Азаматтық қорғаныс туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 7 мамырдағы N 100 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V Заңымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 11.04.2014 № 188-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Бүкiл мәтiн бойынша "барлық меншiк нысанындағы", "меншiк нысандарына қарамастан" деген сөздер алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. № 183 Заңымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органы", "Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органы", "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органының", "Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органын", "Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органымен" деген сөздер тиісінше "Уәкілетті орган", "уәкілетті органның", "уәкілетті органды", "уәкілетті органмен" деген сөздермен ауыстырылды;
      "өкілеттігі" деген сөз "құзыреті" деген сөзбен ауыстырылды - ҚР 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      Азаматтық қорғанысты ұйымдастыру мен жүргiзу - мемлекеттiң аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi, оның қорғаныс шараларының құрамдас бөлiгi.
      Осы Заң Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғанысының негiзгi мiндеттерiн, құрылуы мен жұмыс iстеуiнiң ұйымдық принциптерiн, Қазақстан Республикасы орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарының, ұйымдарының азаматтық қорғаныс саласындағы құзыретiн, азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен мiндеттерiн белгiлейдi.
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      Азаматтық қорғаныс - басқару органдарының мемлекеттік жүйесі мен бейбіт уақытта және соғыс уақытында халықты, шаруашылық жүргізу объектілері мен ел аумағын осы заманғы зақымдау құралдарының зақымдау (қирату) факторларының әсерінен, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында жүргізілетін жалпы мемлекеттік шаралардың жиынтығы;

      Азаматтық қорғаныс бөлімдері - Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын Азаматтық қорғаныстың әскер бөлімдері;

      Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметтері - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылатын, әкімдер, орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар құратын республикалық, облыстық, аудандық, қалалық Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтері;

      Азаматтық қорғаныс күштері - Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері, аумақтық, объектілік құрамалар, Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерінің құрамалары, мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің жедел-құтқару отрядтары;

      Азаматтық қорғаныс құрамалары - облыстарда, қалаларда, аудандарда, орталық және жергілікті атқарушы органдарда, ұйымдарда құрылатын аумақтық және объектілік құрамалар, Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерінің құрамалары;

      Азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      Азаматтық қорғаныстың басқару органдары - бейбіт уақытта және соғыс уақытында Азаматтық қорғаныс іс-шараларына басшылық жасайтын және олардың орындалуын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары, ұйымдар;

      "Баршаңыздың назарыңызға!" дабылы - Азаматтық қорғаныстың дабылдамалармен және басқа да дабыл беру құралдарымен берілетін бірыңғай дабылы. Осы дабыл бойынша халық теледидарларды, радионы және басқа да ақпарат қабылдау құралдарын іске қосып қоюға, беріліп жатқан ақпаратты мұқият тыңдап, іс-әрекет тәртібі мен жүріс-тұрыс ережелері жөніндегі талаптарды орындауға міндетті;

      жедел-құтқару отрядтары - жол қатынасы қиын аудандарда және аса күрделі объектілерде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған республикалық, облыстық, қалалық, аудандық ұйымдар;

      қорғану құрылыстарының қоры - өндірістік персонал мен халықты осы заманғы зақымдау құралдарынан, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде арнайы қорғауға арналған қолда бар барлық инженерлік құрылыстардың жиынтығы;

      шаруашылық жүргізу объектілері - өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің және қоғам қызметінің басқа да салаларының мүдделері үшін пайдаланылатын үйлер, ғимараттар және басқа да құрылыстар;

      эвакуациялық органдар - халықты, материалдық құндылықтарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау, оларды орналастыруды, өндірістік қызметті және тыныс-тіршілікті қамтамасыз етуді ұйымдастыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар құратын эвакуациялық және эвакуациялық-қабылдау комиссиялары.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс
              саласындағы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. алып тасталды
      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07 № 183 Заңымен.

       3-бап. Азаматтық қорғаныстың негiзгi мiндеттерi

      Халықты және шаруашылық жүргiзу объектiлерiн қорғау Азаматтық қорғаныстың бiрiншi кезектегi мiндетi болып табылады және осы заманғы зақымдау құралдарын қолдану мен табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде нұқсанды азайту мүдделерi үшiн халықтың iс-қимыл жасауының оңтайлы тәсiлдерiн ғылыми тұрғыдан анықтау және аумақтар мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiн дер кезiнде дайындау негiзiнде жүргiзiледi.

      Азаматтық қорғаныстың негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:

      1) басқару, құлақтандыру және байланыс жүйелерiн ұйымдастыру, дамыту және оларды ұдайы әзiрлiкте ұстау;

      2) Азаматтық қорғаныс күштерiн құру, оларды дайындау және төтенше жағдайлар кезiнде iс-қимыл жасауға ұдайы әзiрлiкте ұстау;

      3) орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың қызметшiлерiн даярлау және халықты оқыту;

      4) радиациялық, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) жағдайды қадағалау және оған лабораториялық бақылау жасау;

      5) Азаматтық қорғаныстың әскери құрамаларын жұмылдыруға әзiрлiктi қамтамасыз ету;

      6) шаруашылық жүргiзу салалары мен объектiлерiнiң жұмыс iстеу тұрақтылығын арттыру жөнiндегi шаралар кешенiн жүргiзу;

      7) қорғану құрылыстарының қажеттi қорын, жеке қорғану құралдарының және Азаматтық қорғаныстың басқа да мүлкiнiң қорларын жинау және әзiрлiкте ұстау;

      8) халыққа, орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға адамдардың өмiрi мен денсаулығына төнген қатер және орын алып отырған жағдайда iс-қимыл жасау тәртiбi туралы хабарлау;

      9) iздеу-құтқару жұмыстары мен басқа да шұғыл жұмыстарды жүргiзу, зардап шеккен халықтың тiршiлiгiн және оларды қауiптi аймақтардан эвакуациялауды ұйымдастыру;

      10) азық-түлiктi, су көздерiн, тамақ шикiзаттарын, жемшөптi, мал және өсiмдiктердi радиоактивтiк, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) уланудан, мал және өсiмдiк iндеттерiнен қорғау.

      4-бап. Азаматтық қорғанысты ұйымдастырудың принциптерi
              мен тәртiбi

      Азаматтық қорғаныс республиканың бүкiл аумағында аумақтық-өндiрiстiк принцип бойынша ұйымдастырылады.

      Азаматтық қорғаныс шараларын орындауды Қазақстан Республикасының орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс ұйымдары, басқару органдары мен күштерi және азаматтары жүзеге асырады.

      Азаматтық қорғаныс бойынша дайындық осы заманғы зақымдау құралдарының дамуы және аталған аумақта, салада немесе ұйымда барынша ықтимал төтенше жағдайлар ескерiле отырып, алдын ала жүргiзiледi.

      Азаматтық қорғаныс шараларын кешендi түрде және саралап жүргiзу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды топтарға, ал ұйымдарды санаттарға жатқызу маңыздылық дәрежесiне қарай жүзеге асырылады.

      Азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастыру мен жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының орталық, жергiлiктi атқарушы органдарының және ұйымдардың басшылары жауапты болады.

      Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, ұйымдар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен Азаматтық қорғаныс шараларының орындалуы туралы жыл сайын есеп берiп отырады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07 № 183 Заңымен.

2-тарау. Қазақстан Республикасының халқын, аумағы мен
шаруашылық жүргізу объектілерін қорғау саласындағы
азаматтық қорғаныс шаралары

      5-бап. Халықты, аумақтар мен шаруашылық жүргiзу
             объектiлерiн табиғи және техногендiк сипаттағы
             төтенше жағдайлардан қорғау жөнiндегi Азаматтық
             қорғаныс шаралары

      Халықты, аумақтар мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiн қорғау жөнiндегi Азаматтық қорғаныс іс-шаралары алдын ала жүргiзiледi және Қазақстан Республикасының орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, ұйымдары мен халқы үшiн мiндеттi болып табылады.

      Халықты, аумақтар мен шаруашылық жүргізу объектілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында:
      1) уәкілетті орган:
      халықты және аумақтарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі перспективалық және ағымдағы жоспарларды және оларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеуді, сондай-ақ оны Азаматтық қорғаныстың тиісті бастықтарына бекітуге беруді;
      шаруашылық жүргізу объектілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі перспективалық және ағымдағы жоспарларды және оларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын бекітуді;
      шаруашылық жүргізу объектілерінің жұмыс істеу тұрақтылығын арттыру және төтенше жағдайларда олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін бекітуді;
      төтенше жағдайлар зардаптарының алдын алу және жою жөніндегі күштер мен құралдарды жасауды, даярлауды және оларды қолдануға әзірлік жағдайында ұстауды, зардап шеккендерге көмек көрсетуді;
      мониторинг жүйесін ұйымдастыруды, халықты, аумақтар мен шаруашылық жүргізу объектілерін техногендік авариялар, ықтимал су тасқындары, селдер, көшкіндер мен басқа да қауіпті экзогенді құбылыстар туралы құлақтандыруды;
      2) жергілікті атқарушы органдар:
      ықтимал су тасқындарын, селдерді, көшкіндерді және басқа да қауіпті экзогенді құбылыстарды ескере отырып, аумақтарда құрылыс салуды жоспарлауды;
      төтенше жағдайлар кезінде баспанасыз қалған халық үшін уақытша тұрғын үй резервін жасауды;
      тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінде азық-түліктің, дәрі-дәрмектің және материалдық-техникалық құралдардың қорларын жасауды;
      3) ұйымдар:
      шаруашылық жүргізу объектілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі перспективалық және ағымдағы жоспарларды және оларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеуді;
      шаруашылық жүргізу объектілерінің жұмыс істеу тұрақтылығын арттыру және төтенше жағдайларда олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін әзірлеуді;
      төтенше жағдайлар зардаптарының алдын алу және жою жөніндегі күштер мен құралдарды жасауды, даярлауды және оларды қолдануға әзірлік жағдайында ұстауды, зардап шеккендерге көмек көрсетуді;
      мониторинг жүйесін, персоналды, шаруашылық жүргізу субъектілерін және халықты техногендік авариялар туралы құлақтандыруды ұйымдастыруды;
      ықтимал су тасқындарын, селдерді, көшкіндерді және басқа да қауіпті экзогенді құбылыстарды ескере отырып аумақтарда құрылыс салуды жоспарлауды;
      тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінде азық-түліктің, дәрі-дәрмектің және материалдық-техникалық құралдардың қорларын жасауды жүргізеді.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2008.12.04 № 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      6-бап. Жер сiлкiнiсiнен қорғау жөнiндегi Азаматтық
             қорғаныс шаралары

      1. Халықты, аумақтар мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiн ықтимал жер сiлкiнiстерiнен қорғау мақсатында алдын ала мынадай шаралар кешенi жүргiзiледi:

      сейсмологиялық байқаулар мен жер сiлкiнiстерiн болжаудың республикалық жүйесiн дамыту;

      республика аумағының сейсмологиялық қауiптiлiгiн ғылыми тұрғыдан болжау, бағалау және оны сейсмологиялық ықшам аудандарға бөлу;

      құрылыс нормалары мен ережелерiн сейсмологиялық қауiптi ескере отырып жасау;

      сейсмикалық орнықты үйлер мен ғимараттардың тиiмдi конструкцияларының және шаруашылық жүргiзу объектiлерiнiң сенiмдi жұмыс iстеуiнiң есептерiн ғылыми тұрғыдан негiздеу және оларды жобалау;

      сейсмикалық орнықты үйлер мен ғимараттар құрылысының сапасын бақылауды жүзеге асыру;

      бұрын салынған үйлер мен ғимараттардың сейсмикалық жағынан орнықты болуын және сенiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;

      аумақтарға құрылыс салуды ықтимал сейсмикалық әсерлердi ескере отырып реттеу.

      2. Жер сiлкiнiсiнiң зардаптарын жою кезiнде мынадай шаралар жүргiзiледi:

      жер сiлкiнiсi туралы ақпарат алу, шешiм қабылдау және оны республика аймақтарына жеткiзу;

      iздеу-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды басқаруды ұйымдастыру, сондай-ақ оларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету;

      Азаматтық қорғаныс күштерi мен құралдарының iс-қимылына және жер сiлкiнiсiнiң зардаптарын жою жоспарына сәйкес басқа да шараларға басшылық жасау.

      3. Орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, ұйымдардың басшылары өз құзыретi шегiнде болуы ықтимал жер сiлкiнiстерiнен халықты қорғау және олардың экономикалық залалын азайту мақсатында алдын ала:

      халық пен қоршаған ортаға аса қауiп төндiретiн, шаруашылық жүргiзу объектiлерi орналасқан ведомстволық бағыныстағы аумақтарда, сондай-ақ интенсивтi түрде мұнай, газ өндiрiлетiн аудандарда және жерасты жұмыстарында сейсмикалық аудандастыру жүргiзу мен сейсмикалық қауiпке баға берудi ұйымдастыруға;

      үйлер мен ғимараттарды, ең алдымен тұрғын үйлердi, мектептердi, мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiн, ауруханаларды, адамдар жаппай болатын басқа үйлердi, ғимараттарды және тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiнде (жылу, су, газ, энергиямен жабдықтау және байланыс, канализация), химиялық және жарылыс қаупi бар өндiрiстердi сейсмикаға қарсы күшейту жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге;

      сейсмикалық жағынан осал үйлер мен ғимараттарды күрделi жөндеуден өткiзген кезде олардың құрылыс конструкцияларын мiндеттi түрде сейсмикаға қарсы күшейтудi көздеуге;

      үйлер мен ғимараттардың сейсмикалық орнықтылығын қамтамасыз ету жөнiнде арнаулы шаралар қолданбайынша оларды салуға, сондай-ақ тектоникалық жарық шақтар, топырағы жайсыз аймақтарда және көшкiн болу қаупi бар беткейлерде құрылыс салуға жол бермеуге мiндеттi.

      4. Жер сілкінісінің зардаптарын жою мақсатында:
      1) уәкілетті органның басшысы:
      құтқару жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыруға;
      жер сілкінісінің күші, қираған жерлер, шығындар мен оның зардаптарын жою жөнінде қолданылып жатқан шаралар туралы ақпарат жинауды және оны жоғары тұрған органдар мен халыққа беруді жүзеге асыруға;
      2) орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары:
      жер сілкінісінің зардаптарын жоюды, құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізуді, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуді және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі басқа да іс-шараларды ұйымдастыруға;
      қираған жерлер, шығындар мен жер сілкінісінің зардаптарын жою жөнінде қолданылып жатқан шаралар туралы ақпарат жинауды және оны уәкілетті органға беруді жүзеге асыруға;
      3) ұйымдардың басшылары:
      жер сілкінісінің зардаптарын жоюды, құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізуді, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді және қызметкерлердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі басқа да іс-шараларды ұйымдастыруға міндетті.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2008.12.04 № 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      7-бап. Теңiздер мен iрi су айдындары деңгейлерi
              өзгеруiнiң зардаптарынан қорғау жөнiндегi
              Азаматтық қорғаныс шаралары

      1. Теңiздер мен iрi су айдындарының тасқындарынан, су деңгейлерiнiң көтерiлуiнен және таяздауынан қорғау жөнiндегi шаралар халықтың, шаруашылық жүргiзу объектiлерiнiң, инфрақұрылымның қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған және оларға:

      теңiздер мен iрi су айдындары деңгейлерiнiң өзгеруiнен болуы ықтимал зардаптарды ғылыми зерттеу және болжау;

      гидротехникалық және өзге де тосқауыл құрылыстарын жобалау, салу және пайдалануға беру;

      аумақтарда құрылыс салуды теңiздер мен iрi су айдындары деңгейлерiнiң өзгеруiн ғылыми зерттеулердiң нәтижелерiн ескере отырып жоспарлау;

      теңiздер мен iрi су айдындары деңгейлерi өзгеруiнiң, қоршаған орта жай-күйiнiң мониторингi жүйелерiн, жағалау аймағындағы су жайылу құбылыстары жайында халықты және шаруашылық жүргiзушi субъектiлердi құлақтандыруды ұйымдастыру кiредi.

      2. Орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, ұйымдар өз құзыретi шегiнде теңiздер мен iрi су айдындары деңгейлерiнiң өзгеруiнен халықты, аумақтарды қорғау, мұның экономикалық залалын азайту мақсатында:

      теңiздер мен iрi су айдындары беткi деңгейiнiң құбылуына болжам жасаудың ғылыми негiздерi мен әдiстерiн дамытуды қамтамасыз етуге;

      су тасқындары болуы мүмкiн аудандарда гидротехникалық және өзге де тосқауыл құрылыстар салуды ұйымдастыру мен олардың сапасын бақылауға;

      су тасқындары болуы, су басып қалуы және су астында қалып қоюы мүмкiн аймақтарда жер учаскелерiнiң тиiстi нормативтiк актiлер ескерiлместен шаруашылық қажеттерiне арналған объектiлер салу үшiн бөлiнуiне жол бермеуге;

      жер қойнауын пайдаланудың барлық сатыларында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген экологиялық талаптардың басымдық берiлетiн тәртiппен сақталуын қамтамасыз етуге;

      теңiздер мен iрi су айдындарының жағалау аймақтарында жердiң, топырақ пен өсiмдiк қабатының және жерасты суларының тұрақты мониторингiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

      8-бап. Пайдалы қазбалар кен орындарын игеруге
              байланысты төтенше жағдайлардан қорғау жөнiндегi
              Азаматтық қорғаныс шаралары

      Қатты, сұйық және газ тектес пайдалы қазбалардың кен орындарын игеруге байланысты төтенше жағдайлардан аумақтар мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар өздерiнiң құзыретi шегiнде iске асыратын шараларға:

      пайдалы қазбалар өндiрудiң халыққа және қоршаған ортаға жасауы ықтимал зардаптарының қаупiн ғылыми зерттеу, болжау және бағалау;

      пайдалы қазбалар өндiрудi дамыту болашағын және оның геологиялық құрылымдардың орнықтылығына жасайтын әсерiн ескере отырып, аумақтарға құрылыс салуды жоспарлау, үйлер мен ғимараттар салу және пайдалану;

      игерiлiп жатқан кен орындары аудандарындағы бұрыннан бар үйлер мен ғимараттардың сенiмдiлiгi мен орнықтылығын арттыру;

      қоршаған ортаның жай-күйi мен игерiлiп жатқан кен орындарының технологиялық жағдайлары мониторингiнiң жүйелерiн ұйымдастыру және халық пен шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге болуы ықтимал төтенше жағдайларды хабарлау;

      кенiштердi игеруге байланысты төтенше жағдайлардан болуы ықтимал залалды азайту жөнiндегi алдын алу шараларын ұйымдастыру және жүргiзу, ал оларды жүргiзу мүмкiн болмаған жағдайда кен өндiрудi тоқтату және қорғаныш шараларының қажеттi кешенiн орындап, кенiштердi консервациялау кiредi.

      9-бап. Халықты, аумақтар мен шаруашылық жүргiзу
              объектiлерiн осы заманғы зақымдау құралдарынан
              қорғау жөнiндегi Азаматтық қорғаныс шаралары

      Халықты, аумақтар мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiн осы заманғы зақымдау құралдарын қолдану қатерi төнген және қолданылған жағдайда қорғау, одан болатын залал мен шығынды азайту мақсатында:

      1) алдын ала:

      бейбiт және соғыс уақытына арналған азаматтық қорғаныс жоспарларын жасау;

      азаматтық қорғаныстың басқару, құлақтандыру және байланыс жүйелерiн құру мен дамыту және оларды пайдалануға әзiрлiкте ұстау;

      Азаматтық қорғаныс күштерiн құру, жасақтау, жарақтандыру және әзiрлiкте ұстау;

      зақымдау құралдары қолданылған жағдайда қорғану әдiстерi мен iс-қимыл жасауға басқару органдарын дайындау және оған халықты жаппай оқыту;

      Азаматтық қорғаныстың қорғану құрылыстарын салу мен олардың қорын жинақтау және оларды жұмыс iстеуге әзiрлiкте ұстау;

      Азаматтық қорғаныс шараларын орындауға және халықтың тiршiлiгiне арналған жеке қорғаныс құралдарының, материалдық-техникалық құралдардың қорларын, резервтерiн жасау, жинақтау және дер кезiнде жаңартып отыру;

      эвакуациялық шараларды жоспарлау мен жүргiзу;

      шаруашылық жүргiзу салалары мен объектiлерiнiң тұрақты жұмыс iстеуi жөнiндегi шараларды жоспарлау және орындау;

      Азаматтық қорғаныстың әскери құрамаларының жұмылдырылу дайындығын қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды өткiзу;

      2) зақымдау құралдарын қолданған кезде:

      зақымдау құралдарының қолданылу қатерi мен қолданылуы жайында құлақтандыру, халықты iс-қимыл тәртiбi мен ережелерi жөнiнде хабардар ету;

      халықты қорғану құрылыстарына паналату, қажет болған жағдайда жеке қорғану құралдарын пайдалану;

      жараланғандар мен жарақат алғандарға медициналық көмек көрсету;

      iздеу-құтқару жұмыстары мен басқа да шұғыл жұмыстарды жүргiзу;

      басқарудың, құлақтандыру мен байланыстың бұзылған жүйелерiн қалпына келтiру;

      халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ету объектiлерi мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiнде шұғыл авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу;

      Азаматтық қорғаныс құрамаларының әзiрлiгiн қалпына келтiру;

      эвакуациялық шаралар жүргiзу жүзеге асырылады.

      10-бап. Азаматтық қорғаныстың инженерлiк-техникалық
               шаралары

      Азаматтық қорғаныстың инженерлiк-техникалық шаралары алдын ала әзiрленiп жасалады, өткiзiледi.

      Азаматтық қорғаныстың инженерлiк-техникалық шаралары аумақтарды, елдi мекендердi, өнеркәсiп аймақтарын аудандық жоспарлау және оларда құрылыс салу схемалары мен жобаларын жасау кезiнде, ұйымдардың құрылысын салу, кеңейту, қайта құру және техникамен қайта жарақтандыру жобаларында көзделуге тиiс.

      Аймақтарды дамытуға, аумақтарда құрылыс салуға, елдi мекендер мен шаруашылық жүргiзу объектiлерiн салуға және қайта құруға арналған жобалау-смета құжаттамасы төтенше жағдайлар жөнiндегi аумақтық органдармен келiсiледi.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07 № 183 Заңымен.

       11-бап. Азаматтық қорғаныс бойынша мамандар мен халықты
               даярлау

      1. Азаматтық қорғаныс мәселелерi бойынша даярлық Қазақстан Республикасының барлық азаматтары үшiн мiндеттi болып табылады және тиiстi оқу бағдарламалары бойынша жүргiзiледi. Даярлау үшiн бұқаралық ақпарат құралдары да пайдаланылады.

      2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың басшыларын даярлау және қайта даярлау әзiрлiк орталықтарында жүзеге асырылады.

      3. Азаматтық қорғаныс үшiн мамандар даярлау Қазақстан Республикасының әскери, азаматтық оқу орындарында, сондай-ақ шет мемлекеттерде және халықаралық орталықтарда жүзеге асырылады.

      4. Ел халқын Азаматтық қорғаныс бойынша даярлау мектепке дейiнгi мекемелерден бастап, жұмыс орыны, тұрғылықты және оқитын жерi бойынша жүргiзiледi.

3-тарау. Азаматтық қорғаныс күштері

      12-бап. Азаматтық қорғаныс күштерiнiң құрамы

      Азаматтық қорғаныс күштерi Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiнен, аумақтық, объектiлiк құрамалар мен Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерiнiң құрамаларынан, мемлекеттiк өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiнiң жедел-құтқару отрядтарынан тұрады.

      Азаматтық қорғаныс күштерi бейбiт уақытта төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi Мемлекеттiк жүйенiң құрамдас бөлiгi болып табылады, ол туралы Ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      Құтқару жұмыстарын жүргiзу кезеңiне Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша Қорғаныс министрлiгiнiң, Iшкi iстер министрлiгiнiң бөлiмдерi мен бөлiмшелерi, ведомстволық мамандандырылған авариялық-құтқару, авариялық-қалпына келтiру, әскерилендiрiлген және басқа да құрамалар бөлiнуi мүмкiн, олар жұмыстарды орындауды құтқару жұмыстарының жалпы басшысының жедел басшылығымен жүзеге асырады.

      Бөлiнген күштер оқып-жаттықтырылған, техникамен, жабдықтармен жарақтандырылған және iздестiру-құтқару жұмыстарын дербес жүргiзуге сақадай-сай болуға тиiс.

      Азаматтық қорғаныс күштерiн пайдалану тиiстi деңгейлердегi Азаматтық қорғаныс бастықтарының шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.12.09 № 307, 2004.12.20 № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

       13-бап. Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғанысының
               әскер бөлiмдерi мен олардың бейбiт және соғыс
               уақытындағы мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасы азаматтық қорғанысының әскер бөлiмдерi бейбiт және соғыс уақытында төтенше жағдайлардың қаупi төнген және туындаған кезде республиканың халқын, шаруашылық жүргiзу объектiлерiн және аумақтарын қорғауға арналған.
      Уәкілетті органға ведомстволық бағынысты Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiн құру құқығы Қазақстан Республикасының Үкiметiне берiледi.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiн жасақтау, жарақтандыру және қолдануға әзiрлiкте ұстау жөнiнде шаралар қолданады.

      2. Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiнiң негiзгi мiндеттерi:

      1) бейбiт уақытта:
      құтқару жұмыстарын жүргiзуге адам құрамын жан-жақты дайындау мен оны аттестациялауды ұйымдастыру;
      iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргiзу және зардап шеккен халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз етуге жан-жақты көмек көрсету;
      төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған шараларға қатысу;
      Қазақстан Республикасы тиiстi келiсiмдер жасасқан шет мемлекеттердiң аумақтарында төтенше жағдайлар болған кезде құтқару жұмыстарына қатысу;
      iзгiлiк көмек ретiнде төтенше жағдайлар аймағына әкелiнетiн жүктерге iлесе жүру және оларды күзету;
      мобилизациялық өрiстетуге дайындық және жауынгерлiк әзiрлiктiң жоғары дәрежесiне келтiру жөнiндегi шараларды жүзеге асыру;
      бейбiт және соғыс уақытында Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiн кеңiнен өрiстетуге, құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізуге арналған қару-жарақты, техниканы, басқа да материалдық-техникалық құралдарды жинақтау, сақтау және дер кезiнде жаңартып отыру;

      2) соғыс уақытында:
      зақымдану ошақтары мен залалдану аймақтарында радиациялық, химиялық барлау жүргiзу;
      зақымдану ошақтарында, залалдану және топан су басқан аймақтарда құтқару және басқа да шұғыл жұмыстар жүргiзу;
      халық пен шаруашылық жүргiзу объектiлерiне эвакуация жүргiзуге қатысу;
      халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ету объектiлерiн қалпына келтiру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге қатысу, аэродромдарды, жолдарды, өткелдердi және тыл инфрақұрылымының басқа да маңызды элементтерiн қалпына келтiруге байланысты аумақтық қорғаныстың жекелеген мiндеттерiн орындау болып табылады.

      3. Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiн бейбiт уақытта қолдануды Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiппен уәкілетті органның басшысы жүзеге асырады.
      Азаматтық қорғаныстың тұрақты дайындықтағы әскер бөлiмдерi техникамен және жабдықпен жарақтандырылуға және зардап шеккен халыққа көмек көрсету үшiн дереу қолдануға әзiр болуға тиiс.

      4. Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiн жасақтау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғанысының әскери бөлiмдерi азаматтық қызметкерлермен де жасақталады. Азаматтық қызметкерлер атқаратын лауазымдардың штат санын, тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен жалпы сан шегiнде уәкілетті органның басшысы белгiлейдi.

      5. Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiн мобилизациялық өрiстету үшiн штатқа сәйкес техника, қару-жарақ, материалдық және техникалық құралдардың қорлары құрылады және күтiп ұсталады.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      14-бап. Азаматтық қорғаныс құрамалары, олардың мақсаты
               және оларды құру тәртiбi

      1. Азаматтық қорғаныс құрамалары бейбiт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар қатерi төнгенде және туындағанда авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да шұғыл жұмыстарды жүргiзуге арналған.
      Азаматтық қорғаныс құрамалары ұйымдарда, аудандарда, қалаларда, облыстарда құрылып, объектiлiк және аумақтық құрамалар болып бөлiнедi.
      Объектiлiк құрамалар ұйымдарда, тұрғылықты жерлер бойынша құрылады және әдетте солардың мүдделерi үшiн пайдаланылады. Төтенше жағдайларды жою басшысының шешiмi бойынша объектiлiк құрамалар тиiстi аумақтардың мүдделерiн көздейтiн мiндеттер орындауға тартылуы жұмылдырылуы мүмкiн.
      Аумақтық құрамалар аудандарда, қалаларда, облыстарда құрылады және тиiстi Азаматтық қорғаныс бастықтарына бағынады. Ұйымдар аумақтық құрамалар құруға негiз болады.
      Азаматтық қорғаныс құрамаларының құрамы мен саны алдағы авариялық-құтқару жұмыстарының болжамдық есептерi мен көлемiнiң негiзiнде айқындалады.
      Қазақстан Республикасының жер сiлкiнiсi болып тұратын аймақтары үшiн Азаматтық қорғаныс құрамалары халықтың 10 адамына кемiнде бiр құтқарушы; су тасқындары, өрт пен басқа да ықтимал қауiп-қатерлерге ұшырайтын өнеркәсiп аймақтары мен аумақтары үшiн халықтың 15-20 адамына бiр құтқарушыдан келетiндей есеппен әзiрленедi.
      Азаматтық қорғаныс құрамалары құрылатын ұйымдардың басшылары олардың кәсiби даярлығына, осы заманғы техникамен, жабдықпен басқа да материалдық құралдармен жарақтандырылуына және тұрақты әзiрлiкте болуына дербес жауапты болады.

      2. Азаматтық қорғаныс құрамаларының негiзгi түрлерi:

      1) құтқару құрамалары зардап шеккендердi барлауға, iздеуге және үйiндiлерден шығарып алуға, алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған және олар аралас құтқару отрядтарынан (командаларынан), құтқару командаларынан (топтарынан), адамдарды iздеу командаларынан (топтарынан), барлау топтарынан, буындарынан және басқалардан тұрады;

      2) инженерлiк құрамалар инженерлiк барлау жүргiзуге, үйiндiлерде жүргiн жолдар, соқпақ жолдар салуға, жолдар мен көпiрлердi, оның iшiнде су тосқауылдары арқылы салынған өткелдердi қалпына келтiруге және оларды жүрiп-тұра алатындай жағдайда күтiп ұстауға, жарылыс жұмыстарын жүргiзуге, қираған құрылыстарды аршып алуға және бүлiнiс аудандарында басқа да инженерлiк жұмыстарды жүргiзуге арналған және инженерлiк командалардан, жол-көпiр командаларынан (топтарынан), жарылыс жұмыстары топтарынан, инженерлiк барлау топтарынан (буындарынан) және басқалардан тұрады.
      Инженерлiк құрамалар шешiлетiн мiндеттердiң ерекшелiгiне қарай жұмыстарды дербес орындауды қамтамасыз ететiндей техникамен және жабдықпен жасақталуға тиiс;

      3) Азаматтық қорғаныс қызметiнiң құрамалары халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз етуге, авариялық-құтқару және шұғыл-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзуге, құтқару құрамаларын күшейтуге және олардың iс-қимылын жан-жақты қамтамасыз етуге арналған және медицина, байланыс, қоғамдық тәртiптi қорғау, өртке қарсы, авариялық-техникалық, материалдық жағынан қамтамасыз ету, көлiк, жануарлар мен өсiмдiктердi қорғау және басқа да құрамалар болып бөлiнедi.

      3. Жедел-құтқару отрядтары iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргiзуге және зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетуге арналған.
      Жедел-құтқару отрядтары жоғары дәрежелi әзiрлiктегi құрамалар болып табылады және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен құрылады.
      4. алып тасталды

      5. Азаматтық қорғаныс құрамаларына I, II, III топтардағы мүгедектерден, жүктi әйелдерден, сегiз жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерден және соғыс уақытында - жұмылдыру нұсқамасы бар әскери міндетті адамдардан басқа еңбекке жарамды жастағы ерлер мен әйелдер алынады.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.03.12 № 347, 2004.12.20 № 13 (2005.01.01 бастап күшіне енеді), 2008.12.04 № 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.10 № 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

  4-тарау. Азаматтық қорғаныстың басқару органдары мен
қызметтері, Азаматтық қорғаныс саласындағы
мемлекеттік бақылау

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңымен.

      15-бап. Азаматтық қорғанысқа басшылық жасау

      1. Азаматтық қорғанысқа жалпы басшылықты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi жүзеге асырады, ол (лауазымы бойынша) Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғанысының Бастығы болып табылады.

      2. Уәкілетті органның басшысы лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғанысы Бастығының орынбасары болып табылады және Республиканың азаматтық қорғанысына тiкелей басшылықты жүзеге асырады.

      3. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдарда, ұйымдарда Азаматтық қорғанысқа басшылықты олардың бiрiншi басшылары жүзеге асырады, олар лауазымы бойынша тиiстi Азаматтық қорғаныс бастықтары болып табылады және азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастыру мен жүзеге асыруға жеке жауапты болады.

      4. Азаматтық қорғаныс бастықтары:
      Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс Бастығы белгiлеген тәртiппен тиiстi деңгейдегi азаматтық қорғаныс жоспарларын бекiтуге және iске қосуға;
      белгiленген тәртiппен ведомстволық бағыныстағы аумақта халықты эвакуациялауға;
      азаматтық қорғаныс мәселелерi бойынша бұйрықтар, шешiмдер, өкiмдер шығаруға;
       заңдарда белгiленген тәртiппен азаматтар мен ұйымдарды азаматтық қорғаныс шараларын жүргiзуге тартуға;
      жеке және заңды тұлғалардан осы Заңның және азаматтық қорғаныс жөнiндегi басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуын талап етуге міндетті.

      5. Тиiсті деңгейлердегi Азаматтық қорғаныс бастықтарының азаматтық қорғаныс мәселелерi жөнiндегi бұйрықтары, шешiмдерi және өкiмдер барлық ұйымдардың, сондай-ақ лауазымды адамдар мен азаматтардың орындауы үшiн мiндеттi.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.10 № 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      16-бап. Азаматтық қорғанысты басқару органдары

      1. Азаматтық қорғаныс шараларының орындалуын қамтамасыз ету үшiн мынадай органдар құрылады:
      Уәкілетті орган және оның аумақтық органдары;
      облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) орталық және жергiлiктi атқарушы органдарында Азаматтық қорғаныс жөнiндегi бөлiмдер (қызметкерлер);
      ұйымдарда - Азаматтық қорғаныс саласындағы мiндеттердi шешуге арнайы уәкiлеттiк берiлген, бiрiншi басшыға тiкелей бағынатын құрылымдық бөлiмшелер (жеке қызметкерлер).
      Уәкiлеттi органдағы, оның аумақтық органдары мен ведомстволық бағынысты мемлекеттiк мекемелерiндегі лауазымдардың бiр бөлiгi әскери қызметшiлерден және қызметкерлерден, оның iшiнде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнен, Iшкi iстер министрлiгiнен, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнен, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан ауыстырылған (iссапарға жiберiлген) әскери қызметшiлерден жасақталады.

      2. Төтенше жағдайлар жөнiндегi басқармалардың (бөлiмдердiң) басшылары лауазымы бойынша тиiстi Азаматтық қорғаныс бастықтарының орынбасарлары болып табылады.
      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2000.05.05 № 48, 2004.12.20 № 13 (2005.01.01 бастап күшіне енеді), 2006.07.07 № 183, 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.10 № 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      17-бап. Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар
               қызметтерi

      1. Азаматтық қорғаныстың арнаулы шараларын орындауды қамтамасыз ету және күштер мен құралдарды осы мақсаттарда дайындау үшiн республикалық, облыстық, аудандық, қалалық Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерi, сондай-ақ қажет болған жағдайда ұйымдардың Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерi құрылады, олар тiкелей Азаматтық қорғаныс бастығына бағынады.

      2. Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен, облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмдерiнiң, ұйымдар басшыларының шешiмдерiмен құрылады.

      3. Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар жөнiндегi республикалық қызметтер тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi, олар туралы Ереженi уәкілетті орган бекiтедi.

      4. Басқару пункттерiнiң, күштер мен құралдардың, Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтерiнiң дайындығы үшiн жауапкершiлiк олардың құрылуына негiз болған орталық, жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдардың басшыларына жүктеледi.

      5. Азаматтық қорғаныстың эвакуациялық шараларын орындауды ұйымдастыру мақсатында орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдарда эвакуация, эвакуациялық-қабылдау комиссиялары құрылады.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      17-1-бап. Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік
                бақылау

      1. Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
      Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау жөнiндегi Бас мемлекеттік инспекторы;
      Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау жөнiндегi Бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары;
      Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау жөнiндегi мемлекеттік инспекторлары;
      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары;
      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторларының орынбасарлары;
      облыстардың, қалалар мен аудандардың Азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары жатады.
      Ескерту. 17-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-тарау. Азаматтық қорғаныс саласындағы Қазақстан
Республикасының орталық, жергілікті өкілді және атқарушы
органдарының, ұйымдарының құзыреті, азаматтарының құқықтары
мен міндеттері

      18-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Азаматтық
               қорғаныс саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғанысына басшылық жасайды;
      азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
      Азаматтық қорғанысты дамыту мен жетiлдiрудiң негiзгi бағыттарын, оны қаржыландыру мен материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету тәртiбiн белгiлейдi;
      республика экономикасының бейбiт және соғыс уақытында жұмыс iстеу орнықтылығын арттыру жөнiндегi шараларды әзiрлеу мен жүргiзуге басшылықты жүзеге асырады;
      қалаларды азаматтық қорғаныс бойынша топтарға, ұйымдарды - санаттарға жатқызу тәртiбi мен өлшемдерiн бекiтедi;
      Азаматтық қорғаныс жүйесiн бейбiт жағдайдан соғыс жағдайына көшiру, эвакуация шараларын жүргiзу тәртiбiн айқындайды;
      iрi көлемдi авариялар, апаттар мен табиғи зiлзалалар кезiнде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғанысының жекелеген әскер бөлiмдерiн өрiстетуге шешiм қабылдайды;
      өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымензаңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      19-бап. Уәкілетті органның құзыретi

      Уәкілетті орган:
      Азаматтық қорғанысқа тiкелей басшылықты жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдары, ұйымдары, сондай-ақ халқы орындауға мiндеттi азаматтық қорғанысты дайындау және жүргiзу мәселелерi бойынша өз құзыретi шегiнде шешiмдер қабылдайды;
      Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметтерi туралы Ереженi бекiтедi;
      авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзу кезiнде Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерi мен құрамаларын басқаруды ұйымдастырады;
      Қазақстан Республикасының, облыстардың, қалалардың, аудандардың бейбіт және соғыс уақытындағы Азаматтық қорғаныс жоспарын әзірлейді, оны Азаматтық қорғаныстың тиісті бастықтарына бекітуге табыс етеді және оларды іске асыру жөніндегі басшылықты жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғанысының әскер бөлiмдерiнiң жауынгерлiк және мобилизациялық әзiрлiгiн қамтамасыз етедi;
      Азаматтық қорғаныстың инженерлiк-техникалық iс-шараларының көлемi мен мазмұнын қалаларды және шаруашылық объектiлерiн санаттарға бөлу дәрежесiне байланысты бекiтедi;
      Азаматтық қорғаныс саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      халықты құлақтандырудың және байланыстың республикалық жүйесін дереу пайдалануға, оны жарақтандыру мен дамытуға тұрақты дайындық жасайды және оны қамтамасыз етеді;
      Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
      осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2000.05.05 № 48, 2006.07.07 № 183, 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.12.04 № 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 № 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, ҚР 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      20-бап. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң
               Азаматтық қорғаныс саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi:

      Уәкілетті органды, ал жергiлiктi әскери басқару органдары арқылы уәкілетті органның аумақтық органдарын тиiстi әзiрлiк деңгейiне келтiру туралы, сондай-ақ мобилизация жариялау туралы құлақтандырады;
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары негiзiнде азаматтарды Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс жүйесiне мiндеттi әскери қызметке шақыруды, әскери қызметшiлердi запасқа шығаруды, тiзiмдегi құрамды оқу жиындарына шақыруды, сондай-ақ мобилизация бойынша азаматтарды шақыруды жүргiзедi;
      Уәкілетті органды, оның аумақтық органдарын, Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерi мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдарды әскерге шақырылатын құраммен және мобилизациялық ресурстармен жасақтауды, офицерлердi запастан әскери қызметке шақыруды (қабылдауды) жүзеге асырады;
      халық пен аумақтарды осы заманғы зақымдау құралдарын қолданудың зардаптарынан қорғау жөнiндегi, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың зардаптарын жою жөнiндегi мiндеттердi шешу кезiнде уәкілетті органмен өзара iс-қимыл жасайды;
      осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2000.05.05 № 48, 2006.07.07 № 183, 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      21-бап. Қазақстан Республикасы орталық атқарушы
               органдарының Азаматтық қорғаныс саласындағы
               құзыретi

      Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары азаматтық қорғаныс саласында:
      азаматтық қорғаныс жоспарларын жасайды, салаларда азаматтық қорғанысқа басшылықты жүзеге асырады;
      Азаматтық қорғаныс күштерi мен құралдарын, басқару, құлақтандыру және байланыс жүйелерiн құрады және тұрақты әзiрлiк жағдайында ұстайды;
      Азаматтық қорғаныс құрамаларын дайындауды және сала қызметкерлерiн осы заманғы зақымдау құралдарынан қорғану әдiстерiне және төтенше жағдайлар кезiнде iс-қимыл жасауға үйретудi ұйымдастырады;
      ведомстволық бағыныстағы ұйымдарда авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзудi ұйымдастырады және оларға басшылық етедi;
      осы заманғы зақымдау құралдарын қолдану қатерi төнген және олар қолданылған жағдайда, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде сала қызметкерлерiн қорғау жөнiндегi шараларды жоспарлайды және жүргiзедi;
      бейбiт және соғыс уақытында саланың тұрлаулы жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қолданады;
      қызметкерлер мен олардың отбасыларын эвакуациялауға әзiрлеу және оны ұйымдастыру жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
      азаматтық қорғаныс мүдделерi үшiн ведомстволық бағыныстағы ұйымдарда материалдық-техникалық, азық-түлiк, медициналық және өзге де ресурстардың қорларын құрып, оларды күтiп ұстайды және олардың жинақталуына, сақталуына, жаңартылып отыруына және қолдануға дайын тұруына бақылау жасауды жүзеге асырады;
      осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.07.07 № 183, 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       22-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
                астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы
                органдарының Азаматтық қорғаныс саласындағы
                құзыретi

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары өз құзыретін өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
      уәкілетті органның аумақтық органдарымен бірлесіп, ведомстволық бағынысты аумақта орналасқан ұйымдардың Азаматтық қорғаныс іс-шараларын орындауын ұйымдастырады;
      Азаматтық қорғаныстың басқару органдарын, күштерi мен құралдарын әзiрлеудi және дайындық жағдайында ұстауды, олардың адам құрамымен жасақталуын, қажеттi техникамен, арнаулы жабдықпен, суда құтқару және басқа да кезек күттірмейтiн жұмыстар жүргiзуге арналған құралдармен жарақтандырылуын қамтамасыз етедi;
      уәкілетті органның аумақтық органдарымен бірлесіп, кезек күттірмейтін жұмыстарды ұйымдастырады және жүргізеді, эвакуациялық іс-шаралардың жүргізілуін қамтамасыз етеді;
      осы заманғы зақымдау құралдары қолданылған жағдайда халықтың тiршiлiгiн бiрiншi кезекте қамтамасыз етуге кепiлдiк беретiн Азаматтық қорғаныс мүлкiнiң, материалдық-техникалық, азық-түлiк, медициналық және өзге де ресурстардың көлемiн айқындайды және олардың жинақталуы, сақталуы, жаңартылып отыруы және әзiрлiк жағдайында ұсталуы үшiн жауап бередi;
      ведомстволық бағыныстағы аумақта Азаматтық қорғаныстың жай-күйiне жауап бередi;
      жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.20 № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10 № 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2008.12.04 № 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       23-бап. Ұйымдардың Азаматтық қорғаныс саласындағы
               құзыретi

      Ұйымдардың басшылары:

      бейбiт және соғыс уақытында арналған азаматтық қорғаныс жоспарларын жасайды және оларды iске асыру жөнiндегi басшылықты жүзеге асырады;

      жұмыс iстейтiн адамдарды, шаруашылық жүргiзу объектiлерiн осы заманғы зақымдау құралдарының, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың әсерiнен қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;

      ұйымдардың бейбiт және соғыс уақытында орнықты жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi;

      Азаматтық қорғаныс құрамаларын құрады және оларды әзiрлiк жағдайында ұстайды, оларды машықтандырылған мамандармен жасақтауды және авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзуге арналған қажеттi техникамен, құралдармен жарақтандыруды қамтамасыз етедi;

      қызметкерлерді, сондай-ақ ықтимал қауiптi объектiлердегi авариялардан зақым келуi мүмкiн аймақтарда тұратын халықты азаматтық қорғанысқа оқытуды жүзеге асырады;

      өз объектiлерiнде авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзудi ұйымдастырады;

      жергiлiктi құлақтандыру жүйелерiн, ұжымдық және жеке қорғану құралдарын құрады және оларды тұрақты әзiрлiк жағдайында ұстайды;

      қызметкерлердің азаматтық қорғаныс бойынша мiндеттерiн орындауы үшiн оларға қажеттi жағдайлар жасайды;

      соғыс уақытында және төтенше жағдайларда Азаматтық қорғаныс мiндеттерiн орындау үшiн заңда белгiленген тәртiппен көлiк, материалдық құралдар, аспаптар мен жабдықтар бередi.
      Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      24-бап. Қазақстан Республикасы аумағында тұратын
               азаматтардың Азаматтық қорғаныс жөнiндегi
               құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары, республика аумағында тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар:

      осы заманғы зақымдау құралдарын қолданудың табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарынан өзiнiң өмiрi мен денсаулығын қорғауға құқылы;

      азаматтық қорғаныс мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан жағдайда қаза тапқандардың отбасыларына Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес материалдық және өзге де төлемдер төленедi.

      2. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар:

      Азаматтық қорғаныс шараларын орындауға қатысуға, сондай-ақ азаматтық қорғаныс бойынша оқудан өтуге;

      "Баршаңыздың назарыңызға!" деген дабыл беру бойынша iс-қимыл  жасаудың тәртiбiн, ұжымдық және жеке қорғану құралдарын пайдаланудың ережесiн, қорғанудың негiзгi әдiстерi мен зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәсiлдерiн бiлуге және орындауға;

      Азаматтық қорғаныс объектiлерi мен мүлкiне ұқыпты қарауға;

      соғыс уақытында және төтенше жағдайларда азаматтық қорғаныс  мiндеттерiн орындау үшiн заңда белгiленген тәртiппен жеке пайдалануындағы көлiк құралдарын, аспаптар мен жабдықтарды беруге мiндеттi.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

6-тарау. Азаматтық қорғаныс қажеттерін материалдық-техникалық
жағынан қамтамасыз ету.
Азаматтық қорғаныс объектілері мен мүлкі

      25-бап. Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiнiң
               негiзгi қорлары

      1. Әскери қалашықтардың тұрғын үй-жайлары мен басқа құрылыстары, Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiнiң оқу объектiлерi, материалдық-оқу базасы, материалдық және техникалық құралдары мемлекеттiк меншiк болып табылады және олар Азаматтық қорғаныс бөлiмдерiнiң негiзгi қорларын құрайды. Азаматтық қорғаныс бөлiмдерi аталған және өзiне бөлiнген өзге де мүлiкке қатысты жедел басқару құқығын пайдаланады.

      2. Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерiнiң орналасуына және тұрақты жұмыс iстеуiне арналған жер мен үй-жайлар, қоймалар мен басқа да объектiлер оларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тұрақты немесе уақытша пайдалануға берiледi.

      3. Азаматтық қорғаныстың әскер бөлiмдерi жер пайдалануды, әуе кеңiстiгi мен су айдынын пайдалануды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

      26-бап. Азаматтық қорғаныс объектiлерi мен мүлкi

      1. Азаматтық қорғаныс объектiлерi мен мүлкiне: Қазақстан Республикасының барлық деңгейдегi мемлекеттiк органдарының, жергiлiктi атқару органдарының қорғалған ғимараттар мен жер бетiндегi үйлер кешенiн қамтитын басқару пункттерi, жеке тұрған және қосып салынған Азаматтық қорғаныс баспаналары, Азаматтық қорғаныстың радиациядан қорғану панаханалары, Азаматтық қорғаныс мүлкiн сақтауға арналған қойма үй-жайлары, жеке қорғану құралдары, радиациялық, химиялық барлау мен дозиметрлiк бақылау аспаптары, арнаулы өңдеу аспаптары, Азаматтық қорғаныстың қорғану ғимараттарының ауасын сүзгiлiк-желдету және қайта генерациялау құралдары, жеке медициналық қорғану құралдары, байланыс пен құлақтандыру құралдары және мемлекеттiң меншiгi болып табылатын, сондай-ақ тиiстi органдардың бюджет қаражаты, ұйымдардың Азаматтық қорғаныс мүдделерiнде пайдалануға арналған қаражаты есебiнен жасалған немесе сатып алынған басқа да материалдық-техникалық құралдар жатады.

      2. Азаматтық қорғаныс шараларын қамтамасыз ету үшiн облыстарда, аудандарда, қалаларда, қалалардағы аудандарда, орталық және жергiлiктi атқарушы органдарда, ұйымдарда Азаматтық қорғаныс мүлкiнiң қоры құрылады.

      3. Азаматтық қорғаныс объектiлерi мен мүлкi иеліктен шығаруға жатпайды.

      4. Ұйымдардың басқару құрылымдары мен шаруашылық қызметiнiң нысандары өзгерген жағдайда Азаматтық қорғаныс объектiлерi мен мүлкiнiң мақсатты бағыты, сондай-ақ оларды құру мен жинақтау жөнiндегi тапсырмалар солардың мойнында сақталады.

      5. Азаматтық қорғаныс объектiлерiн құру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      27-бап. Азаматтық қорғаныс қажеттерiн
               материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету

      Азаматтық қорғаныс қажеттерiн материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету Азаматтық қорғаныс шараларын қаржыландыруға, Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс бөлiмдерiн ұстауға бөлiнетiн қаражат есебiнен жүзеге асырылады.

7-тарау. Азаматтық қорғаныс шараларын қаржыландыру көздері.
Уәкілетті органның әскери қызметшілері мен басқа да
санаттағы қызметкерлерінің құқықтары, мәртебесі

      Ескерту. 7-тараудың атауы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2000.05.05 № 48 Заңымен.

      28-бап. Азаматтық қорғаныс шараларын қаржыландыру

      1. Азаматтық қорғаныс шараларын қаржыландыру бюджет қаражаты және ұйымдардың өз қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      2. Азаматтық қорғаныс шараларын қаржыландыру азаматтардың ерiктi жарналарының, қорлардың, дiни және қоғамдық бiрлестiктердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылуы мүмкiн.
      3. алынып тасталды
      Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      29-бап.
      Ескерту. 29-бап алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      29-1-бап. Уәкілетті орган әскери қызметшілерінің
                 құқықтары, мәртебесі

      1. Уәкілетті органда, оның аумақтық органдарында, ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінде әскери қызмет өткеріп жүрген адамдар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мәртебені иеленеді және құқықтар мен жеңілдіктерді пайдаланады.

      2. Қазақстан Республикасы уәкілетті органының, оның аумақтық органдарының, ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері әскери атақтарына сәйкес айырым белгілері бар әскери нысанды киім (киім-кешек) киіп жүреді.

      Азаматтық қорғаныстың басқа санаттағы қызметкерлерінің әскери киім нысаны мен айырым белгілерінің жекелеген заттарын, сондай-ақ нысанды киім (киім-кешек) киіп жүру ерекшеліктерін уәкілетті органның бірінші басшысы белгілейді.
      Ескерту. 29-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.05.05 № 48, өзгерту енгізілді - 2007.05.22 № 255, 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

8-тарау. Қорытынды ережелер

      30-бап. Азаматтық қорғаныс шараларын орындауға
               тартылатын адамдарды сақтандыру және олар қаза
               тапқан немесе мертiккен жағдайда шеккен залалын
               өтеу

      Азаматтық қорғаныс шараларын орындауға және аварияларға, апаттарға, табиғи және өзге де зiлзалаларға байланысты төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға тартылатын адамдарды сақтандыру және олар қаза тапқан немесе мертiккен жағдайда шеккен залалын өтеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      31-бап. Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс
               саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      Осы Заңды және Азаматтық қорғаныс саласындағы басқа да нормативтiк актiлердi орындамауға байланысты құқыққа қарсы әрекет жасаған немесе әрекетсiздiкке жол берген Қазақстан Республикасының лауазымды адамдары мен азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      32-бап. Азаматтық қорғаныс саласындағы халықаралық
               ынтымақтастық

      1. Азаматтық қорғаныс саласындағы халықаралық ынтымақтастық:
      азаматтық қорғаныс жөнiндегi халықаралық жобаларға қатысуды, осы салада ғылыми-техникалық жетiстiктердiң еркiн алмасылуын жүзеге асыруды;
      Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға Азаматтық қорғаныс күштерiн тартуды көздейдi, оларды тарту халықаралық шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңда белгiленгеннен өзгеше нормалар көзделсе, халықаралық шарттардың нормалары қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады