Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Монғолия Үкiметi арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 17 қазандағы N 1037 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Монғолия Үкiметi арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевқа Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Монғолия Үкiметі арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттік берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Peспубликасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Монғолия
Үкiметi арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Монғолия Үкiметi,
      1993 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Монғолия Үкiметi арасындағы Достық қарым-қатынас және ынтымақтастық туралы шарттың ережелерiн басшылыққа ала отырып,
      осы Келiсiмнiң үшiншi тұлғалардың мүдделерiн қозғамайтындығын ескере, Тараптардың қорғаныс саласындағы ынтымақтастыққа ұмтылысын дәлелдей отырып,
      тең құқылық және өзара тиiмділiк қағидаттарына негiзделген қорғаныс саласындағы тиiмдi, дәйектi және мақсатқа бағытталған ынтымақтастыққа ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келiстi:

  1-бап
Мақсаты

      Осы Келiсiмнiң мақсаты Тараптар арасында әскери саладағы өзара тиiмдi ынтымақтастықты орнату және одан әрi дамыту болып табылады.

  2-бап
Уәкілетті органдар

      Осы Келісiмдi іске асыру жөнiндегi уәкілеттi органдар мыналар болып табылады:
      қазақстан Тарабынан - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi;
      монғол Тарабынан - Монғолия Қорғаныс министрлігі.

  3-бап
Ынтымақтастық салалары

      Тараптар әскери қызметтiң мынадай салаларында ынтымақтасады:
      1) кадрларды даярлау;
      2) халықаралық бiтiмгершілiк қызмет;
      3) әскери-ғылыми қызмет және әскери тарих;
      4) тылдық қамтамасыз ету, менеджмент, мүлiктi өндiру және олармен қамтамасыз ету;
      5) әскери медицина;
      6) әскери-техникалық қызмет;
      7) сенiм мен қауiпсiздiктi нығайту жөнiндегі шаралар;
      8) өзара мүддені бiлдiретін басқа да бағыттар.

  4-бап
Ынтымақтастық нысандары

      1. Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:
      1) әскери делегациялардың өзара сапарлары;
      2) әскери мамандармен және сарапшылармен өзара алмасу;
      3) әскери оқу орындары арасында байланыс орнату, оқытушылармен, курсанттармен және тәрбиеленушілермен алмасу, оқуды жетiлдіруге бағытталған ақпаратпен және тәжiрибемен алмасу;
      4) бiрлескен оқу-жаттығуларды, семинарларды, симпозиумдар мен конференцияларды ұйымдастыру;
      5) бір Тарап ұйымдастыратын халықаралық сипаттағы спорттық, мәдени және басқа іс-шараларына екiншi Тараптың қатысу мүмкiндiгін қамтамасыз ету;
      6) өзара келісiм бойынша басқа да нысандар.
      2. Тараптар осы Келiсiмдi iске асыруға бағытталған шараларды қабылдайды және оның орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

  5-бап
Екi жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспары

      1. Осы Келісімнің негiзiнде уәкілетті органдар екі жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспарын әзірлейді.
      2. Уәкiлеттi органдар ағымдағы жылдың 15 қазанына дейiн Екі жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспарының жобасына енгiзу үшiн ұсыныстармен алмасады.
      3. Екі жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспары іс-шаралардың атауын, оларды жүзеге асыру нысандарын, өткiзу мерзiмі мен орнын, адамдар санын және іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты басқа мәселелерді қамтиды.
      4. Екi жақты әскери ынтымақтастықтың жылдық жоспарына жоспарды iске асыратын жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанына дейiн Тараптардың уәкілетті органдарының өкілдері қол қояды.

  6-бап
Шығыстар

      Егер әрбiр нақты жағдайда өзгеше тәртiп келiсілмесе, Тараптар осы Келiсiмдi орындауға байланысты барлық шығыстарды өз бетінше көтередi.

  7-бап
Құпиялылық

      1. Тараптар әскери ынтымақтастық және жүзеге асырылатын iс-шаралар барысында алынған ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуге мiндеттенедi. Ынтымақтастық процесiнде берілетін және алынатын ақпарат басқа Тарапқа залал келтiре отырып пайдаланылмайды.
      2. Осы Келiсiмдi iске асыру процесiнде Тараптардың бiрi алған ақпаратты үшіншi тұлғаларға беруге және жұртшылыққа жария етуге мұндай ақпаратты ұсынған Тараптың жазбаша келiсiмiмен ғана жол беріледi.

  8-бап
Басқа халықаралық келiсiмдер бойынша міндеттемелер

      Осы Келiсiм олар қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң мүдделерiне, аумақтарының қауiпсiздігіне және қолсұғылмаушылығына қарсы қолданылмайды.

  9-бап
Өзгерiстер мен толықтырулар енгізу

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге осы Келiсiмнің ажырамас бөлiктерi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделетін өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

  10-бап
Даулар мен келiспеушіліктердi шешу

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру немесе қолдану кезiнде даулар мен келiспеушілiктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келiссөздер жолымен шешетiн болады.

  11-бап
Келiсімнің қолданылу мерзiмі

      Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалады және Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшілiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап күшiне енедi.
      Осы Келісімнің қолданылуы егер Тараптардың ешқайсысы тиiстi мерзiм аяқталғанға дейiн кемiнде алты ай бұрын оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы басқа Тарапқа жазбаша хабарлама жібермесе, келесi жылдық мерзiмдерге өздiгiнен ұзартылады.

      200_ жылғы "__" ________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, монғол және орыс тілдерiнде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердiң күші бiрдей.
      Осы Келісiмнiң ережелерін түсіндіру кезiнде келiспеушілiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

       Қазақстан Республикасының                   Монғолия Yкіметi
      Yкiметі үшiн                                үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады