Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегi ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбековке оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасында Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келiсiм жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық
Республикасының Үкiметi арасындағы Қылмысқа қарсы
күрестегi ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi (бұдан әрi - Тараптар),
қылмыстың, әсiресе оның ұйымдасқан нысандарында даму ауқымы мен үрдiстерiне алаңдаушылық білдiре отырып,
қылмысқа қарсы күресте құқық қорғау органдарының өзара түсiнушілігiн нығайту және кәсiби байланыстарын кеңейту мүдделерiн басшылыққа ала отырып,
тең құқықтық, серiктестік және өзара қолайлы ынтымақтастық қағидаларын негiзге ала отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және олар қатысушы болып табылатын қылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес және осы Келiсiмдi орындаушы органдардың құзыретi шегiнде мынадай:
1) терроризм, сепаратизм, экстремизм;
2) трансұлттық ұйымдасқан қылмыс;
3) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз өндiрiсi мен айналымы;
4) қарудың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың және жару қондырғыларының заңсыз айналымы;
5) заңсыз көші-қонмен байланысты;
6) экономика саласындағы;
7) жеке адамға қарсы бағытталған;
8) жеке меншiкке қарсы бағытталған;
9) жоғарғы технологиялар саласындағы;
10) шекара белгiлерi мен бағандарын заңсыз ауыстырумен немесе бүлдiрумен байланысты;
11) қылмысқа қарсы күрестiң өзге де салаларындағы қылмыстық іс-әрекет түрлерiне қарсы күресте өзара ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2-бап
Осы Келiсiмде "Тараптардың құзыретті органдары" болып:
Қазақстан Республикасында - Бас прокуратура; Iшкi iстер министрлiгi; Ұлттық қауiпсiздiк комитетi; Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгi (қаржы полициясы); Қаржы министрлiгінің Кедендiк бақылау комитетi (бұдан әрi - орталық құзыретті органдар) және олардың шекаралық өңiрлердегi аумақтық бөлiмшелерi;
Қытай Халық Республикасында - Қоғамдық қауiпсiздiк министрлiгi (бұдан әрi - орталық құзыреттi орган) және шекаралық өңiрлердегi аумақтық қоғамдық қауiпсiздiк органдары түсiнiледi.
3-бап
1. Осы Келiсiмдi орындау кезiнде Тараптардың құзыреттi органдары бiр-бiрiмен тiкелей байланыс жасайды.
2. Орталық құзыреттi органдар осы Келiсiм күшiне енген күнiнен бастап 30 күннен кейiн дипломатиялық арналар бойынша бiр-бiрiне осы Келiсiм бойынша тiкелей байланысты жүзеге асыруға уәкiлеттендiрiлген құзыреттi органдардың тiзбесiн олардың құзыреттерi мен деректемелерiн көрсете отырып жiбередi.
3. Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар бойынша бiр-бiрiне өздерiнiң құзыреттi органдар тiзбесiнiң өзгергенi туралы жазбаша хабарлайды.
4. Тараптардың құзыреттi органдарының тiзбелерi, сондай-ақ олардың өзгеруi туралы тиiстi хабарламалар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады.
4-бап
1. Тараптардың құзыреттi органдары бiр-бiрiне қылмысқа қарсы күрес мiндеттерiн шешуде қажеттi және мүмкiндігінше көмек көрсетедi.
2. Осы Келiсiмге сәйкес бiр Тараптың құзыреттi органдары қарулы қатысу мүмкiндiгiн қоспағанда, қажет болған жағдайда және сұрау салған екiншi Тараптың құзыреттi органының келiсiмiмен өз қызметкерлерiн консультативтiк не өзге де көмек алуға немесе көрсетуге басқа Тарап мемлекетiнiң аумағына жiберуi мүмкiн.
3. Тараптардың құзыреттi органдары Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасын және осы Келiсiмдi сақтай отырып, қылмыстың алдын алу, анықтау және жолын кесу мүддесiнде жекелеген жоспарлар негiзiнде бiрлескен iс-шараларды өткiзе алады.
4. Тараптардың құзыреттi органдары өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес және өз құзыретi шегiнде бiр-бiрiне қылмысты тергеуде, қылмыс жасаудағы сезiктi адамдарды iздестiруде және ұстауда, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерi заңнамасында белгiленген тәртіппен оларды экстрадициялау мәселесiн шешуге көмектеседi.
5. Бiр Тараптың құзыретті органдарының осы Келiсiмге сәйкес басқа Тарап мемлекетiнiң аумағында қызметтік iссапарда жүрген қызметкерлерiне қабылдаушы Тарап тиiстi мүмкiндiктер болған жағдайда оларға жүктелген қызметтiк тапсырмаларды орындауда, оның iшiнде автокөлiк, байланыс құралдарын және қажеттi ақпарат беру жолымен көмектеседi.
5-бап
1. Тараптардың құзыретті органдары өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салулар негiзiнде:
1) осы Келiсiмнiң 1-бабында көрсетілген қылмыстық iс-әрекетке қатысты ақпарат алмасуды;
2) бiр Тараптың азаматтары екiншi Тараптың аумағында жасаған қылмыстар туралы, сондай-ақ бiр Тараптың азаматтарына қатысты екiншi Тараптың аумағында жасалған қылмыстар туралы ақпарат алмасуды;
3) қылмыстық iс-әрекеттiң жаңа нысандары мен әдiстерi және оған қарсы iс-әрекет жөнiндегі шаралар туралы ақпарат алмасуды;
4) заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен алмасуды, қылмысқа қарсы күрес жүйесi бойынша оқу, ғылыми және әдiстемелiк әдебиетті алуда көмек көрсетудi;
5) қылмысқа қатысы бар заттарды, оның iшiнде автокөлiктi және атыс қаруын, сондай-ақ құнды қағаздарды және паспорттарды (жеке куәлiктердi) белгiленген тәртiппен iздестiру мен қайтаруды;
6) құқық қорғау қызметi саласындағы, сондай-ақ өзара қызығушылық танытатын, қылмысқа қарсы күрестiң өзге де мәселелерi бойынша жұмыс тәжiрибесiмен және ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
2. Тараптардың құзыреттi органдарының өзара келiсiмi бойынша өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес ынтымақтастықтың өзге де нысандары практикалануы мүмкiн.
6-бап
1. Егер мұндай көмек көрсету екiншi Тарап үшiн қызығушылық танытады деп ойлауға негiз болса, осы Келiсiм аясындағы ынтымақтастық көмек көрсету туралы сұрау салулардың негiзiнде немесе Тараптардың бiрінің құзыреттi органының бастамасы бойынша жүзеге асырылады.
2. Көмек көрсету туралы сұрау салу жазбаша түрде жiберiледi. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салынатын құзыретті органның шешiмi бойынша ауызша сұрау салу қабылдануы мүмкiн, дегенмен ол екi тәулiктен кешіктірiлмей, оның iшiнде мәтiн берудiң техникалық құралдарын қолдана отырып, жазбаша расталуы тиiс.
Көмек көрсету туралы сұрау салудың растығы күдiк тудырған жағдайда оны растауға сұрау салынуы мүмкiн.
3. Көмек көрсету туралы сұрау салу мыналарды қамтиды:
1) көмек көрсетуге сұрау салған құзыреттi органның және сұрау салынған органның атауы;
2) iстiң мән-жайын баяндау;
3) сұрау салудың мақсатын көрсету және негіздемесi;
4) сұрау салған көмектің мазмұны;
5) сұрау салуды орындауға ықпал ететiн өзге де мәлiметтер.
4. Көмек көрсету туралы сұрау салуға сұрау салушы құзыреттi органның басшысы немесе оның орынбасары қол қояды және (немесе) сұрау салушы құзыреттi органның ресми мөрiмен куәландырыларды.
5. Сұрау салынған Тараптың құзыретті органдары сұрау салуды тез, жан-жақты және сапалы орындауды қамтамасыз ету үшiн барлық қажеттi шараларды қабылдайды және мүмкiндігінше қысқа мерзiмде сұрау салушы Тараптың құзыреттi органын оны орындау нәтижелерi туралы хабардар етедi.
6. Егер көмек көрсету туралы өтiнiш сұрау салушы құзыретті органның құзыретiне кiрмесе, осы орган сұрау салуды тиiстi құзыреттi органға дереу жiберуi және бұл туралы сұрау салушы Тараптың құзыреттi органына хабарлауы тиiс.
7-бап
1. Егер сұрау салынған Тараптың құзыреттi органы сұрау салуды орындау оның мемлекетiнiң егемендiгіне, қауiпсiздiгiне немесе басқа ұлттық мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн, ұлттық заңнамасына немесе халықаралық мiндеттемелерiне қайшы келедi деп санаса, осы Келiсiм шеңберiнде көмек көрсетуден толық немесе iшiнара бас тартылуы мүмкiн.
2. Егер оған байланысты сұрау салу түскен iс-әрекет сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң заңнамасы бойынша қылмыс болмаса, көмек көрсетуден бас тартылуы мүмкiн.
3. Егер сұрау салынған құзыретті орган сұрау салуды орындау оның мемлекетiнде жүзеге асырылатын қылмыстық қудалауға немесе өзге де iс жүргiзуге кедергi келтiредi деп санаса, ол сұрау салуды орындауды белгiлi бiр мерзiмге шегеруi немесе сұрау салуды орындау үшiн қажеттi қосымша жағдайларды сұрау салған Тараптың құзыреттi органымен талқылауы мүмкiн.
4. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындаудан бас тартқан жағдайда сұрау салған Тарапқа оның мұндай шешiм қабылдау себептерi туралы дереу жазбаша хабарлауы тиiс.
8-бап
1. Егер осы Келiсiмдi iске асыру барысында ұсынған Тарап екiншi Тараптан алынған ақпараттар мен құжаттарды жариялауды қажет емес деп санаса, әр Тарап олардың құпиялылығын қамтамасыз етуi тиiс.
2. Осы Келiсiмге сәйкес алынған ақпарат, құжаттар, арнайы құралдар, техника, жабдық және материалдар ұсынған Тараптың жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi Тарапқа берiлмейдi немесе олар сұрау салынған және ұсынылған мақсаттардан өзге мақсаттарда пайдаланылмайды.
9-бап
Егер әрбiр нақты жағдайда өзгеше тәртiп келiсiлмесе, Тараптар осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты шығыстарды өздерi көтередi.
10-бап
Қажет болған жағдайда Тараптардың құзыреттi органдары осы Келiсiмнiң негізiнде ынтымақтастықтың тиiмдiлiгiн нығайту және арттыру мәселелерiн қарау мақсатында жұмыс кездесулерi мен консультациялар өткiзуi мүмкiн.
11-бап
Тараптардың құзыреттi органдары осы Келiсiмге сәйкес ынтымақтастықты жүзеге асыру кезiнде орыс және қытай тiлдерiн жұмыс iстеу тілдерi ретiнде қолданады.
12-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерi Тараптар қатысушылары немесе Тараптары болып табылатын өзге де халықаралық шарттар бойынша туындайтын олардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
13-бап
1. Осы Келiсiмнiң ережелерiн қолдану кезiнде туындауы мүмкiн даулы мәселелердi Тараптар не Тараптардың құзыретті органдары оларды консультациялар мен келiссөздер жолымен шешедi.
2. Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын, осы Келiсiм үшiн белгiленген тәртiппен күшiне енетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
14-бап
Осы Келiсiм Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшілік рәсiмдердi орындағандығы туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнiнен бастап күшiне енедi.
Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi екiншi Тараптың өзiнiң осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтату ниетi туралы тиiстi жазбаша хабарлама алған күнiнен бастап алты ай өткенге дейiн күшінде болады.
"___" _________ ________ әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тiлдерiндегi екi түпнұсқа данада жасалды әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнедi.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының
Yкіметi үшiн Yкiметi үшiн