Гранттарды жоспарлау, тарту және пайдалану тиімділігi мәселелері жөнiндегі үйлестiру кеңесін құру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 19 қазандағы N 1047 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 тамыздағы № 488 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.08.2016 № 488 қаулысымен.

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.26 N 353 Қаулысымен.

      Мемлекеттiк қарыздар мен гранттарды жоспарлау, тарту және пайдалану тиімділігi мәселелерi жөнiндегi үйлестірудi күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қосымшаға сәйкес құрамда Гранттарды жоспарлау, тарту және пайдалану тиімділігі мәселелерi жөнiнде үйлестіру кеңесi құрылсын.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.26 N 353 Қаулысымен.

      2. Қоса беріліп отырған Гранттарды жоспарлау, тарту және пайдалану тиімдiлігі мәселелерi жөнiндегi үйлестіру кеңесi туралы epeжe бекiтiлсiн.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.26 N 353 Қаулысымен.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2005 жылғы 19 қазандағы
N 1047 қаулысына    
қосымша        

 Гранттарды жоспарлау, тарту және пайдалану тиiмдiлігі
мәселелерi жөнiндегi үйлестiру кеңесiнің
құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, төраға
      Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, төрағаның орынбасары
      Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары, хатшы
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы
      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі
      Дүниежүзілік Банктің Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілі (келісім бойынша)
      Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілі (келісім бойынша)
      Азия Даму Банкінің Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің басшысы (келісім бойынша)
      Еуропа Одағының Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің басшысы (келісім бойынша)
      Ислам Даму Банкінің Қазақстан Республикасындағы өңірлік өкілдігінің директоры (келісім бойынша)
      Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттiгiнің Қазақстан Республикасындағы сарапшысы, Жобаларды қалыптастыру жөніндегі кеңесші (келісім бойынша)
      Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің Астана қаласындағы өкілдігінің басшысы (келісім бойынша)
      Түркия халықаралық ынтымақтастық агенттiгiнің Қазақстандағы өкілі (келісім бойынша)
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының тұрақты өкілі (келісім бойынша)
      Америка халықаралық даму агенттiгiнің Астана қаласындағы офисінің басшысы (келісім бойынша)

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң         
2005 жылғы 19 қазандағы 
N 1047 қаулысымен   
бекiтiлген       

  Мемлекеттiк қарыздар мен гранттарды жоспарлау,
тарту және пайдалану тиімділігi мәселелерi жөнiндегі
үйлестiру кеңесi туралы ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттiк қарыздар мен гранттарды жоспарлау, тарту және пайдалану тиімділігі мәселелерi жөнiндегі үйлестiру кеңесi (бұдан әрi - Кеңес) Қазақстан Республикасының Үкіметi жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Кеңес өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, өзге де нормативтік құқықтық кесiмдерiн, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

      3. Кеңес өз қызметiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен, сондай-ақ қызметi Кеңестiң мақсаттары мен міндеттерiне қайшы келмейтін қарыз берушілермен және донорлармен өзара iс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.

      4. Кеңес шешімдерi ұсынымдық сипатта болады.

  2. Кеңестiң мiндеттерi мен функциялары

      5. Кеңестiң негiзгi міндеттерi:
      1) Қазақстан Республикасы мемлекеттік ұйымдарының қарыз берушiлермен және донорлармен ынтымақтастығының қысқа мерзiмдi және орта мерзiмдi мiндеттерi жөніндегі ұсыныстарды қалыптастыру;
      2) мемлекеттік қарыздар мен гранттарды жоспарлауға, тартуға және пайдалануға байланысты проблемалық мәселелердi талдауды жүзеге асыру, сондай-ақ оларды шешу жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына мемлекеттiк қарыздар мен гранттарды жоспарлау, тарту және тиімдi пайдалану жөнiндегi мәселелерді шешуге жәрдемдесу;
      4) халықаралық құқық нормаларына сәйкес мемлекеттiк қарыздар мен гранттарды жоспарлау, тарту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдiру жөніндегi ұсынымдар мен ұсыныстарды әзiрлеу болып табылады.

      6. Негізгі мiндеттердi орындау мақсатында Кеңес мынадай функцияларды атқарады:
      1) мемлекеттік қарыздар мен гранттарды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі ұсыныстарды, мемлекеттiк қарыздар мен гранттарды жоспарлауды, тартуды және пайдалануды үйлестiрудiң проблемалық мәселелерiн қарайды;
      2) мемлекеттік қарыздар мен гранттарды тиімді жоспарлау, тарту және пайдалану мәселелерi жөніндегі ұсыныстарды, ұсынымдар мен консультативтiк қорытындыларды дайындайды және Қазақстан Республикасының Үкiметіне енгізеді;
      3) мемлекеттік қарыздар мен гранттарды тарту және пайдалану жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына консультациялық жәрдем көрсетеді;
      4) Қазақстан Республикасы ұлттық заңнамасының мемлекеттiк қарыздар мен гранттарды жоспарлау, тарту және тиімді пайдалану мәселелерi бoйынша халықаралық құқық нормаларына сәйкес келу мәнiне талдау жасайды.

  3. Кеңестiң құқықтары

      7. Кеңес өз мiндеттерiн жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:
      1) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан қажетті құжаттарды, материалдарды және ақпаратты сұратады;
      2) мемлекеттік қарыздар мен гранттарды жоспарлау, тарту және тиімдi пайдалану мәселелерi жөнiнде ұсынымдар бередi;
      3) мемлекеттік қарыздар мен гранттарды үйлестiруге байланысты мәселелер жөнiнде Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізеді;
      4) Кеңес құзыретiне кiретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарының өкiлдерiн, қарыз берушілер мен донорларды Кеңес отырыстарына шақырады және тыңдайды;
      5) Кеңес шеңберінде әлеуметтiк-экономикалық қызметтің жекелеген бағыттары бойынша арнайы жұмыс топтарын құрады.

  4. Кеңес қызметін ұйымдастыру

      8. Кеңестi төраға басқарады.

      9. Кеңес төрағасы:
      1) Кеңес жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады;
      2) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;
      3) Қазақстан Республикасы Үкiметінің және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің алдында Кеңес жұмысының қорытындылары туралы есеп бередi.

      10. Кеңес хатшысы:
      1) Кеңес жұмысының жоспарын әзiрлеудi қамтамасыз етедi;
      2) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен;
      3) Кеңес отырысы өткізілгеннен кейін хатшы хаттама ресімдейді;
      4) Кеңес мүшелерiн және қарыз берушiлер мен донорлардан шақырылған өкiлдердi Кеңестiң кезектi отырысының өткізiлетiн орны, уақыты және күн тәртiбi туралы хабардар етедi;
      5) Кеңес отырыстары хаттамаларының үзiндiлерiн өз қолымен растайды.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      11. Кеңес отырыстары қажеттілігiне қарай, бiрақ кемiнде жылына бiр рет өткiзiледi және егер Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, заңды болып саналады.

      12. Төраға болмағанда отырыстарға Кеңес төрағасының орынбасары төрағалық етеді.

      13. Кеңес шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға қатысып отырған Кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Кеңес отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Кеңес мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, оны білдірген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген Кеңестің есеп-хатына қоса берілуі тиіс.
      Кеңес отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.
      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Кеңес хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Кеңес мүшелеріне келісу үшін жібереді.
      Кеңес мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      14. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      15. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      16. Қажет болған жағдайда Кеңес шешімдерi Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттiк органдарына Кеңес отырыстарының хаттамаларынан үзінділер жіберу жолымен жеткiзіледi.
      17. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Кеңестің жұмыс органы болып табылады.
      Кеңестің жұмыс органы Кеңестің жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Кеңес отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар Кеңес отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Кеңес мүшелеріне жіберілуге тиіс.
      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      18. Дауыс беру парақтарымен қоса, Кеңес материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды жұмыс органы жүзеге асырады.
      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады