Екiншi деңгейдегi банктер ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтiн кәсiпорындарға олардың айналым қаражатын толықтыруға беретiн кредиттер бойынша сыйақы (мүдде) ставкасын субсидиялау ережесiн бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 7 ақпандағы N 112 Қаулысы

      "2005 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 2 желтоқсандағы Заңына сәйкес, ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтiн кәсiпорындарды мемлекеттiк қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Екiншi деңгейдегi банктер ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтiн кәсiпорындарға олардың айналым қаражатын толықтыруға беретiн кредиттер бойынша сыйақы (мүдде) ставкасын субсидиялау ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы ресми түрде жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкіметiнiң 
2005 жылғы 7 ақпандағы     
N 112 қаулысымен        
бекiтiлген             

Екiншi деңгейдегi банктер ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтiн кәсiпорындарға олардың айналым қаражатын толықтыруға беретiн кредиттер бойынша сыйақы (мүдде) ставкасын субсидиялау ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы екiншi деңгейдегi банктер ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтін кәсiпорындарға олардың айналым қаражатын толықтыруға беретін кредиттер бойынша сыйақы (мүдде) ставкасын субсидиялау ережесi (бұдан әрі - Ереже) "2005 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 2 желтоқсандағы  Заңына сәйкес әзiрленген және екiншi деңгейдегi банктер (бұдан әрi - Банк) ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтiн кәсіпорындарға (бұдан әрі - Қарыз алушы) өндiрiстiк мақсаттар (қайта өңдеу) үшiн отандық ауыл шаруашылығы шикiзатын сатып алу үшін олардың айналым қаражатын толықтыруға беретiн кредиттер (бұдан әрi - Кредит) бойынша сыйақы (мүдде) ставкасын субсидиялау (бұдан әрi - Субсидиялау) тәртiбi мен шарттарын анықтайды.
      2. Субсидиялау ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтін кәсiпорындардың дамуын қолдау шарасы болып табылады және Банктерге Қарыз алушылар Кредиттер бойынша сыйақы ретiнде төлейтiн төлемдер сомасын iшiнара арзандату үшiн жүзеге асырылады.
      3. Субсидиялау 2005 жылға арналған республикалық бюджетте 006 "Ауыл шаруашылығын дамытуды мемлекеттiк қолдау" бағдарламасының 107 "Екiншi деңгейдегi банктер ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтiн кәсiпорындарға олардың айналым қаражатын толықтыруға беретiн кредиттер бойынша сыйақы (мүдде) ставкасын субсидиялау" кiшi бағдарламасы бойынша көзделген жалпы сомасы 1000000000 (бiр миллиард) теңге қаражат (бұдан әрi - Қаражат) есебiнен жүзеге асырылады.

2. Бағдарламаның әкiмшiсi 2005 жылы анықтайтын
банктердің сыйақы (мүдде) ставкаларын
субсидиялау тәртiбi

      4. Бағдарламаның әкiмшiсi Қарыз алушыларға Банктер беретiн Кредиттер бойынша Субсидиялау үшiн қаражатты мынадай кiшi салалар (лоттар) бойынша бөледi:
      1) ет өңдеу, құс етiн және жұмыртқа өндiру;
      2) сүт өңдеу;
      3) терi шикiзатын және жүн өңдеу;
      4) жемiс-жидектердi, көкөнiстердi өңдеу және жемiс-көкөнiс консервiлерiн, балалар тағамдарын өндiру;
      5) майлы дақылдарды өңдеу және өсiмдiк майын өндiру;
      6) дәндi дақылдарды өңдеу;
      7) қант қызылшасын өңдеу және қант өндiру;
      8) шитті мақта өңдеу және мақта-талшығын өндiру.
      5. Субсидиялауды жүзеге асыру үшiн Бағдарламаның әкiмшiсi барлық Банктерге алдын ала шақыру жiбередi және 006 "Ауыл шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдау" бағдарламасының 107 "Екiншi деңгейдегi банктер ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтiн кәсiпорындарға олардың айналым қаражатын толықтыруға беретiн кредиттер бойынша сыйақы (мүдде) ставкасын субсидиялау" кiшi бағдарламасын iске асыруға қатысушы Банктерді мынадай талаптарға сәйкес анықтауды жүзеге асырады:
      1) Қарыз алушыға берiлетiн Кредит бойынша сыйақы (мүдде) ставкасының деңгейi жылдық 15 (он бec) пайыздан аспауы тиiс;
      2) Қарыз алушының және жобаның қысқаша сипаттамасын қамтитын Қарыз алушылардың өтiнiмдерiнен қалыптасқан портфелiнiң болуы;
      3) Банктің ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтiн кәсiпорындармен оң жұмыс тәжiрибесi;
      4) республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен бұрын алынған кредиттер бойынша берешектiң болмауы;
      5) анықтау өткiзілетiн күннің алдындағы соңғы үш ай iшiнде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкілетті органның (бұдан әрi - Уәкілетті орган) пруденциалдық нормативтерiн сақтауы;
      6) Уәкiлеттi орган белгiлеген жарғылық және меншiктi капиталдардың ең төменгi мөлшерiнiң лимиттерiн сақтауы;
      7) филиалдық және/немесе корреспонденттiк желiнiң болуы.
      Көрсетiлген талаптарға сәйкес келмеу Банктердi 006 "Ауыл шаруашылығын дамытуды мемлекеттiк қолдау" бағдарламасының 107 "Екiншi деңгейдегі банктер ауыл шаруашылығы өнiмін қайта өңдейтiн кәсiпорындарға олардың айналым қаражатын толықтыруға беретiн кредиттер бойынша сыйақы (мүдде) ставкасын субсидиялау" кiшi бағдарламасын iске асыруға қатыстырмауға негiз болып табылады.
      6. Осы Ереженiң 5-тармағының 4), 5), 6), 7) тармақшаларында көрсетiлген талаптарға Банктiң сәйкестiгiн тексеру үшiн Бағдарламаның әкiмшiсi жазбаша сұрау салумен Уәкiлеттi органға жүгiнедi.
      7. 107 "Екiншi деңгейдегi банктер ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдейтiн кәсiпорындарға олардың айналым қаражатын толықтыруға беретiн кредиттер бойынша сыйақы (мүдде) ставкасын субсидиялау" кiшi бағдарламасын iске асыруға қатысу үшiн Банктердi анықтауды жүзеге асырудың тәртiбi, сондай-ақ әрбiр лот бөлiсiнде қатысушылар анықтаған Банктердің тiзбесiн Бағдарламаның әкiмшiсi бекiтедi.
      Бұл ретте бюджеттiк Бағдарламаның әкімшісі 2004 жылы бюджеттiк бағдарлама бойынша қатысуға iрiктелiп алынған және iрiктеу кезiнде бекiтiлген Қарыз алушылар тiзбесiнiң және оларды субсидиялау сомасының өзгеруiне жол берген Банктердi қатысушы Банктердi анықтауға қатысуға жiбермеуi мүмкiн.
      8. Лоттар бойынша қаражатты, сондай-ақ лоттағы әрбiр Банктiң үлесін бөлудi Бағдарламаның әкiмшiсi әрбiр лот бойынша осы Ереженiң 9-тармағында көрсетiлген талаптарға сәйкес келмейтiн ретiнде Бағдарламаның әкiмшiсi кейінге қалдырмаған Қарыз алушыларға берілуге жататын Кредиттер бойынша сыйақы сомасына тура үйлесiмдi түрде жүргiзедi.
      9. Банктер Қарыз алушыларды оларға қойылатын мына талаптарды негiзге ала отырып, дербес анықтайды:
      1) Қазақстан Республикасының резиденті;
      2) Қарыз алушының қаржылық тұрақтылығы, салықтар және бюджетке төленетін басқа да мiндетті төлемдер бойынша, сондай-ақ Банк бұрын берген кредиттер бойынша берешектiң болмауы;
      3) негiзделген бизнес-жобаның болуы;
      4) өнеркәсiптiк технология мен жабдықтарды пайдалануы;
      5) өндiруге ұсынылатын өнiмнiң болуы және өткiзу нарығының сыйымдылығы;
      6) отандық тауар өндiрушiден өндiрiстiк мақсаттар үшiн қажеттi ауыл шаруашылығы шикiзатын сатып алу.
      Бұл ретте 2004 жылы осы бюджеттiк бағдарламаны iске асыруға қатысқан және кейiннен Банктердің кредитiн немесе олардың бір бөлiгiн алудан бас тартқан заңды және жеке тұлғалар Қарыз алушы ретiнде ұсыныла алмайды.
      10. Бір Қарыз алушыға бір жыл iшiнде осы Ережеге сәйкес ол бойынша Банкке (Банктерге) Субсидиялау жүзеге асырылатын бір ғана Кредит берiле алады.
      11. Республикалық бюджеттен берілетін Субсидиялаудың сомасы он екi айға дейiн мерзiмге берiлген Кредит бойынша сомасы 150000000 (бip жүз елу миллион) теңгеден аспайтын сыйақы (мүдде) ставкасының 80%-ына дейiндi құрайды. Бұл ретте Кредиттің пайыздық ставкасының субсидияланатын бөлігінің үлесi барлық Қарыз алушылар үшiн тең болуы тиiс.
      12. Анықтаудың қорытындылары бойынша Бағдарламаның әкiмшiсi қатысушы Банктердің тiзбесiн бекiткен күннен бастап 20 күнтізбелік күн iшінде Банктер Қарыз алушыларға Кредиттер бередi.
      13. Қарыз алушыларға Банктер Кредиттер бергеннен кейiн 10 күнтізбелiк күн iшiнде Бағдарламаның әкiмшiсi мен Банктер арасында Қаражат аудару тәртiбi мен шарттарын, тараптардың жауапкершiлiгiн, Қарыз алушылардың тiзбесiн және өзге де шарттарды көздейтiн субсидиялауға арналған шарттар жасалады.
      14. Бағдарламаның әкiмшiсiне Қаражат бөлу кейiннен оларды Банктің есеп айырысу шотына аудару үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2002 жылғы 25 шiлдедегi N 832 қаулысымен бекiтілген Мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер үшiн бюджеттiң атқарылуы және есептілік нысандарын жүргiзу (мерзiмдiк және жылдық) жөнiндегi қаржылық рәсiмдердiң ережесiне сәйкес жүзеге асырылады.
      15. Бағдарламаның әкiмшiсi Банкке Субсидияларды мынадай тәртiппен аударады:
      2005 жылы есептелуге жататын сыйақы бойынша - тоқсан сайын аванстық төлеммен;
      2006 жылы есептелуге жататын сыйақы бойынша - 2005 жылдың желтоқсан айы iшiнде аванстық төлеммен.
      16. Субсидиялар Банк Бағдарламаның әкiмшiсiне республикалық бюджеттен Банктің есеп айырысу шотына Қаражат аударуға өтiнiм тапсырған кезде Бағдарламаның әкiмшiсi және Банктер арасындағы Субсидиялауға арналған шарттың талаптарына сәйкес төленедi.

3. Қорытынды ережелер

      17. Қарыз алушы Банкке сыйақы (мүдде) төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын тоқтатқан немесе Қарыз алушы кредиттiк шарт бойынша мiндеттемелерін бұзған жағдайда Банк бес күнтiзбелiк күн iшiнде Бағдарламаның әкiмшiсiне осы туралы хабарлауға мiндеттi. Осы жағдайда Субсидиялау Бағдарламаның әкiмшiсiне көрсетiлген жағдайлардың басталғаны туралы белгiлi болған сәттен бастап тоқтатылады.
      18. Субсидиялау ретiнде алынған Қаражаттың мақсатсыз пайдаланылғаны үшін Банктер Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiне сәйкес жауап бередi.
      19. Кредиттi уақтылы және толық қайтару, Кредит бойынша сыйақыны төлеу жөнiндегi мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн Қарыз алушылар Банктердің алдында Қазақстан Республикасының заңнамалық келiсiмдерiне сәйкес жауап бередi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады