"Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 1 маусымдағы N 548 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісiнің қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасында
азаматтардың денсаулығын сақтау туралы

      Осы Заң денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды peттейді, азаматтар мен медицина қызметкерлерiнің құқықтары мен мiндеттерiн айқындайды.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) анатомиялық сый - ағзалар мен тiндер беру;
      2) биологиялық өлiм - организмнің өмiрлік маңызды функцияларының қайтымсыз сөнiп, тіршілігінiң тоқтауы;
      3) донор - донорлық қан, оның құрамдас бөлiктерi, өзге де донорлық материал (ұрық, ұрық клеткасы) алу, сондай-ақ қабылдаушыға ауыстырып қондыру жүргiзу үшiн тiндер мен (немесе) ағзалар (ағзаның бөлiктерi) алынатын адам, адамның мәйiтi, жануар;
      4) диагностиканың инвазивтік әдiстерi - адам ағзасының iшкi ортасына ену жолымен iске асырылатын зерттеу әдiстерiнiң көмегімен ауруды айқындау әдiстерi;
      5) консилиум - кемiнде үш дәрiгердiң қатысуымен диагноз қою, емдеу тактикасын және ауру болжамын анықтау мақсатында ауруды зерттеу;
      6) медициналық есеп - алдын алу мақсатында, ауыруына, жүктілігіне және өмiр мен денсаулыққа қатысты басқа да жағдайларына байланысты медицина қызметкерiне келушілердi денсаулық сақтау ұйымында тiркеу;
      7) сектораралық өзара қарым-қатынас - халықтың денсаулығын сақтауға және медициналық қызметтердiң жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң үйлестірiлген бiрлескен жұмысы;
      8) реципиент - донорлық қан немесе оның құрамдас бөлiктерi құйылатын, ер немесе әйел адамның донорлық материалы (ұрығы немесе ұрық клеткасы) не донордан ағза (ағзаның бөлiктерi) немесе тiндер ауыстырылып қондырылатын емделушi;
      9) тін сәйкестігi - органикалық тiндердiң басқа организмнiң тіндерiне көндiгуiне ықпал ететiн биохимиялық қасиеттерi;
      10) тін компоненттерi - дәрілік заттарды және басқа да биологиялық белсендi препараттарды дайындау кезiнде пайдаланылатын тін немесе ағзаның құрамдас бөлiктерi;
      11) трансплантация - тiндердi және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлiктерiн) организмнің басқа жерiне немесе басқа организмге қайта қондыру, көндiктiру;
      12) денсаулық сақтау саласындағы уәкілеттi орган - азаматтардың денсаулығын сақтау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы, дәрілік заттар айналымы, медициналық қызметтің сапасын бақылау, медициналық және фармацевтикалық ғылым мен бiлiм беру саласындағы мемлекеттік реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган);
      13) эвтаназия - науқастың қандай да бір дәрілік немесе басқа заттарды енгiзу, соның iшiнде ауру салдарының жағымсыз болжамы болған жағдайда тiршілiгiн сақтау жөніндегi жасанды шараларды тоқтату арқылы өз өлiмiн тездету және жанға батпай басталуы туралы өтiнiшiн қанағаттандыру.

       2-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы
               Қазақстан Республикасының заңнамасы

      1. Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы
               мемлекеттік саясаттың негiзгi принциптерi

      Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк саясаты мынадай негiзгi принциптердің негiзiнде жүргiзiледi:
      1) медициналық көмек көрсетудiң қолжетiмдiлігі;
      2) мемлекеттің, жұмыс берушiлер мен азаматтардың жеке және қоғамдық денсаулығын сақтау мен нығайтуға ынтымақтасқан жауапкершілігі;
      3) Қазақстан Республикасының азаматтарына тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсетудi қамтамасыз ету;
      4) медициналық көмектiң алдын алу бағыттылығы;
      5) сектораралық өзара іс-қимылдар.

       4-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтауды ұйымдастыру

      1. Қазақстан Республикасындағы азаматтардың денсаулығын сақтауды мемлекеттік органдар, сондай-ақ меншiк нысанына қарамастан ұйымдар мен жеке тұлғалар қамтамасыз етедi.
      2. Азаматтарға тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiнiң қолжетiмділігi мен оны алуды уәкiлетті орган, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, тиiсті мемлекеттік тапсырысы бар жеке медицина практикасымен айналысатын тұлғалар қамтамасыз етедi.

       5-бап. Қазақстан Республикасындағы азаматтардың
               денсаулығын сақтау саласындағы қоғамдық
               бiрлестіктер

      Өздерiнiң жарғыларына сәйкес кәсіптік одақтар, дәрiгерлер мен провизорлар қауымдастығы орта медицина қызметкерлерi, медициналық және фармацевтикалық өнiм өндiрушiлер, Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты Ай Қоғамы мен басқа да қоғамдық бiрлестіктер Қазақстан Республикасының заңына сәйкес азаматтардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге қатысады.

       6-бап. Қызметкерлердiң денсаулығын сақтау мен
               нығайтуды қамтамасыз ету жағдайын жасауға
               жұмыс берушiлердiң жауаптылығы

      1. Жұмыс берушiлер меншік нысанына қарамастан Қазақстан Республикасының еңбек заңнамаларына сәйкес қызметкерлердiң денсаулығын сақтау мен нығайтуды қамтамасыз ету жағдайын жасауға жауапты.
      2. Жұмыс берушiлер қызметкерлердiң мiндетті және мерзiмдiк медициналық тексерiлуден өтуiн ұйымдастыруға жауап бередi.

       7-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық
               экологиялық салауаттылығы мен радиациялық
               қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету

      1. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық экологиялық салауаттылығы мен радиациялық қауiпсiздiгi мемлекеттік органдар мен жұмыс берушiлердiң Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес iс-шараларды өткiзуi арқылы қамтамасыз етіледi.
      2. Қазақстан Республикасының облыстарының (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары аурудың алдын алу және оның профилактикасы мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы медициналық-санитарлық, экологиялық, табиғи, техногендiк, өндiрiстік сипаттағы анықталған факторлардың адамдардың өмiрi мен денсаулығына әсер етуi туралы хабардар етудi қамтамасыз етедi.
      3. Өкiлетті органдардың әскери-медициналық және медициналық қызметтерi iшкi iстер, қорғаныс, төтенше жағдайлар, ұлттық қауiпсiздiк саласындағы әскери-медициналық және медициналық қызметтер осы баптың 1-тармағында аталған анықталған факторлар туралы уәкiлетті органды, Қазақстан Республикасының облыстарының (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілiктi атқарушы органдарын хабардар етедi.

  2-тарау. Азаматтардың денсаулығын сақтау
саласындағы қатынастарды мемлекеттiк реттеу

       8-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң азаматтардың
               денсаулығын сақтау саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгі бағыттарын әзiрлейдi және жүзеге асуын қамтамасыз етедi;
      2) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды әзiрлеудi қамтамасыз етедi;
      3) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы салалық (секторлық) бағдарламаны бекiтедi;
      4) өзiнiң құзыретi шегiнде азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актiлердi шығарады;
      5) тегін медициналық көмектiң кепiлдi көлемiнiң тiзбесiн бекiтедi;
      6) әлеуметтік елеулi аурулар мен айналасындағылар үшiн қауiп төндiретiн аурулардың тiзбесiн бекiтедi;
      7) Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджеттік қаражаты есебiнен шетелде емделуге жiберу ережесiн бекiтедi.

       9-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті
               органның құзыретi

      Уәкілетті орган:
      1) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттiк саясаттың құрастырылуы мен iске асырылуын қамтамасыз етедi;
      2) денсаулық сақтау және салауатты өмiр салтын қалыптастыру жөнiндегі мемлекеттік, салалық (секторлық) бағдарламаларды iске асыру бойынша қоғамдық ұйымдармен салааралық үйлестiрудi, сондай-ақ өзара iс-қимылды жүзеге асырады;
      3) алдын алу медициналық тексерулер жүргiзу тәртiбiн бекiтедi;
      4) амбулаториялық емдеу кезінде дәрілiк заттар мен балаларға арналған және шипалы тағамдық арнаулы азық-түлiк рецепт бойынша тегiн және жеңiлдiктi жағдайда босатылатын науқастар түрлерiнің және тұрғындардың жекелеген санаттарының тiзбесiн бекiтедi;
      5) мемлекеттік емес денсаулық сақтау ұйымдарында емдеуге тыйым салынатын аурулардың тiзбесiн бекiтедi;
      6) уақытша еңбекке жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру тәртiбiн белгiлейдi;
      7) жыныстық ұқсастандыру бұзылушылығы бар адамдарды медициналық куәландыру мен жынысын ауыстыру ережесiн бекiтедi;
      8) алдын алу, диагностикалау, емдеу мен медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарын қолдану тәртiбiн белгiлейдi;
      9) диагностика мен емдеудiң кезеңдік хаттамаларын әзiрлейдi және бекiтедi;
      10) клиникаға дейiнгi сынақтар, медициналық-биологиялық тәжiрибелер мен клиникалық зерттеулер жүргiзу тәртiбiн белгілейдi;
      11) тiндердi және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлiктерiн) алу, бұзылудан сақтау, адамнан адамға, мәйiттен адамға және малдан адамға ауыстырып қондырудың тәртiбi мен шарттарын бекiтедi;
      12) балаларды балалар үйі мен жалпыға бiрдей оқу-тәрбие ұйымдарына орналастыруға медициналық қарсы айғақтардың тiзбесiн белгілейдi.

       10-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы
                облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
                астананың) жергілiктi атқарушы органдарының
                құзыретi

      Қазақстан Республикасының облыстарының (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергіліктi атқарушы органдары:
      1) сәйкес аумақта денсаулық сақтауды нығайтуға, денi сау ұрпақтың тууына, аурулардың алдын алу мен санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз етуге қажеттi шараларды жүзеге асырады;
      2) көпшiлiк дене шынықтыру-сауықтыру қозғалысын дамыту мен халықтың салауатты өмiр салтын енгiзуге қатысуын ұйымдастырады;
      3) өзiнiң құзыреті шегiнде денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк, салалық (секторлық), өңiрлiк бағдарламаларды iске асырады;
      4) халыққа медициналық-санитарлық, білікті және мамандандырылған медициналық көмек, оның iшiнде тегін медициналық көмектiң кепiлдi көлемі шеңберiндегі дәрілiк қамтамасыз етудi қоса алғанда әлеуметтік елеулi аурулар мен айналасындағылар үшiн қауiп төндiретiн аурулардың алдын алу мен емдеудi ұйымдастырады.

  3-тарау. Азаматтардың, шетел азаматтары мен
азаматтығы жоқ адамдардың денсаулық сақтау
саласындағы құқықтары мен мiндеттерi

       11-бап. Азаматтардың медициналық көмек aлу құқығы

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
      1) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тiзбесiне сәйкес тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн алуға;
      2) өздерiнiң жеке қаражаты, ұйымдардың, ерiктi медициналық сақтандыру жүйесiнiң және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер қаражаты есебiнен тегiн медициналық көмектiң кепілдi көлемiнен тыс қосымша медициналық қызметтi пайдалануға;
      Медициналық ұйымдар мен жеке меншiк медициналық тәжiрибемен айналысатын жеке тұлғалардың ақылы медициналық қызмет көрсетуi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады;
      3) тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шеңберiнде дәрілік заттармен қамтамасыз етілуіне;
      4) бюджет қаражаттары есебiнен шет елдерде медициналық көмек алуға;
      5) уақытша еңбекке жарамсыздық фактiсін куәландыруға құқығы бар. Уақытша еңбекке жарамсыздығы құжатпен - еңбекке жарамсыздық парағымен немесе анықтасымен куәландырылады.
      Еңбекке жарамсыздық парағы азаматтарға жұмыстан босауға және уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша жәрдемақы алуға құқық бередi.
      Уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы анықтама азаматтарға жәрдемақы алусыз жұмыстан босауға құқық бередi;
      6) санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық салауаттылыққа және радиациялық қауiпсiздiкке құқығы бар.
      Мемлекет қазiргi және болашақ ұрпақтың денсаулық жағдайына керi әсер етпейтiн айналадағы ортаны сақтауды қамтамасыз етедi.
      2. Өмiрi мен денсаулығына қауiп төнген жағдайда азаматтар жедел медициналық жәрдеммен тегiн қамтамасыз етіледi.
      3. Жыныстық ұқсастандыру бұзылушылығы бар адамдардың жынысын ауыстыруға құқығы бар.
      4. Азаматтардың ұрпақты болуын сақтау саласындағы құқықтары жеке заңмен реттеледi.

       12-бап. Жүктi әйелдер мен аналардың денсаулықтарын
                сақтау құқығы

      1. Қазақстан Республикасында ана болуды мемлекет қорғайды және марапаттайды.
      2. Жүктi әйелдер тегiн медициналық көмектің кепілдi көлемiнiң шеңберiнде тегiн консультация алуға, тексерiлуге, емделуге және жүктілiктi сақтау мен денi сау бала туу үшiн диспансерлiк бақылауда болу құқығы бар.
      Жүктi әйелдер ұрпақты болу денсаулығына және баланың денсаулығына әсер ететiн аурулардың жекелеген түрлерiн амбулаториялық деңгейде емдеуге арналған дәрілік заттармен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен тегін қамтамасыз етіледi.
      3. Некеге тұрмаған әйел ана болу туралы мәселенi өзi шешуiне және, отбасын жоспарлау мен денсаулығын сақтау мақсатында, қаламаған жүктіліктi ескертудiң қазiргi күнгi әдiстерiн ерiктi таңдауына құқығы бар.
      4. Ананы қорғау:
      1) ұрпақты болу жасындағы әйелдердi жыл сайынғы медициналық тексеру жүргiзу, диспансерлеу және сауықтыру;
      2) жұмыс iстеп жүрген әйелдерге жүктілігі мен босануына байланысты демалыстар беру;
      3) ауру баланы күтiп-бағу үшiн стационарға түскенде әйелдердiң ұрпақ жаңғырту функциясына және балалардың денсаулығына тiкелей әсер ететiн негiзгi ауруларды медициналық айғақтар бойынша емдеу арқылы қамтамасыз етiледi.
      5. Жүктi әйелдер мен бала емiзетiн аналарды жұмысқа орналастыру және жұмыс уақыты режимi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамаларына сәйкес белгiленедi.

       13-бап. Балалардың денсаулығын сақтау құқығы

      1. Мемлекет балалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асырады, олардың дене бiтiмi, ақыл-ойы, рухани, адамгершiлiк және әлеуметтiк дамуы үшiн қажетті тұрмыс жағдайларына құқықтарын қамтамасыз етедi.
      2. Мемлекеттiк органдар, жұмыс берушілер арнаулы медицина және балаларды сауықтыру ұйымдарының желiсiн дамытуды қамтамасыз етедi, олардың жұмыс iстеуi үшін қажетті жағдайлар жасайды.
      3. Балалар мiндетті мерзімдік медициналық байқаулардан өтіп тұруға және тұрақты диспансерлiк бақылауда болуға, тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шеңберiнде емделуi және сауықтырылуы тиiс.
      4. Аурудың жекелеген түрi бойынша амбулаториялық емдеген кезде балалардың жекелеген санаттары дәрілік заттар туралы заңнамада көзделген тәртiппен дәрілік заттармен қамтамасыз етiледi.
      5. Балаларды стационарлық емдеу кезiнде:
      1) дәрiгерлердiң қорытындысы бойынша қосымша күтiп-бағуды қажет ететiн 3 жасқа дейiнгі балаларды медициналық ұйымдарда емдеу кезiнде анасына (әкесiне) немесе баланы күтіп-бағуды тiкелей жүзеге асыратын өзге адамға ауырып қалған отбасы мүшесiн күтіп-бағуға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы төленiп, онымен бiрге болу мүмкiндiгi беріледі;
      2) баланы омырау сүтiмен тамақтандыратын ана баланы күтiп-бағу үшiн стационарда болған кезеңде медицина ұйымында тегiн тамақпен қамтамасыз етiледi.
      6. Мектеп жасындағы балалардың стационарлық, қалпына келу, санаториялық емделу кезеңiнде стационар, оңалту орталығы, санаторий жағдайында үзіліссiз бiлiм алу құқығы бар.
      7. Дене бiтiмiнiң немесе психикасының жетiлуiнде кемiстігі бар, сондай-ақ АҚТҚ-ны жұқтырған балалардың мамандандырылған балалар ұйымдарында медициналық-әлеуметтік, психологиялық, дефектологиялық, педагогикалық, логопедтік жәрдем алуға құқығы бар.
      8. Қазақстан Республикасындағы балалардың ұрпақты болу денсаулығын қорғау саласында бiлiм алуға және тәрбиеленуге құқығы бар.
      9. АҚТҚ-ны жұқтырған балалардың балалар үйлері мен жалпыға арналған оқу-тәрбиелеу ұйымдарында болуына құқығы бар.

       14-бап. Азаматтардың өзiнiң денсаулығының жай-күйi
                және денсаулыққа әсер ететiн факторлар туралы
                ақпараттар алу құқығы

      1. Азаматтардың:
      1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жұбайы (зайыбы), өз балалары мен ата-аналары денсаулығының жай-күйi туралы ақпарат алуға;
      2) алдын алу және емдеу әдiстерi туралы, денсаулыққа әсер ететін факторлар туралы, оның ішінде қоршаған opтa, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайлары туралы мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан және емдеушi дәрiгерден өз құзыретi шегiнде толық ақпаратты өтеусіз алуға;
      3) дәрілік заттарды бөлшек сатумен айналысатын фармацевтикалық қызмет объектілерінен, сондай-ақ медициналық ұйымдардан дәрiлiк заттардың сапасы, қауiпсiздігі мен тиiмділігі туралы толық ақпарат алуға;
      4) денсаулық ұйымдарынан мүмкiн болатын емдеу әдiстерi, тәсілдерi туралы және клиникалық зерттеулердiң салдары туралы ақпараттар алуға құқығы бар.
      2. Азаматтардың денсаулығының жай-күйi туралы ақпаратты тексеру мен емдеудi жүргізетiн дәрiгер бередi.

       15-бап. Азаматтардың медициналық көмектен бас тарту
                құқығы

      1. Азаматтың немесе оның заңды өкiлiнiң осы Заңның 16-бабында көзделген жағдайлардан басқа уақытта, медициналық көмектен бас тартуға құқығы бap.
      2. Медициналық көмектен бас тартқан жағдайда азаматқа немесе оның заңды өкiлiне, оларға жетiмдi түрде, аурудың ықтимал салдары туралы түсiндiрiлуi тиiс.
      3. Медициналық көмектен бас тарту, оның ықтимал зардаптары көрсетіле отырып, медициналық құжаттамада жазбаша ресiмделедi және оған азамат немесе оның заңды өкiлi, сондай-ақ медицина қызметкерi қол қояды.
      Азамат немесе оның заңды өкiлi медициналық көмектен бас тартуы туралы қол қоймаған жағдайда, ол туралы медициналық құжатта медициналық қызметкер тиiсті жазба енгiзiп, қол қояды.

       16-бап. Азаматтардың келiсімінсiз медициналық
                көмек көрсету

      1. Азаматтың немесе оның заңды өкiлiнiң келiсiмiнсiз:
      1) өз еркiн бiлдiруге мүмкiндiк бермейтiн есеңгіреген, ес-түссіз жағдайдағы;
      2) айналасындағы адамдарға қауiп төндiретiн аурулардан зардап шегуші;
      3) психикасының ауыр бұзылушылығынан зардап шегушi;
      4) психикалық бұзылушылықтан зардап шегушi және қоғамға қауiптi iс-әрекет жасаған адамдарға уәкiлетті орган белгiлеген тәртiппен медициналық көмек көрсетуге жол беріледi.
      2. 18 жасқа толмаған адамдарға және заңдарда белгіленген тәртiппен iс-әрекетке қабілетсiз деп танылған азаматтарға қатысты медициналық көмек көрсетуге келiсiмдi олардың заңды өкiлдерi бередi. Заңды өкiлдерi болмаған жағдайда медициналық көмек көрсету туралы шешімдi консилиум қабылдайды, ал консилиумды жинау мүмкiн болмаған жағдайда тiкелей медицина қызметкерi, медицина ұйымының лауазымды адамдарын және заңды өкілдердi кейiннен хабардар ете отырып, қабылдайды.
      3. Азаматтардың келiсiмiнсiз медициналық көмек көрсету осы баптың 1-тармағында қарастырылған негiздер жойылғанша немесе сот шешiмi шыққанша жалғаса бередi.

       17-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау және нығайту
                жөнiндегі мiндеттерi

      1. Айналасындағыларға қауiп төндiретiн жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау үшiн азаматтар медицина қызметкерлерiнiң, денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының ұйғарымдарын орындауға мiндетті.
      2. Стационарлық және амбулаториялық емдеудегi адамдар медициналық ұйымдардағы қолданыстағы режимдi сақтауға мiндеттi.
      3. Қазақстан Республикасының азаматтары алдын алу медициналық тексерулерден өтуге мiндетті.
      4. Жүкті әйелдер жүктiлiктiң 12 аптасына дейiнгi мерзiмде медициналық есепке тұруға мiндеттi.

       18-бап. Айналасындағыларға қауiп төндiретiн аурулармен
                ауыратын азаматтардың міндеттерi

      1. Айналасындағыларға қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын азаматтар медициналық ұйымдардың талабы бойынша тексеруден өтуге және емделуге мiндеттi.
      2. Азаматтар тексеру мен емдеуден бас тартқан жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген еркінен тыс тәртiппен куәландыру және емдеуге тартылады.
      3. Айналасындағыларға қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге жiберудiң негiзi мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамаларымен реттеледi.
      4. Айналасындағыларға қауiп төндiретін аурулармен ауыратын және одан хабардар болып отырған азаматтар медициналық көмек сұраған кезде медицина персоналына өзiнiң ауыруы туралы айтуға мiндеттi.

       19-бап. Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер мен
                азаматтығы жоқ адамдардың денсаулық сақтауға
                арналған құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар медициналық көмектi Қазақстан Республикасының Yкiметi белгіленген тәртiппен ақылы негiзде алады.
      2. Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар денсаулық сақтау саласындағы міндеттердi орындайды.

  4-тарау. Азаматтардың жекелеген санаттарына
медициналық және медициналық-әлеуметтiк
көмек көрсету ерекшелiктерi

       20-бап. Әскери қызметшiлер мен iшкі iстер және ұлттық
                қауiпсiздiк органдарының қызметкерлерiне
                медициналық көмек көрсету

      Әскери қызметшiлер мен iшкi iстер және ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлерiне медициналық көмектi осы ведомстволардың әскери-медицина ұйымдары көрсетедi. Қызметiн өткерiп жатқан орындарда немесе тұрғылықты жерiнде олар болмаса немесе ведомстволық медицина ұйымдарында тиiстi бөлімшелер, мамандар немесе арнайы жабдықтар болмаса, медициналық көмек тегін медициналық көмектiң кепілдi көлемi шеңберiнде уәкiлетті органның және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергіліктi атқарушы органдарының медицина ұйымдарында көрсетiледi.

       21-бап. Туберкулезбен ауыратын науқастарға
                медициналық-әлеуметтiк көмек көрсету

      1. Туберкулезбен ауыратындар міндеттi диспансерлiк бақылауға және емдеуге жатады, тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шеңберiнде қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етiледi.
      2. Туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратындар мiндетті түрде жатқызуға және емдеуге жатады.

       22-бап. Диабетпен және қатерлi iсiкпен ауыратын
                науқастарға медициналық көмек көрсету

      Диабетпен және қатерлi iсiкпен ауыратындар тегін медициналық көмектiң кепілдi көлемi шеңберiнде медициналық бақылауға, емдеуге және қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етуге жатады.

       23-бап. Көбiне жыныстық жолмен берілетiн жұқпалы
                аурулармен, ЖҚТБ және АҚТҚ жұқпаларымен ауыратын
                науқастарға медициналық көмек көрсету

      1. Көбiнесе жыныстық жолмен берілетiн жұқпалы аурулармен, ЖҚТБ және АҚТҚ жұқпаларымен ауыратындарға медициналық көмек уәкiлеттi орган белгiлеген тәртіппен көрсетіледi.
      2. ЖҚТБ және АҚТҚ жұқпаларымен ауыратын науқастарға медициналық көмек Қазақстан Республикасының жеке заңына сәйкес жүзеге acырылады.

       24-бап. Психикалық бұзылудан (аурудан) зардап шегетiн
                адамдарға медициналық-әлеуметтiк көмек көрсету

      Психикалық бұзылудан (аурудан) зардап шегетiн адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету және оларды оңалту Қазақстан Республикасының жеке заңымен белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

       25-бап. Бас бостандығы шектеулi азаматтарға медициналық
                көмек көрсету

      Сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айырған орыннан басқа жерде өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған азаматтарға медициналық көмек денсаулық сақтау, iшкi iстер, қылмыстық-атқару жүйесi, ұлттық қауiпсiздік және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдар белгілеген тәртiппен көрсетіледi.

  5-тарау. Медициналық көмек көрсету кезiндегі медицина қызметкерлерiнiң құқықтары мен мiндеттерi

       26-бап. Медицина қызметкерлерiнің кәсiптiк құқықтары

      1. Медицина қызметкерлерінің мамандығы бойынша және білiктілiк деңгейiне сәйкес кәсiптiк қызметтi iске асыруға құқығы бар.
      2. Медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк қызметiне мемлекеттік органдар мен басқа ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың тарапынан, Қазақстан Республикасының заңнамаларында қарастырылғаннан тыс жағдайларда, араласуына тыйым салынады.

       27-бап. Медицина қызметкерлерiнің кәсiптiк мiндеттерi

      Медицина қызметкерлерi:
      1) егер мұндай таңдау тексеру нәтижесi бойынша қарастырылған болса, онда пациентті емдеудiң әдiстерi мен амалдарын, сондай-ақ пайдаланылатын медициналық мақсаттағы құралдар мен бұйымдарды таңдау мүмкiндiгі бар екендігі туралы хабардар етуге;
      2) өзiнiң қызметтiк мiндеттерiне сәйкес медициналық көмек көрсетуге;
      3) өздерiнiң кәсіптік міндеттерiн орындау кезiнде белгілi болған азаматтардың ауруы, жыныстық қатынасы мен отбасылық өмiрi туралы деректердi сақтауға мiндеттi. Бұл деректердi Қазақстан Республикасының заңнамаларында қарастырылған жағдайларда ғана айтуға жол беріледi;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамаларында қарастырылған басқа да мiндеттердi орындауға мiндетті.

  6-тарау. Медициналық қызметтегi жеке
қатынастарды реттеу

       28-бап. Хирургиялық араласу тәртiбi, қан құю және
                диагностиканың инвазивтік әдiстерiн қолдану

      1. Хирургиялық операциялар, қан құюлар және диагностикалаудың инвазивтік әдiстерiн қолдану аурудың жазбаша келiсiмi бойынша қолданылады.
      Психикалық бұзылумен ауыратын, сот жұмысқа қабылетсiз деп тапқан аурулар, он сегiз жасқа толмаған адамдарға хирургиялық операциялар, қан ауыстырып құю, диагностиканың инвазивтiк әдiстерi олардың заңды өкілдерiнiң жазбаша келiсiмдерi бойынша жасалады.
      2. Медицина қызметкерлерi өмiрлiк айғақтар бойынша медициналық араласуға кiрiсiп кетсе және оны тоқтату емделушi адамның өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн жағдайлардан басқа кезде, келiсiм керi қайтарып алынуы мүмкiн.
      3. Хирургиялық араласу, қан құю, диагностиканың инвазивтiк әдiсiн қолдануды кешіктiру аурудың өмiрiне қауiп төндiрген, аталған адамдардан келiсiм алу мүмкiндiгi болмаған жағдайда, шешiмдi денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртiппен, дәрiгер немесе дәрiгерлiк комиссия қабылдайды.

       29-бап. Клиникаға дейiнгi сынау мен
                медициналық-биологиялық тәжiрибелердi,
                клиникалық зерттеулердi жүргiзу және алдын
                алудың, диагностиканың, емдеу мен медициналық
                оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарын қолдану

      1. Клиникаға дейiнгi сынау және медициналық-биологиялық тәжiрибелер жануарларға өткiзіледi.
      2. Адамдарға клиникалық зерттеу жасау жануарларға жасалған клиникаға дейінгi сынақтар мен медициналық-биологиялық тәжiрибелердiң оң нәтижелерiн алған жағдайда, ол және денсаулық сақтау ұйымы арасында жасалған шарт бойынша жазбаша келiсiм берген жағдайда ғана жасалады.
      Жасалып жатқан клиникалық зерттеулер адамның талабы бойынша кез-келген кезеңде, сондай-ақ оның өмiрi, денсаулығына қауiп төнген жағдайда тоқтатылады.
      3. Алдын алудың, диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарын қолдану клиникалық зерттеулердiң оң нәтижелерiн алған жағдайда ғана мүмкiн болады.

       30-бап. Биологиялық өлiмдi анықтау. Өмiрдi қолдап тұрған
                аппаратураларды iстен шығару шарттары

      1. Өлiмнiң растығын дәрiгер немесе фельдшер айқындайды.
      2. Донордың биологиялық өлiмiн растау мынадай белгiлердiң жиынтығы негiзiнде расталады:
      1) жүрек қызметінiң тоқтауы;
      2) демнiң бiтуi;
      3) орталық жүйке жүйесi қызметiнiң тоқтауы.
      3. Өмiрдi қолдап тұрған жасанды шаралар:
      1) биологиялық өлiмi расталған жағдайда;
      2) дәрiгер-мамандардың консилиумында расталған мидың түпкілікті өлуi жағдайында, жақын туыстарының және (немесе) заңды өкілдерiнiң жазбаша бiрауызды келiсiмi болған жағдайда өшірiлуi мүмкiн.
      4. Биологиялық өлiмдi растауға ағзалар мен тiндердi ауыстырып қондыру үшiн алуды қамтамасыз ететiн адамның қатысуына тыйым салынады.

       31-бап. Эвтаназия

      Кез-келген жағдайға қарамастан эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады.

       32-бап. Патологоанатомиялық союды жүргізу

      1. Патологоанатомиялық союды өлiмнiң себептерi туралы деректер мен ауыру диагнозын нақтылау мақсатында жүргiзiледi.
      2. Зорлықпен өлтiрiлгендiгiне күмән болмаған жағдайда және туыстарының немесе заңды өкiлдерiнiң жазбаша өтiнiшi болған жағдайда, не өлген адамның тiрi кезiнде өз еркiмен көңiл бiлдiруiмен сою жүргiзiлмей-ақ мәйiттi беруге рұқсат етiледi.
      3. Өлген адамның жақын туыстарының немесе заңды өкiлiнiң талабы бойынша уәкiлетті орган белгiлеген тәртiппен тәуелсiз денсаулық сақтау ұйымдары патологоанатомиялық сою жүргiзуi мүмкiн.

       33-бап. Анатомиялық сый

      1. Анатомиялық сый сығалаушының нотариалдық куәландырылған өсиетнамасы арқылы жасалуы мүмкiн және ол өлгеннен кейiн күшiне енедi.
      2. Анатомиялық сый туралы деректер жария етуге жатпайды.
      3. Берiлген ағзалар мен тiндерден басқа 45 күн iшiнде анықталмаған және қажет етiлмеген мәйiттер де анатомиялық сый ретiнде танылады.
      4. Анатомиялық сый биомедициналық зерттеулер өткiзу үшiн ғылыми, ғылыми-практикалық және оқу мақсаттарында қолданылуы мүмкін.

       34-бап. Ауыстырып қондыру үшiн тiндердi және (немесе)
                ағзаларды (ағзаның бөлiктерiн) алу

      1. Адам, адамның мәйiтi, сондай-ақ жануарлар тiндер мен ағзаларды ауыстырып қондыру жөнiндегi донор бола алады.
      2. Адамдардың тiндерi мен ағзаларын ерiктен тыс және (немесе) басқадай алу мен оларды ауыстырып қондыруға тиым салынады. Бұндай әрекетке жол берген адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.
      3. Ауыстырып қондыруға арналған адамның тiндерi мен ағзалары (ағзаның бөлiктерi) мәмiлелердiң заты болуға тиiс емес.
      4. Адамдардың тiндерi мен ағзаларын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығаруға тиым салынады.
      5. Реципиентпен генетикалық байланыстағы немесе онымен тiндiк үйлесiмдiлiгi бap, жан-жақты медициналық тексеруден өткен және оның ағзалары (ағзаларының бөлiктерiн) мен (немесе) тiндерiн алуға болатындығы туралы дәрiгер-мамандардың консилиум қорытындысын алған адам тiрi донор бола алады.
      Қолының анықтығын нотариус куәландырған жазбаша келiсiмi бар тiрi донордан алып қойғаннан кейiн оның болмауы денсаулыққа орны толмас бұзылуға әкеп соқтырмайтын қос ағзаның бiрi, ағза немесе тiннiң бөлiгi алынуы мүмкін.
      6. Дәрiгер-мамандардың консилиумында расталған биологиялық өлiм кезiнде ғана және өлген адам тiрi кезiнде ол өлгеннен кейiн өзiнiң тіндерi және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлiгiн) реципиентке ауыстырып қондыру үшін жазбаша келiсiм берген жағдайда өлген адамның тiнi және (немесе) ағзалары (ағзасының бөлiгi) ауыстырып қондыру мақсатында алынады.
      7. Тiндер және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлiктерiн) ауыстырып қондырудың қажеттілігі туралы медициналық қорытынды тиiстi денсаулық сақтау ұйымы дәрiгерлерінің консилиумында берiледi.
      8. Тiндер және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлiктерiн) ауыстырып қондыру реципиенттің немесе кәмелеттік жасқа жетпеген реципиенттің, немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiнде белгiленген тәртiппен сот жұмысқа қабылетсіз деп таныған реципиенттің заңды өкiлiнiң жазбаша келiсiмiмен iске асырылады.
      Реципиент алда жасалатын ауыстырып қондыруға байланысты оның денсаулығына тиетін асқынулар болуы туралы ескертілуi керек.
      9. Мәйiттен тiндер және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлiктерiн) алу денсаулық сақтау ұйымдарында iске асырылады. Тіндер және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлiгiн) бұзылудан сақтау мен ауыстырып қондыру тек қана мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында iске асыруға жол беріледі.
      10. Тiндерi және (немесе) ағзаларын (ағзаның бөлiктерiн) алуға тiлек білдiрген адамдар, алда болатын тiндер және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлiгiн) алуға оперативтiк араласуға байланысты оның денсаулығына әсер етуi мүмкiн асқынулар туралы денсаулық сақтау ұйымынан толық ақпараттар талап етуге құқығы бар.
      11. Донор тiндер және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлiгiн) алу жөнiндегі операцияларды өткiзуге байланысты денсаулық сақтау ұйымдарында тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шеңберiнде емделуге, оның iшiнде медикаментоздық ем алуға құқығы бар.
      12. Жұқтырулары бар тiндер және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлiгiн) ауыстырып қондыруға тиым салынады.
      13. Тіндер және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлiктерiн) ауыстырып қондыруға келiсiм беруге ниеттенген реципиент тiндер және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлiктерiн) ауыстырып қондыру жөнiнде алда болатын операциялық араласуға байланысты оның денсаулығына келтiрiлуi мүмкін асқынулар туралы денсаулық сақтау ұйымынан толық ақпарат талап етуiне құқығы бар.
      14. Реципиент жасалған операцияға байланысты тегін медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шеңберiнде ем, оның iшiнде медикаментоздық ем алуға құқығы бар.
      15. Денсаулық сақтау ұйымының дәрiгерлерi мен басқа да қызметкерлерге донор мен реципиент туралы деректердi жария етуге тыйым салынады.

  7-тарау. Қорытынды ережелер

       35-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының
                денсаулығын сақтау туралы заңнаманы
                бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау туралы заңнаманы бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

       36-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртiбi

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енедi.
      2. "Қазақстан Республикасындағы азаматтардың денсаулығын сақтау туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 19 мамырдағы  Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 10, 109-құжат; 1998 ж., N 14, 201-құжат; N 24, 434-құжат; 1999 ж., N 8, 247-құжат; N 23, 927-құжат; 2002 ж., N 6, 71-құжат; 2004 ж., N 2, 9-құжат) күші жойылды деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады