Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталықтары туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 18 ақпандағы N 153 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 14 қыркүйектегі № 559 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 14.09.2017 № 559 қаулысымен.
      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.10.2013 № 1091 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшiлерiн қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру ережесiн бекiту туралы" 2004 жылғы 11 қазандағы N 1457 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталықтары туралы ереже бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.10.2013 № 1091 қаулысымен.

      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi осы қаулыны iске асыру жөнiнде шаралар қабылдасын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Mинистрі



  Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2005 жылғы 18 ақпандағы
N 153 қаулысымен
бекiтiлген

Мемлекеттiк қызметшілерді қайта даярлау және олардың
біліктілігін арттыру өңірлік орталықтары туралы
ереже

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.10.2013 № 1091 қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталықтары туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы № 1457 Жарлығына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Ереже мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталықтарының (бұдан әрі - орталықтар) міндеттері мен функцияларын айқындайды.

      3. Орталықтарды облыстар және республикалық маңызы бар қала әкімдіктері "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрады.

      Ескертпе: орталық Алматы облысында құрылмайды, Алматы облысының мемлекеттік қызметшілерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру Алматы қаласының қайта даярлау және біліктілікті арттыру өңірлік орталығында жүзеге асырылады.

      4. Орталықтарды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Орталықтардың міндеттері мен функциялары

      5. Орталықтардың міндеттері мен функциялары мыналар болып табылады:

      1) жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілеріне қосымша білім беру бағдарламалары бойынша қайта даярлау және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру және өткізу;

      осы міндетті іске асыру мақсатында орталықтар мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметтерімен қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жататын мемлекеттік қызметшілерді оқуға жіберу туралы, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілерге қайта даярлау және біліктілікті арттыру мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсету;

      оқытушылық қызметке мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу ұйымдарының және басқа да облыстық және республикалық құрылымдардың мамандарын тарту;

      оқу процесін ұйымдастыру үшін қажетті материалдық-техникалық жағдай жасау, қазіргі заманғы оқыту құралдарын пайдалану;

      бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, қоғамды Орталықтың қызметі туралы жүйелі түрде хабардар ету;

      мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың сұрауы бойынша құқықтық жалпы оқыту шеңберінде жылжымалы әдістемелік семинарлар ұйымдастыру, өзге мүдделі ұйымдар өткізетін семинарларға, кеңестерге қатысу, мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік және ағылшын тілдерін, компьютерлік сауаттылықты игеру кезінде консультациялық және әдістемелік көмек корсету;

      2) мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың сапасын арттыруға бағытталған оқу-әдістемелік материалдарды, мерзімді баспа басылымдарын әзірлеу және басып шығару;

      осы міндетті іске асыру мақсатында орталықтар мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      өңірдің ерекшеліктерін және олардың қызметін бағалауды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы (бұдан әрі - Академия) типтік білім беру бағдарламаларының негізінде мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру оқу бағдарламаларын әзірлеу;

      мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілер қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелерін ескере отырып, жергілікті мемлекеттік басқарудың және жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында оқытудың нысандары мен түрлерін әзірлеу, енгізу және жетілдіру;

      мемлекеттік қызметшілерді оқытудың, оның ішінде үкіметтік емес білім беру ұйымдарының қатысуымен, отандық және халықаралық тәжірибені зерделеу және пайдалану;

      сабақ өткізудің қазіргі заманғы нысандары мен әдістерін енгізу, оқытудың практикалық бағыттылығын, оның өңірдегі мемлекеттік қызметтің нақты міндеттерін шешуге бағдарлануын күшейту;

      мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелерінде отандық және шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты ұйымдастыру.

3. Орталықтардың қызметін ұйымдастыру

      6. Орталықтарды тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың әкімдігі лауазымға тағайындайтын директорлар басқарады.

      7. Директор өз құзыреті шегінде:

      1) орталықтардың қызметін ұйымдастырады және оларға басшылықты жүзеге асырады;

      2) орталықтардың барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      3) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда орталықтардың мүдделерін білдіреді;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына және орталықтардың бекітілген жарғыларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      8. Орталықтардың қызметін үйлестіруді, оның ішінде бірыңғай сертификаттар үлгілерін бекітуді Академия өз өкілеттіктері шегінде жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады