы келiсiмiне
Беларусь Республикасының
мәлiмдемесi

      Беларусь Тарабы мәтінде қолданылатын: "Тараптардың аумаумақтары", "Тараптардың ұлттық заңнамалары", "Тараптардың құзыреттi органдары", "Тараптардың электр энергетикалық объектiлерi" ұғымдарын: сәйкесiнше "Тарап мемлекетiнің аумағы", "Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамалары", "Тараптар мемлекеттерiнің құзыреттi органдары", "Тараптардың мемлекеттерiнің электр энергетикалық объектiлерi" деген мәндерде түсiнедi.

      Беларусь Республикасының
      Премьер-Министрi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады