Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Чех Республикасының Үкiметi арасында Экономикалық, өнеркәсiптiк және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiм жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 7 қыркүйектегі N 940 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Чех Республикасының Үкiметi арасындағы Экономикалық, өнеркәсiптiк және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрi Әдiлбек Рыскелдiұлы Жақсыбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Чех Республикасының Үкiметi арасында Экономикалық, өнеркәсiптiк және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiм жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Чех Республикасының Үкiметi арасындағы Экономикалық, өнеркәсiптiк және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Чех Республикасының Үкiметi,
      бiр тараптан Қазақстан Республикасы және екiншi тараптан Еуропа қоғамдастықтары мен оларға мүше мемлекеттердiң арасындағы 1995 жылғы 23 қаңтардағы Серiктестiк және ынтымақтастық туралы келiсiмнiң ережелерiн назарға ала отырып,
      ұзақ жылдық дәстүрлi экономикалық қатынастарды ескере отырып,
      экономикалық, өнеркәсiптiк және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға және қолдауға ұмтыла отырып,
      халықаралық құқықтың негiз құрайтын қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
      мына төмендегілер туралы келiстi:

  1-бап

      Тараптар екi елдiң мүддесiнде мына салаларда өзара тиiмдi негiзде экономикалық, өнеркәсiптiк және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға, нығайтуға және тереңдетуге ұмтылады:
      - жеңiл өнеркәсiп,
      - көлiк құралдарын қоса алғанда, көлiк,
      - үшiншi елдердiң рыноктарындағы бiрлескен ынтымақтастықты қоса алғанда, энергетика,
      - денсаулық сақтау және фармацевтика өнеркәсiбi,
      - химия және мұнай-химия өнеркәсiбi,
      - газ өнеркәсiбi,
      - целлюлоза-қағаз өнеркәсiбi,
      - электр жабдықтары мен тұрмыстық электр аспаптары,
      - электронды және электрлi техникалық өнеркәсiп,
      - ауыл шаруашылығы техникасы,
      - өнеркәсiптiк қайта өңдеуге арналған жабдықтарды қоса алғанда, тамақ өнеркәсiбi үшiн жабдықтар,
      - экологиялық машина-жасау,
      - тау-кен өндiру және металлургия өнеркәсiбi,
      - құрылыс материалдары мен жабдықтар өндiрiсi,
      - тасымал электр желiлерiн қоса алғанда, электр станцияларын жаңғырту және қайта құру,
      - газ және мұнай құбырларын ұлғайту және қайта құру,
      - өнеркәсiпте де, азаматтық құрылыста да құрылыс жұмыстары,
      - өнеркәсiптiң әртүрлi салаларында мамандарды даярлау,
      - ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың нақты бағыттарын дамыту,
      - өзара мүдделiлiктi бiлдiретiн өзге де салалар.

  2-бап

      1. Тараптар осы Келiсiмнiң 1-бабында көрсетiлген ынтымақтастық бағыттарды iске асыру мақсатында министрлердiң орынбасарлары деңгейiнде Қазақстан-чех экономикалық, өнеркәсiптiк және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөнiндегi үкiметаралық комиссиясын (бұдан әрi - Комиссия) құрады.
      2. Комиссия жұмысының тәртiбi қаржыландыру мәселелерiн қоса алғанда Қазақстан-чех экономикалық өнеркәсiптiк және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөнiндегi үкiметаралық комиссиясы туралы ережемен (бұдан әрi - Комиссия туралы ереже) айқындалады.
      3. Комиссия туралы ереженi Комиссияның тең төрағалары оның бiрiншi отырысында бекiтедi.

  3-бап

      Комиссияның отырысы қажеттiлiгі бойынша, бiрақ жылына бiр реттен жиi емес Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасында кезекпен өткiзiледi.

  4-бап

      1. Комиссияның негiзгi мiндеттерi:
      а) өзара мүдделердi бiлдiретiн салаларда экономикалық, өнеркәсiптiк және ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың бағдарламаларын талқылау;
      б) кредиттер беру және экономикалық, өнеркәсiптiк және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты қаржыландыруды қамтамасыз ету үшiн өзара қолайлы жағдайлар жасау;
      в) шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау жөнiндегі бiрлескен бағдарламаларды әзiрлеудi және iске асыруды қамтамасыз ету;
      г) екi ел субъектілерiнiң Тараптар мемлекеттерiнiң аумағында жүргізiлiп жатқан халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысуы үшiн, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң Сауда-өнеркәсiп палаталары мен басқа да кәсiпкерлiк ұйымдардың ынтымақтастығы үшiн тиiстi жағдайлар жасау;
      д) инфрақұрылымның экологиялық қауiпсiздiк жүйелерi саласында, оның iшiнде:
      - энергетика,
      - автомобиль және темiр жол желiлерi,
      - авиациялық көлiк,
      - телекоммуникациялар,
      - өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтарды жинау және қайта өңдеу,
      - суару жүйелерi мен мелиорация саласында ынтымақтастықты кеңейту,
      e) қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауiпсiздiк мәселелерi, бұл ретте негiзiнен табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану, сондай-ақ өнеркәсiптi дамытудың ғаламдық және өңiрлiк бағдарламаларына сәйкес экологиялық таза өндiрiстер саласын кеңейту назарға алынатын болады;
      ж) халықаралық қауiпсiздiк стандарттарына сәйкес атом реакторларының қауiпсiздiк деңгейiн арттыруға бағытталған арнайы бағдарламаларды әзiрлеудi қамтамасыз ету.
      2. Комиссия кооперациялық қатынастар мен өндiрiстiк ынтымақтастықтың басқа да нысандарын дамытуға ықпал етедi.

  5-бап

      1. Тараптардың ынтымақтастығы бiр тараптан Қазақстан Республикасы және екiншi тараптан Еуропа қоғамдастықтары мен оларға мүше мемлекеттердiң арасындағы 1995 жылғы 23 қаңтардағы Серiктестiк және ынтымақтастық туралы келiсiмге және бiр тараптан Еуропа қоғамдастықтары немесе Еуропа қоғамдастықтары мен мүше мемлекеттер және екiншi тараптан Қазақстан Республикасы арасындағы қалған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Осы келiсiм шеңберiндегi Тараптардың ынтымақтастығы олар қатысушылар болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан, оның iшiнде Чех Республикасының Еуропа Одағындағы мүшелiгiнен туындайтын елдердiң мiндеттемелерiн қозғамайды.

  6-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге жеке хаттамалармен ресiмделетiн, осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілуi мүмкiн.

  7-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру немесе қолдану кезiнде даулар және/немесе келiспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды өзара консультациялар және/немесе келiссөздер жүргiзу жолымен шешетiн болады.

  8-бап

      1. Осы Келiсiм Тараптардың оның күшiне енуiне қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнiнен бастап күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiм белгiсiз мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрiнiң екiншi Тараптан оның осы келiсiмнiң қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарлама алған күнiнен бастап алты ай өткенге дейiн қолданылады.

      2004 жылғы "___" ________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, чех және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқалық данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде алшақтық туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегі мәтiндi басшылыққа алатын болады.

       Қазақстан Республикасының          Чех Республикасының
      Үкiметi үшiн                       Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады