Азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды - топтарға, ұйымдарды санаттарға жатқызу ережесi мен өлшемiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 қыркүйектегі N 942 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 173 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.04.2015 № 173 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Азаматтық қорғаныс туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 7 мамырдағы  Заңын  iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды - топтарға, ұйымдарды санаттарға жатқызу ережесi мен өлшемi бекiтiлсiн.

      2. "Қазақстан Республикасының "Азаматтық қорғаныс туралы" Заңын iске асыру жөніндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 31 желтоқсандағы N 1369  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., N 50, 467-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2005 жылғы 22 қыркүйектегі
N 942 қаулысымен    
бекiтілген       

  Азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды топтарға,
ұйымдарды санаттарға жатқызу ережесi мен өлшемi

      1. Осы Ереже азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды - топтарға, ұйымдарды санаттарға жатқызудың тәртібi мен өлшемiн айқындайды.

      2. Азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды - топтарға, ұйымдарды санаттарға жатқызу мемлекеттiк, қорғаныстық маңызына және халықтың тыныс-тiршілігін қамтамасыз етуiне қарай азаматтық қорғаныс iс-шараларын кешендi және сараланған түрде жүргiзу мақсатында жүзеге асырылады.

      3. Азаматтық қорғаныс бойынша орындалатын мiндеттерiнiң көлемiне қарай қалалар үшін мынадай топтар айқындалады: ерекше, бiрiншi, екiншi және үшінші.
      Қалаларды топтарға жатқызу мынадай өлшем бойынша белгiленедi:
      1) ерекше топқа республикалық маңызы бар қала мен астана жатады;
      2) бiрiншi топқа:
      халқының саны миллион адам және одан астам;
      халқының саны 500 мың адам және одан астам, аумағында кемiнде аса маңызды санаттағы үш ұйым немесе 50-ден астам санаттандырылған ұйымдар орналасқан;
      қала халқының не аумағының 50 пайыздан астамы жаһандық немесе өңiрлік ауқымдағы ықтимал төтенше жағдайлар аймағына енетiн қалалар жатады;
      3) екiншi топқа:
      халқының саны 500 мың адам және одан астам;
      халқының саны 250 мың адамнан 500 мың адамға дейiн, аумағында кемiнде аса маңызды санаттағы екi ұйым не 20-дан астам санаттандырылған ұйымдар орналасқан;
      қала халқының не аумағының 30-дан 50 пайызға дейiн жаһандық немесе өңiрлiк ауқымдағы ықтимал төтенше жағдайлар аймағына енетiн қалалар жатады;
      4) үшінші топқа:
      халқының саны 250 мың адамнан 500 мың адамға дейiн;
      халқының саны 10 мың адамнан 250 мың адамға дейiн, аумағында кемiнде аса маңызды санаттағы бiр ұйым не екеуден астам санаттандырылған ұйымдар орналасқан;
      қала халқының не аумағының 30 пайыздан кемi жаһандық немесе өңiрлiк ауқымдағы ықтимал төтенше жағдайлар аймағына енетін қалалар жатады.

      4. Ұйымдар үшін әлеуетті қауiптілiгiне, әлеуметтiк-экономикалық зардаптарының шамасына, ықтимал төтенше жағдайларға қарай азаматтық қорғаныс бойынша мынадай санаттар айқындалады: аса маңызды және санаттандырылған.
      Ұйымдарды санаттарға жатқызу мынадай өлшем бойынша айқындалады:
      1) аса маңызды санатқа аумағында жұмыс iстеуiнiң бұзылуы ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiретiн және төтенше жағдайдың туындау қаупiн тудыратын стратегиялық объектілер орналасқан ұйымдар жатады;
      2) санаттандырылғандарға жұмыс iстеуiнiң бұзылуы едәуiр әлеуметтік-экономикалық зардаптарға, өңiрлiк және жергілiктi ауқымдағы төтенше жағдайлардың туындауына әкелуi мүмкiн мынадай ұйымдар жатады:
      аса маңызды мемлекеттік объектiлер;
      өнеркәсіптің, көлiк-коммуникация кешенiнiң, энергетиканың, байланыстың жұмыс iстеп тұрған, салынып жатқан, қайта жаңартылатын және жобаланатын қауiптi өндiрiстік объектiлерi бар әрi маңызды мемлекеттiк және экономикалық мәнi бар ұйымдар;
      тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен уларды шығарумен, қайта өңдеумен, тасымалдаумен, сатып алумен, сақтаумен, сатумен, пайдаланумен және жоюмен айналысатын ұйымдар;
      аумағында тыныс-тіршілiктi қамтамасыз ету объектiлерi орналасқан ұйымдар.
       Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.18 N 1068 Қаулысымен.

      5. Ұйым азаматтық қорғаныс бойынша санатқа жатқызылған ұйыммен бiр өндiрiстік аумақта орналасқан кезде ол дәл сол санатқа теңестiрiледi.

      6. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарымен бірлесіп, жыл сайын азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды топтарға, ұйымдарды санаттарға жатқызу жөніндегі ұсыныстарды дайындайды және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органға бекіту үшін жібереді.
       Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.10.2013 N 1048 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады