Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттер үшiншi елдермен саудада қолданатын тарифтiк жеңiлдiктер туралы хаттама жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 27 қыркүйектегі N 952 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттер үшiншi елдермен саудада қолданатын тарифтiк жеңiлдiктер туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттер үшіншi елдермен саудада қолданатын тарифтік жеңiлдіктер туралы хаттама жасалсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше
мемлекеттер үшiншi елдермен саудада қолданатын
тарифтiк жеңiлдiктер туралы
хаттама

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Үкiметі, Қырғыз Республикасының Yкiметі, Ресей Федерациясының Үкiметi және Тәжiкстан Республикасының Yкiметі,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразия экономикалық қоғамдастығын бекіту туралы  шартты басшылыққа ала отырып,
      1999 жылғы 26 ақпандағы Кедендiк одақ және Бiртұтас экономикалық кеңістік туралы  шарттың ережелерін icке асыра отырып,
      үшіншi елдерге қатысты келiсiлген сауда саясатын жүргiзуге ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келістi:

  1-бап

      Еуразия экономикалық қоғамдастығына (бұдан әрi - ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердiң сауда саясатын iске асыру кезiнде өзаралылық шарттарында немесе бiр жақты тәртіппен берiлетiн, ЕурАзЭҚ-тың Жалпы кедендiк тарифiмен және ұлттық экспорттық тарифтермен салыстырғанда үшiншi елдерден тауарды әкелу (әкету) кезінде тауарға кедендiк бажы жеңiлдiкпен салу түсініледi.

  2-бап

      Қолданылатын тарифтік жеңiлдіктердiң (тарифтiк преференциялардың) негізгi түрлерi:
      1) кеден бажын төлеуден босату;
      2) кеден бажының ставкасын төмендету;
      3) тауарды преференциялық әкелуге (әкетуге) тарифтiк квоталарды белгiлеу.

  3-бап

      Осы Хаттама Тараптардың үшiншi елдерден тауарлардың импортына (экспортына) қатысты тарифтiк жеңілдiктердi қолдану тәртiбiн айқындайды.
      Тараптар ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң сыртқы сауда қызметiн мемлекеттiк реттеу қағидатына және атап айтқанда, сыртқы сауда қызметiне қатысушыларды кемсiтпеушілік қағидатына сәйкес тарифтiк жеңiлдiктер жeкe сипатта бола алмайды деп белгiледi.

  4-бап

      Тараптар оларға қатысты ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер тарифтiк жеңiлдiктердi (қосымша) қолданатын Тауарлар мен көлiк құралдарының бiрыңғай тiзбесi негiзiнде ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кедендiк аумағына осы жеңілдiктердiң берiлуiне байланысты мақсаттарда пайдаланылатын тауарлар мен көлiк құралдарының экспорты және (немесе) импорты кезiнде тарифтiк жеңілдiктердi қолданады.
      Оларға қатысты ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер тарифтік жеңiлдiктердi қолданатын Тауарлар мен көлiк құралдарының бiрыңғай тiзбесiне енгізiлген тауарларды әкелу және (немесе) әкету кезінде қолданылатын тарифтік жеңілдiктердің түрлерi және тарифтік жеңiлдiктердi қолдану тәртiбi ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң заңнамасымен айқындалады.

  5-бап

      Тараптар кедендік бажды төлеуден босату, кеден бажының ставкасын төмендету не неғұрлым нашар дамыған немесе дамушы мемлекеттерден шығатын тауарларды преференциалды әкелуге тарифтік квотаны бекiтуден босату түрiндегi тарифтiк жеңiлдiктердi жекелеген хаттамалар шеңберiнде бередi.

  6-бап

      Осы Хаттама олар қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  7-бап

      Осы Хаттамаға өзгерiстер мен толықтырулар Тараптардың өзара келiсiмi бойынша енгізіледі және осы Хаттаманың ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді.

  8-бап

      Осы Хаттаманы түсіндiру және (немесе) қолдану туралы Тараптар арасында даулар туындаған жағдайда, олар Тараптар арасындағы келiссөздер немесе консультациялар жолымен, ал қажет болған жағдайда ЕурАзЭҚ Сотымен шешілетін болады.

  9-бап

      Осы Хаттама ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарийге Тараптардың оның күшіне енуiне қажетті мемлекетішілік ресiмдердi орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны тапсырған күнiнен бастап күшіне енедi.
      Осы Хаттама белгiленбеген мерзiмге жасалады.
      Тараптардың әрқайсысы бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жiбере отырып, осы Хаттамадан шыға алады. Осы Хаттаманың қолданылуы мұндай Тарап үшін депозитарий жазбаша хабарлама алған күннен бастап алты айдан кейiн тоқтатылады.

      200__ "___" ___________  ________ қаласында орыс тілінде бiр түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы оның куәландырылған көшірмесiн әрбiр Тарапқа жiберетiн депозитарийде сақталады.

       Беларусь                 Қазақстан             Қырғыз
      Республикасының          Республикасының       Республикасының
      Үкiметi үшін             Үкiметі үшін          Үкiметі үшін

                 Ресей                     Тәжiкстан
                 Федерациясының            Республикасының
                 Үкiметi үшін              Үкiметi үшін

Үшiншi елдермен саудада 
Еуразия экономикалық   
қоғамдастығына мүше   
мемлекеттер қолданатын 
тарифтiк жеңілдiктер  
туралы хаттамаға     
қосымша         

Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттер
тарифтiк жеңілдiктердi қолданатын тауарлар мен көлiк
құралдарының бiрыңғай тiзбесi

      1. Жүктердi, багаждарды және жолаушыларды тұрақты халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын көлiк құралдары, сондай-ақ материалдық-техникалық жабдықтау заттары және жабдық, отын, азық-түлік және олардың қалыпты пайдаланылуы үшiн жол жүру уақытында, өтпелi аялдама пункттерiнде немесе осы көлiк құралдарының авариясын (сынуын) жоюмен байланысты шетелде сатып алынған қажетті басқа мүлiк.
      2. ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң жеке немесе заңды тұлғаларының теңiз кәсiпшілігін жүргiзетiн кемелердiң, сондай-ақ ЕуАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кедендік аумағына олардың кәсіпшілігі өнімінің ұлттық және жалға алған (фрахталған) қызметiн қамтамасыз ету үшiн ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кедендiк аумағынан тыс әкетілетін материалдық-техникалық жабдықтау заттары және жабдық, отын, азық-түлік және басқа мүлiк.
      3. Шет мемлекеттердiң өкiлдерi, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң халықаралық шарттары немесе олардың заңнамасы негiзінде осындай заттарды бажсыз әкелуге құқығы бар жеке тұлғалар ресми немесе жеке пайдалану үшiн ЕуАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кедендік аумақтарына әкелiнетiн немесе осы аумақтардан әкетілетін тауарлар.
      4. ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң ұлттық валютасы, шетелдiк валюта (нумизматтық мақсат үшін пайдаланылатынын қоспағанда), сондай-ақ ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң заңнаманың және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдеріне сәйкес бағалы қағаздар.
      5. Авариялармен дүлей апаттар мен зұлматтардың, тiлсiз қияпаттардың салдарларын жою мақсатында ізгілік көмек ретiнде ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кедендік аумағына әкелiнетiн және осы аумақтардан әкетілетін тауарлар; тегiн оқу, мектепке дейiнгi және емдеу мекемелеріне арналған oқу құралдары.
      6. Өтеусiз көмек (жәрдем ету) ретiнде ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кедендiк аумақтарына әкелінетін, сондай-ақ мемлекеттердiң, халықаралық ұйымдардың, үкіметтердiң, оның ішінде, техникалық көмек көрсету (жәрдем ету) желiсi бойынша қайырымдылық мақсатында осы аумаққа әкелiнетiн және (немесе) осы аумақтардан әкетілетін тауарлар.
      7. Жарғылық (жинақтамалы) капиталды қалыптастыру үшін құрылтай құжаттарымен белгіленген мерзiм шегінде шетелдiк инвестициялармен коммерциялық ұйымдардың жарғылық (жинақтамалы) капиталына шетелдiк инвестордың салымы ретiнде әкелінетiн негiзгi өндiрiстiк қорларға жататын акциздiк емес тауарлар.
      8. Кеден баждары салудан босатуды көздейтiн кеден режимдерi шеңберінде тасымалданатын тауарлар.
      9. ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң заңнамаларымен белгіленген шарттар мен нормаларды сақтау кезiнде, өндiрiстiк немесе өзге кәсіпкерлiк қызметiне арналмаған, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң кеден аумағына әкелуге не ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің кедендiк аумағынан тысқары әкетуге ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң заңнамаларымен тыйым салынбағанды қоспағанда, жеке тұлғалар тасымалдайтын тауарлар.
      10. Халықаралық шарттарға сәйкес ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер қатысушылар болып табылатын үшіншi елдердегi инвестициялық ынтымақтастық объектілерін салуға арналған кешендi жеткiзулердiң құрамында әкетілетiн тауарлар.
      11. Олардың заңнамасымен көзделген жағдайларда ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң меншiгiне айналдыруға жататын тауарлар.
      12. Мемлекеттік бюджеттердiң мақсатты қаражаты есебiнен немесе ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер үкiметтерінің кепiлiмен тартылған шетелдiк мемлекеттердiң, банктердiң, фирмалардың байланыстырылған кредиттерi есебiнен ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттерде шығарылмайтын жабдық, оның iшiнде жинақтаушылар және оған қосалқы бөлшектер. Осы жеңiлдiктердi қолдану тәртiбi мен шарттары ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң ұлттық заңнамасымен белгiленедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады