Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi арасында Мәдениет, ғылым және туризм саласындағы ұзақ мерзiмдi ынтымақтастық бағдарламасын жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 ақпандағы N 246 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметі қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi арасындағы Мәдениет, ғылым және туризм саласындағы ұзақ мерзiмдi ынтымақтастық бағдарламасының жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрi Дүйсен Қорабайұлы Қасейiновке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгізуге рұқсат ете отырып, Қазақстан Республикасының Yкiметі атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi арасында Мәдениет, ғылым және туризм саласындағы ұзақ мерзiмдi ынтымақтастық бағдарламасын жасасуға өкiлеттік берiлсiн.

      3. "Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Әзiрбайжан Республикасы Yкiметiнiң арасындағы Мәдениет, ғылым және туризм саласындағы ұзақ мерзiмдi ынтымақтастық бағдарламасына қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 6 сәуiрдегі N 516 қаулысының күшi жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Yкiметi арасындағы Мәдениет, ғылым және туризм саласындағы ұзақ мерзiмдi ынтымақтастық бағдарламасы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi (бұдан әрi - Тараптар),
      Тараптар мемлекеттерi халықтарының арасындағы өзара достық қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға мүдделілікті назарға ала отырып,
      өзара тиiмдi негізде екi мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қолайлы жағдайларды көтермелеуге және жасауға ұмтыла отырып,
      1996 жылғы 21 қазандағы Ташкент декларациясын iске асыру мақсатында,
      1999 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Әзiрбайжан Республикасы арасындағы Экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын негiзге ала отырып,
      мынадай салаларда ынтымақтасуға келiсті:

1. Жалпы ережелер

      1.1 Осы Бағдарламаға енетiн қызметтің барлық түрлерi Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
      1.2 Осы Бағдарлама Тараптардың дипломатиялық арналары бойынша келiсiлетiн басқа да қызмет түрлерiн, сапарлар мен ұсыныстарды жоққа шығармайды.
      1.3 Осы Бағдарламаның шеңберiнде ғылыми зерттеулер әзiрленiмдерiн өткiзуге қатысты өтiнiмдер қатысушы Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы сапардың болжанған күнiне дейiн төрт ай бұрын берiлетiн болады. Өтінiмде жiберiлетiн адамдарға қатысты жалпы деректер, олардың болуының жоспарланған мерзiмдерi мен баратын орындары қамтылуға тиiс.
      1.4 Осы Бағдарламаны iске асыруға қатысушы тұлғалар туралы ақпаратты қабылдаушы Тараптың уәкiлеттi органдарына дипломатиялық арналар арқылы жiберушi Тараптың уәкiлеттi органдары ұсынады.
      1.5 Сапарларды жүзеге асыру барысында жiберiлетiн жекелеген адамдар мен делегациялардың қабылдаушы Тараптың мемлекетiне баруына және қайтуына байланысты шығыстар Бағдарламаға сәйкес жiберушi Тарапқа жүктеледi.
      1.6 Тиiстi iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу жөнiндегi шығыстар қабылдаушы Тарапқа жүктеледі.
      Тиiстi iс-шараларды өткiзу жөнiндегі барлық қажеттi құжаттар қабылдаушы Тарапқа оларды өткiзудiң болжанған күнiне дейiн үш ай бұрын жiберiледi.
      1.7 Осы Бағдарламаны iске асыру жөнiнде Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлетті органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлiгi - мәдениет және өнер бөлiгі бойынша, Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгі - ғылым және бiлiм бөлiгі бойынша, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөнiндегі агенттігi - туризм бөлiгi бойынша;
      Әзiрбайжан тарапынан - Әзiрбайжан Республикасының Мәдениет министрлiгi - мәдениет және өнер бөлiгі бойынша, Әзiрбайжан Республикасының Бiлiм министрлiгі, Әзiрбайжан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы - ғылым және бiлiм бөлiгі бойынша, Әзiрбайжан Республикасының Жастар, спорт және туризм министрлiгі - туризм бөлiгі бойынша.
      Жоғарыда аталған уәкiлеттi органдардың атауы немесе функциялары өзгерген кезде дипломатиялық арналар арқылы Тараптар уақтылы хабарландырылады.
      1.8 Осы Бағдарламаны iске асыру жөнiндегі Тараптардың ынтымақтастығы Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасы шеңберiнде жүзеге асырылатын болады.

2. Мәдениет және өнер

      2.1 Тараптар театр, бейнелеу, эстрада және цирк өнерi, кинематография, кiтапхана және мұражай iсi, тарихи-мәдени мұралар объектiлерiн қорғау, халықтың көркемөнерпаздар шығармашылығы, халық кәсiпшiлiгі және мәдени қызметтiң басқа да түрлерi саласындағы мәдени байланыстарды, мәдени алмасуларды және ынтымақтастықты дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасайтын болады.
      2.2 Тараптар мәдениет ұйымдары мен мекемелерi арасындағы, шығармашылық одақтар, қоғамдық ұйымдар, қауымдастықтар, қорлар арасындағы шарттар негізiнде тiкелей ынтымақтастық орнатуға жәрдем көрсететiн болады.
      2.3 Уәкiлетті органдар халықаралық мәдени акцияларды, бағдарламаларды, iскерлiк жобаларды бiрлесiп ұйымдастыратын және өткiзетiн, сондай-ақ мәдениет және өнер саласындағы мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдардың ынтымақтастығын қолдайтын және үйлестiретiн болады.
      2.4 Тараптар мәдениет және өнер саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының басым бағыттарын айқындау үшiн консультациялар өткізетiн, ғылыми зерттеулердiң нәтижелерi туралы өзара ақпарат берудi қамтамасыз ететiн, жүргізiлетiн ғылыми зерттеулер мен iс-шараларға өзара қатысу мүмкiндiгін туғызатын болады.
      2.5 Тараптар екi мемлекеттiң азаматтары үшiн өзара теңдестік негiзiнде Қазақстан Республикасы мен Әзiрбайжан Республикасының мұражай және кiтапхана қорларын құрайтын қалыптасқан жинақтарды, коллекцияларды және басқа да мәдени құндылықтардың қол жетiмдiлiгiне жәрдем жасайтын болады.
      2.6 Тараптар фестивальдердi, конкурстарды, көрмелердi, симпозиумдарды, конференцияларды қоса алғанда, мәдениет және өнер саласындағы Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында өткiзiлетiн халықаралық iс-шараларға өзара қатысуды көтермелейтiн болады.
      2.7 Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық кiтапханалары арасында тiкелей байланыстардың дамуына жәрдем көрсететiн болады.
      2.8 Тараптар тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау мәселелерiмен айналысатын ұйымдар арасында, Ұлттық мұражайлар мен көркем галереялар арасында байланыстар орнатуға жәрдем жасайтын болады.
      2.9 Тараптар осы Бағдарламаның мақсаттарына сәйкес келетiн басқа да iс-шаралардың жүзеге асырылуына жәрдемдесетiн болады.

3. Бiлiм және ғылым

      3.1 Тараптар мынадай бағыттар бойынша бiрлескен зерттеулер жүргiзетiн болады:
      Шығыс мәдениетi және ислам әлемi;
      классикалық және қазiргi заманғы ориенталистика, көне және орта ғасырлардағы тiлдер, әдебиет, тарих, этнография және музыка саласындағы түркология;
      Каспий өңiрiндегi сыртқы саясат, халықаралық қатынастар тарихы және ғаламдық саяси, әлеуметтiк-демографиялық, экономикалық проблемалар;
      3.2 Тараптар түркi және жалпы тал білімiнiң өзектi проблемалары бойынша бiрлескен ғылыми жобалар әзiрлеу мен iске асыруды жүзеге асыратын болады.
      3.3 Ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау мақсатында Тараптар ғылыми-зерттеу және лекция қызметi үшiн мамандар алмасуды ұйымдастыратын болады.
      3.4 Тараптар жалпы және түркi тiл бiлiмi проблемалары, қазiргi заманғы лингвистика ғылымының, шығыстанудың, археологияның, тарихтың және этнологияның перспективалы бағыттары бойынша бiрлескен конференциялар, кеңестер, семинарлар өткiзетiн болады.
      3.5 Тараптар бiрлескен археографиялық, археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастыратын болады.
      3.6 Тараптар мемлекеттерiнiң жетекшi ғылыми-зерттеу орталықтарында және кiтапханаларында ғылыми жұмыс жүргiзу үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң өкiлдерiне Тараптар жәрдемдесетiн болады.
      3.7 Тараптар ғылыми жұмыстарды рецензиялауды және сараптауды, диссертациялық жұмыстарға оппонент болуды, ғылыми консультацияларды жүргізетiн болады.
      3.8 Тараптар екi мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Бағдарламаның шеңберiнде ынтымақтастық нәтижесiнде құрылған зияткерлiк меншiктi қорғауды қамтамасыз етедi.
      Патенттеу, авторлық құқық, өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғауға байланысты зияткерлiк меншiктi қорғаудың нақты мәселелерi, сондай-ақ осы құқықтарды пайдалану мәселелерi, ықтимал қаржылық есеп-айырысулар жеке шарттармен реттеледi.
      3.9 Тараптар нәтижелерi толық немесе iшiнара мемлекеттік құпияны құрайтын не Тараптардың бiрінің мемлекеттiк құпиясын құрайтын мәлiметтердi қолданып бiрлескен зерттеулер мен әзiрленiмдердi өткiзу кезiнде Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасын басшылыққа алатын болады.

4. Туризм

      4.1 Тараптар өз мемлекеттерiнде туризмнiң қауiпсiздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларға, туризмдегі тұтынушылардың құқығын қорғау мен саяхат кезiнде туристерге көмек көрсетуге байланысты ақпаратпен алмасуға ұмтылатын болады.
      4.2 Тараптар өз мемлекеттерiнiң туристiк компанияларының, қауымдастықтары мен қоғамдық ұйымдарының ынтымақтастығы үшiн қолайлы жағдай жасайтын болады.
      4.3 Тараптар екi ел туристік рыногының тұсаукесерi, сондай-ақ Жiбек жолында туризмнiң даму перспективалары бойынша бiрлескен iс-шаралар жүргізуге жәрдемдесетін болады.
      4.4 Тараптар рекреациялық-танымдық, ғылыми, экологиялық туризмдi дамыту үшiн:
      Каспий теңiзiнде Ақтау - Баку бағыты бойынша бiрлескен теңiз саяхаттарын ұйымдастыру;
      түркi тiлдес елдердiң тарихи дамыған жерлерi бойынша туристік бағыттар ұйымдастыру;
      Каспий жағалауы өңiрiнде курорттық аймақтарды дамытуға жәрдем көрсету арқылы қолайлы жағдайлар жасауға ұмтылатын болады.
      4.5 Тараптар туризм саласында жоғары бiлiктi кадрлар даярлауда бiр-бiрiне көмек көрсету мақсатында ғылыми қызметкерлер, сарапшылар, аспиранттар, тәлiмгерлер және студенттер алмасуға ықпал ететiн, жан-жақты байланыстарға, сондай-ақ туризм саласындағы қандай болмасын өзара iс-қимылға жәрдемдесетiн болады.
      4.6 Тараптар туризм саласындағы экономикалық-статистикалық ақпараттармен және қолданыстағы нормативтік құқықтық кесiмдермен алмасатын болады.
      4.7 Тараптар туристiк фирмаларды, қауымдастықтарды және қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, Жiбек жолы бағытында туристік өнiмдi жылжыту жөнiнде жарнамалық компания ұйымдастыруға жәрдемдесетін болады.

5. Қорытынды ережелер

      5.1 Осы Бағдарламаның ережелерiн түсiндiру немесе қолдану кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келiссөздер немесе консультациялар жолымен шешетiн болады.
      5.2 Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Бағдарламаның ажырамас бөлiктерi болып табылатын хаттамалармен ресiмделетін осы Бағдарламаға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiледi.
      5.3 Осы Бағдарлама қол қойылған күнiнен бастап уақытша қолданылады және оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күннен бacтап күшiне енедi. Осы Бағдарлама белгісiз мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi осы Бағдарламаның қолданылуын тоқтату ниетi туралы екiншi Тараптың жазбаша хабарламасын алғаннан кейiн алты айдан кейiн өзiнiң қолданылуын тоқтатады.
      2004 жылғы "__" наурызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, әзiрбайжан және орыс тiлдерiнде, екi түпнұсқа данада жасалды және барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Бағдарламаның ережелерiн түсiндiру немесе қолдану бойынша келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгінетiн болады.

      Қазақстан Республикасының          Әзірбайжан Республикасының
          Yкiметi үшiн                         Yкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады