Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Бiрiккен Корольдiгiнiң Үкiметi арасындағы Энергетика саласындағы өзара түсiнiстiк туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрi Владимир Сергеевич Школьникке Қазақстан Республикасының Yкiметi атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Бiрiккен Корольдігінiң Yкiметі арасындағы Энергетика саласындағы өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа eнгізiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКIМЕТI
МЕН
ҰЛЫБРИТАНИЯ ЖӘНЕ СОЛТҮСТIК ИРЛАНДИЯ БІРIККЕН
КОРОЛЬДIГIНІҢ ҮКIМЕТI АРАСЫНДАҒЫ
ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДАҒЫ
ӨЗАРА ТҮСIНIСТIК ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМ
Осы жерде және бұдан әрi "Қатысушылар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi (Қазақстан) және Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Бiрiккен Корольдiгiнiң Үкiметі (Ұлыбритания) Қатысушылар арасындағы қатынастардағы энергетиканың басты рөлiн және оның ғаламдық тұрақтылықты қолдаудағы және экономикалық өсудi, әлеуметтiк даму мен экологиялық орнықтылықты қамтамасыз етудегi маңызды рөлін мойындай отырып, энергетика саласындағы екiжақты байланыстарды кеңейтудi қалай отырып, мынадай уағдаластыққа қол жеткiздi:
1. Ынтымақтастық мақсаттары
Қатысушылар ортақ мүдделер мен өзара пайда негізiнде, өздерiнiң өкiлеттіктерi мен мүмкiндiктерiнiң шегiнде әрекет ете отырып, өз мемлекеттерiнiң заңнамаларына сәйкес осы Меморандумның 2-параграфында айтылған мәселелер бойынша консультациялар өткiзуге және ынтымақтасуға ықпал етедi.
2. Ынтымақтастық салалары
Осы Меморандумның 1 параграфының ережелерін iске асыру мақсатында Қатысушылар ынтымақтастықты мынадай салаларда жүзеге асырады, мысалы:
1) энергия өндiрушi мемлекеттер мен тұтынушы мемлекеттер арасындағы энергетика саласындағы өзара түсiнiстіктi жақсарту;
2) халықаралық энергия рыногтарының тұрақсыздығын азайту;
3) қолданыстағы заңнаманың шеңберiнде сауда-шаруашылық қызметтi жүргiзу үшiн жағдайды жақсарту, оның iшінде: инвестициялық жағдайды жақсарту, мұнай-газ өнеркәсiбiн басқаруды және оның ашықтығын дамытуды жақсарту және жергiлiкті әлеуетті дамыту;
4) барлық қол жетімдi әдiстермен дәстүрлi және жаңа энергия көздерiн пайдалануда ұзақ мерзiмдiк экологиялық тұрақтылыққа бiрлесіп қол жеткiзу;
5) iскерлiк әріптестiкті кеңейту және мұнай-химия, газды кәдеге жарату, ілеспе инфрақұрылымды және сабақтас салаларды, инновациялық технологияларды, ғылымды жетілдiру, білім және біліктiліктi арттыру саласындағы ынтымақтастықты қоса алғанда, екi мемлекет өнеркәсiбiнiң энергетикалық салаларының арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу;
6) энергия көздерiнiң және халықаралық рыногқа тасымалдау бағыттарының неғұрлым кең әртүрлiлiгiне қол жеткiзу;
7) мұнай мен газды барлау мен өндiрудi реттеу және оларға салық салу саласында ақпарат әрi тәжiрибе алмасу;
8) энергия үнемдеу, энергия пайдалану тиiмдiлігі, жаңартылатын энергия көздерi мен жаңа, тиiмдi және экологиялық таза технологияларды пайдалану саласындағы екiжақты әрiптестiкті одан әрi дамыту.
3. Yйлестiрушi органдар
1) Қатысушылардың ынтымақтастық және консультацияларды жүргiзу жөнiндегi үйлестірушi органдары:
Қазақстан тарабынан - Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi;
Ұлыбритания тарабынан - Сыртқы iстер және Достастық iстерi жөнiндегi министрлiк;
2) үйлестiрушi органдар осы Меморандумның 2-параграфында санамаланған ынтымақтастық мәселелерi шеңберiндегi қызмет пен прогресс бейнеленетін жыл сайынғы есептi дайындау және келiсу үшiн жауапты;
3) үйлестірушi органдардың ресми атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Қатысушылар дипломатиялық арналар арқылы бiр-бiрiне уақтылы хабарлайды.
4. Меморандумды iске асыру
1) жүргiзілетін қызметтің басымдығы мен нақты мазмұны үйлестiрушi органдармен келiсіледi,
2) ақпарат алмасу Қатысушылардың қолданыстағы заңнамаларының шеңберiнде жүзеге асырылады;
3) жүргiзiлетiн ынтымақтастық шеңберiнде тақырыптар бойынша консультация беру үшін мамандар шақырылуы мүмкiн.
5. Iске асыру жөнiндегі шығыстар
Әрбiр Қатысушы осы Меморандумға сәйкес жүргiзілетiн қызметке байланысты қандай да болмасын шығыстарды жеке көтередi.
6. Толықтырулар
Қатысушылардың өзара келiсуi бойынша қажет болған жағдайда осы Меморандумға қосымшалар түрдегi өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлуi мүмкін. Қосымшалар осы Меморандумның ажырамас бөлiгiн құрайтын жеке меморандуммен ресiмделедi.
7. Қорытынды ережелер
1) осы Меморандум қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және Қатысушылардың бiрi басқа Қатысушыдан Меморандумның қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарлама алған күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады;
2) осы Меморандум Қатысушылар тараптары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен мiндеттемелердi қозғамайды;
3) осы Меморандумды түсiндiруге немесе қолдануға байланысты кез келген даулар мен келiспеушiлiктер Қатысушылардың арасындағы келiссөздер жолымен ғана шешiледi.
2005 жылғы "___" ____________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi түпнұсқалық данада қол қойылды. Осы Меморандумның ережелерiн түсiндiру кезiнде даулар мен келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Қатысушылар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және
Yкiметi үшiн Солтүстiк Ирландия
Бiрiккен Корольдігінiң
Үкiметi үшiн