"Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне алқабилердiң қатысуымен қылмыстық сот iсiн жүргiзу мәселелерi бойынша толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 11 маусымдағы N 576 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне алқабилердiң қатысуымен қылмыстық сот iсiн жүргізу мәселелерi бойынша толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық
актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық
сот iсiн жүргізу мәселелерi бойынша толықтырулар мен
өзгерiстер енгізу туралы

       1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заң актiлерiне толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiлсiн:

      1. 1997 жылғы 16 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық  кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 15-16, 211-құжат, 1998 ж., N 16, 219-құжат; N 17-18, 225-құжат; 1999 ж., N 20, 721-құжат; N 21, 774-құжат; 2000 ж.,  N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 8, 53, 54-құжаттар; 2002 ж., N 4, 32, 33-құжаттар; N 10, 106-құжат; N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат; 2003 ж., N 15, 137-құжат; 2003 ж., N 18, 142-құжат; 2004 ж., N 5, 2-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 139-құжат):
      340-бап "Судьяға" деген сөзден кейiн ", алқабиге," деген сөзбен толықтырылсын;
      341-баптың бiрiншi бөлiгiндегі "сол сияқты оның" деген сөздер "алқабиге, сол сияқты олардың" деген сөздермен ауыстырылсын;
      342-баптың екiншi бөлiгi "Судьяны" деген сөзден кейiн "немесе алқабидi" деген сөздермен толықтырылсын;
      343-баптың тақырыбы және бiрiншi бөлiгі "Судьяға", "судьяға" деген сөздерден кейiн тиiсiнше ", алқабиге", "немесе алқабиге" деген сөздермен толықтырылсын.

      2. 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу  кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 23, 335-құжат; 1998 ж., N 23, 416-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 8, 53-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 17-18, 245-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 32, 33-құжаттар; N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат; 2003 ж., N 18, 142-құжат; 2004 ж., N 5, 22-құжат; N 23, 139-құжат):
      7-бап мынадай мазмұндағы 7-1) тармақпен толықтырылсын:
      "7-1) алқаби - соттың қылмыстық iстi қарауға қатысуға осы Кодексте белгiленген тәртiппен шақырған Қазақстан Республикасының азаматы;";
      25-баптың бiрiншi бөлiгі мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Алқаби дәлелдемелердi қаралған дәлелдемелердiң жиынтығына негізделген өздерiнiң iшкi сенiмi бойынша бағалайды, бұл орайда ар-ожданды басшылыққа алады.";
      53-бап мынадай мазмұндағы 3-1-бөлiкпен толықтырылсын:
      "3-1. Егер алқабилердiң қатысуымен сот қарайтын қылмыстық iстiң материалдары мемлекеттiк құпияны қамтитын мәлiметтердi құрайтын болса, облыстық және оған теңестірiлген соттың қызметiн материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлетті мемлекеттiк орган төрағалық етушінiң жазбаша өкiмi бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен алқабилердiң мемлекеттiк құпияларға қол жетімдiлігін ресiмдейдi.";
      58-баптың екiншi бөлiгi "судья" деген сөзден кейiн ", ал айыпталушының өтiнiшi болған кезде - екi судья және тоғыз алқаби құрамында" деген сөздермен толықтырылсын;
      73-баптың екiнші бөлiгі "4)," деген саннан кейiн "5) (жазалау шарасы ретiнде өлiм жазасы тағайындалуы мүмкiн қылмыстарды жасаған адамды айыптау кезiнде)," деген сөздермен толықтырылсын;
      82-баптың екiншi бөлiгінiң 1) тармағында:
      "судья" деген сөзден кейiн ", алқаби" деген сөзбен толықтырылсын;
      90-баптың алтыншы бөлiгiнiң бiрiншi сөйлемi мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қарсылық бiлдiру сот тергеуi басталғанға дейiн, ал алқабилердiң қатысуымен істі қараған жағдайда - алқабилер алқасын қалыптастырғанға дейiн мәлiмделуге тиiс.";
      98-баптың атауы және бiрiншi бөлiгi "судьялардың,", "судья," деген сөздерден кейiн тиiсiнше "алқабилердiң,", "алқаби," деген сөздермен толықтырылсын;
      291-баптың екiншi бөлiгі "156" деген саннан кейiн "(екiншi бөлiгі)" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 13-бөлiммен және 57-62-тараулармен толықтырылсын:
      "13-бөлiм. Алқабилердiң қатысуымен iс жүргізу

      57-тарау. Жалпы ережелер

      542-бап. Алқабилердiң қатысуымен сотта қаралатын iстер
               бойынша iс жүргізу тәртiбi

      Алқабилердiң қатысуымен қаралатын қылмыстық iстер бойынша iс жүргізу осы бөлiмде көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодекстің ережелерiне сәйкес жүргізiледi.

      543-бап. Алқабилердiң қатысуымен облыстық және оған
               теңестiрiлген соттың қарауына жататын iстер

      Сот алқабилердiң қатысуымен eci кiресiлі-шығасылы күйiнде осы Кодекстiң 291-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген әрекетті жасаған не оларды жасағаннан кейiн жүйке ауруымен ауырған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстердi қоспағанда, осы Кодекстiң 291-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетілген қылмыстар туралы iстердi қарайды.
      Егер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бiрнеше баптарында көзделген қылмыстар жасаған деп айыпталса, айыпталушы, егер осы қылмыстардың жиынтығына осы Кодекстің 291-бабының екiншi бөлiгінде көрсетілген қылмыстың ең болмағанда бipeуi кiрсе, оның iсiн алқабилер қатысқан соттың қарауына құқығы бар.
      Егер iс бойынша бiрнеше адам айыпталса, егер олардың тек бipeуi ғана болса да қылмыстық iсті алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiш бiлдiрсе, алқабилердiң қатысуымен барлық сотталушыларға қатысты сотта оны қарау осы бөлiмде көзделген ережелер бойынша жүргiзiледi.

      544-бап. Алқабилердiң қатысуымен сот құрамы

      Облыстық және оған теңестірiлген сотта алқабилердiң қатысуымен сот екi судьяның және тоғыз алқабидiң құрамында әрекет етедi.

      545-бап. Алқабиге ықпал етуге жол бермеу

      Мемлекеттік айыптаушыға, жәбiрленушіге, сотталушыға және оның қорғаушысына, сондай-ақ процестiң басқа да қатысушыларына алқабилердiң қатысуымен сот талқылауының барлық уақытында осы істі қарауға қатысушы алқабилерiмен белгіленген тәртiптен басқа, араласуға тыйым салынады.

      546-бап. Сотта iстi алқабилердiң қатысуымен қарау туралы
               өтiнiш

      Осы бөлiмде көзделген ережелерге сәйкес қылмыстық сот iсiн жүргiзудi жүзеге асыру тек айыпталушының оның iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтініші бойынша ғана жүргізiледi.
      Тергеушi алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн айыпталушыны iстiң барлық материалдарымен таныстыру кезiнде оған соттың оның iсiн алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiш беру құқығын, сондай-ақ алқабилердiң қатысуымен соттың үкiмiне шағымдану және шағымды қарау ерекшеліктерiн қоса, осындай өтiнiшті қанағаттандырудың заңдық салдарын түсiндiруге мiндеттi.
      Айыпталушы көрсетiлген өтiнiштi оған тек алдын ала тергеу аяқталғаны туралы хабарлаған және iстiң барлық материалдарын таныстыру үшiн ұсынған кезде ғана беруге құқылы.
      Тергеушi айыпталушының оның iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiшiн не оның iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарау құқығын пайдаланудан бас тартуы туралы өтінішін айыпталушыға тергеу әрекеттерi мен құқық түсiндiрудiң аяқталғандығы туралы хабарлау туралы хаттамаға түсiруге міндеттi.
      Бұдан әрi айыпталушының оның iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiшi қабылданбайды.
      Айыпталушы алдын ала тыңдау жүргiзгенге дейiн және алдын ала тыңдау барысында берген мәлімделген алқабилердiң қатысуымен оның iсiн қарау туралы өтiнiшiнен бас тартуға құқылы. Айыпталушының алдын ала тыңдау барысында оны растағаннан кейiн, оның iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiштен бас тартуы қабылданбайды.

      58-тарау. Сот отырысын тағайындаудың ерекшелігi

      547-бап. Iсті соттың алқабилердiң қатысуымен қарау туралы
               өтiнiш болған кезде сот отырысын тағайындау

      Айыпталушының iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтініші болған кезде басты сот талқылауы алдын ала тыңдау жүргізу арқылы тағайындалады.

      548-бап. Алдын ала тыңдау жүргiзудiң ерекшелігі

      Судья алдын ала тыңдауды мiндеттi түрде прокурордың, істі соттың алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiш бiлдiрген сотталушының және оның қорғаушысының қатысуымен жабық отырыста жеке дара жүргізедi.
      Егер iс бойынша сотталушылардың ең болмағанда бiреуiнiң iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiшi болса, алдын ала тыңдау iс бойынша барлық сотталушылардың және олардың қорғаушыларының қатысуымен жүргізiледі.
      Судья сот отырысы басталарда қай iс қарауға жататынын жариялайды, отырысқа келген адамдарға өзiн таныстырады, кiмнiң мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы, хатшы екенiн хабарлайды, сотталушының жеке басын анықтайды, мәлiмделген қарсылықтарды шешедi. Мемлекеттiк айыптаушы айыптау қорытындысының қарар бөлiгiн жария етедi. Судья сотталушыға айыптаудың түсiнiктi болған болмағанын анықтайды, қажет болған жағдайларда оған айыптаудың мәнiн түсiндiредi, және оның iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өзiнiң өтiнiшiн растайтындығын сұрайды.
      Егер айыпталушы оның iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өзiнiң өтiнiшiн растаса, онда судья осы өтiнiштi қанағаттандырғаны туралы хабарлайды және мемлекеттік айыптаушының, жәбiрленушiнiң, сотталушының және оның қорғаушысының мәлiмдеген өтiніштерiн қарауға көшедi.
      Қажет болған жағдайда, алдын ала тыңдауда дәлелдемелер ретiнде оларға жол берудi тексеру үшін iс материалдары жариялануы мүмкiн.
      Егер сотталушы оның iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өзiнiң өтiнiшiн растамаса, ҚІЖК-нiң 301-бабының бiрiншi бөлігінде көзделген басқа да негiздер болмаған кезде судья алдын ала тыңдауды аяқталды деп жариялайды және бұдан әрi iс бойынша iс жүргізу осы Кодекстің 40-тарауында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
      Судьяның істі соттың алқабилердiң қатысуымен қарау туралы қаулысы түпкiлікті болып табылады. Қаулы бұдан әрi сотталушының iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарау себептерi бойынша бас тартуы қайта қаралуға тиiс емес.

      549-бап. Алқабилердiң қатысуымен сот отырысын тағайындау
               кезiнде алдын ала тыңдау тәртiбiмен шығарылатын
               шешімдердiң ерекшелiктерi

      Судья алдын ала тыңдау қорытындысы бойынша осы Кодекстің 302-307-баптарында көзделген шешімдердiң бiреуiн қабылдайды.
      Судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда iс соттың алқабилердiң қатысуымен қаралатындығы туралы көрсетедi, және саны кем дегенде жиырма бес болатын осы сот отырысына шақырылуға тиiс алқабилерге кандидаттардың санын анықтайды.
      Судья алдын ала тыңдау қорытындысы бойынша осы Кодекстің 116-бабына сәйкес iс материалдарынан дәлелдемелер ретiнде жол берiлмейтiн нақты деректердi алып тастайды.

      550-бап. Сот талқылауына қатысу үшiн алқабилерге
               кандидаттарды алдын ала кездейсоқ
               таңдаудың тәртiбi

      Iсті соттың алқабилердiң қатысуымен қарауды тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейiн, судья сот отырысының хатшысына алқабилерге iрiктеу үшiн осы сот отырысына саны қаулыда көрсетiлген алқабилерге кандидаттардың келуiн қамтамасыз ету туралы өкiм етедi.
      Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейiн төрағалық етушiнің өкiмi бойынша сот отырысының хатшысы соттағы бар бiрыңғай және қосалқы (жылдық) тiзiмiнен алқабилерге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргiзеді.
      Әр адам алқаби ретiнде сот отырысына бiр реттен артық қатыса алмайды.
      Қылмыстық істі қарауға қатысу үшiн алқабилерге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау аяқталғаннан кейiн, олардың тегі, есiмi, әкесiнiң есiмi және мекен-жайы көрсетiлген сот отырысының хатшысы қол қоятын алдын ала тiзiм жасалады.
      Алдын ала тiзiмге енгiзiлген алқабилерге кандидаттарға сот талқылауы басталғанға дейiн 7 тәулiктен кешіктірiлмей сотқа келу күнi мен уақыты көрсетілген түбiртек-хат тапсырылады.
      Хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндеттi.

      59-тарау. Сот талқылауына қатысу үшiн алқабилерге
                кандидаттарды ipіктeу

      551-бап. Жалпы ережелер

      1. Кандидаттар санынан алқабилерiн iрiктеу осы Кодекстiң 331-344-баптарындағы талаптар орындалғаннан кейiн:
      1) төрағалық етушiнің істі қарауға қатысудан алқабилерге кандидаттарды босату;
      2) өздiгiнен бас тартуы туралы мәселелердi шешу;
      3) бас тарту туралы мәселелердi шешу;
      4) алқабилерге кандидаттардың дәлелсiз бас тартуы арқылы жүзеге асырылады.
      2. Сот отырысының хатшысы сотта төрағалық етушiге алқабилерге кандидаттардың сот отырысына келгенi туралы баяндайды және тегiн көрсете отырып, алқабилерге кандидаттың әрқайысына билет жазып бередi.
      Iс бойынша төрағалық етушi алқабилерге кандидаттарының алдында:
      1) өзiн таныстырып;
      2) тараптарды таныстырып;
      3) қандай iс қаралуға жататынын хабарлап;
      4) осы істі қарауда алқабилердiң мiндеттерi мен олардың заңға сәйкес қатысу тәртiбi туралы хабарлап, қысқаша сөз сөйлейдi.
      3. Төрағалық етушi істі қарауға қатысудан алқабилерге кандидаттарды босату туралы мәселенi объективтi шешу мақсатында алқабилерге iрiктеу кезiнде кандидаттарға жазбаша нысанда прокурор, жәбiрленушi, айыпталушы және оның қорғаушысы ұсынған сұрақтарды, сондай-ақ өзiнiң бастамашылығы бойынша алқабилер алқасын құру үшiн маңызы бар басқа да сұрақтарды қоюы мүмкiн.
      Алқабилерге кандидат істі қарауға қатысу үшiн iрiктеу кезiнде төрағалық етушi қойған сұрақтарға дұрыс жауап беруi, сондай-ақ оның талабы бойынша өзi туралы және iске қатысушы басқа адамдармен қатынастары туралы қажеттi өзге де ақпараттарды ұсынуы тиiс.
      Төрағалық етушi абырой мен қадiр-қасиетті кемсiтетiн сұрақтар қоймайды.
      4. Iстi қарауға қатысудан алқабилерге кандидаттарды босатуға, сондай-ақ алқабилерге кандидаттар мәлiмдеген өздігінен бас тарту және қарсылықтар білдіруге байланысты барлық мәселелердi төрағалық етушi судья кеңесу бөлмесiне кетпей-ақ жеке дара шешедi.
      5. Егер сотқа алқабилерге шақырылған жиырма бес кандидаттан аз келсе, не сот талқылауына қатысудан олардың кейбiреулерiн босатқаннан кейiн немесе төрағалық етушi судья өздігінен бас тартқан және қарсылықтарды қанағаттандырғаннан кейiн олар он  алтыдан аз қалса, төрағалық етушi сот отырысының хатшысына жетпейтiн санын қосалқы тiзiмнен алқабилерге кандидаттар құрамын толықтыру туралы өкiм бередi. Бұл жағдайда, алқабилерге артық кандидаттарды шақырту үшiн сот отырысында үзiлiс жарияланады.

      552-бап. Төрағалық етушінiң iстi қарауға қатысудан
               алқабилерге кандидаттарды босатуы

      1. Төрағалық етушi алқабилерге кандидаттарға осы Кодексте белгіленген олардың мiндеттерiн түсiндiредi, одан кейiн алқабилерге кандидаттардан алқабилер ретiнде істі қарауға қатысуда оларға кедергі келтiретiн мән-жайлардың бар-жоғы туралы сұрайды.
      2. Төрағалық етушi алқабилерi мiндеттерiн орындаудан:
      1) қылмыс жасаған сезiктiлер немесе айыпталушыларды;
      2) сотта iлеспе аударма қамтамасыз етiлмеген кезде, сот iсi жүргізiлетін тiлдi бiлмейтiн адамды;
      3) сот отырысына мылқау, саңырау, соқыр және басқа да мүгедектер болып табылатын адамдарды олардың толыққанды қатысуын қамтамасыз ету бойынша ұйымдастыру немесе техникалық мүмкiншiлiктерi болмаған кезде босатады.
      3. Төрағалық етуші судья олардың ауызша немесе жазбаша өтiнiшi бойынша алқабилерi мiндеттерiн орындаудан:
      1) 65 жастан асқан адамдарды;
      2) үш жасқа толмаған балалары бар әйелдердi;
      3) сот төрелігiн жүзеге асыруда өзi үшін қатысу мүмкiндiгiнiң жоқтығын өздерiнiң дiни сенiм күштiлігінен деп санаған адамдарды;
      4) қызметтік мiндеттерiн орындаудан босатылуы қоғамдық және мемлекеттік мүдделерге (дәрiгерлер, мұғалiмдер, әуежолдарының пилоттары және басқалар) елеулi шығын келтiруi мүмкiн адамдарды;
      5) сот отырысына қатыспау үшін дәлелдi себептерi бар өзге де адамдарды босатады.
      4. Төрағалық етушi алқабилерге кандидаттардан сотта қаралатын iстiң мән-жайлары туралы олардың хабардарлығын анықтайды.
      5. Төрағалық етушi судья осы адамға заңсыз ықпал көрсету салдарынан, онда ағат пікiрдiң болуынан, iс жүргiзiлмейтін көздерден iстiң мән-жайын бiлуiнен объективтiлігіне негiзделген күмән тудыратын, сондай-ақ алқаби ретінде iсті қарауға оның қатысуы кезінде алқабиге кандидаттың объективтi болмау мүмкiндiгін көрсететiн басқа да себептер бойынша кез келген алқабиге кандидаттың iс бойынша алқабидiң мiндеттерін орындаудан босатады.

      553-бап. Алқабилерге кандидаттардың өзiне қарсылық бiлдiру
               туралы мәселелердi шешу

      Төрағалық етушi iсті қарауға қатысудан алқабилерге кандидаттардың қайсы бiрiн босату үшін заңда көзделген себептердiң бар-жоғы туралы сұрайды.
      Келген алқабилерге кандидаттардың әрқайсысы оның алқаби мiндеттерiн орындауға кедергi келтiретiн дәлелдi себептердi көрсетуге, сондай-ақ өзiне қарсылық бiлдiрудi мәлiмдеуге құқылы.

      554-бап. Алқабилерге кандидаттарға қарсылық бiлдiру туралы
               мәселелердi шешу

      Алқабилерге кандидаттардың әрқайсысына егер:
      1) алқабилерге кандидат осы iс бойынша жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, шақырылса не куә ретінде шақырылуы мүмкiн болса;
      2) алқабилерге кандидат осы қылмыстық iс бойынша сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, қорғаушы, айыпталушының заңды өкiлi, жәбiрленушiнiң өкiлi, азаматтық талапкер немесе азаматтық жауапкер ретiнде iс жүргізуге қатысса;
      3) алқабилерге кандидат жәбiрленушінің, азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкілдерiнiң, айыпталушының немесе оның заңды өкiлінің, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы немесе жекжаттары (ағалары, апалары, ата-аналары немесе ерлi-зайыптылардың баласы) болып табылса;
      4) егер алқабилерге кандидат осы iске жеке, тiкелей немесе жанама мүдделi деп санауға негіз беретiн өзге де мән-жайлар болса прокурор, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi, сотталушы және оның қорғаушысы қарсылық бiлдiрудi мәлiмдеуге тиiс.

      555-бап. Алқабилерге кандидаттарға дәлелсiз қарсылық бiлдiру

      1. Егер осы Кодекстiң 554-бабының талаптарын орындау нәтижесiнде сот отырысына қатысу үшін алқабилерге кандидаттардың он алтыдан астамы қалса, төрағалық етушi алқабилерге кандидаттардың қалған санын жариялайды, бұдан кейiн жәшiкке олардың тегі көрсетiлген билеттердi салады, билеттердi араластырады және олардан жәшiкте он алты қалғанға дейiн қанша қажет болса сонша билеттердi одан алады.
      Осы баптың бiрiнші бөлігінің бірінші абзацындағы талаптарды орындағаннан кейiн, төрағалық етушi нәтижесiнде алқабилерге он бiр кандидат қалуға тиiс мемлекеттік айыптаушы, сондай-ақ сотталушы және/немесе оның қорғаушысы дәлелсiз қарсылық бiлдiрудi жүргiзу үшiн алқабилерге кандидаттардың тегі көрсетiлген он алты билетті тапсырады.
      Мемлекеттік айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы төрағалық етуші арқылы алқабилерге кандидаттардың кейбiреуiнiң өзiн таныстыруды сұрауға құқылы.
      2. Дәлелсiз қарсылық бiлдiрудi, егер iске бiр сотталушы қатысса, екi алқаби кандидатына мемлекеттік айыптаушы, содан кейiн көрсетілген кезекте сотталушы және/немесе оның қорғаушысы үш алқабилерге кандидатқа жүргізедi.
      3. Егер iске бiрнеше сотталушылар қатысса, мемлекеттік айыптаушы кемiнде екi алқабилерге кандидатқа ғана дәлелсiз қарсылық бiлдiруге құқылы. Бұл орайда, алқабилерге кандидаттарына қарсылық бiлдiру сотталушылардың өзара келiсiмi бойынша, ал, осындай келiсiм болмаған жағдайда - егер бұл мүмкiн болса, қарсылық бiлдiрiлетін алқабилерге кандидаттардың санын олардың арасында тең бөлу арқылы жүргізiледi.
      Осы баптың үшiншi бөлігінiң бiрiншi абзацындағы талаптарды орындау мүмкiн болмаған жағдайда, бiрнеше сотталушылардың алқабилерге кандидаттарға қарсылық бiлдiрулерi барлық сотталушылардың тегi көрсетiлген билеттердi жәшiкке салып жеребе тастау арқылы жүргізiлуге тиiс. Жеребе тастау алқабилерге кандидаттарға қарсылық бiлдiрiлмегендердiң санына тең жүргізiледi. Төрағалық етуші жәшіктен оның тегі көрсетiлген билетті қанша мәрте алса, сотталушы сонша мәрте алқабилерге кандидаттарына қарсылық бiлдiруге құқылы.
      4. Алқабилерге кандидаттарына қарсылық бiлдiру құқығынан сотталушылардың кейбiрiнiң бас тартуы басқа сотталушылардың олардың кемiнде он бiрi қалғанға дейiн алқабилерге кандидаттарға қарсылық бiлдiруiне қандай да бiр шек қоюға әкеп соқтырмайды.
      5. Мемлекеттік айыптаушы, сотталушылар немесе олардың қорғаушылары алқабилерге кандидаттарының тегі көрсетiлген билеттерге дәлелдерiн көрсетпей-ақ, қолдары қойылған "қарсылық бiлдiру" деген жазу арқылы алқабилерге кандидаттарына қарсылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
      Сотталушы өзiнiң қорғаушысына алқабилерге кандидаттарына қарсылық бiлдiру құқығын жүзеге асыруды тапсыруға құқылы. Егер сотталушы өзiнiң алқабилерге кандидаттарына қарсылық бiлдiру құқығынан бас тартса, онда қорғаушы оның келісiмiнсiз алқабилерге кандидаттарына қарсылық бiлдiруге жеке қатысуға құқығы жоқ.
      6. Сотталушының немесе егер iске бiрнеше сотталушылар қатысса, барлық сотталушылар өзiнiң алқабилерге кандидаттарына қарсылық бiлдiру құқығынан бас тартқан жағдайда, төрағалық етушi не сот отырысының хатшысы барысында оларға қанша қарсылық бiлдiрiлуi мүмкiн сонша қарсылық білдірілмеген алқабилерге кандидаттарының тегі көрсетiлген билеттердi жәшiктен алып тастап жеребе тастау арқылы жүргізедi.
      7. Тараптардың дәлелсiз қарсылық бiлдiрiлген алқабилерге кандидаттарының тегi көрсетiлген билеттер iстiң материалына тiгiледi.

      556-бап. Жеребе тастау арқылы алқабилердiң алқасын құру

      Сотта істі қараушы алқабилердiң алқасы негізгi құрамы (алқабилер алқасының құрамын құрайтын) тоғыз және екi артық алқаби құрамда жеребе тастау арқылы құрылады.
      Алқабилер алқасын құру үшiн төрағалық етушi қарсылық бiлдiрiлмеген алқабилерге кандидаттарының тегi көрсетілген билеттердi жәшiкке салады, оларды араластырады және бiр бiреуден он бiр билетті алады, әр алынған сайын алқабилерге кандидаттарының тегі көрсетiлген билеттердi жариялайды. Егер жәшiктен алынған және қалған билеттер қарсылық бiлдiрiлмеген алқабилерге кандидаттарының жалпы санын құраса, сондай-ақ егер алқабилер алқасын құрудың дұрыстығына әсер ететiн қандай да бiр бұзушылыққа жол берiлмесе, онда алқабилер алқасы құрылды деп танылады. Бұл ретте, жеребе тастау арқылы iрiктелген алғашқы тоғыз алқаби негiзгi құрам, ал соңғы екеуi - артық алқаби деп есептеледi.
      Қарсылық бiлдiру туралы мәселенi шешу кезiнде немесе алқабилер алқасын құру кезiнде оның құрылуының дұрыстығына қандай да бұзушылық әсер еткен, сондай-ақ бiр немесе одан да көп алқабилердiң мемлекеттiк құпияларға қол жетiмдiлігінен бас тартылған жағдайда, төрағалық етушi алқабилер алқасын құруды жарамсыз немесе өткен жоқ деп жариялайды және алқабилерге кандидаттарды толықтай көлемде iрiктеудi жүргiзедi.
      Өздігінен бас тарту туралы мәселенi шешу кезiнде немесе алқабилер алқасын құру кезiнде оның құрылу дұрыстығына ықпал ететiн қандай да бiр бұзушылықтарға жол берiлген жағдайда, төрағалық етушi алқабилер алқасының құрылуын жарамсыз деп жариялайды және алқабилерге кандидаттарды қайтадан толық көлемде не iшiнара iрiктеудi жүргiзедi.

      557-бап. Сот талқылауына алқабилердiң қатысуының жалпы
               шарттары

      Алқабилердiң алқасын құру аяқталғаннан кейiн төрағалық етушілер алқабилердiң негiзгi құрамына жеребемен анықталған тәртiпке сәйкес оларға бөлiнген алқабилерi орындығынан орын алуды ұсынады. Алқабилердiң орындығы сот отырысы залында қатысып отырғандардан бөлек болуы және ереже бойынша сотталушыларға қарама қарсы орындықта орналасуы тиiс. Екi қосалқы алқаби олар үшiн арнайы бөлiнген алқаби орындығына орналасады.
      Алқабилер және қосалқы алқабилер осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сот отырысының залында сот талқылауы кезiнде үнемi болулары тиiс.
      Егер сот талқылауы барысында, бiрақ алқабилер мен судьялар үкiм шығару үшін кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн алқабилердiң бiреуiнiң сот отырысына қатыса алмайтындығы немесе төрағалық етушi оны сот отырысына қатысудан шеттеткенi айқындалса, онда ол жәшiктен алынған қосалқы алқабилердiң тегі көрсетілген билет тәртiбiмен қосалқы алқабимен ауыстырылады. Егер жиынтық алқабилерден шыққандарды қосалқымен ауыстыру мүмкiн болмаған жағдайда, төрағалық етушi жүрiп жатқан сот талқылауын жарамсыз деп жариялайды және сот талқылауының осы Кодекстің 550-бабына сәйкес алқабилерге кандидаттарды алдын ала таңдау кезеңiне қайта оралады.
      Егер алқабилердiң бiреуiнiң сот отырысына қатыса алмайтындығы кеңесу бөлмесiне кеткеннен кейiн айқындалса, онда судьялар мен алқабилер сот отырысы залына шығып, алқабидiң ауысымын жүргiзiп, кеңесу бөлмесiне қайта кетуi тиiс.
      Кез келген алқаби істі қараудың кез келген кезеңiнде төрағалық етушi оған ықпал етудiң нәтижесінде заңға сәйкес істі шешу үшін қажетті жан-жақтылықты судья осы алқаби жоғалтты деп болжауға негiз туған жағдайда, iске одан әрi қатысудан босатылуы мүмкiн.
      Алқабидi шеттетудi тараптардың қатысуымен төрағалық етушi жүзеге асырады, бұл туралы сот отырысының хаттамасында жазба жасалады.

      558-бап. Алқабилердiң ант қабылдауы

      Алқабилер алқасы құралғаннан кейiн төрағалық етушi немесе сот отырысының хатшысы сот отырысының залында қатысып отырғандардың барлығына орындарынан тұруды ұсынады. Төрағалық етуші алқабилерге ант қабылдау ұсынысымен жүгiнедi.
      Алқабилермен қабылданған ант туралы сот отырысының хаттамасына жазба жасалады.

      60-тарау. Алқабилердiң қатысуымен iстi соттың талқылау
                ерекшелiктерi

      559-бап. Алқабилердiң құқықтары, мiндеттерi және iстi қарауға
               байланысты iс-әрекеттерiне шектеулер

      1. Төрағалық етушi алқабилерiне олардың құқықтарын, мiндеттерiн және iстi қарауға байланысты iс-әрекеттерiне шектеулердi түсiндiредi, сондай-ақ мiндеттердi бұзу және шектеулердi сақтамаудың салдары туралы ескертедi.
      2. Алқаби:
      1) өзiнiң iшкi сенiмi бойынша iстiң мән-жайын жеке бағалауға мүмкiндiк алу үшiн сотта қаралатын дәлелдердi зерделеуге және алқабилерi алқасының алдына қойылатын мәселелерге жауап беруге қатысуға;
      2) төрағалық етушінің рұқсатымен процеске қатысушыларға сұрақ қоюға;
      3) заттай дәлелдемелердi, құжаттарды қарауға, жерлердi және үй-жайларды қарауды жүргiзуге, сот тергеуiнде басқа да барлық әрекеттерге қатысуға;
      4) төрағалық етушіден iске қатысты заңдар нормаларын, сотта жария етілген құжаттардың мазмұнын және оған түсінікті емес басқа да мәселелер мен ұғымдарды түсiндiрудi өтiнуге;
      5) сот отырысы кезiнде жазбаша белгілер жасауға құқылы.
      3. Алқаби:
      1) сот отырысында тәртiптi сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмiне бағынуға;
      2) егер сот отырысына үзiліс жарияланса немесе істі тыңдау кейiнге қалдырылған жағдайда алқаби мiндетiн атқару үшін, сондай-ақ сот талқылауын жалғастыру үшін сот белгiлеген уақытта келуге мiндетті;
      3) сотқа келуге мүмкiншiлiк болмаған жағдайда, төрағалық етушіге алдын ала келмеудiң себептерi туралы ескертуi тиiс.
      4. Алқабидiң мынадай әрекеттерi:
      1) iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кету;
      2) төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз iстi тыңдау кезiнде iс бойынша сот құрамына кiрмейтiн адамдармен сөйлесу;
      3) iстi талқылау барысында сот отырысынан тыс iс бойынша мәлiметтер жинау;
      4) үкiм шығару кезiнде кеңесу уақытында оған, сондай-ақ оның қатысуымен жабық сот отырысында белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария ету шектеледi.
      5. Алқабидiң мiндеттерiн орындамауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жауапкершілiкке, сондай-ақ істі қарауда одан әрi қатысудан босату мүмкiндiгiне әкеп соғады.

      560-бап. Алқабилер қатысатын соттың құзыретi

      Алқабилердiң қатысуымен соттың істі талқылау кезiнде осы Кодекстiң 371-бабы бiрiншi бөлігінiң 1-8, 14-тармақтарында көзделген мәселелер шешiледi.
      Егер сот талқылауы барысында дәлелдемелер ретiнде осы Кодекстiң 116-бабына сәйкес жол берiлмейтiн нақтылы деректер табылатын болса, төрағалық етушi оларды бұлардың қатарынан алып тастау туралы мәселенi шешуге, ал, егер мұндай дәлелдемелер зерттелген жағдайда олардың заңды күшi жоқ деп тануға, ал оларға жасалған зерттеулердi жарамсыз деп тануға мiндетті.
      Тараптар төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз сотта алқабилердiң қатысуымен iстің талқылауынан алынып тасталған бар дәлелдемелер туралы ecкe салуға, өздерiнiң ұстанымдарын негізге алу үшін оларға сiлтеме жасауға құқықтары жоқ. Судьялар алқабилердi жол берiлмейтiн дәлелдемелермен таныстыруға тиiс емес.

      561-бап. Алқабилер қатысатын соттың iстi қысқартуы

      Төрағалық етушi істі соттың алқабилердiң қатысуымен оны талқылаудың кез келген кезеңiнде, егер сот талқылауында осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлігінде көзделген мән-жайлар анықталса, сондай-ақ мемлекеттiк айыптаушының осы Кодекстің 317-бабының жетiншi бөлiгiне сәйкес айыптаудан бас тартқан кезде қысқартады.

      562-бап. Алқабилер қатысатын сот тергеуiнiң ерекшеліктерi

      Соттың алқабилер қатысатын сот тергеуi осы Кодекстiң 345-359, 362-баптарында белгiленген тәртіппен жүргiзiледi.
      Мемлекеттік айыптаушы айыптау қорытындысының қарар бөлiгін жариялаған кезде, сотталушының соттылық деректерi туралы еске салуға құқығы жоқ.
      Алқабилер төрағалық етушi арқылы тараптарға осы адамдар жауап бергеннен кейiн сотталушыға, жәбiрленушiге, куәларға және сарапшыларға сұрақтар қоя алады. Мәселелердi алқабилер жазбаша түрде жасап, төрағалық етушіге бередi.
      Төрағалық етушi iске қатысы жоқ, сондай-ақ жетектеушi немесе дөрекi сипатта деп есептеген сұрақтарды қабылдамай тастайды.
      Тараптар алқабилердiң қатысуынсыз судьялармен бұрын iс талқылауынан алынып тасталған бұл орайда, олардың мәнiн баяндамай-ақ дәлелдемелердi зерттеу туралы өтiнiш беруi мүмкiн. Осындай өтінішке байланысты сот талқылауына қатысушылардың пiкiрiн тыңдауды судьялар жүргізедi.
      Сотталушының бұрынғы соттылығына байланысты, оны созылмалы маскүнем немесе нашақор деп тану туралы мән-жайлар, сондай-ақ алқабилердiң сотталушыға қатысты артықшылық көзқарас бiлдiруге әсер ететiн мән-жайлар зерттеулерге жатпайды.

      563-бап. Алқабилер қатысқан соттағы тараптардың жарыссөзi

      Сот тергеуi аяқталғаннан кейiн алқабилер қатысатын сот тараптардың жарыссөздерiн тыңдауға көшедi. Алқабилер қатысатын сотта тараптардың жарыссөзi екi бөлiмнен тұрады.
      Жарыссөздiң бiрiншi бөлігі оның бұрынғы соттылығын еске салмай, сотталушының кiнәсiнiң дәлелденуi немесе дәлелденбеуi жөнiнде өз ұстанымдарын баяндайтын, мемлекеттік айыпталушының, жәбiрленушiнiң, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады.
      Тараптар алқабилер қатысуымен қарауға жатпайтын мән-жайларды еске түсiре алмайды және сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сiлтеме жасай алмайды. Төрағалық етушi осындай айтылған сөздердi бөледi және алқабилерiне үкiм шығару кезiнде осы мән-жайларды есепке алмауды түсiндiредi.
      Жарыссөздiң екiншi бөлiгі сотталушының iс-әрекетін саралау, жаза тағайындау, азаматтық талап мәселелерi бойынша ұстанымдарын баяндайтын мемлекеттік айыптаушының, сондай-ақ жәбiрленушiнің, азаматтық талапкердiң және жауапкердiң немесе олардың өкiлдерінің, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады. Жарыссөздiң екiншi бөлiгі алқабилердiң қатысуынсыз өткізiледi.

      564-бап. Алқабилер қатысатын соттағы реплика және
               сотталушының соңғы сөзi

      Алқабилер қатысатын сотта сот отырысына қатысушылардың барлығы сөз сөйлеп болған соң тараптар реплика айтуға құқылы. Соңғы реплика құқығы қорғаушыға тиесілі.
      Сотталушыға осы Кодекстің 365-бабына сәйкес соңғы сөз берiледi.

      565-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын
               мәселелердi қою

      Төрағалық етуші екiншi судьяның қатысуымен сот тергеуiнiң нәтижесiн, тараптардың жарыссөздерiн ескере отырып, алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын мәселелердi жазбаша түрде жасайды, оларды оқиды және тараптарға бередi.
      Тараптар мәселелердiң мазмұны мен жасалуы бойынша өздерiнiң ескертпелерiн айтуға және жаңа мәселелердi қою туралы ұсыныстар енгізуге құқылы.
      Алқабилер талқылау және мәселелердi құру уақытында сот отырысы залынан кетедi.
      Төрағалық етушi тараптардың ескертпелерi мен ұсыныстарын ескере отырып, судья кеңесу бөлмесiнде алқабилер қатысатын соттың шешуiне жататын мәселелердi түпкiлікті құрайды, оларды сұрақ парағына енгiзедi және оған қол қояды.
      Сұрақ парағы алқабилер мен тараптар қатысып отырған кезде дауыстап оқылады.

      566-бап. Алқабилерi қатысатын соттың шешуiне жататын
               мәселелердiң мазмұны

      1. Сотталушы жасады деп айыпталатын әрекеттерiнің әрқайсысы бойынша:
      1) әрекеттің орын алғаны дәлелдендi ме;
      2) сотталушының бұл әрекеттi жасағаны дәлелдендi ме;
      3) сотталушы бұл әрекеттің жасалуына кiнәлi ме деген үш негізгi сұрақ қойылады.
      2. Сотталушының кiнәлігі туралы негiзгi сұрақтан кейiн кiнәлiлiк дәрежесiн арттыратын немесе төмендететiн не оның сипатын өзгертетiн, сотталушыны жауапкершіліктен босатуға әкеп соқтыратын осындай мән-жайлар туралы жеке сұрақтар қойылады. Қажет болған жағдайда, қылмыстық ниеттің аяқталу дәрежесi, әрекеттің аяқталуына қандай себептердiң болғандығы, сотталушылардың әрқайысысының қылмыс жасауға бiрге қатысудағы дәрежесi мен сипаты туралы жеке сұрақтар қойылады. Егер бұл оның қорғау құқығын бұзбаса, кішігірiм ауыр қылмыс жасағанда сотталушының кiнәсiн анықтауға мүмкiндiк беретін сұрақтар қоюға жол берiледi.
      Шешуге жататын мәселелер әрбiр сотталушыға қатысты жеке қойылады.

      567-бап. Төрелiк етушiнің тiлек сөзi

      Судьялар мен алқабилер кеңесу бөлмесiне кетер алдында төрелiк етушi алқабилерге тiлек сөзiмен жүгiнедi.
      Тiлек сөзiн айтар кезде төрелiк етушiге қандай да бiр нысанда алқабилер және судьялар алқасының алдына қойылған мәселелер бойынша өз пiкiрiн айтуға тыйым салынады.
      Төрелiк етушi тiлек сөзiнде:
      1) айыптаудың мазмұнын келтiредi;
      2) сотталушы кiнәлi болып отырған, жасалған iс-әрекеттiң жауапкершілігiн қарастыратын, қылмыстық заңның мазмұнын хабарлайды;
      3) сотталушы айыбын ашатын және оны ақтайтын, сонымен қатар бұл дәлелдемеге өзiнiң қатысын айтпай және одан қорытынды шығармай, сотта зерттелген дәлелдемелер туралы еске салады;
      4) мемлекеттік айыптаушының және қорғаушының көзқарасын баяндайды;
      5) алқабилерге дәлелдемелердi олардың жиынтығында бағалаудың ережесiн; кiнәсiздiк презумпциясы қағидатының мәнiн; жойылмаған күдiктердi соттаушының пайдасына талқылау туралы ереженi; олардың ұйғарымы тек сот отырысында тiкелей зерттелген дәлелдемелерге ғана негізделе алады, олар үшiн ешқандай дәлелдеменiң алдын ала белгiлеген күші жоқ, олардың қорытындылары тек жобалауға, сондай-ақ сот жарамайды деп тапқан дәлелдемелерге ғана сүйене алады;
      6) алқабилер алқасының назарын сотталушының жауап беруден бас тартуы немесе оның сотта түк айтпауы заңды мағынаға ие болмайтынына және сотталушының кiнәлілігінің дәлелi ретінде талқылана алмайтындығына аударады;
      7) кеңесу, негізгі мәселелер жөніндегі бюллетендердi толтыру тәртiбiн, ұйғарым қабылданғаннан кейiн жаза тағайындау мәселелерi бойынша жалпы дауыс беру тәртiбiн түсiндiредi.
      Тараптар сот отырысында төрелiк етушінiң тiлек сөзiнiң мазмұнына байланысты сот отырысының хаттамасына енгізуге жататын олардың объективтiлiк қағидатын бұзу себебi бойынша қарсылық бiлдiруге құқылы.

      568-бап. Алқабилер кеңесiнiң құпиясы

      Жарыссөздер аяқталған соң судьялар және негізгі алқабилер үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi.
      Судьялар мен алқабилерден басқа, кеңесу бөлмесiнде өзге адамдардың болуына жол берiлмейдi. Жұмыс уақытының аяқталуы бойынша, сондай-ақ жұмыс күнi iшiнде төрағалық етушi кеңесу бөлмесiнен сыртқа шыға отырып, демалу үшiн үзіліс жасауға құқылы.

      569-бап. Кеңесу бөлмесiнде кеңесу мен дауыс берудi жүргізу
               тәртiбi

      Төрағалық етушi судьялар мен алқабилер кеңесiне басшылық етедi, шешiлуге жататын мәселелердi талқылауға кезекпен қояды, жауап беру бойынша дауыс берудi және дауыстардың есебiн жүргізедi.
      Кеңесу бөлмесiнде алқабилер төрағалық етушiден қойылған мәселелерге байланысты оларда туындаған түсiнбеушіліктер бойынша түсiніктемелер алуға құқылы.
      Негізгі мәселелер бойынша дауыс беру жазбаша жүргізiледi. Судьялар мен алқабилер дауыс беру кезiнде қалыс қалуға құқықтары жоқ. Судьялар мен алқабилердiң дауыстары тең.
      Судьялар мен алқабилер сотталушылардың саны бойынша дауыс беруге арналған "Өзiмнiң ар-намысым, ар-ожданым бойынша және ішкі сенiмiм бойынша осы түйiндi..." деген сөздер жазылған, соттың бұрыштамасы қойылған таза бюллетеньдi алады. Олардың әрқайсысы құпияны қамтамасыз ете отырып, бюллетенге сұрақ парағында қойылған және шешiлуге жататын сұрақтардың әрқайсысына жауап жазады. Сұрақ парағында қойылған тәртiп бойынша сұрақтарға жауап "ия" дәлелдi немесе "жоқ" терiс деген мiндетті түрде түсiндiрме сөзбен немесе жауаптың мәнiн ашатын ("ия, дәлелдендi", "жоқ, дәлелденген жоқ", "ия, кiнәлi", "жоқ, кiнәсiз") деген сөз тiркестерiмен жазылады. Судьялар мен алқабилер төрағалық етушi өздерінің бюллетеньдерiн дауыс беруге арналған жәшікке салады.
      Дауыс беру аяқталғаннан кейiн төрағалық етушi алқабилердiң қатысуымен жәшiктi ашады және әрбiр бюллетеньдегі дауыстарды санайды, тез арада сұрақ парағында көрсетiлген негізгі үш сұрақтардың әрқайсының тұсына жазады.
      Алқабилер мен судьялардың жауаптары бар бюллетеньдер қылмыстық iстер сақталатын конвертке салынып, желiмделедi.
      Егер алдыңғы сұраққа берiлген жауап кейiнгi сұраққа жауап берудi қажет етпесе, төрағалық етуші судья алқабилердiң көпшiлігiнiң келiсiмiмен сол кейiнгi сұрақтың тұсына "жауабы жоқ" деген сөздердi жазады.
      Егер осы Кодекстiң 566-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген үш сұрақтың әрқайсысына берiлген нақтылы жауапқа дауыс берушілердiң көпшiлiгі дауыс берсе, айыптау үкiмi қабылданған болып саналады.
      Егер қойылған сұрақтың кез келгенiне терiс жауап үшiн дауыс берушілердiң алты және одан да көпшiлiгi дауыс берген болса, ақтау үкiмi қабылданған болып саналады.
      Егер сотталушының кiнәлігі туралы мәселе оң шешiлсе, онда судьялар бұл әрекет қылмыс болып табыла ма және ол нақ қандай қылмыстық заңда көзделгені (бабы, бөлiгi, тармағы) туралы мәселенi шешедi, сондай-ақ осы әрекеттер үшiн қандай жаза тағайындау шарасы көзделгенін алқабилерге түсiндiредi.
      Алқабилердiң қатысуымен сот әрекетi бiлiктiлiгi мәселесiн судьялар шешкеннен кейiн осы Кодекстiң 371-бабы бiрiншi бөлігінiң 5-8 және 14-тармақтарында көзделген мәселелер шешiмi ашық дауыс беру арқылы қабылданатын мәселелердi үзiліссiз шешедi.
      15 жылдан астам бас бостандығынан айыру түрiндегі жаза, егер осындай шешiмге дауыс берушiлердiң сегiзi және одан да көпшілiгi дауыс берсе, тағайындалуы мүмкiн.
      Айрықша жаза тағайындау - өлiм жазасы судьялар мен алқабилерi бiр ауыздан шешiм шығарған кезде ғана тағайындалуы мүмкiн.
      Судьялар мен алқабилердiң жауаптары бар сұрақ парағына төрағалық етуші судья мен "1" нөмiрін алқабиi қол қояды.

      570-бап. Алқабилер қатысуымен соттың қабылдайтын
               шешімдерінің түрлерi

      1. Алқабилерінің қатысуымен сотта iстi талқылау мына шешімдердің бiрiн қабылдаумен:
      1) осы Кодекстің 324-бабында көзделген жағдайларда iстi қысқарту туралы қаулысымен;
      2) алқабилерi қатысатын осы Кодекстiң 566-бабының бiрiншi бөлiгінде көрсетiлген негiзгі үш сұрақтың ең болмаса бiреуiне терiс жауап берген жағдайда, ақтау үкiмiмен;
      3) осы Кодекстiң 375-бабы екiншi бөлігіне сәйкес айыптау үкiмiмен аяқталады.

      571-бап. Үкiм шығару қаулысы

      Үкiмдi осы Кодекстің 44-тарауында белгiленген тәртiппен төрағалық етушi мынадай ерекшелiктермен шығарылады:
      1) үкiмнiң кiрiспе бөлiмiнде екiнші судьяның және алқабилерiнiң тегі көрсетiлмейдi;
      2) ақтау үкiмiнiң сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде сот алқабилерiнiң қатысуымен ақтау үкiмi шығарылған айыптаудың мәнi жазылады және үкiмге не мемлекеттік айыптаушының айыптаудан бас тартуына сiлтеме қамтылады;
      3) айыптау үкiмiнiң сипаттамалы-дәлелдi бөлігінде жасауда сотталушы кiнәлi деп танылған қылмыстық әрекеттің сипаттамасы, жасаған әрекеттiң саралануы, жаза тағайындау себептерi және азаматтық талап арызға қатысты сот шешімiнiң негіздемесi қамтылуы тиiс;
      4) үкiмнiң қорытынды бөлігінде апелляциялық сатыда үкiмге шағымдану және наразылық бiлдiру тәртiбiне түсiнiк қамтылады.
      Үкiмге iс бойынша төрағалық етушi қол қояды.

      572-бап. Сотталушының есiнің кiресiлi-шығасылы екендiгінiң
               анықталуына байланысты қылмыстық істі қарауды
               тоқтату

      Алқабилерi қатысатын соттың істі талқылау барысында сотталушы өзiнiң психикалық жағдайы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкiн емес не оны өз iс-әрекетіне есеп беруге немесе оларға басшылық ету мүмкiндiгінен айырған, сот-психиатриялық сараптамасының тиiстi қорытындысымен расталатын жан күйзелiсi ауруына шалдығуы ықтимал деп санауға негiз болатын мән-жайлар анықталған жағдайда, төрағалық етушi судья алқабилердiң қатысуымен істі қарауды тоқтату туралы қаулы шығарады және оны осы Кодекстің 12-бөлігiнде көзделген тәртiппен соттың қарауы үшiн жiбередi.
      Алқабилердiң қатысуымен істі қарауды тоқтату туралы судьялар алқасының қаулысы және оны осы Кодексте көзделген жалпы тәртiппен қарау үшiн жiберуi түпкілікті болып табылады және апелляциялық тәртіпте шағымдануға, наразылық келтiруге жатпайды.

      573-бап. Сот отырысының хаттама жүргізу ерекшелiктерi

      Сот отырысының хаттамасы осы Кодекстің 328-бабының талаптарына сәйкес осы бапта көзделген ерекшелiктермен жүргізiледi.
      Хаттамада сот отырысына шақырылған алқабилерге кандидаттар құрамы және алқабилер алқасын құру барысы мiндетті түрде көрсетiледi.
      Төрағалық етушiнiң тiлек сөзi сот отырысының хаттамасына жазылады немесе оның мәтiнi қылмыстық iс материалдарына тiркеледi, бұл туралы хаттамада көрсетіледi.
      Сот отырысының хаттамасы сот iс қарауының барысын толығымен, оның өтуiнiң дұрыстығын куәландыратындай көрсетуi тиiс.

      61-тарау. Апелляциялық сатыдағы сотта iс жүргiзудiң
                ерекшелiктерi

      574-бап. Алқабилер қатысуымен сот шығарған заңды күшіне
               енбеген үкiмдер мен қаулыларға шағым, наразылық
               келтiру

      Алқабилер қатысқан соттың заңды күшіне енбеген үкiмдерi мен қаулыларына шағым, наразылық келтiру тәртiбi осы тарауда белгiленген ерекшелiктермен осы Кодекстiң 8-бөлігінде көзделген ережелермен айқындалады.
      Алқабилерi қатысқан соттың үкiмдерi, төрағалық етушiнің iстi тоқтату туралы қаулылары, сондай-ақ алдын ала тыңдау нәтижелерi бойынша шығарылған осы Кодекстің 229-бабының 2 және 5-бөліктерiнде көрсетілген төрағалық етушінiң қаулыларына апелляциялық тәртiпте шағым және наразылық келтiрiлуi мүмкiн. Төрағалық етуші шығарған басқа қаулыларға шағым және наразылық келтiруге жатпайды.

      575-бап. Алқабилерi қатысуымен сотта қаралған iстердi
               апелляциялық сатыда iс жүргізу ерекшелiктерi

      1. Апелляциялық сатыда сот шешiмдерiн бұзу немесе өзгерту үшiн мыналар:
      1) істі елеулi шешу үшiн маңызы болуы мүмкiн жол берiлетiн, дәлелдемелердi талқылаудан негізсiз алып тастаудан;
      2) істі елеулi шешу үшiн маңызы болуы мүмкiн дәлелдемелердi зерттеуде тараптардың негiзсiз бас тартуы;
      3) егер бұл iстің шешiлуi үшiн әсер етсе, жол берiлмейтiн дәлелдемелердi сот отырысында зерттеулерi;
      4) осы Кодекстің 414-бабы 3-бөлігінде көрсетiлген қылмыстық iс жүргізу заңының өрескел бұзылуы.
      2. Апелляциялық саты сотталушыға жеңiлірек қылмыс туралы қылмыстық заң қолдануға және жасаған әрекетті саралауды өзгертуге сәйкес жазаны төмендетуге құқылы. Бұл орайда, апелляциялық заң неғұрлым ауыр қылмыс немесе тағайындалған жазаны ауырлату туралы қылмыстық заң қолдануға құқығы жоқ.
      3. Алқабилерi қатысқан соттың ақтау үкiмi дәлелдемелердi ұсынуға прокурордың, жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлдігінiң құқығын шектейтiн қылмыстық iс жүргiзу заңдары бұзылған жағдайлардан басқа, апелляциялық сатыда бұзылуы мүмкiн емес.

      62-тарау. Қадағалау сатысында сотта iс жүргiзу ерекшелiктерi

      576-бап. Заңды күшiне енген алқабилерi қатысқан соттың
               үкiмдерi мен қаулыларын қадағалау тәртiбiнде қайта
               қарау

      Қадағалау сатысында заңды күшiне енген алқабилерi қатысқан соттың үкiмдерi мен қаулылары туралы iстер бойынша iс жүргізу осы Кодекстiң 459-бабы бiрiншi және екiншi бөліктерiнiң 1, 3, 4, 6-тармақтарында көзделген негiздер бойынша мүмкiн.

      577-бап. Қадағалау тәртiпте алқабилерi қатысқан соттың
               шешiмiн қайта қарау кезiнде сотталушының жағдайын
               нашарлатуға жол бермеу

      Айыптау үкiмдi қадағалау тәртiпте, сондай-ақ неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану қажеттiлігіне байланысты сот қаулысын қайта қарау, жазаның жұмсақтығына және сотталушының жағдайын нашарлатуға әкеп соқтыруға байланысты, сондай-ақ ақтау үкiмiн немесе қылмыстық iстi қысқарту туралы сот қаулысын қайта қарауға жол берiлмейдi.".

      3. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі Азаматтық iс жүргізу  кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 18, 644-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 10, 244-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 21-22, 281-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 10, 49-құжат; N 14, 109-құжат; N 15, 138-құжат; 2004 ж., N 5, 25-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 140-құжат; N 24, 153-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат):
      мынадай мазмұндағы 25-1-тараумен толықтырылсын:

      "25-1-тарау. Алқаби ретiнде қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуда азаматтардың құқықтарын бұзған жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерiн, әрекеттерiн (әрекетсiздігін) даулау туралы өтiнiштер бойынша іс жүргізу

      274-1-бап. Арыз беру

      Жергілiкті атқарушы органдардың шешiмдерiмен, әрекеттерiмен (әрекетсiздiгiмен) алқаби ретiнде қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысу үшiн iрiктеу рәсiмiне қатысуда азаматтардың құқықтары бұзылды деп есептеген азамат осы Кодекстiң 3-тарауында белгiленген соттылығы бойынша сотқа арыз беруге құқылы.
      Арыз алқабилер туралы заңға сәйкес алқабилерге кандидаттардың алғашқы тізiмдерiмен азаматтарды таныстыру мерзiмi аяқталған сәттен бастап жеті күн мерзiм iшiнде сотқа берiлуi мүмкiн.

      274-2-бап. Арызды қарау

      1. Осы Кодекстің 274-1-бабында белгіленген мерзiмде келiп түскен арыз екi күндiк мерзiмде, ал осы мерзiм аяқталар күнi түскен арыз - дереу қаралуға тиiс.
      2. Cот арызды арыз иесiнiң, тиiстi жергiлiктi атқарушы органның өкiлiнiң қатысуымен қарайды. Сотқа сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабарланған, көрсетiлген адамдардың келмей қалуы iстi қарау және шешу үшін кедергi болмайды.

      274-3-бап. Арыз бойынша сот шешімi және оның орындалуы

      1. Алқаби ретінде қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысу үшін іріктеу рәсіміне қатысуда азаматтардың құқығы бұзылуын анықтаған сот шешімі алқабилерге кандидаттардың алғашқы тiзiмдерiне түзетулер енгiзу үшін негiз болып табылады.
      2. Сот шешiмi тиiсті жергілікті атқарушы органға жiберiледi. Сот шешiмiн орындамауға кiнәлi лауазымды адамдар заңда белгiленген жауапкершiлiкті көтередi.".

      4. Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы  кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 5-6, 24-құжат; N 17-18, 241-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 33-құжат; N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 1-2, 3-құжат; N 4, 25-құжат; N 5, 30-құжат; N 11, 56, 64, 68-құжаттар; N 14, 109-құжат; N 15, 122, 139-құжат; N 18, 142-құжат; N 23, 171-құжат; 2004 ж., N 6, 42-құжат; N 10, 55-құжат; N 15, 86-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 139, 140-құжаттар; N 24, 153-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат; 2005 жылғы 21 cәуірдегі "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актілерiне  мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 cәуірдегі  Заңы ; 2005 жылғы 11 мамырдағы "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актілерiне инвестициялар мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 4 мамырдағы  Заңы ):
      мынадай мазмұндағы 514-1, 514-2, 514-3, 514-4-баптармен толықтырылсын:

      "514-1-бап. Алқабилер мiндеттерiн орындау үшін сотқа келмеу

      Азаматтың алқаби міндетін орындау үшін сотқа шақыру бойынша дәлелдi себептерсiз келмеуi, -
      азаматтарға ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштің онға дейiнгі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.

      514-2-бап. Алқабилердiң тiзiмдерiн жасау үшін ақпараттарды
                 ұсынбау

      Алқабилердің тiзiмдерiн жасау үшiн жергiлiктi атқарушы органдарға қажетті ақпараттарды ұсынбау, сондай-ақ жалған ақпараттар ұсыну, -
      азаматтарға ескерту жасауға немесе он айлық есептiк көрсеткішке дейiнгi мөлшерде, лауазымды адамдарға оннан он бес айлық есептiк көрсеткішке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.

      514-3-бап. Азаматқа алқаби мiндеттерiн орындауға кедергі
                 келтiру

      Лауазымды адамның азаматқа алқаби мiндеттерiн орындауға кедергi келтiруi, -
      лауазымды адамға ескерту жасауға немесе оннан он бес айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.

      514-3-бап. Сот талқылауында iстi қарауға байланысты
                 алқабилердiң әрекеттерiндегі шектеулердi сақтамау

      1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген сот талқылауында iсті қарауға байланысты алқабилердiң әрекеттерiндегi шектеулердi сақтамау, -
      азаматқа жиырма айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
      2. Алқабидi істі одан әрi қарауға қатысудан босатуға әкеп соқтырған нақ сол iс-әрекеттер, -
      азаматқа екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.";
      636-баптың бiрiншi бөлiгi мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
      "4) облыстардың (астана, республикалық маңызы бар қалалар) әкiмдерi уәкiлеттiк берген лауазымды адамдар (514-2-бап).".

       2-бап. Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады