"Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 1 тамыздағы N 799 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТIНIҢ
ЖАРЛЫҒЫ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын
қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi
перспективаға арналған тұжырымдамасы туралы

       ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған тұжырымдамасы мақұлдансын.
      2. Осы Жарлық 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы   
Президентiнiң       
2005 жылғы "__"_______   
N_____ Жарлығымен     
мақұлданған        

  Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын
қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi
перспективаға арналған тұжырымдамасы

  1. Кiрiспе

      Бүгiнгі таңда қазақстан экономикасының жай-күйi тұтастай алғанда елеулi дәрежеде табиғи ресурстар секторындағы ахуалмен анықталады. Республикалық бюджет түсiмдерiнiң табиғи ресурстарға қазіргi елеулi тәуелділігі мемлекет алдына Қазақстанның болашағына байланысты бiрқатар мәселелердi қояды. Бiрiншiден, бұл бiздiң табиғи байлықтарымызды олардың орны толмауына байланысты пайдалануды дұрыс жоспарлау мәселесi. Екiншiден, бұл мемлекеттiк кiрiстер мен шығыстар көлемiнiң табиғи ресурстарға деген әлемдiк бағаның күрт әрi алдын ала болжанбаған секiруiне тәуелділігін төмендету мәселесi.
      Осы мәселелердi шешу үшiн "Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 23 тамыздағы  Жарлығымен  Ұлттық қор құрылды.
      Бюджет түсiмдерінің елеулi бөлiгі табиғи ресурстардың экспортынан түскен түсiмдердiң есебiнен қалыптасатын қолайсыз конъюнктура жылдарындағы кiрiстер мен шығыстардың ауытқуын реттеуге арналған тұрақтандыру қорлары мен болашақ ұрпақ қорлары басқа да елдерде жұмыс iстейдi. Ұлттық қорды құру-кезiнде осы шетелдiк тәжiрибе пайдаланылды.
      2000 жылдан бастап әлемдiк қаржы рыногындағы қолайлы конъюнктураға байланысты Қазақстанда республикалық бюджетке табиғи ресурстарды өндiруге байланысты төлемдердiң түсiмi айтарлықтай артты. Сонымен қатар, көмiрсутегін қазақстандық экспорттаушылардың экспорттық түсiмдерінің арта түсiп отырған мөлшерi теңгенi айырбастау бағамына, сондай-ақ инфляцияға да қысымды күшейтедi. Бұл өз кезегiнде отандық тауар өндiрушілер өнiмдерiнiң бағалық бәсекеге қабілеттілiгін төмендетуге әкеп соқтырады және отандық өндiрушілердiң қаржылық нәтижелерiне қолайсыз әсер етеді.
      Қазіргі уақытта әлемде тұрақтандыру немесе жинақтау қорлары бар онға тарта ел бар. Мұндай қорлардың қаражаты конъюнктураның ауытқуы нәтижесiнде болатын қолайсыз кезеңдерде немесе табиғи қазба толық сарқылғаннан кейiн бюджет шығыстарын қолдауға, сыртқы борышты өтеуге және басқа мақсаттарға пайдаланылуы мүмкiн. Экспорттың шикiзатқа мамандануы орын алған бiрқатар мемлекеттердiң тәжiрибесi бюджеттерi әлемдiк конъюнктураның ықпалына түсiп қалуға бейiм елдер үкiметтерiнiң тұрақтандыру және жинақтау мақсаттарына уақытша басы артық түсiмдердi жинақтау үшiн шикiзатқа бағаның қымбаттаған кезеңiн пайдаланып қалу мүмкiндiгi бар екенiн көрсеттi.
      Мұндай қорларды құрудың жағымды жақтары:
      конъюнктураға тәуелдi табиғи ресурстар секторынан республикалық бюджетке түсетiн түсiмдер мен республикалық бюджет шығыстары арасындағы өзара байланысты барынша азайту;
      мемлекеттiң қолайсыз конъюнктура кезеңдерiнде қаржылық мiндеттемелерiн қолдау үшiн жақсы конъюнктура кезеңдерiне қаражат жинақтау;
      болашақ ұрпақтың мұқтажын қамтамасыз ету үшiн орны толмас табиғи ресурстарды сатудан түскен қаражатты жинақтау;
      валютаның басы артық ағылуынан туатын монетарлық өлшемдерге жасалатын шамадан тыс қысымды болдырмау үшiн ақша массасын ақтау болып табылады.

  2. Ұлттық қордың негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi

      Республикалық бюджеттiң әлемдiк баға конъюнктурасына тәуелдiлiгін төмендету - тұрақтандыру функциясы Ұлттық қордың негiзгi мақсаттары болып табылады. Сол сияқты, Ұлттық қор болашақ ұрпаққа қор жинауды қалыптастыру арқылы жинақтау функциясын да атқарады.
      Ұлттық қордың мiндеттерiне экономикадан басы артық мұнай долларын шығару және теңге бағамына және инфляцияға қысымды тежеу арқылы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жатады.
      Жинақтау мен пайдалану транспарентті болуы тиiс, мұның өзi қойылған мақсаттарға қол жеткiзу кезiнде Ұлттық қордың ойдағыдай жұмыс iстеуiнiң кепiлi болып табылады.

  3. Қазiргі жай-күйдi талдау

      Бүгiнгi таңда Ұлттық қорға қор жинақтауды қалыптастырудың және оның активтерiн басқарудың қолданыстағы тетiгіндегi негiзгі проблемалар мыналар болып табылады:
      шикiзат секторы ұйымдарынан алынатын салық бойынша республикалық бюджеттi жоспарлау кезiнде бағаларды анықтау тетiгi көп жағдайда нақты көрiнiстi көрсетпейдi. Болжамданған "базалық" баға (баррель үшiн 19 АҚШ доллары) республикалық бюджетте қалдырылатын және Ұлттық қорға жiберiлетiн шикiзат секторының салықтарын оңтайлы бөлiнуiн белгiлей алмайды. Бұдан басқа, "базалық" бағаны ескере отырып есептелген республикалық бюджетке есептеулердiң мөлшерi сату көлемiн өзгертуге;
      амортизациялық аударымдарға және салық салынатын пайдаға әсер ететiн өзге де жағдайларға қарай өзгеруi мүмкiн. Осыған байланысты республикалық бюджеттiң мұнай түсiмдерiнiң жыл сайынғы мәнiне қатысты тұрақтылық жоқ;
      Ұлттық қордың жинақталуын қалыптастырудың төзiмдi әдiснамасының болмауы.
      Үкiмет Ұлттық қорды қалыптастыратын шикiзат секторы ұйымдарының тiзбесiн бекiттi, ол кәсiпорындарды осы тiзбеге енгiзуге және одан шығаруға байланысты бiрнеше рет өзгерiстерге де ұшырады. Бұл факт Ұлттық қорға аударылатын түсiмдер мөлшерiн айқындаудың тұрақсыз екендiгiн айғақтайды. Бұл ретте, тiзбе о баста да және қазiрде де мұнай секторының барлық кәсiпорындарын қамтымайды. Республикалық бюджеттi жоспарлау және атқару кезiнде салық кiрiс бөлiгiне кәсiпорындардың бiрi бойынша базалық орта бағаға негiзделе отырып, тiзбеге енгiзілмеген басқа кәсіпорындар бойынша iс жүзiнде қалыптасқан баға бойынша түседi.
      Ұлттық қордың жұмыс iстеудегi жоғарыда көрсетiлген проблемаларын шешу қажеттілiгiн ескере отырып, жиналымдарын қалыптастырудың одан әрi оңтайлы жолын және оның активтерiн басқарудың тиiмдi әдiстерiн айқындау қажет етіледi.

  4. Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және
оны пайдалану қағидаттары

      1. Ұлттық қор қаражатын жинақтау
      Әлемдiк тәжiрибенi талдау жиналымдар үшiн қандай да бiр белгіленген шек болмайтынын көрсеттi және көптеген елдер бiршама жинақтарға қол жеткiзе отырып, жинақтау саясатын жалғастыруда. Мәселен, Норвегияда Қор активтерiнiң деңгейi елдiң ЖIӨ-нiң жартысынан асады, ал Аляскада - штаттың бүкiл ЖIӨ-сiн, Кувейтте ЖIӨ-нiң үш жарым бөлiгiн, Оманда - ЖIӨ-нің бестен бiр бөлiгiн құрайды. Қазақстанда 3 жыл iшiнде Ұлттық қорда ЖIӨ-нiң шамамен 12%-ы жинақталды.
      Ұлттық қорда жоғары конъюнктура тудыратын қосымша түсiмдер шоғырланғандықтан, Ұлттық Қордың ең үлкен мөлшерi шектелмейдi. Оның үстiне Ұлттық қордың жинақтаушы қызметiн атқару үшiн төмендетілмейтiн қалдық оның мөлшерi халықтың жан басына есептелген, заңнамалық актілермен анықталатын белгілi бiр шамадан төмен емес осындай деңгейде белгiленедi. Бұл ретте осы шама Ұлттық қорда қаражаттың жинақталуына қарай арту жағына түзетiлетiн болады.
      Сол сияқты Ұлттық қордың қалыптасуы көлемi жағынан бiржолғы (республикалық меншiктегi және кен өндiру мен ұқсату салаларындағы мемлекеттік мүлiктi жекешелендiру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сату) не тұрақты емес (мұнай секторының түсiмдерi) түсiмдермен сипатталатын түсiмдер көзi есебiнен жүзеге асырылуы тиiс, олар едәуiр аралықта ауытқуы және Қазақстанның бюджет саясатына елеулi ықпал жасауы мүмкiн.
      Осылайша, Ұлттық қорды қалыптастырудың негiзгі көздерi мыналар болып табылады деп болжанады:
      мұнай секторынан түсетiн тiкелей салықтар (жергіліктi бюджеттерге есептелетiн салықтарды қоспағанда), оған корпорациялық табыс салығы, үстеме пайдаға салынатын салық, роятилер, бонустар, өнiмдi бөлу жөнiндегi үлес, экспортталатын мұнайға салынатын ренталық салық жатады. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мұнай секторы төлейтiн басқа да салық түрлерi тиiстi бюджеттерге есептелуге жатады. Шикi мұнай мен газ конденсатын өндiрумен және/немесе сатумен айналысатын мұнай секторына барлық заңды ұйымдар жатады;
      республикалық меншiктегi және кен өндiру мен өңдеу салаларындағы мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiруден түсетiн түсiмдер есебiнен анықталатын ресми трансферттер;
      ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сатудан түсетiн түсiмдер есебiнен белгiленетiн ресми трансферттер;
      Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де түсiмдер мен кiрiстер.
      Көрсетiлген ресми трансферттер және өзге де түсiмдер Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру көздерi ретiнде тек жинақтаушы функцияны қамтамасыз ету үшiн ғана пайдаланылуы тиiс.
      Ұлттық қор жинағын қалыптастыру үлгiсi республикалық бюджет пен Ұлттық қор арасында мұнай түсiмдерiн бөлудiң оңтайлы теңгерiмiн қамтамасыз етуi қажет. Сондай-ақ қолайсыз әлемдiк конъюнктура кезiнде мемлекеттің әлеуметтiк мiндеттемелерiн қамтамасыз ету үшiн мұнай секторының түсiм көлемiне қарамастан тұрақты деңгейде ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға арналған шығыстарды ұстап тұрудың маңызы зор. Бұл ретте, макроэкономикалық деңгейде iшкi бағаның өсуiн тоқтату және теңге бағамын ұстауға арналған Ұлттық қордың тұрақтандырушы функциясы неғұрлым тиiмдi жүзеге асырылуы тиiс.
      2. Ұлттық қор үшiн қорландыруды қалыптастырудың оңтайлы үлгiсiн таңдау
      Ұлттық қор алдында қойылған мiндеттердi тиiмдi iске асыру мақсатында әлемдiк тәжiрибенiң негiзгi жағымды сәттерiн қамтитын теңгерiмделген бюджет әдiсi әзiрлендi.
      Осы әдiске сәйкес, 4-бөлiмнiң 1-кiшi бөлiмiнде көрсетiлген түсiмдер толығымен Ұлттық қорға жiберiлетiн болады.
      Мұнай секторының кiрiстерiн есепке алмағанда республикалық бюджеттiң кiрiстерi мен шығыстары арасындағы айырмашылық ретiнде анықталатын мұнай емес тапшылық фискальдық саясат басымдылығынан шығып белгiленуi керек. Бұл жағдайда мұнай емес тапшылық ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға мұнай секторының түсiмдерi есебiнен шығыстар қаншалықты өсiп жатқандығын анықтауға мүмкiндiк беретiнiмен маңызды болып отыр.
      Техникалық тапшылық - бұл республикалық бюджеттiң мұнай емес сектордан түсетiн кiрiстерi мен ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларына арналған шығыстардың арасындағы айырмашылық.
      Бұл ретте кепiлдiк берiлген трансферт тек болашақ ұрпақ пайдаланатын жобаларды инвестициялауды көздейтiн дамудың бюджеттiк бағдарламаларына арналған шығыстарды қаржыландыруға бағытталуы керек. Осылайша, ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға арналған шығыстар экономиканың мұнай емес бөлiгiнен республикалық бюджетке аударымдар және капиталдық iшкi рыногындағы қарыз алу есебiнен қаржыландырылады, ал дамудың бюджеттiк бағдарламаларын қаржыландыру - Ұлттық қордың кепілдiк берiлген трансферт және iшiнара сыртқы қарыз алу есебiнен.
      Ұлттық қордан кепiлдiк берілген трансферт (G 0 ) тұрақты сома қосылған өткен кезеңге Ұлттық қордың активтер бөлiгi ретiнде анықталады, бұл ретте берiлген трансферт көлемi екi құрауышқа - республикалық бюджетке трансферттiң кепiлдiк берілген ең төмен деңгейiн қамтамасыз ететiн А Константасына және белгілi кезеңдегi инвестициялық кiрiстiң орташа деңгейiне сәйкес келетiн b коэффициентiне тәуелдi. А Константасы мұнай түсiмдерiнiң қай бөлiгiн жинау, ал қай бөлiгiн республикалық бюджетке жiберу керектігiн анықтайды. b коэффициенті активтердi басқарудан орташа инвестициялық кiрiстi пайдалану идеологиясын көрсетедi. Коэффициенттер үш жылдық кезеңге бекiтілуi және берiлген кезең iшiнде өзгерiстерге ұшырамауы тиiс.
      Ұлттық қордан трансферттің республикалық бюджетке мөлшерi бөлек алынған кезеңде Ұлттық қор активтерiнiң осы кезең басындағы шамасына, яғни алдыңғы жылдардағы жиналым мөлшерiне байланысты. Бұл ретте осы кезеңде Ұлттық қорға түскен түсiмдер республикалық бюджетке жiберiлетiн сомаға әсер етпейдi.
      Ұлттық қордың сарқылуынан жол бермеу мақсатында кепiлдiк берілген трансферт мөлшерi Қордың активтер бөлiгiнiң үштен бiр бөлігінен аспауы керек. Бұл ретте егер бұл Ұлттық қор активтерi төмендетiлмейтiн қалдықтан төмен түсуiне әкелсе, онда трансферттiң нақты мөлшерi Ұлттық қор активтерi көлемi мен төмендетілмеген қалдықтар арасындағы айырмашылыққа тең болады.
      Бұл Ұлттық қордан алу қарқынын төмендетуге, сондай-ақ ұзақ қолайсыз конъюнктура жағдайында бiр уақытта жеткiлiктi деңгейде бюджеттiк қажеттілiктердi қамтамасыз ете отырып, төмендетілмейтiн қалдықты сақтауды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
      Перспективада Қазақстан Республикасының Үкiметi сыртқы қарыз алуды тарту туралы шешiмдi қабылдау кезiнде Ұлттық қорда бар қаражатты есепке ала отырып, экономикалық орындылықты және сыртқы қарыз алу құнын негізге алатын болады.
      Бұл ретте МБҚ жетiмдi көлемiн ұстап тұру мақсатында iшкi мемлекеттiк қарыз алу жалғасатын болады, себебi бұл қор рыногына маңызды әсерiн тигiзедi (капитал құнының базалық салыстырмалы көрсеткiштерiн белгiлеу, мемлекеттiк емес бағалы қағаздар рыногын және туынды құралдарды дамыту).
      Кепiлдiк берiлген трансферт шегiнде мұнай түсiмдерiн пайдалану салмақталған салық саясатын жүргiзуге мүмкiндiк бередi, себебi бiрлiктердi төмендетуден таза бюджет нәтижесi көрiнетiн болады, бұл өз ретiнде мұнай секторы кәсiпорындарының кiрiстен тыс есебiнен бұрмаланған.
      Кепiлдiк берiлген трансферт формуламен шектелгендiктен және тек дамудың бюджеттiк бағдарламаларына арналған шығыстарды қаржыландыратындықтан, республикалық бюджеттiң ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларына шығыстарды көбейту экономиканың мұнай емес бөлiгi түсiмдерiнiң баламалы өсуiнсiз мүмкiн емес. Осылайша экономиканың мұнай емес секторын дамытуға ынталандыру пайда болады.
      Трансферт формуласы айқын және оңай есептелiнедi. Алайда, А абсолюттік көрсеткiшiнiң жоғары мағынасы Ұлттық қор қаражатын шамадан тыс жұмсауға төмен мағына - үлкен құбылмалылыққа әкеп соқтырады.
      3. Ұлттық қор активтерiн пайдалану
      Ұқсас қорлар қаражатын пайдаланудың әртүрлi бағыттары бар - республикалық бюджетке түсетiн тұрақтандыру трансферттерi, сыртқы борыштарды өтеу, инвестициялық кiрiстiң бөлiгiн халық арасында бөлу, экологиялық бағдарламаларды қаржыландыру және тағы басқалар.
      Сол сияқты балама ретiнде халық арасында мұнай ақшасын "бөлудiң" мүмкiндiгi қаралды. Алайда кейбiр себептерге байланысты осы көзқарас қолайсыз.
      Бiрiншiден, елге мұнай долларының артық түсiмi ақша массасының ұлғаюын әкеледi, ол инфляцияның өсуiне түрткi болады және ұлттық валютаның нығаюына әкеп соғады. Ол отандық өндiрушілердi бәсекеге қабiлетсiз етедi және бағасы арзандаған импорт өнiмiне сұранысты қайта бағдарлауға әкеп соғады. Бұл ретте, егер сатылатын секторда өспелi сұраным (тұтыну тауарлары, жабдық) импортпен қанағаттандырылатын болса, онда экономиканың iшiнде өндiрiлетiн сатылмайтын сектордың тауарлары мен қызметтерi (тұрғын үй, коммуналдық қызметтер, денсаулық сақтау) әкелiне алмайды, ол бағаның күрт өсуiне әкеп соқтырады.
      Екiншіден, мұнайдың бағасы күрт төмендеген жағдайда, мемлекет ақша қаражатының тапшылығына шыдай бередi және әлеуметтiк мiндеттемелер бойынша тиiстi деңгейде төлеуге шамасы келмейдi. Ұлттық қордың болуы Қазақстанның фискальдық тұрақтылығына ықпал етедi және Ұлттық қорда қаражатты жинақтау ұрпақтар арасында табиғи байлықты тең бөлу идеологиясына сәйкес келедi.
      Осыған байланысты Ұлттық қордың қаражаты кепiлдiк берiлген трансферттi қамтамасыз етуге және басқаруға және аудитке байланысты шығыстарды қаржыландыруға жiберiлетiн болады. Бұл ретте Ұлттық қордан мұнай емес сектордың түсiмдерiн төмендетудiң салдарынан ағымдағы бюджеттiк бағдарламалар өсiп отырған тапшылығын қаржыландыру үшiн қосымша қаражат алынуы тиiс емес.

  5. Ұлттық қор активтерiн басқару

      Ұлттық қор активтерiн сенiмдi басқаруды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi жүзеге асырады.
      Ұлттық қорды басқару кезiнде инвестициялық операциялардың негiзгi мақсаттары мыналар болып табылады:
      Ұлттық қор активтерiнiң сақталуы;
      Ұлттық қор активтерi өтiмдiлiгiнiң жеткiлiктi деңгейiн ұстау;
      тәуекелдiң бейтарап деңгейiнде ұзақ мерзiмдi перспективада Ұлттық қор активтерi кiрiстiлiгiнiң жеткiлiктi жоғары деңгейiн қамтамасыз ету.
      Ұзақ мерзiмдi перспективада Ұлттық қор активтерi кiрiстiлiгiнiң жеткілiкті жоғары деңгейiн қамтамасыз ету кiрiстiлiктiң қысқа мерзiмдi ауытқуын көздейдi.
      Жоғарыда санамаланған мақсаттарды орындау үшiн Ұлттық қор активтерi тұрақтандыру және жинақтау қоржындарына бөлiнедi. Тұрақтандыру қоржыны Ұлттық қор активтерi өтiмдiлiгiнiң жеткiлiктi деңгейiн ұстау үшiн қажет. Жинақтау қоржынының негiзгi нысаналы мақсаты тәуекелдiң шектi деңгейiнде ұзақ мерзiмдi перспективада Ұлттық қор активтерi кiрiстілiгiнiң жеткiлiктi жоғары деңгейiн қамтамасыз ету. Өз кезегiнде жинақтау қоржыны тiркелген кiрiсi бар бағалы қағаздар қосалқы қоржыны - 75% және акциялар қосалқы қоржыны - 25% болып бөлiнедi.
      Тұрақтандыру қоржыны ағымдағы жылға бекiтiлген кепiлдiк берiлген трансферт сомасының шеңберiнде анықталуы тиiс.
      Ұлттық қор үшiн "индекстiк басқару" қағидаты пайдаланылады. Индекстiк басқару, сондай-ақ "дәстүрлi" деп аталатын эталондық қоржынға сәйкес келетiн үйлесiмде әр түрлi қаржылық құралдар қоржынын қалыптастыруда жасалады. Осы эталон индекс деп аталады. Басқару нәтижелерi (кiрiстiлiк) мен инвестициялық қатер маңызды шараға байланысты, сондай-ақ эталондық қоржынға, немесе индекске қатысты бағаланады. Эталондық қоржын - инвестордың мүддесiмен анықталатын бағалы қағаздар жиынтығы. Эталондық қоржынның кiрiстілiгi активтердi басқарудың кiрістілігiн бағалау кезiндегi өлшем ретiнде қызмет етедi. Эталондық қоржыны ретiнде әлемдiк жетекшi қаржы компаниялары әзiрлеген және зерттеген индекстер пайдаланылады.
      Ұлттық қор активтерi айрықша шетелдiк валютада номинацияланған шетелдiк қаржылық құралдарда инвестицияланады және шетелдiк валютада номинацияланған бағалы қағаздардан тұратын эталондық қоржындары болады.
      Тұрақтандыру қоржыны үшiн эталондық қоржын алты айға дейiн өтеу мерзiмiмен АҚШ қазынашылық вексельдерiнен тұратын Merrill Lunch компаниясы жасайтын индекс болып табылады. Өтегенге дейiнгi қысқа мерзiм тұрақтылық қоржыны кiрiстілiгiнiң жоғары өтiмдiлiгi мен төмен ауытқуын қамтамасыз етедi. Тұрақтандыру қоржыны жоғары кредит рейтингiмен елдердiң ақша рыногының жоғары өтімдi сенiмдi активтерiне инвестицияланады.
      Ұзақ мерзiмдi перспективада әртараптандыру және ең жоғары кiрiстiлiк алу мақсатында жинақтаушы қоржын әлемнiң дамыған елдерiнде айналысатын борыштық ретiнде де және үлестiк қаржылық құралдар ретiнде де инвестицияланады.
      Жинақтаушы қоржынның тiркелген кiрiсiмен бағалы қағаздардың субқоржыны үшін эталонды қоржын Citigroup Inc компаниясы жасаған индекс болып табылады, онда қазiргi уақытта эмитенттерi 19 ел болып табылатын тiркелген кiрiсi бар мемлекеттiк бағалы қағаздарды қамтиды: Австралия, Австрия, Бельгия, Канада, Дания, Финляндия, Франция, Германия, Греция, Ирландия, Италия, Жапония, Нидерланды, Португалия, Испания, Швеция, Швейцария, Ұлыбритания, АҚШ.
      Жинақтаушы портфельдiң тiркелген кiрiсiмен бағалы қағаздар субқоржыны эталондық қоржынға енетiн елдерде айналатын мемлекеттiк бағалы қағаздарда инвестицияланады, сондай-ақ мемлекеттік, агенттік, корпоративтiк бағалы қағаздардан, Қазақстан Республикасы эмитенттерiнiң бағалы қағаздарын қоспағанда активтерге кепілге берілген бағалы қағаздарды және жылжымайтын мүлiкке кепiлге берiлген бағалы қағаздардан тұратын Lehman Global Aggregate (LGA) құрамына - Lehman Brothers компаниясының индексiне енетін барлық валюталарда және инвестициялық сыныптағы құралдарда инвестицияланады.
      Облигациялардың (тiркелген кiрiсi бар бағалы қағаздардың) эталонды қоржыны Ұлттық қор мөлшерiнде ауытқуларды төмендету үшiн АҚШ долларына АҚШ долларынан өзгеше валюта бағамдарының қысқа мерзiмдi ауытқуларынан iшiнара сақтандырылады (хеджирленедi).
      Акциялардың субқоржыны үшiн Моrgаn Stanley Сарital International компаниясы жасайтын энергетикалық сектордың компанияларын қоспағанда, әлемнiң дамыған елдерi компанияларының акцияларынан тұратын индекс эталонды қоржын болып табылады. Ағымдағы сәтте индекс 23 елдi қамтиды: Австралия, Австрия, Бельгия, Канада, Дания, Финляндия, Франция, Германия, Греция, Гонконг, Ирландия, Италия, Жапония, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Португалия, Сингапур, Испания, Швеция, Швейцария, Ұлыбритания, АҚШ.
      Жинақтау қоржыны акциялары субқоржыны активтерi эталондық қоржынға енгiзiлген қарапайым және артықшылықты акцияларға ғана инвестициялануы мүмкiн.

  6. Қорытынды

      Осы Тұжырымдамада көзделген шараларды iске асыру Ұлттық қордың - жұмыс iстеуiнiң және жинақтарын қалыптастырудың оңтайлы үлгiсiн таңдаудың негiздерiн, инвестициялық стратегияны өзгертудi қозғайды және заңнамаға өзгерiстер енгiзудi талап етедi.
      Осы мақсатта Ұлттық қор қызметiн реттейтiн қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары дайындалатын болады.
      Тұтастай алғанда Тұжырымдамадағы көзделген шараларды iске асыру республикалық бюджеттiң тұрақтылығын одан әрi қолдауға, экономиканы әртараптандыруға және ұрпақтар арасында мұнай кiрiстерiн қайта бөлуге ықпал ететiн болады.

Қазақстан Республикасы     
Ұлттық қорының қаражатын    
қалыптастырудың және      
пайдаланудың орта мерзiмдi   
перспективаға арналған     
тұжырымдамасына қосымша    

Теңдестірілген бюджеттiң формалдандырылған әдiсi

      Теңдестiрiлген бюджет әдiсiн мынадай түрде беруге болады:
      Е - G no  +G o +L + Z
      Е - республикалық бюджет шығыстары;
      G no  - мұнай емес сектордан түскен кiрiстер;
      G o  - Қордан алынатын кепiлдiк берiлген трансферт;
      L - үкiметтiк iшкi қарыз алу (техникалық тапшылықты өтеуге бағытталған және ЖIӨ-нiң кемiнде 1,5 - 2%-ын құрауы тиiс);
      Z - үкiметтiк сыртқы қарыз алу.
      Мұнай емес тапшылық (D no ) экономиканың мұнай емес секторынан алынатын кiрiстердi есепке алмағанда республикалық бюджет кiрiстерi мен шығыстары арасындағы айырмаға тең:
      G no  = E-G no =G o +L+Z,
      мұнда мұнай емес тапшылықты қаржыландыру кепiлдiк берiлген трансферт және мемлекеттiк қарыз алу есебiнен жүзеге асырылады.
      Техникалық тапшылық мөлшерi бiр жылдың iшiнде бюджеттiң қолма-қол қозғалысы мәселелерiн шешу қажеттiлiгінiң, сондай-ақ мемлекеттiк бағалы қағаздарды қайта қаржыландырудың және шығарудың нәтижесiнде анықталады.
      Қордан алынатын кепiлдiк берiлген трансферт (G o ) өткен кезең үшiн Ұлттық қор активтерiнен алынатын тұрақты сома қосу соманың бөлiгі ретiнде мынадай формула бойынша анықталады:
      G o  = А+b*NFRK t-1 *e,
      мұнда
      G o  - Қордан алынатын кепiлдiк берiлген трансферт (теңгемен анықталады),
      А - тұрақты сома (заңмен бекiтiледi және теңгемен белгіленедi),
      b - белгілi кезең үшiн инвестициялық кiрiстiң орта деңгейiне сәйкес келетiн коэффициент (заңмен бекiтiледi),
      NFRK t-1  - қаржы жылының басындағы Ұлттық қор активтерi (Қордың базалық валютасында).
      е - Қордың базалық валютасына қатысты теңге бағамы.
      Мысалы,
      G o =329,9 млрд. теңге + 5,21%*780,5 млрд. теңге = 370,6 млрд. теңге.
      А = 329,9 млрд. теңге, b = 5,21 % кезiнде және 2007 жылдың басындағы Ұлттық қордың болжамды көлемi NFRK t-1  = 780,5 млрд. теңге.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады