Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендерiндегi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөнiндегi комиссиясы туралы ереженi бекiту туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 желтоқсандағы N 1260 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Yкiметi арасындағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендерiндегi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөнiндегi комиссиясы туралы ереженi бекiту туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi Су ресурстары жөнiндегi комитетiнiң төрағасы Анатолий Дмитриевич Рябцевке Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендерiндегi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегi комиссиясы туралы ереженi бекiту туралы хаттамаға қол қоюға өкілеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

      Жоба

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендерiндегi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөнiндегі комиссиясы туралы ереженi бекiту туралы хаттама

      Бұдан әрi - Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Қырғыз Республикасының Үкiметi,
      2000 жылғы 21 қаңтарда Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Шу және Талас өзендерiндегi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы келiсiмнiң (бұдан әрi - Келiсiм) 5-бабын iске асыру мақсатында төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Шу және Талас өзендерiндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету үшiн Тараптар осы Хаттаманың ажырамас бөлiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендерiндегi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстары, пайдалану жөнiндегі комиссиясы туралы ереженi бекiтедi.

2-бап

      Тараптардың өзара келiсуi бойынша осы Хаттамаға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Хаттаманың ажырамас бөлiктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн болады.
      Даулар мен келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келiссөздер мен өзара консультациялар арқылы шешетiн болады.

3-бап

      Осы Хаттама Келiсiмнiң қолданылу мерзiмiне жасалады.
      Осы Хаттама қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
      200 __ жылғы ________ _________ қаласында қазақ, қырғыз және орыс тiлдерiнде бiр түпнұсқа данада жасалды.

       Қазақстан Республикасының      Қырғыз Республикасының
      Yкiметi атынан                 Үкiметi атынан

2005 жылғы "____" __________        
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен    
Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы  
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының
Шу және Талас өзендерiндегi мемлекетаралық  
пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын   
пайдалану жөнiндегi комиссиясы туралы ереженi 
бекiту туралы хаттамамен бекiтiлген     

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендерiндегi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөнiндегi комиссиясы туралы ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендерiндегi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөнiндегi комиссиясы (бұдан әрi - Комиссия) 2000 жылғы 21 қаңтарда Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Yкiметi арасындағы Шу және Талас өзендерiндегi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы келiсiмнiң (бұдан әрi - Келiсiм) 5-бабына сәйкес құрылады.
      2. Комиссия Келiсiмнiң мақсаттары мен мiндеттерiн жүзеге асыру үшiн құрылады.
      3. Комиссия өз жұмысында Келiсiмдi негiзге алады және осы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендерiндегi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөнiндегi комиссиясы туралы ереженi (бұдан әрi - Ереже) басшылыққа алады.
      4. Ереже Комиссияның Шу және Талас өзендерiндегi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын ұтымды пайдалануда Тараптардың ынтымақтастығын ұйымдастыру жөнiндегi жұмысының қағидаттары мен тәртiбiн регламенттейдi.
      5. Осы Ереже Комиссияның негiзгi мiндеттерi мен функцияларын, құқықтары мен мiндеттерiн, сондай-ақ Келiсiмге сәйкес Тараптардың ынтымақтастығын ұйымдастыру үшiн негiзгi рәсiмдiк әрекеттердi белгiлейдi.

2. Комиссияның қызмет саласы

      6. Тараптар Қырғыз Республикасының меншiгiндегi мынадай су шаруашылығы құрылыстарын:
      1) Шу өзенiндегi Орта - Тоқай су қоймасын;
      2) Быстров СЭС-iнен бастап Тоқмақ қаласына дейiнгi Шу өзенiндегi темiрбетонды айналма арналарды;
      3) Батыс және Шығыс Үлкен Шу арнасын құрылыстарымен бiрге;
      4) Шу өзенiндегi Шөмiш су торабын;
      5) Талас өзенiндегі Киров су қоймасын мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарына жатқызады.

3. Комиссияны құрудың жалпы қағидаттары

      7. Комиссия басым жағдайда құрылады және Тараптар тағайындайтын екi тең төрағаның басшылығымен жұмыс iстейдi.
      Комиссия мүшелерiнiң құрамы Тараптардың тең өкiлеттік қағидатымен анықталады.
      8. Комиссия Қазақстан Республикасының Үкiметi тағайындайтын тең төраға мен оның мүшелерiнен тұратын Комиссияның қазақстандық бөлiгiнен және Қырғыз Республикасының Үкiметi тағайындайтын тең төраға мен оның мүшелерiнен тұратын Комиссияның қырғыз бөлiгiнен тұрады.
      9. Комиссияның тең төрағалары мен мүшелерi бiрдей құқыққа ие.
      10. Комиссия қызметiнің негiзгi нысаны жылына кемiнде екi рет өткiзiлетiн отырыстар болып табылады.

4. Комиссияның негізгi мiндеттерi

      11. Комиссияның негiзгі мiндеттерi:
      1) Тараптардың Келiсiмдi орындау жөнiндегi қызметiн үйлестiру және қарау;
      2) Тараптар мемлекеттерi халқының және экономикасы объектiлерiнiң су ресурстарына қажеттілігiн ескере отырып, су ресурстарын қорғау және ұтымды пайдалану жөнiндегi бiрлескен шараларды әзiрлеу және iске асыру;
      3) әдiлетті және орынды негiзде өзара тиiмділікке қол жеткiзу мақсатында су объектiлерiнің жағдайын кешендi бағалау және болжамдау, олардың су ресурстарын пайдалануды реттеу;
      4) су тұтыну және су тарту, судың есебi мен өлшемiнiң нормативтiк көрсеткiштерiн, сондай-ақ гидрологиялық мониторинг енгiзу әдiстерiн келiсу;
      5) мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы объектiлерiн пайдалануды ұйымдастыру тәртiбiн регламенттейтiн құжаттарды және осы объектiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жөндеу-пайдалану жұмыстарын, техникалық қызмет көрсетудi, тасқын суға қарсы және басқа да iс-шараларды қаржыландыруға үлестiк қатысуды келiсу;
      6) су қоймаларының жұмыс режимдерiн келiсу және су тұтынушылардың нақты сулылығы мен қажеттiлiгiне қарай режимдер мен лимиттердi түзетудi жүзеге асыру;
      7) төтенше жағдайларда бiрлескен iс-қимылдар тәртiбiн белгiлеу, тасқын су өткiзу және топан суға, селдер мен басқа да табиғи дүлей апаттарға қарсы күрес жөнiндегi iс-шараларды үйлестiру;
      8) Шу және Талас өзендерiнiң алаптарында гидрологиялық болжамдармен, су шаруашылық, экологиялық жағдай туралы мәлiметтермен және басқа да ағымдағы әрi жедел ақпаратпен алмасуды ұйымдастыру;
      9) Шу және Талас өзендерi алаптарында мониторинг және суды есепке алу жалпы алаптық жүйесiн қалыптастыру мақсатында су объектiлерiнiң мониторингi, суды есепке алу және гидротехникалық құрылыстар, су кадастры бағдарламаларын келiсу және үйлестiру;
      10) Шу және Талас өзендерi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы объектiлерiн пайдалану, оларға техникалық қызмет көрсету және олардың қауiпсiздiгi мәселелерi бойынша бiрлескен ғылыми зерттеулер мен әзiрлемелердi ұйымдастыру, сондай-ақ су ресурстарын реттеу, ұтымды пайдалану және қорғау;
      11) Комиссияның қызметiне жататын басқа да мәселелерді қарау.

5. Комиссияның өкiлеттiктерi

      12. Комиссия, оған Келiсiмде және осы Ережеде жүктелген мемлекеттік және жергiлiктi билiк органдарымен және ұйымдармен, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен, қоғамдық бiрлестiктермен және азаматтармен өзара iс-қимылда өкiлеттiктерiн жүзеге асырады.
      13. Комиссия өз жұмысында су құрылыстарын, суармалау жүйелерiн, арналар мен су тартқыштарды қоса алғанда, су бөлу қағидаттары мен құрылымын сақтай отырып, Шу және Талас өзендерi алаптарындағы су ресурстарын мемлекетаралық бөлу бойынша бұрын әзiрленген және бекiтiлген ("1983 жылғы Шу өзенi ағындыларын бөлу туралы ереже", "1983 жылғы Талас өзенi ағындыларын бөлу туралы ереже", "1948 жылғы Күркүреусу мен Аспараға су бөлу туралы ереже") құжаттарды басшылыққа алады және Тараптардың өзара келiсiмi бойынша қажет болған кезде оларды нақтылайды.

6. Шекарадан өту тәртiбi

      14. Комиссия, Келiсiмнiң 11-бабына сәйкес Тараптардың қарауына осы мемлекеттердiң шекарасы мен аумағы арқылы мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы объектiлерiн пайдалануға және оларға техникалық қызмет көрсетуге арналған персоналдың, машиналар мен тетiктердiң, шикiзаттың, материалдар мен жабдықтардың кедергiсiз және баж салынбай өтуiне жағдай жасау жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.

7. Комиссияның жұмыс тәртiбi

      15. Комиссия Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының аумақтарында кезекпен өткiзiлетiн өз отырыстарында Тараптар немесе Комиссия өз бастамасы бойынша ұсынатын мәселелердi қарайды.
      16. Комиссия келесi отырыстың күн тәртiбi жобасын және күнтiзбелiк жылға арналған өзiнiң жұмыс жоспарын бекiтедi. Тең төрағалардың ұсынысы бойынша Комиссия жұмыс жоспарына өзгерiстер енгiзуi мүмкiн.
      Комиссияның қазақстан және қырғыз бөлiктерiнiң тең төрағалары отырыстың күн тәртiбiне енгізілетiн мәселелердi алдын ала өзара келiседi. Тең төрағалар бұрын күн тәртiбiне енгiзiлмеген қосымша мәселелердi отырыстың қарауына енгiзуi мүмкiн. Бұл мәселелердi қарауға енгiзу туралы шешiмдердi Комиссия қабылдайды. Алдын ала жасалған күн тәртiбi хат алмасуда келiсiледi.
      Қажет болған кезде Комиссияның тең төрағаларының бiреуiнiң жазбаша өтiнiшi бойынша кезектен тыс отырыстар өткiзiлуi мүмкiн. Кезектен тыс отырыстарды өткiзу тәртібi мен регламентiн Комиссияның тең төрағалары бекiтедi.
      17. Комиссияның келесi отырысын шақырудың орны мен уақыты туралы шешiм алдыңғы отырыста немесе отырыстардың арасындағы кезеңде тең төрағалардың бiрiнiң жазбаша ұсынысы бойынша қабылданады. Жазбаша ұсынысқа жауап ұсынысты алған күннен бастап бес күннен кешiктiрмей берiлуi тиiс.
      Егер, Комиссияны шақырудың ұсынылған уақыты немесе орны қандай да бiр себептермен қолайсыз болса, онда тиiстi Тарап өз жауабында отырысты шақырудың қалаулы уақыты мен орнын бiр уақытта ұсына отырып хабарлайды.
      18. Комиссияның отырысына елiнде отырыс жүрiп жатқан Комиссия бөлiгiнiң тең төрағасы төрағалық етедi. Тиiсiнше, басқа Тараптың тең төрағасы тең төрағаның орынбасары болып табылады.
      19. Комиссия шешiмдердi консенсус негiзiнде қабылдайды. Қандай да бiр мәселе бойынша келiспеушiлiктер болған жағдайда Тараптар қосымша кеңестер өткiзедi және осы мәселелердi Комиссияның келесi отырысында қарайды.
      20. Комиссия бiрiншi отырыста отырысты өткiзу тәртiбiн, рәсiмiн және регламентiн қарайды әрi қабылдайды және өздерiнiң рәсiмдiк ережелерiн нақтылауға оның құқығы бар.
      21. Комиссияның ресми тiлдері қазақ, қырғыз және орыс тiлдерi болып табылады.
      Комиссияның отырыстарында жұмыс тiлi орыс тiлi болып табылады.
      22. Отырыстың нәтижелерi бойынша хаттама жасалады, онда әрбiр мәселе жеке параграфпен көрсетiледi. Хаттама екi данада жасалады. Оларда мәселелердiң талқылану барысы, қабылданған шешiмдер, сондай-ақ орындаушылар мен орындалу мерзiмi белгіленедi. Комиссия хаттамаларды мақұлдағаннан кейiн Тараптың тең төрағалары хаттамаларға қол қояды.
      Әрбiр Тарап хаттаманың бiр-бiр данасын алады.
      23. Комиссияның тең төрағалары отырыстарда Комиссияның алдыңғы отырыстарында қабылданған шешiмдердi орындау бойынша Тараптар қабылдаған iс-шаралар туралы хабарлайды.
      24. Комиссия мамандандырылған, ғылыми-зерттеу, жобалау және пайдалану ұйымдарының сарапшыларын уақытша немесе тұрақты негiзде жұмысқа тартуы, уақытша немесе тұрақты жұмыс iстейтiн жұмыс топтарын құруы мүмкін.
      25. Комиссия Тараптардың сарапшыларына Комиссия отырысында қарау үшiн әр түрлi мәселелер бойынша ұсыныстар дайындауды тапсыруы мүмкiн.
      26. Комиссия мүшелерi мен тартылатын сарапшылар, қажет болған кезде iстің жағдайымен сол жерде таныса алады және ведомстволық тиесілілігіне және меншiк нысандарына қарамастан, осы Ереженiң 6-тармағында көрсетiлген ұйымдар мен объектілерге кедергiсiз баруға олардың құқығы бар.
      27. Әрбiр Тарап Комиссия құжаттарының сақталуын қамтамасыз етедi.
      28. Комиссия жыл сайын өткен жылдың қорытындысын шығарады және алдағы жылдың жұмыс жоспарын бекiтедi. Бiр жылғы қызметтiң қорытындылары бойынша Комиссия жылдық есептердi қарайды және бекiтедi.
      29. Комиссия мүшелерiн, жұмыс топтарының өкiлдерiн және сарапшыларды iссапарға жiберу, олардың жолақысы, қонақ үйде тұруы және ____________ жөнiндегi шығыстарды әрбiр Тарап өздерi көтередi.
      30. Комиссия отырыстарын, сарапшылардың кездесулерiн ұйымдастыруға және өткiзуге байланысты шығыстарды аумағында көрсетiлген iс-шаралар өткiзілетiн Тараптың мемлекетi көтередi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады