Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi мен Әзiрбайжан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi арасындағы Еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтiк қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасына қол қоюға келiсiм берiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк
қорғау министрлiгi мен Әзiрбайжан Республикасы Еңбек
және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi арасындағы
Еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтiк
қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі мен Әзiрбайжан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi (бұдан әрi "Тараптар" деп аталады),
Тараптар мемлекеттерiндегі еңбек қауiпсiздігі мен еңбектi қорғау, халықты әлеуметтiк қамсыздандыру және жұмыспен қамту саласындағы тәжiрибе алмасуға бағытталған Тараптар арасындағы ынтымақтастықты тани отырып,
Қазақстан Республикасы мен Әзiрбайжан Республикасы арасындағы қатынастардың дамуына жәрдемдесу ниетiмен,
Тараптар арасындағы еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтiк қорғау саласындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты дамытуда мүдделілікті ескере отырып,
мұндай екi жақты ынтымақтастық экономикалық және әлеуметтiк прогрестi ынталандыруға ықпал ететiнiн түсiне отырып,
мына төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтiк қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытады және кеңейтедi.
2-бап
Тараптар арасындағы ынтымақтастық олардың ұлттық заңнамасына сәйкес мынадай салаларда жүзеге асырылады:
а) еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтiк қорғау проблемаларын нормативтiк-құқықтық реттеу;
б) оларды заңнамалық реттеудi қоса алғанда, әлеуметтiк-еңбек қатынастары: еңбектi инспекциялау, еңбек қауiпсiздігі мен еңбектi қорғау, еңбек дауларын шешу жолдары;
в) кедейшiлiктi азайту жөнiндегi шараларды жүзеге асыру, халықты әлеуметтiк қорғау жүйесiн, оның iшiнде атаулы әлеуметтiк көмек тетiктерiн дамыту;
г) жұмыссыздар мен жұмыс iздеп жүргендердi кәсiптiк даярлау, қайта даярлау жүйесiн дамыту;
д) әлеуметтiк қорғау, жұмыспен қамту және еңбек көшi-қон саласындағы саясат;
e) медициналық-әлеуметтiк сараптама және мүгедектердi оңалту, оларды кәсiптiк даярлау мен жұмысқа орналастыру;
ж) әлеуметтiк қорғау жүйесiн ұйымдастыру және оған әкiмшiлiк ету;
з) еңбек рыногының даму мониторингi;
и) Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтiк қорғаудың басқа да мәселелерi.
3-бап
Тараптар ынтымақтастықты өздерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес мынадай нысандарда жүзеге асырады:
а) еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтiк қорғау саласындағы заңнамалық және басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдермен алмасу;
б) ақпараттық-талдау материалдарымен және әлеуметтiк-еңбек даму мәселелерi жөнiндегi ғылымы зерттеулердiң нәтижелерiмен алмасу;
в) Тараптардың сарапшылары арасындағы консультациялар;
г) Тараптар сарапшыларының, мамандарының Тараптар мемлекеттерiнiң аумағында өткiзiлетiн конференцияларға, семинарлар мен басқа да халықаралық iс-шараларға қатысуы;
д) әлеуметтiк-еңбек саласындағы білiктiлiгiн арттыру және жұмыс тәжiрибесiмен алмасу мақсатында Тараптар мамандарының тағылымдамалары мен оқу iссапарларын ұйымдастыру;
e) еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтiк қорғау мәселелерi бойынша халықаралық форумдарда өзара iс-әрекет ету және өзара қолдау.
4-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында Тараптар сарапшылар деңгейiнде бiрлескен жұмыс тобын құрады. Жұмыс тобы туралы ереженi Тараптар қабылдайды.
5-бап
Осы Келiсiмдi iске асыруға бағытталған қаржылық қамтамасыз ету екi Тараптың өзара уағдаластығы бойынша Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
6-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мен қолдануға қатысты Тараптар арасындағы барлық даулар мен келiспеушiлiктер екi жақты келiссөздер мен консультациялар арқылы шешiледi.
7-бап
Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi және 8-бапта белгiленген тәртiппен күшiне енедi.
8-бап
Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiреуi екiншi Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы тиiстi жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
2005 жылғы "___" _________ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, әзiрбайжан және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқалық данада жасалды, бұл ретте барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтiнге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасы Әзiрбайжан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтiк Еңбек және халықты әлеуметтiк
қорғау министрлiгi үшiн қорғау министрлiгі үшiн