Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасының Үкiметi арасындағы Ақпаратты қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесiнiң Басшысы Алтай Абылайұлы Тiлеубердинге қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Беларусь Республикасының Үкiметi арасында Ақпаратты қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь
Республикасының Үкiметi арасындағы Ақпаратты
қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасының Үкiметi,
Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының мемлекеттiк саясатын жетілдiру және ақпаратты қорғаудың ұлттық жүйелерiн одан әрi дамыту мақсатында,
1993 жылғы 22 қаңтардағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үкiметтерiнiң арасындағы мемлекетаралық құпияларды қорғауды өзара қамтамасыз ету туралы келiсiмдi басшылыққа ала отырып,
ақпаратты қорғау саласындағы екiжақты қарым-қатынастарды реттеу қажеттiлiгiн негiзге ала отырып,
ынтымақтастықты дамытуда бiрдей мүдделілік таныта отырып,
Тараптардың әрқайсысының жаңа ақпараттық технологияларды, ақпаратты қорғау құралдары мен жүйелерiн әзiрлеудегi және енгізудегi жетiстiктерiн ескере отырып,
ақпараттық технологияларды, ақпаратты қорғау құралдары мен жүйелерiн тарату мен пайдалану екi Тараптың мүдделерiн қозғайтындығын атай отырып,
осы саладағы кең ынтымақтастық оңтайлы тиiмдiлiктi қамтамасыз етуге ықпал ететiндiгiн атай отырып,
мына төмендегілер туралы келiстi:
1-бап
Осы Келiсiмде пайдаланылатын ұғымдар мыналарды бiлдiредi:
"ақпаратты қорғау" - ұйымдастырушылық, құқықтық, техникалық, технологиялық шаралармен ақпараттың құпиялылығын, тұтастығы мен қол жетiмдiлігін қамтамасыз етуге бағытталған қызмет;
"құпия ақпарат" - Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес немесе олардың өзара шарттасуына сәйкес таралуына шектеу қойылатын ақпарат;
"ақпаратты қорғау құралдары" - ақпаратты қорғауға арналған құралдар, олар iске асырылатын құралдар, сондай-ақ ақпаратты қорғау тиiмдiлiгiн бақылау құралдары.
2-бап
Тараптар оның таралуы Тараптар мемлекеттерiнiң мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн құпия ақпаратты қорғау саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Тараптар жалпы танылған нормаларға және халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес ақпаратты қорғау саласындағы қатынастарын өзара сыйластық, Тараптар мемлекеттерiнің теңдігі, олардың мүдделерi және ұлттық қауiпсiздiк саласындағы құқықтарын тану, зияткерлiк және өзге де меншiктi қорғау негiзiнде құрады.
3-бап
Осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында Тараптар мына бағыттар бойынша ынтымақтасады:
ақпаратты қорғау саласындағы жай-күй, даму үрдiстерi, әлемдiк және ұлттық жетiстiктер туралы ақпаратты талдау және онымен алмасу;
ақпаратты қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық базаны дамыту және жетiлдiру;
ақпаратты техникалық қорғау саласындағы ғылыми-техникалық өнiмдi әзiрлеу, өндiру және пайдалану;
ақпаратты қорғау саласындағы нормативтік-әдiстемелiк құжаттарды, соның iшiнде техникалық барлауларға қарсы iс-қимыл жасау, ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткiзуден қорғау, оның тұтастығы мен қол жетiмдiлiгi жөнiндегi кесiмдердi дамыту және жетiлдiру;
лицензиялау, сертификаттау және аттестаттау жүйелерiнiң жұмыс iстеу тетiктерiн жетiлдiру, соның iшiнде ақпаратты қорғаудың ендiрiлетiн құралдары мен кешендерiнiң тиiмдiлiгiн растайтын сертификаттар мен басқа да құжаттарды өзара тану тәртiбiн әзiрлеу мәселелерi жөнiнде консультациялар өткiзу;
ақпаратты қорғау мәселелерi жөнiнде бiрлескен ғылыми конференциялар, симпозиумдар, көрмелер өткiзу;
тиiсті жоғарғы оқу орындарының түлектерiне және ақпаратты қорғау саласындағы мамандарға қойылатын келiсiлген білiктiлiк талаптарының негiзінде кадрларды даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру.
4-бап
Тараптар осы Келiсiмнiң шеңберiнде алынған немесе екiншi Тарап 1993 жылғы 22 қаңтардағы Мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келiсiмге сәйкес берген құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi қажеттi шараларды қабылдайды.
Осы Келісiмнің шеңберiнде Тараптар алынған құпия ақпаратты қорғаудың оны алатын мемлекеттегi осындай ақпаратқа қатысты ұлттық заңнама шеңберiнде қолданылатын режимге ұқсас режимдi қамтамасыз етуге, сондай-ақ құпия ақпаратты басқа Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi тарапқа бермеуге мiндеттенедi.
5-бап
Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
Тараптар мемлекеттерiнің құзыретті органдары:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi,
Беларусь Тарапынан - Беларусь Республикасы Президентiнiң жанындағы Ақпараттың қауiпсiздiгiн қорғаудың мемлекеттiк орталығы болып табылады.
6-бап
Тараптар ақпаратпен және құжаттармен алмасу туралы, ақпаратты техникалық қорғауды қамтамасыз ету құралдарын, приборларды, жабдықтарды, материалдар мен жинақтаушы бұйымдарды жеткiзу туралы шешiмдер қабылдаған жағдайда олардың номенклатурасы, көлемдерi мен мерзiмдерi осы Келiсiмнiң 5-бабында белгiленген Тараптар мемлекеттерiнің құзыреттi органдарының арасындағы екiжақты жеке хаттамалармен айқындалады.
7-бап
Осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында Тараптар келiссөздер жүргiзуi және бiрлескен жұмыс топтарын құруы мүмкiн.
8-бап
Осы Келiсiм шеңберiнде жүргiзiлетін iс-шараларды қаржыландыруды Тараптар өздерi әрбiр iс-шара бойынша келiскен тәртiппен және шарттарда жүзеге асырады.
9-бап
Тараптардың осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру бойынша өзара iс-қимыл жасауы кезiндегi жұмыс тiлi орыс тiлi болып табылады.
10-бап
Осы Келiсiмнің ережелерiн түсiндiру немесе қолдану жөнiндегi дауларды шешудi Тараптар келiссөздер және өзара консультациялар жолымен жүзеге асырады.
11-бап
Тараптардың өзара келiсуi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын хаттамалармен ресiмделедi.
12-бап
Осы Келiсiм Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетішiлiк рәсiмдердi орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнiнен бастап күшiне енедi.
Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi екiншi Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарлағанға дейiн күшiнде қалатын болады. Бұл жағдайда екiншi Тарап осындай хабарламаны алғаннан кейiн алты ай өткен соң осы Келiсiм өз қолданысын тоқтатады.
200_ жылғы "___" _________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, беларусь және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасының
Yкiметi үшін Yкiметi үшін