Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң әдiлет министрлiктерi арасындағы Құқықтық ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 6 қарашадағы N 1163 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң әдiлет министрлiктерi арасындағы Құқықтық ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюға келiсiм берiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба 

Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң
әдiлет министрлiктерi арасындағы Құқықтық ақпарат алмасу
саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң әдiлет министрлiктерi,
      құқықтық саладағы халықаралық ынтымақтастыққа жалпыға танымал халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларына сәйкес адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге маңызды мән бере отырып,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты (бұдан әрi - ЕурАзЭҚ) құру туралы  шарттың ережелерiн және ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетi жанындағы Әдiлет министрлерi кеңесi туралы ереженi басшылыққа ала отырып,
      өзара мүдделi болып табылатын мәселелер бойынша өзара iс-қимылды дамытуға бағытталған Тараптардың өзара ұмтылысын негiзге ала отырып,
      ЕурАзЭҚ шеңберiнде бiрыңғай ақпараттық кеңiстiкті қалыптастыру мақсатында,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап

      Тараптар ұлттық заңнаманың нормативтік құқықтық кесiмдерiмен жүйелi алмасуды жүзеге асыруға, Тараптардың органдары қызметiнің мәселелерi жөнiнде ақпараттық-әдiстемелiк және өзге де анықтамалық-талдамалық материалдарын өзара негізде ұсынуға мiндеттенедi.
      Тараптар орыс тiлiнде жазылған нормативтiк құқықтық кесiмдермен, өзге де құқықтық ақпаратпен алмасуды жүзеге асырады.

  2-бап

      Тараптар өз құзыретi шегiнде қызметтің мынадай негізгi бағыттары бойынша ынтымақтасады:
      заң қызметін ақпараттық-әдiстемелiк қамтамасыз ету;
      құқықтық ақпараттық жүйелердi дамыту;
      құқықтық ақпараттандыру бағдарламаларын әзiрлеуге және iске асыруға қатысу;
      әдiлет саласындағы құқықтық ақпараттың дерекқорларын құру және жүргiзу жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру;
      құқықтық ақпаратпен, оның iшiнде машинамен оқылатын нысанда халықаралық ұйымдармен және үшіншi мемлекеттермен алмасуды жүзеге асыру;
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер заңнамасының ұлттық деректер банкiн құру жөніндегi қызметті үйлестіру;
      Тараптардың сот приставы қызметінің және өзге органдарының қызметiн ақпараттық-әдiстемелiк қамтамасыз етудi жүзеге асыру;
      қылмыстық жазаны орындаушы мекемелерде және тергеу изоляторларында жедел iздестiру қызметін ақпараттық-әдiстемелiк қамтамасыз етудi ұйымдастыру.

  3-бап

      Тараптар ұсынылатын ақпараттың толықтығын және шынайылығын қамтамасыз етедi.
      Тараптар ұсынылған ақпаратты оны ұсынған Тарап үшiн нұқсансыз тек өтiнiш бiлдiрiлген мақсатта пайдаланады.

  4-бап

      Құқықтық ақпаратты ұсынуға (алуға) арналған сұрау салулардың орындалу тәртiбi және мерзiмдерi орындаушы Тарап мемлекетiнiң нормативтік құқықтық кесiмдерiне сәйкес жүзеге асырылады.

  5-бап

      Осы Келiсiм шеңберiндегi ынтымақтастық мүдделi Тараптың немесе оның органдары сұрау салуларының негiзiнде жүзеге асырылады.
      Сұрау салу жазбаша нысанда не уақыт күттiрмейтiн жағдайда кейiннен үш тәулiк ішінде міндетті түрде жазбаша растау шартымен ауызша нысанда, оның ішінде деректердi берудiң техникалық құралдарын пайдалана отырып жолданады.
      Жәрдем көрсету туралы сұрау салуда:
      сұрау салушы Тараптың атауы;
      iстiң мән-жайының баяндалуы;
      сұрау салу мақсатының, орындалуының ықтимал мерзiмдерi мен негiздемесінiң көрсетiлуi;
      сұрау салынатын жәрдемнiң мағынасын баяндау;
      сұрау салуды тиiсiнше орындау үшiн пайдалы болуы мүмкiн басқа кез келген ақпарат болуы тиiс.
      Жәрдем көрсету туралы сұрау салуға сұрау салатын Тараптың басшысы қол қояды.

  6-бап

      Егер сұрау салынған Тарап сұрау салуды орындау мемлекеттің егемендiгiне, қауiпсiздiгiне немесе басқа елеулi мүдделерiне нұқсан келтiруi мүмкiн не мемлекеттің заңнамасына немесе халықаралық мiндеттемелерiне қайшы деп есептесе, жәрдем көрсету туралы сұрау салуды орындаудан толық немесе iшiнара бас тартылады.
      Жәрдем көрсетуден бас тарту туралы шешiм шығарылғанға дейiн сұрау салынған Тарап өзi қажет деп санайтын шарттар сақталған жағдайда жәрдем көрсетiлуi мүмкiн бе деген мәселенi қарау үшiн сұрау салған Тараппен консультациялар жүргізедi. Ұсынылған шарттармен келiскен жағдайда сұрау салған Тарап олардың сақталуын қамтамасыз етедi.
      Сұрау салынған Тарап бас тарту себептерiн көрсете отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе iшiнара бас тарту туралы жазбаша хабарлайды.

  7-бап

      Сұрау салынған Тарап сұрау салудың уақтылы және толық орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажеттi шараларды қабылдайды.
      Сұрау салған Тарап сұрау салудың орындалуына кедергі болып отырған немесе оның орындалуын елеулi түрде кiдiртiп отырған жағдайлар туралы бiрден хабарланады.
      Сұрау салынған Тарап оның пiкiрi бойынша сұрау салуды тиiсiнше орындау үшін қажет қосымша мәлiметтердi сұратуға құқылы.
      Егер сұрау салынған Тарап сұрау салуды дереу орындау оның мемлекетiнде жүзеге асырылатын қылмыстық қудалауға немесе өзге де iс жүргізуге кедергі жасауы мүмкiн деп есептесе, ол оған сұрау салудың орындалуын кейiнге қалдыра немесе оның орындалуын сұрау салған Тараппен консультациядан кейiн қажет деп анықталған шарттардың сақталуымен байланыстыра алады. Егер сұрау салған Тарап ұсынылған шарттар негізiнде оған жәрдем көрсетуге келiссе, ол осы шарттардың сақталуын қамтамасыз етедi.
      Сұрау салынған Тарап сұрау салған Тараптың өтiнiшi бойынша осы сұрау салудың және оған iлеспе құжаттар мазмұнының құпиялылығын қамтамасыз ету үшiн қажеттi шараларды қабылдайды.
      Құпиялылықты сақтай отырып сұрау салуды орындау мүмкiн болмаған жағдайда сұрау салынған Тарап бұл туралы сұрау салған Тарапқа хабарлайды, ол сұрау салуды осындай шарттармен орындаудың қажеттігін шешедi.

  8-бап

      Егер олар осы Тарап мемлекетінде жалпыға бiрдей қол жетімдi болып табылса және егер оларды беру кезiнде ол мұндай шарт қоймаған болса, осы Келiсiм негiзiнде бiр Тарап алған ақпарат пен құжаттарды үшiншi Тарапқа беру үшiн оларды ұсынған Тараптың алдын ала келiсiмi талап етілмейдi.
      Сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тарапты мұндай ақпарат пен құжаттардың мүмкiн және болжалды қолданылуы немесе жариялануы туралы алдын ала хабарлайды.

  9-бап

      Осы Келiсiм шеңберiнде жүргізiлетiн iс-шараларды қаржыландыруға байланысты шығыстар қабылдаушы Тараптың есебiнен жүзеге асырылады, ал осы iс-шараларға қатысуға байланысты шығыстарды жiберушi Тарап көтередi.

  10-бап

      Осы Келiсiм шеңберiнде Тараптар ынтымақтастығы жөнiндегi iс-шараларды үйлестiру бiр-бiрiмен тiкелей өзара iс-қимыл жасай алатын Тараптардың тиiстi органдарына жүктеледi.
      Тараптар ақпарат алмасу жүзеге асырылатын өздерiнiң органдары туралы өзара хабарлайды.

  11-бап

      ЕурАзЭҚ-тың органдары өз құзыретi шегiнде құқықтық ақпарат алмасуға қатыса алады. Мұндай қатысудың нысандары мен әдiстерi ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетi жанындағы Әдiлет министрлерi кеңесiмен келiсiм бойынша анықталады.
      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң нормативтік құқықтық кесiмдерiмен алмасуды ұйымдық-құқықтық қамтамасыз ету ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитеті жанындағы Әдiлет министрлерi кеңесiнiң шешiмiмен Кеңес органдарына жүктелуi мүмкiн.

  12-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерi Тараптар мемлекеттерiнiң басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

  13-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделетін өзгерiстер мен толықтырулар енгізілуi мүмкiн.

  14-бап

      Осы Келiсiмнің ережелерiн түсiндiру мен қолдануға байланысты туындайтын даулар мен келiспеушілiктер келiссөздер мен консультациялар жолымен шешiлетiн болады.

  15-бап

      Осы Келiсiм оған қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi. Әрбiр Тарап депозитарий болып табылатын ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетiне жазбаша хабарлама жiберу жолымен осы Келiсiмнен шыға алады. Депозитарийдiң мұндай хабарлама алған күнiнен бастап үш ай өткеннен кейiн бұл Тарап үшiн осы Келiсiм өзiнің қолданылуын тоқтатады.

      2004 жылғы "___" ____________ қаласында орыс тiлiнде бiр данада жасалды. Осы Келiсiмнiң түпнұсқа данасы әрбiр тарапқа оның куәландырылған көшiрмесiн жолдайтын ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетiнде сақталады.

       Беларусь Республикасының
      Әділет министрлігі үшін

      Қазақстан Республикасының
      Әділет министрлігі үшін

      Қырғыз Республикасының
      Әділет Министрлігі үшін

      Ресей Федерациясының
      Әдiлет министрлiгi үшiн

      Тәжiкстан Республикасының
      Әдiлет министрлігі үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады