"Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңы 21-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. "Алматыметроқұрылыс" ашық акционерлiк қоғамы (бұдан әрi - компания) Алматы қаласындағы метрополитен құрылысымен тікелей байланысты сатып алынуының стратегиялық мәнi бар маңызды тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi берушi болып белгіленсiн.
2. Алматы қаласының әкiмi заңнамада белгiленген тәртiппен:
осы қаулының 1-тармағында көрсетiлген компаниямен мемлекеттiк бюджетте көзделген қаражат шегiнде тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасауды;
тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi мемлекеттiк сатып алу үшiн осы қаулыға сәйкес пайдаланылатын ақшаны оңтайлы әрi тиiмдi жұмсау қағидатының сақталуын;
осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсiн.
3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бөлiнген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Mинистрі