Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Австрия Федералдық Yкiметi арасындағы Экономикалық, ауыл шаруашылық, табиғатты қорғау, өнеркәсiптiк, техникалық және технологиялық ынтымақтастық туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 13 желтоқсандағы N 1311 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. 2004 жылғы 10 қыркүйекте Вена қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Австрия Федералдық Үкiметi арасындағы Экономикалық, ауыл шаруашылық, табиғатты қорғау, өнеркәсiптiк, техникалық және технологиялық ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Федералдық
Үкiметi арасындағы Экономикалық, ауыл шаруашылық, табиғатты
қорғау, өнеркәсiптiк, техникалық және технологиялық
ынтымақтастық туралы
келісім
(2011 жылғы 1 ақпанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., № 1, 10-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Австрия Федералдық Үкiметi (бұдан әрi - Тараптар),
      бiр тараптан Қазақстан Республикасы және екiншi тараптан Еуропалық қоғамдастықтар мен олардың мүше мемлекеттерi арасындағы әрiптестік пен ынтымақтастық туралы 1995 жылғы 23 қаңтардағы келiсiмдi басшылыққа ала отырып,
      қазiргi сыртқы экономикалық қатынастарды нығайтуға және кеңейтуге ниет білдiре отырып,
      экономикалық, ауыл шаруашылық, табиғатты қорғау, өнеркәсiптiк, техникалық және технологиялық ынтымақтастықты теңдік пен өзара пайда негiзiнде көтермелеуге және тереңдетуге ұмтыла отырып,
      осы Келiсiм екi жақты ынтымақтастықты одан әрi дамыту үшін қолайлы алғышарт және негіз болатынына сене отырып,
      экономиканы одан әрі дамыту кезінде қоршаған ортаны қорғаудың маңызды мәнiн тани отырып,
      өз мемлекеттерiнің қолданыстағы ұлттық заңнамасы шеңберiнде,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап

      Тараптар өз мемлекеттерiнің ұлттық заңнамасы шеңберiнде экономика, ауыл шаруашылығы, табиғатты қорғау, өнеркәсiп, техника және технологиялар саласындағы қатынастарды дамытуды және тереңдетудi жалғастыратын болады.

  2-бап

      Тараптар 1-бапта белгiленген мақсаттарға сәйкес өз мүмкiндiктерi шеңберiнде кәсiпорындар, ұйымдар, бiрлестіктер, (бұдан әрi - кәсіпорындар), сондай-ақ өз мемлекеттерінің мекемелерi арасындағы сыртқы экономикалық байланыстар орнатуға және дамытуға ықпал ететiн болады.

  3-бап

      Осы Келiсiм шеңберiнде ынтымақтастықтың бiрлескен жобалары мен басқа да нысандарын жүзеге асыру кезiнде Тараптар техниканың жаңа деңгейiне сәйкес қазiргi заманғы, pecуpc үнемдеушi және экологиялық таза технологияларды қолданатын болады.

  4-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы шеңберiнде және осы Келiсiмнің 3-бабының ережесiн ескере отырып, мынадай салалардағы ынтымақтастыққа ықпал ететiн болды:
      ауыл және орман шаруашылығы, ауыл шаруашылығы мен орманшылыққа арналған техника;
      тамақ өнiмдерiн өндiру: ауылшаруашылығы өнiмдерін қайта өңдеу, жинақтау, қаттау және тасымалдау;
      тауарлардың әлемдiк рыноктағы бәсекеге қабiлеттi өндiрiсi қоса алғанда, жеңiл өнеркәсіп;
      тау-кен өндiрушi өнеркәсiбiне арналған жабдықтар өндiрiсiн, ауыл шаруашылық машина жасауды қоса алғанда, машина жасау және металл өңдеу;
      электронды және электротехникалық өнеркәсiп;
      конверсияны қоса алғанда, қазiргi жабдықтарды қалпына келтiру, жаңғырту, автоматтандыру;
      энергияның балама көздерi (желдiң, биомассаның және басқалардың энергиясы);
      металлургия және металлургиялық кешендердi салу;
      тау-кен өнеркәсiбi;
      медициналық және фармацевтік өнеркәсiп;
      мұнай өндiру және мұнай-химия өнеркәсiбi;
      газ өнеркәсiбi;
      өсiмдiктердi қорғау құралдарын қоса алғанда, химия өнеркәсiбi;
      құрылыс материалдарын өндiру;
      тұрғын үй құрылысы және өңiрлерде әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiн салу, құрылыс өнеркәсiбiн қалпына келтiру және жаңғырту;
      электр станциялары мен электр желiлерiн кеңейту және қалпына келтiру;
      қоршаған ортаны қорғау және табиғатты қорғау технологиялары;
      денсаулық сақтау және медициналық техника;
      қаржы саласы мен банктік қызметтер көрсету саласы;
      маркетингтік және консалтингтік қызметтер көрсету;
      технологиялар мен ноу-хауды беру, қолданбалы зерттеулер.

  5-бап

      Тараптар мынадай салаларда табиғатты қорғау мен экономикалық қолайлы инфрақұрылым жүйелерiн дамыту жөнiндегi ынтымақтастыққа неғұрлым зор мүдделiлiк танытатын болады:
      ауыл шаруашылығы;
      табиғатты қорғау;
      темiр жол;
      әуе тасымалдары;
      су көлiгi;
      жол салу;
      коммуналдық қызметтер көрсету;
      телекоммуникациялар;
      энергетика;
      су шаруашылығы;
      қоқысты қалдықсыз қайта өңдеу;
      туризм.

  6-бап

      Өз мемлекеттерiнің ұлттық заңнамасы шеңберiнде:
      1. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Конференциясының Туризм және халықаралық сапарлар туралы (Рим, 1963 жыл) және Туризм және туристік код туралы хартиясы (София, 1985 жыл) ұсынымдарының негiзiнде туризмдi дамытатын болады.
      2. Туризм саласындағы жобаларды iске асыру кезiнде, сондай-ақ тиiстi инфрақұрылымдарды құру кезiнде кәсіптік, экономикалық, өнеркәсіптік, техникалық және технологиялық ынтымақтастық қоршаған ортаны қорғау мен туристік қызметтер көрсетудiң жоғары сапасының негiзiн қалайтын қағидаттарынан туындайтын болады.

  7-бап

      Өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы шеңберiнде Тараптар 1883 жылғы 20 наурыздағы Өнеркәсiп меншiгiн қорғау жөнiндегi Париж конвенциясы негiзiнде зияткерлік меншiктi қорғау мен оны енгiзуге ықпал ететiн болады.

  8-бап

      Өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы шеңберiнде Тараптар ынтымақтастықтың мынадай нысандарына айрықша наза аударатын болады:
      өндiрiс қуаттарын неғұрлым тиiмдi пайдалану, қалдығы аз әрi қалдықсыз өндiрiстердi енгiзу, өндiрiстiк шығындарды азайту және бәсеке қабілеттігін арттыру мақсатында кәсіпорындар арасындағы кооперациялық келiсiмдер;
      осы Келiсiмде көзделген салаларға инвестициялар;
      қолданбалы зерттеулер саласындағы бiрлескен жобаларды жүзеге асыру;
      экспортқа шығарылатын өнiмге қойылатын техникалық талаптарды үйлестiру;
      табиғатты қорғауды қоса алғанда, зерттеулер жүргiзу, сондай-ақ тиiстi сараптама қорытындыларын дайындау;
      бiрлескен семинарларды, симпозиумдарды, конференциялар мен сарапшылық кездесулердi ұйымдастыру және өткiзу;
      маркетинг, стратегиялық жоспарлау және өндiрiстi басқару саласында консультациялық қызметтер көрсету;
      экономикалық, техникалық және табиғатты қорғау мәселелерi бойынша көрмелер, семинарлар ұйымдастыру және өткiзу, миссиялар және сарапшылармен алмасу;
      мемлекеттік мекемелерге арналған техникалық көмек және ноу-xaу алмасу;

  9-бап

      Тараптар мемлекеттерiнің кәсіпорындары арасындағы экономикалық, ауыл шаруашылық, табиғатты қорғау, өнеркәсiптiк, техникалық және технологиялық ынтымақтастық осы Келiсiм шеңберiнде коммерциялық негiзде және нарық экономикасының қағидаттарына сай жүзеге асырылатын болады.

  10-бап

      Тараптар шағын және орташа кәсiпорындардың екi жақты экономикалық ынтымақтастыққа неғұрлым терең қатысуының пайдалылығы мен қажеттілiгiн таниды және қазiргi мүмкiндiктер мен өз мемлекеттерінің қолданыстағы ұлттық заңнамасы шеңберiнде осы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететiн болады.

  11-бап

      Әрбiр Тарап өз мүмкіндіктері шегiнде, сондай-ақ өз мемлекетінің қолданыстағы заңнамасы шеңберiнде екінші Тараптың, ең алдымен, техника, сыртқы сауда, экономиканы басқару, қоршаған ортаны қорғау, туризм, өнеркәсiптiк меншiктi құқықтық қорғау, мал шаруашылығы және өсiмдiк шаруашылығы, банктiк, қаржы және сақтандыру қызметтерiн көрсету саласындағы кәсiпорындар мен мекемелердiң мамандары мен менеджерлерiн оқытуға және олардың бiлiктiлiгiн арттыруға ықпал ететiн болады.

  12-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің кәсiпорындарына даулы мәселелердi, бiрiншi кезекте, достық келiссөздер жолымен шешуге ұсыным жасайды. Егер келiсiмге қол жеткiзiлмесе, онда Тараптар өз мемлекеттерiнің ұлттық заңнамасы шеңберiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық caудa құқығы жөнiндегі комиссиясы (ЮНСИТРАЛ) әзiрлеген сот ережелерiн пайдалануға немесе Шетелдiк төрелiк шешiмдердi тану және орындауға келтiру туралы конвенциясына (Нью-Йорк, 1958 жылғы 10 маусым) қатысушы болып табылатын мемлекеттiң төрелiк сотының көмегiне жүгiнуге ұсыным жасайды.

  13-бап

      1. Екi жақты ынтымақтастықты тереңдетуге және дамытуға жәрдемдесу мақсатында осы Келiсiммен Қазақстан-австрия экономикалық, ауыл шаруашылық, табиғатты қорғау, өнеркәсiптік, техникалық және технологиялық ынтымақтастық жөнiндегі үкiметаралық комиссиясын (бұдан әрi - Комиссия) құрады. Комиссия отырыстары уағдаластыққа сәйкес және Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасында кезектесіп өткiзiлетін болады.
      2. Комиссияның негiзгi мiндеттерi:
      екi жақты сыртқы экономикалық байланыстардың жай-күйін талқылау және дамыту;
      экономикалық, ауыл шаруашылық, табиғатты қорғау, өнеркәсіптік, техникалық және технологиялық ынтымақтастықты жақсарту және қарқындандыру мақсатында ұсыныстар әзiрлеу;
      бiрлескен жұмыстардың басымдықтарын айқындау;
      осы Келiсiмнің мақсаттарын iске асыру үшiн ұсынымдар енгiзу болып табылады.
      3. Осы Келiсiмдi түсiндiру туралы Тараптар арасындағы келiспеушiліктер Комиссия шеңберiнде шешiлетiн болады.
      4. Комиссияның бiрiншi отырысы шеңберiнде Тараптар қаржыландыру тәртiбiн қоса алғанда, Комиссия жұмысын регламенттейтiн шешiм қабылдайды.

  14-бап

      1. Осы Келiсiм Австрияның Еуропа Одағына қатысуынан туындайтын міндеттемелерді қозғамайды. Осыны негiзге ала отырып, осы Келiсiмнің ережелерi Тараптардың Еуропа Одағы туралы Шарттан немесе Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қоғамдастығы арасындағы келiсiмдерден немесе Тараптар қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерін ешқандай жағдайда бұзатындай немесе қозғайтындай қолдануға немесе түсiндiруге болмайды.
      2. Осы баптың 1-абзацын қолдану жөнiнде келiспеушілiктер болған жағдайда Тараптар бiрлескен консультациялар өткiзедi.

  15-бап

      Осы Келiсiмнiң мерзiмi өзгеруi немесе аяқталуы осы Келiсiмнiң қолдану мерзiмi iшiнде Тараптар кәсiпорындарының арасында жасалған шарттарды орындауға кедергi болмайды.

  16-бап

      Тиiстi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi сақтау кезiнде осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн және олар осы Келiсiмнiң 17-бабында белгiленген тәртiппен күшiне енедi.

  17-бап

      1. Осы Келiсiм күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындауы туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған айдан кейiнгi үшiншi айдың бiрiншi күнiнен бастап осы Келiсiм күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiм үш жылға жасалады және егер Тараптардың бiреуi осы Келiсiмдi қолдану мерзiмiнiң аяқталуына дейiн үш ай бұрын дипломатиялық арналар бойынша екiншiсiне оны бұзу ниетi туралы жазбаша хабарлама жiбермеген болса, келесi жылға өздiгiнен ұзартылатын болады.

      2004 жылғы 10 қыркүйекте Вена қаласында, екi түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, немiс және орыс тiлдерiнде жасалды әрi барлық мәтiннiң күшi бiрдей.

      Қазақстан Республикасының            Австрия Федералдық
      Yкіметi үшiн                         Yкіметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады