"Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзету мүддесiн қамтамасыз ету үшiн шекара әскерлерiн және жүктердi мемлекетаралық әскери тасымалдау туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы келiсiмнiң күшiн жою туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 26 шілдедегі N 795 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      "Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзету мүддесiн қамтамасыз ету үшiн шекара әскерлерiн және жүктердi мемлекетаралық әскери тасымалдау туралы Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы келiсiмнiң күшiн жою туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы

  Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзету мүддесiн қамтамасыз ету үшiн шекара әскерлерiн және жүктердi мемлекетаралық әскери тасымалдау туралы Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей Федерациясының Yкiметi арасындағы келiсiмнiң күшiн жою туралы

       1-бап. 1994 жылғы 9 қыркүйекте Мәскеу қаласында жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыртқы шекараларын күзету мүддесiн қамтамасыз ету үшін шекара әскерлерін және жүктердi мемлекетаралық әскери тасымалдау туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы келісімнің күшi жойылсын.

       2-бап. Осы Заң 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

  Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзету мүддесiн қамтамасыз ету үшiн шекара әскерлерiн және жүктердi мемлекетаралық әскери тасымал туралы Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Россия Федерациясының Yкiметi арасындағы
Келісім

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Россия Федерациясының Үкiметi, бұдан әpi Тараптар деп аталады, сыртқы шекараларда (Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер болып табылмайтын үшiншi мемлекеттермен шекараларда) мемлекеттердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi өзара мүдделердi басшылыққа ала отырып,
      Достастықтың сыртқы шекараларын күзетудi жан-жақты қамтамасыз етудiң нақты мәселелерiн шешуде тиiмдi ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүдделiлiк бiлдiре отырып,
      төмендегi мәселелер жөнiнде келiстi:

  1-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн төменде көрсетiлген терминдер мыналарды бiлдiредi:
      1. "Россия Федерациясының шекара әскерлерi" - Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң аумағында тұрған Россия Федерациясы Шекара әскерлерiнiң құрамалары, бөлiмдерi мен бөлiмшелерi.
      2. "Россия Федерациясы Шекара әскерлерiнiң құрамына кiретiн адамдар":
      а) Россия Федерациясы Шекара әскерлерiнiң әскери қызметшiлерi;
      ә) Россия Федерациясы Шекара әскерлерiнiң бөлiмдерiнде, мекемелерiнде, ұйымдары мен кәсiпорындарында жұмыс iстейтiн, әскери қызметшi болып табылмайтын Россия федерациясының азаматтары қатарынан алынған адамдар.
      3. "Россия Федерациясы Шекара әскерлерiнiң құрамына кiретiн адамдардың отбасы мүшелерi" - жұбайлары, балалары, сондай-ақ бiрге тұратын және асырауындағы туысқандары.
      4. "Мүлiк" - Көлiк және басқа материалдық-техникалық құрал-жабдықтарды қоса алғанда, қару-жарақтың, оқ-дәрiнiң, әскери техниканың барлық түрлерi, сондай-ақ Россия Федерациясы Шекара әскерлерiнiң қызметiн қамтамасыз етуге қажеттi кез-келген өзге материалдық құрал-жабдықтар.
      5. "Мемлекетаралық әскери тасымал" - Россия Федерациясы аумағынан Қазақстан Республикасының аумағы бойынша және керi қарай әскерлердi, мүлiктi және Россия Федерациясы Шекара әскерлерiнiң құрамына кiретiн адамдар мен олардың отбасы мүшелерiн тасымалдау.

  2-бап

      Қазақстан Жағы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудi қамтамасыз ету мүддесiнде өз аумағы арқылы Россия Федерациясының мемлекетаралық әскери тасымалын кеден бажын, транзит және транзитке қатысты белгiленген басқа да алымдарды алмай-ақ еркiн тегiн транзиттi қамтамасыз етедi.

  3-бап

      Тараптар мемлекетаралық әскери тасымалды жүзеге асырған кезде өз мемлекеттерiнiң әскери тасымал жөнiндегi заң актiлерiн және осы Келiсiмдi басшылыққа алады.

  4-бап

      Мемлекетаралық әскери тасымал темiр жол, әуе, теңiз, өзен және автомобиль көлiгi арқылы жүзеге асырылады.
      Қауiптi жүктi тасымалдау Қазақстан Республикасында қолданылатын осындай жүктердi тасымалдау Ережелерiне сәйкес жүргiзiледi.
      Россия Федерациясының Шекара әскерлерi құрамына кiретiн адамдар мен олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының аумағы арқылы олардың жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсету, ал олардың кәмелетке толмаған балалары - осы құжаттардағы жазбалар бойынша визасыз негiзде өтедi.
      Тараптар Россия Федерациясы Шекара әскерлерiнiң құрамына кiретiн адамдар мен олардың отбасы мүшелерiне Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жеке мүлкiн шектеусiз және Кeден бажын, салық пен алым төлемей алып жүру құқын бередi.

  5-бап

      Мемлекетаралық әскери тасымалды жоспарлауға өтiнiмдер Тараптардың әскери-көлiк органдарына жiберiледi.

  6-бап

      Мемлекетаралық әскери тасымалды басқаруды:
      Россия Федерациясының аумағында - Россия Iшкi iстер министрлiгiнiң Арнайы тасымал жөнiндегi басқармасы.
      Қазақстан Республикасының аумағында - Қазақстан Республикасы Iшкi iстеp министрлiгiнiң Арнайы және әскери тасымал бөлiмi жүзеге асырады.
      Есеп берiлiп отырған тәулiктерде Москва уақыты бойынша сағат 6.00-де және 18.00-де Россия IIМ-нiң Арнайы тасымал басқармасы мен Қазақстан Республикасы ІIМ-нiң Арнайы және әскери тасымал бөлiмi мемлекетаралық әскери тасымал жөнiндегi ақпаратпен алмасады.

  7-бап

      Қазақстан Республикасының көлiк органдары мемлекетаралық әскери тасымалдың Қазақстан Республикасындағы қозғалыс кестесi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi.

  8-бап

      Iлесiп жүрудi қамтамасыз ететiн мемлекетаралық әскери тасымал Россия Федерациясы Шекара әскерлерiнде қолданылатын ережелерге сәйкес әскери қарауылдармен күзетiледi.
      Мемлекетаралық әскери тасымалды алып жүру жөнiндегi күзеттердiң жеке құрамы бара жатқан жолында тасымал жүзеге асырылатын жол қатынасы әскери-көлiк органдарының өкiлдерiмен бiрлесiп ic-қимыл жасайды.

  9-бап

      Мемлекетаралық әскери тасымалды әуе көлiгi арқылы ұйымдастыру Тараптардың әуе көлiгi мәселелерiмен айналысатын органдарының келiсiмiмен жүзеге асырылады.
      Халықаралық әуе жолдары бойынша әуе кемелерiнiң ұшуын басқаруды Қазақстан Республикасының әуе көлiгiн басқарудың аумақтық органдары жүзеге асырады.
      Мемлекетаралық әскери тасымалды орындаушы әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгi халықаралық құқыққа және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қамтамасыз етiледi.
      Қазақстан Жағы Россия Федерациясы шекара әскерлерiнiң ұшақтары мен тiк ұшақтарының Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшуына (ұшып өтуiне) кедергi жасамайды.
      Россия Федерациясы Шекара әскерлерiнiң ұшақтары мен тiк ұшақтары Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшуды (ұшып өтудi) алдын-ала берiлген өтiнiмдер бойынша, Тараптар арасындағы Келiсiммен белгiленген тәртiппен және маршруттармен жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының аумағында Россия Федерациясы Шекара әскерлерi авиациясының ұшуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген бағалар бойынша, май құйып алуды қоспағанда, қолма-қол есеп айырусыз тегiн жүзеге асырылады.

  10-бап

      Теңiз және өзен көлiгiмен мемлекетаралық әскери тасымал Тараптардың теңiз және өзен көлiгiнiң мәселелерiмен айналысатын органдарының келiсiмiмен жүзеге асырылады.

  11-бап

      Мемлекетаралық әскери тасымал автомобиль көлiгiмен жеке түрде де, сол сияқты колонна құрамымен де жүзеге асырылады.
      Егер Тараптардың құзырлы органдарының арасында басқадай келiсiм болмаса, колонна қозғалысы Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.

  12-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн орындауға байланысты даулы мәселелердi шешу Россия Федерациясы мен Қазақстан Республикасының құзырлы органдарының арасында консультациялар жолымен жүзеге асырылады.

  13-бап

      Осы Келiсiм қол қойылған күннен бастап күшiне енедi және бес жыл бойы қолданылады, ал кейiн егер Тараптардың ешқайсысы Келiсiмнiң күшiн тоқтатуға ниет бiлдiрмесе, бұл жөнiнде ол кезектi бес жылдық мерзiм бiткенге дейiн алты айдан кешiктiрмей екiншi Жаққа жазбаша хабарлауы тиiс, өзiнен-өзi әр жолы келесi бес жылдық кезеңге ұзартылады.
      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша Келiсiмге өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

      Москва қаласында 1994 жылы 9 қыркүйекте әрқайсысы қазақ және орыс тiлдерiнде екi дана етiп жасалды, екi мәтiннiң де күшi бiрдей.

       Қазақстан Республикасының           Россия Федерациясының
      Үкiметi үшін                        Үкiметi үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады