"Жоғары оқу орнының үздiк оқытушысы" мемлекеттiк грантын тағайындау ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 24 тамыздағы N 872 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 17 ақпандағы № 235 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.02.17 № 235 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Мемлекет басшысының "Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан халқына 2005 жылғы 18 ақпандағы  Жолдауын  iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған "Жоғары оқу орнының үздiк оқытушысы" мемлекеттік грантын тағайындау ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң        
2005 жылғы 24 тамыздағы 
N 872 қаулысымен    
бекiтiлген        

  "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы"
мемлекеттiк грантын тағайындау ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы "Жоғары оқу орнының үздiк оқытушысы" мемлекеттiк грантын тағайындау ережесi (бұдан әрi - Ереже) меншiк нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары оқу орындарының (бұдан әрi - ЖОО) ғылыми және педагогикалық қызметтерде жоғары жетiстiктерi бар оқытушыларына оларды көтермелеу және қолдау мақсатында "Жоғары оқу орнының үздiк оқытушысы" мемлекеттiк грантын (бұдан әрi - Грант) тағайындау тәртiбiн белгiлейдi.

      2. Осы Ережеде мынадай негiзгi түсiнiктер пайдаланылады:
      1) грант - "Жоғары оқу орнының үздiк оқытушысы" конкурсында (бұдан әрi - Конкурс) жеңiп шыққан оқытушыға шетелде тағылымдамадан өтудi қоса алғанда, бiр жыл iшiнде ғылыми зерттеулердi жүргiзуге ЖОО-ның оқытушысына өтеусiз берiлетiн ақша;
      2) республикалық конкурстық комиссия - Грантты тағайындау үшiн құрылатын Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң комиссиясы (бұдан әрi - Комиссия);
      3) Конкурсқа қатысушы - Конкурсқа қатысуға құжаттарды белгiленген тәртiппен ұсынған ЖОО-ның штаттағы оқытушысы.

      3. Жыл сайын 200 Грант тағайындалады. Бiр Гранттың көлемi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгiленген 2000 еселенген айлық есептiк көрсеткiштi құрайды.

  2. Конкурсты өткiзу тәртiбi

      4. Конкурсты төрағасы Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрi болып табылатын Комиссия өткiзедi.

      5. Комиссия Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi (бұдан әрi - Министрлiк), басқа мүдделi министрлiктер мен ведомстволар қызметкерлерiнiң, жетекшi ғалымдар мен мамандар қатарынан құрылады.
      Комиссия мүшелерiнiң саны тақ болуы тиiс. Комиссия отырысы құрамының кемiнде 2/3-i болған жағдайда заңды деп саналады.
      Комиссияның дербес құрамы мен конкурсқа қатысу үшiн құжаттарды ұсыну мерзiмі жыл сайын Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрінің бұйрығымен бекiтiледi.

      6. Конкурс қорытындылары бойынша шешiм жасырын дауыс берумен қабылданады. Грант отырысқа қатысушы Комиссия мүшелерiнiң дауыс санының кемiнде 3/4 дауысын жинаған Конкурсқа қатысушыға тағайындалады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең бөлiнген жағдайда Төрағаның дауысы шешушi болып табылады.
      Комиссия шешiмдерi хаттамамен ресiмделедi.

      7. Конкурстың қорытындылары Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімдік баспа басылымдарында жарияланады.

      8. Комиссия шешiмi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағымдалуы мүмкiн.

      9. Конкурс жыл сайын Грантты тағайындау жылының алдындағы жылдың IV тоқсанында өткiзiледi.

      10. Конкурсқа қатысу үшiн кандидатураларды ЖОО-ның ғылыми кеңестерi ұсынуы мүмкiн.

      11. Конкурсқа қатысу үшiн Министрлiкке мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
      Конкурсқа қатысуға өтініш (өтiнiм);
      ЖОО ғылыми кеңесiнiң ұсынымы;
      мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, жетекшi ғалымдар мен мамандардан ұсыным хаттар;
      растайтын құжаттармен бірге осы Ереженің 14-тармағында айтылған iрiктеу өлшемдерiне сәйкес мәлiметтер;
      егер Конкурсқа қатысушы шетелге шығып тағылымдамадан өтудi жоспарлаған жағдайда, шетелдiк ЖОО-ның, ғылыми ұйымның тағылымдамадан өтуге қабылдау туралы жазбаша растауы;
      қорытынды есептi беру мерзiмi көрсетілген жылдық жұмыс жоспары кестесi;
      жұмыс орны бойынша куәландырылған кадрларды есепке алу жөнiндегi жеке парағы;
      жеке куәлiктiң көшiрмесi;
      Қазақстан Республикасының салық төлеушiсi куәлiгiнiң көшiрмесi;
      зейнетақы қорымен шарттың және әлеуметтiк жеке кодының барлығын растайтын құжаттың көшiрмелерi.
      Конкурсқа қатысушы дайындаған конкурстық өтінім Министрлiк айқындаған нысан бойынша, мемлекеттік немесе орыс тілдерінде ұсынылады.

      12. Конкурсқа қатысушы дұрыс емес немесе толық емес мәлiметтер ұсынған жағдайда ол конкурсанттардың тiзiмiнен шығарылады.

  3. Yмiткерлерге қойылатын талаптар және
Грантты тағайындау өлшемi

      13. Конкурсқа мынадай талаптарға сәйкес келетiн Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады:
      1) ЖОО-ның штаттық оқытушылары болып табылатындар;
      2) кемiнде 3 жыл ғылыми-педагогикалық стажы барлар;
      3) ғылыми және педагогикалық қызметте жетiстiктерi барлар.

      14. Оқытушының ғылыми және педагогикалық қызметтегi жетiстiктерi мынадай өлшем бойынша бағаланады:
      1) ғылыми-зерттеу қызметi, оның iшiнде:
      академиялық, ғылыми дәрежесiнiң, ғылыми атағының болуы;
      iргелi, қолданбалы ғылыми зерттеулерге, халықаралық ғылыми жобаларға (бағдарламаларға, гранттарға), шарттық жұмыстарға қатысуы;
      ғылыми жетiстіктерi (авторлық туындылары мен патенттерi туралы мәлiметтер, зияткерлік меншiк объектiсiн мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк, ғылыми әзірлемелер, ғылыми жарияланымдар, республикалық және халықаралық конференцияларға қатысуы);
      докторанттарға, аспиранттарға, адъюнкттерге, iзденушiлер мен магистранттарға жетекшілік етуi;
      студенттің ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмысына жетекшiлiк етуi;
      2) оқу-әдістемелік қызмет, оның iшiнде:
      оқулықтарды, оқу құралдарын, пәндердiң оқу-әдістемелік кешендерiн әзiрлеуге және басып шығаруға қатысуы;
      оқу процесiнде инновациялық педагогикалық технологияларды пайдалануы;
      студенттердiң Конкурсқа қатысушылардың педагогикалық шеберлігiн бағалауы.

      15. Оқытушы қызметiн бағалау Министрлiк айқындаған сапалық және сандық көрсеткiштердi (соңғы үш жылда) ескере отырып жүзеге асырылады.

  4. Грант қаражатын пайдалану тәртiбi

      16. Конкурс жеңiмпазы Министрлiк айқындаған нысан бойынша Министрлiкпен келiсiм жасасады.

      17. Грант оның иегерiнiң жеке шотына бір рет аударылады.

      18. Грант иегерi Министрлiкке Грантты пайдаланғаны туралы: ғылыми зерттеулерді немесе тағылымдаманы орындағаны, жылдық жұмыс жоспар-кестесiне сәйкес растайтын құжаттармен бірге олардың нәтижелерi туралы жиынтық есептi ұсынады.

      19. Грант иегерi:
      1) Грант иегерi жылдық жұмыс жоспары-кестесiнде көзделген iс-шараларды орындамаған;
      2) Грант иегерi Грантты тағайындаған жыл iшiнде Қазақстан Республикасынан туыс жерге тұрақты тұруға шыққан жағдайларда оған ие болу құқығынан айырылады және оны толық көлемде қайтарып беруге мiндеттi.

      20. Егер Грант иегерiнiң жоспар-кестеде көзделген iс-шараларды орындамауы:
      1) Грант иегерiнiң қайтыс болуына;
      2) Грант иегерiнiң еңбекке қабiлеттiлiгiн жоғалтуға;
      3) еңсерiлмейтiн күшке негiзделген жағдайда Грант қайтарылмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады