"Халықаралық коммерциялық төрелiк туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 1 сәуірдегі N 374 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      "Халықаралық коммерциялық төрелiк туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      міндетін атқарушы

Жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы

Халықаралық коммерциялық төрелік туралы

      Осы Заң халықаралық коммерциялық төреліктің Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметiнiң ұйымдастыру-құқықтық мәселелерiн, сондай-ақ халықаралық коммерциялық төрелiк органдарының шешiмдерiн Қазақстанда тану және орындау тәртiбi мен шарттарын реттейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Қолданылу аясы

      Осы Заң, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, заңды және жеке тұлғалар арасындағы азаматтық-құқықтық шарттардан туындаған халықаралық коммерциялық төрелiк органдар шешетiн дауларға қатысты қолданылады.

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi анықтамалар

      Осы Заңда мынадай негiзгi терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
      1) төрелiк - нақты дауды қарау үшін арнайы құрылған немесе тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн халықаралық коммерциялық төрелiк;
      2) төрешi - төрелiкте дауды шешу үшiн осы Заңның нормаларына сәйкес тараптар сайлаған немесе тараптармен келiсiлген тәртіппен тағайындалған жеке тұлға;
      3) төрелiк iс қарау - төрелiк шешiм шығара отырып төрелiкте дауды қарау процесi;
      4) төрелiк келiсiм - шартта төрелiк ескертпе түрiнде немесе хаттар, жеделхаттар, телефонограммалар, телетайпограммалар, факстар, электронды құжаттар немесе субъектiлер мен олардың ерiк бiлдiру мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу арқылы жасалуы мүмкiн, төрелiк қарауына туындаған немесе туындауы мүмкiн дауды беру туралы шартқа тараптардың жазбаша келiсiмi;
      5) төрелiк шешiм - төрелiк немесе нақты дауды қарау үшiн тағайындалған төрешi шығарған, сондай-ақ тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк шығарған шешiм;
      6) құзыреттi сот - Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңдарына сәйкес бiрiншi саты бойынша тараптар арасындағы тиiстi шарттың дауы туралы iстi қарауға уәкiлетті Қазақстан Республикасы сот жүйесiнiң соты;
      7) iскерлiк айналымның әдет-ғұрпы - олар қандай да бiр құжатта тiркелгенiне қарамастан қолданылатын құқыққа қарама-қайшы келмейтiн, азаматтық-құқықтық шарттар саласында қалыптасқан және кеңiнен қолданылатын мiнез-құлық ережесi;
      8) төрелiктің регламентi - төрелiк қызметінің рәсiмдiк және ұйымдастырушылық мәселелерiн реттейтiн, тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкпен бекiтiлетiн epeжeлepді қамтитын тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк регламенті;
      9) коммерциялық кәсiпорын - Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы немесе қызметiнiң негiзгі мақсаты пайда табу болып табылатын шетел ұйымы;
      10) Қазақстан Республикасының жариялылық тәртiбi - Қазақстан Республикасының заңдарында бекiтілген мемлекеттiк және қоғамдық құрылғының негiздерi.

      3-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық
              коммерциялық төрелiк туралы заңы

      1. Қазақстан Республикасының халықаралық коммерциялық төрелiк туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше нормалар белгiленсе, халықаралық шарттың нормасы қолданылады.

      4-бап. Төрелiк iс қарау принциптерi

      Төрелiк iс қарау мына принциптердi сақтай отырып жүзеге асырылады:
      1) тараптар өзара алдын-ала келiсiм бойынша туындаған даулар бойынша төрелiк iс қарауды жүзеге асыру тәpтiбi мен шарттары мәселелерiн дербес шешуге құқығы барын бiлдіретiн тараптар еркiнiң дербестiгi;
      2) төрешiлер мен төрелiктер өз шешiмдерiнде тек тараптардың келiсiмi бойынша қолданылатын құқық нормаларын ғана басшылыққа алатынын, Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне қайшы болмау бөлiгiн бiлдiретiн заңдылық;
      3) тараптардың төрелiк iс қарауда бiрдей құқық көлемiн пайдаланатынын және бiрдей мiндеттер көлемiн көтеретiнiн, өзiнiң ұстанымын, дербес қорғау әдістерi мен құралдарын және төреліктен, басқа органдар мен адамдардан тәуелсiз таңдауын бiлдiретiн тараптардың жарыспалылығы және құқық теңдiгі;
      4) төрешiлер мен төрелiктер өздерiне берiлген дауларды шешу кезiнде және төрелiк iс қарау тараптары белгiленген талаптарды, қоғамның имандылық принциптерiн және iскерлiк әдеп ережелерiн сақтай отырып, адал әрекет етуге тиiс екенiн бiлдіретiн әдiлеттілiк;
      5) заңда азаматтың тиiстi органға ақпаратты хабарлау мiндеттiлiгi тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, төрешiлердiң төрелiк iс қарау барысында белгiлi болған мәліметтерді тараптардың немесе олардың құқықтық мирасқорларының келiсiмiнсiз жария етуге құқығы жоқтығын және куә ретiнде төрелiк iс қарау барысында оларға белгiлi болған мәлiметтер туралы жауап ала алмайтындығын бiлдiретiн құпиялылық.

      5-бап. Төрелiк қызметiне араласуға жол бермеу

      Төрешiлер мен төрелiктер өздерiне берiлген дауларды шешу кезiнде тәуелсiз, құзыреттi соттан басқа оларға мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдардың қандай да бiр ықпалы болмайтын шарттарда, заң актiлерiнде көзделген жағдайларда шешiм қабылдайды.

      6-бап. Дауды төрелiктiң шешуiне беру

      1. Дау төрелiктiң қарауына тараптар арасында жасалған төрелiк келiсiм болғанда берiлуi мүмкін.
      2. Төрелiк келiсiмдi тараптар арасында қандай да бiр нақты азаматтық құқық қатынастарына байланысты туындаған немесе туындауы мүмкiн дауларға қатысты тараптар жасауы мүмкiн.
      3. Құзыреттi сот қарауындағы дауға қатысты төрелiк келiсiм көрсетiлген сот дау бойынша шешiм қабылдағанға дейiн жасалуы мүмкiн. Бұл жағдайда құзыреттi сот iс бойынша iс жүргiзуi тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
      4. Төрелiкке тараптардың келiсiмi бойынша, егер тараптардың бiрi Қазақстан Республикасының резидентi емес болып табылса, жеке тұлғалар, коммерциялық кәсiпорындар мен өзге де ұйымдардың арасындағы азаматтық-құқықтық шарттардан туындайтын даулар берiлуi мүмкiн.

2-тарау. Төреліктiң құрамы

      7-бап. Төрешiлер

      1. Төрешi болып iстiң нәтижесiне тiкелей немесе жанама мүдделi емес, тараптардан тәуелсiз болып табылатын және төрешiнiң мiндеттерiн орындауға келiсiмiн берген, жиырма бес жасқа толған және жоғарғы бiлiмi бар жеке тұлға сайланады (тағайындалады).
      2. Дауды жеке-дара шешетiн төрешiнiң жоғары заңгерлiк бiлiмi және заңгерлiк мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы болуы тиiс. Дауды алқалы түрде шешу жағдайында төрелiк төрағасының жоғары заңгерлiк бiлiмi болуға тиiс.
      3. Төрешiлерге үмiткерлерге қойылатын талаптар тараптармен тiкелей келiсiлуi және төрелiк iс қарау ережелерiмен айқындалуы тиiс.
      4. Мына төмендегі:
      1) заңдарда белгіленген тәртiппен құзыреттi соттың судьясы болып сайланған немесе тағайындалған;
      2) заңда белгiленген тәртiппен сот қабiлетсiз немесе қабiлетi шектеулi деп таныған;
      3) алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар не қылмыс жасауда айып тағылған;
      4) мемлекеттік қызметшi болып табылатын адам төрешi бола алмайды.

      8-бап. Дауды қарау кезiндегi төрешiлердiң саны

      1. Тараптар саны тақ болуы тиiс төрешiлер санын белгiлеуге құқылы.
      2. Егер тараптар бұл туралы уағдаласпаса, онда төрелiкте дауды шешу үшiн үш төрешi сайланады (тағайындалады).

      9-бап. Төрелiктiң құрамы

      1. Төрелiк құрамын құру төрелердi (төренi) сайлау (тағайындау) жолымен жүргізiледі.
      2. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкте төрелiктiң құрамын құру тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде белгiленген тәртiппен жүргізiледi.
      3. Нақты дауды шешу үшін төрелiкте төрелiктiң құрамын құру тараптармен келiсiлген тәртiпте жүргiзiледі.
      4. Тараптардың келiсiмi бойынша төрешi болып Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдiк не азаматтығы жоқ адам сайлануы мүмкін.
      5. Егер тараптар бұл туралы уағдаласпаса, онда нақты дауды шешу үшiн төрелiк құрамын құру мынадай тәртiпте жүргiзiледi:
      1) үш төрешіден тұратын төрелiк құрамын құру кезiнде әр тарап төрешiнің бiреуiн сайлайды, ал осындай жолмен сайланған екi төрешi үшiншi төрешiнi сайлайды.
      Егер тараптардың бiреуi басқа тараптан бұл туралы өтiнiшті алғаннан кейiн 60 күн iшiнде төрешiнi сайламаса, немесе екi сайланған төрешi өздерi сайланғаннан кейiн 60 күн iшiнде үшiншi төрешiнi сайламаса, онда төрелiкте дауды қарау тоқтатылады және бұл дау құзыреттi соттың шешуiне жiберiледi;
      2) егер дау төрешiнiң жеке-дара шешуiне жатса және бiр тарап басқа тарапқа төрешiнi сайлау туралы ұсыныспен жүгiнгеннен кейiн тараптар 60 күн iшiнде төрешiнi сайламаса онда төрелiкте дауды қарау тоқтатылады және бұл дау құзыретті соттың шешуiне жiберiледі.

      10-бап. Төрешіден бас тарту

      1. Осы Заңның 11-бабының талаптарына төрешi сәйкес келмеген жағдайда тараптар төрешiден бас тарту жөнiнде өтiнiш бере алады.
      2. Қандай да бiр жеке адамға оның төрешi болып сайлану (тағайындалу) мүмкiндiгiне байланысты жүгiнген жағдайда көрсетiлген адам осы Заңның 11-бабына сәйкес одан бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлардың болуы туралы хабарлауы тиiс. Егер көрсетiлген мән-жайлар төрелiк iс қарау кезiнде туындаған жағдайда, төрешi бұл туралы тараптарға кешiктiрмей хабарлауы және өздігiнен бас тартуы тиiс.
      3. Тараптар өзi сайлаған төрешiге осы бапқа сәйкес, егер бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар тарапқа осы төрешiнi сайлағаннан кейiн белгiлi болған жағдайда бас тарта алады.
      4. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкте төрешiден бас тарту рәсiмi тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк регламентiнде белгiленеді.
      5. Нақты дауды шешу үшiн төрелікте төрешiден бас тарту рәсiмi тараптармен келiсiлуi мүмкiн.
      6. Егер төрешiден бас тарту рәсiмi тараптармен келiсiлмесе немесе тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде белгiленбесе, онда төрешiден бас тарту туралы жазбаша уәжді өтiнiштi тараптар төрелiкке немесе жеке дара төрешiге төрешiден бас тарту үшiн негiз болып табылатын жағдай тарапқа белгiлi болғаннан бастап 30 күн iшiнде берiлуi тиiс.
      Егер бас тартылған төрешi оны қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартуға келiспесе, онда төрешiден бас тарту туралы мәселенi төрелiктiң құрамына кiретiн төрешiлер тараптардың жазбаша уәждi өтiнiшiн алған кезден бастап он күн мерзiмде шешедi.
      Дауды жеке-дара қарайтын төрешiден бас тарту туралы мәселенi осы төрешi шешедi.
      Егер дауды жеке-дара қарайтын төрешi бiр немесе екi тараптың бас тарту туралы өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартуға келiспесе, онда бас тарту туралы мәселе тараптардың төрелiк iс қарауды тоқтату туралы келiсiмдi қабылдау арқылы шешiледі.

      11-бап. Төрешiнiң өкiлеттiгiн тоқтату

      1. Төрешiнiң өкiлеттiгi тараптардың келiсiмi бойынша осы Заңда көзделген негiздер бойынша, сондай-ақ төрешiнiң ауруына немесе қайтыс болуына байланысты оның өз мiндеттерiн жүзеге асыруға орнықты қабiлетсiз болған жағдайда тоқтатылуы мүмкiн.
      2. Дауды жеке-дара қарайтын төрелiктiң немесе төрешiнiң өкiлеттiгi тоқтатылған жағдайда қараудағы дау бойынша iс жүргiзу басқа төрелiк немесе жеке-дара төрешiнi сайлағанға (тағайындағанға) дейiн тоқтатыла тұрады.
      3. Төрешiнiң өкілеттiгi нақты iс бойынша шешiм қабылдағаннан кейiн тоқтатылады. Осы Заңның 33-бабында көзделген жағдайларда, төрешiнiң өкiлеттiгi қалпына келтiрiледі, ал содан кейiн көрсетiлген баптарда көзделген iс жүргiзу әрекеттерi аяқталғаннан кейiн тоқтатылады.

      12-бап. Төрешiнi ауыстыру

      Төрешi өкiлеттiгiн тоқтатқан жағдайда басқа төрешi ауыстырылатын төрешiге қолданылған ережелерге сәйкес сайланады (тағайындалады).
      Ауысу тәртiбiмен сайланған (тағайындалған) төрешi iс бойынша қайтадан тыңдау тағайындауға құқылы.

3-тарау. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстар

      13-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстар

      1. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстар:
      төрешiлердiң қаламақысын;
      төрелiк iс қарауға қатысуға байланысты төрешiлер шеккен шығыстар, соның iшiнде дауды қарау орнына жол жүру, жамбасақы және тамақтану төлемiне шығыстарды;
      сарапшыларға және аудармашыларға төленуге тиiс сомаларды;
      төрешiлермен жазбаша және заттай дәлелдемелердi олар орналасқан жерде қарауға және зерттеуге байланысты шеккен шығыстарды;
      куә шеккен шығыстарды;
      төрелiк шешiм пайдасына жасалған тараптың өкiлiнiң қызметiн төлеу шығыстарын;
      төрелiк iс қарауды ұйымдастырушылық және материалдық қамтамасыз ету шығыстарын қамтиды.
      2. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкте төрешiлердің қаламақысының мөлшерi тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк регламентiнде көзделген төрешiлер қаламақысының шәкiлiне сәйкес төрелiк құрамымен айқындалады.
      Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк регламентiнде төрешiлердiң қаламақысына белгiленген мөлшерде нұсқау жоқ болса, төрелiк төрешiнiң қаламақысының мөлшерiн iс қараудың әрбiр нақты жағдайында талап қоюдың бағасын, даудың күрделiлiгiн, төрелiк iс қарауға төрешiлердiң кеткен уақытын және iске қатысты кез келген басқа да мән-жайларды ескере отырып белгiлей алады.
      3. Нақты дауды шешу үшiн төрелiкте төрешiлердiң қаламақысының мөлшерi тараптардың келiсiмi бойынша, ал мұндай жоқ болса - нақты дауды шешу үшiн төрелiк тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк үшiн көзделген тәртiппен белгiлейді.

      14-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты
               шығыстарды бөлу

      1. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды тараптар арасында бөлудi тараптардың келiсiмiне сәйкес төрелiк, ал мұндай жоқ болса қанағаттандырылған және қабылдамай тастаған талаптарға үйлесiмдi жүргізіледі.
      2. Төрелiк шешiмi пайдасына жасалған тарап өкілiнiң қызметiне төлеуге шығыстар, сондай-ақ төрелiк iс қараумен байланысты өзге де шығыстар төрелiктiң шешiмi бойынша, егер келтiрiлген шығыстарды өндiру туралы талап төрелiк iс қарау барысында мәлiмделсе және төрелiкпен қанағаттандырылса, басқа тарапқа қатысты болуы мүмкiн.
      3. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу төрелiктiң шешiмiнде немесе ұйғарымында көрсетіледі.

4-тарау. Төреліктің құзыреті

      15-бап. Төреліктiң өз құзыреті туралы қаулы
               шығаруға құқығы

      1. Төрелiк оған шешуге берiлген дауды қарауға өзiнiң өкiлеттігi (құзырлығы) болуы немесе жоқтығы туралы мәселенi, соның iшiнде тараптардың бiрi төрелiк келiсiмнiң жарамсыздық себептерi бойынша төрелiк iс қарауға қарсылық бiлдiрген жағдайда дербес шешедi.
      2. Тараптар оған шешуге берiлген дауды қарауға төрелiк соттың құқығы жоқтығы туралы даудың мәнi бойынша бiрiншi өтiнiштi ол бергенге дейiн мәлiмдеуге құқылы.
      3. Тараптар төрелiктiң құқығын асыра қолдану туралы, егер төрелiк iс қарау барысында төрелiк iс қараудың нысаны болып қаралуы төрелiк келiсiмде көзделмеген не осы iс қарауда қолданылатын заңдардың нормаларына немесе төрелiк iс қарау ережесiне сәйкес төрелiк iс қарау мәнi болып табылмайтын мәселе қойылса, мәлiмдеуге құқылы.
      4. Төрелiк осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жасалған өтiнiштi он күн мерзiмде қарауға мiндетті. Өтiнiштi қараудың қорытындысы бойынша ұйғарым шығарылады.
      5. Егер төрелiк өзiнiң құқықтылығы туралы мәселенi қарау кезінде төрелiкте дауды қарауға құқығы жоқтығы туралы ұйғарым шығарса, онда төрелiк дауды мәнi бойынша қарай алмайды.

5-тарау. Төрелiк iс қарауды жүргізу

      16-бап. Төрелiк ic қараудың ережесiн анықтау

      1. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк өзiнiң регламентіне сәйкес төрелiк iс қарауды жүзеге асырады.
      2. Haқты дауды шешу үшiн төрелiк тараптармен келiсiлген ережелерге сәйкес төрелiк iс қарауды жүзеге асырады.
      Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде, сондай-ақ осы Заңның ережелерiнде айқындалмаған және тараптармен келiсiлмеген төрелiк iс қараудың ережелерiн төрелiк айқындайды.

      17-бап. Төрелiк ic қараудың орны

      Тараптар өз қалаулары бойынша төрелiк орны туралы келiсулерi мүмкiн. Мұндай келiсiм жоқ болса төрелiк орны тараптар үшiн ыңғайлы факторды қоса алғандағы, iстiң жағдайын есепке ала отырып, төрелiкпен анықталады.

      18-бап. Талап арыз және талап арызға пiкiр

      1. Талапкер жазбаша нысанда төрелікке берiлетiн талап арызда өзiнiң талаптарын баяндайды. Талап арыздың көшiрмесi жауапкерге берiледі.
      2. Талап арызда:
      1) талап арызды берген күнi;
      2) тараптардың атауы, олардың пошталық мекен-жайы және банктiк деректемелерi;
      3) төрелiкке жүгiну негiздемесi;
      4) талапкердiң талабы;
      5) талапкер өзiнiң талаптарын негiздеген мән-жайлар;
      6) талап арыз талаптарының негiзiн растайтын дәлелдемелер;
      7) егер талап арыз бағалауға жатса, талап арыздың бағасы;
      8) талап арызға қоса тiркелетін құжаттар мен өзге материалдардың тiзбесi көрсетiлуi тиiс.
      Талап арызға талапкер немесе қол қоюға және талап арыз ұсынуға өкiлеттiгi бар оның өкiлi қол қоюға тиiс. Егер талап арызға талапкердiң өкiлi қол қойса, талап арызға өкiлдің өкiлеттiгiн куәландыратын сенiмхат немесе өзге құжат қоса берiлуге тиiс.
      3. Төрелiк iс қараудың ережесiмен талап арыз мазмұнына қосымша талаптар көзделуі мүмкiн.
      4. Жауапкер талапкерге және төрелiкке талап арызға пiкiрi талап арызға қарсы өзiнiң қарсылығын баяндап ұсынуға құқылы. Талап арызға пiкiр талапкерге және төрелiкке төрелiк iс қарау ережелерiнде көзделген тәртіпте және мерзiмде берiледі.
      Eгep төрелiк iс қарау ережелерiмен талап арызға пiкiрдi ұсыну мерзiмi айқындалмаса, онда көрсетiлген пiкір төрелiктiң бiрiншi отырысына дейiн кемiнде 10 күн қалғанда ұсынылады.
      5. Төрелiк iс қарау барысында тараптар өзiнiң талап арыздық талаптарын не талап арызға қарсылығын өзгертуге не толықтыруға құқылы.

      19-бап. Төрелiк iс қараудың басталуы

      Егер тараптар өзге туралы келiспеген болса, нақты дауға қатысты төрелік iс қарау төрелiкке осы дауды тапсыру туралы хабарламаны жауапкер алған күнi басталады.

      20-бап. Талап арызды қайтару

      1. Төрелiк сот талап арызды, егер:
      1) тараптар арасында төрелiк келiсiм жоқ болса;
      2) талап арыз төрелiк келiсiмде көзделмеген төрелiкке берiлсе;
      3) талап мәнi төрелiк келiсiмнiң шегiнен шықса;
      4) талап арызға уәкiлеттiгi жоқ адам қол қойса;
      5) талапкер талап арызды қайтарып алу туралы өтiнiш берсе;
      6) осы немесе басқа бiр төрелiктiң iс жүргiзуiнде сол тараптар арасында, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша дау жөнiнде iс бар болса, қайтарады.
      2. Талап арызды қайтарған кезде төрелiк дәлелдi ұйғарым шығарады.
      3. Арызды қайтару талапкердiң сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша талап қоюмен сотқа қайтадан жүгiнуiне кедергi келтiрмейдi.

      21-бап. Тiлi

      1. Тараптар өз қалаулары бойынша төрелік талқылау барысында пайдаланылатын тiл немесе тiлдер туралы келiсулерi мүмкiн. Мұндай келiсiм болмағанда төрелiк iс қарау кезiнде пайдаланылуға тиiс мемлекеттiк, оған қатар орыс тiлiн де, немесе өзге де тiлдерi белгiлейдi.
      Төрелiк iс қарау жүргiзiлiп отырған тiлді бiлмейтiн iске қатысушы адамдардың iс материалдарымен танысу, төрелiк әрекетiне аудармашы арқылы қатысу, төрелiкте ана тiлiнде мәлiмдеме жасау құқығы қамтамасыз етiледі.
      2. Құжаттар мен өзге материалдарды төрелiк iс қарау тiлiнде (тiлдерiнде) ұсынбаған тараптар олардың аудармасын қамтамасыз етедi, бұл ретте төрелiк регламентiмен, не тараптар келiсiмiмен қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн.
      3. Төрелiк тараптардан құжаттар мен өзге материалдардың төрелiк iс қарау тiлiнде (тiлдерiнде) аудармасын талап ете алады.

      22-бап. Құжаттарды ұсынбау немесе тараптардың келмеуі

      1. Құжаттар мен өзге материалдарды ұсынбау, соның iшiнде төрелiк отырысының уақыты мен орны туралы тиiсiнше хабарландырылған тараптардың немесе олардың өкiлдерiнiң төрелiк отырысына келмеуi, егер құжаттар мен өзге материалдарды ұсынбау немесе төрелiк отырысына тараптардың келмеуi олармен дәлелді емес деп танылса, төрелiк iс қарау және төрелiк шешiм қабылдауы үшiн кедергi болып табылмайды.
      2. Жауапкердiң талап арызға қарсылығын ұсынбауы талапкердiң талаптарын мойындау ретiнде қарастырыла алмайды.

      23-бап. Тараптардың құқығы

      Төрелiк iс қарауға қатысушы тараптардың:
      1) iс материалдарымен танысуға және осы материалдардан көшiрме жасауға;
      2) дәлелдемелердi ұсынуға;
      3) төрешiлерге өтiнiш бiлдiруге, бас тартуға;
      4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруге;
      5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өзiнiң дәлелдерiн беруге;
      6) басқа тараптың өтiнiштерiне және дәлелдерiне қарсы қарсылық бiлдiруге;
      7) құзыретті сот алдында қолданыстағы заңдарға сәйкес төрелiк шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы өтiнiш бiлдіруге;
      8) төрелiк шешiмге осы Заңда белгiленген жағдайларда шағым беруге құқығы бар.

      24-бап. Төрешiлер тағайындаған сарапшы

      1. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса онда төрешi:
      1) бiр немесе бiрнеше сарапшыларды төрешiлермен айқындалатын нақты мәселелер бойынша оған қорытынды ұсыну үшiн тағайындай алады;
      2) тараптардан сарапшыға iске қатысы бар ақпараттарды не қарау үшiн ұсынуды не iске қатысы бар құжаттарды, тауарларды немесе басқа да мүлiктi қарауға мүмкiндiк берудi талап етеді.
      2. Тараптардың өзгеше келiсiмi болмағанда сарапшы, егер тараптар бұл туралы өтiнсе немесе егер төрелiк сот бұны қажет деп санаса, өзiнiң жазбаша немесе ауызша қорытындысын ұсынған соң тараптарға оған сұрақтар қою және даулы мәселелер бойынша айғақтар беру үшiн мамандар ұсыну мүмкiндiгiн беретiн тыңдауға қатысуға тиiс.

      25-бап. Құзыретті соттың қамтамасыз ету шараларын
               ұсынуда және дәлелдемелердi алуға ықпал етуi

      1. Төрелiк iс қараудың тараптары құзыры сотқа талап арызды қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар қабылдау туралы өтiнiшпен жүгiнуге құқылы.
      2. Төрелiкте қаралатын талапты қамтамасыз ету туралы өтiнiштi тараптар құзыреттi сотқа төрелiк iс-қараудың жүзеге асырылу орыны немесе қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкiн мүліктің орналасқан жерi бойынша берiледi.
      3. Төрелiк соттың төрелiкте қаралатын талапты қамтамасыз ету туралы өтiнiштi қарауы және олардың талапты қамтамасыз ету туралы немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады.
      4. Төрелiк немесе тарап төрелiктiң келiсiмiмен құзыреттi coтқa дәлелдемелердi алуға ықпал етуге өтiнiш бiлдiре алады. Құзыреттi сот бұл өтiнiштi Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарының нормасына сәйкес қарайды.
      5. Төрелiк немесе тараптар төреліктiң келiсiмiмен құзыреттi сотқа дәлелдемелердi алуға жәрдемдесу туралы өтiнiш жасай алады. Құзыретті сот бұл өтiнiштi Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарының нормаларына сәйкес қарайды.

6-тарау. Төрелiк шешімді шығару
және іс қарауды тоқтату

      26-бап. Даудың мәніне қолданылатын нормалар

      1. Төрешiлер дауларды тараптар дауды қарауда қолданылатын ретінде таңдаған құқықтың нормаларына сәйкес шешедi. Қандай да бiр мемлекеттің құқыққа немесе құқық жүйесiне кез келген нұсқауы осы мемлекеттің оның қарама-қайшылықты нормаларына емес, материалдық құқығына тiкелей сүйенетiн ретiнде түсiндiрiлуi керек.
      2. Тараптардың қолданылатын құқық туралы келiсiмi болмағанда, төрешiлер Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығын қолданады.
      3. Нақты құқық қатынастарын реттейтiн нормалар болмағанда төрелiк шешiмдi осы мәмiледе қолданылатын iскерлiк айналым әдеп-ғұрпына сәйкес қабылдайды.

      27-бап. Төрешiлер алқасының шешім шығаруы

      Төрешiлер алқасымен жүзеге асырылатын төрелiк iс қарауда, егер тараптар өзгеше келiспесе төрелiктiң кез келген шешiмi төрешiлердің басым санымен шығарылуға тиiс.

      28-бап. Бiтiмгершiлiк келiсiм

      1. Егер тараптар төрелiк iс қарау барысында дауды реттесе, төрешiлер талқылауды тоқтатады және тараптардың өтiнiшi бойынша бұл реттеудi келiсiлген талаптарда төрелiк шешiмi ретінде белгiлейдi.
      2. Келісiлген талаптарда төрелiк шешім осы Заңның 31-бабының ережелерiне сәйкес шығарылуға тиiс. Мұндай төрелiк шешiм де даудың мәнi бойынша кез келген төрелiк шешім сияқты орындалуға жатады.

      29-бап. Төрелiк шешiмнiң нысаны мен мазмұны

      1. Төрелiк шешiм жазбаша нысанда жазылады және төрешiлердiң құрамына төрешiлер, сонымен қатар ерекше пікірi бар төрешiлер қол қояды. Егер төрелiк талқылау алқалы түрде жүзеге асырылған болса, онда шешiмге басқа төрешiлердiң қолы жоқтығының дәлел себебi көрсетiлген жағдайда, төрелiктiң құрамына кiретiн төрешiлердiң көпшiлiгi қол қояды.
      2. Төрелiк шешiмде төрелiк күнi және орны, төрелiк шешiм негiзделген себептер көрсетiледі.
      3. Төрелiк шешiм қабылданғаннан кейiн әр тарапқа шешiмнiң бiр данасы тапсырылуға не жiберiлуге тиiс.

      30-бап. Төрелік ic қарауды тоқтату

      1. Төрелiк iс қарау осы баптың 2-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша төрелiк iс қараудың тоқтатылуы туралы ұйғарымның шығарылуымен тоқтатылады.
      2. Төрелiк мынадай жағдайларда егер:
      егер жауапкер мәнi бойынша дауды шешуде оның заңды мүддесiнiң болуына байланысты төрелiк iс қарауды тоқтатуға қарсы тек қана қарсылық бiлдiрмесе, талапкер өзінiң талабынан бас тартса және төрелiк бас тартуды қабылдаса;
      төрелiк оған шешуге берiлген дауларды қарауға төрелiк құзыретiнiң болмауы туралы ұйғарым шығарса;
      сол тараптар арасында, сол мәселе туралы даулар бойынша және сол негіздер бойынша құзыреттi соттың немесе төрелiктің заңды күшiне енген шешiмi болса;
      тараптар төрелiк iс қарауды тоқтату туралы келiсiмге келсе;
      коммерциялық кәсiпорын таратылса, жеке тұлға қайтыс болса (қайтыс болған деп жарияланса), не төрелiк iс қараудың тарабы болып табылатын жеке тұлға хабарсыз кеткен деп танылса iс қарауды тоқтату туралы ұйғарым шығарады.

      31-бап. Шешімдi түзету және түсiндіру. Қосымша шешiм

      1. Төрелiк шешімді алған соң 60 күн iшiнде, егер тараптар  арқылы өзге мерзiм келiсiлмесе:
      1) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапқа  хабарлап төрелiктi, шешiмде жол берiлген есептеулерде, жазуларда немесе жаңылыс таңбалардағы кез-келген қателердi не ұқсас сипаттағы өзге де қателердi түзетуiн өтiне алады;
      2) тараптардың кез келген бұл туралы екiншi тарапқа хабарлап төрелiктiң шешiмнiң қандай да бiр нақты тармағын немесе бөлiгiн түсiндiруiн өтiне алады.
      Төрелiк егер ол өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алған соң 30 күн iшiнде тиiсiнше түзету енгiзуге және түсiнiк беруге тиiс. Бұндай түсiнiк төрелiк шешiмнiң құрамдық бөлiгiне айналады.
      2. Төрелiк төрелiк шешiм шыққан күнінен бастап есептегенде 30 күн ішінде өзінің бастамасы бойынша осы баптың 1-тармағы екiншi абзацында көрсетiлген кез келген қатенi түзете алады.
      3. Егер тараптар өзгеше келiспесе, тараптардың кез келгенi бұл туралы екіншi тарапқа хабарлап төрелiк шешiмдi алған соң 60 күн iшiнде төрелiк iс қарау барысында мәлiмделген, алайда шешiмде көрiнiс таппаған талаптарға қатысты төрелiкке қосымша шешiм қабылдау туралы өтiнiшпен жүгіне алады. Төрелiк егер ол өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алған соң 60 күн iшiнде қосымша төрелiк шешiм шығаруы тиiс.
      4. Төрелiк қажет болған жағдайда осы баптың 1 немесе 3-тармақтарына сәйкес қателердi түзетуге, түсiнiк беруге немесе қосымша төрелiк шешiм шығаруға қажеттi мерзiмдi, бiрақ 60 күннен асырмай ұзартуы мүмкiн.

7-тарау. Төрелiк шешiмдi даулау

      32-бап. Төрелiк шешiмдi жою туралы өтiнiш білдiру

      1. Құзыреттi сотта төрелiктiң шешiмiн даулау осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жою туралы өтiніш беру арқылы ғана өткiзiлуi мүмкiн.
      2. Төрелiк шешiмді құзыретті сот мынадай жағдайларда ғана жоюы мүмкiн, егер:
      1) жою туралы өтiнiш бiлдiрген тарап:
      төрелiк келiсiм тараптарының бiреуін құзыреттi сот қабiлетсiз ден таныса немесе төрелiк келiсiм тараптар оны қосқан заң жүзiнде жарамсыз, ал осындай нұсқау жоқ болса Қазақстан Республикасының заңы бойынша жарамсыз болатынына;
      ол төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк iс қарау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегендігiне немесе құзыреттi сот дәлелді деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiндірулерiн көрсете алмағандығына;
      төрелiк шешiм төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн, не төрелiк келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратын дау бойынша, сондай-ақ төрелiкке ведомстволық бағынысты емес даудың салдарынан шығарылса.
      Егер төрелiк келiсiммен қамтылатын мәселелер бойынша төрелiк шешiм осындай келiсiммен қамтымайтын мәселелер жөнiндегi шешімдерден ажыратылуы мүмкiн болса, онда төрелiк келiсiм қамтымайтын мәселелер жөнiндегi шешiмдерден тұратын төрелік шешiмнiң сол бөлiгi ғана жойылуы мүмкін;
      төрелiктің құрамы немесе iс қарау төрелiк рәсiмi тараптардың келiсiмiне және төрелiктiң регламентiне сәйкес келмесе, не осындай келiсiм болмағанда осы заңға сәйкес келмейтiнiне дәлелдемелер ұсынса;
      2) құзыреттi сот төрелiк шешiм Қазақстан Республикасының жариялылық тәртібiне қайшы келетінін анықтайды.
      3. Жою туралы өтiнiш төрелiк шешiмнiң осы өтiнiштi берген тараптардың алған күнiнен бастап, егер өтiнiш 37-бапқа сәйкес өтiнiш ретiнде берiлген жағдайда төрелiк осы өтiнiш бойынша шешiм шығарған күнiнен бастап үш ай өткенше мәлім етiлмейді.
      4. Құзыретті сот тараптардың бiреуiнiң өтiніші бойынша, төрелiк шешімді жою жөнiнде өтініш бойынша iс өндірiсiн төрелiк iс қарауды жаңғырту не төрелiк шешiмдi жою үшiн негiздi жоюға мүмкіндік туғызатын өзге де шараларды қабылдау үшiн белгiленген мерзiмге тоқтатуға құқылы.

8-тарау. Төрелiк шешiмдердi тану және орындау

      33-бап. Төрелiк шешiмдердi тану және орындау

      1. Төрелiк шешiм мiндеттi деп танылады және құзыреттi сотқа жазбаша өтiнiш бергенде осы баптың және осы Заңның 36-бабының ережелерiн ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орындалады.
      Шет мемлекеттерде шығарылған төрелiк шешiм құзыреттi сотпен танылады және атқарушының iс жүргiзу органдарымен өзара негіздерде орындалады.
      2. Төрелiк шешiмге сүйенетiн немесе оны орындау туралы өтiнiш бiтiрген тарап төрелiк шешiмнiң тиiстi түрде расталған түпнұсқасын немесе тиiсті түрде расталған соның көшiрмесiн, төрелiк шешiмнiң түпнұсқасы немесе тиiстi түрде расталған соның көшiрмесiн ұсынуы керек. Егер төрелiк шешiм немесе келiсiм шет тiлiнде жазылса, тараптар осы құжаттардың мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi тиiстi үлгiде расталынған аудармасын ұсынады.

      34-бап. Төрелiк шешiмдi танудан немесе орындаудан
               бас тарту үшiн негiздемелер

      Құзыретті сот төрелiк шешiмдi танудан немесе орындаудан оның қандай елде шығарылғанына қарамастан мынадай негiздерде:
      1) егер бұл тарап құзыреттi сотқа:
      төрелiк келiсiмдегi тараптардың бiреуiн құзыреттi сот қабiлетсiз, не қабiлетi шектелген деп танығанына, төрелiк келiсiмнiң тараптар оны бағындырған заң бойынша, жарамсыздығына;
      қарсы шешiм шығарылған тарап төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк iс қарау туралы тиiстi жағдайда хабардар етілмегендiгiне немесе құзыреттi сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiндірулерiн көрсете алмағандығына;
      төрелiк шешiм төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн шығарылғанын, не төрелiк келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратын дау бойынша, сондай-ақ төрелiкке ведомстволық бағынысты емес даудың салдарынан шығарылса.
      Егер төрелiк келiсiммен қамтылатын мәселелер бойынша төрелiк шешiм осындай келiсiммен қамтымайтын мәселелер жөнiндегi шешiмдерден ажыратылуы мүмкiн болса, онда төрелiк келiсiммен қамтымайтын мәселелер жөнiндегi шешiмдерден тұратын төрелiк шешiмнiң сол бөлiгi ғана жойылуы мүмкін;
      төрелiктiң құрамы немесе іс қараудың төрелiк рәсiмi тараптардың келiсiмiне сәйкес келмесе немесе мұндай болмағанда төрелiк орын алған елдің заңына сәйкес келмейтiнiне;
      шешiм тараптар үшiн әлi де мiндеттi болмаса, немесе жойылған болса немесе оның iске асуы ол шығарылған елдің сотымен заңына сәйкес тоқталғандығына сотқа дәлелдеме ұсынса;
      2) егер құзыреттi сот осы төрелiк шешiмдi тану мен орындау Қазақстан Республикасының жариялылық тәртібiне қайшы келеді деп анықтаса бас тартады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады