"Балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қарашадағы N 1165 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкіметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы
Балалы отбасыларға
берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар туралы

      Осы Заң балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттік жәрдемақылар түрiндегі әлеуметтiк қолдау шараларын айқындайды.

  1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) балалы отбасыларға берiлетін мемлекеттiк жәрдемақылар (бұдан әрi - жәрдемақылар):
      бала тууына байланысты тағайындалатын бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрi - бала тууына берiлетін жәрдемақы);
      бала күтімі жөнiндегi, ол бiр жасқа толғанға дейiн тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрi - бала күтімі жөнiндегi жәрдемақы);
      18 жасқа дейiнгi балаларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақы (бұдан әрi - балаларға арналған жәрдемақы) түріндегі ақшалай төлемдер;
      2) отбасы - некеден, туыстықтан, асырап алудан немесе балаларды тәрбиелеуге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүлiктік және жеке мүлiктiк емес құқықтармен және міндеттермен байланысты әрі отбасылық қатынастарды нығайту мен дамытуға ықпал етуге икемдi адамдардың ортасы;
      3) отбасының жиынтық табысы - отбасының ақшалай, сондай-ақ заттай нысанда алған табысының жалпы сомасы;
      4) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы - отбасы жиынтық табысының ай сайын отбасының әрбiр мүшесiне келетін үлесi;
      5) өтiнiш берушi - жәрдемақылар тағайындау үшін отбасы атынан өтініш беретін адам;
      6) бала тууына берiлетін жәрдемақыны және бала күтiмi жөнiндегi жәрдемақыны тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігінiң аумақтық органдары;
      7) бала тууына берілетiн жәрдемақыны және бала күтімі жөнiндегi жәрдемақыны төлеу жөнiндегi уәкiлетті ұйым - жәрдемақылар төлеудi жүзеге асыратын ұйым ("Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттiк орталық" Республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны);
      8) балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау және төлеу жөнiндегi уәкiлеттi орган - ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы.

  2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның әрекетi Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына қолданылады.

  3-бап. Жәрдемақылар алу құқығы

      1. Балалы отбасылардың:
      1) бала тууына берілетін жәрдемақы;
      2) бала күтімі жөнiнде берілетін жәрдемақы;
      3) жан басына шаққандағы орташа айлық табысы азық-түлік себетiнен төмен болған жағдайда балаларға арналған жәрдемақы алуға құқығы бар.
      2. Жәрдемақылар туған, асырап алынған, сондай-ақ қамқорлыққа, қорғаншылыққа алынған балаларға тағайындалады және төленеді.
      3. Толық мемлекет қарауындағы балаларға жәрдемақы тағайындалмайды.

  4-бап. Жәрдемақыларды тағайындауға өтінiш беру

      1. Өтініш беруші отбасының атынан жәрдемақы тағайындатуға тұрғылықты тұратын жерiндегi уәкілеттi органға барады.
      2. Уәкілеттi органдар қажеттi құжаттарымен өтiнiш келiп түскен күннен бастап он жұмыс күні iшінде оларды қарайды және жәрдемақы тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
      3. Бала тууына берілетін жәрдемақыны және бала күтiмі жөнiндегі жәрдемақыны тағайындатуға өтініш беру мерзiмдерi бала туған күннен бастап он екі айдан аспауы тиiс.
      4. Балаларға арналған жәрдемақы алу құқығы жәрдемақыны тағайындау үшін қажетті құжаттарды ұсыну арқылы тоқсан сайын расталады.
      5. Жәрдемақыларды тағайындау, төлеу, сондай-ақ балаларға арналған жәрдемақы алуға үмiткер отбасының жиынтық табысын есептеу Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртіппен жүзеге асырылады.

  5-бап. Бала тууына берілетiн жәрдемақыны
тағайындау және төлеу

      1. Бала тууына берілетін жәрдемақы өтініш берген күннен бастап тағайындалады.
      2. Екi және одан да көп бала туғанда бала тууына берілетiн жәрдемақы әр балаға тағайындалады және төленеді.

  6-бап. Бала күтiмі жөнiндегi жәрдемақыны
тағайындау және төлеу

      1. Бала күтiмi жөніндегi жәрдемақы бала туған күннен бастап ол бiр жасқа толғанға дейiн тағайындалады.
      2. Бiр жасқа толмаған екі және одан да көп балаға күтімді жүзеге асырған жағдайда бала күтімi жөніндегi жәрдемақы әр балаға тағайындалады және төленеді.
      3. Бала күтімі жөніндегi жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасы күтiм жасамаған балалар есепке алынбайды.

  7-бап. Балаларға арналған жәрдемақыны
тағайындау және төлеу

      1. Балаларға арналған жәрдемақы 18 жасқа дейiнгi әр балаға тағайындалады.
      2. Балаларға арналған жәрдемақы отбасының табысын ескере отырып, ағымдағы тоқсанға тағайындалады және өтiнiш берген айдан бастап ай сайын төленедi.
      3. Жәрдемақы алу үшін негiз болып табылатын мән-жайлар өзгерген жағдайда, өтiнiш берушi он бес күн iшінде балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау және төлеу жөнiндегi уәкілетті органға хабарлауға мiндеттi.

  8-бап. Жәрдемақылардың мөлшерi

      Осы Заңға сәйкес жәрдемақылар балалы отбасыларға мынадай:
      1) бала тууына берiлетін жәрдемақы - 15 айлық есептiк көрсеткiш;
      2) бала күтiмі жөнiндегi жәрдемақы:
      бiрiнші балаға - 3 айлық есептік көрсеткiш;
      екiншi балаға - 3,5 айлық есептiк көрсеткiш;
      үшінші балаға - 4 айлық есептiк көрсеткiш;
      төртiншi және одан кейiнгi балаға - 4,5 айлық есептiк көрсеткiш;
      3) балаларға арналған жәрдемақы - әр балаға 1 айлық есептiк көрсеткіш мөлшерiнде тағайындалады және төленедi.

  9-бап. Жәрдемақы төлемiн тоқтату негiздемелері

      Осы Заңның 3-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларында көзделген жәрдемақы төлемi:
      бала қайтыс болған;
      баланы толық мемлекет қарауына берген жағдайларда тоқтатылады.

  10-бап. Қазақстан Республикасының балалы отбасыларға
берiлетiн мемлекеттік жәрдемақылар туралы
заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      1. Өтiнiш беруші өтінiште көрсетiлген мәліметтердiң толықтығы және дұрыстығы үшін Қазақстан Республикасы заңнамалық актілеріне сәйкес жауапты болады.
      2. Өтiнiш бepуші жәрдемақылардың заңсыз тағайындалуына апарып соқтырған жалған және толық емес деректер ұсынған жағдайда, төлемдер тоқтатылады. Артық төленген сомалар өз еркiмен қайтарылуға, ал бас тартқан жағдайда сот тәртiбiмен қайтарылуға тиіс.

  11-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзудiң тәртібi

      Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлетiн 3-баптың 1-тармағы 2) тармақшасын, 6-бапты, 8-баптың 2) тармақшасын қоспағанда, 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады