"Экстремистік әрекетке қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 10 сәуірдегі N 400 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      "Экстремистік әрекетке қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы

  Экстремистік әрекетке қарсы іс-қимыл туралы

      Осы Заң адамның және адамзаттың құқықтары мен бостандықтарын, конституциялық құрылыс негіздерін қорғау, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында экстремистік әрекетке қарсы іс-қимылдың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.

       1-бап. Негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) экстремистік әрекеттерді ұйымдастыру - экстремистік әрекетті жүзеге асыру үшін жағдай жасауға бағытталған, соның ішінде экстремистік әрекетті жүзеге асыру құралдарын немесе қаруларын іздестіру, әзірлеу немесе сатып алу, осындай әрекеттерді қаржыландыру, адамдарды азғырып-көндіру жөнінде жеке және/немесе заңды тұлғалар әрекеттерінің жиынтығы;
      2) экстремистік әрекетке қарсы іс-қимыл - экстремизмнен жеке адамды, қоғамды және мемлекетті қорғауға, экстремистік әрекеттің алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге және оның зардаптарын жоюға, сондай-ақ экстремистік әрекетті жүзеге асыруға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және болдырмауға бағытталған мемлекеттік органдардың қызметі;
      3) экстремистік әрекеттің алдын алу - экстремистік әрекеттің жолын кесуге бағытталған ұйымдастырушылық, тәрбиелік, насихаттық және өзге де шаралар жүйесі;
      4) экстремистік әрекеттерді жасау - экстремистік мақсаттағы жоспарланған әрекеттерді, осындай әрекеттерді жасауға шақыратын жария үндеулерді, экстремистік ұйымдардың нышандарын насихаттау және көпшілікке көрсетуді қоса алғанда тікелей іске асыру;
      5) экстремистік әрекет (экстремизм) -
      белгіленген тәртіппен экстремистік деп танылған ұйымның атынан әрекеттерді адамның, адамдар тобының не ұйымдардың;
      мынадай экстремистік мақсаттарды: Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуді, егемендігі мен тұтастығын және оның аумағының біртұтастығын бұзуды, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіруді, өкіметті күшпен басып алуды немесе өкіметті күшпен ұстап тұруды, заңсыз әскерилендірілген құралымдарды құруды, басшылық жасауды және қатысуды, қарулы бүлік ұйымдастыруды және оған қатысуды, әлеуметтiк, тектiк-топтық алауыздықты қоздыруды (саяси экстремизмдi);
      мемлекетте бiр ұлттың үстемдiк етуiн орнықтыруды, сондай-ақ нәсiлдiк, ұлттық және рулық алауыздықты қоздыруды (саяси экстремизмдi);
      мемлекетте бiр дiннiң немесе дiни ағымның үстемдiк етуiн орнықтыруды, сондай-ақ дiни алауыздықты қоздыруды (дiни экстремизмдi) ұйымдастыруы және/немесе жасауы;
      дiни алауыздықты қоздыруға, адамның жеке басын бұзуға, оның денсаулығы мен өмiрiне (дiни экстремизм) қауiп төндiруге бағытталған әрекеттердi жасауда көрiнетiн түбегейлi дiни нанымнан сенiм бостандығына берiлушiлiк;
      6) экстремистiк ұйымдар - оның қызметiне ұйымдасқан сипатты белгiлеуге мүмкiндiк беретiн айырым белгiлерi (атауы, нышаны) бар экстремистiк қызметтi жүзеге асыратын және сот экстремистiк ұйым деп таныған адамдардың бiрлестiгi немесе заңды тұлға;
      7) экстремистiк материалдар - экстремистiк әрекеттi жүзеге асыруға шақыратын не осындай әрекеттi жүзеге асыру қажеттiгiн негiздейтiн немесе ақтайтын жария етуге арналған кез-келген мақсаттағы құжаттар не өзге де тасымалдардағы ақпарат.

       2-бап. Қазақстан Республикасының экстремистiк әрекетке
               қарсы iс-қимылдар туралы заңдары

      1. Экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимыл туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi әрi осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Қазақстан Республикасында экстремистiк
               ұйымдарды құруға тыйым салу

      Қазақстан Республикасының аумағында мақсаттары немесе iс-қимылдары экстремизмдi жүзеге асыруға бағытталған ұйымдарды құруға және әрекетiне тыйым салынады.
      Заңдарда белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдардың атауларын құрылатын ұйымдардың атауларында пайдалануға жол берiлмейдi.

       4-бап. Экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимылдың негiзгi
               принциптерi

      Экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимыл мынадай:
      заң үстемдiгi және оның нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дінге қатысына, әлеуметтiк топтарға тиесiлiгiне қарамастан, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының теңдiгi;
      Қазақстан Республикасында оны бiлдiру нысанына қарамастан экстремистiк әрекеттi жүзеге асыруға жол бермеу;
      экстремистiк әрекеттi жүзеге асыру үшiн жағдай жасау мен мүмкiндiктердiң алдын алу;
      қоғамдық, соның iшiнде ұлтаралық және конфессияаралық келiсiмдердiң сақталуын қамтамасыз ету;
      азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетiн саяси және құқықтық мәдениетiн қалыптастыру;
      Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету басымдығы;
      экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимылда мемлекеттiң қоғамдық бiрлестiктермен, өзге де ұйымдармен және азаматтармен өзара iс-қимыл принциптерiне негiзделедi.

       5-бап. Экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимылдың негiзгi
               бағыттары

      Экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимыл мынадай негiзгi бағыттар:
      экстремистiк әрекеттiң алдын алуға, соның iшiнде экстремистiк әрекеттi жүзеге асыруға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтауға және кейiннен жоюға бағытталған алдын алу шараларын қабылдау;
      ұйымдар мен жеке тұлғалардың экстремистiк әрекетiн анықтау және жолын кесу;
      экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимыл саласында халықаралық ынтымақтастық бойынша жүзеге асырылады.

       6-бап. Экстремистiк әрекеттiң алдын алу

      1. Экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимыл мақсатында мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде экстремистiк әрекеттi болдырмауға бағытталған мынадай алдын алу шараларын iске асырады:
      1) дiни бiрлестiктермен байланыс жөнiндегi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының аумағында құрылған дiни бiрлестiктер мен дiни-ағартушылық қызмет арқылы қандай да бiр дiн iлiмiн уағыздау және (немесе) таратумен айналысатын шетелдiк азаматтардың қызметiн зерделеудi және талдауды жүзеге асырады, оның құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихат iс-шараларын жүзеге асырады, дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы заңдардың бұзылуына қатысты мәселелердi қарайды, Қазақстан Республикасының экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимыл туралы заңдарын бұзатын дiни бiрлестiктердiң қызметiн тоқтату туралы ұсыныс енгiзедi;
      2) бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган оларда экстремизмдi насихаттау мен ақтауға жол бермеу мақсатында олардың Қазақстан Республикасының заңдарын сақтау мәнiне бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiнiң мониторингiн өткiзедi, мемлекеттiк тапсырысты орындайтын бұқаралық ақпарат құралдарында ұлтаралық және конфессияаралық келiсiмдi нығайту мәселелерiн жариялауды қамтамасыз етедi;
      3) бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган барлық деңгейдегi бiлiм беру ұйымдарында экстремизмге қарсы идеологияларды қалыптастыруға бағытталған бiлiм беру бағдарламаларын жасауды және қолдануды қамтамасыз етедi;
      4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдары экстремистiк әрекеттiң алдын-алу мақсатында жалпы және арнаулы жедел-iздестiру шараларын жүргiзедi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк органдардың уәждi қорытындылары бойынша өздерiнiң iс-әрекеттерiмен қоғамның және мемлекеттiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн немесе нұқсан келтiретiн шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына кiруiне жол бермеу жөнiндегi мәселелер бойынша iс-шараларды жүзеге асырады;
      5) Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары экстремистiк сипаттағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында заңдарға сәйкес жедел-iздестiру қызметiн, қоғамдық тәртiптi сақтау және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi атқарушылық және өкiмгерлiк функцияларды жүзеге асырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өздерiнiң iс-әрекеттерiмен қоғамның және мемлекеттiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн немесе нұқсан келтiретiн шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасынан аластатуды жүзеге асырады;
      6) облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимылды жүзеге асырады, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалар) аумағында құрылған дiни бiрлестiктер мен дiни-ағартушылық қызмет арқылы қандай да бiр дiн iлiмiн уағыздау және (немесе) таратумен айналысатын шетел азаматтарының қызметін зерделеудi жүзеге асырады, олар туралы деректер банкiн құрастырады, өңiрлiк деңгейде олардың құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихат iс-шараларын жүзеге асырады, өңiрдегi дiни ахуалға зерделеу және талдау жүргiзедi.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында шетелдiк немесе халықаралық ұйымдардың экстремистiк әрекетiнiң алдын-алу мақсатында басқа мемлекеттердiң аумағында экстремистiк әрекеттi жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымды Астана қаласының соты прокуратура органдарының мәлiмдемесi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен экстремистiк деп танылады.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары өзiнiң құзыретi шегiнде прокуратура органдарына басқа мемлекеттердiң аумағында экстремистiк әрекетті жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымды экстремистiк деп тану үшiн қажеттi аймақтық базаны қалыптастыру үшiн материалдар беруге мiндеттi.

       7-бап. Экстремистiк әрекеттi анықтау және жолын кесу

      1. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдары мен iшкi iстер органдары осы органдардың жүргiзуiне жатқызылған заңдармен қылмыстарды анықтайды, жолын кеседi, ашады және тергейдi, сондай-ақ заңдарда көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Прокуратура органдары жеке, заңды тұлғалардың және олардың аймақтық немесе басқа да құрылымдық бөлiмшелерiнiң экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимыл саласында заңдарды бұзу фактiлерiн тапқанда немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы әрекеттер туралы мәлiметтер болса, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандығына, сондай-ақ заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi зиян келтiретiн экстремистiк материалдарды таратқан жағдайда, экстремистiк әрекеттің кез-келген көрiнiсiн, осындай әрекеттi жүзеге асыруға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды жою туралы, бұзылған құқықтарды қалпына келтiру туралы прокурорлық қадағалау актілерiн шығарады, ұйымдардың әрекетiн олар экстремистiк әрекеттi жүзеге асырған жағдайда тоқтата тұру және тыйым салу туралы сотқа өтiнiш бередi, сондай-ақ заңдарда белгiленген тәртiппен және шекте қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
      3. Өзге де мемлекеттiк органдар заң актiлерiнде белгiленген олардың құзыретi шегiнде экстремистiк әрекеттi анықтау мен жолын кесуге қатысады.

       8-бап. Экстремистiк ұйымдарды және экстремистiк әрекет
               жасағаны үшін жауапкершiлікке тартылған
               адамдарды есепке алу

      1. Экстремистiк әрекеттiң алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкiлеттi орган сот шешімдерінің негiзiнде экстремистiк ұйымдардың және экстремистiк әрекет жасағаны үшін жауапкершiлiкке тартылған адамдардың eceбiн жүргiзедi.
      2. Сот ұйымды экстремистiк деп танығанда, не олар экстремистiк әрекеттi жүзеге асырғанда ұйымдардың қызметiн тоқтата тұрғанда немесе тыйым салғанда (таратқанда) және адамдарды экстремистiк әрекет жасағаны үшiн жауапкершілікке тартқанда сот құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкiлеттi органға ақпараттық есепке алу құжаттарын дереу жолдауға мiндеттi.
      3. Экстремистiк ұйымдардың тiзбесi сот экстремистiк деп таныған Қазақстан Республикасының аумағында экстремистiк әрекеттi жүзеге асыратын ұйымдардың атауын, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң аумағында экстремистiк әрекеттi жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымдарды қамтиды.

       9-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының
               шет мемлекеттердiң және халықаралық құқық қорғау
               ұйымдарымен экстремистiк әрекеттiң алдын алу,
               анықтау мен жолын кесу саласында өзара iс-қимылы

      Экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимылды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шет мемлекеттердiң құзыреттi органдарымен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен экстремизмге қарсы күрес саласында бiрлесiп әрекет етедi, Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердiң аумағында жедел-iздестiру шараларын жүргiзедi.
      Осы Заңның 7-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген мемлекеттiк органдар өзiнiң аумағында басқа мемлекеттiң құзыреттi органдарының өтiнiшi бойынша экстремистiк әрекетке қатысы бар адамдарды олардың экстремистiк iс-әрекетті жүзеге асыру орнына қарамастан қудалайды.

       10-бап. Ұйымдардың экстремистiк әрекеттi жүзеге
                асырғаны үшiн жауаптылығы

      1. Заңды тұлғаның, сондай-ақ шетелдiк және (немесе) халықаралық ұйымдардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң қызмет, олар экстремистiк әрекеттi жүзеге асырған жағдайда Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген тәртiппен тоқтатыла тұрады немесе тыйым салынады (ұйымдарды тарату).
      Бұқаралық ақпарат құралдары меншiк иесiнiң немесе таратушының қызметi осы бұқаралық ақпарат құралын пайдалана отырып экстремистiк әрекеттi жүзеге асырған жағдайда тоқтатыла тұрады немесе тыйым салынады.
      Заңды тұлғаның қызметiне, ол экстремистiк әрекеттi жүзеге асырғанда, сот тыйым салу (тарату) туралы шешiм қабылдаған жағдайда оның өңiрлiк және басқа құрылымдық бөлiмшелерi де таратылуға жатады.
      2. Адамдар бiрлестiгiнiң қызметiне ол экстремистiк әрекеттi жүзеге асырған жағдайда осы Заңның 7-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген органдардың өтiнiшi бойынша сот арқылы тыйым салынады. Адамдар бiрлестiгiнiң қызметiне ол экстремистiк әрекеттi жүзеге асырғанда сот тыйым салу туралы шешiм қабылдаған жағдайда, оған жиналыс және басқа да бұқаралық шараларды ұйымдастыруға және өткiзуге, сондай-ақ насихат пен үгiттi жүзеге асыруға тыйым салынады.
      3. Ұйымды экстремистiк деп тану туралы мәлiмдеменi, осы Заңның 6-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, прокуратура, iшкi iстер органдары немесе Қазақстан Республикасының азаматтары сотқа бередi.
      4. Ұйымды экстремистiк деп тану, оның қызметiн тоқтата тұру және тыйым салу сот тәртiбiмен жүзеге асырылады.
      Ұйым, eгep оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң тек бipeуi ғана болса да осы ұйымның басшы органдарының бiреуiнiң қолдауымен экстремистік әрекеттi жүзеге асырса, экстремистiк деп танылады.

       11-бап. Желiлер мен байланыс құралдарын экстремистiк
                әрекеттi жүзеге асыру үшін пайдалануға
                жол бермеу және экстремистiк материалдарды
                басып шығару және тарату

      Қазақстан Республикасының аумағында желiлер мен байланыс құралдарын экстремистiк әрекеттi жүзеге асыру үшiн пайдалануға, сондай-ақ экстремистiк материалдарды басып шығаруға және таратуға тыйым салынады.
      Желiлердi немесе байланыс құралдарын жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiне нұқсан келтiретiн экстремистiк әрекеттi жүзеге асыру үшiн пайдаланған жағдайда, мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кез келген желiлер мен байланыс құралдарының қызметiн тоқтатуға және оларды пайдалануға тыйым салуға құқығы бар.
      Ақпараттық материалдарда экстремизм белгiлерiнiң бар-жоғын анықтауды осындай материалдарды басып шығаруды жүзеге асырған ұйымның орналасқан жерi бойынша прокурордың мәлімдемесiнiң негiзiнде сот жүзеге асырады.
      Соттың ақпараттық материалдарда дiни экстремизм белгiлерiнiң бар-жоғын анықтауы үшiн сот сараптамасының қорытындысы мiндеттi.

       12-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiк
                азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың
                экстремистiк әрекеттi жүзеге асырғаны үшiн
                жауаптылығы

      Экстремистiк әрекеттi жүзеге асырғаны үшiн Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Экстремистiк ұйымдардың қатысушысы деп танылған немесе экстремистiк әрекет жасаған адамның мемлекеттiк қызметке, әскери қызметке және құқық қорғау органдарындағы қызметке, сондай-ақ бiлiм беру ұйымдарындағы жұмысқа және күзет қызметiмен айналысуға қол жеткiзуi шектелуi мүмкiн.

       13-бап. Жаппай акцияларды жүргiзу кезiнде экстремистiк
                әрекеттi жүзеге асыруға жол бермеу

      Жиналыстар, митингiлер, демонстрациялар, шерулер мен бой көрсетулер өткiзген кезде экстремистiк әрекеттi жүзеге асыруға жол берiлмейдi. Жаппай акцияларды ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының заңдарында жаппай акцияларды өткiзу тәртiбiне қатысты белгiленген талаптардың сақталуы үшiн жауапты болады. Аталған жауаптылық туралы республикалық маңызы бар қаланың, астананың және ауданның (облыстық маңызы бар қала) жергiлiктi атқарушы органы оны өткiзгенге дейiн жаппай акцияларды ұйымдастырушыларға жазбаша нысанда ескертiп қояды.
      Жаппай акцияны өткiзген кезде оларға қатысу үшiн экстремистiк ұйымдарды тартуға, олардың нышандарын пайдалануға, сондай-ақ экстремистік материалдарды таратуға жол берiлмейдi.
      Осы бапта көзделген мән-жайлар байқалған жағдайда жаппай акцияны ұйымдастырушылар немесе оны өткiзуге жауапты өзге де тұлғалар көрсетiлген бұрмалауларды түзету жөнiнде шұғыл шаралар қолдануға мiндеттi. Осы мiндеттердiң сақталмауы жаппай акцияны тоқтатуға әрi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша және тәртiппен оны ұйымдастырушылардың жауапты болуына әкелiп соқтырады.

       14-бап. Мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру

      Экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимыл бойынша мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiрудi Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын мемлекеттiк орган жүзеге асырады.

       15-бап. Экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимыл жөнiндегi
                заңдардың орындалуын қадағалау

      Осы Заңның және экстремистiк әрекетке қарсы iс-қимыл саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуына ең жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Прокуратурасы жүзеге асырады.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады