Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою және осы саладағы мемлекеттiк басқару жүйесiн жетiлдiру тұжырымдамасы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 23 қарашадағы N 1154 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 9 қарашадағы № 1179 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.11.09 № 1179 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою және осы саладағы мемлекеттiк басқару жүйесiн жетiлдiру тұжырымдамасы мақұлдансын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2005 жылғы 23 қарашадағы
N 1154 қаулысымен  
мақұлданған      

  Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың
алдын алу мен жою және осы саладағы мемлекеттiк басқару
жүйесiн жетiлдiру тұжырымдамасы

  Кiрiспе

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жүйесiнiң он жылдан астам жұмыс iстеуi кезеңi iшiнде елде түбегейлi әлеуметтік-саяси өзгерiстер болды. Экономикалық дамудың нарықтық үлгісiне көшу, мемлекеттік басқару жүйесiнiң терең реформасы, халықаралық терроризм тарапынан жаңа қатерлер мен арандатушылықтардың пайда болуы төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс жүйесiнiң ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудегі рөлi мен орнын жан-жақты таразылауды талап етедi. Апаттарға қарсы тұрудың ұзақ мерзiмдi перспективаға арналған жаңа идеологиясын құру және іске асыру, азаматтық қорғаныстың мүлдем өзгеше тұжырымдамасын қалыптастыру, мемлекеттік материалдық резерв жүйесiн өсiп отырған уақыт талаптарына сәйкес келтiрудiң көкейтестi қажеттiлiгi туындады.
      Осыған байланысты осы Тұжырымдамада төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы қызметті одан әрi дамыту, мемлекеттік материалдық резервтiң жұмыс iстеуi, осы салалардағы мемлекеттiк басқару жүйесiн жетiлдiру жөнiнде негiзгi идеялар мен ойлар баяндалған.
      Климаттың өзгеруi, дүлей зiлзалаларға ұшырауға бейiм өңiрлердi шаруашылық тұрғыдан игеру, урбанизациялану, өндiрiстiк технологиялардың күрделенуi әлем халқын төтенше жағдайларға тап болу қатерiнiң өсуiне әкеп соғуда. Мысалы, соңғы 40 жыл iшiнде табиғи апаттардан келген залал 9 есе, ал олардың болу жиiлiгi 5 есе өстi. 1960 жылдан бастап дүлей зiлзалалардан болған экономикалық залалдың өсу қарқыны өнеркәсiптiк өндiрiс көлемiнiң өсу қарқынынан озып кеттi.
      2005 жылғы 22 қаңтарда Апаттардың қауiптiлiгiн азайту жөнiндегi II дүниежүзiлiк конференция қабылдаған Хиог декларациясында (Кoбe қаласы, Жапония) апаттармен күресуге үкiметтер, азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар, ғылыми қоғамдастықтар, қаржы институттары, жеке сектор мен ерiктiлердiң қатысуы қажет екендігі атап өтiлген. Апаттардың алдын алу мәдениетiн әрбiр нақты адамнан әлемдiк қоғамға дейiнгі барлық деңгейде көтеру қажет. Қатерлер деңгейiн төмендету проблемасына ұлттық саясатта басымдық сипат беру қажет.
      "Қырғи қабақ соғыс" аяқталысымен термоядролық қаруды кең көлемде қолдана отырып жүргізiлетiн әлемдiк шиеленiс ықтималдылығы күрт азайды. Солай бола тұрса да, әлемде адамдардың террорлық әрекеттерден жаппай зардап шегу оқиғалары жиiлеп кеттi. Әлемнiң әр бөлігіндегі экстремистiк топтар ядролық, химиялық және бактериологиялық қарудың даяр үлгiсiн не оларды дайындау технологиясын иеленуге барынша күш салуда. Бұл ретте, бiрнеше рет бейбiт халыққа қарсы түйнеменiң ұрықтарын, улы заттар мен "лас" радиоактивтi бомбаларды қолдану әрекеттерiнiң бiрнеше мәрте жасалғаны байқалды.
      Қазақстан Республикасы өзiнiң географиялық және саяси жағдайына байланысты жоғарыда аталған әлемдiк үрдiстерден оқшау жатыр деп айта алмаймыз. Республикада жыл сайын төтенше жағдайлардан келетiн тiкелей залал (жаһандық дүлей зiлзалалар болмағанның өзiнде) 3,5-тен 4,5 миллиард теңге сомасында есептелiп отыр. Сараптамалық бағалау бойынша жанама залал мұндай жағдайда 15-20 миллиард теңге, ал адамдардың қаза болуы мен зардап шеккендердi емдеу - 3 миллиардқа жуық теңге сомасында бағаланып отыр. Бұның жалпы сомасы жыл сайын 25 миллиард теңгенi құрауы мүмкiн.

  1. Халық пен аумақты табиғи және техногендік сипаттағы
төтенше жағдайлардан қорғаудың қазiргi заманғы жай-күйi,
елiмiздiң азаматтық қорғаныс жүйесiнiң әзiрлiгi

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар

      Республика аумағының түрлi табиғи, кен-геологиялық және геодинамикалық жағдайлары оның табиғи апаттарға - жер сiлкiнiсiне, су тасқынына, селге, сырғымаға, қар көшкiнiне, дауылға, орман және дала өрттерiне, температураның күрт төмендеуiне және қарлы боранға, эпидемиялар мен эпизоотияларға ұшырауға бейiм екендігін көрсетедi.
      Сонымен қатар сейсмикалық қауiптi аудандардағы 30%-дан 60%-ғa дейiнгі өнеркәсiптік және азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттар сейсмикалық орнықтылық талаптарына жауап бермейдi. Салынып және жаңғыртылып жатқан объектiлерде құрылыстағы сейсмикалық орнықтылық нормасының сақталуын бақылау тиiмсiз болып отыр. Қазақстанның көптеген өңiрлерiнде егжей-тегжейлi сейсмикалық аудандарға бөлу картасы жоқ. Қалалардың көпшiлiгіне және iрi елдi мекендерге шағын сейсмикалық аудандарға бөлу картасы осы күнге дейiн жасалынбаған, бұл ол жерде жаңа ғимараттарды салу және ескi құрылыстарды сейсмикаға қарсы нығайту кезiнде барабар техникалық шешiм қолдануға мүмкiндiк бермейдi.
      Қазақстанда қазiргi 653 гидроқұрылыстың 268-i, олардың iшiнде ең iрi 28-i шұғыл жөндеудi қажет етедi. Бұл ретте су шаруашылығы объектiлерiнiң iс жүзiнде тозуы 60%-ды құрап отыр.
      Таулы аумақтардың қарқынды игерiлуi, қауiптi табиғи құбылыстардың жандануы (жаһандық жылынуға байланысты) селге және сырғымаға қарсы жаңа қорғану құрылыстарын салуды және қазiргiлерiн жаңғыртуды, сел және сырғыма жүру қаупi бар аудандарда қала құрылысы саясатын өзгертудi, басқа ұйымдастыру шараларын қабылдауды талап етедi.
      Республикада көшкiнге қарсы қызмет нашар дамыған. Көшкiндердi алдын ала түсiру жекелеген, аса қауіпті учаскелерде ғана жүргiзiледi. Республиканың таулы аудандарындағы қар жамылғысының жай-күйiн бақылау жүйелерi нашар дамыған, соның салдарынан көшкiн ғана емес, болуы мүмкiн сел жағдайы болжамдарының қажетті дәлдiгi жоқ.
      Температураның күрт төмендеуiнен, борандардан, қатты дауылдардан және бұрқасындардан болатын залалды және зардап шеккендердiң санын азайту бойынша шаралардың тиiмдiлiгi оларды дәл болжай алмау әрi коммуналдық және жол қызметтерiнiң жеткiлiктi дайын болмауы сияқты проблемаларға байланысты төмендеген.
      Эпидемиялық және зооноздық инфекцияларға қатысты жағдай тұрақсыз күйiнде қалып отыр.

Техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар

      Негiзгi қорлардың, жылжымалы құрамның және көлiктегi инфрақұрылымның сапалық және физикалық тозуы, мұнай-газ кен орындарын және басқа да табиғи ресурстарды игерудiң қарқын алуы, оларды тасымалдау және қайта өңдеу көлемдерiнiң ұлғаюы техногендiк қатерлердiң өсуiне нақты алғышарттар жасайды.
      Қатерлердiң туындауына тозған жабдықтарды пайдалану, технологиялық және өндiрiстiк тәртiптiң төмен болуы, техника қауiпсiздiгi ережелерiн сақтамау, iшкi ведомстволық және өндiрiстiк бақылаудың әлсiздiгi, жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердiң төмен бiлiктiлігі, республикаға мүлдем тозған және сапалық ескiрген жабдықтарды әкелу басты себептер болып табылады.
      Өнеркәсiптік қауiпсiздiктiң мiндеттi техникалық және технологиялық нормаларын қамтитын нормативтiк құқықтық кесiмдердiң негізгі бөлiгi әзiрленбеген.
      Техникалық бақылаудың объектiлерге халық пен аумақтар үшiн өнеркәсiптiк қызметiнiң қауiптiлiгi, олардағы техногендiк төтенше жағдайлардың туындау ықтималдылығы бойынша саралап жiктеу жүргізiлмейтін тұтас жүйесi қолданылып отыр.
      Техникалық қатерлердi төмендету жөнiндегi қызметтi реттейтiн және материалдық-техникалық қамтамасыз ететiн экономикалық тетiктер жоқ.
      Қауiпті өндiрiстiк объектiлердiң жабдықтарын сертификаттаудың, сондай-ақ қауіпті өнеркәсiптiк қызметтi лицензиялаудың және сақтандырудың қалыптасқан жүйесi нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес келмейдi.
      Көлiктегі қауiпсiздiктiң қажеттi деңгейi орныға қоймаған.
      Елдi мекендердi салу кезiнде қала құрылысы нормаларын сақтамау, өрт қауiпсiздігінiң нормаларын сақтамастан үйлер мен ғимараттарды (әcipece тұрғын үйлердi) қайта жабдықтау, жаңғырту, техникалық қайта жабдықтау, өртке қарсы су құбырларын техникалық дұрыс жағдайға келтiру бойынша шаралардың қабылданбауы, ғимараттарды салу және оларға әрлеу жұмыстарын жүргізу кезiнде жанғыш және улы материалдарды қолдану өрттен болатын құрбандар санын және материалдық зиянды өсiруде.
      Жыл сайын 1000-нан аса өрт болатын республиканың орман алқаптарында өрт қауiпсiздігін қамтамасыз етуге байланысты күрделi жағдай қалыптасуда. Табиғи өрттердiң алдын алу және оларды жою жөнiндегi мiндеттердi шешуде мемлекеттік органдар тиiстi үйлескен iс-қимылдар жүргiзбей отыр.
      Ерiктi өрт сөндiру құрамалары iс жүзiнде жойылған, бұл көптеген елдi мекендердiң өрттерден қорғансыз қалуына әкелдi.
      Теңiз және өзен тасымалының дамуына орай су айдындарында төтенше жағдайлардың туындау мүмкiндiгi күрт арта түседi. Сонымен бiрге, теңiздерде, көлдерде және өзендерде болатын төтенше жағдайларды жоюға қабiлеттi суда жүзу құралдары жоқ.
      Негiзiнен алғанда, көптеген ескi және авариялық жағдайдағы ғимараттар мен құрылыстар республиканың барлық өңiрлерiнде пайдаланылып жатыр десе де болады. Жыл сайын құрылыс құрастырмаларының қирауынан адамдар баспанасынан, мүлкiнен айрылады, жарақат алады және қаза табады.
      XXI ғасырдың басында адамзат халықаралық терроризм мен экстремизм сияқты тағы да бiр қатерлi арандатушылыққа аяқ басты. Террористердiң осы заманғы техниканы, радиациялық-химиялық және биологиялық қауiптi заттар мен материалдарды пайдалана алатын, сондай-ақ техногендiк төтенше жағдайларды қолдан жасай алатын мүмкiншiлiктерiнiң болуы террорлық әрекеттердiң, әсiресе химиялық және биологиялық шабуылдардың жасалуы кезiнде олардың зардаптарын жоятын күштердiң (қызметтердiң) материалдық-техникалық базасын одан әрi нығайтуды талап етедi.

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды
жоюға арналған авариялық-құтқару күштерi мен құралдары,
мемлекеттік материалдық резерв

      Төтенше жағдайлардың саны мен ауыртпалығының өсуi жағдайында республикада қазiргi кәсiби авариялық-құтқару күштерi өздерiнiң жарақтануы мен сандық құрамы бойынша құтқару жұмыстарын толық көлемде орындай алмайды және олар елеулi нығайтуды қажет етедi.
      Өрт сөндiру бөлiмдерiнде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге арналған арнайы техника iс жүзiнде мүлдем жоқ, авариялық-құтқару керек-жарақтары мен жабдықтары жеткiлiксiз.
      Судан құтқару қызметiнiң жүйесiнде күрделi жағдай қалыптасқан, ондағы жабдықтар мен техниканың көпшілiгінiң 80%-дан астамы тозған.
      Қазақстанның бүгiнгі таңда Каспий теңiзiнiң аумақтық суларындағы кемелерде, танкерлер мен паромдарда болуы ықтимал өрттер мен техногендiк аварияларды жоюға, теңiзге төгiлген мұнайды оқшауландыруға, теңiзде апатқа тап болған адамдарды құтқаруға қабiлетті теңiз кемелерi жоқ.
      Жергiлiктi кәсiби авариялық-құтқару жасақтары iс жүзiнде құрылмай отыр.
      Жедел құтқару жасақтары мен әскери бөлiмдердi осы заманғы шағын механизация құралдарымен, арнайы қорғаныш жарақтарымен, барлау және адамдарды iздестiру приборларымен жарақтандыру мәселесi, әсiресе химиялық және радиоактивтi зақымдануға бейiм аумақтарда құтқару жұмыстарын жүргізу кезiнде өткiр күйiнде қалып отыр.
      Мамандандырылған өрт сөндiру және авариялық-құтқару операцияларын жүргiзуге арналған ұшу аппараттарына, жүк көтергiштiгi үлкен ұшақтар мен тiкұшақтарға өткiр қажеттілiк бар.
      Төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы байланыс, хабарлау және ақпараттандыру жүйелерi өздерiнiң техникалық жарақтануы, жүйелi құрылымы мен бағдарламалық қамтамасыз етiлуi бойынша осы заманғы талаптарға сай емес. Мысалы, төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс жүйесiнде республика ауқымын қамтитын бiртұтас ақпараттық-коммуникациялық орта жоқ. Жедел байланыс құралдары жетiспейдi, ал қазiргi қолда бары ескiрген және көбiне осы заманғы аппаратурамен жұмыс iстеуге сәйкес келмейдi. Қазiргi байланыс құралдары, сондай-ақ компьютерлiк жарақталу төтенше жағдайларды жоюды басқару пункттерiнiң жеткiлiктi ұтқырлығын қамтамасыз ете алмайды. Кең көлемдi қауiптіліктер туралы халықты хабардар ету жүйесi электрондық бұқаралық ақпарат құралдарымен жеткiлiктi кiрiкпеген. Жақын маңайдағы өндiрiс объектiлерiнде болған авариялар туралы тұрғындарға хабар берудiң жергiлiктi жүйелерiне деген өткiр жетiспеушiлiк бар.
      Апаттық медицина қызметiнiң қажеттi материалдық-техникалық және кадрлар базасының болмауына, оның облыстардағы орталықтарының әлсiздiгiне, бiртұтас орталықтандырылған диспетчерлiк қызметтiң болмауына, осы саладағы мамандар даярлау жүйесi мен отандық ғылыми мектептердiң кенжелеп қалуына байланысты тиiмдi жұмыс iстеуiн едәуiр төмендетедi.
      Апаттық медицина клиникасының болмауына байланысты төтенше жағдайлар кезiндегi патологиялық жай-күйлердiң бiрқатар проблемалары зерделенбейдi, медициналық қызметкерлердiң кәсiби дағдысы жоғалуда, зардап шеккендердi медициналық қорғаудың әдiстерi мен тәсiлдерiне құтқарушыларды, өрт сөндiрушiлердi, полицияны оқып-үйретудiң әдiстемелiк басшылығы жүзеге асырылмайды, құтқарушылар мен төтенше жағдайларды жоюға қатысушыларды емдеу және оңалту жөнiндегi мүмкiндiктер пайдаланылмай отыр.
      Мемлекеттiк материалдық резерв жүйесi кәсiпорындарының географиялық орналасқан жерi бұрынғы Кеңестер Социалистiк Республикалар Одағының (бұдан әрi - КСРО) аумағы үшiн стратегиялық жоспармен белгiленген және Қазақстан Республикасының халқын табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мiндеттерiне барабар емес.
      Кең көлемдi төтенше жағдайлар туындаған жағдайда мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарының сақталу номенклатурасы және көлемi азаматтардың қажеттiлiгіне толықтай сай болмай отыр. Сақтау базаларының құрылымы мен жай-күйi мемлекеттiк материалдық резервтiң оңтайлы жұмыс iстеуiн қамтамасыз етпейдi, республикадағы соңғы әлеуметтік және көшi-қон процестерiне сай емес. Сақтау базаларынан тауарлық-материалдық құндылықтарды шығарудың күрделi рәсiмi оларды төтенше жағдайлар аймақтарына жеткiзудi кешеуiлдетуге әкеледi.
      Жергілiктi атқарушы органдардағы төтенше жағдайларға арналған жедел резервтер нашар дамыған. Солай бола тұрса да, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлiгiнiң (бұдан әрi - Министрлiк) зардап шеккен халықты дереу қамтамасыз етуге (1-2 тәулiк iшiнде) қажеттi жедел резервiн құру бойынша заңнамалық және нормативтiк құқықтық негiз жоқ.

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан
зардап шеккен халыққа келтiрiлген залалдың орнын толтыру,
құтқарушылар мен ерiктi құтқарушылардың әлеуметтік қорғалуы

      Авариялардан, апаттардан және дүлей зiлзалалардан сақтандырудың дамымауына байланысты техногендiк төтенше жағдайлар кезiнде келтiрiлген зиянның орнын толтыру өте сирек кездеседi. Мұндай жағдайда жергіліктi атқарушы органдарға зардап шегушiлердi уақытша баспанамен қамтамасыз ету, олардың материалдық проблемаларын шешу бойынша белгiлi бiр салмақ түседi.
      Залал келтiрушiлердiң болмауына байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шегушілерге ықтимал материалдық және қаржылай көмектi мемлекет пен жергiлiктi атқарушы органдар көрсетуге тырысады. Қазақстан Республикасының заңнамасы мұндай жағдайларда зардап шегушiлерге келтiрiлген залалдың орнын толтыруды көздемегенiне қарамастан мемлекет және жергiлiктi атқарушы органдар көптеген жағдайларда оларды баспанамен қамтамасыз етедi, белгілi бiр материалдық көмек көрсетедi. Мұндай практика халықты жазатайым оқиғалардан және төтенше жағдайлардан ерiктi сақтандырудың дамымауының салдары болып табылады. Мұндай жағдайларда Қазақстан Республикасы Yкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдардың қаржылық және мемлекеттiк материалдық резервтерi, iс жүзiнде сақтандыру қорларының рөлiн атқарады. Бұл мемлекетке экономикалық залал әкелгенiмен қатар, халықтың белгiлi бiр бөлігінiң өз баспаналары мен мүлкiнiң қауiпсiздiгін ойлау туралы қамқорлық жасауға деген ынтасын төмендетедi. Азаматтардың көпшiлiгi тек қана мемлекет көмегiне сенiп, өз өмiрiн, денсаулығын және мүлкiн сақтандырудың қажеттілiгіне мән бермейдi.
      Солай бола тұрса да, құтқарушыларды, сондай-ақ төтенше жағдайларды жою жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге тартылатын азаматтардың сақтандырылуын және әлеуметтiк қорғалуын көздейтiн заңнамалық нормалар қажеттi шешiмiн тапқан жоқ.

Азаматтық қорғаныс жүйесi,
халықты террорлық әрекеттердiң зардаптарынан қорғау

      Азаматтық қорғаныс жүйесiнiң қазiргi құрылымы мен жұмыс iстеу қағидаттары бұрынғы КCPO-ның қорғаныс iс-шараларының бiр бөлiгi ретiнде қалыптасқан.
      Егемендiк алғалы берi азаматтық қорғаныс жүйесiнiң қазiргі бар әлеуетi табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшiн кең қолданылды. Солай бола тұрса да, Қазақстан Республикасында әлеуметтiк-саяси және экономикалық реформалардың тереңдеуiне, оның нарықтық даму жолына түсуiне және жаңа әскери доктринаны қабылдауына байланысты қазiргi азаматтық қорғаныс жүйесiнiң болып жатқан жаңа саяси және экономикалық ақиқатқа сай келмейтiндiгi барған сайын айқын бола бастады.
      Мысалы, нарықтық экономика жағдайларында жеке меншiк иелерi есебiнен азаматтық қорғаныстың қазiргi инженерлiк құрылыстарын, сондай-ақ кәсiпорындарда орнатылған хабарлау жүйелерi ұстау қиынға соқты. Жаңадан салынып жатқан объектiлерде панажайлар салу жүргізiлмей отыр. Халыққа арналған жеке қорғану құралдарын, олардың сандық құрамын тиiмдi caқтaу және елiмiз бойынша аумақтық бөлу мәселелерi шешiлмеген. Азаматтық қорғаныс бөлiмдерiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды және террорлық әрекеттердiң зардаптарын жою үшiн қолдану олардың техникалық базасының, қалыптасқан географиялық орналасуының және ескiрген ұйымдастырушылық құрылымдық бөлiмшелерiнiң осы мiндеттерге сай еместiгiне байланысты қиындап отыр.
      Азаматтық қорғаныс күштерi мен құралдарының стратегиялық ұтқырлығы қамтамасыз етiлмеген. Азаматтық қорғаныс жүйесiн қазiргi күйiнде сақтау материалдық және қаржы құралдарының едәуiр шығындарына, адам ресурстарының кетуiне алып келуi мүмкiн.
      Соңғы уақытта таяу және алыс шетелдерде болып жатқан террорлық әрекеттер және экстремизмнiң бой көрсетуi террорға қарсы операцияларды авариялық құтқару жағынан қамтамасыз етудiң аса маңыздылығын көрсетедi.

Төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласы қызметiн
нормативтiк құқықтық қамтамасыз ету

      Қазақстанда кәсiпкерлiктi қолдау және бәсекелестiктi дамыту мақсатында мемлекеттік өкiмет билiгi деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердiң ара жiгiн ажырату, мемлекеттік органдардың функциялары мен өкiлеттiктерiн орталықсыздандыру, мемлекеттiң жекелеген бақылау функцияларын алып тастау, сондай-ақ лицензияланатын қызмет түрлерiн шектеу саласындағы реформаларды жүргізу төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегі органдар өкiлеттiктерiнiң ауқымы мен көлемiн нақтылауға қатысты төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс саласында қолданыстағы заңнама нормаларын жетiлдiрудi болжайды.
      Сонымен бiрге, елде осы заманғы технологиялар мен әлеуеттi-қауiптi өндiрiстер тиiсiнше енгізiле отырып экономиканың өнеркәсiптiк блогының жедел қарқын алуы өнеркәсiп және өрт қауiпсiздігі саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердi қайта қарауды талап етедi.

Төтенше жағдайлар саласындағы ғылыми зерттеулер және мониторинг

      Қазiргі уақытта төтенше жағдайлардың қандай да бiр аспектiлерiне қатысты ғылыми зерттеулер сейсмология, сел және сырғыма қаупi саласындағы бiрнеше жекелеген тақырыптар бойынша ғана жүргiзiледi.
      Солай бола тұрса да, республикада жалпы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою проблемаларын кешендi зерттеу бойынша бiрыңғай ғылыми орталық жоқ.
      Геосаяси жағдайлардың өзгеруiне және Қазақстанның тәуелсiздiк алуына байланысты елдiң азаматтық қорғанысын ұйымдастыру және жүргiзу саласында терең стратегиялық және арнайы ғылыми зерттеулер қажет.
      Қазақстанның барлық сейсмикалық белсендi аумақтарының толықтай қамтылмауы жер сiлкiнiсi мониторингi жүйесiнiң iрi кемшiлiгі болып табылады. Iс жүзiнде Алматы болжау полигоны ғана жеткiлiктi мөлшерде бақылау пункттерiмен жарақталған. Қазақстанның батыс өңiрлерiнiң ықтимал техногендiк сейсмикалылығы мүлдем зерттелмеген.
      Елiмiзде дауылдарға қатысты алдын-ала ескертулердiң жеткiлiктi расталмауы, қауiптi гидрометеорологиялық құбылыстардың назардан тыс қалуы, сондай-ақ су тасқыны ахуалының сенiмдi ұзақ мерзiмдi болжауларының болмауы осы төтенше жағдайларға ден қоюдың тиiмдiлiгiн төмендетедi. Бұған көбiнесе метеостансалар желiсi мен гидрологиялық бекеттердiң жеткiлiксiздiгі, қар өлшеу маршруттары санының аздығы себеп болуда.
      Сел қаупі көздерiнiң әуе мониторингi Алматы қаласы мен Алматы облысына тиiп тұрған Iле Алатауы таулы аймақтарында ғана жүргізiледi. Сел жүру қаупi бар көздерi мониторингiнiң автоматтандыру процесi әлi де тәжiрибелiк-экспериментальдық жұмыстар аясынан шыққан жоқ.
      Сырғыма қаупiне жүйелi мониторинг жолға қойылмаған.
      Ғарыштық мониторингi деректерiн iс жүзiнде пайдалану процесi жедел ден қою қызметтерiнде жолға қойылмаған. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында республика аумағын қашықтықтан ғарыштық бақылау өзiнiң алғашқы даму сатысында.
      Төтенше жағдайларды дәл мониторингiлеуге және тиiмдi автоматтандырылған ден қою жоспарларын әзiрлеуге аса қажет осы заманғы геоақпараттық жүйелер баяу енгiзiлуде.
      Iс жүзiнде республикада техногендiк қатерлердiң жүйелi мониторингi мүлдем жоқ. Осыған байланысты өнеркәсiптiк авариялар мен апаттарға болжау жасалынбайды, олардың алдын алу және оларға әзiрлiктi қамтамасыз ету бойынша кешендi iс-шаралар толық деңгейде жүргiзiлмейдi.

Халықты оқыту және кадрлар даярлау

      Халықты төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласында оқыту кезiнде өткен ғасырдың 70-шi жылдарында белгiленген, қазiргi заман уақытына жауап бермейтiн даярлау нысандары мен әдiстерi пайдаланылады. Осы саладағы түрлi оқыту бағдарламалары (алғашқы әскери дайындық, азаматтық қорғаныс, жол қауiпсiздiгi, өрт қауiпсiздігі, тыныс-тiршiлiк қауiпсiздiгi негiздерi, медициналық дайындық және басқалар) көбiнесе бiр-бiрiмен еш байланысы жоқ жүйесiз енгізiледi.
      Елiмiздiң жоғары оқу орындарында ұйымдастырылған төтенше жағдайлар жөнiндегi мамандарды оқыту оларға деген, әсіресе жоғары әскери-техникалық бiлiмдi мамандарға деген сұранысты қамтамасыз ете алмауда. Азаматтық қорғаныс әскерлерi үшiн офицерлер дайындау жүйесi мүлдем жоқ. Құтқарушылар дайындау жөнiндегі мамандандырылған оқу орталықтары да жоқ.
      Республикада төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы мамандарды қайта даярлаудың және олардың бiлiктiлiгiн көтерудiң ауқымды, кешендi және жан-жақты процесiн ұйымдастыру үшiн жеткiлiктi оқу базасы жоқ.

Төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы
халықаралық ынтымақтастық

      Қазақстан Республикасы халықты авариялардан, апаттардан және дүлей зiлзалалардан қорғау саласында жан-жақты халықаралық байланыстарды жүзеге асырады. Олардың бастылары Бiрiккен Ұлттар Ұйымының, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекетаралық кеңесiнiң, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, НАТО-ның "Бейбiтшiлiк жолындағы әрiптестiк" бағдарламасының, Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының, Апаттарды азайту жөнiндегі азиялық орталықтың, Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттігінiң аясында жүзеге асырылатын іc-шаралар болып табылады.
      Солай бола тұрса да, iлуде болмаса, халықаралық байланыстардың тұрақты iстеп тұратын, қалыптасқан және бiр iзге түскен бағдарламалар мен өзара iс-қимыл құрылымдары болатын деңгейiне жете алмай отырмыз. Қазақстан халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз eту, төтенше жағдайлар мен дүлей зiлзалалар кезiнде өзара көмек көрсету халықаралық жүйелерiне жеткiлiкті кiрiкпеген.

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан
халықты, объектiлердi және аумақтарды қорғауды қамтамасыз
етудегi мемлекеттiк өкiмет билiгiнiң орталық және
жергiлiктi органдарының рөлi

      Министрлiк Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласында орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіреді, бағдарламалар әзiрлейдi, нормативтер, стандарттар мен ережелер бекiтедi немесе оларды келiседi, мемлекеттік есеп жүргізедi, ғылыми зерттеулердi, iлiмдердi насихаттауды, халық пен мамандарды оқытуды ұйымдастырады, халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады, өзiнiң қарамағындағы ахуалды және болжауды қадағалау, бақылау қызметтерiнiң, сондай-ақ авариялық құтқару және өpткe қарсы қызметтер мен құрамалардың қызметiн қамтамасыз етедi.
      Бұл ретте, Министрлiк төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өңiрлiк және жаһандық төтенше жағдайларды жою бойынша iс-шараларға азаматтық қорғаныс күштерiнiң қатысуына басшылық жасайды, ұйымдардың меншiк нысанына және ведомстволық тиесiлiлігіне қарамастан, олардың материалдық-техникалық ресурстарын жұмылдырады, мемлекеттiк және жұмылдыру резервтерiнiң құрамындағы материалдық-техникалық қорларды, азық-түлiк, медициналық және басқа да ресурстарды, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға арналған Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң резервiнен қаражатты пайдалану туралы Қазақстан Республикасының Yкiметiне ұсыныстар енгiзедi.
      Сондай-ақ, Министрлiк заңнамаға сәйкес жүктелген мiндеттерге сәйкес мемлекеттік материалдық резерв саласындағы мемлекеттiк саясаттың, өрт және өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалаудың қалыптасуын қамтамасыз ететiн стратегиялық функцияларды да жүзеге асырады.
      Сонымен қатар, Министрлiктiң аумақтық органдары мен жедел күштерi құрылымдарының жетiлмеуi жоғарыда аталған стратегиялық, әсiресе өңiрлiк және жаһандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, сондай-ақ азаматтық қорғаныстың жалпы проблемаларын шешу бойынша ведомствоаралық айқын өзара iс-қимыл және үйлестiру жөнiндегi ұйымдастырушылық және практикалық шаралар кешенiнiң функциялары мен мiндеттерiн iске асыруды толықтай тиiмдi жүзеге асыруға мүмкіндiк бермейдi.
      Солай бола тұрса да, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиiстi аумақтағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға байланысты тiкелей жауапкершiлiк жергiлiктi өкiлдiк және атқарушы органдарға жүктелген.
      Жергiлiктi атқарушы органдардың өкiлеттiгiне жергiлiктi ауқымдағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастыру, көрсетiлген мақсаттарға жергiлiктi бюджеттің орындалуын қамтамасыз ету, жергiлiктi материалдық-техникалық қорлар мен басқа да ресурстарды құру және пайдалану, қажетті қауiпсiздiк шаралары туралы халық пен ұйымдарды хабарлау кiредi.
      Бұл ретте, олар төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен халық пен қызметкерлердi өздерiнiң құзыретi шегінде әлеуметтiк қорғауды, азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізу объектiлерiне келтiрiлген зиянның орнын толтыруды, медициналық қызметпен, төтенше жағдайлар аймағында тұрып, жұмыс істегенi үшін өтемақылар мен жеңiлдiктер берудi, сондай-ақ төтенше жағдайлар жойылғаннан кейiн қоршаған ортаны сауықтыру және ұйымдар мен азаматтардың шаруашылық қызметiн қалпына келтiру бойынша iс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуi қажет.
      Алайда, орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың функциялары мен өкiлеттiктерiнiң ара-жiгiн ажырату реформасына сәйкес облыстардың, Алматы және Астана қалаларының әкiмдiктерi жанында құрылған құрылымдық бөлiмшелердiң қазiргi уақытқа дейiн, заңнамаға сай олардың тiкелей жауапкершiлiк саласы болып табылатын тиiстi аумақтардағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi мiндеттердi сапалы iске асыру үшiн жеткiлiктi материалдық-техникалық, ақпараттық және әдiснамалық базасы жоқ. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға жергiлiктi атқарушы органдардың жыл сайынғы резервтерi жеткiлiктi көлемде құрылмай отыр. Бұл ретте, олардың келеңсiз зардаптарын жоюға арналған авариялық құтқару қызметтерi мен құрамалары iс жүзiнде жоқ.

2. Төтенше жағдайлардың алдың алу, зардаптарын жеңiлдету
және оларды жою, азаматтық қорғаныс, терроризмге қарсы
әрекет жасау саласындағы негiзгi мақсат пен мiндеттер

      Тұжырымдаманың негiзгi мақсаты: бейбiт және соғыс уақыттарында өрттерден, авариялардан, апаттардан және дүлей зiлзалалардан, осы заманғы зақымдану құралдарынан және террорлық әрекеттер салдарларынан елдiң халқын, объектiлерi мен аумағын сенiмдi қорғауды қамтамасыз етудi; бейбiт және соғыс уақытының қатерлерi мен арандатушылықтарға тиiсiнше ден қоя алатын мемлекеттiк және жедел резервтердiң аумақтық бөлiнген тиiмдi басқару жүйелерiн, күштерi мен құралдарын құруды және олардың дайындығын жоғары деңгейде ұстауды қамтитын ұзақ мерзiмдi перспективаға арналған апаттарға қарсы әрекет жасаудың жаңа идеологиясын жасап шығару болып табылады.
      Жоғарыда аталған мақсатқа қол жеткiзу үшiн мынадай негiзгi мiндеттердi:
      дағдарыстарды басқарудың тиiмдi тетiктерiн, оның iшiнде төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік басқару жүйесiн жетiлдiру, мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы жауапкершiлiк пен өкiлеттіктердi оңтайлы бөлу арқылы жасап шығару;
      Қазақстанның табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларға ұшырауға бейiм аумақтарына терең талдау жүргiзу, республиканың әр өңiрi, елдi мекенi мен объектiсi үшiн ықтимал қауiптер мен қатерлердi анықтау, олардың халыққа, материалдық құндылықтарға және қоршаған табиғи ортаға қауiптілiк деңгейiн бағалау;
      қатерлердiң барлығын қамтитын, автоматтандырылған мониторингi жүйесiн құру, авариялар, апаттар және дүлей зiлзалалар болжамдарын дер кезiнде хабарлау және олардың шынайылылығын қамтамасыз ету;
      мемлекеттік басқарудың, аумақтардың, кәсiпорындар мен ұйымдардың барлық деңгейдегi iс-қимылдарын қамтитын төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жоспарларының, азаматтық қорғаныс iс-шараларының жүйесiн әзiрлеу;
      табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау салдарларын барынша болдырмау не болмаса жұмсарту;
      өндiрiстiк және азаматтық объектiлерде техникалық және өрт қауiпсiздiгi деңгейiн көтеру, табиғи өрттердi уақтылы алдын алу және жоюды қамтамасыз ету;
      бейбiт және соғыс уақытындағы төтенше жағдайларға, террорлық әрекеттерге ден қою күштерi мен құралдарын аумақтық бөлу жүйесiн құру, олардың жеделдігін және стратегиялық ұтқырлығын арттыру, өрт сөндіру қызметiне өрт сөндiру-құтқару қызметi деген мәртебе беру;
      азаматтық қорғаныс жүйесiнiң әзiрлігін арттыру, оны елдiң жаңа геосаяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайына сәйкес келтiру;
      бейбiт және соғыс уақытында төтенше жағдайлардағы iс-қимылдардың тәртiбi мен ережесiне, төтенше жағдайларда өзiн-өзi қорғау мен өзара көмек көрсетуге халықты оқытудың осы заманғы, тиiмдi жүйесiн құру, осы саладағы әлемдiк стандарттар мен даму перспективаларын ескере отырып, төтенше жағдайларды басқару органдары мен қызметтерi үшiн кадрлар даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастыру;
      өрт қауiпсiздiгін қамтамасыз етуде, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуда және оларды жоюда, елiмiздiң азаматтық қорғаныс iс-шараларын орындауда халықтың кең түрде қатысуы үшiн жағдайлар қамтамасыз ету;
      осы заманғы қатерлер мен арандатушылықтарға бейбiт және соғыс уақытында құрамы, саны және орналасуы бойынша (төтенше жағдайлардан зардап шеккен аудандарға жедел жеткiзу мақсатында) оңтайлығы жағынан сәйкес келетiн мемлекеттiк материалдық резерв құру, резервтердiң броннан шығару рәсiмiн оңайлату;
      мемлекеттiк басқарудың барлық деңгейiн қамти отырып, осы заманғы және перспективалық технологиялар негiзiнде төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы байланыс, хабарлау, ақпарат және автоматтандырылған басқару жүйесiн жаңғырту, оларды бiрыңғай басқару жүйесiне кiрiктiру;
      нормативтік құқықтық базаны жетiлдiру, оны өзгерiп жатқан әлеуметтiк-саяси және экономикалық жағдайларға, осы заманғы қатерлер мен арандатушылықтарға сәйкес келтiру, төтенше жағдайлар саласындағы экономикалық реттеу тетiктерiн, оның iшiнде төтенше жағдайлардан сақтандыруды тиiмдi қолдану есебiнен нығайту, аварияларды, апаттарды және дүлей зілзалаларды жоюға қатысып зардап шеккен адамдардың, оның ішінде кәсiби құтқарушылардың құқықтық және әлеуметтiк қорғалуын қамтамасыз ету;
      Министрлiкке ведомстволық бағынысты ұйымдардың ғылыми-практикалық әлеуетiн пайдалана отырып, төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласында мамандандырылған ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық ұйымдар құру, осы саладағы жаңа жетiстiктер мен технологияларды енгiзу проблемаларын шешудiң ғылыми негiздiлiгiн қамтамасыз ету;
      төтенше жағдайлар туындаған кезде апаттық медицинаның ден қою жеделдiгiн, оның жұмыс iстеу тиiмділігiн арттыру;
      кең көлемдi төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, әлемнiң басқа мемлекеттерi, халықаралық және үкiметтiк емес ұйымдар тарапынан Қазақстан Республикасына кең көлемде iзгiлiк көмек көрсетуге, республикаға авариялардың, апаттардың және дүлей зiлзалалардың алдын алу мен оларды жою, азаматтық қорғаныс және терроризммен күресу саласындағы ең бip жаңа iлiмдер мен технологиялардың келуiне кепiлдiк беретiн халықаралық ынтымақтастық деңгейiн қамтамасыз ету қажет.

3. Елдің Мемлекеттiк төтенше жағдайлардың алдын алу
мен оларды жою жүйесiн, азаматтық қорғанысын дамытудың
негiзгi бағыттары

Мемлекеттiк төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою
саласындағы басқару жүйесiн жетiлдiру

      Республикадағы төтенше жағдайлардың басым көпшiлiгi жергіліктi сипат алатындығын ескере отырып, республиканың әрбiр ауданында (қаласында) жергiлiктi сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және олардың салдарларын жоюға қабiлеттi, осы аумақтағы бар қауiптерге барабар әрi жеткiлiктi түрде жарақталған және жан-жақты дайындалған құрылым құру қажет.
      Бұл ретте, жергiлiктi атқарушы органдар өңiрлерде кепiлдi азаматтық қорғауға барлық қажетті жағдайларды жасау мақсатында аумақтардың табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларға бейiмдiлiгін, олардың болуы мүмкiн ауқымын егжей-тегжейлi бағалауды, жергіліктi жерлерде жеткiлiктi түрде қаржылай қамтамасыз ете отырып, қатерлердi азайту және олардың зардаптарын жұмсарту бойынша iс-шаралар әзiрлеудi және iске асыруды, жергiлiктi материалдық-техникалық қорлар мен басқа да ресурстар құруды қамтамасыз етуi қажет.
      Өңiрлiк және жаһандық сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезiнде облысаралық өзара iс-қимылдарды үйлестiруге, аса күрделi iздестiру және авариялық құтқару жұмыстарын жүргізуге, жергiлiктi құрылымдардың iс-қимылына қолдау көрсетуге әрқайсысының жауапкершiлiк аумағына бiрнеше облысты қоса отырып, перспективада Министрлiктiң өңiрлiк орталықтарын (оның аумақтық органдарын оңтайландыру арқылы) құру мәселесiн қарау қажет. Сонымен бiр мезгiлде Министрлiктiң осы орталықтары елдiң азаматтық қорғанысы басқару жүйесiнiң өңiрлiк бiр бөлiгі болып табылады.
      Мемлекеттік басқарудың республикалық деңгейiне өңiрлiк және жаһандық төтенше жағдайларға ден қоюды үйлестiрудi (ұйымдастыруды), сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға (бөгеттердi нығайту, селден қорғау құрылыстары мен гидротехникалық құрылыстарды салу) iрi жобалардың iске асырылуын бекiту қажет. Бұл ретте, төтенше жағдайлар саласындағы орталық атқарушы орган, негiзiнен, стратегиялық функцияларды, өңiраралық үйлестiрудi және халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады. Мыналар: төтенше жағдайлардың бiрыңғай мониторингі, төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы мамандарды орталықтандырылған түрде дайындау, азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың ортақ проблемаларын ғылыми зерттеу жалпы мемлекеттік мүдделердi көздей отырып, жүргiзiлуi қажет. Республикалық деңгейде халықаралық құтқару операциялары және аса күрделi авариялық құтқару жұмыстары орындалатын болады, мамандандырылған инженерлiк жұмыстар, құтқарушыларды оңалту өткiзiледi, төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге медициналық көмектiң күрделi түрлерi көрсетiледi.
      Жергіліктi, өңiрлiк және республикалық төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс құрылымдары бiр-бiрiмен қосарланған ақпараттық арналар арқылы тәулiк бойы байланыста болуы қажет және "электрондық Yкiмет" желiсiне шығатын бiрыңғай ақпараттық-басқару компьютерлiк желiсiне бiрiктiрiлуге тиiс. Бұл қысқа мерзiмде деңгейлес құрылымдардың бiр-бiрiне (аудандардың, облыстардың бiр-бiрiне көмек көрсетуi), сондай-ақ жоғары құрылымдардың төмендегiлерге (облыстың ауданға, Министрлiктiң өңiрлiк және жаһандық төтенше жағдайларға ден қою күштерiнiң облыстарға көмек көрсетуi) барабар өзара iс-қимылын ұйымдастыруға мүмкiндiк бередi.

Қазақстан Республикасының халқы мен аумағын табиғи
сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау

      Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға әзiрлiктi қамтамасыз ету жөнiндегі қызметте басты басымдық инженерлiк iс-шаралар (ғимараттарды сейсмикалық жағынан нығайту, гидротехникалық және селге қарсы құрылыстарды салу, қайта жаңғырту және нығайту, жар құлау қаупi бар беткейлердi, өзен жарқабақтарын нығайту және өзен арналарын тазарту, құрылыс сапасын қатаң бақылау және т.б.) өткiзу болып табылады.
      Сонымен қатар ұйымдастырушылық сипаттағы шараларды күшейту (қауiптi аумақтарға құрылыс салуға тыйым салу, ол жерлерден aдaмдарды көшiрту), табиғи қауiптердi болжау, мониторингiнi жақсарту және ғылыми зерттеулердi тереңдету жөнiнде iс-шаралар қабылдау қажет. Дүлей зiлзалалардан заңды және жеке тұлғаларды ерiктi түрде сақтандыруды дамытуға ең қолайлы сақтандыру режимiн ұсыну орынды.
      Жойқын жер сiлкiнiстерiнен келетiн зиянды азайту үшiн:
      республика аумағында сейсмикалық мониторингiнi кеңейту және сапасын жақсарту, сейсмикалық аудандарға бөлу карталарын нақтылау қалалар мен iрi елдi мекендердi егжей-тегжейлi шағын сейсмикалық аудандарға бөлудi жүргiзу;
      мектептер, жоғары оқу орындары, бала бақшалар, ауруханалар, емханалар, кинотеатрлар сияқты көпшiлiк адам жиналатын барлық объектiлердiң сейсмикалық нығайтылуын белгiленген жоспар бойынша жүргiзу, мүлдем тозығы жеткен үйлер мен ғимараттардың бұзылуын қамтамасыз ету;
      жаңа ғимараттарды салу кезiнде сейсмикалық орнықтылық нормаларын сақтаудың қажеттiлiгі туралы түсiндiру науқанын сейсмикалық қауiптi өңiрлердiң халқы арасында кең түрде үнемi өткiзу;
      құрылыстың сейсмикалық орнықтылық сапасына бақылауды күшейту, сәулет-құрылыс бақылау қызметтерiн нығайту;
      болуы мүмкiн жойқын жер сiлкiнiстерiне жедел ден қою күштерi мен құралдарының әзiрлiгiн арттыру қажет.
      Су тасқынынан, селден, сырғымадан және қар көшкiнiнен шығындарды азайту мақсатында:
      қауiптi учаскелерде ғылыми iзденiстер және оларға паспорттау жүргiзу;
      сел, сырғымалар мен қар көшкiндерiнiң бiрыңғай тиiмдi мониторингi қызметiн құру;
      өзен жарқабақтарын нығайту, арналарды түзету және өзен табанын тереңдету бойынша, жағалауды қорғайтын және селден қорғайтын әрi басқа да гидротехникалық құрылыстардың берiктiлігін арттыру және олардың жаңаларын салу бойынша, қар көшкiнi мен сырғыма қаупi бар тау беткейлерiн нығайту бойынша, дер кезiнде төмен қарай қауiптi мұздық көлдердi ағыту және бақылауда ұстап отырып, қар көшкiнiн түсiру бойынша қажеттi инженерлiк-қорғау жұмыстарының көлемiн орындау;
      су қорғау және басқа да қауiптi аймақтарда тұратын халықты кейiннен қауiпсiз жерлерге көшiре отырып, кезең-кезеңiмен ол жерлердi өнеркәсiптiк, азаматтық және тұрғын үй құрылыстарынан босату қажет.
      Гидрологиялық және метеорологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардан халықты қорғаудың тиiмдiлiгiн арттыру үшiн:
      қауiптi табиғи құбылыстардың мониторингiн және оларды болжаудың сапасын арттыру;
      гидрометеорологиялық болжамдардың, олардың iшiнде ең алдымен дауылдарды ескертудiң, мұздықтар мен су тасқындары жағдайының ғылыми-негiздемелiк әдiстемесiн әзiрлеу қажет.
      Елдегi эпидемиологиялық және эпизоотикалық жағдайды жақсарту үшiн:
      елiмiздiң халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөнiнде нақты шаралар қабылдау;
      аса қауiптi жұқпалы табиғи ошақтарда тұратын және жұмыс iстейтiн халықтың егiлуiн қамтуды жүзеге асыру;
      эпизоотикаға қарсы iс-шаралар деңгейiн көтеру, мал басының және үй жануарларының қажетті деңгейде егiлуiн қамтамасыз ету, ветеринарлық қызмет пен шекаралық ветеринарлық бақылау бекеттерiнiң жұмыстарын жақсарту;
      жұқпалы аурулардың алдын алу және олармен күресу, олардың сырттан келуiн алдын алу жөнiндегi мемлекеттiк шекарадағы санитарлық-карантиндiк бекеттер жұмыстарының тиiмдiлігін арттыру;
      санитарлық-эпидемиологиялық сараптау мен ветеринарлық ұйымдардың аумақтық орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту қажет.

Халық пен аумақты техногендiк сипаттағы төтенше
жағдайлардан қорғау

      Өнеркәсiптiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн:
      техногендiк төтенше жағдайлардың мониторингiн және оларды болжауды қамтамасыз ету;
      шаруашылық жүргiзу мен өндiрiстi басқарудың өзгерген жағдайларында өнеркәсiптiк қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң жаңа нысандары мен әдiстерiн әзiрлеу;
      сертификаттау, жауапкершілікті сақтандыру, басшылар мен персоналды даярлау және аттестаттау сияқты өнеркәсiптiк қауiпсiздiктi басқарудың барлық мүмкiндiктерiн пайдалану;
      қауiпті өндiрiстiк объектiлердiң жұмыс iстеу қауiпсiздігін декларациялау рәсiмiн жетiлдiру;
      өндiрiсті жаңғыртуды жеделдету, кәсiпорындардың дамуға және техникалық қайта жарақтануға бағытталатын пайдасының бiр бөлiгiн инновациялық процестерге тарту үшiн қолайлы жағдайлар жасау;
      көмiрсутегі шикiзатының пайдаланылмайтын кенiштерiнде, бiрiншi кезекте Каспий теңiзiнiң су астында қалатын жағалауының учаскелерiнде ұңғымаларды жою және консервациялау жөнiндегi iс-шараларды орындау қажет.
      Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдар мен кәсiпорындар басшыларының:
      ықтимал техногендiк төтенше жағдайлардың сценарийлерiн болжау және техникалық қатерлердiң республикалық, аумақтық, объектiлiк болжау карталарын жасау;
      экономика салаларында және аумақтық белгісi бойынша мониторинг және техникалық қауiптердi басқару жүйелерiн құру;
      техникалық қатерлердi басқару, болжау және олардың мониторингi процестерiн бағдарламалық қалыптастыру және ақпараттық қамтамасыз ету жүйесiн дамыту;
      техногендiк төтенше жағдайлардың туындау қатерлерiн нормалау саласындағы нормативтiк-құқықтық және әдiстемелiк базаны қалыптастыру;
      өнеркәсiптiк және тау-кен өндiрiстерiнiң қауiптi қызметiн техникалық реттеу жүйесiн құру және дамыту;
      өнеркәсiптiк және өрт қауiпсiздігі саласындағы мемлекеттiк бақылау жүйесiн жетiлдiру жөнiндегi шараларды әзiрлеу және iске асыру бойынша үйлестірiлген іс-шараларды жүргiзу қажет.
      Республикада өрт жағдайын тұрақтандыру және оны одан әрi төмендету, елдi мекендер мен шаруашылық жүргізушi объектiлердiң өрт қауiпсiздігін жоғары деңгейде ұстау мақсатында:
      жобалау, құрылыс салуға жер телiмдерiн бөлу кезiнде, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезiнде, жанғыштықтың, түтiн шығарудың және уыттылықтың жоғары деңгейi бар материалдарды қолдану кезiнде өрт қауiпсiздiгi нормалары мен ережелерiнiң сақталуын қамтамасыз ету;
      қалалар мен елдi мекендерде өртке қарсы сумен жабдықтаудың белгіленген нормаларының сақталуы бойынша шаралар қабылдау;
      республиканың өртке қарсы күштерiн кадрлық және материалдық-техникалық жағынан нығайту қажет.
      Республиканың мемлекеттiк орман қорының өртке қарсы жай-күйiн жақсарту мақсатында барлық қажетті алдын алу iс-шаралары кешенiн орындау, орман алқаптарына жақын тұратын жергiлiктi халық арасынан өртке қарсы ерiктiлер құрамаларын ұйымдастыру қашықтықтан бақылаудың ғарыштық жүйесiн пайдалана отырып, ормандардың өрт қауiпсiздiгiне орталықтандырылған мемлекеттiк мониторинг жүргiзу қажет.
      Орман қорғау қызметін орман алқаптарын өртке қарсы бейне бақылау жүйелерiмен, сондай-ақ әуеден шолу жүргiзуге өрт шыққан жерге сөндiру құралдары мен өрт сөндiру десантының жеке құрамын жеткiзуге қабiлеттi ұшу техникасымен қамтамасыз еткен орынды.

Төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы бақылау

      Ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу кезiнде өрт қауiпсiздiгi ережелерiнiң сақталуына бақылаудың тиiмдiлігін арттыру қажет.
      Төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы бақылауды жетiлдiру үшiн:
      бақылау қызметін регламенттейтiн қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмдердi қайта талдау және қайта қарау, олардағы өнеркәсiптiк және өрт қауiпсiздігіне, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар iс-шараларына қойылатын талаптарды күшейту;
      теңiзде және iшкi су айдындарында мұнай операцияларының қауiпсiз жүргізiлуiне мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын инспекторлық құрамның штат санын тиiстiлiк нормаларына дейiн жеткiзу;
      газ шаруашылығын сегментациялау кезеңiнде таратылған газдың тұрғын үйлерде және коммуналдық-тұрмыстық ұйымдарда қауіпсіз пайдалануын бақылау жүйесiн (жаңа әлеуметтiк-экономикалық жағдайларды ескере отырып) қалпына келтiру мiндеті қойылды.
      Халықаралық тәжiрибенi ескере отырып және Қазақстан Республикасының Дүниежүзiлiк сауда ұйымына енетiндiгiн ескерiп нормативтік құқықтық кесiмдердi қайта қарауды жүргiзiп отырғандығын назарға ала отырып, Қазақстан Республикасына әкелiнетiн өнiмдерге қойылатын мiндеттi стандарттар мен қауiпсiздiк сертификаттарының тiзбесiн айқындау қажет. Азаматтардың өмiрi мен қоршаған ортаны қорғау қауiпсiздiгiн қамтамасыз етумен қатар, Қазақстан Республикасындағы рұқсат беру жүйесiнiң iс-қимылын халықаралық талаптар шеңберiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жандандыруға жан-жақты жәрдем көрсетуге бағыттаған орынды.

Табиғи және техногендiк төтенше жағдайлардың алдын алу
мен оларды жою саласындағы сақтандыру

      Адамдардың өз өмiрiн, денсаулығын, мүлкiн ерiктi түрде сақтандыруға түрткi салу үшiн, бұдан кейiн, зардап шегушiлерге белгiлi бiр мерзiмге уақытша баспана, азық-түлiк пен ең қажеттi тауарларды берудi ғана қалдырып, мемлекет тарапынан тұрғын үй, қаржылай көмектi өтеусiз беру тәжiрибесiнен бірте-бiрте (халықтың әл-ауқатының өсуiне орай) арылу қажет. Мұндай шешiм, сондай-ақ жаңа тұрғын үйдi салу, қазiргi ғимараттарды қайта жаңғырту және нығайту кезiнде жеке құрылыс жүргiзушiлердiң сейсмикалық орнықтылық нормаларын сақтауына ықпал ететiн болады.
      Табиғи, техногендiк және террорлық сипаттағы төтенше жағдайлардың қатерiнен адамдардың өмiрiн, денсаулығы мен мүлкiн сақтандыру бойынша сақтандыру ұйымдарының қызметiне ең қолайлы жағдай режимiн жасау орынды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар тұрғындар мен кәсiпкерлер үшiн осындай сақтандырудың сөзсiз тиiмділігi туралы кең көлемде насихат науқанын жүргiзулерi қажет.
      Сонымен бiрге, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан сақтандыру саласында қаупiнiң сандық параметрлерiнiң азаматтардың өмiрiне, мүлкiне және қоршаған ортаға ықтимал әсер ету аймақтарын айқындай отырып, төтенше жағдайлардың туындау қаупiн бағалау жүйесiн әзiрлеуге қатысты бiрқатар мәселелердi шешу қажет.
      Республиканың батыс өңiрiнде көмiрсутегi шикiзатын барлауды, өндiрудi, тасымалдауды және қайта өңдеудi жүзеге асыратын компаниялардың объектiлердегi авариялар мен апаттардың зардаптары үшiн, оның iшiнде трансшекаралық төтенше жағдайлар туындау қатерлерiн олардың сақтандыруы арқылы мемлекеттiң алдындағы толықтай жауапкершiлiгiн көздеу қажет.

Елдiң азаматтық қорғаныс жүйесiн жетiлдiру

      Елдiң азаматтық қорғаныс жүйесiн Қазақстан Республикасының егемендiк мәртебесiне, оның әскери доктринасына, жаңа әлеуметтiк-саяси және экономикалық ақиқаттарға сәйкестендiру қажет.
      Осыған байланысты азаматтық қорғаныс жүйесiнiң қазiргi үлгiсiнен бас тарту қажет және оның жұмыс iстеуiн стратегиялық ұтқырлық, ақылға қонымды жеткiлiктiлiк және жан-жақтылық принциптерiне сүйене отырып, ауыстыру қажет.
      Стратегиялық ұтқырлық принципiн қолдану қандайда бiр геосаяси жағдайда халық арасында едәуiр шығынға, сондай-ақ тыныс-тiршiлiк пен қорғаныс қабiлеттiлігі үшiн аса маңызды объектiлердiң қатардан шығуына әкелетiн қазiргі заманғы қырып-жою құралдарының қолданылуы барынша ықтимал елiмiздiң дәл осы өңiрлерiне және дәл осы объектiлерiне азаматтық қорғаныс күштерi мен құралдарын жеткiзудi көздейдi.
      Ақылға қонымды жеткiлiктілік принципiн қолдану азаматтық қорғаныс құралдары қорының (жеке қорғану құралдарының, инженерлiк құралдардың, қорғану құрылыстарының) едәуiр шектелген көлемiн, сондай-ақ азаматтық қорғаныстың ең аз қажеттi күштерiн әзiрлiкте ұстауды бiлдiредi. Бұл ретте, жоғары дәлдiктi жеткiзу құралдарының пайда болуына байланысты қазiргi заманғы қырып-жою құралдарының жауынгерлiк бөлiмдерiнiң қуаты едәуiр төмендегенi ескерiлуi тиiс. Бұл ретте республика аумағы бойынша халыққа жеке қорғану құралдарының қажеттi санын оңтайлы географиялық таратылуын анықтау айрықша маңызды.
      Жан-жақтылық принципi табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың, террорлық әрекеттердiң зардаптарын алдын алу және оларды жою үшiн азаматтық қорғаныс күштерi мен құралдарын бейбiт уақытта қолдану мүмкiндiгiн, сондай-ақ елiмiздiң аумақтары мен объектiлерiне қолданылатын қазiргi заманғы қырып-жою құралдарының зардаптарын жою үшiн Мемлекеттік төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жүйесiнiң күштерi мен құралдарын соғыс уақытында қолдану мүмкiндiгiн көздейдi. Сондай-ақ, азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары ретiнде өнеркәсiптiк, көлiктiк және азаматтық объектiлердi (жер асты қоймалары мен үй-жайларын, кен қазбаларын, метроны) қолданудың жан-жақтылығы көзделуi қажет.
      Жоғарыда баяндалғандардың барлығы азаматтық қорғаныс iс-шараларын дайындауға және iске асыруға кететiн қаржы мен материалдық шығындарды барынша азайтуға мүмкiндiк бередi.
      Қазiргi заманғы жағдайда әкiмдердiң бейбiт, сондай-ақ соғыс уақытында да аумақтық бөліністердегi азаматтық қорғаныс бастықтары ретiндегi рөлi мен өкiлеттіктерi бiрден көтерiлуi қажет.
      Әкiм азаматтық қорғаныс мiндеттерiн орындау кезiнде Министрлiкпен келiсе отырып, жоғарыда аталған аудандық және облыстық төтенше жағдайлар жүйелерiн дайын басқару инфрақұрылымдары ретiнде пайдалануға мүмкiндiгi болады.
      Жергiлiктi атқарушы органдар ведомстволық бағынысты аумақтағы азаматтық қорғанысқа тiкелей басшылықты жүзеге асырады, халықтың және ұйымдардың азаматтық қорғаныс iс-шараларын орындауын ұйымдастырады, хабарлау құралдарын, басқару пункттерiн, жергiлiктi азаматтық қорғаныс күштерi мен құралдарын ұдайы әзiр күйiнде ұстап тұрады, азаматтық қорғаныс мүлкiнiң, жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарының жиналуын және сақталуын ұйымдастырады, қазiргi заманғы қырып-жою құралдарын қолданудан болған зияндар мен шығындарды төмендетуге бағытталған алдын алу iс-шараларының орындалуын жүзеге асырады, азаматтық қорғаныс iс-шараларын қаржыландыруды қамтамасыз етедi.
      Азаматтық қорғаныс саласындағы республикалық мемлекеттік органдардың өкiлеттiктерi азаматтық қорғаныстың өңiрлiк және республикалық iс-шараларын жоспарлауды ұйымдастыруға, айрықша кезеңде жергiлiктi және орталық атқарушы органдардың iс-қимылдарын үйлестiруге, азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерiн басқаруға, азаматтық қорғаныстың күштерi мен құралдарының стратегиялық ұтқырлығын қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл ретте, Министрлiктiң өңiрлiк орталықтары елiмiздiң азаматтық қорғаныс жүйесiнiң дайын өңiрлік басқару инфрақұрылымдары болып табылады.
      Бейбiт уақытта азаматтық қорғаныстың әскери бөлiмдерi мен бөлiмшелерi төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшiн пайдаланылатын болады. Айрықша кезеңде, олар стратегиялық ұтқырлық шеңберiнде қарсы жақтың қазiргi заманғы қырып-жою құралдарының қолдануы ең ықтимал аймақтар мен объектілерге көшірiлетiн болады.

Терроризмге қарсы қызметтi авариялық құтқару тұрғысынан
қамтамасыз ету

      Терроризмге қарсы қызметтi авариялық құтқару тұрғысынан тиiмдi қамтамасыз ету мақсатында:
      инженерлiк, радиациялық, химиялық және медициналық-биологиялық қорғану iс-шараларын iске асырудың басқару мен хабарлау жүйелерiн жетiлдiру;
      террорлық әрекеттердiң қаупi кезiнде және олардың зардаптарын жою кезiнде шапшаң жиналып қозғалатын күштер мен құралдардың тиiмдi жүйесiн құру;
      террорлық әрекеттердiң зардаптарын жою үшiн қажеттi материалдық құралдардың жеткiлiкті ресурстары мен резервтерiн салуды қамтамасыз ету;
      терроршылардың қазiргi заманғы қырып-жою құралдарын қолдану жағдайында, оның iшiнде шет елде құтқарушыларды дайындау жүйесiн дамыту;
      төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезiнде Министрлiктiң басқару қызметтерi мен органдарының басқа қуатты құрылымдармен қызметiн үйлестiру бойынша iс-қимылдарын пысықтау қажет.

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою
үшiн мемлекеттiк материалдық резерв құру

      Осы бағыттағы мемлекеттiк материалдық резерв жүйесiн дамытудың басты бағыты кең көлемдi төтенше жағдайлар туындаған жағдайда азаматтардың қажеттiлiгiне, қазiргi заманғы экономикалық және әлеуметтік-саяси жағдайларға, болып жатқан көшi-қон процестерiне оны толық сәйкестендiру болып табылады.
      Осы мақсатта материалдық құндылықтардың номенклатурасы мен оларды сақтау көлемiн, құрылымын және сақтау базаларының географиялық орналасуын қайта қарау қажет.
      Тауарлық-материалдық құндылықтардың қалыптастыру және сақтау рәсiмдерiн жетiлдiру, сақтау базаларынан оларды босату рәсiмдерiн жеделдету үшiн оларды қалыптасып жатқан азаматтық-құқықтық қатынастар жүйесiне бейiмдеу, ресiмдердi халықаралық сапа стандарттары жүйесiне көшiру; осы заманғы ақпараттандыру және байланыс құралдарын енгізе отырып, мемлекеттік материалдық резервтi есепке алатын және оған бақылау жасайтын республикалық автоматтандырылған жүйенi құру, оның жұмыс iстейтiн нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру орынды.
      Жергіліктi атқарушы органдардың жедел резервтер көлемiн ұлғайтып, номенклатурасын кеңейту қажет. Олар жергіліктi деңгейдегi қандай да болмасын аумақта ықтимал аварияларды, апаттарды және дүлей зiлзалаларды жою жөнiндегі iс-шараларды жүргiзу үшiн жеткiлiктi болуы қажет. Оларды жақын маңайдағы мемлекеттiк резерв базаларында сақтауды ұйымдастыру орынды. Бұл ретте, жергiлiктi резервтердi пайдалану тиiстi аумақтық бөлiнiстер әкiмдерiнiң шешiмдерi бойынша ғана жүзеге асырылуы қажет.
      Солай бола тұрса да, Министрлiктiң зардап шеккен халықты дереу қамтамасыз етуге қажеттi жедел резервiн құруға (1-2 тәулiк iшiнде) нормативтiк құқықтық негіз жасау орынды.

Халықты оқыту және кадрлар даярлау

      Адамдардың өзiн-өзi қауiпсiз ұстауының жаңа стереотипiн қалыптастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға өз еркiмен қатысуын азаматтардың ұғынуы, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, халықты оқыту және даярлау жүйесiн қайта қараған жөн. Осыған байланысты:
      терроризм мен экстремизм қаупi және олар туындаған кезде, яғни террорлық шабуыл кезiндегі және адамдардың қолға түскен жағдайдағы өзiн-өзi ұстау ережелерiн оқытып-үйретуге көңiл аударуды күшейту;
      қазiргi заманғы шындықты ескере отырып, тыныс-тiршiлiктiң қауiпсiздiк негiздерi бойынша оқу бағдарламаларын қайта қарау, балалар мен жас өспiрiмдердiң қоғамдық қозғалыстарын дамытуға, қызметi төтенше жағдайлардағы әрекеттерге жастарды барынша тереңдетiп дайындауға бағытталатын жазғы дала лагерлерiн, кадет сыныптары мен корпустарын құруға, қауiпсiз тыныс-тiршiлiктiң iс жүзiндегi дағдысын иеленуге, зардап шеккендердi iздестiруге, құтқаруға және жәрдемдесуге iс жүзiнде көмек көрсету және қолдау;
      осы заманғы ақпараттық технологияларды даярлау жүйесiне - компьютерлiк оқыту бағдарламаларын, компьютер ойындары мен бейбiт және соғыс уақытындағы төтенше жағдайларда тәртiп дағдыларын жетiлдiру жөнiндегi тренажерларды кеңiнен енгiзу;
      Интернет не болмаса жергіліктi компьютер желiлерiн (қала, облыс, республика шегiнде) пайдалана отырып, "қашықтықтан" оқытуға мүмкiндiк жасау;
      халықты төтенше жағдайлар кезiнде өзiн-өзi ұстау және iс-қимылдар ережелерiне оқытудың тәсiлдерiн және үгiт-насихат жұмыстарын жүргізудiң әдiстерiн қайта қарау, халықты оқытудың "агрессияшыл" әдiсiн қолдану мүмкiндігін қарастыру, бағдарламалардың, хабарлардың, репортаждардың стандартты емес, қызықты циклдарын жасау жолымен оқытуда бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану мүмкiндігін кеңейту;
      өрт сөндiру және авариялық құтқару құрамаларына халықтың ерiктi түрде қатысуы үшiн қарқынды насихат жүргізу, бұл ретте материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ете отырып, өрт сөндiрушiнiң, құтқарушының, санитардың негізгi дағдыларына ерiктiлердi кәсiби оқытудың тиісті жүйесiн құpу;
      төтенше жағдайлардың алдын алуда және оларды жоюда қоғамдық ұйымдардың қатысуы үшiн жағдай жасау орынды.
      Кадрларды даярлау мақсатында белгiленген біліктілiк талаптарына жауап беретiн азаматтық қорғаныс әскерлерінің басқару органдарын өpт сөндiру және iздестіру-құтқару құрамаларын кепiлдi жасақтауды қамтамасыз етуге қабiлеттi кадрлар даярлаудың бiрыңғай жүйесiн құру талап етіледi.
      Бұл мiндеттердi шешу:
      кадрлар даярлаудың көп деңгейлi жүйесiн құруды және дамытуды;
      оқыту процесiн ұйымдастыруда осы заманғы әдiстемелердi пайдалануды және бiлiм алушылардың бiлiм деңгейiне тиiмдi бақылау енгізудi;
      Министрлiктiң Мемлекеттiк төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жүйесiнiң басқару органдары, өрт сөндiру-құтқару қызметi, азаматтық қорғаныс әскерлерi, iздестiру-құтқару құрамалары мен ұйымдары үшiн бiлiм беру мекемелерiн тыңдаушылармен жасақтауды жүзеге асыруды;
      өңiрлiк деңгейдегi алғашқы кәсiби бiлiм беру мекемелерiнде "құтқарушы" мамандығы бойынша кәсiби дайындықты ұйымдастыруды көздейдi.
      Кадрлар даярлаудың бiрыңғай жүйесiне әрбiр маманды оның барлық белсендi қызмет iстеу кезеңiнде бiлiктiлiгін ұдайы арттыра отырып, үздiксiз, көп жоспарлы және кешендi сипат беру қажет.
      Кадрлар даярлаудың бiрыңғай жүйесiнiң көп жоспарлы сипаты Мемлекеттік төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жүйесiнiң барлық жұмыс iстеу бағыттары бойынша мамандарды оқытуды көздейдi.
      Кадрлар даярлаудың бiрыңғай жүйесiнiң кешендi сипаты Министрлiк үшiн ғана емес, сонымен қатар Мемлекеттiк төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бiрыңғай жүйесiнiң барлық мамандарын, Қазақстанның аумағында орналасқан кез келген меншiктiң барлық нысанындағы кәсiпорындар мен ұйымдар үшiн кадрларды әp түрлі және жан-жақты даярлауды көздейдi.
      Министрлiктiң кадрларды даярлау жүйесi Қазақстан Республикасының кәсiби бiлiм беру жүйесiнiң ажырамас құрамдас бөлiгi болады.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында мамандар даярлау бойынша шетелдiң оқу орындарымен ынтымақтастықты дамыту орынды.

Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар
саласындағы мониторинг, ғылым мен жаңа технологияларды дамыту

      Қазiргі ғылыми зерттеулердiң жай-күйi, төтенше жағдайлар мониторингісiнiң қолданыстағы жүйесi осы заманғы талаптарға және ғылыми-техникалық прогрестiң деңгейiне жауап бермейдi және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша алғашқы шаралар қабылдауға әлi де болса ықпалы әлсiз.
      Осыған байланысты:
      төтенше жағдайлар жағдайын байқау, бақылау және болжау сияқты тиiстi қызметтердi дамыта отырып, Қазақстан Республикасының барлық аумағында табиғи және техногендiк қауiптiлiктiң бiрыңғай мониторингiн жүзеге асыру қажет. Бұл ретте, мониторингтің осы заманғы құралдары мен технологияларын, оның iшiнде Жер бетiн қашықтықтан ғарыштық барлап қарау мүмкiншiлiктерiн көздеу;
      төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы жалпы проблемалар бойынша ғылыми зерттеулер ұйымдастыру;
      жер сiлкiнiстерiн қысқа мерзiмде болжаудың әдiстерi мен әдiснамаларын жасау мақсатында ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргiзу;
      геодинамикалық полигондар құру және геодинамикалық мониторингiнi ұйымдастыру, оның iшiнде Батыс Қазақстанның, Каспий маңы өңiрiнiң мұнай және газ кен орындарында;
      жоғары дәлдiлікпен геодезиялық байқаулар жүргiзудi қамтамасыз ету;
      жер қыртыстарының қазiргi қозғалыстарын зерттеу;
      халқының саны 30 мыңнан астам қала үлгісiндегi қалалар мен кенттердi шағын сейсмикалық аудандарға бөлу және сейсмикалық қатер карталарын жасау;
      су тасқыны, сел, сырғыма және қар көшкiнi қаупi бар аумақтарды паспорттау, осы аумақтардың ықтимал қатерлерiнiң егжей-тегжейлi картасын әзiрлеу, сел тасқындарын бақылаудың автоматтандырылған жүйесiн құру;
      гидрометеорологиялық қызметтi дамыту және жетiлдiру, гидрометеорологиялық стансаларды, бекеттердi, қар өлшейтiн маршруттар мен байқау бекеттерiн нормативке дейiн жеткізу, қауiптi табиғи құбылыстарды болжаудың сапасын және жеделдiгін арттыру;
      радиациялық, химиялық, бактериологиялық қауiптiлiк мониторингiн ұйымдастыру, радиоактивтi материалдарды жинау, қабылдау, сақтау, тасымалдау және ұқсатуға бақылауды күшейту;
      үйлер мен ғимараттар құрастырмаларының жай-күйiн және қирау қаупiнiң барын диагностикалау жөнiнде ұтқыр диагностикалық кешендер енгiзу;
      төтенше жағдайлар болжау әдiстемелерiн нормативтiк құжат сияқты әзiрлеу, верификациялау және аттестаттау, ақпаратты бiрыңғай стандарттар бойынша жинау, өңдеу және алмасу жөнiнде әдiстемелiк нұсқамалар мен регламенттер әзiрлеу;
      қатерлер деңгейi бойынша аумақты аймаққа бөлу, табиғи және техногендiк қауiптiлiктердiң компьютерлiк деректер қорын құру, төтенше жағдайлардың мониторингiн және оларды болжаудың бiрыңғай ақпараттық-коммуникациялық жүйесiн құру, мамандандырылған геоақпараттық жүйелердi әзiрлеу сияқты нақты шаралар қабылдау қажет.
      Сонымен қатар, террорлық құрамалар мен элементтердiң iс-қимылдары үшiн мүмкiн нысаналар болып табылатын объектiлердiң (бөгеттердiң, радиациялық, биологиялық, химиялық және жарылыс қаупі бар өндiрiстердiң, тыныс-тiршiлiктi қамтамасыз ету кәсiпорындарының, энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау объектiлерінің және т.б.) кiрiктiрiлген деректер қорын құру қажет. Осындай объектiлердiң болуы мүмкiн қасақана бұзылуына тиiмдi ден қою үшiн құтқару және авариялық қалпына келтiру жұмыстарының электрондық жоспарларын жасай отырып, осы төтенше жағдайлар салдарынан туындайтын компьютерлiк үлгілердi әзiрлеу қажет.
      Террорлық әрекеттердiң зардаптарына тиiмдi ден қою үшiн мамандандырылған байқау және бақылау ұтқыр химиялық-биологиялық зертханалар құрған орынды.

Ақпараттандыру, байланыс, хабарлау

      Мемлекеттiк төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жүйесiн, сондай-ақ азаматтық қорғанысты орнықты басқару үшiн бейбiт және соғыс уақытында халыққа хабарлаудың кiрiктiрiлген жүйесi бар, ақпарат туындаған көздерден дәл уақытында ақпарат беру мүмкiндiгiмен тиiмдi бiрыңғай ақпараттық-коммуникациялық орта құру орынды. Осы мiндеттi шешу үшiн осы заманғы (оның iшiнде ұтқыр, ғарыш) байланыс құралдарын енгiзу, Республикалық төтенше жағдайлар жөнiндегi автоматтандырылған ақпараттық басқару жүйесiнiң бағдарламалық-техникалық құралдарын дамыту және жаңарту (осы заманғы ақпараттық технологиялар негізiнде) қажет.
      Ол жұмыс iстеу үшiн басқару құжаттамасының бiр iзге түсiрiлген жүйесiн және төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жөнiндегi ақпаратты сыныптау мен кодтаудың бiрыңғай жүйесiн құру, сондай-ақ геоақпараттық технологияларды енгiзу, ғарыштық мониторингі деректерiн қабылдау, өңдеу және жедел қолдану технологияларын енгізу қажет. Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың ақпараттық-коммуникациялық ортасы "электрондық Үкiмет" желiсiне қосыла алатындай болуы әрi бағдарламалық және техникалық жағынан оған сай болуы қажет.
      Өкiлеттіктердi орталықсыздандыру процесiнде төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы аудандық (қалалық) және облыстық ақпараттандыру, байланыс және хабарлау құралдарының жоғарыда аталған бiртұтас ақпараттық-коммуникациялық ортаға толық кiрiгуiн қамтамасыз ету қажет.
      Солай бола тұрса да, ықтимал қауiптi объектiлердiң барлық иелерi өндiрiстiк авариялар мен апаттар туындаған жағдайға жергілiктi халықты хабарландыратын жергiлiктi автоматтандырылған жүйелердi орнатуы қажет.

Нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру

      Төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы заңнаманы және нормативтiк құқықтық базаларды жетiлдiру үшiн:
      осы Тұжырымдамада көзделген мемлекеттiк саясаттың бағыттарын iске асыру мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына қажеттi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi;
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмдердi осы заманғы техникалық және технологиялық талаптарды ескере отырып, қайта қарауды;
      қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiрумен байланысты объектiлер иелерiнің азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру жүйесiн одан әрi дамытуды;
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы мониторинг жүйесiнiң нормативтiк құқықтық базасын құруды және дамытуды;
      Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар саласындағы заңнамасын Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердiң және шекаралас мемлекеттердiң тиiстi заңнамаларына үйлестiрудi;
      ағымдағы жабдықталым мен ұзақ сақтаудың материалдық-техникалық ресурстарының тиiстiлiк нормаларының, оларды мемлекеттiк материалдық резервке салудың нормативтiк құқықтық базасын әзiрлеудi қамтамасыз ету қажет.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiруде көрсетiлген iс-шараларды iске асыру:
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мен азаматтық қорғаныс саласындағы бақылау және рұқсат беру функцияларына түгендеу жүргізу;
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы рынок субъектiлерiн лицензиялау жүйесiн жетiлдiру;
      материалдық құндылықтарды сақтау, жаңарту, орналастыру және мемлекеттiк материалдық резервтен шығару мәселелерiн құқықтық реттеудi жетiлдiру;
      төтенше жағдайлар қаупi төнгенде және оларды жою кезiнде, сондай-ақ терроризм мен экстремизм қаупi төнгенде және олар бой көрсеткен кезде өзiн-өзi ұстау ережелерiне халықты оқытып-үйретудiң құқықтық базасын әзiрлеу;
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында деректердiң, ақпаратты сақтау әдiстерiнiң қорын құруда құқықтық база әзiрлеу;
      төтенше жағдайлар саласындағы проблемаларды шешу үшiн халықаралық ұйымдар мен шетелдiң мамандарын тартуда құқықтық базаны жетiлдiру;
      төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласында студенттердi, мамандар мен ғалымдарды шетелге оқуға, бiлiктiлiгiн арттыруға және тағылымдамадан өтуге жiберудегi құқықтық базаны жетiлдiру;
      мемлекетаралық халықаралық ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргiзуде құқықтық база құру және оны жетiлдiру, сондай-ақ төтенше жағдайлар саласында мемлекетаралық ақпарат жүйесiн құру;
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында өзара iс-қимыл туралы көпжақты және екiжақты халықаралық шарттар дайындау және қамтамасыз ету жолдары арқылы өтедi.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жөнiндегi iс-шараларды iске асырудың түпкiлiктi кезеңiнде осы саладағы заңнаманы кодтаудың орындылығын қарау қажет.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы
халықаралық ынтымақтастық және халықаралық қызмет

      Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың және халықаралық қызметтiң негiзгi бағыттарын iске асыру үшiн:
      қолданыстағы халықаралық шарттардың ережелерiн iс жүзiнде iске асыру және халықаралық шарттық-құқықтық базаны кеңейту;
      ынтымақтас елдердiң аумағындағы болжанып отырған және қалыптасқан төтенше жағдайлар туралы (әсiресе шектес елдермен) өзара жедел ақпарат алмасу процесiн жетiлдiру;
      тұрақты негiзде шетелдiк және халықаралық құрылымдармен бiрлесiп төтенше жағдайларға мониторинг және болжау жүргiзу;
      төтенше жағдайлар туралы мемлекетаралық хабарлама мен хабарлауды ұйымдастыру;
      шет елдерде iзгілiк және құтқару операцияларын ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге қажеттi қаржылық, азық-түлiктiк, медициналық және материалдық-техникалық ресурстардың резерв қорын құруды көздеу;
      ұжымдық қауiпсiздiк (атап айтқанда, Апаттарға ден қою жөнiндегi Орталық Азия үйлестiру орталығын құру) жүйесiн қалыптастыру мақсатында төтенше жағдайларға қарсы iс-қимылдың халықаралық құрылымдарын құруға қатысу;
      шет елдердегi төтенше жағдайларды жоюға Қазақстанның авариялық құтқару құрамаларының, ал Қазақстандағы төтенше жағдайларды жоюға шет ел авариялық құтқару күштерiнiң қатысуын қамтамасыз ету;
      шет елдегi төтенше жағдайлар мен қақтығыстар аймақтарынан қазақстандық және шeт елдік азаматтардың көшiрiлуiне ұлттық авариялық құтқару құрамаларын қолдануды көздеу;
      төтенше жағдайлар мен қақтығыстардың салдарынан зардап шеккен шет елдердiң халқына iзгiлiк көмек көрсетудiң жеделдетiлген рәсiмдерiн пысықтау, сондай-ақ Қазақстанда кең көлемдi төтенше жағдайлар болған жағдайда iзгiлiк қызметтер мен техникалық көмекті тарту рәсiмдерiн жетiлдiру;
      Қазақстанның тиiмдi геосаяси және географиялық жағдайын пайдалана отырып, халықаралық ұйымдармен бiрлесiп, Орталық Азия елдерiне жiберiлген шетелдiк, оның iшiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының желiсi бойынша келетiн iзгiлiк көмектi сақтауға арналған транзиттiк база құру;
      қазақстандық мамандарды шет елде оқыту, Қазақстанда халықаралық курстар, семинарлар, конференциялар, жаттығулар өткiзу, шет елдердегi жаттығуларға қатысу;
      төтенше жағдайлар саласындағы бiрлескен ғылыми зерттеулердi, төтенше жағдайлардың туындау қаупiн төмендету және олардың ауқымын азайту жөнiндегi халықаралық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру, ақпараттар мен жаңа технологиялар алмасуды жүргiзу қажет.

Апаттық медицинаны дамыту

      Апаттық медицина қызметiнiң жұмыс iстеу тиiмдiлігін арттыру үшiн оның қызметiнiң, атап айтқанда төтенше жағдайлардан зардап шеккен халықты қорғауды қамтамасыз ету және медициналық-санитарлық қамтамасыз ету басымдығын қамтамасыз ету жөнiндегі нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру қажет.
      Апаттық медицина қызметiнiң материалдық-техникалық және кадрлар базасын нығайту, оның диспетчерлiк қызметтерiн орталықтандыру (сонымен бiр мезгiлде Апаттық медицина қызметiнiң статистикасын және ақпараттандырылуын жетiлдiре отырып), медициналық қорлap құрудағы және пайдаланудағы, шұғыл медицина мамандарын дайындаудағы, оны ғылыми және нормативтiк құқықтық қамтамасыз етудегі проблемаларды шешу қажет.
      Ақылға қонымды жеткiлiктiлiк принципiн басшылыққа ала отырып, апаттық медицина қызметiнiң ұйымдары мен құрамаларының құрылымдарын ұтымды ету, оларды төтенше жағдайлар қатерлерiне қандай да бiр аумаққа тән сәйкестiкке келтiру қажет.
      Кең көлемдi төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетудiң жеделдiгiн арттыру мақсатында, авариялық-құтқару операцияларын жүргiзу кезiнде Министрлiктiң күштерiмен тығыз әрi тиiмдi өзара iс-қимылын орнату, сондай-ақ шетелдегi iзгiлiк акцияларын орындау үшiн, төтенше жағдайлар саласындағы уәкiлетті орталық атқарушы органға ведомстволық бағынысты мамандандырылған клиника мен құтқарушыларды оңалту орталығы бар тиiстi мамандандырылған медициналық құрылым құрудың орындылығын қарастыру керек.

Төтенше жағдайларды жоюдың жедел күштерi мен құралдарын, азаматтық қорғаныс күштерiн құру, жарақтандыру және дайындау

      Материалдық және қаржы шығындарын барынша азайту үшiн жергiлiктi жерлерде өрт сөндiру бөлiмдерi мен бөлімшелерiнiң негiзiнде, олардың ғимараттарын, құрылыстарын және техникалық базасын пайдалана отырып, Министрлiктiң авариялық құтқару қызметтерiн құру қажет. Осы мақсатта оларды мамандандырылған техникамен, керек-жарақпен жарақтандырып, өрт сөндiрушiлердi құтқарушылар мен парамедиктердiң дағдыларына үйрету қажет.
      Нақты жағдайлар мен мүмкiндiктерге байланысты аудандарда (қалаларда) және облыстарда аумақтық авариялық құтқару жасақтары құрылуы мүмкін.
      Жедел-кезекшiлiк қызметтерi (құтқару қызметтерi) елдiң барлық аумағында бірыңғай телефон нөміріне ие болуы қажет.
      Орталық бағыныстағы жедел құтқару күштерi мен құралдарын аса күрделi, жетуi қиын жерлерде авариялық құтқару жұмыстарын, сондай-ақ халықаралық iзгілiк акцияларын орындау бағытында дамыту қажет. Осыған байланысты оларды мамандандырылған техникамен, киiм-кешекпен жарақтандырып, жоғары бiлiктi мамандармен жасақтап, олардың құрамына радиациялық-химиялық, сүңгуiр, кинологиялық бөлiмшелердi енгiзу қажет. Оларды елiмiздiң кез келген жерiне дер кезiнде жеткiзу үшiн, авиациялық техниканы пайдаланған жөн.
      Каспий теңiзiндегi мұнай-газ қайраңын қарқынды игеруге, ондағы көлiк тасымалдарының ұлғайғандығына байланысты мамандандырылған теңiз авариялық құтқару жасағын құрған орынды. Кейiннен осындай құрылымдардың су асты авариялық құтқару және авариялық техникалық жұмыстар жүргiзудi қамтамасыз етуiне назар сала отырып, республиканың басқа да iшкi су қоймаларында құрылуын көздеу қажет.
      Азаматтық қорғаныстың бөлiмдерi мен бөлiмшелерiн азаматтық қорғаныс әскерлерiнiң өңiрлiк орталықтары етiп қайта құру арқылы дүлей зiлзалалар мен кең көлемдi авариялардың зардаптарын жою жөнiндегi операцияларды инженерлiк қамтамасыз етуге бейбiт уақытта пайдаланған орынды.
      Жедел күштердiң әзiрлiгiн арттыруда төтенше жағдайларды жоюға тартылған құтқарушылар мен қызметкерлердi әлеуметтiк қорғау, жұмыс берушілердiң олардың алдында азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi мiндеттi сақтандыру бойынша заң нормаларының iс жүзiнде iске асырылуы маңызды рөл атқаруы тиiс.

Қорытынды ережелер

      Осы Тұжырымдаманы iске асыру төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттiк басқару жүйесiн тәуелсiз Қазақстанның қазiргi геосаяси жағдайына, республикада болған терең экономикалық және әлеуметтiк-саяси қайта құруларға сәйкес келтiруге мүмкiндiк бередi.
      Осы Тұжырымдаманың ережелерiн жүзеге асыру төтенше жағдайлар саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясат жүргiзудiң тиiмдiлiгiн арттырады, Мемлекеттiк төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жүйесiнiң қызметiн халықты, объектiлердi және аумақты қорғау жөнiндегi көкейтестi проблемалар мен мiндеттердi шешуге, авариялардан, апаттардан, дүлей зiлзалалардан болатын залалдарды және әлемдiк қоғамдастыққа төнген жаңа арандатушылықты төмендетуге, қабылданған басқару шешiмдерiнiң сапасын жақсартуға және мемлекеттiк бюджет қаражатын тиiмдi пайдалануға бағыттайды.
      Осы салада:
      нормативтiк құқықтық базаны, қатерлердi төмендетудi ынталандырудың экономикалық тетiктерiн;
      төтенше жағдайлардан қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге арналған байқау және болжау, бақылау және қадағалау қызметтерiн, сондай-ақ рұқсат беру жүйесiн;
      төтенше жағдайларға жедел басқару және ден қою, халықты, объектiлер мен аумақтарды, бiрiншi кезекте жер сiлкiнiстерiнен, су басудан, селден, сырғымалардан, қар көшкiндерiнен инженерлiк қорғау жүйелерiн;
      ықтимал табиғи және техногендiк апаттарға, террорлық әрекеттерге дұрыс және барабар ден қоюға халықты оқыту және дайындау жөнiндегі қызметтi;
      төтенше жағдайлар қауiптерiн төмендету және алдын алу жөнiндегі нақты iс жүзiндегі шараларды орындауға бағдарланған халықаралық ынтымақтастықты;
      Мемлекеттiк төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жүйесi басқару органдарының, қызметтерiнiң ақпараттандыру, байланыс және халықты хабарландыру жүйелерiн;
      Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлардың медициналық-санитарлық салдарларының алдын алу және оларды жою жүйесiн жетiлдiру мен дамыту жөнiндегі нақты бағдарламаларды, жоспарлар мен iс-шараларды әзiрлеу және iске асыру болжанып отыр.
      Осы Тұжырымдамада көзделген ережелердi iске асыру елiмiздiң азаматтық қорғаныс жүйесi мен мемлекеттiк материалдық резерв жүйесiнiң жұмысы тиiмдiлiгiн:
      республиканың ұлттық қауiпсiздiгін қамтамасыз ету;
      жұмылдыру дайындығы жөнiндегі мiндеттердi шешу;
      жаһандық төтенше жағдайлар және соғыс қаупi туындаған кезде мемлекеттiң қалыпты жұмыс iстеуi үшiн қажеттi деңгейге дейiн арттыруға да мүмкiндiк бередi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады