Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң сыртқы істep министрліктері арасындағы Ынтымақтастық пен қызметтi үйлестiру туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 15 маусымдағы N 647 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң сыртқы iстер министрлiктерi арасындағы Ынтымақтастық пен қызметтi үйлестiру туралы хаттамаға қол қоюға келiсiм берiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

  Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң
сыртқы iстер министрлiктерi арасындағы Ынтымақтастық
пен қызметтi үйлестiру туралы
Хаттама

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi, Қытай Халық Республикасының Сыртқы iстер министрлігі, Қырғыз Республикасының Сыртқы iстер министрлiк, Ресей Федерациясының Сыртқы iстер министрлiгі, Тәжiкстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі және Өзбекстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi,
      2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының (бұдан әрi - ШЫҰ) Хартиясында тiркелген мақсаттарды, мiндеттер мен қағидаттарды басшылыққа ала отырып,
      ШЫҰ шеңберiндегi ынтымақтастықтың дамуын өз мемлекеттерi сыртқы саясатының басымдықтарының бiрi деп қарай отырып,
      ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың әртүрлi салаларындағы жоғары деңгейдегi уағдаластықтардың тиiмдi iске асырылуына зор маңыз бере отырып,
      ортақ мүдделiлiк бiлдiретін, соның iшiнде халықаралық ұйымдар мен халықаралық форумдарда, сыртқы саяси мәселелер бойынша ортақ көзқарасты iздестiру мақсатында сыртқы саясат саласында тиiмдi өзара iс-қимылды дамыту қажет деп есептей отырып,
      өзара мүдделілік білдірілетін өңірлік және халықаралық проблемалар бойынша әртүрлi деңгейдегi консультациялар мен пiкiр алмасулар пайдалы деп санай отырып,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап

      ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң Сыртқы iстер министрлерi ШЫҰ Хартиясының 7-бабына сәйкес ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң (бұдан әрi - СIМК) кезектi (жылына бiр рет) және кезектен тыс отырыстарын өткiзедi. CIMК-нiң кезектi және кезектен тыс отырыстарының өткiзiлу тәртiбi 2003 жылғы 29 мамырдағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесi туралы ережемен айқындалады.
      Уағдаластықтар бойынша сыртқы iстер министрлерi Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының кезектi сессиялары кезiнде кездесулер өткiзедi.

  2-бап

      Тараптар әртүрлi деңгейлерде, соның iшiнде өздерiнiң бөлiмшелерiнiң басшылары деңгейiнде, негізгi халықаралық проблемалар бойынша, әсiресе Орта Азия өңiрiнде және оның айналасында бейбiтшiлiк пен халықаралық қауiпсiздiктi нығайту, Азия-Тынық мұхит өңiрiнде ұжымдық қауiпсiздiктiң тиiмдi жүйесiн қалыптастыру мәселелерi бойынша, сондай-ақ халықаралық терроризмге, экстремизмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, қару мен есiрткiлердiң заңсыз айналымына қарсы күрес проблематикасы бойынша ұстанымдарды салыстыру және ортақ көзқарасты тұжырымдау мақсатында консультациялар ұйымдастырады.
      Қажет болған жағдайда және Тараптардың өзара келiсiмi бойынша нақты мәселелерді қарау үшiн, соның ішiнде құжаттардың жобаларын дайындау үшiн уақытша негiзде сарапшылардың жұмыс тобы құрылуы мүмкiн.
      Мұндай консультацияларға қатысу үшiн Тараптардың келiсiмi бойынша бiр жолғы негізде басқа халықаралық ұйымдардың және/немесе мемлекеттердiң өкiлдерi шақырылуы мүмкiн. Шақыруларды ШЫҰ-ның Атқарушы хатшысы консультациялардың өткiзiлу уақытына дейiн екi айдан кешiктiрмей жiбередi.
      Баратын жерге дейiнгi және керi қайту жолының, сондай-ақ елде болу кезiндегі шығыстарды жiберген мемлекет өтейдi, ал қабылдайтын мемлекет консультацияларды өткiзу үшiн үй-жай бередi.

  3-бап

      Қажет болған жағдайда, ШЫҰ-ның Хатшылығы (дербес немесе Тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша) ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң ШЫҰ Хатшылығы жанындағы тұрақты өкiлдерiнiң қатысуымен Пекинде консультацияларды ұйымдастыруға және өткiзуге бастамашы бола алады.

  4-бап

      ШЫҰ-ның Хатшылығы жыл сайын келесi күнтiзбелiк жылға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң сыртқы iстер министрлiктерi арасындағы ынтымақтастық бағдарламасының жобасын әзiрлейдi. Тараптар ағымдағы жылдың бiрiншi тоқсанының соңына дейiн ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң ШЫҰ Хатшылығы жанындағы тұрақты өкiлдерi арқылы ШЫҰ-ның Хатшылығына Бағдарлама жобасына ұсыныстарын жiбередi. ШЫҰ-ның Атқарушы хатшысы ағымдағы жылдың мамырынан кешiктiрмей Бағдарламаның жобасын ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң Ұлттық үйлестiрушiлер кеңесiнiң қарауына және бекiтуiне жiбередi.

  5-бап

      Тараптар халықаралық және өңiрлiк ұйымдар мен форумдардың шеңберiнде келiсiлген немесе ортақ көзқарасты тұжырымдау мақсатында ынтымақтасады және консультациялар өткiзедi.
      Осы мақсаттарда, атап айтқанда, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң Нью-Йорктегi БҰҰ жанындағы тұрақты өкiлдерiнiң тұрақты негiздегi консультацияларын (кемiнде тоқсанына бiр рет) өткiзу көзделедi.

  6-бап

      Тараптар ШЫҰ Хатшылығының осы мақсаттардағы мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, тиiстi көп жақты семинарлар мен бiрлескен зерттеулер ұйымдастыру арқылы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң дипломатиялық қызметтерiнiң тәжiрибесiн дамытуға және зерттеуге жәрдемдеседi.
      Тараптар халықаралық аренада өзара iс-әрекет етудiң жеделдiгiн арттыру мақсатында, ШЫҰ Хатшылығының және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң ШЫҰ Хатшылығы жанындағы тұрақты өкiлдерiнiң мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, өзара мүдделіліктi бiлдiретiн мәселелер бойынша тұрақты негiзде ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

  7-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасының, Қытай Халық Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының, Тәжiкстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының үшіншi елдердегi дипломатиялық өкiлдiктерi мен консулдық мекемелерi деңгейiнде өзара әрекет етедi.

  8-бап

      Осы Хаттамаға СIМК-нiң шешiмi бойынша өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзілуi мүмкiн. Тиiстi шешiмдер хаттамалармен ресiмделедi және оларға қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

  9-бап

      Осы Хаттама қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және бес жыл бойына қолданыста болады. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаған болса, оның қолданылуы келесi бес жылдық кезеңге өздігінен ұзартылады.

      2004 жылғы "___" _________ қаласында орыс және қытай тілдерінде бір данада жасалды әрі екі мәтінінің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі үшін

      Қытай Халық Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі үшін

      Қырғыз Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі үшін

      Ресей Федерациясының
      Сыртқы істер министрлігі үшін

      Тәжікстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі үшін

      Өзбекстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады