Азаматтық авиация саласындағы қызметтердi сертификаттау ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 11 қарашадағы N 1187 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 26 қыркүйектегі N 891 Қаулысымен

       Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.09.26 N 891 Қаулысымен.

      "Азаматтық авиацияны мемлекеттiк реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 15 желтоқсандағы Заңы 4-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса беріліп отырған Азаматтық авиация саласындағы қызметтердi сертификаттау ережесi бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Mинистрі

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң      
2004 жылғы 11 қарашадағы
N 1187 қаулысымен 
бекiтiлген     

Азаматтық авиация саласындағы қызметтердi
сертификаттау ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтық авиация саласындағы қызметтердi сертификаттау ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 15 желтоқсандағы Заңына , "Сертификаттау туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 11 шiлдедегі Заңына және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын тиiстi халықаралық шарттар ескеріле отырып, азаматтық авиация саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес әзiрлендi.
      2. Ереже азаматтық авиация саласындағы қызметтердi сертификаттауды ұйымдастырудың және жүзеге асырудың тәртiбiн белгiлейдi.
      3. Қызметтердiң:
      1) әуеайлаққа техникалық қызмет көрсету, оны ұстау және жөндеу жөнiндегi;
      2) ұшуды жарық техникалық қамтамасыз ету және әуежай, әуеайлақ, аэронавигация объектілерiн энергиямен жабдықтау жөнiндегі;
      3) азаматтық әуе кемелерiн, әуежайдың объектілерi мен қызметтерiн жанар-жағармай материалдарымен және арнайы сұйықтықтармен қамтамасыз ету жөнiндегi;
      4) азаматтық әуе кемелерiн, жолаушыларды қабылдау, жөнелту және оларға қызмет көрсету, қол жүктерiн, жүктердi, почтаны өңдеу жөнiндегi;
      5) азаматтық әуе кемелерiн және басқа тұтынушыларды арнайы автокөлiк құралдарымен қамтамасыз ету жөнiндегі түрлерi сертификаттауға жатады.
      4. Ережеде мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) өтiнiм - өтiнiш берушінің сертификаттық тексеру рәсімінен өту үшін уәкiлеттi органға жазбаша түрде жүгiнуi;
      2) өтiнiш беруші - азаматтық авиация саласындағы қызметтерге сәйкестiк сертификатын (бұдан әрі - Сертификат) алу үшiн уәкiлетті органға өтiнiш беретiн және олардың сапасы мен қауіпсіздігіне жауап беретiн жеке немесе заңды тұлға;
      3) сертификаттық талаптар - қызметтердiң адамдардың өмiрi мен денсаулығы, олардың мүлкі үшiн қауiпсiздiгiн және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн, азаматтық авиация саласындағы нормативтiк құжаттармен немесе техникалық регламенттермен белгіленген талаптар;
      4) сертификаттық тексеру - уәкілетті орган жүзеге асыратын азаматтық авиация саласында қызметтер көрсету жөнiндегi құралдардың, жабдықтардың, пайдалану рәсiмдерiнiң, технологиялық процестердiң, құжаттаманың, ұйымдастырушылық құрылымның, сондай-ақ қызметкерлер құзыреттілiгiнiң сертификаттау талаптарына сәйкестігін тексеру.
      5. Қызметтердiң адамдардың өмiрi мен денсаулығы, азаматтардың мүлкі үшiн қауiпсiздiгiн және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету азаматтық авиация саласындағы қызметтердi сертификаттаудың мақсаты болып табылады.
      6. Өтінiш берушілер көрсететiн азаматтық авиация саласындағы осы Ереженiң 3-тармағында белгiленген қызметтер сертификаттауға жатады.
      7. Сертификат иелiктен айрылмайтын болып табылады және ол басқа адамға берiлмейдi.
      Сертификат саласы мен қолданылу мерзiмi көрсетiле отырып, үш жылға дейiнгі мерзiмге берiледi.
      8. Сертификаттың, оған қосымшалардың, қызметтерге сертификаттау жүргізуге өтінімдердің, өтінiм бойынша шешiмдердiң, сертификаттық тексеру актісiнiң нысандары және оларды ресiмдеу тәртiбi Қазақстан Республикасы мемлекеттік сертификаттау жүйесiнiң (бұдан әрi - ҚР МСЖ) нормативтік құжаттарымен белгiленедi.

2. Сертификаттауды жүргiзу тәртiбi

      9. Азаматтық авиация саласындағы қызметтердiң оларға қойылатын талаптарға сәйкестігін растау сертификаттау жүргізу кезiндегі рәсiмдердiң мынадай дәйектiлiгiн көздейдi:
      1) өтiнiш берушінің уәкiлеттi органға сертификаттық талаптарға сәйкестiкте растайтын құжаттармен бiрге өтiнiм беруi;
      2) алдын-ала бағалау және өтінiм бойынша шешiм қабылдау;
      3) уәкілетті орган мен өтiнiш берушi арасында сертификаттау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге шарт жасасу;
      4) уәкілетті орган комиссиясының тиiстi жерге барып сертификаттық тексерудi жүргiзуi;
      5) шешiм қабылдау және Сертификатты беру (беруден бас тарту).
      Әрбiр кейiнгi рәсiм алдыңғы рәсімнің оң нәтижелерi жағдайында орындалады.
      10. Өтiнiмге қоса берiлетiн қажетті құжаттардың тiзбесiн және азаматтық авиация саласындағы қызметтер түрлеріне қойылатын сертификаттық талаптарды және өтiнiш берушiге қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгiлейдi.
      11. Уәкілеттi орган оны алған күнiнен бастап, 30 (отыз) күнтізбелiк күн iшiнде өтiнiмдi қарайды және қараудың нәтижелерi туралы осы Ереженiң 8-тармағына сәйкес белгіленетін нысан бойынша өтiнiш берушiге хабарлайды.
      12. Егер өтiнiм және (немесе) оған қоса берілген құжаттар осы Ереженiң 10-тармағына сәйкес белгіленген талаптарға сәйкес келмесе немесе толық көлемде ұсынылмаса, қайтарылудың негiзделген себептерi көрсетіле отырып, осы Ереженiң 11 тармағына сәйкес белгiленген мерзiмде өтiнiм қайтарылуға жатады.
      13. Өтiнiм бойынша ескертпелер болмаған жағдайда (ескертпелер жойылғаннан кейiн) уәкiлеттi орган өтінiм бойынша шешiм шығарады және сертификаттық тексеру жүргiзу үшін комиссия (бұдан - әрі комиссия) құрады.
      14. Уәкілеттi органның өтiнiм бойынша оң шешiм қабылдауы сертификаттауды жүргiзуге шарт жасасу үшiн негiздеме болып табылады.
      15. Сертификаттаудың жалпы мерзiмi өтiнiм берілген күннен бастап 3 (үш) айдан аспауы тиiс.

3. Өтiнiм бойынша алдын ала бағалау және
шешiм қабылдау

      16. Өтінiмдi алдын ала бағалау кезiнде:
      1) өтiнiш берушінің заңды мәртебесiн растайтын құжаттардың болуы;
      2) өтiнiш берушінің осы Ереженiң 10-тармағына сәйкес белгiленетiн нормативтiк талаптарға сәйкестiгi;
      3) өтiнiш берушінің сертификаттауға ұсынылған қызметтердiң деңгейі мен көлемiн қамтамасыз етуге қабілеттілiгі;
      4) ұшу қауiпсiздiгiн, авиациялық қауiпсiздiктi, еңбектi қорғау мен өрттен қорғауды қамтамасыз ету үшін қажет ғимараттардың, құрылыстардың, жабдықтың, техниканың, құжаттаманың және білiктi қызметкерлердiң болуы;
      5) қарауға ұсынылған сертификаттық талаптарға сәйкестіктi растайтын құжаттаманың толықтығы;
      6) инженерлік-техникалық және басшы персоналды оқыту мен оларды техникалық жағынан даярлау, олардың білiктілігін көтеру жоспарының, сондай-ақ штатты жинақтау және кадрлар резервiн дайындау жоспарларының болуы белгiленедi.
      17. Өтiнiмдi алдын-ала бағалау барысында уәкiлетті орган:
      1) өтiнiш берушіден өтінімде ұсынылған барлық мәселелер бойынша қосымша ақпарат сұратуы мүмкін;
      2) оларға сәйкестікке азаматтық авиация саласындағы қызметтер сертификатталатын сертификаттау рәсiмдерi, нормативтік талаптар туралы өтiнiш берушіні хабардар етедi;
      3) өтiнiш берушінiң қызметкерлерi штатының жинақталуы мен даярлау жүйесi мәселелерiн қарайды;
      4) өтiнiш берушіге Сертификатты беру кезiнде қандай пайдаланымдық және техникалық шектеулердiң белгіленуi мүмкiн екендігін түсiндiредi;
      5) өтiнiш берушіге өтiнiмдi алдын-ала бағалау барысында анықталған кемшiлiктердiң тiзбесi мен оларды жою жөнiндегi ұсынымдары бар жазбаша хабарламаны жiбередi.

4. Сертификаттық тексеру

      18. Сертификаттық тексеру ұсынылған қызметтердiң түрлерiне қатысты жүргізiледi.
      Бұл ретте:
      1) азаматтық авиация ұйымын (өтiнiш берушiнi) басқарудың ұйымдық құрылымы, практикасы мен негiзгi қағидаттары;
      2) азаматтық авиация ұйымының қызметiн ұйымдастыру және қамтамасыз етудегі басшы құрамының тәжiрибесi, сондай-ақ басшы құрам мен ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етумен тiкелей байланысты мамандар жөнiндегi деректердiң болуы;
      3) қызметкерлер штатының толықтығы және оларды даярлау жүйесi;
      4) өтiнiш берушiнiң тиiстi арнайы жабдықты пайдалану құқығына, техникалық қызмет көрсетуге, жөндеуге және бақылауға, сондай-ақ авиациялық персоналды оқытуға басқа ұйымдармен жасасқан шарттарының болуы;
      5) функционалдық мiндеттердi қамтамасыз етуге арналған өндiрiстiк алаңдардың жеткiлiктi мөлшерiнiң болуы;
      6) пайдалану техникалық құжаттамасының болуы;
      7) азаматтық авиация ұйымы объектілерiнiң, жабдығының және өндiріс құралдарының техникалық сипаттамалары (көрсеткiштерi) және ұсынылатын қызметтердiң сертификаттық талаптарға сәйкестiгiн айқындауға мүмкiндiк беретiн өндiрiс рәсімдерін тексеру;
      8) қызметтiң мәлiмделген салалары мен сипаттамалары бойынша қызметтер ұсынудың толықтығы мен сапасы қарастырылады.
      19. Сертификаттық тексерудiң мерзiмi өтiнiш бойынша шешiм қабылданған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннен аспауы тиiс.
      20. Сертификаттық тексеру уәкілетті орган бекiтетiн сертификаттық тексерудiң үлгілiк бағдарламасына сәйкес жүргізіледi.
      21. Сертификаттық тексерудiң нәтижесi бойынша өтiнiш берушi объектiлерiнiң іс жүзіндегі жай-күйі, тұжырымдар, ұсыныстар және сертификат беру мүмкiндiгі (мүмкiн еместігі) туралы қорытынды көрсетіле отырып, осы Ереженiң 8-тармағына сәйкес белгіленген нысан бойынша сертификаттық тексеру актісі (бұдан әрі - акт) жасалады. Актiге комиссияның барлық мүшелерi қол қояды және ол танысу үшін өтiнiш берушiге беріледi.
      22. Сертификатты беру мүмкiндiгi туралы қорытындысы бар сертификаттық тексеру актiсi сертификатты беру үшiн негiздеме болып табылады.
      Азаматтық авиация саласындағы тиiсті қызметтерге арналған сертификатты ресiмдеудi уәкілеттi орган сертификаттық тексеру актісi жасалғаннан кейiнгi 10 (он) күннiң iшiнде қызметтердiң әрбiр түрi бойынша жеке жүргiзедi.
      23. Сертификатты беруден бас тарту, қолданысын тоқтату, қайтарып алу немесе күшiн жою ҚР МСЖ нормативтік құжаттарымен реттеледi.

5. Сертификатқа өзгерiстер енгiзу және
телнұсқа беру

      24. Азаматтық авиация ұйымының атауы, оның ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген және сертификаттық талаптарға сәйкес келмеуге соқтырмайтын басқа да өзгерiстер болған жағдайда, сертификатқа тиiсті өзгерiстер енгiзіледi.
      Сертификатқа өзгерiстер енгiзу кезiнде бұрын берілген сертификаттың нөмiрi сақталады, ал, мемлекеттік тiзiлiмнiң "Қызметтерге сәйкестік сертификаттары тізілімiнде" бұл туралы тиiстi жазба енгiзіледi.
      25. Сертификат бүлiнген немесе жоғалған (ұрланған) жағдайда сертификаттың телнұсқасын уәкілетті орган бередi.
      26. Сертификатқа өзгерiстер енгiзу немесе телнұсқа алу үшін азаматтық авиация ұйымы уәкілетті органға қажетті негiздемесiмен, тиiсті өзгерiстердi растайтын құжаттармен бiрге еркiн нысандағы өтiнiш және бұрын берілген сертификатты (жоғалған немесе ұрланған жағдайлардан басқа) бередi.
      27. Уәкілетті орган өтiнiш берушіден өтiнiш келiп түскен күннен бастап 7 күн iшiнде сертификаттың телнұсқасын бередi.
      28. Сертификатқа өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу немесе телнұсқа алу үшiн өтiнiшке қоса берілетiн құжаттардың тiзбесiн уәкілетті орган бекiтедi.

6. Сертификатталған қызметтердi инспекциялық бақылау

      29. Азаматтық авиация саласындағы сертификатталған қызметтердiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн инспекциялық бақылауды уәкілетті орган сәйкестiк сертификат қолданылуының бүкіл мерзiмi iшiнде, бiрақ кемiнде жылына бiр рет мерзiмдiк және жоспардан тыс тексерулер нысанында жүзеге асырады.
      Жоспардан тыс инспекциялық бақылау көрсетiлетін сертификатталған қызметтердiң сапасына наразылықтар туралы ақпарат бiрнеше мәрте түскен жағдайларда жүргiзiледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады