Лизингтiк негiзде ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етуге кредит беру ережесiн бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 18 ақпандағы N 191 қаулысы

      "2004 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 12 желтоқсандағы N 1260  қаулысына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Лизингтiк негiзде ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етуге кредит беру ережесі бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2004 жылғы 18 ақпандағы 
N 191 қаулысымен    
бекiтiлген       

  Лизингтiк негiзде ауыл шаруашылығы техникасымен
қамтамасыз етуге кредит беру ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже 2004 жылға арналған республикалық бюджетте 008 "Лизингтiк негiзде ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етудi кредиттеу" бағдарламасы бойынша көзделген қаражат есебiнен 1000000000 (бip миллиард) теңге сомасында кредит берудiң (бұдан әрi - Қаражат) тәртiбi мен шарттарын айқындайды.

  2. Кредит берудiң тәртiбi мен шарттары

      2. Қаражат заңнамада белгiленген тәртiппен мерзiмдiлiк, ақылылық, қамтамасыз етiлу және қайтарымдылық шарттарында 7 (жетi) жыл мерзiмге сыйақының жылдық 0,5 %-ына тең тiркелген ставкасы бойынша республикалық бюджеттен бөлiнедi.
      3. Қаражат кейiннен лизингтiң алуан түрлерiне беруге жататын ауыл шаруашылығы техникаларын (бұдан әрi - Техника) сатып алуға және Техниканы сатып алуға байланысты шығындарды өтеуге бөлiнедi.
      4. Қаражатты бөлу екiншi деңгейдегi банкке немесе банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы бар ұйымға (бұдан әрi - Қарыз алушы) кредит беруi арқылы жүргiзiледi.
      Қарыз алушы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 25 шiлдедегi N 832 қаулысымен бекiтiлген Мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер үшiн бюджеттiң атқарылуы және есептiлiк нысандарын жүргiзу (мерзiмдiк және жылдық) жөнiндегi қаржылық рәсiмдердiң ережесiне сәйкес айқындалады.
      5. Қаражат бөлу үшiн Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi (бұдан әрi - Кредит берушi) Қарыз алушымен және Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен (бұдан әрi - Бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсi) бiрлесiп кредиттiк келiсiм (бұдан әрi - Кредиттiк келiсiм) жасайды, онда республикалық бюджеттен Қаражат бөлу және оны осы Ережеге сәйкес қайтару тәртiбi, Қарыз алушының мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз ету тәсiлдерi және өзге де шарттар айқындалады.
      6. Қарыз алушы, Қаражаттың мақсатты пайдаланылуын және оның республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуы мен сыйақы ставкасының уақтылы өтелуiн жүзеге асырады.
      7. Бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсiне кейiннен Қарыз алушыға жiберу үшiн республикалық бюджеттен қаражат бөлу мiндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес бiрыңғай траншпен жүзеге асырылады.
      8. Қарыз алушы Кредиттiк келiсiммен айқындалған тәртiппен және мерзiмде Бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсiне және Кредит берушiге растайтын құжаттардың көшiрмесiн қоса бере отырып, бөлiнген Қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп бередi.
      9. Қарыз алушы сатып алатын Техниканың номенклатурасы мен көлемiн сатып алу сәтiне жасалған лизинг шарттары негiзiнде Қарыз алушы айқындайды.

  3. Қаражаттың пайдаланылуын бақылау

      10. Қаражаттың игерiлуiн, мақсатты пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын бақылауды Кредит берушi жүзеге асырады.
      11. Бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсi Қарыз алушы сатып алатын Техниканың номенклатурасы мен көлемiн, Қарыз алушының лизинг бойынша сыйақысының мөлшерiн және лизинг мерзiмiн келiседi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады