Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
"Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарты Ұйымына мүше мемлекеттердiң аумақтарын жедел жабдықтау, әскери инфрақұрылым объектiлерiн бiрлесiп пайдалану туралы келiсiмдi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарты Ұйымына мүше
мемлекеттердiң аумақтарын жедел жабдықтау,
әскери инфрақұрылым объектiлерiн бiрлесiп
пайдалану туралы келiсiмдi бекiту туралы
2004 жылғы 18 маусымда Астана қаласында жасалған Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарты Ұйымына мүше мемлекеттердiң аумақтарын жедел жабдықтау, әскери инфрақұрылым объектiлерiн бiрлесiп пайдалану туралы келiсiм бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарты Ұйымына мүше
мемлекеттердiң аумақтарын жедел жабдықтау,
әскери инфрақұрылым объектiлерiн бiрлесiп
пайдалану туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарты Ұйымына (бұдан әрі - Ұйым) мүше мемлекеттер,
1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шартының, Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарты Ұйымы жарғысының , 2000 жылғы 11 қазандағы Ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiнiң күштерi мен құралдарын қалыптастыру мәртебесi туралы келiсiмнiң ережелерiн басшылыққа ала отырып,
келiсушi Тараптардың әскери қауiпсiздігін қамтамасыз ету мүддесiнде әскери инфрақұрылымның аумағын жедел жабдықтау және объектiлерiн бiрлесiп пайдалану мақсатында
төмендегілер туралы келiстi:
1-бап
Осы Келiсiм әскерлердiң (күштердiң) коалициялық (өңiрлiк) топтары мүддесiнде Тараптардың әскери инфрақұрылым аумағын жедел жабдықтау және объектілерiн бiрлесiп пайдалану тәртiбiн айқындайды.
2-бап
Осы Келiсiмде төменде көрсетілген терминдер мыналарды бiлдiредi:
"аумақты жедел жабдықтау" - әскери инфрақұрылымды құру, дамыту және ұстау мақсатында жүргізiлетiн ұйымдастыру, инженерлiк, техникалық және басқа да iс-шаралар жүйесi;
"әскери инфрақұрылым" - ұлттық қарулы күштердi, әскерлердiң (күштердiң) коалициялық (өңірлік) топтарын өрiстету, әскерлердiң ұрыс iс-қимылдарын жүргiзу және жауынгерлiк және жедел даярлығын қамтамасыз ету үшiн негiз болып табылатын, Тараптардың аумағында орналасқан өңiрдегі (стратегиялық аудандағы) стационарлық объектiлер мен жеке ғимараттар жүйесi;
"әскери инфрақұрылым объектілерi" - әскерлердi (күштердi) басқару пункттері, байланыс тораптары мен желiлерi, әскерлердiң (күштердiң) орналасу орындары, инженерлiк бекiнiстер мен қоршаулар жүйесi, бекiтiлген аудандар, позициялар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерi мен құралдарының объектілерi, әуеайлақтар, оқу-жаттығу орталықтары, полигондар, құбырлар, темiр және тас жолдар, арсеналдар, базалар, қоймалар, медициналық мекемелер, әскери техниканы жөндеу жөнiндегi кәсiпорындар, бейбiт уақытта Тараптардың әскерлерi (күштерi) күнделiктi қызметте пайдаланатын және соғыс уақытында пайдалануға жоспарланатын басқа да объектілер;
"үшiншi тарап" - Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарты Ұйымына мүше мемлекет болып және осы Келiсiмнiң қатысушысы болып табылмайтын тарап.
3-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында Тараптардың уәкілеттi органдары олардың қорғаныс министрлiктерi болып табылады.
4-бап
Тараптардың уәкілеттi органдары Тараптардың заңнамасына сәйкес Әскерлердiң (күштердің) коалициялық (өңiрлiк) топтары (бұдан әрi - Тараптар) бiрлесiп пайдалануы үшiн әскери инфрақұрылым объектілерiнiң тiзбесiн және оларды құрудың, дамытудың және ұстаудың перспективалық жоспарын әзiрлейдi және ҰҚШҰ органдарының рәсiмдерi ережесiмен белгiленген тәртiппен Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiне бекiтуге ұсынады.
5-бап
Тараптардың уәкілеттi органдары бiр бiрiне "Мемлекеттiң ерекше режимдi (өте маңызды) және режимдi объектiлерiнiң тiзбесiне" енгiзiлген объектілердi қоспағанда, бiрлесiп пайдалану үшiн бөлiнген әскери инфрақұрылым объектiлерiнiң қолда бар және дамыту мен құруға жоспарланған тактикалық-техникалық деректерiн, Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес мемлекеттiк құпияны құрайтын мәлiметтерiн ұсынады және оларды бiрлесiп пайдалану үшін өтiнiм бередi.
Әскери инфрақұрылым объектілерiн бiрлесiп пайдалануға өтiнiмдердi беру тәртiбi Ұйымның Қорғаныс министрлерi кеңесiнiң шешiмiмен айқындалады.
6-бап
Тараптар бiрлесiп пайдалануға арналған әскери инфрақұрылым объектiлерiнiң тактикалық-техникалық деректерден, оларды құру мен дамыту жөнiндегi Тараптардың мемлекеттiк құпиясын құрайтын мәлiметтерден тұратын ақпараттармен алмасуды жүзеге асырады және Тараптар арасындағы көп жақты және екi жақты келiсiмге сәйкес олардың сақталуын қамтамасыз етедi.
7-бап
Тараптар бiрлесiп пайдалану үшiн келiсiлген Тiзбеге енгізiлген әскери инфрақұрылымның қолда бар объектілерiн бiрлесiп пайдалануға әзiрлiкте ұстайды.
Ұжымдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүддесiнде Тараптар оларды дамыту (кеңейту, жаңғырту мен қайта жаңарту) жөнiндегi, сондай-ақ әскери инфрақұрылымның жаңа объектiлерiн құру жөнiндегi iс-шараларды жүргізеді.
Бiрлесiп пайдалану үшiн әскери инфрақұрылым объектiлерiн ұстау, дамыту мен құруды Тараптар дербес немесе көрсетiлген iс-шаралармен байланысты шығындарды қаржыландыруға үлестiк қатысу негiзiнде жүзеге асырады.
8-бап
Тараптардың үлестiк қатысуы негiзiнде ұжымдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүддесiнде аумақты жедел жабдықтау iс-шараларын қаржыландыру мынадай болып жүзеге асырылады:
- қолда бар әскери инфрақұрылым объектiлерiнiң Тiзбесiне енгендерге қатысты әскерлердiң (күштердiң) коалициялық (өңiрлiк) топтары бiрлесiп пайдалану үшiн әскери инфрақұрылым объектiлерiн құрудың, дамытудың және ұстаудың перспективалық жоспарына немесе Тараптардың жекелеген екi жақты бағдарламаларына сәйкес;
- әскери инфрақұрылымның қайта құрылатын объектiлерiне қатысты әрбiр нақты объектi бойынша Тараптардың уәкiлеттi органдары жасасқан екi жақты және көп жақты халықаралық шарттарға сәйкес.
Көрсетiлген iс-шаралармен байланысты шығындарды қаржыландырудағы әрбiр Тараптың үлес мөлшерi жөнiндегі ұсыныстарды Тараптардың уәкiлеттi органдары әзiрлейдi және келiседi және Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiнiң тапсырмасы бойынша Тараптардың Үкiметiне қарауға және бекiтуге енгiзiледi.
9-бап
Тараптардың үлестiк қатысуы принципiнде құрылатын әскери инфрақұрылым объектілерi Тараптардың бiрлескен меншiгі болып табылады. Әрбiр Тараптың үлесi бiрлесiп пайдалануға арналған әскери инфрақұрылымның нақты объектiсiнiң жаңа құрылысы немесе оны дамытуға қатысу кезiнде әрбiр Тараптың әрқайсысының қаржылай және материалдық шығындарының ара қатынасымен айқындалады.
10-бап
Оның өтiнiшi бойынша сыртқы әскери агрессияны болдырмау және тойтарыс беру үшiн немесе террорға қарсы операцияларды жүргiзу үшiн басқа да Тараптардың әскери құралымдары келетiн Тараптың аумағында орналасқан, сондай-ақ басқа да Тараптардың аумағында орналасқан және осы құралымдардың транзитi мен iс-қимылдарын қамтамасыз ету үшiн тартылған әскери инфрақұрылым объектiлерiн бiрлесiп пайдалану тәртiбi 2002 жылғы 11 қазандағы Ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiнiң күштерi мен құралдарын қалыптастыру мәртебесi туралы келiсiмнiң ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
11-бап
Тiзбеге енгізілген әскери инфрақұрылым объектiлерiн бейбiт уақытта командалық-штабтық және бiрлескен әскери оқу-жаттығуларын өткiзу үшiн бiрлесiп пайдалану алдын ала өтiнiмдер мен оқу-жаттығуларды өткiзу жоспарлары негiзiнде жүзеге асырылады, бұл ретте көрсетiлген iс-шараларды жүргiзу кезінде осы объектілердi пайдалану жөнiндегi шығындар оқу-жаттығуға қатысушы Тараптардың қабылдаушы Тарапқа шығындарды өтеуiмен қабылдаушы Тарапқа жүктеледi.
Оқу-жаттығу уақытында әскери инфрақұрылым объектiсiне келтірілген зиянды осы зиянды келтiрген Тарап өтейдi.
Зиянды өтеу тәртiбiн тараптардың уәкілетті органдарының өкiлдерiнен құрылатын келiсiм комиссиясы айқындайды.
12-бап
Әскери инфрақұрылымның жекелеген объектiлерi (объектiлер тобы) бойынша Тараптардың уәкілеттi органдары қажет кезiнде оларды бiрлесiп пайдалану тәртiбiн келiседi және бекiтедi.
13-бап
Бiрлесiп пайдалануға арналған әскери инфрақұрылым объектiлерiн күрделi жөндеу, кеңейту, қайта жаңарту және жаңа құрылысы жөнiндегi iс-шаралар жүзеге асырылған аумақтардың Тараптары осы Келiсiмнен шыққан жағдайда осы Тарап халықаралық сауда практикасында қабылданған есеп айырысудың шарттары мен нысандарына сәйкес көрсетiлген іс-шараларды қаржыландыруға қатысқан басқа Тараптарға оны бiрлесiп пайдаланғаннан кейiн Тараптармен бiрлесiп айқындалған әскери инфрақұрылым объектiсiндегi олардың үлесiне баламалы құнын өтейді. Бұл ретте әскери инфрақұрылым объектiсi осы Келiсiмнен шыққан, басқа Тарапқа олардың тиiсті үлесiн өтеген Тараптың меншігіне өтедi.
Басқа Тараптың аумағында әскери инфрақұрылым объектiлерiн күрделi жөндеу, кеңейту, қайта жаңғырту және жаңа құрылысы жөнiндегі iс-шараларын қаржыландыруға қатысқан Тараптар осы Келiсiмнен шыққан жағдайда оған халықаралық сауда практикасында қабылданған есеп айырысудың шарттары мен нысандарына сәйкес Тараптармен айқындалған әскери инфрақұрылым объектiсiндегі оның үлесiнiң iс жүзiндегi құнына баламалы қаржы сомасы өтеледi.
Бұл peттe осы Келiсiмнен шыққан Тарап бiрлесiп пайдаланылған әскери инфрақұрылым объектілерiне үшiншi Тарапты (Тараптарды) кiргiзбеуге, сондай-ақ көрсетiлген объектiлердi үшiншi Тарапқа (Тараптарға) оларды жөндеу, кеңейту, қайта жаңғырту және жаңа құрылысының жобалық-сметалық, технологиялық, техникалық құжаттамасын әзiрлеуге қатысқан, әскери мақсаттағы өнiмдердi, жабдықтар мен технологияларды жеткiзудi жүзеге асырған Тараптардың келiсiмiнсiз сатпауға және бермеуге, сондай-ақ осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң мемлекеттiк құпиясын құрайтын мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
14-бап
Әскери инфрақұрылым объектiлерiн күрделi жөндеу, кеңейту, қайта жаңарту және жаңа құрылысын жүргiзу үшiн жабдықтарды, материалдарды, әскери мақсаттағы өнiмдер мен көлiк құралдарын Тараптардың кеден шекарасы арқылы өткiзу осы шығыстардың жобалық-сметалық құжаттамасы құрамында белгiленген тәртiпте бекiтiлген ерекшелiктерiне сәйкес жiберушi және қабылдаушы Тараптардың уәкiлеттi органдарымен келiсiлген жоғарыда көрсетiлген құралдар тiзбесi негiзiнде тарифсiз реттеу шараларын қолданбай және баж, салық пен алымның барлық түрiн өндiрмей әскери мақсаттағы өнiмдердi, жабдықтар мен технологияларды жеткiзудi жүзеге асырады.
Әскери мақсаттағы өнiмдердi өткiзу сол мақсаттарда ҰҚШ-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы 1992 жылғы 15 мамырдағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгi қағидаттары туралы келiсiмге және оны дамытуға қабылданған басқа да құжаттарға сәйкес егер Тараптар арасында осы жағдайда өзге де көп жақты келiсiмдер жасалмаса жүзеге асырылады.
15-бап
Ұйымға мүше мемлекеттер үшiн әскери инфрақұрылым объектiлерiн бiрлесiп пайдалануға өтінiм беру мәселелерiн үйлестiрудi және осы Келiсiмдi iске асыруды Ұйымның бiрiккен штабы жүзеге асырады.
16-бап
Аумақты жедел жабдықтау және әскери инфрақұрылым объектiлерiн бiрлесiп пайдалану саласындағы өзiне алған мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың уәкілеттi органдары Тараптардың үкiметтерi бекiтетiн осы Келiсiмнiң қосымшасы ретiнде мынадай әдiстемелердi бiрлесiп әзiрлейдi:
әскери инфрақұрылым объектiлерiн құруды, дамыту мен ұстауды, оларда бiрлескен жұмыстарды жүргiзудi қаржыландыруға Тараптардың үлестiк салымының көлемiн айқындау жөнiндегі;
оларды бiрлесiп жөндеу, жаңғырту, қайта жаңарту мен кеңейту бойынша жұмыстарды жүргiзу алдында әскери инфрақұрылым объектiлерiнiң нақты құнын айқындау жөнiндегі;
олар бiрлесiп пайдаланғаннан кейiн әскери инфрақұрылым объектiлерiнiң нақты құнын айқындау жөнiндегi келiсiмнен шыққан Тараптың, әскери инфрақұрылымның объектiлерiн құру, дамыту мен ұстауға қатысуына байланысты шығындарын басқа Тараптардың өтеу көлемiн айқындау жөнiндегi.
17-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерi басқа да халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар қабылдаған мiндеттемелердi қозғамайды және халықаралық ынтымақтастықтың кез келген басқа да екі жақты және көп жақты нысандарына Тараптардың қатысу құқығын шектемейді.
18-бап
Осы Келiсiм депозитарияның оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшілiк рәсiмдердi оған қол қоюшы Тараптардың орындағаны туралы төртiншi жазбаша хабарламаны алған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қажетті мемлекетішiлік рәсiмдердi кешірек орындаған Тараптар үшiн осы Келiсiм депозитарияға тиiсті жазбаша хабарлама тапсырған күнiнен бастап күшiне енедi.
19-бап
Осы Келiсiм 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарттың қолданылу мерзімі iшiнде әрекет етедi.
20-бап
Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн және осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн көзделген тәртiппен күшіне енедi.
21-бап
Осы Келiсiмдi талқылаумен және қолданумен байланысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келiссөздер жолымен шешілетiн болады.
22-бап
Әрбiр Тарап депозитарияға осы Келiсiмдi қолданған уақытта туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелердi реттеп, шыққанға дейінгi 6 айдан кешiктiрмей бұл туралы жазбаша түрде хабарлама жiберiп осы Келiсiмнен шыға алады.
2004 жылғы 18 маусымда Астана қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данада жасалды. Осы Келiсiмнiң түпнұсқа данасы осы Келiсiмге қол қойған әрбiр мемлекетке оның расталған көшiрмесiн жiберетiн Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарты Ұйымының Хатшылығында сақталады.
Армения Республикасы үшiн Қырғыз Республикасы үшiн
Беларусь Республикасы үшiн Ресей Федерациясы үшiн
Қазақстан Республикасы үшiн Тәжiкстан Республикасы үшiн