Оңтүстiк Қазақстанның электр энергиясына тапшылығын жабу және тұтынушыларын энергиямен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында энергия өндiретiн ұйым шығаратын электр энергиясы үшiн тарифтердiң көтерiлуiн өтеуге арналған қаражатты жұмсау ережесiн бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 17 ақпандағы N 145 Қаулысы

      "2005 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 2 желтоқсандағы Заңының  18-бабына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Оңтүстiк Қазақстанның электр энергиясына тапшылығын жабу және тұтынушыларын энергиямен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында энергия өндiретiн ұйым шығаратын электр энергиясы үшiн тарифтердiң көтерілуін өтеуге арналған қаражатты жұмсау ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2005 жылғы 17 ақпандағы
N 145 қаулысымен   
бекiтiлген      

  Оңтүстiк Қазақстанның электр энергиясына тапшылығын жабу және тұтынушыларын энергиямен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында энергия өндiретiн ұйым шығаратын электр
энергиясы үшiн тарифтердiң көтерiлуiн өтеуге
арналған қаражатты жұмсау
ережесi

      1. Осы Ереже Оңтүстік Қазақстанның электр энергиясына тапшылығын жабу және тұтынушыларын энергиямен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында энергия өндiретiн ұйым шығаратын электр энергиясы үшiн тарифтердiң көтерiлуiн өтеуге арналған қаражатты жұмсау тәртiбiн айқындайды.
      2. "ҚазТрансГаз" акционерлiк қоғамы 2005 жылға арналған республикалық бюджетте 026 "Оңтүстiк Қазақстанның тұтынушыларын энергиямен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз ету" бюджеттiк бағдарламасы бойынша көзделген қаражат шегінде 2004-2005 жылдардың күзгі - қысқы кезеңiнде бiр және екi блокты режимде "Т.И.Батуров атындағы Жамбыл мемлекеттік аудандық электр станциясы" ашық акционерлiк қоғамының (бұдан әрi - Қоғам) жұмысын қамтамасыз ету үшiн сатып алудың маңызды стратегиялық мәнi бар отынды жеткiзушi (бұдан әрi - Жеткiзушi) болып белгiленсiн.
      3. Тарифтердiң көтерiлуiн өтеуге арналған қаражатты жұмсау 2005 жылға арналған республикалық бюджетте 026 "Оңтүстiк Қазақстанның тұтынушыларын энергиямен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз ету" бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 1075175000 (бір миллиард жетпіс бес миллион бір жүз жетпіс бес мың) теңге сомасындағы қаражат (бұдан әрi - Қаражат) есебiнен жүзеге асырылады, оның iшiнде:
      1) 199000000 (бip жүз тоқсан тоғыз миллион) теңге - 2004 жылғы қаңтар - наурыз кезеңiндегі Қоғамның Жеткiзушi алдындағы отынның жеткiзілiмдерi бойынша шығындарын өтеуге арналған шығыстар;
      2) 876175000 (сегіз жүз жетпіс алты миллион бір жүз жетпіс бес мың) теңге - 2004 жылғы желтоқсан - 2005 жылғы наурыз кезеңiнде Қоғамның отынды тасымалдау шығыстарын ескере отырып, оны сатып алу бағасы мен Қоғамның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында шығарылатын электр энергиясына белгiленген тарифтердi сақтау үшiн қажет отынның құны арасындағы айырманы жабуға арналған шығыстар.
       Ескерту: 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 5 шілдедегі N 685  Қаулысымен .  
      4. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi осы Ереженiң 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес тарифтердiң көтерiлуiн өтеу мақсатында Оңтүстiк Қазақстанның электр энергиясына тапшылығын жабу және тұтынушыларын энергиямен тұрақты жабдықтау үшiн шығарылатын электр энергиясына белгiленген тарифтi сақтау үшiн шығыстар есептемелерiн бекiтедi.
      5. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі:
      1) осы Ереженiң 3-тармағына сәйкес Оңтүстiк Қазақстанның тұтынушыларын энергиямен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз ету бойынша Жеткiзушiмен жасасқан шарттардың негізiнде қаражат аударуды жүзеге асырады;
      2) "Солтүстiк-Оңтүстiк" транзитi бойынша алынатын электр энергиясының көлемiне және Оңтүстік Қазақстанның тұтынушыларына Қоғамның шиналарынан алынатын электр энергиясының көлемiне Оңтүстiк Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдары мен тұтынушыларына арналған шығыстардың нормаларын бекiтудi қамтамасыз етедi;
      3) осы қаулыға сәйкес бөлiнетiн Қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады