Соттардың жылу және электр энергиясы үшін берешекті өндіруге байланысты заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

2005 жылғы 23 желтоқсандағы № 9 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы

      Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      Сот практикасында туындайтын тұрмыстық мақсаттарда тұтынылған жылу және электр энергиясы үшін берешекті өндіріп алу туралы заңнама нормаларын қолдану мәселелеріне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 482-бабының 2-тармағына сәйкес энергиямен жабдықтау шарты жария болып табылады. Энергиямен жабдықтаушы ұйым мен абонент арасында энергиямен жабдықтау жөнінде жеке шарт жасалуы мүмкін, оның талаптары жария шарттың талаптарына сәйкес келуі тиіс.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      2. Тұтынушы пайдаланылған энергия үшін уақтылы ақы төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындамаған (тиісінше орындамаған) жағдайда энергиямен жабдықтаушы ұйым қарызды және заңды тұрақсыздық айыбын өндіруді талап етуге құқылы (АК-нің 295-бабының 1-тармағы).

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 9) тармақшасына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқық ауыртпалығы деп Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімімен көзделген тәртіппен туындаған және құқық иесінің жылжымайтын мүлікке иелік ету, пайдалану және (немесе) билік ету құқығын шектеуде көрінетін жылжымайтын мүлікке құқықты кез келген шектеуді түсінген жөн.

      Тұрғын үй-жайды сатушының пайдаланған энергиясы үшін берешек ауыртпалық болып табылмайды, сондықтан мәміленің негізінде тұрғын үй-жайға меншік құқығын басқа тұлғаға беру кезінде, егер көрсетілген мүлікті иеліктен шығару туралы шартта өзгеше көзделмесе, берешекті өтеу сатушының міндеті болып табылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      4. Энергиямен жабдықтау шартынан туындайтын міндеттемелер бойынша жалпы талап қоюдың ескіру мерзімі белгіленген. Азаматтар энергиямен жабдықтау шарты бойынша тұтынылған энергияның ақысын ай сайын төлеуге міндетті, сондықтан абоненттің міндеттемелері бойынша талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі тұтынылған энергия үшін ақы төлеу жөніндегі міндеттемені орындау мерзімі аяқталған сәттен басталады.

      Абоненттердің тұтынылған энергия үшін ақы төлеу тәртібі "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі № 588-II Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 3-тармағының ережелеріне сәйкес анықталады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      5. Егер энергиямен жабдықтау шартында бір тарап заңды тұлға құрмай, белгіленген тәртіппен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азамат болса, мұндай құқықтық қатынастарға (АК-нің 19-бабының 3-тармағы), егер заңнамадан немесе құқықтық қатынастардың мәнінен өзгеше туындамаса, тиісінше коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалардың қызметін реттейтін қағидалар қолданылады.

      Егер құқықтық қатынастардың мәнінен дара кәсіпкер тұтынылатын энергияны кәсіпкерлік қызмет мақсатында пайдаланбайтыны туындаса, ол оны төлеу жөніндегі міндеттемені тұрмыстық тұтыну үшін энергияны пайдаланғаны үшін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапты болуы тиіс.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      6. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы

      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы

      Жоғарғы Сотының судьясы,

      жалпы отырыс хатшысы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады