"Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Еуропалық Қоғамдастықтар Комиссиясы арасындағы Қазақстан Республикасында Еуропалық Қоғамдастықтар Комиссиясының Өкiлдігін құру, оның артықшылықтары мен иммунитеттерi туралы келiсiмдi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 17 қаңтардағы N 17 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Еуропалық Қоғамдастықтар Комиссиясы арасындағы Қазақстан Республикасында Еуропалық Қоғамдастықтар Комиссиясының Өкiлдiгiн құру, оның артықшылықтары мен иммунитеттерi туралы келiсiмдi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба  

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Еуропалық
Қоғамдастықтар Комиссиясы арасындағы Қазақстан
Республикасында Еуропалық Қоғамдастықтар Комиссиясының
Өкiлдiгiн құру, оның артықшылықтары мен иммунитеттерi туралы
келiсiмдi бекiту туралы

      1993 жылғы 2 ақпанда Брюссель қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Еуропалық Қоғамдастықтар Комиссиясы арасындағы Қазақстан Республикасында Еуропалық Қоғамдастықтар Комиссиясының Өкiлдiгiн құру, оның артықшылықтары мен иммунитеттерi туралы келiсiм бекiтiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Еуропалық
Қоғамдастықтар Комиссиясы арасындағы Қазақстан
Республикасында Еуропалық Қоғамдастықтар Комиссиясының
Өкiлдiгiн құру, оның артықшылықтары мен иммунитеттерi туралы
КЕЛIСIМ

      Қазақстан Республикасының Yкiметі мен бұдан әрi "Комиссия" деп аталатын Еуропалық Қоғамдастықтар Комиссиясы,
      Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Қоғамдастықтар арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрi нығайтуға және дамытуға ұмтыла отырып,
      Қазақстан Республикасының аумағында Комиссияның Өкiлдігін құру жағдайын анықтауға, сондай-ақ осы Өкiлдiкке артықшылықтар мен иммунитеттер беруге тiлек бiлдiре отырып, төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап

      Қазақстан Республикасының Үкiметi осымен Қазақстан Республикасының аумағында Комиссия Өкiлдiгiн құруға келiседi.

  2-бап

      1. Еуропалық Қоғамдастықтардың әрқайсысы - Көмiр мен болат Еуропалық бiрлестігi, Еуропалық экономикалық қоғамдастық және Атом энергиясы жөнiндегi Еуропалық Қоғамдастық - Қазақстан Республикасы аумағында құқық субъектілігін пайдаланады.
      2. Қоғамдастықтар келiсім-шарттар жасасуға, жылжымайтын және жылжымалы мүлiк сатып алуға және оларды Қазақстан Республикасы заңнамасының рәсiмдiк және әкiмшiлiк талаптарына сәйкес өз функцияларын тиiмдi орындау үшiн қажеттігіне қарай пайдалануға және процессуалдық iс-әрекеттер жасауға құқылы. Осы мақсаттарда Комиссия Қоғамдастықтар, атынан өкiлдiк етедi.

  3-бап

      1. Комиссия Өкілдiгi, оның Басшысы және қызметкерлері, сондай-ақ олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының аумағында 1961 жылғы дипломатиялық қатынастар туралы Вена Конвенциясында бекiтiлген құқықтарды, артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады және міндеттемелер алады, тиiсiнше осы айтылғандар Қазақстан Республикасында тiркелген, өздерiне мiндеттемелер алатын дипломатиялық өкiлдiктерге, осы өкілдiктердiң басшылары мен қызметкерлерiне, сондай-ақ олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiне де беріледi. Осы тармақта айтылып отырған артықшылықтар мен иммунитеттер Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын Өкілдiк қызметкерлерiне қолданылмайды.
      2. 1961 жылғы дипломатиялық қатынастар туралы Вена Конвенциясының қалған ережелерi mutatis mutandis (осындай жағдайда қолданылатын ерекше талаптарға сәйкес) қолданылады.
      3. Осы құқықтар, артықшылықтар мен иммунитеттер 1965 жылғы 8 сәуiрде Брюсселде жасалған Еуропалық Қоғамдастықтардың Бiрыңғай Кеңесi мен Бiрыңғай Комиссиясын құру туралы Шартқа қоса тiркелген Еуропалық Қоғамдастықтардың артықшылықтары мен иммунитеттерi туралы хаттаманың 17-бабының ережелерiне сәйкес Еуропалық Қоғамдастықтарға мүше мемлекеттер тап сондай құқықтарды, артықшылықтар мен иммунитеттердi Қазақстан Республикасының Өкiлдiгiне, оның Басшысы мен қызметкерлерiне, сондай-ақ олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiне де берген жағдайда ұсынылады.

  4-бап

      Қазақстан Республикасының Үкiметi осымен Еуропалық Қоғамдастықтар өз мекемелерiнiң лауазымды адамдарына және басқа да қызметкерлерiне жарамды жол жүру құжаттары ретiнде берген қызметтік паспорттарын таниды.

  5-бап

      Осы Келiсiмдi түсiндiру немесе қолдануға қатысты кез келген дау - уағдаластыққа қол жеткiзу мақсатында екi Тараптың арасында консультациялар жүргiзу арқылы шешіледi.

  6-бап

      Әрбiр Уағдаласушы Тарап осы Келiсiмдi бекiту үшiн қажетті тиiстi рәсiмдердi аяқтағаны туралы екiншi Тарапқа хабарлайды, осындай екiншi xaбарлама алынған күннен бастап Келiсiм күшiне енедi.

      Осыны куәландыру үшін, бұған тиiстi түрде өкiлеттік алған төменде қол қоюшылар осы Келісiмге қол қойды.

      Брюссельде 1993 жылғы 2 ақпанда қазақ және ағылшын тiлдерiнде екi данада жасалды, екi мәтiннің күшi бiрдей.

       Қазақстан Республикасының    Еуропалық Қоғамдастықтар
      Сыртқы экономикалық          Комиссиясының мүшесі
      байланыстар министрi

       Сыздық ӘБIШЕВ                Ханс ВАН ДЕН БРУК

      "Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Еуропалық Қоғамдастықтар Комиссиясы арасындағы Қазақстан Республикасында Еуропалық Қоғамдастықтар Комиссиясының Өкiлдiгiн құру, оның артықшылықтары мен иммунитеттерi туралы келiсiмнiң" қазақ тiлiндегi мәтiнi осы Келiсiмнiң орыс тiлiндегi мәтiнiне сәйкес келедi.

       ҚР Сыртқыiсминінің Құжаттарды
      мемлекеттік тiлде қалыптастыру
      бөлiмiнiң бастығы                      М. Сапарбекова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады