"Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiнiң құқықтық мәртебесi туралы келiсiмді бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 27 қыркүйектегі N 950 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiнің құқықтық мәртебесі туралы келiсiмдi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды
тұлғалары мен қызметкерлерiнің құқықтық мәртебесi туралы
келiсiмдi бекiту туралы

      2003 жылғы 25 сәуiрде Мәскеу қаласында жасалған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiнiң құқықтық мәртебесi туралы келiсiм бекiтілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

  Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды
тұлғалары мен қызметкерлерiнің құқықтық мәртебесi туралы
КЕЛIСIМ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын үкіметтерi арқылы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер,
      Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығын (бұдан әрi - Достастық) құру туралы құрылтайшылық құжаттардың мақсаттары мен принциптерiне өздерiнiң адалдықтарын қуаттай отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға бiрдей танылған принциптерi мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің құқықтық мәртебесiн анықтауға қатысты бiрыңғай көзқарасты қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, сондай-ақ Достастық органдары қызметінің тиiмдiлігін арттыруға жәрдем көрсетугe тілек бiлдiре отырып,
       төмендегілер туралы келiсті:

  1-бап

      Осы Келiсiмнің мақсаттары үшін төменде келтiрiлген терминдер мыналарды бiлдiредi:
      "Достастық органдары" - Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының 1993 жылғы 22 қаңтардағы Жарғысына, Достастық шеңберiнде жасалған халықаралық шарттарғa, Мемлекеттер басшылары кеңесiнiң немесе Үкіметтер басшылары кеңесiнiң шешімдерiне сәйкес Достастыққа қатысушы мемлекеттер құрған не осы сипатта құрылатын, тұрақты жұмыс iстейтiн аппараты бар және Достастық органдарының бiрыңғай бюджетiнен қаржыландырылатын органдар;
      "өкiлдiк орналасқан мемлекет" - аумағында Достастықтың органы немесе оның бөлiмшесi орналасқан мемлекет;
      "лауазымды тұлғалар" - әрбiр Тарапқа бекiтiлген лауазымдар квотасына сәйкес Тараптардың ұсынысы бойынша Достастық органдары бекiтетін тұлғалар;
      "қызметкерлер" - жасалатын еңбек шарттарының немесе келiсiм-шарттардың негiзiнде Достастық органдарында мамандар ретiнде жұмыс iстейтiн адамдар (әкiмшілік-техникалық персоналды қоспағанда);
      "әкiмшiлiк техникалық персонал" - Достастық органдарының жұмысына әкімшілік-техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын адамдар;
      "отбасы мүшелерi" - жұбайы (зайыбы), жасы кәмелетке толмаған балалар және Достастық органының лауазымды тұлғасының немесе қызметкерiнiң асырауындағы және онымен тұрақты түрде бiрге тұратын адамдар.

  2-бап

      Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi халықаралық қызметкерлерге теңестiрiледi. Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi ресми функцияларын атқаруы кезiнде Тараптардың өкiмет органдарынан немесе ресми тұлғаларынан, сондай-ақ осы Келiсiмнiң қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттердiң өкiмет орындарынан нұсқау алмайды немесе ала алмайды.
      Әрбiр Тарап Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiнің мәртебесiн құрмет тұтуға және өздерiнің ресми функцияларын атқаруы кезiнде оларға ықпал етпеуге мiндеттенедi.

  3-бап

      Өкілдік орналасқан мемлекеттiң азаматтары болып табылмайтын немесе онда тұрақты түрде тұрмайтын Достастық органдарының лауазымды тұлғалары:
      1) лауазымды тұлғалар ретiнде өздерi айтқан немесе жазған және жасаған барлық iс-әрекеттерi үшін өкiлдiк орналасқан мемлекеттiң соттық немесе әкiмшілік органдарының юрисдикциясына жатпайды, бұған мынадай:
      а) лауазымды тұлға басқаратын көлік құралынан туындаған оқиғаға байланысты залалдың орнын толтыру туралы аталған тұлғаға, егер мұндай залалдың орнын толтыру сақтандыру төлемiнiң есебiнен мүмкiн болмаса, азаматтық талап қойылған;
      б) осы лауазымды тұлғаның әрекетiне немесе әрекетсiздігіне байланысты жеке адамның өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы лауазымды тұлғаға талап қойылған;
      в) осы лауазымды тұлға көтерген азаматтық талапқа тiкелей байланысты қарсы талап лауазымды тұлғаға қойылған жағдайлар қосылмайды;
      2) Достастық органы төлейтiн жалақысы және өзгe де сыйақылары салық салудан босатылады;
      3) иммиграцияға қатысты шектеулерден және шетелдiктер ретiнде тіркелуден босатылады;
      4) осындай орындар үшін бөлінгенінен тысқары жерлерде сақтағаны немесе тиiсті кедендiк органның жұмысынан тыс уақытта және осыған ұқсас қызмет көрсетулердi кедендiк ресiмдегені үшін алымдарды қоспағанда, алғашқы кезде үйдiң керек-жарағына арналған мүліктер мен заттар үшін кедендiк баждарды, салықтарды және осыған байланысты алымдарды төлеуден босатылады;
      5) халықаралық дағдарыстар уақтысында репатриация бойынша дипломатиялық өкілдep қандай жеңiлдiктердi пайдаланса, тап сондай жеңiлдiктердi пайдаланады.
      Өкiлдiк орналасқан мемлекеттің азаматтары болып табылатын немесе онда тұрақты түрде тұратын Достастық органдарының лауазымды тұлғаларына 1-тармақ қолданылады.
      Өкiлдiк орналасқан мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын немесе онда тұрақты түрде тұрмайтын лауазымды тұлғалардың отбасы мүшелерiне 3) және 5)-тармақтар қолданылады.

  4-бап

      Достастық органдарының қызметкерлерi:
      1) өздерiнiң ресми функцияларын тiкелей орындау кезiнде жасаған iс-әрекеттерiне қатысты өкілдік орналасқан мемлекеттің соттық немесе әкiмшілік органдарының юрисдикциясына жатпайды, бұған мынадай:
      а) қызметкер басқаратын көлiк құралынан туындаған оқиғаға байланысты залалдың орнын толтыру туралы аталған адамға, егер мұндай залалдың орнын толтыру сақтандыру төлемiнiң есебiнен мүмкін болмаса, азаматтық талап қойылған;
      б) қызметкердiң әрекетіне немесе әрекетсiздiгiне байланысты жеке адамның өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы қызметкерге талап қойылған;
      в) қызметкер көтерген азаматтық талапқа тiкелей байланысты қарсы талап қызметкерге қойылған жағдайлар қосылмайды;
      2) иммиграцияға қатысты шeктеулерден және шетелдiктер ретiнде тiркелуден босатылады.

  5-бап

      Мемлекеттік қауіпсiздiк түсінігі бойынша, егер бұл кіру тыйым салынған немесе реттелетiн аймақтар туралы өкiлдiк орналасқан мемлекеттің заңнамасына қайшы келмесе, лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер өздерiнiң ресми функцияларын орындау үшін қаншалықты қажет болса, соншалықты деңгейде өкілдік орналасқан мемлекеттiң аумағы бойынша жүріп-тұру еркiндiгiн пайдаланады.

  6-бап

      Лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi өкiлдiк орналасқан мемлекеттің заңнамасын сақтай отырып, өздерiне тиесiлi көлiк құралдарын үшiншi адамдар алдындағы жауапкершілiктен сақтандыруы тиіс.

  7-бап

      Достастықтың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi ғылыми, шығармашылық және оқытушылық қызметтерді есептемегенде, кез келген басқа қызметпен айналыспауы тиіс.
      Осы Келiсiмнiң 3-бабына сәйкес өкілдiк орналасқан мемлекетте салық салудан босатылатын лауазымды тұлғалар, ғылыми, шығармашылық немесе оқытушылық қызметтен кірiстер алған жағдайда, осы қызметтерiнен түскен жиынтық кірiсті мәлiмдейдi және өкілдiк орналасқан мемлекеттің заңнамасына сәйкес сол кірісiнен салықтар төлейдi.

  8-бап

      Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi пайдаланатын артықшылықтар мен иммунитеттер, оларға жеке бас пайдасы үшiн емес, Достастықтың мүдделерi жолында өздерiнiң ресми функцияларын тиiмдi, тәуелсiз орындауы үшін берiледi.

  9-бап

      Осы Кeлiciмгe сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланатын барлық адамдар өкiлдiк орналасқан мемлекеттің заңдары мен ережелерiн құрмет тұтады. Олар сондай-ақ осы мемлекеттің iшкi iстерiне араласпайды.

  10-бап

      Лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер Тараптардың аумақтарында қызметтік куәліктерiн пайдаланады, оларды Тараптардың өкімет органдары осы адамдардың мәртебесiн куәландыратын құжаттар ретiнде таниды.
      Өкiлдiк opналасқан мемлекеттің құзыретті органдары ұлттық заңнамаға сәйкес, өкілдiк орналасқан мемлекеттiң азаматтары болып табылмайтын лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiне осы Келісімде белгiленген артықшылықтар мен иммунитеттерге арналған құқықтарын растайтын құжаттар бередi.

  11-бап

      Лауазымды тұлғалар, қызметкерлер және олардың отбасы мүшелерi осы Келiсімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттердi, өзi тағайындалған орынға жол жүру кезiнде өкілдік орналасқан мемлекеттiң аумағына келген cәттен бастап немесе олар ocы аумақта жүрген болса, өздерінің мiндеттерін орындауға кіріскен сәттен бастап пайдаланады.
      Лауазымды тұлғаларға немесе қызметкерлерге берiлген артықшылықтар мен иммунитеттер, олардың Достастық органындағы қызметі тоқтатылған жағдайда: өкілдік орналасқан мемлекеттің азаматтары бoлып табылатын немесе өкiлдiк орналасқан мемлекеттiң аумағында тұрақты тұрғын орны бар адамдар үшін - олар қызметтен босатылған күннен бастап, ал қалған адамдар үшiн - олар өкiлдiк орналасқан мемлекеттің аумағын тастап шыққан cәттен бастап немесе олар қызметінен босатылған күннен бастап 30 күннен кешiктiрiлместен қолданысын тоқтатады.

  12-бап

      Достастық органының басшысы жіберушi Тараппен келiсiмi бойынша лауазымды тұлғаға берiлген иммунитеттен, сондай-ақ оның пiкiрi бойынша иммунитет сот әділдігін жүзеге асыруға кедергі келтiретiн жағдайда және иммунитеттен бас тарту оның берiлуiне байланысты мақсаттарға нұқсан келтiрмейтiн жағдайда, иммунитеттен бас тарта алады.
      Достастық органының басшысына қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы ТМД Yкіметтері басшыларының кеңесiне тиесілі.

  13-бап

      Достастық органдарында жұмысы тоқтатылғаннан кейiн лауазымды тұлғалар, өздерiн Достастық органдарына жұмысқа жiбepгeнгe дейiн айналысқан бұрынғы қызметтерiне немесе ондай қызметтер болмаса, тең дәрежелi қызметтерге орналасу құқығымен, аталған тұлғаларды Достастық органдарына жұмысқа жіберген Тараптардың қарамағына қайтады.

  14-бап

      Өкiлдiк орналасқан мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер оның аумағында жүрген кезде коммуналдық және тұрмыстық қызмет көрсетулердiң, қонақүй мен көліктік қызмет көрсету түрлерінің төлемi бойынша өкілдік орналасқан мемлекеттiң азаматтары сияқты тиістi құқықтарды пайдаланады.

  15-бап

      Достастық органындағы жұмысы уақтысында қызметкерлердi медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету өкiлдiк орналасқан мемлекеттiң тиiстi мекемелерiмен жасалған шарттардың негiзінде Достастық органдарының қаражаты ecебiнен жүргiзiледi.

  16-бап

      Лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердiң еңбек қатынасы Достастық органдары туралы ережелермен және Достастық шеңберiнде қабылданған өзгe де нормативтік құқықтық актiлермен peттeледі, аталған құжаттар өкiлдiк орналасқан мемлекеттiң Конституциясына және еңбек заңнамасының негiзгі принциптеріне қайшы келмеуi тиiс.
      Егер лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердiң қандай да бiр еңбек қатынасы Достастық шеңберiнде қабылданған нормативтік құқықтық актiлермен реттелмеген болса, онда өкiлдiк орналасқан мемлекеттiң еңбек заңнамасы қолданылады.
      Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамтамасыз ету өздepi азаматтары болып табылатын Тараптар заңнамасы бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте ұлттық заңнамамен белгіленген зейнетақымен қамтамасыз ету - Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi азаматтары болып табылатын Тараптардың тиiстi қорларына аталған органдардың бiрыңғай бюджетінен Достастық органдарының ақша аударуы арқылы жүргiзіледi. Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiне зейнетақы төлеу жөнiндегі шығыстарды олар азаматтары болып табылатын Тараптар көтередi.
      Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiн және олардың отбасы мүшелерiн әлеуметтiк сақтандыру (қамтамасыз ету) жөніндегi жәрдемақыларды тағайындау мен төлеу аумақтарында Достастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi жұмыс iстейтiн немесе отбасы мүшелерi жұмыс iстейтiн (тұратын) Тараптардың ұлттық заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Әлеуметтік сақтандыру жөнiндегi жәрдемақыларды төлеуге қатысты шығыстаp өкiлдiк орналасқан мемлекеттің тиiстi қорларына Достастық органдарының бiрыңғай бюджеті қаражатынан қаржы аудару есебiнен жүзеге асырылады.
      Лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердiң жұмыс уақтысы, сондай-ақ лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер жұбайларының (осы мемлекеттiң азаматтары болып табылмайтын) өкiлдiк орналасқан мемлекеттің аумағында болу уақтысы олар азаматтары болып табылатын немесе аумағында тұрақты тұратын Тараптардың заңнамаларына сәйкес олардың еңбек өтіліне есептеледi.

  17-бап

      Достастықтың Экономикалық Сотының судьяларына және олардың отбасы мүшелерiне осы Келiсiмнiң mutatis mutandis қағидасы қолданылады, өйткенi Достастықтың Экономикалық Сотының қызметiн реттейтін арнайы нормативтік құқықтық актілерде осы Келiсімде көзделгеніне қарағанда өзге қағидалар жоқ.

  18-бап

      Осы Келiсiмдi қолдануға немесе түсiндiруге байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келiссөздерi арқылы шешіледi.
      Осы Келiсiмнiң қағидалары мен Достастық шеңберiнде бұрын қабылданған құжаттар арасында қарама-қайшылық туындаған жағдайда осы Келісім қолданылады.

  19-бап

      Осы Келiсiм бекiтілуге жатады. Бекiту грамоталары депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Осы Келiсiм депозитарийге үшінші бекiту грамотасы сақтауға тапсырылған күннен бастап күшіне енедi.

  20-бап

      Осы Келiсiмге барлық Тараптардың келiсiмiмен өзгерiстер немесе толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келiсiмнiң 19-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетiн жекелеген хаттамалармен ресiмделедi. Өзгерістер туралы ұсынысты кез келген Тарап енгізе алады.

  21-бап

      Осы Келiсiм оның мақсаттары мен принциптерін бөлiсетiн Достастыққа қатысушы кез келген мемлекеттiң оған қосылуы үшін ашық. Қосылғаны туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады. Қосылып жатқан мемлекет үшін осы Келiсiм қосылғаны туралы құжатты депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшінe енедi.

  22-бап

      Тараптардың кез келген депозитарийді жазбаша түрде хабарландыру арқылы осы Келiсiмнен шыға алады.
      Осы Келісімнің қолданысы депозитарий осындай хабарландыруды алған күннен бастап 6 ай өтiсімен осы Тарапқа қатысты тоқтатылады.

      Мәскеу қаласында 2003 жылғы 25 сәуiрде бiр түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетiнде сақталады, ол осы Келiсiмге қол қойған әрбiр мемлекетке оның куәландырылған көшірмесiн жiбередi.

       Әзiрбайжан Республикасының           Молдова Республикасының
      Үкіметi үшiн                         Үкіметi үшiн

      Армения Республикасының              Ресей Федерациясының
      Үкіметi үшiн                         Үкіметi үшiн

      Беларусь Республикасының             Тәжiкстан Республикасының
      Үкіметi үшiн                         Үкіметi үшiн

      Грузияның                            Түрікменстанның
      Үкіметi үшiн                         Үкіметi үшiн

      Қазақстан Республикасының            Өзбекстан Республикасының
      Үкіметi үшiн                         Үкіметi үшiн

      Қырғыз Республикасының               Украинаның
      Үкіметi үшiн                         Үкіметi үшiн

  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды
тұлғалары мен қызметкерлерінiң құқықтық мәртебесі туралы
келiсімге Әзiрбайжан Республикасының
ЕСКЕРТПЕСI

      17-баптың ережелерi 1992 жылғы 6 шілдедегi Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының мәртебесi туралы келiсiмге Әзiрбайжан Республикасы қосылғаннан кейiн күшіне енедi.

       Әзірбайжан Республикасы
     Премьер-министрiнiң Бiрiншi орынбасары

  ТМД Yкіметтері басшыларының кеңесі
күн тәртібінiң 7-тармағы бойынша
Украинаның мәлімдемесі

      "Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiнің құқықтық мәртебесі туралы келісім туралы"
                                               2003 жылғы 25 сәуір

      Украинаның Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiнiң құқықтық мәртебесi туралы келiсiмге қол қоюы Украинаның Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының халықаралық субъективтілiк құқығын мойындағанына әкеп соқпайды.

       Украинаның Премьер-министрi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады